Шейх Хафиз ибн Ахмад әл-Хаками АҚида бойынша



бет8/16
Дата09.04.2019
өлшемі2.29 Mb.
#102640
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   16

Осы хадис туралы басқа хабарда Пайғамбарымыздың (с.а.с.):

«...сол кезде: «Сен Адамның белінде болған кезіңде Маған серік қоспауды сұрағанмын222, бірақ сен бас тарттың, тек (Маған) серік қосудан бас тартпадың»-дегені риуаятталады. (Бұхари, Ахмад)

222«Ағраф» сүресінің 172-ші аятында айтылған: адамдар жарық дүниеге келместен бұрын Аллаһ Тағала Өзінің олардың Раббылары екендігіне куәліктерін алған және олар куәлік берген.

Және Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген:

«Сендерден Аллаһ Тағаламен араларыңда аудармашы болмайтын бетпе-бет сөйлесуден тыс қалатын ешкім жоқ, сол кезде (адам) оң жағына қарайды да бұрын өзі істеген амалдарынан басқа ешнәрсені көрмейді, және сол жағына қарайды, бұрын өзі істеген амалдарынан басқа ешнәрсені көрмейді, (сонсоң) ол алдына қарайды да қарсы алдынан оттан басқа ешнәрсені көрмейді, ендеше жарты құрма223, тым болмағанда жақсы сөзбен224 болса да сол оттан сақтануға (әрекет жасаңдар)». (Бұхари, Мүслім)

223Яғни кедей-кемтарларға өте аз болса да көмек көрсету.

224Яғни сендерде садақа жасауға ешнәрсе табылмаса, оларға жылы сөзбен болса да жәрдемдесіңдер, ол да сендерге жазылады.

Сондай-ақ Пайғамбарымыздың (с.а.с.) былай дегені риуаятталады:

«Сендерден әрқайсың225 Аллаһ Тағалаға сондай жақын барасыңдар, Аллаһ Тағала (сендерді өзгелерден жасырып) пердесін қояды, сонсоң Ол: «Сен мына-мына нәрселерді істедің»-дейді, сонда (адам): «Иә»-дейді. Аллаһ Тағала тағы да: «Сен мына-мына істерді істедің226»-дейді, (адам): «Иә»-дейді. Сөйтіп Аллаһ Тағала оған бар күнәларын мойындатады. (Адам «Енді құрыдым ғой» деген кезде) Аллаһ Тағала: «Рас, Мен сені дүниеде жасырып едім227, енді бүгін оларды228 сен үшін Мен кешіремін»,-дейді». (Бұхари)

225Бұл жерде мүміндер туралы айтылуда.

226Бұл жерде күнәлар туралы айтылуда.

227Яғни сенің күнәларыңды адамдардан жасырдым және сені жазалау мен масқаралауға салмадым.

228Яғни сенің барлық күнәларыңды

Басқа да хадистерді мысал ретінде келтіруге болар еді.

111-сұрақ:

Құранда амал дәптерлерін жаю қалай суреттеледі?

Жауабы:

Аллаһ Тағала айтты:

«Әр адамның ырымын229 мойнына қоямыз. Сондай-ақ Қиямет күні оның кітабын шығарамыз. Оған ашылған түрде кездеседі. Кітабыңды оқы. Бүгін есеп көру тұрғысынан өз-өзіңе жетесің» (делінеді) 230». (Исра, 13-14)

229Аятта ырым – «таир» (құс), арабтар адамның тағдырын осылай атаған. Бұлай аталуының себебі, Исламға дейінгі дәуірде арабтар құстың ұшуы мен бағытына қарап жақсы немесе жаман ырымға жорыған, сөйтіп, бірте-бірте «құс» сөзі «тағдыр», «үлес» деген мағынаны білдіретін ауыспалы сөз ретінде пайдаланылып кеткен.

230Яғни амал жазылған дәптеріне қарап адам өзін не күтіп тұрғанын біледі.

«Дәптерлер ашылған сәтте». (Тәкуир, 10)

«Амал дәптері алдына қойылады. Сонда күнәһарлардың одан қорыққанын көресің. Олар: «Бізге нендей өкініш! Мына кітапта, кішкенені де, үлкенді де тастамай-ақ түгендепті»-дейді. Сондай-ақ олар істегендерін дайын түрде табады. Раббың ешкімге әділетсіздік етпейді». (Кәһф, 49)

«Сонда енді кімнің кітабы оңынан берілсе: «Алыңдар, кітабымды оқыңдар!»-дейді. «Расында мен осы есепке кездесетінімді ойлап ем». Сонда ол қуанышты тіршілікте, көтеріңкі жәннәтта болады; жемістері салбырап тұрады. (Оларға): «Өткен күнде істеген амалдарыңның арқасында ішіңдер, жеңдер, сіңімді болсын» (делінеді). Ал енді кімнің кітабы солынан берілсе: «Әттеген-ай! Кітабым берілмесе еді»-дейді. «Есебімнің не екенін білмесем екен». «Әттең! Іс бітіп кеткен231 болса еді (Қайта тірілмеген болсам еді)». «Малым маған еш пайда бермеді». «Күш-қуатым жойылып кетті» (дейді). «Оны ұстаңдар да байлаңдар». «Сосын оны тозаққа салыңдар». «Одан кейін оны жетпіс құлаш шынжырмен матаңдар» (делінеді). «Өйткені ол, Ұлы Аллаһқа иман келтірмеген». «Әрі олар міскіндерді тамақтандыруға қызықтырмаған еді». Сондықтан бүгін мұнда оның бір жанашыры жоқ. Сондай-ақ іріңнен басқа ешбір тамақтары жоқ. Оны күнәһарлар ғана жейді». (Хаққа, 19-37)

231Яғни, өлім. «Өлім келуімен бәрі біткен болса еді!»

«Ал енді кімнің дәптері оңынан берілсе...» (Иншиқақ, 7)

«Ал және кімнің дәптері арт жағынан берілсе...» (Иншиқақ, 10)

Адамның амал дәптері оң қолына берілсе, демек алдынан беріледі, ал кімнің сол қолына берілсе, демек арт жағынан беріледі екен, Аллаһ Тағала бізді мұнан сақтасын.

112-сұрақ:

Сүннетте амал дәптерлерін жаю қалай суреттеледі?

Жауабы:

Бұл туралы көп хадистерде айтылған. Мәселен, Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген:

«Мұсылман Аллаһ Тағалаға сондай жақын апарылады, Ол оны тасасына алады, сонсоң Ол оған (барлық күнәларын) мойындатады: «Мына күнәңді мойындайсың ба?» (дейді), сонда мұсылман: «Мойындаймын»-дейді және: «Тәңірім, мойындаймын»-деп екі рет айтады, сонда Аллаһ Тағала: «Сені дүниедегі өмірде жасырып ем, бүгін саған оларды Мен кешіремін»-дейді, сонсоң оның жақсы амалдары жазылған дәптері бүктелінеді. Ал басқалар (немесе; кәпірлер) болса, оларға куәлердің қатысуымен:

«Бұлар Аллаһ Тағалаға жала жапқандар!» (Худ, 18), (деп жар салынады). (Бұхари)

Риуаят етіледі: Айша (р.а.) айтты:

«(Бір күні) мен: «О, Аллаһтың елшісі, Қиямет күні адам баласы жақсы көрген адамын есіне ала ма?»-деп сұрадым. Ол: «О, Айша, үш (орында) ол еске алмайды: Таразының қасында (өзінің жақсы амалдары) ауыр тарта ма әлде жеңіл тарта ма (сол анықталғанша), ол сүйіктісі жайлы еске алмайды және (жақсы және жаман амалдары жазылған) дәптерлер таратыла бастағанда (оның дәптерін) оң қолына бере ме әлде сол қолына бере ме (анықталғанша), ол оны еске алмайды, сондай-ақ (тозақ) отының жалыны көрінген кезде ол сүйіктісін еске алмайды»-деп жауап берді». (Ахмад, Әбу Дауд, ұзын хадистен үзінді)

113-сұрақ:

Қиямет күні Таразылар құрылатынына және өлшеу қалай жүргізілетініне Құранның қандай аяттары дәлел?

Жауабы:

Аллаһ Тағала айтты:

«Қиямет күні туралық таразысын қоямыз. Сонда ешкім әділетсіздікке ұшырамайды. Егер бір ұрық түйірінің салмағындай болса да оны әкелеміз. Біз есеп көруде жеткіліктіміз». (Әнбия, 47)

Аллаһ Тағала және айтты:

«Ол күні таразылау шындық. Сонда кімнің таразысы (жақсылықта) ауыр тартса232, міне солар құтылушылар. Және кімнің таразысы жеңіл тартса, аяттарымызға орынсыздық еткендері233 себепті зиян қылды». (Ағраф, 8-9)

232Яғни кімнің ізгі амалдары жаман амалдарынан ауыр келсе.

233Басқаша айтқанда, Аллаһ Тағаланың аяттарына өз дәрежесінде құрмет көрсетпей және оларды өтірік деп жариялап

Ал кәпірлер жайлы Аллаһ Тағала айтты:

«Сонда оларға Қиямет күні еш мән бермейміз234». (Кәһф, 105)

234Бұл жерде Қиямет күніне сенбеген және Аллаһ Тағаланың аяттарын теріске шығарғандардың амалдарының ешқандай маңызы болмайтындығы және олардың пайдасыздығы туралы айтылуда.

Мысал ретінде басқа да аяттарды келтіруге болады.

114-сұрақ:

Қиямет күні Таразылар құрылатынына және өлшеу қалай жүргізілетініне қандай хадистер дәлел?

Жауабы:


Бұл туралы хадистер көп. Мысал ретінде, жаман амалдары жазылған, әрқайсысы жайып салғанда көз жететін жерге дейін баратын тоқсан дәптері бар адамның күнәсынан екі куәлік («Аллаһтан басқа ешбір тәңір жоқ екендігіне куәлік беремін және Мұхаммед (с.а.с.) Аллаһтың құлы әрі елшісі екендігіне куәлік беремін») жазылған бір парақтың ауыр болғандығы жайлы хадисті235 келтіруге болады.

235Ахмад, Хаким және Термизи келтірген ұзақ хадис.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Ибн Масъуд (р.а.) туралы айтқан мына сөздерін келтіруге болады:

«Сендер оның сирақтарының жіңішкелігіне таңырқайсыңдар ма? Менің жаным қолында болған Затпен ант етемін, таразыда олар Ухуд (тауынан) ауырырақ келеді». (Ахмад, Хаким, Хайсами)

Мысал ретінде Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір күні:

«Расында Қиямет күні орасан зор және жуан адамды әкеледі, ол Аллаһ Тағаланың құзырында масаның қанатынан да жеңіл болады!» (Содан соң): «Оқыңдар:

«Сонда оларға Қиямет күні еш мән берілмейді» (Кәһф, 105), деді. (Бұхари, Мүслім)

115-сұрақ:

Құранда Сират көпірі туралы қандай дәлелдер бар?

Жауабы:


Аллаһ Тағала айтты:

«Сендерден тозаққа келмейтін (Сираттан өтпейтін) ешкім болмайды236. (Бұл) Раббыңа тұжырымды, міндетті бір үкім. Сонда тақуа болғандарды құтқарамыз да, залымдарды тозаққа жүгіндіріп қоямыз». (Мәриям, 71-72)

236Бұл жерде тозақтың үстіне құрылатын Сират көпірінен өту туралы айтылуда.

Аллаһ Тағала және айтты:

«Сол күні мүмін ерлер, мүмін әйелдер нұрлары алдарында әрі оң жақтарында жүгіргенін көресің». (Хадид, 12)

116-сұрақ:

Сират көпірі туралы Сүннетте қандай дәлелдер бар?

Жауабы:


Бұл туралы көп хадистерде айтылады. Мәселен, шапағат ету туралы хадис. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:

«Көпір құрылады және тозақтың үстіне қойылады. Адамдар: «О, Аллаһ елшісі, ол қандай көпір?»-деп сұрады. Ол: «Неше түрлі ілгек-қармақтары бар және көп жерінде Нәждте237 өсетін өсімдіктер сияқты әс-Саъдан деп аталатын ұшы қайырылған тікенекті шанышқылары бар тайғақ орын. Мұсылмандар оның үстінен найзағайдың (жылдамдығындай) және желдің (тездігіндей) және тұлпардың (жылдамдығындай) боп өтеді, және (сол өсімдіктер ілмегендер) құтылады, (шанышқылар және тікенмен) тек қана тырналғандар да құтылады, ал үйіндіге құлағандар тозақтың жалынына түседі, және олардың ең соңғысын сүйреп әкелгенше (солай жалғаса береді)». (Бұхари, Мүслім)

237Аравия жартыаралының орталығындағы кең байтақ таулы қыраттың аты.

Ал Әбу Саъид238 (р.а.):

«Ол көпірдің қылдан жеңішке, қылыштан өткір екендігін мен естігенмін»,-деген.

238Әбу Саъид әл-Худри – Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көрнекті сахабаларының бірі.

117-сұрақ:

Қиямет күні бәріне тиісінше баға берілетіні туралы (әл-қисас) Құранда қандай дәлелдер бар?

Жауабы:

Аллаһ Тағала айтты:

«Негізінен Аллаһ Тағала, тозаң түйірінің салмағындай да зұлымдық жасамайды. Егер бір жақсылық болса, оны неше есе арттырады әрі өз жанынан да ірі сыйлық береді». (Ниса, 40)

«Бүгін әркім істегені бойынша жазаланады. Бүгін зұлымдық болмайды. Күдіксіз Аллаһ Тағала Тез Есеп Қылушы. (Мұхаммед (с.а.с.)) оларға жақындаған Қиямет күнін ескерт. Сол уақытта жүректер жұтқыншаққа келіп, қылғынып, лоқсушылар болады. Залымдар үшін бір дос та ықпалды шапағатшы да болмайды. Аллаһ көздердің қиянатын239және көкіректегі құпияны біледі. Аллаһ Тағала туралық бойынша үкім береді». (Ғафыр, 17-20)

239Бұл жерде адамдардың тиым алынған нәрсеге ұрлана көз тастауы туралы айтылуда.

«Олардың араларына ақиқат бойынша үкім етіледі. Олар әділетсіздікке ұшырамайды».(Зумәр, 69)

118-сұрақ:

Қиямет күні бәріне тиісінше баға берілетіні туралы Сүннетте қандай дәлелдер бар және қалай суреттеледі?

Жауабы:

Бұл туралы көп хадистерде айтылады.

Мәселен, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мына сөздері риуаятталады:

«Алдымен адамдар арасындағы қан төгуге байланысты үкім шығарылады». (Бұхари, Мүслім)

Және Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген:

«(Ахыретте) динар да, дирһам да болмайды, (сондықтан) оның жақсы амалдарын туысына (алып) бергенше240, ал оның жақсы амалдары жоқ болса, туысының жаман амалдарын (күнәларын) бұған беруден бұрын біреуде туысының қиянатпен алынған нәрсесі болса, оны бүгін қайтарсын241». (Бұхари)

240Бұл өмірде жәбірленгені үшін төлем ретінде

241Яғни жәбірленген адамға тез қайтарсын және толығымен өтесін әрі одан кешірім сұрасын және Аллаһ Тағалаға (шын жүректен) тәубе етіп жалбарынсын.

119-сұрақ:

Құранда Кәусәр туралы қандай дәлел бар және Сүннетте ол қалай суреттелген?

Жауабы:

Аса Құдіретті және Ұлы Аллаһ Өзінің пайғамбары Мұхаммедке (с.а.с.) айтты:

«Шын мәнінде саған Кәусәрді242 бердік». (Кәусәр, 1)

242 «Әл-Кәусар» – берекелі немесе береке (молшылықты немесе молшылық).

Кәусәрдің бар екендігі туралы хадистер де өте көп. Мәселен, Пайғамбарымыз (с.а.с.):

«Хауызға мен бәрінен бұрын келемін243». (Бұхари, Мүслім)

243Бұл жерде Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұсылмандар үшін қажетті нәрселерді дайындау үшін хауызға бәрінен бұрын келетіні туралы айтқан.

Пайғамбарымз (с.а.с.) бір күні былай деген:

«Шын мәнінде, мен бұрын жетемін және шын мәнінде сендер жайлы куәлік беремін, және, Аллаһқа ант етемін, мен қазір өз хауызыма қарап тұрмын». (Бұхари, Мүслім)

Пайғамбарымыз (с.а.с.) және былай деген:

«Менің хауызымның мөлшері бір айлық жолдай, суы сүттен ақ, иісі жұпардан да жағымды, ал көзелері аспан жұлдыздары сияқты244, кім одан сусындаса, ол ешуақытта шөлдемейді». (Бұхари, Мүслім)

244Яғни, оның жағаларындағы құмыралар саны жұлдыздардай көп.

«Мен бір өзенге келдім, оның жағалауы іші қуыс інжу күмбездер, «Бұл не, о, Жәбірейіл?»-деп сұрадым, ол: «Бұл – Кәусәр»,-деді245». (Бұхари)

245Бұл жерде Пайғамбарымыз (с.а.с.) миғраж кешіндегі көргендері туралы айтуда.

Мысал ретінде басқа да көптеген хадистерді келтіруге болар еді.

120-сұрақ:

Жәннәт пен тозаққа иман келтірудің дәлелі не?

Жауабы:


Аллаһ Тағала айтты:

«Ендеше, отыны адамдар, тастардан болып кәпірлер үшін әзірленген оттан қорқыңдар! (Мұхаммед (с.а.с.)) иман келтіріп, ізгі іс істегендерді қуандыр! Расында олар үшін астарынан өзендер ағатын жәннәттар бар». (Бақара, 24-25)

Дәлел ретінде келтіруге болатын аяттар көп.

Ал Пайғамбарымыз (с.а.с.) түнгі нәпіл намаздың алдында Аллаһ Тағалаға жалбарынып мына сөздерді айтқаны риуаят етіледі:

«Мадақ Саған тән, Сен – Хақсың, және Сенің уәдең – хақ, және Сенімен кездесу – хақ, Сенің сөзің – хақ, жәннәт – хақ, және тозақ – хақ, пайғамбарлар – хақ, және Мұхаммед – хақ, және бұл Сағат246 – хақ...» (Бұхари, Мүслім)

246Яғни, Қиямет күні.

Және Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:

«Кім Аллаһтан басқа ешбір тәңір жоқ екендігіне, Оның ешқандай серігі болмағанына, және Мұхаммед – Оның құлы және Оның елшісі, және Иса – Оның құлы және Оның елшісі, және ол Мәриямға айтқан Оның сөзі, және Одан рух екеніне, және жәннәт – Хақ, және тозақ – Хақ екеніне куәлік берсе, оны Аллаһ оның амалдары қандай болса да жәннәтқа кіргізеді».

Басқа хабарда Пайғамбарымыз (с.а.с.) және былай деген:

«...оның қалауына сай жәннәттың сегіз есіктерінің кез-келгені арқылы...» (Бұхари, Мүслім)

121-сұрақ:

Жәннәт пен тозаққа иман келтіру нені білдіреді?

Жауабы:

Жәннәт пен тозаққа иман келтіру олардың (яғни жәннәт пен тозақтың) жаратылғанын және қазіргі кезде бар екенін, сондай-ақ Аллаһтың әмірімен олар мәңгі тұратынын және ешуақытта жоқ болып кетпейтінін барынша растауды білдіреді. Жәннәттың рахаты мен тозақтың азабына иман келтіру осының құрамды бөлігі болып табылады.

122-сұрақ:

Жәннәт пен тозақтың қазіргі кезде бар екеніне қандай дәлелдер бар?

Жауабы:

Аса Құдіретті және Ұлы Аллаһ олардың қазіргі кезде бар екені туралы айтқан. Мысалы, жәннәт туралы Ол:

«...және тақуалар үшін әзірленген»,-дейді. (Әли-Имран, 133)

«...қарсы болғандар үшін дайындалған»,-дейді. (Әли Имран, 131)

Аллаһ Тағала Адам (а.с.) мен оның жұбайын жәннәтқа орналастырғанын, және олар тыйым салынған ағаштың жемісін жегенше жәннәтта болғанын біздерге баяндаған. Сондай-ақ Аллаһ Тағала кәпірлерге қабірлерінде таңертең және кешке тозақтың көрсетіліп тұратыны туралы247 да айтқан.

247Бұл жерде олардың алдынан тозақтың қақпалары ашылып, олар оның ыстық лебін сезетіні туралы айтылуда.

Ал Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:

«Маған жәннәт көрсетілді, сонда оның тұрғындарының басым көпшілігі кедейлер екенін көрдім. Сонсоң маған тозақ көрсетілді, сонда оның тұрғындарының басым көпшілігі әйелдер екенін көрдім». (Бұхари, Мүслім)

Осыдан біраз бұрын қабір азабы мен қабірдегі сұрақтар туралы әңгіме болғанда біз Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Сендерден кім өлсе, оған оның орны көрсетіледі»-деген сөзін келтіргенбіз.

Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:

«Салқын түскенше намазды кешіктіріңдер248, өйткені, ыстық – тозақтың қызуынан». (Бұхари, Мүслім)

248Бұл жерде өте ыстық күнгі бесін намазы туралы айтылған.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) және айтты:

«(Кезінде тозақтың) жалыны Аллаһ Тағалаға: «О, Тәңірім, менің бір бөлігім екінші бөлігімді жұтып қояды»-деп шағым жасады. Сонсоң (Аллаһ) оған екі рет – қыста бір рет, жазда бір рет дем шығаруға рұқсат етті249. (Сол кезде) сендер барынша ыстық пен барынша суықты сезесіңдер». (Бұхари, Мүслім)

249Тозақ қыста өзінен суық, жазда ыстық шығарады.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:

«Безгек – тозақтың аптабынан, оны сумен салқындатыңдар». (Бұхари, Мүслім)

Пайғамбарымыз (с.а.с.) және айтты:

«Аллаһ жәннәт пен тозақты жаратқан уақытта Жәбірейілді жәннәтқа жіберіп, «Бар да, оны көргін»,-деді. (Насаи, Термизи)

Сондай-ақ бір күні Күн тұтылған кезде Пайғамбарымызға (с.а.с.) жәннәт пен тозақтың көрсетілгені туралы, және Миғраж түнінде де көрсетілгені жайлы, және осындай басқа да көптеген хадистерде осы туралы айтылатыны риуаятталады.

123-сұрақ:

Жәннәт пен тозақтың бар екені және олардың мәңгі болатыны, сондай-ақ ешуақытта жоғалып кетпейтіні жайлы қандай дәлелдер бар?

Жауабы:

Аллаһ Тағала айтты:

«Олар оның (жәннаттың) ішінде мәңгі қалады. Осы ірі мұрат». (Тәуба, 100)

«...олар одан шығарылмайды». (Хижр, 48)

«…(бұл) үздіксіз бір сыйлық». (Худ, 108)

«Ешбір түгеп үзілмейтін, ешкім қорымайтын250». (Уақиға, 33)

250Бұл жерде ешуақытта таусылмайтын және пейіш тұрғындары үшін әр уақытта дайын тұратын жұмақ жемістері туралы айтылуда.

«Сөзсіз, таусылмас берген несібеміз осы251». (Сад, 54)

251Яғни, Аллаһ Тағаланың жәннәттықтарға арнаған сыйы

Аллаһ Тағала және айтты:

«Шын мәнінде тақуалар аман бір орында болады. Бақшаларда, бұлақтарда. Жұқа, қалың жібектер киіп, бір-бірінің қарсысында отырады. Осы сияқты, сондай-ақ оларды ботакөз хор қыздармен252 үйлендіреміз. Ол жерде бейбіт түрде әртүрлі жемісті сұрай алады. Ол жерде дүниедегі алғашқы өлімнен басқа ешбір өлім татпайды. Аллаһ оларды тозақтың азабынан сақтаған». (Духан, 51-56)

252Яғни, жанарлары жарқыраған қаракөз әппақ арулар

Бұған дәлел болатын басқа да көптеген аяттарды келтіруге болар еді.

Сонымен, Аллаһ Тағала жәннәттың мәңгілік екені туралы хабар етті, ондағы тұрғындар өмірінің де мәңгі екендігі туралы, ол өмір ешуақытта үзілмейтіні және олардың жәннәттан шығарылмайтыны туралы баяндап берді.

Ал тозақ туралы айтар болсақ, ол жайлы Аллаһ Тағала айрықша былай деген:

«…тозақтың жолына салады да, олар онда мәңгі қалады». (Ниса, 169)

«Расында Аллаһ кәпірлерге лағынет етті, және оларға жалындаған тозақты әзірледі. Олар онда мәңгі қалады. Не дос, не көмекші таба алмайды». (Ахзаб, 64-65)

«Кім Аллаһқа, Оның ешісіне қарсы келсе, шәксіз оған мәңгі қалатын тозақ оты бар». (Жын, 23)

«Сондай-ақ олар тозақтан шығушы емес». (Бақара, 167)

«Олардың азабы жеңілдетілмейді де олар онда күдер үзген түрде қалады». (Зухруф, 75)

«Оларға өлім үкімі берілмейді. Олардан азабы да жеңілдетілмейді». (Фатыр, 36)

Аллаһ Тағала олардың өлетінін теріске шығарған:

«Күдіксіз кім Раббына күнәһар болып келсе, рас оған тозақ бар: онда ол өлмейді де, өмір де сүрмейді253». (Таһа, 74)

253Яғни, өлім оларды азаптан құтқармайды және өмір олар үшін ешуақытта қуанышты болмайды.

Осы және осыған ұқсас аяттарда Аллаһ Тағала тозақта мәңгі қалатын, тозақ – солар үшін, олар тозақ үшін жаратылған, тозақта болуға лайықты тозақтықтар жайлы біздерге хабар берді.

Және Аллаһ Тағала олардың тозақтан шығуы мүмкін еместігін айтты:

«Сондай-ақ олар тозақтан шығушы емес». (Бақара, 167)

Және олардың азаптарының тоқталатынын теріске шығарады:

«Олардың азабы жеңілдетілмейді де олар онда күдер үзген түрде қалады». (Зухруф, 75)

Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:

«Тозаққа лайықты болған тозақ тұрғындары, шын мәнінде, олар өлмейді, (бірақ) өмір де сүрмейді». (Мүслім, Ахмад, Ибн Мәжәһ, ұзын хадистің бір бөлігі)

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) былай дегені де риуаят етіледі:

«Жәннәттықтар жәннәтқа, тозақтықтар тозаққа кіргізілген соң, жәннәт пен тозақтың арасына ажалды әкеледі де оны бауыздайды, сонсоң жаршы: «О, жәннәттықтар, (енді) өлім жоқ! О, тозақтықтар, (енді) өлім жоқ!»-деп (жариялайды), сонда жәннәттықтардың қуанышына (жаңа) қуаныш қосылады, ал тозақтықтардың қасіретіне (жаңа) қасірет қосылады (және олар әрқайсысы өз орындарында мәңгі қалады)».

Басқа бір хабарда Пайғамбарымыз (с.а.с.) осыны айтқан соң, мына аятты оқыды:

«(Мұхаммед (с.а.с.)) сенбей селқостықта болғандарға, олар үшін іс бітіп кететін254 қасірет күнін255 ескерт» (Мәриям, 39). (Бұхари, Мүслім)

254Яғни, есеп-қисап аяқталып, адамдардың жақсы және жаман амалдары жазылған дәптерлері жиналып алынады.

255Яғни Қиямет күні барлық адамдар үшін қайғы күні болады, өйткені, күнәһарлар өздері жасаған күнәлары үшін өкінеді, ал шыншыл дұрыс адамдар көбірек жақсы амалдар жасамаппын деген өкініште болады.

Және бұл туралы басқа да хадистер бар.

124-сұрақ:

Мұсылмандар Ахыретте өздерінің Аса Мархамет Етуші және Аса Жоғары Мәртебелі Аллаһын көретініне қандай дәлелдер бар?

Жауабы:

Аллаһ Тағала айтты:

«Қиямет күні кейбір жүздер жарқылдап Раббына қарайды». (Қиямет, 22-23)

«Сондай жақсы іс істегендерге жақсылық әрі артығы да бар». (Юнус, 26)

Ал кәпірлер туралы Аллаһ Тағала айтты:

«Жоқ, олай емес. Негізінде олар ол күні, Раббыларының дидарынан махрұм қалады». (Мутаффифун, 15)

Аллаһтың дұшпандары махрұм қалса, Оның достары махрұм қалмайды деген сөз. Жабир ибн Абдуллаһтан (р.а.) келген хадисте риуаят етілген:

«Бір күні біз Пайғамбарымызбен (с.а.с.) айдың он төртінші түнінде бірге болғанымызда ол толған айға қарап:

«Расында, мынау (айды) қалай көріп тұрсаңдар, Раббыларыңды сондай көзбе-көз көресіңдер, Оны көргеннен сендер еш реніште болмайсыңдар. Егер күн шығудан бұрынғы намазды және күн батудан бұрынғы намазды256 орындауға шамаларың келсе257, қалайда (оларды) орындаңдар». (Бұхари, Мүслім)

256Бұл жерде таңғы (фажр) және намаздыгер (аср) намаздары туралы айтылуда.

257Бұл жерде қандай да бір адамның өмірлік мүддесіне ешқандай зарар жеткізбей-ақ кейінге қалдыруға болатын тіршілік істері туралы айтылуда.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.):

«қалай көріп тұрсаңдар» яки «мынау айды қалай көріп тұрсаңдар» дегені бір көруді екінші көруге ұқсастыруды білдіреді, бірақ бұдан көрінілген бір зат екінші затқа ұқсас деген ұғым тумайды.

Бұл айтылған сөз мына хадиске де қатысты.

Пайғамбарымыз (с.а.с.):

«Аллаһ Тағала аспанда бір мәселе жайлы шешім қабылдағанда Оның айтқанына бойсұнғанын білдіріп періштелер қанаттарын қағады (сол кезде) шынжырды тас үстінде сүйреткендей (дыбыс есітіледі)»,-деген. (Бұхари, Ибн Мәжәһ)

Бұл жерде бір тыңдау екіншісіне ұқсастандырылған, бірақ бірінші және екінші жағдайдағы естілген нәрсе бір-біріне ұқсамайды, өйткені, Аллаһ Тағаланың Затын және сипаттарын қайсы бір жаратылғандарға ұқсастырудан Аллаһ Тағала Пәк. Ал Пайғамбарымыздың (с.а.с.) (жоғарыда айтылған) сөздеріне келсек, оның сөздері ұқсастыруға титтей де қатысты деп ойлаудың өзі мүмкін емес, себебі, ол Аса Құдіретті және Ұлы Аллаһ Тағаланы барлық адамдардан да жақсы білген.

Суһайбтан (р.а.) келген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.):

«Перде алып тасталынады және олар Аса Құдіретті және Ұлы Тәңірінің дидарына қараудан сүйкімдірек сый алмайды»-деп, сонсоң,

«Сондай жақсы іс істегендерге жақсылық258 әрі артығы да259 бар» (Юнус, 26), деген аятты оқыды. (Мүслім, Термизи)

258Бұл жерде жәннәт туралы айтылуда.

259Бұл жерде Аса Жоғары Мәртебелі Аллаһ Тағалаға қарау мүмкіндігі туралы айтылуда.

Көптеген сахих хадистер де осыны дәлелдейді. Кім бұл айтылғанды теріске шығарса, демек, ол Құранға да, Аллаһ Тағала Өз елшісі арқылы адамдарға жіберген нәрсеге де сенбейтін болғаны, ондай адам туралы Аллаһ Тағала:

«Жоқ, олай емес. Негізінде олар ол күні, Раббыларының дидарынан махрұм қалады260». (Мутаффифун, 15)

260Яғни олар Аллаһ Тағаланы көре алмайды.


Каталог: ld
ld -> Сабақтың тақырыбы : Баяндауыш
ld -> Таңғажайып алаң ойыны. М.Әділова
ld -> Мақтаның жемісі мақтаның ашылмай қалған немесе шала ашылған қауашағын дейді. Қауашақ ашылады. Қауашақ ішіндегі ұзын талшықтары (түктері) бар өте көп тұқымдар шашылады
ld -> Одонтогенні кісти діляться на кореневі (радикулярні) і коронкові (фолікулярні)
ld -> Одонтогенні пухлини щелеп
ld -> Производство лекарственных препаратов по контрактам: Простанорм г. Томск
ld -> Гбоу впо рниму им. Н. И. Пирогова
ld -> 1. Гомеостаз – дегеніміз не


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   16




©stom.tilimen.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет