Шешендік өнердің қоғамдағы тәрбиелік орны



Дата18.12.2017
өлшемі105.84 Kb.
#49259



Шешендік өнердің қоғамдағы тәрбиелік орны.

Шешендік өнердің мәні неде? Ол жөнінде қандай пікірлер бар? Шешендік өнердің бүгінгі өскелең ұрпақты шешендікке, тапқырлыққа тәрбиелеудегі орны қандай және олар қалай іске асырылады? - деген мәселелердің бетін айқындап алу қажет болады.

"Шешен" сөзі қазақ тілінің этимологиялық сөздігінде былайша түсіндірілген: "Шешен" - "сәсән" сөзі қырғыз, қалпақ, өзбек тілдерінде де қазақ тіліндегідей мағынада қолданылады. Түркі тілінде шешенсу, шешенсіну сөздері кездеседі. Өзбек тілінде чечен сөзінің "неге болса да ұста, шебер", тува тілінде "әдемі, көркем" деген қосымша мағыналары бар. Қалмақ тілдерінде "кәкән" сөздері "данышпан, ақылгөй, дана, тапқыр" деген мағыналармен қатар "мерген", дәл тигізетін деген мағыналарды білдіреді.

Шешен сөзі - шеш (чеч, сәс, цәс, цәц) түбірлі етістікке "ен" жұрнағы жалғанып, орындаушы адамға, зат есімге айналған түрік, моңғол тілдеріне ортақ сөз болуы мүмкін. ("Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі" Алматы, 1966; 222 -б.)

Қорыта келе, шешен дегеніміз - мол біліммен, айшықты әсем, өткір тілмен оқырмандарына ерекше әсер ететін, бір нәрсе туралы жүрекке берік сенім ұялатып, алға ұмтылдыратын, сөзге тапқыр, ойы ұшқыр, білімді адам.

Бұл жерде кез келген адам шешен бола ала ма? - деген сұрақ туындайды. Бұл жөнінде екіұдай пікір таласып келеді. Біреулер ақындық өнер сияқты шешендік талант та адамға туа бітетін қасиет деп қараса, екіншілері шешен болу үшін көп оқып, көп ізденіп, жаттығу керек. Ол да әртістік өнер сияқты оқу- тоқу, тәлім - тәрбие арқылы бойда қалыптасатын қасиет деп санайды.

Көне Римнің әйгілі шешені және теоретигі М.Т.Цицерон "адам ақын болып туады, шешен болып шығады" дейді. Яғни ақындыққа туа біткен талант керек десе, шешендік көп оқып, көп іздену , көп сөйлеп жаттығу, күш -қуат жұмсау қажет дегенді айтады.

А.Ф.Кони шеншендік пен көпшілік алдында сөйлей білушілік екі түрлі нәрсе деп қарайды. Шешендік, қызыл тілге жүйріктік адамның табиғатына туа бітетін қасиет десе, ал көпшілік алдында көсіліп сөйлей білу тәжірибесіне үздіксіз жаттығуға байланысты дарын деп қараайды.

Осы ойды қазақтың мақал - мәтелдерінде де құптай келіп: "Ойға салмай сөйлеген- шешендіктің белгісі, көп ішінде сөйлеген- көсемдіктің белгісі" деп қорытады. Олай болса, көсем (ел басшысы) мен шешен (сөз басшысы) бірін - бірі толықтыра түседі.

Байтақ дала төсінде сан ғасыр көшіп- қонып күндер кешкен қазақ халқы жан сезімін жырмен ағытқан, ақыл мен ойдың мәні даналық сөзде деп қадірлеген, қылпылдап тұрған қылыштан қыңбаса да, жүйелі сөзге жүгінген.

Өмір сырын ойға түйіп, санаға жазған дала даналары, тау өзеніндей тасқын жырлы ақпа жыраулар, шешендер, ақындар еді. Шамырқанса- көңіл көгі нажағайдай шатырлап, тебіренсе - телегей теңіздей бұрқанып, ақ жаңбырдай ақтарылған олар халықты өрлікке, елдікке, ерлікке, бірлікке үндеген, қайғыға қабырғасы қайыса ортақтасып, қуанышқа жүрек жарды сөздерін айта білген.

Шешендік өнер- қазақ ауыз әдебиетінің халық өмірінде үлкен әлеуметтік орны бар қомақты үлкен бір жанр. Шешендік өнер адам аңсарын аударатын ерекше бір шуақты дүние. Тіл байлығы атты қазынаның алтын қорынан саналатын осынау ғибратты сөздер өмір шындығын, халықтың тұрмыс - салты мен тіршілігін, мінез- құлқын, қоғамдық дамуын тайға таңба басқандай дәл, әрі шебер , мәнді де құнды бейнелеуімен ерекшеленеді.

Сөйлеу тілінде қалыптасқан көркем де әсерлі, мағыналы да мәнді шешендік сөздер этнограф- тарихшылардың зерттеулеріне қарағанда өте ертеде, рулық қоғамдық құрылыс кезінде пайда болған. Шешендік өнері ерекше дамыған Қытай, Таяу Шығыс, Көне түркі, Греция, Рим т.б. елдерде шешендік сөздердің авторлары (Демосфен, М.Т.Цицерон, Аристотель т.б.) белгілі.

Қазақтың атақты билері Майқы Шыңғыс ханның, Едіге, Тоқтамыс ханның, Асанқайғы Алтын Орда ханы Ұлұғ Мұхамедтің, Жиембет Есім ханның, Әнет баба әз Тәуккенің, Бұқар Абылай ханның ақылшы- кеңесші билері болған. Феодалдық заң бойынша ел билеу, билік айту хандардың құзырында болғандықтан, ел ішіндегі дау -шараларды хандар өзінің ақылшы -кеңесші билеріне шешкізіп отырған.

Шешендік өнер - ақындық айтыс секілді қазақ әдебиетінің өзіндік ерекшелігін көрсететін негізгі жанрларының бірі. Жазушылардың, лекторлардың, үгітшілердің шеберліктерін жалпы тіл мәдениетін жетілдіру үшін ежелгі шешендік сөздерді оқып -үйренудің мәні зор. Өйткені халық даналығы: мақал, мәтел, нақыл сияқты ойды кеңейтіп, тілді байытатын шешендік сөз нұсқалары көп.

Шешендер сөзі тіл кестесі мен өлең өрнегінен, қара сөздің өткір бізінен тұрады десек, ол сөз өнерінің ұлттық сипат - ерекшеліктерін айқындайды. Қазақ халқының әдебиеті негізіне, поэзия, өлең сөз шеңберінде өркендеп келгенін еске алсақ, шешендік сөзі қара сөзбен айатылсын, қысқа өлең жолдарымен айтылсын, әйтеуір құйылып тұрған ұйқасқа құрылады.

Әр дәуір, әр кезеңнің өз шежіресін жасайтыны белгілі. Көнені көгендей көзден өткізе отырып, жаңамен сабақтастыру, жалғастыру да - ұрпақ парызы. Қазақ тарихында небір от ауызды, орақ тілді билер, ел бастаған көсемдер, батырлар, ақындар мен жыраулар, шежіре - шешендер, қара қылды қақ жарған аты аңызға айналған адамдар өткен. Оларды қазіргі ізденімпаз, қағылез, сергек ұрпаққа жете таныту баршамыздың міндетіміз.

Шешендік сөздер көркем әдебиеттің жанрлары: ертегі, батырлар жыры, мақал - мәтелдер, жұмбақ, жаңылтпаштар, қара өлең, термелер т.б. сияқты оқиғаны баяндау, тапқырлыққа баулу, үлгі - насихат арқылы тыңдаушының таным дүниесін кеңейтіп, биік адамгершілік қасиеттерге үндеп қана қоймайды, олар сонымен қатар қазақ даласында әлеуметтік қызмет атқару ерекшелігімен дараланады. Сондықтан да дана халқымыз шешендікті терең меңгерген адамды киелі санап, жүйесін тауып сөйлеген сөзге тоқтаған, шешендікті "шешендік өнер" деген сөз тіркесімен атауы да тегіннен - тегін болмаса керек.

Шешендік сөз парасатты ойға, ұтқыр шешімге, тапқыр логикаға құрылады. Шешендік сөз айтылған ойға әрі қисынды, әрі тапқыр, әрі жедел жауап қайтару болып табылады. Яғни, шешендіктің басты қасиеті - тапқырлық, шапшаңдық.

Шын мәнінде, шешендік сөздер ақындық өлең -жырлар мен көркем қарасөздің, яки ертегі, аңыз әңгімелердің бөліне бастауындағы аралық жанр сынды. Өйткені аталмыш екі жанрдың да белгілері шешендік сөздерде "мен мұндалап" тұрады. Бұл шешендік жанр жойылмай, екі жанрдың біріне қосылмай, қалыпты дербестігін сақтап, өмірге шешендік өнер, сөз жанрын әкеліп қосты.

Мәселен, "Бір дегенім -білеу, екі дегенім- егеу, үш дегенім- үскі" деп басталып, он бірге дейінгі сандарды үйретуге арналған санамақ ойын - өлеңіндегі тақпақ- жұмбақты үйретуден бастап, "ұшты -ұшты" ойындарында айтылатын жанды - жансыз заттарды ажыратуға арналған өлең ұйқасынан құралған сөз тізбегін айтқызып балаларды аңғарымпаздыққа, тапқырлыққа тәрбиелеу көзделетіні немесе жоқтау өлеңдеріндегі өлген адамның тіршіліктегі басқалармен қарым - қатынасы, адалдығы, әділдігі, ел қорғаушылық қасиеттерін мадақтаудың да тәлімдік мәнінің зор екенін және оның ұйқасымды шешендік сөз тіркесіне құрылатынын ажыратуға көңіл бөлуге тура келеді.

Сондай -ақ бесік жырындағы:

Құрығыңды майырып,

Жаудан жылқы айырып,

Батыр болар ма екенсің?

Саусақтарың майысып,

Ою- өрнек ойысыпп,

Ұста болар ма екенсің?

Таңдайларың тақылдап,

Ақын болар ма екенсің? -

деп келетін тілектің де нәрестені жастайынан ел қорғауға, өнерге булуды мақсат етуден туғанын немесе төрт түлік туралы өлең - жырларда айтылатын:

Малды берсең, қойды бер,

Ұлды берсең, бойлы бер,

Жұртқа ақыл салғандай -

Ақылы артық ойлы бер! -

деп төрт түлік малды да, оны бағып өсіретін еңбекқор азамат ұлды да жаратушыдан тілеуі арқылы біріншіден, халықтың ой - арманын білдіруі көзделсе, екіншіден, сол арманды шешендік сөз өнері арқылы тыңдаушы жұрттың жүрегіне әсерлі, сазды етіп жеткізуі көзделген, үшіншіден, келер ұрпақтың өнегелі, өнерлі, еңбексүйгіш азамат болып өсуін мақсат тұтқан. Төрт түлік туралы тақпақ, өлең - жырларда:

Кендірменен байлама,

Жыңғылменен айдама.

Кендірменен байласаң,

Жыңғылменен айдасаң-

Мал бітер деп ойлама-

деп түлікті бағып -қағудың тәсілдерін де шешендік сөз тіркесі арқылы жастардың жетесіне жеткізе үйретуді көздеген.

Қазақ халқының ежелгі салт - дәстүрінің халық арасына кең тараған бір түрі - бата тілек білдіру. Батаның түрлері көп. Мәселен, қариялардың асқа, жаңа түскен келінге, жауға аттанып бара жатқан азаматқа берер баталары мазмұны жағынан бай, тілі көркем, шешендік үлгідегі жыр маржаны екендігін байқаймыз.

Қазақ халқының салт - дәстүрлеріне арналған өлең - жырларды жинап, зерттеп, кезінде келелі ой - пікірлерін білдірген А.В.Васильев, В.В.Радлов, Ә.Диваев сияқты фольклорист ғалымдар бата - тілектің шығу тегін жан- жақты қарастырып, ғылыми тұжырымдар жасаған болатын. Мәселен, А.В.Васильев өзінің 1905 жылы Орынборда шығарған "Образцы Киргизской народной словестности, молитвенных блогожеланий "Бата- сөз"" деген еңбегінде "Бата - қазақтың поэзиясынң (оның табан аузында шығарылатынын ескерсек) ерекше түрі. Онда бата беруші адамның (ақсақалдың) үй иесіне деген жүректі жарып шыққан шын ықылас пейілі, ақ ниеті, Алладан тілер тілегі поэзиялық өлең түрінде ақтарыла айтылады" - дейді.

Үй иесіне құдайы қонақтың ас алдында немесе астан кейін игі тілегін білдіруге арнаған:

Бөршіл бол, бөршіл бол,

Бозторғайдай төршіл бол.

Тәңірі берген несібең,

Тепклесе кетпесін-

дейтін батасы "Балаң көп болсын, уайым - қайғың жоқ болсын, тамағың тоқ болсын, бақытың байлығыңа сай болсын!" деген сияқты ешбір дәуірде ескірмейтін игі тілек болып келеді.

Алтын ерлі ақ боз ат

Астыңда жүріп арысын,

Қолаң шашты, қой көзді

Таңдап алған бұраң бел

Қасыңда жатып қартайсын! - деу арқылы біріншіден, ердің өмір жасының ұзақ болуын тілесе, екіншіден, бақыт пен байлық отбасының татулығында, таңдап алған жарың адал болсын, "қосағыңмен қоса қартай" деп отбасының амандығына арнайды. Осындай бата - тілектің негізінде халықтың оптимистік ой - арманы, болашақтан күтер үлкен үміті жатыр.

Ал келін түсірген үйге әзіз әже, қарт аталарың беретін мынандай бата - тілегіңде айтылатын:

Келінің баянды болсын!

Үлкен - кішіні сыйлайатын

Аяулы болсын!

Жылы жүзді болсын

Жұмсақ сөзді болсын!

Ел қыдырса, сыпайы жүрсін,

Күлсе, сыпайы күлсін,

Ашпын деп жалаңдамасын

"Өз байымнан анау тәуір екен"- деп

Шаш қайырғанға алаңдамасын!

Қолға қонған қырғидай

Атасы мен енесіне жақсын! -

деген батаның тұнып тұрған өсиет - өнеге екендігінде дау жоқ. Бұндай бата - тілектердің жастарды жақсы сөзбен жарылқап, сыпайылыққа, инабаттылыққа, баянды махаббатқа баулуды көздеген ой түйіні екені байқалады.

Ал мазмұны, тақырыбы, көтеретін әлеуметтік мәселесі, көркемдік сипаты жағынан ауыз әдебиетіндегі эпостық жанрларға жақын елді бірлікке, ел қорғауға шақыратын Орхон ескерткіштеріндегі Күлтегін жырында кездесетін:

Кедей халықты бай қылдым,

Аз халықты көп қылдым -

деп келетін батырлық пен мырзалықты дәріптейтін өлең жолдарынан немесе:

Аштықта тоқтықты түсінбейсің,

Бір тойсаң аштықты түсінбейсің -

дейтін асқақтықты айыптайтын, сондай -ақ:

Тағаштармен (қытайлармен) жиырма жеті рет соғысты.

Құтандармен жеті рет соғысты.

Оғыздармен бес рет соғысты.

Сонда оның ақылғөйі мен едім -

деп келетін Елтеріс қағанның ақылдылығын, батырлығын дәріптейтін өлең жолдары жастарды шынайы отансүйгіштікке шақыратын жыр үлгісі екені даусыз.

Мұндай аз сөзге көп мағына сыйғызған, тәлімдік сипаттағы нақыл сөздер Қорқыт ата жырларында да көптеп кездеседі. Мысалы, Қорқыттың "Менмен, тәкаппар адамды тәңірі сүймейді. Басқалардан өзін жоғары ұстағанадамға тәңірі бақ бермейді"- деп жастарды ізгілікке, қайырымдылыққа, кішіпейілділікке шақыратын даналық ойлары немесе "Мыңғырған мал жиғанмен адам жомарт атанбас. Анадан өнеге көремеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман. Ұлың өсіп - жетілсе, отбасының мерейі, бас - көзі" дейтін ұл -қыз тәрбиесі жайындағы кемел ойлы афоризм сөздері біріншіден, кейінгі ұрпақты ізгілікке тәрбиелеуді мақсат етсе, екіншіден, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін қорытып беруге, терең ой, көрікті тілге үйретуді көздейді.

Шешендік өнердің ерекшеліктеріне тоқталсақ, біріншіден, логикалық ойдың жүйелілігімен, мағыналы - мәнділігімен ерекшеленеді. Шешендердің сөзін тыңдағанда, әсем сазды ән тыңдағандай ерекше әсер, сезімге бөленеміз. Ол адамның жастайынан дұрыс ойлай білуіне, ойлаған ойды жүйелеп, әдеби тілде тыңдаушының көкейіне жеткізе білуіне байланысты. Дұрыс ойлап, сол ойды тыңдаушыға дұрыс жеткізе білу үшін оқыған шығармаларды, естіген ертек - әңгімелерді жүйелеп аайтып бере білуге төселу керек. Ол оқушылардың жастайынан ертек, әңгіме кітаптарды көп оқуына, ойынан ертек құрастыра білуіне, оқығандарын үлкендерге жүйелеп айтып бере біліп төселуіне байланысты. Сөйлемнің құлаққа жағымды болуы, дыбыстардың және сөздердің ұйқасымдылығына байланысты деп қарауға болады. Сөйлемді дұрыс айта білудің де тыңдаушыға әсері мол. Кейбір оқушы сөздерді дұрыс айта білмейді. Осы болмас үшін дыбыстарды дұрыс айта білуге үйрету қажет.

Бұл жерде балаға жаңылтпаш айтқызып, тілін жаттықтырудың маңызы зор. Мәселен, жас баланың "Р" мен "И" дыбысын шатастыруы жиі кездеседі. Сондықтан "Р" және "И" дыбыстар қатар айтылатын:

Дегенде, әй, Тайқарбай, әй, Тайқарбай

Қойыңды май жусанға жай, Тайқарбай.

Тайқарбай, Майқарбайлар толып жатыр

Әй, Тайқарбай, дегенің қай Тайқарбай?

Немесе тілдегі "Ш" дыбсы мен "С" дыбысын шатастырып айтуды түзету үшін:

Шымдай шытырмыш

Ол шытырмышты

Мен шытырмыштамай

Кім шытырмыштайды -

деген сияқты жаңылтпаштарды жиі айтқызу арқылы әрі тіл ширату (ұстарту) ісін жүзеге асыру, әрі айналаны таныту (білім және тәрбие беру) көзделеді.

Шешендік сөздер тыңдаушының эстетикалық сезімін оятып қана қоймайды, сөздің мағынасын күшейтіп нәр беріп, тәлімдік және білімдік қызмет те атқарады. Онда айтылмақ ой ұйқасымды афоризм сөздерге, терме тақпаққа, мақал - мәтелге құрылып, аз сөзге көп мағына сыйғызу көзделеді. айтылатын ойлар тыңдаушының санасын өсіріп, ақыл - ойын жетілдіруді, елін - жерін сүюді, ел қорғаған ерлерін қадірлеуді, батырлыққа, тапқырлыққа тәрбиелеуді мақсат етеді.

Қорытынды. Ақын -жыраулар мен би - шешендердің шешендік сөздеріндегі тәлімдік тәрбие орнын мақсатқа алуымыз- біріншіден, бүгінгі ел билеуші әкімдер мен заң орны қызметкерлерінің Ата заңымызды мүлтіксіз орындап, бұрынғы өткен от тілді, орақ ауызды батыр бабаларымыз бен қара қылды қақ жарған шешен билер мен ақын - жыраулардан үлгі алса, әділет заңын мәңгілік қоғамдық дәстүрге айналдырса екен деген ниеттен туындады.

Екіншіден - жастар тәрбиесімен айналысушы оқытушы -ұстаздар мен ата -аналар қауымына бабалардың өсиет, өнеге сөздерін әр оқушының жүрегіне берік ұялататындай із қалуы керек.

Үшіншіден - өскелең ұрпақ пен жастардың бойында әділеттілік пен ізгілік, имандылық қасиеттер берік орнауы тиіс.

Қазіргі таңда, әсіресе жаһантану заманында ізгілік, әдептілік сияқты ұлттық тағылымдар аяқасты болып, өктемдік, дөрекілік етек алып отырған кезде өткен ғасырлардағы қазақ билері мен ақын - жырауларының аталы сөздерінен оқушы - жастар үйренер тәлімдік өнегелі ойлар баршылық. Бұл ойлардың бала тәрбиесіне берер білімдік те, тәлімдік те тағылымдарының мол екені даусыз.

Талай ғасырдан өтіп, ұрпақтан - ұрпаққа жетіп, халықтың рухани байлығына айналып отырған шешендік өнер бүгінгі күннің де қажеттілігіне айналып отыр. Елін елдікке ұйытуда, халық тарихын байыппен саралап, түп - тамырынан ада бола жаздаған бүгінгі ұрпақ санасына жеткізуде шешендік сөздің берері аз емес.



Пайдаланылған әдебиеттер:

1."Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясы", 4- том. 2007, Алматы. С.Қалиев, К.Аюбай.

2. "Шешендік сөздер табиғаты". Әдістемелік құрал. 1995 жыл, Алматы. А. Бұлдыбаев, Б. Шканова.

3. "Тозған қазды топтанған қарға жейді" /шешендік сөздер, халық мақал - мәтелдері жинағы/, Алматы "Рауан. Балтбай Адамбаев.



4. "Сен білесің бе?" энциклопедия.

5. " Мәнерлеп оқу", С. Желдербаев.


Достарыңызбен бөлісу:




©stom.tilimen.org 2023
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет