Табиғи монополиялар туралы 1-тарау. Жалпы ережелер



бет1/3
Дата11.04.2018
өлшемі479.25 Kb.
  1   2   3

Жоба


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

ЗАҢЫ


Табиғи монополиялар туралы


1-тарау. Жалпы ережелер
Осы Заң табиғи монополиялар салаларындағы қызметті реттейді және тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.

1-бап. Осы Заңның мақсаты
Осы Заңның мақсаты:

1) табиғи монополиялар салаларындағы қызметті мемлекеттік реттеу мен бақылауды жүзеге асырудың құқықтық негіздерін айқындау;

2) тұтынушылар мен табиғи монополия субъектiлерi мүдделерiнiң теңгеріміне қол жеткiзу;

3) тұтынушыларға табиғи монополиялар субъектілері көрсететін қызметтердің қол жетімділігін қамтамасыз ету;

4) тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектiлерiнің мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.
2-бап. Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.


3-бап. Осы Заңның қолданылуы
1. Осы Заң табиғи монополиялар субъектiлерi ұсынатын Қазақстан Республикасының көрсетілетін қызметтер нарығында туындайтын қатынастарға қолданылады.

2. Осы Заңда қамтылмаған қатынастар кәсіпкерлік саласындағы заңнамамен және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамасымен реттеледі.

3. Осы Заңның күшi табиғи монополия саласына жатқызылған қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға мынадай:

1) қызметі тек жеке өзiнiң ғана мұқтаждарына арналған объектiлердi салу мен пайдалануға байланысты болатын;

2) осы Заңның 4-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген қызмет:

осындай қызметтен түскен кірістер күнтізбелік бір жыл ішінде барлық қызметтен түскен кірістің бір пайызынан аспауға тиіс;

табиғи монополия саласына жатқызылған қызметтерге 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылған тарифтің деңгейін ұстау шарттарының жиынтығы сақтала отырып, жүзеге асырылатын жағдайлардың бірінде қолданылмайды.

4-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) табиғи монополия - табиғи монополия - көрсетілетін қызметтердің белгілі бір түрін өндіру мен ұсынудың технологиялық ерекшеліктеріне байланысты көрсетілетін қызметтердің осы түріне сұранысты қанағаттандыру үшін бәсекелестік жағдай жасау мүмкін болмайтын немесе экономикалық жағынан тиімсіз болатын көрсетілетін қызметтер нарығының жай-күйі;

2) табиғи монополия саласы - табиғи монополиялар субъектілерінің көрсетілетін қызметтер нарығында туындайтын қоғамдық қатынастар саласы;

3) табиғи монополия субъектісі - табиғи монополия салаларында тұтынушыларға қызметтер көрсетумен айналысатын жеке немесе заңды тұлға;

4) тұтынушы - табиғи монополия субъектілерінің көрсетілетін қызметтерін пайдаланушы немесе пайдалануға ниеттенуші жеке немесе заңды тұлға;

5) көрсетілетін қызметтер - табиғи монополия саласындағы табиғи монополия субъектісі ұсынатын және уәкілетті органның мемлекеттік реттеуіне жататын көрсетілетін қызметтер, тауарлар және жұмыстар;

6) тариф - табиғи монополия субъектісінің көрсетілетін қызметтері құнының ақшалай көрінісі;

7) тарифтік смета - уәкілетті орган көрсетілетін қызметтер бөлінісінде бекітетін кірістер мен шығыстар баптары, көрсетілетін қызметтер көлемдері туралы көрсеткіштер және белгіленген нысан бойынша табиғи монополия субъектісі қызметінің басқа да экономикалық көрсеткіштері;

8) инвестициялық бағдарлама – оның орындалу тиімділігінің көрсеткіштерінде көрсетілетін техникалық-экономикалық тиімділікті алу мақсатында табиғи монополия субъектісін құруға, жаңғыртуға, реконструкциялауға, күрделі жөндеуге және активтерін құруға бағытталған қаражаттар салу іс-шараларының жоспары;

9) жария тыңдаулар - табиғи монополиялар субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне тариф жобасын талқылау рәсімі;

10) уақытша өтемдік тариф - тұтынушыларға қаражатты қайтару мақсатында уәкілетті орган бекітетін тариф;

11) уәкілетті орган - табиғи монополиялар саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

12) тарифтік реттеу әдісі - табиғи монополиялар субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне тарифтерді қалыптастырудың тәсілдері мен құралдарының жиынтығы;

13) тарифтік реттеудің шығын әдісі - уәкілетті органның баптар бойынша анықталған, экономикалық негізделген шығындарға және пайдаға байланысты табиғи монополия субъектісінің көрсетлетін қызметтеріне тарифтерді бекітуі;

14) тарифтік реттеудің ынталандырушы әдісі – уәкілетті органның табиғи монополия субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне олардың қызмет тиімділігіне және (немесе) көрсетілетін қызметтер (көрсету) сапасы стандарттарын сақтауға байланысты тарифтерді бекіту;

15) индекстеу әдісі - табиғи монополия субъектілерінің тарифтерді жыл сайын индекстеу жолымен көрсетілетін қызметтерге тарифтерді белгілеуі;

16) табиғи монополия салаларындағы коммуналдық қызметтер - сумен жабдықтау және (немесе) су бұру, жылу энергиясымен жабдықтау жөніндегі көрсетілетін қызметтер;

17) көрсетілетін қызмет (көрсету) сапасы стандарттары - тұтынушыларға қызметтерді көрсету процесінің сапалы сипаттамаларын қамтитын табиғи монополия субъектісінің қызметтерді көрсетуге қойылатын талаптары;

18) екі мөлшерлемелі тариф - тұтыну үшін төлемнен және қызмет көрсету жүйесін ұстау үшін төлемнен тұратын тариф;

19) табиғи монополиялар субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне тарифтер өсімінің инфляцияға жол берілетін жиынтық үлесі - инфляциядағы табиғи монополиялар субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне тарифтердің шекті деңгейін олардың күнтізбелік жылға болжамын есептеу жолымен айқындайтын көрсеткіш;

20) тарифті саралау – уәкілетті органның тұтынушылар топтары бойынша оларға бекітілген тарифті бөлуі;

21) үйге ортақ есепке алу аспабы – көппәтерлі тұрғын үйде коммуналдық қызметтерді тұтынудың жалпы көлемін айқындайтын пайдалану жауапкершілігі шекарасында орналасқан есепке алу аспабы;

22) жеке есепке алу аспабы –үй-жайдың меншік иесінің (тұрғын немесе тұрғын емес) коммуналдық қызметтерді жеке тұтынуын ескеретін есепке алу аспабы;

23) уақытша төмендету коэффициенті – уәкілетті орган белгілеген және тұтынушылар мен табиғи монополия субъектісінің мүдделерін қорғау мақсатында тарифке қолданылатын шама.


5-бап. Табиғи монополиялар салалары мен көрсетілетін қызметтері
1. Қазақстан Республикасында табиғи монополиялар салаларына:

1) мұнайды және (немесе) мұнай өнімдерін Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеу және Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге экспорттау мақсатында оларды тасымалдауды қоспағанда, магистральдық құбыржолдар арқылы тасымалдау жөніндегі;

2) Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеу және Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге экспорттау мақсатында тауарлық газды сақтауды, тасымалдауды қоспағанда, тауарлық газды сақтау, жалғастырушы, магистральдық газ құбырлары және (немесе) газ тарату жүйелері арқылы тасымалдау, топтық резервуарлық қондырғыларды пайдалану, сондай-ақ шикі газды жалғастырушы газ құбырлары арқылы тасымалдау жөніндегі;

3) электр энергиясын беру және (немесе) бөлу жөнiндегi;

4) топырақтың жылуын, жерасты суларын, өзендерді, су айдындарын, өнеркәсіптік кәсіпорындардың және электр станцияларының, кәріздік-тазарту құрылыстарының сарқынды суларын пайдалана отырып, өндірілген жылу энергиясын қоспағанда, жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және (немесе) онымен жабдықтау жөніндегі;

5) электр энергиясын желiге босатуды және тұтынуды техникалық диспетчерлендiру жөнiндегi;

6) электр энергиясын өндірудің-тұтынудың теңгерілімін ұйымдастыру жөніндегі;

7) Қазақстан Республикасының аумағы арқылы контейнерлермен жүктерді тасымалдау, бос контейнерлерді тасымалдау және жүктерді транзиттік тасымалдаулар кезінде магистральдық теміржол желісінің көрсетілетін қызметтерін қоспағанда, магистральдық теміржол желілері;

8) бәсекелес теміржол болмаған кезде концессия шарттары бойынша теміржол көлігінің объектілері бар теміржолдардың көрсетілетін қызметтері;

9) бәсекелес кірме жол болмаған кезде кірме жолдар;

10) халықаралық және транзиттік ұшуларға аэронавигациялық қызмет көрсетуді қоспағанда аэронавигация;

11) бәсекелес порт болмаған кезде порттар;

12) Қазақстан Республикасының әуежайларында коммерциялық емес мақсаттарда техникалық қонуды жүзеге асыра отырып, Қазақстан Республикасының әуе кеңестігі арқылы транзиттік ұшып өтуді жүзеге асыратын авиатасымалдарға қызмет көрсетуді қоспағанда әуежайлар;

13) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру жөніндегі көрсетілетін қызметтер жатады.

2. Уәкiлеттi орган осы баптың 1-тармағында тiзiп көрсетiлген табиғи монополиялар аясының табиғи монополия субъектiлерi осы сала шеңберiнде көрсетiлетiн қызметтердi реттелiп көрсетiлетiн қызметтер қатарына жатқызу мәнiне талдау жасауды жүзеге асырады.

Реттелiп көрсетiлетiн қызметтердiң тiзбесiн уәкiлеттi орган бекiтедi.

3. Табиғи монополиялар субъектiлерi республикалық және жергiлiктi бөлiмдерден тұратын Табиғи монополиялар субъектiлерiнiң тiркелiмiне, ұсынылатын реттелiп көрсетiлетiн қызметтердiң нақты түрлерiн көрсете отырып енгiзiлуге жатады.

2-тарау. Табиғи монополиялар салаларын мемлекеттік реттеу
6-бап. Табиғи монополиялар салаларын мемлекеттік реттеу


  1. Табиғи монополиялар салаларын мемлекеттік реттеу:

1) табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімін қалыптастыру;

2) табиғи моноплиялар субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне тарифтерді қалыптастыру;

3) табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру және олардың көрсетілетін қызметтеріне тарифтерді қалыптастыру тәртібін бекіту;

4) табиғи монополиялар саласын тарифтік реттеу әдістерін айқындау;

5) табиғи монополиялар субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне тарифтердің инфляцияға жол берілетін жиынтық үлесін бекіту;

6) табиғи монополиялар субъектісінің жекелеген әрекеттерді жасауына рұқсаттар беру арқылы жүзеге асырылады.

2. Табиғи монополиялар субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне тарифтерді қалыптастыру тәсілдері:


  1. уәкілетті органның тарифтерді бекітуі;

  2. табиғи монополия субъектісінің тарифтерді белгілеуі;

  3. концессия шартын жасасу кезінде тарифтерді белгілеу.


7-бап. Реттеу қағидаттары
Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін мемлекеттік реттеу мыналарды:

реттеу рәсімдерінің жариялылығы мен ашықтығы;

көрсетілетін қызметтер сапасын арттыруға ынталандыру және оларға сұранысты қанағаттандыру;

тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілері мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету қағидаттарының негізінде жүзеге асырылады.


8-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті


  1. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

  1. табиғи монополиялар саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;

  2. табиғи монополиялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуды қамтамасыз етеді немесе осы функцияны жүзеге асыруды уәкілетті органға тапсырады;

  3. табиғи монополиялар субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне тарифтерді көтеруге мораторий енгізеді;

  4. табиғи монополиялар субектілерінің көрсетілетін қызметтеріне тарифтер өсімінің инфляциясына жол берілетін жиынтық үлесті мақұлдайды;

  5. Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен оған жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.


9-бап. Уәкілетті органның құзыреті
1. Уәкiлеттi орган:

1) табиғи монополиялар субъектiлерiнің қызметіне мемлекеттік реттеу мен мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

2) табиғи монополиялар саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;

3) Табиғи монополиялар субъектiлерiнің тіркелімін қалыптастырады;

4) табиғи монополия субъектілерінің қызметін жүзеге асыру және олардың көрсетілетін қызметтеріне тарифтерді қалыптастыру тәртібін бекітеді;

5) табиғи монополия субъектісінің тарифті бекіту туралы өтінімін қарауға қабылдайды не өтінімді қарауға қабылдаудан бас тартады;

6) табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтерді бекітуге өтінімдерін қарау кезінде жария тыңдаулар өткізеді;

7) осы Заңда белгіленген жағдайларда тарифті бекітеді;

8) тарифтің индексациясы деңгейін жыл сайын айқындайды;

9) тиісті мемлекеттік органмен немесе жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламаларын бекітеді;

10) уақытша өтемдік тарифті бекітеді;

11) «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес табиғи монополиялар субъетілерінің қызметін жүзеге асыруға рұқсаттар береді;

12) табиғи монополиялар субъектiлерi тұтынушыларға көрсететін қызметтері сапасының стандарттарын әзірлейді және бекітеді;

13) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасының сақталуына тексерулерді және бақылаудың өзге де нысандарын жүзеге асырады;

14) жеке және заңды тұлғалардан, оның iшiнде мемлекеттiк органдардан, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарынан, сондай-ақ олардың лауазымды адамдарынан өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру үшiн қажеттi ақпаратты сұратады және алады;

15) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғайды және қарайды, сондай-ақ әкімшілік жаза қолданады;

16) табиғи монополиялар субъектілеріне осы Заңды бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар енгізеді;

17) осы Заң бұзылған жағдайларда сотқа жүгiнеді;

18) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасы мәселелері бойынша түсініктемелер береді;

19) табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламаның және тарифтік сметаның орындалуы туралы ақпаратқа талдау жүргізеді;

20) табиғи монополиялар саласының осы салалар шеңберінде табиғи монополиялар субъектілері ұсынатын қызметтерді реттелетіндерге жатқызу мәніне талдауды жүзеге асырады;

21) Тарифтік саясат жөніндегі кеңестің ережесі мен құрамын бекітеді;

22) есепке алу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін коммуналдық қызметтерді тұтыну нормаларын бекітеді;

23) үйге ортақ есепке алу аспаптарын сатып алуға және орнатуға төлемді келісу тәртібін бекітеді;



24) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
10-бап. Өзге мемлекеттік органдардың құзыреті
Коммуналдық шаруашылық, энергетика, теміржол көлігі, азаматтық авиация, магистральдық құбыржолдары және (немесе) таратушы құбыржолдары, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы және табиғи монополиялардың өзге де салаларындағы уәкілетті органдар:

  1. өз құзыреті шегінде табиғи монополиялар саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға қатысады;

  2. уәкілетті органмен бірлесіп тиісті салада қызмет көрсететін Табиғи монополиялар субъектілері тіркелімінің республикалық бөліміне енгізілген табиғи монополия субъектісінің инвестициялық бағдарламасын бекітеді;

  3. Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.


11-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті
Жергілікті атқарушы орган:

  1. өз құзыреті шегінде табиғи монополиялар саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға қатысады;

  2. Табиғи монополиялар субъектілері тіркелімінің жергілікті бөліміне енгізілген табиғи монополия субъектісінің инвестициялық бағдарламасын келіседі;

  3. Уәкілетті органның келісімі бойынша үйге ортақ есепке алу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін коммуналдық қызметтерді тұтыну нормаларын бекіту бойынша уәкілетті органға ұсыныстар енгізеді;

  4. Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.


12-бап. Табиғи монополиялар субъектілерінің тіркелімін қалыптастыру


  1. Табиғи монополия саласына жатқызылған көрсетілетін қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға немесе реттеліп көрсетілетін қызметтерге жатқызылған көрсетілетін қызметтің жаңа түрін көрсететін табиғи монополия субъектісі уәкілетті органға Табиғи монополиялар субъектілерінің тіркеліміне тұтынушыларға реттеліп көрсетілетін қызметтерді көрсеткен күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде енгізу туралы (өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы) өтінішпен жүгінуге міндетті.

Уәкілетті орган табиғи монополия саласына жатқызылған көрсетілетін қызметті жеке немесе заңды тұлғаның жүзеге асыру фактілерін анықтаған кезде уәкілетті орган оларды өтініш берместен Тіркелімге енгізеді.

  1. Табиғи монополиялар субъектілерінің тіркеліміне енгізуді және одан шығаруды уәкілетті орган жүргізеді.

  2. Табиғи монополиялар субъектілерінің тіркелімі республикалық және жергілікті бөлімдерден тұрады.

  3. Табиғи монополиялар субъектілері тіркелімінің республикалық бөліміне екі және одан көп облыстар, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумағында қызметтерді көрсететін табиғи монополиялар субъектілері енгізіледі.

Табиғи монополиялар субъектілері тіркелімінің жергілікті бөліміне қызметтерін бір облыс немесе республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың аумағында көрсететін табиғи монополиялар субъектілері енгізіледі.

5. Табиғи монополия субъектісі жеке немесе заңды тұлғаны Табиғи монополиялар субъектілерінің тіркеліміне олардың реттеліп көрсетілетін қызметтерді көрсету орны бойынша енгізуге жататын шетелдік жеке және заңды тұлғаларды қоспағанда тіркеу орны бойынша енгізіледі.



6. Табиғи монополия субъектісі табиғи монополиялар саласына жатқызылған қызметті немесе жеке қызметті көрсетуді тоқтатқан жағдайда, табиғи монополия субъектісі қызметті тоқтатқан немесе жеке қызметті көрсеткен күнінен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей уәкілетті органға Табиғи монополиялар субъектілерінің тіркелімінен шығару немесе оған өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы өтініш береді.
13-бап. Табиғи монополиялар салаларын тарифтік реттеу әдістері



  1. Табиғи монополиялар субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне тарифтерді қалыптастыру тарифтік реттеудің мына:

  1. шығын;

  2. ынталандыру;

  3. индекстеу әдістерін қолдану арқылы жүзеге асырылады.

  1. Тарифтік реттеудің шығын әдісі:

  1. тарифтік сметаны бекітуді;

  2. инвестициялық бағдарламаны бекітуді;

  3. негізделген шығындар мен пайданың тізбесін айқындауды;

  4. шикізат, материалдар, отын, энергия шығыстарының техникалық және технологиялық нормаларын не олар болмаған кезде шикізат, материалдар, отын, энергияның іс жүзіндегі шығыстарын қолдануды;

  5. кірістер, шығындар мен қолданысқа енгізілген активтердің бөлек есебін жүргізудің үлгі әдістемелерін бекітуді;

  6. табиғи монополия субъектісінің кірістер, шығындар мен қолданысқа енгізілген активтердің бөлек есебін жүргізу әдістемесін қолдануын;

  7. негізгі құралдардың тозуын есептеу әдістерін айқындауды;

  8. табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын қолдануын;

  9. экономикалық негізделген шығындар мен пайданың негізінде тарифті бекітуді;

  10. уақытша өтемдік тарифті бекітуді көздеуі мүмкін.

  1. Тарифтік реттеудің ынталандырушы әдісі:

  1. табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділігі көрсеткіштерін айқындауды;

  2. көрсетілетін қызметтер сапасының стандарттарын айқындауды;

  3. табиғи монополиялар субъектілерінің қызметі тиімділігінің көрсеткіштеріне және көрсетілетін қызметтер сапасының стандарттарын орындаумен байланысты тарифті бекітуді көздейді.

  1. Индекстеу әдісі:

  1. тарифтерді индекстеу деңгейін айқындауды;

  2. тарифті индекстеудің деңгейін ескере отырып, тарифті белгілеуді көздейді.

  1. Осы Заңда белгіленген тарифтік реттеудің бірнеше әдістерін немесе тарифтің оңтайлы деңгейін белгілеу мақсатында өзге де әдістерді пайдалана отырып, тарифтерді қалыптастыруға жол беріледі.


14-бап. Табиғи монополиялар субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне тарифтер өсуінің инфляцияға жол берілетін жиынтық үлесін бекіту


  1. Табиғи монополиялар субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне тарифтер өсуінің инфляцияға жол берілетін жиынтық үлесі уәкілетті орган айқындайтын тәртіпке сәйкес жыл сайын есептеледі және табиғи монополиялар субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне тарифтердің болжамын қамтиды.

  2. Табиғи монополиялар субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне тарифтер өсуінің инфляцияға жол берілетін жиынтық үлесін есептеу кезінде:

  1. облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың;

  2. сумен жабдықтау, су бұрудың көрсетілетін қызметтерінің өлшем мәндері қолданылады.

  1. Табиғи монополиялар субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне тарифтер өсуінің инфляцияға жол берілетін жиынтық үлесі тарифтерді қалыптастыру кезінде ескеріледі.


15-бап. Табиғи монополиялар субъектісінің жекелеген әрекеттерді жасауына рұқсат беру
Табиғи монополиялар субъектісі:

  1. мүлік құны ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлiк теңгерімге сәйкес табиғи монополиялар субъектісінің барлық мүлкінің теңгерімдік құнынан 0,1 пайызға асқан кезде, қызметтерді көрсетуге арналған табиғи монополиялар субъектісінің мүлкімен мәмілелерді жасауға;

2) мүлiктi жалға алу шартын жасасу табиғи монополия субъектiсiнiң реттелiп көрсетiлетiн қызметтерiне тарифтердiң артуына, тұтынушылармен жасалған шарттардың бұзылуына, берiк байланыстағы технологиялық жүйенiң бұзылуына, ұсынылатын реттелiп көрсетiлетiн қызметтердiң тоқтап қалуына не көлемiнiң едәуiр кемуiне әкеп соқпайтын жағдайда табиғи монополия субъектiсiнiң ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлiк баланста ескерiлген баланстық құны ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлiк балансқа сәйкес оның активтерiнiң баланстық құнынан 0,05 процент астам болатын реттелiп көрсетiлетiн қызметтердi (тауарларды, жұмыстарды) ұсыну үшiн пайдаланылатын мүлiктi жалға алуына;

3) табиғи монополия субъектісін қайта ұйымдастыруға немесе таратуға уәкілетті органның рұқсатын алуға міндетті.



  1. Осы баптың 1-тармағында көзделген әрекеттерді жасауға рұқсат беруден егер:

  1. өтінішхатты қанағаттандыру табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифтердің көтерілуіне;

  2. өтінішхатты қанағаттандыру тұтынушылармен шарттың бұзылуына;

3) табиғи монополия субъектісінің өтінішхатын қанағаттандыру реттеліп көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым көрсетуге әкеп соғуы мүмкін болса;

4) өтінішхатты қанағаттандыру қызметтерді көрсетудің технологиялық жүйесімен үздіксіз байланысқан бұзушылықтарға, көрсетілетін қызметтер сапасының төмендеуіне әкеп соққан жағдайда;

5) ұсынылған қаржы құжаттары Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасында көзделген талаптарға сай келмеген;

6) толық емес құжаттар топтамасы ұсынылса, немесе ұсынылған құжаттар бұрыс ақпаратты қамтитын болса;

7) бәсекелестікті шектеу негіз болып табылады.

3. Табиғи монополия субъектісі реттеліп көрсетілетін қызметтермен технологиялық жағынан байланысты қызметтерді көрсетуді бастағанға немесе тоқтатқанға дейін кемінде күнтізбелік он бес күн бұрын уәкілетті органға хабарлама жіберуге міндетті.

Реттеліп көрсетілетін қызметтермен технологиялық жағынан байланысты қызметті көрсеткен кезде табиғи монополия субъектісі мынадай шарттардың орындалуын қамтамасыз етуге міндетті:

1) реттеліп көрсетілетін қызметтермен технологиялық жағынан байланысты қызметтен алынатын кірістер оны жүзеге асыру үшін қажетті шығындарды жабуға тиіс;

2) реттеліп көрсетілетін қызметтермен технологиялық жағынан байланысты қызметті жүзеге асыру тиісті көрсетілетін қызметтер нарығында бәсекелестікті шектеуге алып келмеуге тиіс;

3) реттеліп көрсетілетін қызметтермен технологиялық жағынан байланысты қызметті жүзеге асыру табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтерінің көлемдері мен сапасының төмендеуіне алып келетін, реттеліп көрсетілетін қызметтерді өндіруге және ұсынуға қажетті негізгі және қаржы қаражатын бөлуге алып келмеуге тиіс.

Табиғи монополия субъектісінің тарапынан осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген талаптарды бұзушылықтар анықталған кезде реттеліп көрсетілетін қызмет түрлеріне жатпайтын қызметті жүзеге асыруға тыйым салынады.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет