«Шығармашылық шеберлер мектебі» жас қаламгер бағыты бойынша 4 кезең тапсырмалары
Жанқұтты Ботантайұлы Жақсы Жанқұтты деп те атанған (1810, Қарағанды облысы Шет ауданы Аюлы тауының баурайы, 1873, Сауд Арабиясы, Мекке қаласы). Ауыл молдасынан оқып, мұсылманша сауатын ашады. 1824 жылы Қарқаралы қаласындағы медресені бітіреді. Ел ішіндегі әр түрлі билік ісіне араласып, Құнанбай, Алшынбай, Құсбек төрелермен араласқан. 1850, 1873 жылдары екі рет қажылыққа барған. Соңғы барарында Құнанбай келесі жылы барайық дейді. Сонда Жанқұтты: «Келер жылға қарар едім, ажал қарамайды ғой» деп жүріп кетіпті. Осы сапарда Меккеде қайтыс болған. Жақсы Жанқұттының атанған шешендік сөздері, билік айтқан төреліктері, үлгі боларлық нақыл сөздері көп. Жанқұтты мен Абайдың арасындағы болған әңгімені біз Сендерге ұсынып отырмыз.
Бірде Жанқұтты шешен Құнанбайдың үйінде отырғанда Абай келіп сәлем береді.
Ол кезде Абайдың үйленген шағы екен. Абайдың тапқырлығын, өлең шығаратындығын естіп жүрген шешен баланы қасына отырғызып:
– Шырағым, дүние неге сүйенеді? – деп сұрайды.
Абай:
– Дүние үмітке сүйенеді.
– Көздің көрмесі бола ма?
– Көз қабағын көрмейді.
– Шам жарығының түспесі бола ма?
– Шам жарығы табағына түспейді.
– Болат пышақ өз сабын өзі кеспейді.
– Тамағына тартпайтын маққұлқат бола ма?
– Өз тамағына тартпайтын маққұлат болмайды, – дейді Абай. Жауабына риза болған шешен оған өлең түрінде жазып беруін сұрайды.
Сонда Абай:
Сіз – сұңқар, самғай ұшқан қиядағы,
Талпынған мен – балапан ұядағы,
Өрнекті өлең сөзбен жауап берсем,
Дүниенің жалғыз үміт – тиянағы.
Көз көруі жетпейді қабағына,
Шам жарығы түспейді табағына.
Өз сабын болат пышақ өзі кеспес,
Маққұлқат тартпай қоймас тамағына, – депті.
Ет желініп, қымыз ішілгеннен кейін Абай:
– Ата, сізден сұрақ сұрауға бола ма? – дейді.
– Е, шырағым, сұрай ғой, – депті Жанқұтты.
– Ата, арзан не, қымбат не, дауасыз не? – депті Абай.
Жанқұтты:
– Шырағым, арзан – өтірік, қымбат – шындық, дауасыз – кәрілік емес пе,
жанарыңның оты бар екен – ақындығың шығар, маңдайың жазық екен – ойлылығың шығар, халқыңның қалаулы азаматы бол, – деп батасын беріпті («Ел аузынан»).
1. Шешендік сөз деген не? 2. Қазақ шешендік сөздерінің ерекшеліктері қандай?
3. Қандай би-шешендерді білесіңдер?
4. Жанқұтты шешен туралы қандай мәлімет алдыңдар?
5. Жанқұтты Абайға қандай сұрақтар қойды?
6. Абай шешеннен не сұрады?
7. Мәнерлеп, түсініп оқыңдар. 8. Жанқұтты шешеннің Абайға берген батасынан не ұқтыңдар? Шешен қандай тілек айтты? Неге сүйеніп айтты?
төре – қазақ қоғамында Шыңғыс ханның ұрпақтары төре деп аталады. Төрелер қазақ руларына қосылмайды. маққұлқат – бұл жерде: тіршілік иесі
қия – бұл жерде: шырқау биік
1. Жанқұттының «...арзан – өтірік, қымбат – шындық, дауасыз – кәрілік емес пе, жанарыңның оты бар екен – ақындығың шығар, маңдайың жазық екен – ойлылығың шығар...» деген сөздерін дәптерлеріңе жазып алыңдар. Арзан, қымбат, дауасыздың жауабы неге жоғарыдағы өтірік, шындық, кәрілік екендігін өз ойларыңмен кеңейте жазыңдар.
1. Жанқұттының Абайға берген батасын қайталап оқып, талдаңыздар. Шешен Абайға қандай тілек айтыпты? 2. Өздеріңіз бата беріп көрдіңіздер ме? Балаларыңызға кімнің бата бергенін қалар едіңіздер? Батада қандай тілек, өсиет айтылғанын лайық көресіздер.
Көшпелі қазақ қауымында шешен сөзді айтушы, оны тыңдап ұғынушы жоғары бағаланған. Арғы-бергі ата-бабаларының ішінде кімнің шешен би болғандығы, кімнен бата алғандығы далада берілетін құжатсыз дәрежемен тең еді. Беделді тұлғалардан үлкен істі бастайтын жас азаматтар бата тілеп, іздеп барып, шешен сөз тілейтін дәстүр болған. Үлкен істер шешен сөздердің қолдауына сүйенген. Аузы дуалы ақсақалдың қадірлі сөзі бұзылмас заң болып саналатын.
Абай Құнанбайұлы
Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?
Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?
Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?
Махаббат, ғадауатпен майдандасқан,
Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?
Амалсыз тағдыр бір күн кез болмай ма?
Біреуге жай, біреуге тез болмай ма?
Асау жүрек аяғын шалыс басқан
Жерін тауып артқыға сөз болмай ма?
Сонда жауап бере алман мен бишара,
Сіздерге еркін тиер, байқап қара.
Екі күймек бір жанға әділет пе?
Қаны – қара бір жанмын, жаны – жара.
Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен – бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы,соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!
Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ,
Айлаға, ашуға да жақтым шырақ.
Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,
Етек басты көп көрдім елден бірақ.
Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,
Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме.
Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті,
Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!
Ішім толған у мен өрт, сыртым – дүрдей,
Мен келмеске кетермін түк өндірмей.
Өлең шіркін – өсекші, жүртқа жаяр,
Сырымды тоқтатайын айта бермей.
1. Өлеңді мәнерлеп оқыңдар. 2. Кейіпкердің ішкі жан дүниесін мазалайтын не? 3. Өз ортасы туралы қандай ой айтылады? 4. Өлеңнің алғашқы шумағында не туралы айтылады? А) Қуаныш. В) Бақыт. С) Табиғат суреті.. D) Тіршілік мәні. 5. Өмірдің қысқалығы немесе ұзақ тіршілік туралы екінші шумақтың қай тармағында айтылады? 6. «Екі күймек бір жанға әділет пе?» тармағын қалай түсінесің? Бұл дүние мен о дүние туралы қандай діни кітаптарды білесіңдер. Оларда екі дүние туралы не айтылады? Абай жан қиналысы қандай ойларға жетелейді? 7. «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен» , «мыңмен жалғыз алысқан» шарасыз ақын бейнесі естеріңе кімдерді түсіреді? Талант пен қоғам туралы ойларыңды ортаға салыңдар. 8. «Өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр» тармағы жөнінде не айтуға болады? А) Өлең – ақыннның жан сыры В) Ақынның өнерден, поэзиядан көңілі қалған
ғадауат (арабша) – дұшпандық, ашу, жек көру
шалыс басқан –
албырт – беті қайтпаған, әрнәрсеге еліккіш, тауы шағылмаған
етек басты – кедергі, бөгет, қарсы әрекет, қиянат
сандалмамен күн кешу – бос жүріспен уақыт өткізу
дүрдей – бұл жерде: жоқты бар қылып, көтермелеп көрсету мағынасында
Өлеңнің өздерің қалаған 4 шумағының құрылысына талдау жасаңдар талдаңдар.
2. Ақын өлеңінің соңын «Сырымды тоқтатайын айта бермей» деп аяқтайды. Өлең тоқтады. Ақын жоқ. Оқырман Сіздер не дейсіздер? Абайдың осы жолын Ю.М.Лермонтовтың «Погиб поэт» өлеңімен салыстыруға бола ма? Ұқсастықтары мен айырмашылықтарын айтыңдар. 1. Өлең ақынның көңілінің құлазыған шағындағы ішкі жан дүниесін ашады. Ақын өлең жазды. Композитор ән мен әуеннен іздейді. Суретші қылқаламын қолға алады. Ал Сіздер не істейсіздер? Балаларыңыздың көңілі түскен шағында қандай кеңес бересіздер? 3. Өздеріңіздің, балаларыңыздың көңілдеріңіз жабырқаған шақта көркем шығарма оқисыздар ма? Қандай туындыны оқыған дұрыс деп есептейсіздер.
4. «Менің кітаптарым» деген кестені толтырыңыздар.
Көңіл құлазыған кезде оқитын кітаптар
|
Қуанған шақта оқитын кітаптар
|
Уақыт өткізу үшін оқитындар
|
Көпшілік пікіріне сүйеніп оқылатын кітаптар
|
Оқуға міндетті кітаптар
|
|
|
|
|
|
5. «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» өлеңіне жазылған ән бар. Балаларыңызбен бірге отырып, әнді тыңдаңыздар.
«Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» – Абайдың тіршілік, дүние туралы толғаныстарын беретін өлеңдерінің бірі. «Жалпы алғанда, бұл жырдың тақырыбы – ойшыл адамның, сәресе сыршыл ақындардың анық тоқтайтын тақырыбы. Өмірдің өріне жетіп, оның ішінде талай қиыр кезең жолдарын басып өтіп, енді тірлік сапарын таусарманға келгенде айтатын шерлі сыр болады. Бұл өлеңде көп жайдың түйіні бар. Кеше ғана көрген соққының салдары ғана емес, өмірінің ұзын бойын шолып келіп, дәл осы жылда өлімді айтып отырған Абай аса қымбат қасиет табады. Ол келешекпен тілдеседі. Өз халқының кейінгі ұзақ тарихына өлместік із қалдырып отырғанына сенім артады» (М.Әуезов «Абай Құнанбаев» Алматы, 1995, 168-бет).
Достарыңызбен бөлісу: |