Термин сөздердің Қолданылу барысы туралы қ.ҚҰЛманов, ф.ғ. к., доцент



Дата02.02.2018
өлшемі65.38 Kb.


ТЕРМИН СӨЗДЕРДІҢ ҚОЛДАНЫЛУ БАРЫСЫ ТУРАЛЫ
Қ.ҚҰЛМАНОВ, ф.ғ.к., доцент

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қаласы, Қазақстан

Ізденіс №2 (2) / 2007
Аннотация: В данной статье раскрывается приминение терминов в сочинениях и в профессиональных текстах. Проводится анализ терминов и точка зрения автора.

Кілт сөздер: (термин, кейіпкер, теңеу, тірек, әскери тәртіп)
Қазақ тілі қазіргі таңда күн өткен сайын жан-жақты дамып, оның қолданылу аясы кеңейіп келеді. Біздің сөздік қорымыздың көбеюіне игі әсер етіп, ғылым мен техниканың өркендеуіне айрықша ықпал етіп келе жатқан термин сөздердің орны ерекше. Күнделікті сөйлеу тіліміздің барлық саласында және түрлі мағынада қолданылатын сөздерге қарағанда, термин сөздердің көпшілігі дара мағынада қолданыс табатындығы белгілі. Мысалы, журналист, кафедра, роман, эфир, автор, демократия, рота, аппарат, ядро, эпопея, диплом деген терминдер белгілі бір жағдайда қолданылып, бір ғана мағынада ұғынуға жағдай тудырады.

Қоғам дамуына байланысты тіліміз де дамып, жаңаша түсініктер қалыптастырып, мағыналық жағынан байып келе жатқан терминдік жүйенің қалыптасуы біраз дүниені аңғартады. Әрине, термин сөздер біздің өмірімізге етене араласып, оның қоғамдық қарым-қатынас құралына айналуы, ғылым мен білімді меңгеруде терминдердің өзіндік орны бар екендігін айқындай түседі.

Мамандыққа және ғылым мен техниканың әр түрлі салаларын қамтитын термин сөздер бар екендігі белгілі. Мысалы, биология ғылымына қатысты жәндік, жуантамыр, өжір, ақжапырақ т.б. Әдебиетке қатысты кейіпкер, теңеу, идея, шумақ, эпитет, әңгіме, ұйқас сияқты терминдер болса, тіл біліміне қатысты сөз табы, түбір, қосымша, жалғау, жұрнақ, тасымал, екпін, ілгерінді ықпал, кейінді ықпал, үндестік заңы т.б. сияқты терминдер қолданылады. Жер туралы ғылымдар және металлургия бойынша: бұрғылау, жарылыс, толқын арнасы, ішкіндік, тұма, бұйрат, түбек, жазық, дүмпу т.б. Жалпы техника және инжерелік ғылымдарға қатысты құрсау, оралым, қос күш серіппе, сермер, тірек, сақталу заңы т.б. Ауыл шаруашылығына қатысты өскін, бүршіктілеу, кеуектілік, бозтопырақ, қабық, дін, сабақ т.б. Физика ғылымына байланысты үйкеліс, ішкі кедергі, ішкі электрон, электр кернеуі, өріс теңеуі, өзіндік толқын, сыртқы қысым, өріс, блок, арын т.б. терминдер бар. Міне, осы тәріздес термин сөздер ғылым салалары мен техниканың басқа да жақтарында қолданыс тауып келеді.

Термин сөздер шығарма тақырыбы мен идеясына қарай да ерекшеленіп, ажыратылып отырылады.

Көрнекті майдангер жазушымыз Бауыржан Момышұлының екі томдық шығармалар жинағында:

«Орыс әскери тілінде «ключ», «стержень» деген термин бар, немесе қазақша айтсақ, «тіреу», «бақан»-қазақтың киіз үйі «бақанға»-тіркеуге сүйеніп тұрады, егер оны алып тастаса, онда киіз үйі желден құлап қалады. Кез келген үй тіреусіз болмайды, егер оны алып тастайтын болсақ, тірексіз үй жапырылып құлайды.

Сондай-ақ дұшпанның да маңызды, тірек пункті болады, командир оны тауып, құлата білуге тиіс. Егер дұшпанның тірек пунктін құлатса, онда қалғандарының бәрі айтарлықтай жеңіл қирамақ. Дегенмен сол тіреу қай жерде болады екен? Байыптап іздеген жөн. Алты жол да Бородино селосына барып тіреледі, демек тіреу, бақан, қорғаныстың тіреуі, кілті-Бородино болғаны ғой! Бородиноны тартып алған жағдайда дұшпанның беріктігі, әскери тәртібінің негізі бұзылады, басқа деревняларды тартып алумен жау қорғанысының беріктігі бұзыла қоймайды.

Бұл жерде тағы да командирдің ішкі арпалыс сезімі, командирдің қорқынышы да орын алады. Командир қорқыныш сезімін ақыл мен ақылдың шайқасы басталған кезде-ақ бойдан өткере бастайды. Егер мұның бәрі өзіне ғана байланысты болса, онда бәле өзіңмен бірге кеткені, бірақ та мен сияқтылар көп қой. Ал бұл жерде бірнеше жүздеген адамның тағдыры менің бір ауыз сөзім мен шешіміме тәуелді, сондықтан да белгілі бір шешімге келу өте ауыр әрі өте қиын» /1;201-202/.

Ә.Айнақұловтың «Окоптан хат» деген өлеңінен үзінді келтірсек, бұл сөздерден ұрыс кезіндегі әскери терминдерді, оның ішінде қару атауын аңғартуға болады.

Қолында қазір автомат,

Нысаны жаудың қақпасы.

*

Майданның қызып көрігі,



Оқ құсап жатыр пулемет.

Жер тезек жаудың өлігі,

Команда: «Алға! Алға»-тек.

Құрылысына келетін болсақ, «автомат», «пулемет» дара терминдер қатарынан орын алады.

ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары Қазақ білім мекемесінің төрағасы Ахмет Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялыларының ресми бекітіп, алғаш бастырып шығарған терминологиялық сөздігінің бірінде Мансұр «Пуломет» деген сөзді өз күйінде алмадық дейді. Онысы бекер. Бес атар, оқ шашар тауыб қойылған ат. Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан сияқты елдерде «Бес атар», «Оқ шашар» деб алыбты. «Пулемет» орысша оқ шашар деген сөз /2;132/.

Зерттеуші Нұрдәулет Ақыш «Әскери теримндерді әлі де жетілдірейік» атты мақаласында: «Алайда, бірсыпыра тәуір сөздерді терминологиялық комиссия арқылы тілімізге енгізіп алғанымызбен, бекітіліп кеткен сөздердің арасында әлі де ойландыруды қажет ететін, қабылдау барысында асығыстық жасауға болмайтын сөздердің де кетіп қалғанын өкінішпен айтуға тура келеді. Мысалы: «команда» сөзі бұл шешімде «пәрмен» деп алынып жүр. Команданың қазақша мағынасынның негізінде зер салатын болсақ, ол пәрмен дегенннен гөрі «әмір беру», деген ұғынуды танытып тұрған жоқ па. Бірсыпыра баспасөз беттерінде «пәрменді деген «предписание» мағынасында кездестіруге болар еді. Біздіңше, бұл-дұрыс аударма. Өйткені, мағыналық тұрғыдан «команда» сөзінің табиғатын жан-жақты байыптап қарайтын болсақ, қазақтың «әмір» сөзіне жақындайтыны байқалады /3;112-113/. Терминкомның 1998 жылғы мәжілістерінде бекітілген терминдер тізебесінде «команда» сөзі «пәрмен» деп бекітілген. Әрине, жаңа терминді қабылдар алдында сөздің берер ішкі мағынасына үңіле отырып, талқылаудан өткеннен кейін бекіткен дұрыс деп ойлаймыз. Жоғарыда біз келтірген өлең жолдарындағы термин сөздердің қазіргі таңда уақыт өте келе қазақша баламасы жасалғандығы белгілі.

«Поляк деревняға кірді. Мен шеткеріріек тұрған үйге жақындадым, мүмкін мұнда немістер бар шығар деп ойлап тұрмын. Алғашында атқан оқтың дауысы шықты. Кәдімгі дыбыс, оқ ауаға атылғанда құлаққа анық, қатты естіледі, ал мына жерде атылған оқтың дауысы тұншыға шығады. Не болды екен? деп бәйектеніп ойлап келемін. Өйткені кез-келген кәнігі солдат өз винтовкасынан атылған оқты немістің атқан оынан ажырата біледі. Атылған оқтың дауысын мен де ажырата аламын, біздің винтовка-автоматтарымыздан оқ атылып жатқанын естіп тұрмын. Осы бір шамалы минуттардың ішінде бұл маған жеткен үшінші хабаршы болды. Демек, бұл біздің жауынгерлеріміздің ұрыс қимылдарын жүргізіп жатыр деген сөз. Кенет бір солдат бері қарай, екіншісі әрі қарай, үшіншісі көшені қиып жүгіріп өтті. Мен де оның соңынан ілестім. Үйге кірдім. Кенет бөлмеде мылтықтың дауысы естілді... Онда неміс жатыр екен, оны біздің солдат бір атқаннан-ақ жер жастандырған» /1;203/.

Осы үзіндіде келтірген «солдат», «винтовка» деген сөздер қазір аударылған түрінде қолданылып жүр.

«Солдат» - «сарбаз», «винтовка »- «бес атар» болып қолданылуда. Терминкомның 1998 жылғы мәжілістерінде бекітілген терминдер тізбесінде солдат-сарбаз деп бекітілген. Бұл жөнінде зерттеуші Нұрдаулет Ақыш «Әскери терминдерді әлі де жетілдірейік» атты мақалысында: «Күмән тудыратын қазақша терминдердің бірі – «сарбаз» деген ұғымды білдірген. Ал бүгінгі күннің үрдісімен қараған жағдайда «сарбазды» озат, батыр жауынгер дегенге келеді. Кез-келген қару асынған адам соғыс кезінде «жауынгер», «әскер» деген атқа ие болуы мүмкін. Бірақ ондай адамның кез-келгені «сарбаз» атала бермеген. Соғыста жүрген қарулы адамның сарбаз аталуы үшін белгілі бір шарттарға сай болу керектігі ескеріліп отырған. Егер батырлық жырларына үңілетін болсақ, «сарбаз» сөзінің тек жағымды мағынада, жауынгерді әскери және адамгершілік тұрғыдан оң қырынан көрсету үшін қолданылғаннын байқаймыз.

Айналып келгенде, «солдат» сөзін «жауынгер» немесе «әскер» деп алған анағұрлым қазақтың тарихи, әскери менталитетіне жақындай түсер еді /3;113-114/. Әрине, бұл айтылған пікірлер термин сөздерді бекіту кезінде айтылса, бекітіліп кеткен терминдер жөнінде сыни көзқарас пайда болмас еді. Біздің ойымызша «сарбаз» дегеннен гөрі «жауынгер» деген термин дрыс болар деп есептейміз.

Қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алғаннан бері ғылым тілі-терминдерді де кеңінен дамыту ісі қолға алына бастады. Ұлттық терминологиялны қалыптастыруда көптеген диссертациялық жұмыстар қорғалып, оқулықтар мен мақалалар жазылып, салалық терминологиялық сөздіктер дүниеге келді. Термин сөздерді өз мәнінде мағынасын аша түсетіндей етіп ұтымды қолдану біздер үшін де, болашақ үшін де пайдалы болмақ. Термин сөздерді бекітер алдында баспасөз беттерінде талқылау мәселесі қолға алынып келеді, осы үрдісті қолдай отырып, бекітілген және бекітілгелі отырған термин сөздерді ел игілігіне жаратсақ нұр үстіне нұр болар еді демекпіз.

ӘДЕБИЕТ



  1. Бауыржан Момышұлы. Екі томдық шығармалар жинағы. 1т. Алматы, Жазушы,2004.

  2. Шерубай Құрманбайұлы, Орынбай Жұбаева. Орысша-қазақша әскерлік

атаулары.

Қызылорда, 1926, 2005, 136 б.



  1. Құрманбайұлы Ш.; Қасенова Б. Қазақ ономастикасы мен терминологиясының

мәселелері (Республ. Ғыл.-практ.конф. матер.). «Информ-А. Алматы, 2005.»


Достарыңызбен бөлісу:


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет