«Шығыс Қазақстан Облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы» Ұлттық әдебиет және өлкетану орталығы



Дата05.07.2017
өлшемі40 Kb.
«Шығыс Қазақстан Облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы»

Ұлттық әдебиет және

өлкетану орталығы

«Көжектің үйшігі»

(қуыршақ театры, даярлық топ, 1-2 сынып)

Өскемен қаласы, 2016 ж.

Әже: Сәлеметсіңдер ме, балалар?

Балалар: Сәлеметсіз бе?

Әже: Балалар, мен сендерге «Көңілді Көжек» деген қызықты ертегі айтып берейін. Ал, тыңдаңдар. Күн шуағын молынан шашып, орманның ішін жылылық жайлады. Ұйқысынан оянған Көжек інінен басын шығарып, жан-жағына көз тастады.

Көжек: (есінеп, керіледі) А-а-а!... Алақай, күн жылыныпты! Бүгін не істесем екен?

Әже: Осылай деп Көжек ойланып тұрып, ақыры достарына барып, олардың тірлігін қызықтап қайту туралы шешімге келді.

Көжек: Таптым, одан да достарыма барып қайтайын. Не істеп жатқандарын байқайын.

Әже: Көжек орманның ішіндегі жалғыз аяқ соқпақ жолмен әндетіп келеді.

Көжек:

Тря-ля-ля. Тря-ля-ля.

Көктем келді көңілді,

Гүлдендіріп өңірді.



Әже: Жолда келе жатқан Көжек Қасқырды жолықтырады. Қасқыр қасындағы досы екеуі бір кітапқа үңіліп қарап отыр екен, олар Көжекті тіпті байқамайды да.

Көжек: Сәлем, достар! Не істеп отырсыңдар?

1- Қасқыр: А-а?

2- Қасқыр: Е-е, бұл сен бе едің? Сәлем Көжек. Мен есеп шығаруды үйреніп жүрмін.

1- Қасқыр: Ал мен үйретіп отырмын.

Көжек: Солай ма?

2- Қасқыр: Иә, иә. Есеп деген тіпті қызық екен.

1- Қасқыр: Көжек, айтшы, сен есеп шығара аласың ба?

Көжек: Иә, шығара аламын.

2- Қасқыр: Олай болса, мына есептің шешуін тапшы.

Көжек: Қане, айтыңдар тауып көрейін.

1- Қасқыр: Үш емен жаңғағына екі емен жаңғағын қоссаң барлығы қанша жаңғақ болады?

Көжек: Бес емен жаңғағы болады. Дұрыс қой?

2- Қасқыр: (ойланып тұрып) Дұрыс екен! Жарайсың достым!

Көжек: Жарайды мен кетейін. Істерің оң болсын!

1- Қасқыр: Сау бол!

2- Қасқыр: Жолың болсын!

Көжек:

Тря-ля-ля. Тря-ля-ля.

Көктем келді көңілді,

Гүлдендіріп өңірді.



Әже: Көжек сапарын әрі қарай жалғай берді. Балалар, Көжек есептің жауабын дұрыс шығарды ма? Қане, сендер де есептеп көріңдерші.

Балалар: Иә, дұрыс шығарды.

Әже: Бәрекелді, балалар! Ертегімді әрі қарай жалғайын. Көжек жолда келе жатса, жақын маңдағы көгалда аспанға қарап тұрған Түлкішекті көреді.

Көжек: Түлкішек, сен неғып тұрсың?

Түлкішек: Қарашы, Көжек, аспанда бұлттар қандай әдемі! Әрқайсысы әртүрлі затқа, пішіндерге ұқсайды екен.

Әже: Көжек те аспанға қарап Түлкішекке былай дейді.

Көжек: Расында да, бұрын неғып байқамағанмын? Ана бір бірінші тұрған бұлтты қарашы, домалақ екен. Шеңберге ұқсап тұр.

Түлкішек: Ал, екінші бұлт төртбұрышқа ұқсайды, иә?

Көжек: Дұрыс айтасың, Түлкішек. Ал мына біреуі сопақ пішінді.

Түлкішек: Тура жұмыртқа сияқты екен. Пішіндер өте қызықты, солай емес пе?

Көжек: Иә, солай. Өте қызық. Жарайды, мен кеттім, сау бол!

Түлкішек: Сау бол, достым!

Көжек:

Тря-ля-ля. Тря-ля-ля.

Көктем келді көңілді,

Гүлдендіріп өңірді.



Әже: Көжек сапарын әрі қарай жалғай берді. Сөйтіп Көжек енді Аюдың үйіне келді. Үйде кішкентай екі қонжық бар екен. Ата-аналары қонаққа кетіпті. Екі қонжық ойыншыққа таласып, бір-бірімен төбелесіп жатыр екен.

1- Қонжық: Берші, мен бірінші ойнаймын.

2- Қонжық: Жоқ, бермеймін.

Көжек: Сәлеметсіңдер ме, кішкентай Қонжықтар?

Қонжықтар: Сәлеметсің бе?

Көжек: Не боп қалды? Неге төбелесіп жатырсыңдар?

1- Қонжық: Мына ағам маған ойыншығын бермейді.

2- Қонжық: Сен дұрыстап ойнай алмайсың. Қазір сындырып, бүлдіріп тастайсың.

1- Қонжық: (бұртиып, өкпелі үнмен) Қазір әкем мен анам келгенде айтам!..

Көжек: Жә, төбелеспеңдер. Одан да жүріңдер далаға шығып үшеуіміз тамаша би билейік. Оны маған сендер сияқты досым үйреткен.

Әже: Үшеуі бірге қызықты би билеп, мәз болады. Қане, балалар, көңілді Көжекпен сендер де билеңдер!

Балалар да билейді.

Әже: Осылайша бүгінгі күнін көңілді өткізген Көжек қас қарая үйіне оралыпты. Осымен менің ертегім аяқталды. Сау болыңдар, балалар!

Құрастырған: Райымбекова Г.Р.
Тексерген: Кенжебекова Н.М.


Достарыңызбен бөлісу:


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет