Суық күндері үсік шалудан абай болыңыз
Бейсембаева Д.,
ҚР ТЖМ «Апаттар медицинасы орталығы» ММ-нің
Қызылорда облысы бойынша филиалының фельдшері
Қыстың күндері аяз күшті болып, үскірік борандар да аз емес. Ауа райының күрт өзгеруі қыс айларында тосын жағдай емес. Осындай күндері жолсапарға шығып не болмаса далада көп жүру өте қауіпті. Адам денесін үсікке шалдырып алуы әбден мүмкін.
Үсік - төменгі температураның ықпалынан ұлпалардың зақымдануы. Күйіктерден айырмашылығы үсік шалу әртүрлі температурадан пайда болады.
Үсік шалу себептері: суықтың, желдің ұзақ ықпалы, жоғары ылғалдылық, тар киім, тар немесе су аяқ киім, ұзақ уақыт қозғалмау, шаршау, зардап шегушінің жалпы жай-күйі: сырқаттануы, мас болуы, қанның көп кетуі, естен тануы. Тіпті 0 градустан жоғары 3-5 градус температураның өзінде үсік шалу мүмкін. Үсікке, аяқ-қолдың, беттің, құлақтың, мұрынның ұш жақтары жылдам ұшырайды.
Үсікке шалдыққан кезде денедегі қан айналымы бұзылады. Өйткені, суықтың әсерінен тері қатты тітіркенеді де, қан тамырлары жиырыла бастайды. Қан ұйып, тамырлар бітеліп қалады, осыдан дененің тіндері қоректене алмай, тіршілігін жоя бастайды. Ұлпалар өлуінің, тереңдігінің кеңдігі төменгі температураның созымдылығы мен төменгі температураның ықпалының дәрежесіне байланысты.
Үсік шалу кезінде денеде болып жатқан өзгерістер ауырлығы мен тереңдігі бойынша 4 дәрежеге бөлінеді.
1-ші дәрежеде тері ағарып, сезгіштігін жоғалтады, бұдан кейін ісініп қызарады. Оның үстіңгі жағы қотырланады, аяқ-қол мұздайды, негізгі тамырлардың соғуы әлсірейді, зақымданған ұлпалар домбығады, жалпы сырқаттың жағдайы қанағаттандырарлық. Бұл құбылыстар 5-6 күннен кейін жоғалады.
2-ші дәрежеде терінің қыртыс қабатының астына сары су жиналып, тіндер ісінеді. Бұл өзгерістердің беті қайтып, терінің қалпына келуіне 2-3 ай мерзім кетеді.
3-ші дәрежеде тері және оның астында орналасқан жұмсақ тіндер жансызданады. Ұлпалар мүлдем ештеңе сезбейді, ұстағанда қап-қатты болады, сырқат қатты мазасызданып, қалтырайды, есінен айырылады.
4-ші дәрежеде жұмсақ тіндер мен сүйектер тіршілігін жояды, гангренаға шалдығады. Өлген тіндер құрғақ болса, сырқаттың жалпы жағдайы өзгермейді, ал дымқылданып, суланып кетсе, қан аралас сары су жиналып, ісініп, домбығады. Ағза уланып, дене қызуы көтеріледі.
Алғашқы медициналық көмек кезінде зардап шегушіні, әсіресе дененің үсіген бөлігін жедел жылыту болып табылады. Үсік шалған адамды мүмкіндігінше тезірек жылы жайға апару қажет. Ең алдымен дененің үсіген жерлерін жылытып, ондағы қан айналымын қалпына келтіру қажет.
Дененің үсіген жерлерін спиртпен шайып, таза қолмен ысқылайды, кейде мұны ұзақ уақыт жасауға тұра келеді. Ысқылауды дененің үсіген бөлшегінде сезімталдық, қызару және жылыну пайда болған кезде тоқтатады.
Жылытуды жылы ваннаның көмегімен жүргізуге болады. Судың температурасын 20-30 минуттың ішінде 20-40 градусқа дейін біртіндеп арттырған жөн. Ваннадан кейін ысқылау жүргізіп, зақымдалған жерді сүртіп, таза таңғышпен орап, жылы ұстаған дұрыс.
Сырқатқа жылы шай, кофе, сүт, жүрек тамыр дәрілерін (корвалол, кордиамин, кофеин) береді. Қан айналымын жақсарту шаралары, буындардың қозғалысы бақыланады. Бірінші дәрежедегі үсік шалған және екінші дәрежедегі үсікке едәуір шалдыққан сырқаттарды емдеу амбулаториялық тұрғыдан, яғни таза таңғыш қою, физиотерапия жүргізу жолымен жүргізіледі. Аяқ-қол үшінші, төртінші дәрежедегі ауқымды үсікке шалдыққан кезде стационарлық ем қажет. Сондықтан қытымыр қыс мезгілінде үсік шалудан абай болыңыз.
Достарыңызбен бөлісу: |