Сөйлеу әрекетіндегі шешен бейнесінің моделі Елшібаева Калима Зәкірқызы



Дата07.07.2017
өлшемі84.52 Kb.
Сөйлеу әрекетіндегі шешен бейнесінің моделі

Елшібаева Калима Зәкірқызы

Мақалада шешендік өнер мен оның тіл танымдық сипатына, шешен деген кім деген сауалға жауап бере отырып, ғылыми тұжырымдамалары келтірілген.

Әр заманда шешендер саны, шешендік өнер динамикасы және шешендік өнер туралы түсініктер әрқалай өрбіген. Ежелгі шешендік ел басқарудың айнасындай, адамның өзін ұстаудың айғағындай көрінеді. Адамдықтың өтімді құралы ретінде танылған.

Тарихи мәліметтерге қарағанда, сонау көне дәуірдегі үйсін Қауымдастығында ел басқарып абырой-атағын арттырғандарды «гунь го», «гунь ми», яғни «күнбиі» деп марапаттаған. «Күнбиі» өзінің кабілет-қасиетімен өзгеден бөлек, биік, әрі беделін жүргізе білген қайраттылар, қолбасшылар болғандай. Олар елін мекенге топтастырумен, мекенде тұрақтандырумен көзге түскен, көптің көңілінен шыққан. Беделдінің айтқаны алғыс та, қарғыс та біржақты болған-ды.

Ғалым Н. Төреқұлов «Даланың дара ділмарлары» еңбегінде 100-ден артық шешендердің аты-жөні мен еңбектерін тізіп әйгілеп берді [1]. Мақсаты ортақ, тілегі бір асылдардың саны мұнымен шектелмейтіні хақ. Шешендердің өсу эволюциясын тарихи кезеңмен сараптасақ, онда бұл еңбекке шешендердің б.д.д. үшеуі, 12-13 ғғ. екеуі, 14-15 ғғ. алтауы, 16-17 ғғ. алтауы, 17 ғ. екінші жартысымен 18 ғ. бірінші жартысына жиырма алтысы, 18 ғ. екінші жартысы мен 19 ғ. бірінші жартысына қырық жетісі, 19 екінші жартысынан - 20 ғ. бірінші жартысы он бірі енген екен [2, 131 б.].

Халқымызда шешендер қаншама көп болмасын, олардың, біріншіден, орны сыйлы, қоғамдағы әлеуметтік рөлі жоғары бағаланған; екіншіден, қазақ елдігін калыптастырған сайын олардың саны да, қызметі де артып отырған; үшіншіден, қызметі шектеулі емес.

Шешен өз мәртебесін сырт келбетімен, жан дүниесімен, отбасындагы мінез-құлқымен, әлеуметтік рөлімен көрсетеді немесе көтермелейді;

Адамның дүниедегі орнын, дүниенің адамға тигізер ықпалын өзі арқылы ажырата, айкындай білетін сезімтал, сергек жан;

Тұтас дүниеде адамның өзін тануды жоғары кұндылық деп есептейтін, сол бағдарынан ауытқи бермейтін қайсарлы да, өнерлі;

Акиқатты тануға қабілетті, ақылы мен арын соған жұмылдыратын білгір, сол үшін адалдығын зерделі тазалық деп ұғатын азамат;

Өз пиғылы мен ниетін ұлағатты да ізгілікті іске жұмылдырудан тайынбайтын жайсаң да жаранды және тәжірибелі ел перзенті. Шешен алдымен соған талпынатын талапкер. Сонда қандай талапкерді шешен дей аламыз? Шешен дегеніміз кім? «Шешен» сөзі нені білдіреді?

Қазақ тілінің бір томдық үлкен түсіндірме сөздігінде: «Шешен: 1. Сөзге ағып тұрған, қызыл тілді, тілге жүйрік адам. 2. <лат. orator> Шаршы топ алдында тапқырлық танытып, нанымды шебер сөйлеуші адам. 3. э т н. Би, ділмар. // Домбыраға қатысты әуезді деген мағынада», - деп көрсетеді [3, 1408 б.].

Ал «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігінде» (А., 1966, 222 б.) мынандай түсіндірме берілген: «Шечан (сәсән) сөзі қырғыз, қарақалпақ, өзбек, башкұрт тілдерінде де қазақ тіліндегідей мағынада қолданылады. Түркі тілдерінің бұл тобында шешен сөзінен туындаған шешенсу, шешенсіну сөздері кездеседі. Өзбек тілінде чечан сөзінің «неге болса да ұста, шебер», тува тілінде (чечен) «әдемі көркем» деген косымша мағыналары бар. Моңғол, бурят-моңғол, қалмак тілдерінде кәкән, сэсэ(н), цэцэ сөзінің данышпан «данышпан, акылгөй, дана, тапқыр» деген мағыналармен катар «мерген», дәл тигізетін, дәл басатын» деген мағынасы бар. Чечен (сасан) сөзінің бұл мағыналары алтай, якут, тува тілдерінде де кездеседі [4, 222 б.].

Сонымен, мамандардың тоқтамы айқын: Шешен сөзі – шеш (чеч, сэс, цэс, цэц) түбірі менен косымшасынан тұратын түркі-моңғол тілдеріне ортақ сөз. Шешен сөзінің халықаралық баламасын оратор дейді. «Оратор» латынның «очаче» — «айту», «сөйлеу» деген сөзінен шыққан. В. Дальдің сөздігінде мынандай қосымша түсіндірмелер берілген: оратор – вития (ділмар), краснослов (қызыл сөз), речистый человек (сөзшең адам), мастер говорить (сөйлеудің шебері).



Қазіргі орыс тілінде шешен сөзі көп мағынада колданылады: шешендік өнермен айналысатын адам; көпшілік алдында сөйлейтін адам; кызыл тілді меңгерген, тауып сөйлеуге кабілетті адам. Ол еңбекқорлығымен, естілігімен, еріктілігімен көбірек білді, тереңірек көрді, нәзік сезінді, жиірек ойланып- толғанды. Сонымен, шешен дегеніміз ой-санасымен белсенді, мінез-құлқымен төзімді, өмірлік пайымы мол, әсерлі, әдемі, бейнелі көркем тілімен оқырмандарының бойын билеп әкетерлік әсер ететін, тыңдарманды бір нәрсеге сендіріп, бір нәрсеге ұмтылдыратын, ойлы сөзге тапқыр, талпынысқа ынта-ықыласы басым тұлға. ІІІешен өз тоқтамын – әрекет тәсіліне, тәсілді жеке басының өмірлік тәжірибесіне айналдыра алатын іздемпаз, іркілмейтін кісі [2, 132 б.].

Шешен шебер сөйлеумен ғана емес, әсерлі, мәнерлі жеткізе білу қабілетімен де ерекшеленуі керек. Баяндамасын немесе басқа да сөйлер сөзін басынан аяғына дейін мықтап дайындаумен қатар, мінбеде өзін-өзі еркін, мәдениетті ұстауға тиіс, ашық та айқын даусы, ым-ишараты, сәнді қимыл –қозғалысы, аудиториясың ішкі атмосферасын қадағағалайтын қырағы көзі, өз ерік-жігеріне бағындыратын қасиеті болса, тыңдаушыларын жалықтыруы мүмкін емес.

С.Негимов шешен баяндама жасағанда мыналарды қаперге алған жөн деп санайды:

1. Материал жинау, жүйелей білу, көздеген мақсат-нысанаға ыңғайластыра, сәйкестендіре алу, композицияның, логика мен психологияның заңдарына ауызша сөйлеу мен аудиторияның ерекшеліктеріне үйлестіру.

2. Сөзді дауыстап айта білу өнерін меңгеру, мінбеде өзіңді-өзің билеу ережесін қатаң сақтау, аудиторияның тілеу, қалауын қабылдау, ескеру.

3. Шешендік өнердің қыры мен сырын мүлтіксіз меңгеру (дауыс, интонация, қимыл-қозғалыс, сөәлеу мәдениетінің бүкіл талаптарын бұлжытпастан сақтау).

4. Аудиторияның тұтқиылдан қойылған сұрақтарына тапқыр жауап беру, білім-ғылым бәсеке-таласын ұйымдастыа білу [5, 35 б.]

Зерттеушілер шешендік өнерді басқа сөйлеу түрлерінен айыратын белгілері ретінде мыналарды атайды: сөйлеудің ұйқасты-ырғағы, сөздерді таңдау талғамы, сөйлеудің көркемдегіш тәсілдері.

Сөйлеудің ұйқасты-ырғағы ойдың бірнеше үзіктерге тыныс арқылы бөлінуінен туындайды. Ырғақтың негізі – айтылудағы үйлесім және тыныс кідірісі. Цицерон шешендік сөздегі тыныс кідірісін үшке бөледі: аз кідіріс – сөз және сөз тіркесі аралығында жсалады, ғылымда оны фраза деп атайды, орташа үзіліс – тармақтар аралығында болады, үлкен пауза – ой аяқталған жерде жасалады, жазуда оны абзац деп атайды [6, 19 б.]

Аудиторияға ең алдымен әсер ететіні – шешеннің дауыс ырғағы. Егер дауыс ырғағы көңілден шықпаса, айтайын деген ойдының бәрі пайдасыз болуы мүмкін. Осы орайда, профессор Г.Қосымова келесідей пікірді айтады: «Шешеннің дауыс ырғағы, күшті шешендік сөздің мазмұнын тыңдаушылардың дұрыс түсініп қабылдауына әсер етеді. Өте тез қарқынмен сөйлеу анықтықты күшейтеді, қатты дауыспен сөйлеу айқындылықты өсіреді, жай, бәсең дауыспен сөйлеу айқындылықты кемітеді. Үзіп-үзіп сөйлеу көңіл бөлуді әлсіретеді, үзіліссіз сөйлеу көңіл бөлуді күшейтеді. Тыңдаушылар жиналған орынның акустикалық мүмкіншілігінен тыс дауыс қаттылығы немес е мейлінше ақырын дауыс айқындылықты азайтады, бірақ шектен тыс қатты дауыс көңіл бөлуді әлсіретсе, баяу, ақырын сөйлеу көңіл бөлуді күшейтеді» [6, 18 б.]

Шешен бейнесі жеке тұлғалық ерекшеліктермен шектелмейді. Ол ел-жұрттың өмір-салтынан, замана талабы секілді көптеген факторлардың ықпалдардың нәтижесінде қалыптасатыны айқын. Әр заманда шешендердің өз келбет-кейпі, бейнесі жасалғаны да шындық.

Шешен болмысы, бейнесі және белсенділігі – күрделі, құпиялы, бірақ келбетті құндылықтар. Шешендік құндылықтардың қасиеттері де әр қалай әрі айқын. Оның болмысы қызметтің қос түрінен – іс-әрекет жиынтығы мен қимыл-істің жиынтығынан құралады. Қасиет жүйесі – бейнені, іс-әрекет жүйесі – белсенділікті құрайды. Бәрін қосқанда шешен келбеті қалыптасады. Ол дегеніміз:

- ақыл еркіндігінің иесі, өзіндегі күйді қорғай алатын және оны оқиғаға айналдыратын қайырымды кісі, өмірдегі түсінікті, татулықты және тәртіпті, үйлестік пен бітімді бетке ұстаған белсенді, байсалды жан;

- адам бойы мен ойындағы жасампаз күшті қолданушының, адал ниетті оңдаушының тұлғалық бейнесі және діңгегі;

- жаңа мәліметті, әдепті мінез-құлықты қабылдайтын қасиетімен бітімгер және тәжірибелі қабілетімен өнегелі;

- жаны жайсаң, көңілі ақ, пейілі кең қайырымды қасиетімен бітімгер және тәжірибелі қабілетімен өнегелі [2, 146 б.].

Шешеннің беделі шешендік өнерінде, адамдық жаңғыртар қабілетінде. Ол адамдық қабілетімен құнды. Шешен адамдық қабілет-қасиетті жағымды нәтиже енгізумен абыройлы.

Жаңа заман шешеннің дана бейнесін жасады, шешендікке тың талаптар қойды. Шешеннің адамдық қасиеті өткір де өтімді, бекем де жоғары өлшеммен бағаланды. Шешендік – ойланудың келбетін келтірген және қоштаған, қабілеттің қисынын іріктеген және қадағалаған, ойлану қисынына ережені ендірген өнерге айналды. Шешендік ендігі ойды парасаттау, парасатты қисындау, қисынның құндылығын айқындау және әспеттеу ретінде қабылданды. Танымдық қабілет пен ойлану қисынының тоғысында шешендік дәстүрі мен шешендік шеберлігі әрқалай қарқындады.

Шешенде көсемдік, әділдік, адалдық, имандылық қасиет болса тереңнен толғап, құштарлықпен сөйлесе, қандай аудиторияны болса да жетектеп әкетеді. Өңменіңе қанжардай қадалған көп көз шешенді сескендірмей қоймайды [5, 37 б.].

Көмекей әулие Бұқар жырау: «Ел бастау қиын емес, қонатын жерден көл табылады. Қол бастау қиын емес, шабатын жерден ел табылады. Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргенім жоқ», - деп шешендіктің қиын өнер екендігін ескерткен. Әрине, ой мен сезіміңді басқалардың жүрегіне, кеудесіне жеткізуге сезгіштік, құдіреттілік қажет. Шын мәнінде, аудиторияның ізгі мұраттарына, асыл армандарына, көкейтесті идеяларына сай келсе қабылдау мен түсіну де жеңіл. Шешеннің беделі де, мәртебесі де жоғарылайды.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Төреқұл. Н. Даланың дара ділмарлары - Алматы: Қазақстан, 2001. - 592 б.

  2. Молдабеков Ж. ШЕШЕНДІК: оқу құралы.- Алматы: «Қарасай», 2009. – 432 б.

  3. Қазақ сөздігі (қазақ тілінің үлкен бір томдық сөздігі). – Алматы: «Дәуір» баспасы, 2013. – 1488 б.

  4. Қазақ тілінің кысқаша этимологиялық сөздігінде А., 1966, 222 б.

  5. Негимов С. Шешендік өнер. – Алматы: Ана тілі, 1997. 208 б.

  6. Қосымова Г. Қазақ тілі: Шешендік өнер. Әдіст. нұсқау. – Алматы: «Мектеп» баспасы, 2007. – 80 б.

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> Қазақстан республикасының денсаулық сақтау әЛЕУМЕТТІК денсаулық сақтау министрлігі
publications -> Қазақ тіліндегі физикалық ЖӘне техникалық терминологиялық СӨздіктердегі үйлесімсіздік
publications -> Реферат тақырыбы: Сыртқы және ішкі сәулелену әсерінен пайда болатын аурулар Орындаған: Медеубек М. А. Тобы: 103 фк
publications -> Ас қорыту жүйесі
publications -> Тіл – ел байлығы
publications -> В медицинской практике остеомиелитом называют воспаление всех слоев кости от костного мозга до надкостницы
publications -> Делимитация и демаркация государственной границы рк как фактор национальной безопасности
publications -> Морфологические изменения миокарда предсердий при внезапной сердечной смерти у пожилых людей
publications -> Патриоттық тәрбие Аннотация


Достарыңызбен бөлісу:


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет