ТҮркістан легионы



Дата03.08.2018
өлшемі99.22 Kb.
#81718
ТҮРКІСТАН ЛЕГИОНЫ
Жумабек Р.А.

І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті

roza2595@mail.ru

Ғылыми жетекшісі: т.ғ.к. доцент Сантаева К.Т.
Түркістан легионы – Ұлы Отан соғысы кезіндегі Кеңес әскері қатарында соғысқа қатысып, кейін немістердің тұтқынына түсіп, нацистік Германия жағында астыртын жұмыс жүргізген Орта Азияның түркі тілді халықтарының өкілдерінен құралған әскери бөлімше. Түркістан легионы «Шығыс легионының» құрамында болды. Барлығы «Шығыс легион» құрамына: Армян, Азербайжан, Солтүстік Кавказ, Грузин, Эстон, Латыш және Түркістан легиондары кірген.

Түркістан легионының не үшін, не себеппен, қалай пайда болғаны туралы толық айтып жеткізу үшін мақаланы соғыстың басталуына дейінгі кезеңнен бастаймыз.

Германияның 2-ші дүниежүзілік соғыста «Блицкриг» қауырт соғыс жүргізу жоспарын қолданғанын білеміз. Ол Польша мен Франция елдерін жаулап алуда іске асқанымен, КСРО сияқты аумағы кең державаны жаулауда тіптен тиімсіз болып шықты.

«Барбаросса» жоспары бойынша Германия КСРО-ны 5 айда, қыс басталғанға дейін, яғни күздің соңғы айында жаулап алуға тиіс еді. Бірақ бұл жоспарда көптеген жағдайлар есепке алынбады. Оған Кеңес әскерлерінің мобилизацияланудағы мүмкіндіктері мен Қызыл әскерін жете бағаламағандығын жатқызуға болады. Мысалға соғыстың 3-ші айында немістердің жоспары бойынша қызыл әскердің жаңа дивизия саны 40-тан аспайды деп ойлағанымен, шын мәнінде олардың саны 324-ке жетті.

Алайда бұл жоспар сәтсіздігінің басты кедергілерінің бірі тек соғыс майданында ғана емес, соғыстан тыс күнделікті ауа-райы да анағұрлым әсерін тигізді. Күз басталысымен жауын-шашын молайып, жолдың бұзылуына алып келді. Ол туралы неміс әскери қайраткері, жаяу әскер генералы Гюнтер Блюментрит былай деп айтқан: «Бізді, әрине, лайсаң мен аласапыран күтіп тұрғанын білдік. Ол туралы кітаптардан оқығанбыз. Алайда біз көрген ақиқат барлық ең қайғылы болжамымыздағы қаупімізден де асып түсті. Мемлекеттің барлық шекарасы аяқ алғысыз батпақпен жабылып, көптеген ауыр қарулар жолда қалды. Тракторлар мен шынжыр табанды көліктер батпақтан шыға алмай , соғыста қолданылмады» [1].

Қысқа дейін КСРО-ны жаулап алуды жоспарлаған неміс басшылығы тек ылғалды күзге ғана емес, аязды қысқа да лайықты түрде дайындалмады. Осының барлығы Гитлердің КСРО-ға деген жоспарын бұзып, соғыста жеңу үшін басқа шешімдер іздеуге итермеледі.

Ендігі Ресеймен күресте жеңудің мүмкіндігі КСРО тұрғындарының большевиктік тәртіпке наразы бөлігін өзіне қарату болды. Әсіресе басты назар мұсылман халықтарында болды.

1941 жылдың аяғына таман немістердің тұтқынында кеңестің сарбаздар саны 3,9 млн. адамға жетті. Тұтқындардың тым көп болуы олардың күшін пайдалану ойын туғызды. КСРО-ның славян емес тұтқындарын өз жағына қарату мақсатында агитациялық жұмыстар, брошюралар жасалып, мүмкіндігінше таратылды. Тағы бір айта кететін жайт, Гитлер бұл процесті жайдан-жай емес, алдын ала ойластырған-ды. Кейбір деректер бойынша Германияда 30-жылдардың басында КСРО-ның құрамындағы ұлтаралық қатынастарды зерттеуге арналған комитет құрылғандығы туралы айтылады. 1941 тамыз-қыркүйек айларында неміс лагерьлерінде Кеңес тұтқындар арасында түрік, мұсылман тұтқындардың тізімін жасаушылар жұмыс істей бастады.

Алғашқы түрік батальоны 1941 жылы қазанда майор А.Майер-Мадера басшылығымен құрылып, Абвердің 2-ші бөліміне берілді. Кейіннен бұл батальон 450-ші түркістандық батальон деп өзгертіліп, жаяу әскер ретінде пайдаланылды. Майер-Мадердің дайындаған және Абвердің жіберілген түркі десанттарынан құрылған, кеңес барлаушысы Алихан Агаевтың басшылығымен дайындалған лагерьлерде, майданға жіберілген бір топ легионерлер толық құрамымен кеңес әскерімен бейтараптандырылып, жауға беріліп немесе байланысқа мүлдем түспеген. Ал Гурьевке жіберілген қазақ барлаушы тобы кеңес әскеріне ұсталып, радиоойынға (жауға жалған ақпарат беру) қосылды.

Мадер немістердің ұлттық саясатына қарсы шығып: «Немістер мұсылмандарды әскер(адам) ретінде емес, бұрынғы большевик, тұтқын ретінде қарайтын. Наразылық білдіру қатал жазаланады» деп өз ойын айтты.

1941жылы 15 қазанда Э.Вагнер бұйрығымен «Түркістан мен Кавказ ұлттарынан шыққан тұтқындарынан жүздік күзет жасау туралы» заңымен Түркістан полкі құрылды. Таубе обер-лейтенантының басшылығымен 444-ші түрік батальоны 1941-1942 жылдары Солтүстік Таврияда, Днепрда, Терекопта күзет жүргізді.



Қазіргі кезде легионның құрылуындағы Түркістан автономиясының жетекшісі Мұстафа Шоқайдың қаншалықты қатысты екендігіне әр ғалым әр түрлі талдау береді. Бұл мәселе бойынша зерттеушілер екі бағытқа бөлінеді. Серик Шакибаевтың 1974 жылғы шыққан «Падение „Большого Туркестана“» деген еңбегінде Шоқайды өз Отанын сатқаны деп атайды. Түркістан легионын құру Мұстафа Шоқай идеясы, ол оның алғашқы төрағасы болғаны өз еліне опасыздық жасағаны деп бағалайды. Бұған дәлел ретінде Брянск майданы маңында Қызыл Әскер жағына өткен легионер Сейтмуратовтың айтуынша Вали Каюм Ханға дейін «Түркістан комитетінің" төрағасы М.Шоқай болғандығын, 1942 жылдың қаңтарында ол қайтыс болғандығын айтады. Алайда бұған қарсы деректерде, нақтырақ айтқанда Шоқайдың жазған хаттарында ол неміс әкімшілігімен Берлинге шақыртылып, Түркістан легионына басшылық етуге бұйрық алса да, тұтқындағы жерлестерінің ауыр хәлін көріп, бас тартады. Хатында: «Сіздер – немістер, өздерініңізді Еуропадағы ең мәдениетті адамдармыз деп санайсыздар. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз менің көріп жүргенім болса, онда мен сендерге де тұтқындардың шеккен азабын көрулеріңізді тілеймін» деп жазады[2]. Немістердің ресми іс-қағаздарында оның 1941 жылы 27 желтоқсанда бөртпе сүзек ауруынан қайтыс болды деп айтылады. Бірақ Мұстафа әйелі Мария Шоқай өз естеліктерінде оның Түркістанда сүзекпен ауырып шыққанын айтып, яғни, онда ол аурудан иммунитет бар болу керектігін айтады. Қайтсе де М.Шоқайдың легион құрылған кезде қайтыс болып кетуіне байланысты легионға еш қатынасы жоқ екенін аңғарамыз. Легиондағы Шоқайдың рөлі осымен шектеледі.

Тұтқындарды лагерьлерде ұстаудың ережелері халықаралық құқықтарға – Гаагтық және Женевалық конвенцияларға сәйкес болу керек. Бірінші дүниежүзілік соғыста барлық соғысқа қатысушы европалық елдер қол қойылған Гаагтық конвенция бойынша соғыс тұтқындарын ұстады. 1929 жылы бұл құжат толықтырылып, Женевалық конвенция атауын алды. Оған 47 ел қол қойды. Германия 1934 жылы 21 ақпанда қосылып, батыс елдердің тұтқындары неміс лагерьлерінде Женева конвенциясы бойынша ұсталды. Ол бойынша тұтқындар келесі құқықтарға ие болады: туысқандарымен хат алмасу, емделу, демалу, міндетті азықтану, тазалықта тұру құқығы және т.б. Бірақ ол құқықтардың ешқайсысымен кеңес тұтқындары қолдана алмады. Басты себебі Кеңес үкіметі бұл келісімдерге қол қоюдан бас тартуы еді. Жау қолындағы тұтқынға Сталин азық-түлік жіберіп, шығындалғысы келмегендіктен де шығар. Өз елінен шыққан әскерлеріне көмек бермей қоймай, сонымен қатар, кеңес үкіметі тұтқынға түскен азаматтарды халық жауы деп атады. Яғни, олар үкімет көзқарасы бойынша «жауға ұсталғанша өлгеніміз артық» деген ұстаным бойынша өздерін құрбандыққа шалуға тиіс еді. Ал тұтқынға ұсталып, кейін легионер қатарына қосылғандарды өз Отанына опасыздық жасады деп айыптады.

Осының барлығы адам шығынына алып келді. Тұтқындардың жағдайы өте нашар еді. Бұған дәлел ретінде аурудан, лагерьлердегі жағдайлардан, аштықтан, суықтан қайтыс болған адамдар санын келтіруімізге болады. Айтқандай, 1941 жылдағы лагерьлердегі 3,9 млн. тұтқындар санының суық қыстан тірі қалғандар саны 1942 жылда тек 1,1 млн адам қалған-ды. Тұтқынның өз өмірін сақтап қалудың бір ғана жолы болды. Ол – легионерлердің құрамына кіру. Легионға адам жинағанда кейбіреулері, тіпті, тіл білмегендіктен не болып жатқанын толық түсінбеген-ді. Легионерлердің айтуынша оларды лагерьлерден жинап, бұйрықтарды аудармашы арқылы айтып отырды. Молдалардың оқуынан кейін, оларды «Алланың атымен соғысуға ант беремін» деген сөздермен ант айтқызып, легион құрамына кіргізді.

Түркістан легионын құру туралы бұйрық 1941 жылы 17 желтоқсанда шығып, оның құрамына түркмендер, өзбектер, қазақтар, қырғыздар, қарақалпақтар қабылданды. 1941 жылы 20 желтоқсанда Гитлер неміс әскерлерінің құрамында КСРО-ның славян емес тұтқындарынан қарулы бөлімше құруға келісім берді [3].

Алғашында әскери қимылдарға тұтқындарды қатыстыру жоспарланды. Ол үшін «Шығыс легионы» құрылып, құрамында 4 ұлттық легиондар: Түркістан, Грузин, Армян және Кавказ-магометанды құрды. 1942 жылы ақпан айында Польша жерінде Германия басшылығы осы 4 легионның штабтарын: Легионовта - Түркістан легионының, Крушнда – Кавказ-магометан мен Грузин легиондарының, Пулавта – Армян легионының жаттығу лагерлері құрды. Кейіннен Кавказ-магометан легионы 1942 жылы 2 тамызда Азербайжан легионына өзгертіліп, ал 15 тамызда жаңа Еділ-Татар легионы, кейін Солтүстік Кавказ легионы құрылды.

Бұл ұлттардың барлығына Германия басшылығы өздерін жаулаушы емес, Кеңес үкіметінің озбырлығынан азат етуші ретінде ниеттерін айта кетіп, болашақта жеңіске жеткеннен кейін әр ұлттқа өз автономиясын құруға рұқсат беріп, билікті де өз қолдарына беруге үміттендірді.

Шығыс министрлігі тамыз айында тұтқындармен айналысатын бір комиссия құрды. Бұл комиссияның басына НСДАП-тың “СА” полкінен штрумбанфюрер Гейбель тағайындалды. Ал Шығыс легионының құрамындағы легиондардың әрбірінің басшылығына өз ұлттарына қарай: Татар, башқұрт және фин тұтқындар үшін Ахмет Темир, Түркістанның өзбек, қазақ, қырғыз және түрікмен тұтқындары үшін Уали Каюм, солтүстік кавказдықтар үшін Али Кантемир, азербайжандар үшін Мехмет Бей тағайындады.

Тіпті мұсылмандарды өз жағына қарату мақсатында түркістан легионершілерге арнап молдалар шақырылып, діни қызметкерлердің оқу бөлімшелері ашылды. Бірақ комитеттердің құрылып, жағдай жасалуы Германияның болашақта бұл халықтардың тәуелсіздігін мойындауға ниетін емес, адамдарды тарту мен өздеріне бағындыру үшін кеңестік жүйеге қарсы ұлтшылдарды қорғау көзбояушылығын тудыру үшін жасалған іс.

452-ші батальонның (легионның 2-ші батальоны) құрамына адамдар Ченстохов, Легионов, Едлин, Седлица мен Демблиндегі лагерьлерден жиналды. 1941-1942 жылдардағы тұтқындар үшін ауыр қыстан кейін Ченстохов лагеріндегі 90 мың адамнан тек 3 мыңы ғана тірі қалды. Легионға 800 адам (өзбек, қазақ, тәжік, башқұрт, қалмық пен қырғыз) жиналып, басшысы етіп обер-лейтенант Бауманды сайлады.



1942 жылы сәуірде Седлица лагерінен 350 тұтқын алынды. Кейіннен Легионовада 3-ші және 4-ші батальондар құрылды. Түркістан легионында барлығы 13 батальон, әр батальон 850 адамнын құралды [4].

Немістердің үмітін ақтаған да әскери бөлімшелер болды. 450-ші, 782-ші және 811-ші түркістандық батальондардың табысты жетістіктерінен кейін олар неміс әскери киімдерін кию құқығын алды. Оған дейін басқа барлық легионерлер секілді кеңес униформасымен жүрген [5].

Алайда көптеген адамдар өз отанына оралу үшін легион құрамында болса да қашып кету жоспарын құрып жүрген болатын. Мысалға 1942 жылы күзде 450-ші, 452-ші, 781-ші, 782-ші, 783-ші, 784-ші түркістандық батальондар Кавказ және Сталинград жеріне барар жолда 43 адам, 450-ші батальоннан Ғани Садыровтың басшылығымен бір топ легионерлер қашып кетті. Әсіресе көзге түскен 1943 жылы 13 қыркүйекте 781-ші түркістандық батальон неміс офицерлерін талқандап, қаруланған 3 рота мөлшерінде Қызыл Әскер қатарына ауысып кетті.

Гитлер легионершілердің Қызыл әскер қатарына кетуінен сескенді. Сталинград пен Курск доғасындағы жеңілістен кейін бұл қауіп тек жоғарылаған болатын. Сондықтан ол 1943 жылы 9 қыркүйекте барлық шығыс бөлімшелерін (оның ішінде Түркістан легионы да бар) батысқа және Батыс Европаға жіберуге бұйырады. 1943 жылы қарашада барлық саны 10 мың 500 адам Польшадан Францияға жер аударылып (Нанси қаласына), онда әскерлер жаңа қайта құрылып, Францияның оңтүстігіне (Түркістандықтар Кастр қаласына) ауыстырылды. Олар грузиндармен, солтүстік кавказдармен бірігіп, 1-ші Кадрлық ерікті шығыс полкін құрады. Дивизия басшысы полковник Холст, наурыз аяғында генерал-майор Хеннингқа ауыстырылып, 1944 жылы дивизияны немістердің үмітін ақтамаған үшін таратып, басқа бөлімшелерді толықтырды. 781-ші және 787-ші түркстандық батальондар Нидерландыда күзет қызметін атқарды. Алайда Франция жеріне ауыстырылғаны легионершілердің қашу проблемасын шешпеді. 1944 жылы желтоқсанда Белоруссиядағы түркістандықтар көтеріліп, партизандар қатарына қосылып кетті. Соғыстың соңғы жылдары легионершілердің жартысы дерлік партизандар қатарына өту кезінде немістермен қақтығыста қайтыс болды[6].

Сонымен қатар обар-лейтенант Алихан Агаев басшылық еткен қазақтардан тұратын «Алаш» командасы туралы да айтылады. Алғаш 40 адамнан құралды. Кейін батальон «жаңа» Қазақстанның ұлттық әскерінің негізін қалауға тиіс еді. Жартысы «Цеппеллиннің» оперативті басқаруында болып, Түркістан легионына кірмеді. Бұл бастамалардың барлығы кеңестің барлауының бақылауында болды. Ал Алихан Агаев кеңес агенті еді.

Соғыс аяқталғаннан кейін легионершілерді кеңес үкіметі Отанына қайта оралуға шақырады. Оларға «жалған» кешірімін беріп, туған жеріне оралғаннан кейін 1941-1942 жылдары тексерістен өткізіп, әрдайым бақылау үстінде болатын. Бақылаудан өтпегендерді көптеген болмашы себептермен 20-25 жылға абақтыға қамаған. Солардың бірі Ахметбек Нурумов өзінің ақталу сәтін үзақ күтуде [7].

Қазіргі кезде қоғамда Түркістан легионының әскерлерін ақтау туралы көптеген көзқарастар бар. Бірі оларды ақтау керек десе, екіншілері оларды сатқындар деп айыптап жатады. Бұл жағдайда дәл айту қиын. Менің ойымша легионершілер сол кездегі жағдайдың құрбандары. Олар көптеген қайғылы оқиғаларды басынан кешірді. Сонда да олар тірі қалды. Өз туған жерін сағынып, қайта оралды. Біз, ХІХ ғасырдың жастары, сол кездегі қиыншылықтарды басымыздан өткізіп көргеніміз жоқ. Сол себепті де оларды айыптауға құқығымыз да жоқ. Біреудің ісін күнә деп айтар алдында әрқашанда оның орнына өзіңді қойып көру керек деп ойлаймын. Мүмкін, сол уақытта, сондай амалсыз жағдайға тап болғанда олардың шешімі бізге ең орынды болып табылар еді.

Мұстафа Шоқайдың «Сталин мен Гитлер екеуі де жауыздар» деп айтқан сөзін еске түсіре өз елінің тәуелсіздігін аңсаған легионерлер үшін легиондағы өмірі бір отаршыл елден екіншісіне ауысқандай. Легионда болған А.Нурумовтың « Легионерлер Орта Азияны Кеңес билігінен босатып, Ресейден бөлінгісі келді. Бүгін тарих осыған келген-ді. Сонда менің кінәм неде?» деп айтқан сөзі де ойландырары анық.

ӘДЕБИЕТТЕР:



1. Соколов Б.В. «Сто великих войн» 2013, 432 с. Мына сайттан: http://bibliotekar.ru5.

2. Чуев Сергей «Проклятые солдаты. Предатели на стороне III рейха». Эксмо 2004, 133с. Мына сайттан: http://www.istorya.ru/book/soldaty/index.php

3. Бахыт «Садыкова: История туркестанского легиона в документах» Кайнар, 2002 — 247б. Мына сайттан: http://www.asiakz.com/node/112

4. Досан Баймолда «Польша жеріндегі Түркістан легионы» // «Түркістан» 28 Қараша 2013. Мына сайттан: http://archive.turkystan.kz/kz/articles/view/36817

5. Шоқай М. Таңдамалы. Т. 2. –Алматы: Қайнар, 1999. – 520 б.



6. Бить ложь правдой... Исторические факты о советских военнопленных и создании туркестанского легиона (Часть I, ІІ, ІІІ) Мына сайттан: http://www.russianskz.info/history

7. Альмира Алишбаева «Ахметбек Нурумов: Я был в Туркестанском легионе, а потом... на Колыме» 2010 . Мына сайттан: http://www.centrasia.ru/newsA.php?st=1291238160
Каталог: uploads -> files -> 2016-04
2016-04 -> ТалдықОРҒан қаласы бойынша жартылай дайын ет өнімдерінің сапасын анықтау
2016-04 -> ТҰТЫҚпаны түзету әдістері ерғалиева Гүлім Бексұлтанқызы
2016-04 -> Азаматтық ҚҰҚЫҚ Қатынастардағы заңды тұЛҒалар түсінігі имангалиев Самат Сайлаубекович
2016-04 -> РӨлдік ұстанымдардағы бейвербалды қарым қатынастың ерекшеліктері г.Ү. Түйебаева
2016-04 -> Символдың табиғаты ашимова Малика Гениевна
2016-04 -> Желтоқсан оқИҒасына қатысқан жастардың ерлік мұрасы арқылы жасөспірімдерге патриоттық ТӘрбие беру боранбай Қуат
2016-04 -> Стресске төзімділік психологиялық саулықТЫҢ кепілі б. Е. Күребай
2016-04 -> Балқаш ойысындағы рай көлінің емдік-сауықтыру туризмін дамытудағы алатын орыны
2016-04 -> Тері ауруларына қолданатын негізгі дәрілік өсімдіктердің ТҮр ерекшеліктерін, химиялық ҚҰрамын зерттеу. Б. Б. Мұхамедярова


Достарыңызбен бөлісу:




©stom.tilimen.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет