Шейх Хафиз ибн Ахмад әл-Хаками АҚида бойынша



бет9/16
Дата09.04.2019
өлшемі2.29 Mb.
#102640
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   16

Біз болсақ, Аса Жоғары Аллаһ Тағаладан бізді кешіруін және мынадайлардан құтқаруын, сондай-ақ біздерге Аллаһ Тағала Өзінің дидарына қарап рахаттануды нәсіп еткен болуын жалбарынып тілеп қаламыз! Әмин.

125-сұрақ:

Шапағатқа, оның кімнен болатынына, кімге болатынына және қашан болатынына сенудің дәлелі не?

Жауабы:

Аллаһ Тағала шапағат туралы түрлі міндетті шарттармен байланыстырып Өз Кітабының көптеген аяттарында айтқан. Мәселен, Аллаһ Тағала шапағатшылыққа қатысты барлық мәселеде тек қана Өзі билік ететіні жайлы және Өзінен басқа ешкімнің араласы болмайтыны туралы біздерге білдірген.

Аллаһ Тағала айтты:

«(Мұхаммед (с.а.с.)): «Барлық шапағат Аллаһқа тән...» де».

(Зумәр, 44)

Ал шапағат ету қашан болатыны туралы айтар болсақ, бұл жайында Аллаһ Тағала шапағат ету тек Өзінің рұқсатымен ғана болатынын біздерге білдірген.

Аллаһ Тағала айтты:

«Оның құзырында Өзінің рұқсатынсыз кім шапағат етеді». (Бақара, 255)

«Оның рұқсатынсыз ешбір шапағатшы жоқ». (Юнус, 3)

«Аллаһ қалап, разы болған кісісіне рұқсат бермейінше, олардың шапағаты ешнәрсеге жарамайды». (Сәбә, 23)

Ал шапағат сөздерімен Аллаһ Тағалаға жалбарыну мүмкіндігі кімге берілетіні туралы айтар болсақ, Аллаһ Тағала ондай мүмкіндік тек Өзінің рұқсатымен ғана болатынын айтып қана қоймай, ондай мүмкіндік Өзіне жақын таңдаулылардан басқа ешкімге берілмейтінін де біздерге білдірген.

«Аллаһтың рұқсатынсыз ешкім сөйлемейді әрі дұрысын ғана сөйлейді». (Нәбә, 38)

«Рахманның қасында уәде алғаннан басқа ешкім шапағат ету күшіне ие бола алмайды261». (Мәриям, 87)

261Яғни, Аллаһ Тағалаға жақындардан болған тақуалар таухид куәлігін беріп, Аллаһ Тағаланың сол үшін марапаттауы туралы уәдесіне деген сеніммен өз куәлігіне адал болып Аллаһ Тағалаға иман келтірген және Оның елшілеріне ілескендер үшін ғана шапағат ете алады.

Ал кімдер үшін шапағат ету мүмкін екендігіне келсек, Аллаһ Тағала тек Өзі разы болғандар үшін ғана шапағат етуге рұқсат беретінін білдірген.

«Олар, Аллаһтың разы болған кісісіне ғана шапағат ете алады». (Әнбия, 28)

«Сол күні Рахман рұқсат берген, сөзін жақтырғаннан басқаның шапағаты пайда бермейді». (Таһа, 109)

Бірақ, Ол, барлық мадақ Оған тән, тек таухидті (бірқұдайшылдықты) ұстанушылар мен шын берілген адамдарға ғана разы болады. Ал басқалары туралы Аллаһ Тағала айтты:

«Залымдар үшін бір дос та, ықпалды шапағатшы да болмайды». (Ғафыр, 18)

Және Аллаһ Тағала Қиямет күні олардың:

«Енді біздің ешбір шапағатшымыз жоқ. Жанкүйер досымыз да жоқ» (Шуғара, 100-101), дейтінінен хабар берген.

Аллаһ Тағала және айтты:

«Сонда оларға шапағатшылардың шапағаты пайда бермейді». (Муддассир, 48)

Ал Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзіне шапағатшылық құқығы берілген және Аллаһ Тағаланың Аршы астына келіп сәжде жасап Аллаһ Тағала үйрететін мадақ сөздерімен Аллаһ Тағалаға мадақ айтып, сонсоң оған: «Көтер басыңды және өтін, өтінішің орындалады және сөйле, (сен не айтсаң) сөзің қабылданады, және шапағат ет, саған шапағат ету құқығы беріледі» (Бұхари, Мүслім және басқалар, ұзын хадистен үзінді), деп айтылғанша, ол шапағат етуін бастамайтынын білдіреді.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) сондай-ақ өзіне таухидті мойындағандардың ішіндегі барлық күнәһарларының бәріне бірден шапағат етпейтінін білдіріп, сөйтіп ол былай дейді:

«Ол (Аллаһ Тағала) мен үшін белгілі шек қояды, сонсоң оларды жәннәтқа кіргізеді»262, сонсоң, ол (Пайғамбарымыз (с.а.с.)) қайта келіп бағанағыдай сәжде қылады, ал Аллаһ Тағала тағы да белгілі шек қояды, және осы хадисте айтылған мәселе аяғына дейін орындалады.

262Бұхари мен Мүслім келтірген ұзақ хадистің үзіндісі.

Әбу Хурайраның (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.а.с.): «Сенің шапағатың себепті адамдардан кім ең бақытты болады?»-деп сұрағаны риуаят етіледі. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Шын жүрегінен «Аллаһтан басқа ешбір тәңір жоқ» деп айтқан адам»-деп жауап берген. (Бұхари, Ахмад)

126-сұрақ:

Шапағаттың неше түрі бар және оның ұлығы қайсы?

Жауабы:

1. Қиямет күні Аллаһ Тағаланың Өз құлдары туралы ақтық шешім қабылдауын адамдардың күтіп тұрған жерінде (мауқиф) болатын шапағат, сол ең ұлы шапағат. Ондай шапағат ету құқығы тек біздің пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.с.) ғана беріледі, және осы – Аллаһ Тағаланың Пайғамбарымызға (с.а.с.) уәде еткен ең мақтаулы (әл-мақамул-махмуд) орны.

Бұл туралы Аллаһ Тағала айтты:

«Раббыңның сені бір мақтаулы орынға жеткізуінен үміт етіледі». (Исра, 79)

Бұл жерде адамдардың жағдайы еш төзгісіз әрі бұдан ары бұл орында тұра алмастай болғанда және олардың бұл жағдайы тым ұзап, қасірет-қайғылары күшейіп, өздерінен шыққан терге терең бататыны соншалық, тыныс алулары да қиындаған кезде олар Аллаһ Тағала өздері туралы ақтық шешім қабылдауын қалап шапағат іздей бастайтыны сөз болуда. Сөйтіп, олар шапағат етуін өтініп алдымен Адамға (а.с.) барады, сонсоң – Нұхқа (а.с.), сонсоң – Ибраһимге (а.с.), сонсоң – Мұсаға (а.с.), сонсоң – Мәриям ұлы Исаға (а.с.) барады және олардың әрқайсысы «Өзім..., өзім…263»-дейді, осылайша олар біздің пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.с.) келгенше жалғаса береді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Мен соған арналғанмын»,-дейді. Бұл туралы екі «Сахихта» және де басқа кітаптардағы хадистерде егжей-тегжейлі айтылған.

263Яғни мен өзім шапағатқа зәрумін.

2. Жәннәттың қақпасы ашық болуын тілегендегі шапағат. Оны ең бірінші болып біздің пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) ашады, ал үмметтердің ішінде оған бірінші болып оның үмметі кіреді.

3. Аллаһ Тағала кімдерді тозаққа тастауға әмір етсе, солардың тозаққа түспеуін тілегендегі шапағат.

4. Тозаққа тасталған таухидшілер (бірқұдайшылдар) үшін шапағат. Яғни оларды тозақтан шығару туралы жалбарыну. Нәтижесінде олар тозақтан көмір секілді боп күйген халде шығарылады да, сонсоң өмір өзеніне тасталынады және олар тасқын сумен ағып келген дән секілді өніп, өсе бастайды.

5. Жәннәттағылардың дәрежелерін жоғарылату үшін шапағат.

Соңғы үш жағдайда Аллаһ Тағала алдында адамдар үшін шапағат етуге тек біздің Пайғамбарымызға (с.а.с.) ғана емес, бірақ бұл жерде де ол бірінші болады, сонсоң одан кейін басқа пайғамбарларға, періштелерге, әулиелерге және ата-анасынан бұрын өлген нәрестелерге шапағат ету рұқсат етіледі, сонсоң Аса Жоғары Мәртебелі Өзінің мархаметімен сансыз көп адамдарды оттан шығарып, оларды жәннәтқа кіргізеді.

6. Біздің пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.с.) берілген, кейбір кәпірлердің азабын жеңілдету үшін жасалынатын шапағат, және бұл тек қана оның әкесінің ағасы Әбу Тәлибке қатысты, бұл туралы Мүслімнің «Сахихында» және де басқа кітаптарда хабар берілген.

Бұл хадисті Бұхари де келтірген. Онда Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген:

«Мүмкін, Қиямет күні менің шапағатым оған пайдасын тигізер және ол оттың ең жоғарғы қабатына орналастырылар, ол жерде от оның (тек) өкшесіне дейін ғана жетеді, (соның өзінде табанындағы оттың ыстығынан) оның миы қайнап тұрады».

Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:

«Тозаққа (адамдарды) лақтыру тоқталмайды және тозақ та: «Тағы да бар ма?»-дегенін (тоқтатпайды), тек Даңқ Тәңірі оның үстіне аяғын қойғанда, оның бір бөлігі басқа бөлігінің ішіне кіріп кетеді де, ол: «Жетер, жетер, Сенің Даңқыңмен және Сенің Жомарттығыңмен ант етемін»,-дейді. Ал Аллаһ Тағала жәннәт үшін (жаңа) адамдар жаратып, ондағы бос орындарға орналастырғанша жәннәтта бос орындар (бос күйінде) қала береді». (Бұхари, Мүслім)

127-сұрақ:

Өз амалдарының нәтижесінде біреулер жәннәтқа кіре ала ма немесе тозақтан құтыла ала ма?

Жауабы:

Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:

«Жақындаңдар, дұрысын ұстауға әрекеттеніңдер264 және біліңдер, сендерден ешкімге ешуақытта өз амалдары арқасында құтылу жоқ». (Адамдар) сұрады: «О, Аллаһ елшісі, саған да ма?». Ол айтты: «Маған да, егер Аллаһ Тағала маған мейірімділік жасап маған шапағат етпесе».

264Бұл жерде құлшылық мәселелерінде мүмкіндігінше орташа жағдайды ұстау қажеттігі айтылады және шамаң келмейтін нәрсені істемеу, өйткені бұдан кейін міндетті түрде кері қайту басталады да адам бұрынғысына қарағанда (салих) амалдарын азайтатыны немесе ешнәрсе істемейтін болатыны туралы айтылуда.

Бұл хадис туралы басқа бір риуаятта, Пайғамбарымыз (с.а.с.):

«Дұрысын ұстануға әрекеттеніңдер, жақындай түсіңдер, қуаныңдар (және біліңдер), ешкімді өз амалдары жәннәтқа кіргізе алмайды»,-деді. (Адамдар) сұрады: «О, Аллаһтың елшісі, сені де ме?». Ол жауап берді: «Мені де, егер Аллаһ Тағала маған мейірімділік жасамаса, және біліңдер, Аллаһ Тағала үнемі үзбей орындалатын амалдарды жақсы көреді, олар тіпті аз болса да». (Бұхари, Мүслім)

128-сұрақ:

Аллаһ Тағаланың:

«Және оларға: «Міне амалдарың себепті мұрагері болған жұмақтарың осы» делінген түрде дыбысталады» (Ағраф, 49), деген сөздеріне жоғарыда баяндалған хадис сәйкес келе ме?

Жауабы:


Аллаһқа шүкір, ол хадис пен Аллаһ Тағаланың сөздері арасында ешқандай қайшылық жоқ. Мәселе мынада: аяттағы (арабша мәтініндегі) растаушы «ب» көмекші сөзі себептілікті аңғартады, өйткені, адамның жәннәтқа баруына оның дұрыс (салих) амалдары себепші болады, оларсыз жәннәтқа кіру мүмкін емес, ал себеп бар болған жағдайда ғана оның нәтижесі, салдары болатыны белгілі.

Ал хадиске келсек, онда бұл «ب» көмекші сөзі құндылық мағынасында келгендігі теріске шығарылады, өйткені Аллаһ Тағаланың құлы ғасырлар соңына дейін өмір сүріп, сол уақыттың бәрінде күндіз ораза тұтып, түндерде намаз оқып және бірде-бір күнә іс істемегенде оның барлық амалдары Аллаһ Тағаланың оған ашық және жасырын жасаған мейірім-шапағаттарының жүзден бір бөлігіне де тең келмейді. Ондай болса, олар (яғни амалдар) қалайша жәннәтқа кіруге кепіл бола алады?

«Раббым! Жарылқа, мархамет ет! Сен мархамет етушілердің ең жақсысысың265». (Муминун, 118)

265Бұл сөздердің толық мағынасы; Аса Қамқор – Ол, тек Аллаһ Тағала.

129-сұрақ:

Тағдырға бүтіндей иман келтірудің парыздығына не дәлел?

Жауабы:

Аллаһ Тағала айтты:

«Аллаһтың әмірі тұжырымды бір үкім266». (Ахзаб, 38)

266Яғни, Аллаһ Тағаланың бұйрығы міндетті түрде орындалады.

«Бірақ Аллаһтың болатын әмірі жүзеге асты». (Әнфәл, 42)

«Аллаһтың әмірі орындалады». (Ахзаб, 37)

«Аллаһтан бұйрықсыз ешбір қайғы-қасірет болмайды. Ал және кім Аллаһқа иман келтірсе, оның жүрегін түзейді». (Тағабун, 11)

«Ал және сендерге (Ухудта)267 екі топ қарсыласқан күнгі тиген соққы, Аллаһтың бұйрығымен мүміндерді байқау үшін еді». (Әли Имран, 166)

267Бұл жерде (625-ші жыл) Ухуд соғысы туралы айтылуда, онда мұсылмандар жеңіліс тапқан-ды.

«(Мұхаммед (с.а.с.) сондай жағдайларда) сабыр етушілерді қуандыр. Қашан оларға бір қайғы жетсе, олар: «Шын мәнінде біз Аллаһқа тәнбіз әрі Оған қайтушымыз»,-деді. Міне соларға Раббылары жақтан жарылқау және мархамет бар». (Бақара, 155-157)

Көптеген аяттар бұған дәлел бола алады. Ал Жәбірейілдің (а.с.) сұрақтары туралы хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.):

«Жақсылық та, жамандық та тағдырдан екеніне сенуің»,-деді. (Бұхари, Мүслім, Әбу Дауд, Ибн Мәжәһ, Насаи, ұзын хадистен үзінді)

Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деді:

«Білгін, сен тап болған нәрсе сені айналып өтіп кетуі мүмкін емес еді, ал сені айналып өткен нәрсеге сенің ұшырауың мүмкін емес-ті». (Әбу Дауд, Ибн Мәжәһ, Ахмад)

Және Пайғамбырымыз (с.а.с.) айтты:

«Егер сен бір жағдайға кезіксең: «Егер мен пәлен-түгендей еткенімде, бұл жағдайға тап болмас едім»-деп айтпа, «Бұл Аллаһ Тағаланың тағдыры, Оның қалағаны болды»-деп айт». (Мүслім)

Және Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:

«Бәрі алдын-ала белгіленген, тіпті қабілетсіздік пен зейінділік те». (Мүслім, Ахмад, Мәлик)

Басқа хадистер де осыған дәлел бола алады.

130-сұрақ:

Тағдырға иман неше сатылы?

Жауабы:


Тағдырға иман төрт сатылы:

1-ші саты: Аллаһ Тағаланың білімі бәрін қамтитынына, көктерде де, жерде де тозаңның түйіршігінің салмағындай нәрсе де Оның назарынан тыс қалмайтынына, Аллаһ Тағала Өзінің барлық жаратқандары туралы оларды жаратуынан бұрын білгеніне, олардың тағдыры және мерзім-мезгілі Аллаһ Тағалаға әу бастан белгілі екеніне, сондай-ақ олардың не істейтіні, не айтатыны, олардың қозғалыс пен тыныш халдері, олардың ашық-әшкере және жасырын-құпия көрініс беруі, кімнің жәннәттық, кімнің тозақтық екенін білетініне иман келтіру.

2-ші саты: (Мұның бәрі бұрын) жазылып қойылғанына, басқаша айтқанда, Аллаһ Тағала ненің болатынын әу бастан біліп жазып қойғанына, яғни Ләухул-Махфузға268 және Қаламға269 иман келтіру.

268Әлемнің барша тағдыры жазылған барлық Қасиетті Кітаптардың түпнұсқасы.

269Қалам – Ләухул-Махфуздағы жазуларды жазған қалам.

3-ші саты: Бұл екеуі бұрын болған және міндетті түрде болатын Аллаһ Тағаланың қалауы мен Оның Аса Құдіреттілігіне иман келтіру жағынан алғанда ажырамайды.

Ал бұрын болмаған және (қазіргі кезде) бар емес нәрсе туралы айтар болсақ, онда бұл екеуінің арасында байланыстылық жоқ.

Өйткені, Аллаһ Тағала қалаған нәрсе Оның құдіретімен шарасыз түрде болып тұр. Аллаһ Тағала қаламаған нәрсе Оның құдіретінің жоқтығынан емес, Оның қалауының жоқтығы себепті болмады. Аллаһ Тағала Аса Құдіретті және Ұлы, бәрінен Жоғары.

Аллаһ Тағала айтты:

«Көктердегі және жердегі нәрселер Аллаһты осалдата алмайды270. Шәксіз Ол, Толық Білуші, Аса Күшті». (Фатыр, 44)

270Бұл жерде егер Аллаһ Тағала бір істі қаласа, Оның еркіне ешкім қарсы тұра алмайтындығы туралы айтылуда.

4-ші саты: Аллаһ Тағала бәрінің Жаратушысы екеніне, көктерде де, жерде де, және олардың арасында да жаратушысы Аллаһ Тағала болмаған тозаңның түйіріндей де нәрсе жоқ екеніне, Аллаһ Тағала барлық нәрсенің қозғалыс, іс-әрекеттері мен қимылсыздық, іс-әрекетсіздігінің де Жаратушысы әрі Одан басқа жаратушы да, тәңір де жоқ екеніне иман келтіру.

131-сұрақ:

Бірінші саты – білімге иман келтіруге не дәлел?

Жауабы:

Аллаһ Тағала айтты:

«Ол сондай Аллаһ, Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Көместі де, көрнеуді де біледі». (Хашыр, 22)

«Сондай-ақ Аллаһтың білімі әрнәрсені қамтиды». (Талақ, 12)

«Қарсы болғандар: «Бізге Қиямет келмейді»,-деді. (Мұхаммед (с.а.с.)): «Олай емес, көместі білетін Раббыма ант етемін! Әлбетте сендерге ол мезгіл келеді. Көктердегі, жердегі тозаңның түйірінің салмағындай нәрсе Одан тасаланбайды. Сондай-ақ одан үлкені де, кішісі де белгілі бір Кітапта жазулы» де». (Сәбә, 3)

«Көместің271 кілттері Оның жанында. Оны Ол, Өзі ғана біледі». (Әнғам, 59)

271«Көмес» (ғайып) – бұл тек қана Аллаһ Тағалаға ғана белгілі нәрсе және Ол оны (ғайыпты) қалаған адамына ғана білдіреді.

«Аллаһ елшілікті қалай басқаратынын біледі». (Әнғам. 124)

«Күдіксіз Раббың Өз жолынан кімнің адасқанын жақсы біледі. Және тура жолдағыны да біледі». (Қалам, 7)

«Аллаһ әлемдегілердің көңілдеріндегілерді жақсы біледі емес пе?» (Анкабут, 10)

«(Мұхаммед (с.а.с.) сол уақытта Раббың періштелерге: «Әрине Мен жерде бір орынбасар жаратамын»-деген еді. (Періштелер): «Онда бұзақылық істеп272, қан төгетін біреу жаратасың ба? Негізінен біз Сені дәріптеп, мақтау мен пәктеудеміз273»,-деді. (Аллаһ): «Мен сендердің білмегендеріңді жақсы білемін»,-деді». (Бақара, 30)

272Бұл жерде адамдардың ең үлкен күнә, көпқұдайшылдық күнәсына ұрынатыны жайлы да айтылуда.

273Яғни, Саған қатысты Сенің жоғары жағдайыңа сәйкес келмейтін ешнәрсеге жол бермейміз.

«Бір жеккөрген нәрселерің сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Және жақсы көрген нәрселерің сендерге жаман болуы да мүмкін. Аллаһ біледі, сендер білмейсіңдер». (Бақара, 216)

Риуаят етіледі: Бір адам Пайғамбарымыздан (с.а.с.) сұрады: «О, Аллаһтың елшісі, жәннәтқа кіретін адамды тозаққа кіретін адамнан айыра тануға бола ма?» Ол: «Иә»,-деді. (Анау адам) сұрады: «Олай болса амал қылушылар не үшін әрекеттенеді?» Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты: «Әркім не үшін жаратылған болса, соны істейді (немесе «оған не оңтайластырылған болса274...)». (Бұхари, Мүслім)

274Басқаша айтқанда, әрбір адам оны орындау арқылы түптің түбінде әу баста Аллаһ Тағала тағдыр еткен жерге апаратын өзі үшін оңай көрінген амалдарды табатын болады.

Риуаят етіледі: Бір күні Пайғамбарымыздан (с.а.с.) көпқұдайшылдардың балалары275 туралы сұрасты, сонда ол: «Олардың қандай амал істейтінін Аллаһ жақсы біледі»,-деді». (Бұхари, Мүслім)

275Бұл жерде мүшріктердің жақсы істі де, жаман істі де істемей жас кезінде өлген балалары жәннәтқа кіре ме, немесе тозаққа кіре ме деген мәселе туралы айтылуда.

Сондай-ақ Аллаһ Тағаланың елшісі (с.а.с.) айтты:

«Ақиқатында Аллаһ Тағала (кейбір) адамдарды әкелерінің белінде жүрген кезінде-ақ жәннәттық етіп жаратты276, (кейбір) адамдарды әкелерінің белінде жүрген кезінде-ақ тозақтық етіп жаратты». (Мүслім, Әбу Дауд, Ахмад)

276Яғни ол адамдардың жәннәтқа баратынын алдын-ала белгілелеген.

Сондай-ақ Аллаһ Тағаланың елшісі (с.а.с.) айтты:

«Негізінде, біреу басқаларға жәннәттық адамның ісін277 істеп жүргендей көрінеді, ал (шынында) ол тозаққа түседі және біреу басқаларға тозақтық адамның ісін істеп жүргендей көрінеді, ал (шынында) ол жәннәтқа кіреді». (Бұхари, Мүслім)

277Яғни оның жәннәтқа баруымен марапатталатын істерді

Риуаят етіледі: Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:

«Араларыңда орны жәннәтта немесе тозақта екені Аллаһқа белгілі болмаған ешкім жоқ». (Адамдар) сұрады: «О, Аллаһтың елшісі, олай болса, амал жасаудың (әрекеттенудің) не қажеті бар? Осы айтылғанды ұстансақ дұрыс емес пе?». Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Жоқ, амал қылыңдар, өйткені, кім не үшін жаратылған болса, оған сол амалды (орындау) оңайлатылады»,-деді де, мына аяттарды оқыды:

«Ал енді әлдекім (Аллаһ жолында) берсе278, тақуалық қылса, жақсылықты дұрыс деп білсе279, сонда оның жолын оңайластырамыз280. Ал енді кім сараңдық істесе281, елемесе282, жақсылықты жалғанға шығарса, сонда оның ауырлыққа ұшырауын оңайластырамыз283» (Ләйіл, 5-10)». (Бұхари, Мүслім)

278Бұл жерде «(Аллаһ жолында) берсе» деген сөздің кең мағынасы сөз болуда, басқаша айтқанда, малымен де (зекет төлеу, жетім-жесірлерге жәрдемдесу, т.т.) және Аллаһ Тағалаға құлшылық етудің барлық түрін орындаумен де Аллаһ Тағаланың бұйрығын орындау туралы айтылуда.

279Яғни, Аллаһ Тағаладан басқа ешқандай тәңір жоқ екендігі туралы куәліктің шындығына сенген және осыған сеніп игі істер істегендер Аллаһ Тағала уәде еткен марапаттауға ие болатынына иланған

280Бұл жерде адамның жалпы жағдайының жақсаруы туралы сөз болуда және жәннәтқа апаратын барлық игі істерді істеу, сондай-ақ барлық бұзықтықтан бас тарту мүмкіндігінің ол үшін оңайлатылатыны туралы сөз болуда.

281Яғни, Аллаһ Тағала сый еткен нәрселерді өзінің де, басқаның да игілігі үшін жұмсамаған және Аллаһ Тағалаға өз дәрежесінде құлшылық етпеген

282Басқаша айтқанда, Аллаһ Тағаланың жарылқауына мұқтаж емеспін деп және осы өмірдің жақсылығы жетеді деп есептеген.

283Бұл жерде Аллаһ Тағала ол үшін барлық игілікті жасауды қиындататыны және оған барлық бұзықтыққа қарай жолды оңайлататыны және ол (бұзықтықтар) адамды түптің түбінде тозаққа апаратыны туралы айтылуда.

Бұған дәлел басқа да хадистер бар.

132-сұрақ:

Екінші саты – тағдырды Аллаһ Тағала жазып қойғанына иман келтіруге не дәлел?

Жауабы:

Аллаһ Тағала айтты:

«Әр нәрсені ашық бір Кітапта284 түгендеп қойдық». (Ясин,12)

284Бұл жерде не Ләухул-Махфуз туралы, не адамдардың барлық амалдары жазылатын дәптерлері туралы айтылуда.

«Шәксіз бұлар, Кітапта285 жазулы». (Хаж, 70)

285Бұл жерде Оның қасындағы барлық әлемнің тағдыры қамтылған Ләухул-Махфузда бұның жазылып қойғаны туралы айтылуда.

«(Перғауын): «Ал сонда бұрынғы дәуірдегілердің286 жағдайы қандай?»,-деді. (Мұса (а.с.)): «Олардың мәліметі Раббымның қасындағы Кітапта бар. Раббым жаңылмайды да ұмытпайды»,-деді». (Таһа, 51-52)

286Бұл жерде бүкіл өмірінде бірден бір Жалғыз Тәңір – Аллаһ Тағаланы білмей әртүрлі пұттарға табынушылар туралы айтылуда.

«Аллаһтың білімінен тыс ешбір ұрғашы жүкті болмайды да тумайды. Аллаһтың Кітабында жазылған өмір ұзартылмайды да қысқартылмайды. Әрине бұл Аллаһқа оңай». (Фатыр, 11)

Бұған дәлел болатын басқа да аяттар көп.

Риуаят етіледі: Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:

«Орны жәннәтта немесе тозақта екені Аллаһ Тағала тарапынан жазылып қойылмаған ешбір адам жоқ, сондай-ақ оның бақытты яки бақытсыз екені де жазылып қойылған». (Бұхари, Мүслім)

Осыған байланысты Сурақа ибн Мәлик ибн Жушәмнің (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.а.с.): «О, Аллаһтың елшісі, біз енді ғана жаратылғандаймыз, бізге дінімізді баянда. Бізге тағдыр етілген және алдын-ала жазылып қойылғанға сәйкес амал жасайық па, әлде енді ғана жазылатын нәрсеге сәйкес амал жасайық па?»-деп сұрағаны риуаят етіледі. (Сонда) Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Жоқ, алдын-ала жазылғанға, тағдырға сәйкес»-деп жауап берді. (Сурақа) сұрады: «Онда бізге амал жасаудың керегі не?»287 Сонда (Пайғамбарымыз (с.а.с.)) айтты: «Амал қылыңдар, әркімге оңайластырылады».

287Яғни, бәрібір өзгертуге мүмкін болмаса, және одан аман қалуға да болмаса, онда әрекеттің керегі не?

Бұл хадис туралы басқа риуаятта, Пайғамбарымыз (с.а.с.):

«Әрбір амал қылушы амалына қарай оңайластырылған»,-деген. (Бұхари, Мүслім)

Бұған дәлел ретінде басқа да хадистерді келтіруге болады.

133-сұрақ:

Тағдырдың қанша түрі бұл сатыға кіреді?

Жауабы:


Бұл сатыға тағдырдың бес түрі енеді және олардың бәрі білімге байланысты.

Бірінші; (Әт-тақдирул-әзәли): Әуелден белгіленген тағдыр, яғни Аллаһ Тағала Қаламды288 жаратқан кезде, көктер мен жерді жаратудан елу мың жыл бұрын не болатынын, барлығын жазып қойған.

288Жаратылғандардың барлық ісін әу бастан жазған қалам.

Екінші; (Әт-тақдирул-умри): Әл-мисақтағы уағдаға қатысты және әрбір жеке адамның өміріне байланысты тағдыр.

Ол жайында Аллаһ Тағала былай дейді:

«Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?» 289 (Ағраф, 172)

289Аса Жоғары Мәртебелі Аллаһ Тағала Өзі жаратқан рухтарға осы сұрақты қойған.

Үшінші; Адамның өміріне бүтіндей байланысты, бірақ ұрықтың ана жатырына түскен сәтіне қатысты болғандағы тағдыр.

Төртінші; Қадыр түніндегі (періштелерге ашылатын) келер жылға қатысты бір жылдық тағдыр290.

290Яғни, келесі жылы әрбір адамға не болатыны жайлы періштелер хабарланады. (қараңыз: Духан, 4-5)

Бесінші; Әрбір күнге қатысты тағдыр, бұл әрбір жағдайда оның жүзеге асуы арқылы көрінеді.

Төменде бұл мәселелер толығырақ қарастырылады.

134-сұрақ:

Әуелден белгіленген тағдырға (әт-тақдирул-әзәли) не дәлелдер бар?

Жауабы:

Аллаһ Тағала айтты:

«Жер жүзіне, сондай-ақ сендерге кенеттен бір бейнет келетін болса, ол, жаратуымыздан бұрын Кітапта291 жазулы». (Хадид, 22)

291Яғни, Ләухул-Махфуз

Ал Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мына сөздері риуаятталады:

«Аллаһ Тағала Өзінің жаратқандарының тағдырларын көктер мен жерді жаратудан елу мың жыл бұрын жазды».

Ол (с.а.с.) сондай-ақ және айтты:

«Және Оның Аршы су бетінде еді». (Термизи, Ахмад, Әбу Дауд)

Риуаят етіледі: Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:

«Аллаһ Тағала ең бірінші Қаламды292 жаратты да, оған: «Жаз!»,-деді. (Қалам) айтты: «О, Тәңірім, мен нені жазуым керек?». Аллаһ Тағала айтты: «Барлық жан-зат пен бар нәрсенің Қиямет күніне дейін тағдырларын жаз!» (Термизи, Ахмад, Әбу Дауд)

292«Қалам» – әлемнің барлық тағдырын ол жаратылғанға дейін Ләухул-Махфузға жазған құрал.

Сондай-ақ Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мына сөздері де риуаятталған:

«О, Әбу Хурайра, не болатынын Қалам жазып (бітірген), сиясы кеуіп қалған». (Бұхари, Мүслім)

135-сұрақ:

Әл-Мисақ күніндегі ғұмырлық бүкіл тағдырдың (әт-тақдирул-умри) дәлелі не?

Жауабы:


Аллаһ Тағала айтты:

«(Мұхаммед (с.а.с.)) сол уақытта Раббың адам балаларының белдерінен нәсілдерін алды да, өздеріне куә етіп: «Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?»-дегенде, олар: «Әрине, куәміз»,-деген». (Ағраф, 172)

Исхақ ибн Рахауиядан (р.а.) риуаят етілген хабарда бір адамның Пайғамбарымыздан (с.а.с.): «О, Аллаһтың елшісі, амалдар (адамдар тарапынан) жасала ма немесе олар баяғыда-ақ алдын-ала шешілген бе?»-деп сұрағаны айтылады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:


Каталог: ld
ld -> Сабақтың тақырыбы : Баяндауыш
ld -> Таңғажайып алаң ойыны. М.Әділова
ld -> Мақтаның жемісі мақтаның ашылмай қалған немесе шала ашылған қауашағын дейді. Қауашақ ашылады. Қауашақ ішіндегі ұзын талшықтары (түктері) бар өте көп тұқымдар шашылады
ld -> Одонтогенні кісти діляться на кореневі (радикулярні) і коронкові (фолікулярні)
ld -> Одонтогенні пухлини щелеп
ld -> Производство лекарственных препаратов по контрактам: Простанорм г. Томск
ld -> Гбоу впо рниму им. Н. И. Пирогова
ld -> 1. Гомеостаз – дегеніміз не


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   16




©stom.tilimen.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет