Шейх Хафиз ибн Ахмад әл-Хаками АҚида бойынша



бет1/16
Дата09.04.2019
өлшемі2.29 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16
Шейх Хафиз ибн Ахмад әл-Хаками

АҚИДА БОЙЫНША

200 СҰРАҚ

ДАЙЫНДАҒАН SUNNA.MOY.SU САЙТЫНЫҢ РЕДАКЦИЯСЫ

Аса Қамқор, Ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!

Алғы сөз


Тумаған, туылмаған, теңдесі болмаған, Мәңгілік бар Жалғыз Аллаһқа мақтау-мадақтар болсын!

Үмметі осы күнге дейін «Аллаһтан басқа ешбір тәңір жоқ, Мұхаммед – Аллаһтың елшісі»,-деп таухид сөздерін жалғастырып келе жатқан, адамзат қауымына таза таухидті жеткізіп, бүкіл әлемді Жалғыз Аллаһқа құлшылық етуге шақырған пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.с.) сәлем мен салауаттар болсын!

«Ислам ақидасы бойынша 200 сұрақ» деген атаудың өзі-ақ бұл сұрақтарға жауаптар қайтарылатынын аңғартады. Шындығында, бұл кітап – таухид (Аллаһтан басқа ешбір тәңір жоқтығы) туралы, қиындығы жағынан бірте-бірте күрделене беретін сұрақ-жауаптар түрінде жазылған оқулық.

Әу бастан-ақ сұрақтар жұртшылықты қызықтырып, қызу пікірталас тудыратын, сөйтіп қажетті ғылыми деректерді есте сақтап қалуға көмектесетін, сондай-ақ ғылыми нұсқаулар мен жүйелі тәртіпті қамтитын, түрлі ғылым саласын үйренудің тамаша құралы болып келген және солай бола да бермек.

Аяттарында «Олар сенен сұрайды...» деген сөздер мен сол сөздерден кейін тиісті жауаптар жиі-жиі келтірілетін Қасиетті Құран осындай тағылым тәсілдерінің ең ұлы үлгісі болып табылады.

Жәбірейіл (а.с.) адам бейнесінде келіп, Пайғамбарымызбен (с.а.с.) кездескенде, бейне бір өзі білмейтіндей, Ислам, иман, ихсан және Қиямет күні туралы адамдарды үйрету үшін сұрақтар беру тәсілін пайдаланды.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) үнемі сахабаларына «Қалай ойлайсыңдар, кім...?», немесе «Сендерге белгілі ме...?» деген сияқты сұрақтар беріп, алдымен олардың өздері жауап айтуына мүмкіндік жасап, содан кейін бұл сұрақтардың дұрыс жауабын өзі айтатын.

Пайғамбарымызға (с.а.с.) кісілер алыс жерлерден жиі келіп сұрақтар беруші еді. Ал Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жауабы сұрақ иесін қанағаттандырып қана қоймай, сол жерде отырғандарды да үйретудің құралы болып табылатын. Осындай сұрақ-жауаптардың нәтижесінде Ислам мұрасының көрнекті бөлігі біздерге келіп жетті.

Аллаһ Тағала былай дейді:

«Егер білмесеңдер, зікір (білім) иелерінен сұраңдар». (Нахыл,43)

Сондықтан фиқһ негіздерінің бірі білмегендердің білгендерден сұрап білуін талап етеді.

Мәселенің бұлай қойылуының себебі, сұрақ – ұшан-теңіз ғылым әлеміне жол ашатын кілт. Біздің қолымыздағы «Ислам ақидасы бойынша 200 сұрақ» деп аталатын кітаптың жазбагері де осы жолды таңдапты, оған Аллаһ рахмет етсін. Ол есімі елге кеңінен танылған, түрлі жоғары оқу орындарында ұстаздық етіп, білім іздеушілердің тәрбиешісі болған, сондай-ақ Ислам ақидасы, хадис, сүннет терминдері, фиқһ және де басқа да шариғат ғылымдарының білгірі еді. Кемел шағына енді ғана жеткен кезінде дүниеден өтсе де артында түрлі тақырыптарда жазылған көптеген кітаптар қалдырды. Ол бір мәселені түрлі тәсілмен қарастыратын. Мәселен, шәкірттеріне Ислам ақидасы негізін игеруді оңайлату үшін оларға арнап өлеңмен кітап та жазған.

Сондағы қамтылған мәселелерді қара сөз түрінде де жазып «Ислам ақидасы бойынша 200 сұрақ» атты кітабын сұрақ-жауап түрінде құрастырды.

Қымбатты оқырман!

Аллаһ Тағаланың мейірімділігі арқасында бұл кітапты қазақ тілінде шығаруды төмендегідей үмітпен қолға алып отырмыз:

- Шариғат ғылымын үйренуге қажетті қазақ тіліндегі оқулықтардың аздығының орнын толтыру;

- Әрбір зерттеуші мен әрбір шәкірттің Құран Кәрім және Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Сүннетінен алынған шариғат дәлелдерін пайдалана алуына мүмкіндік жасау. Ал әрбір сұрақ туралы айтар болсақ, олар шариғат ғылымының негізін қалыптастырады және студенттерді ғұламалар өз тұжырымдарында пайдаланған тәсілдер арқылы дайындауды жеңілдетеді.

Сонымен қатар, оқырмандар назарын мына мәселелерге аударуды жөн көрдік:

- Көптеген жауаптар қысқа берілген. Әрқайсысы жеке зерттеуге лайық бола тұрса да, көпсөзділікке салынбас үшін, жазушы тиісті дәлелді келтірумен шектелген.

- Көптеген сұрақтар бір-бірімен байланысты.

Мәселен, Ислам ақидасы негіздері мен Исламның негізгі қағидаларына қатысты сұрақтар:

- Араб мәтіндерінің кейбір тұстары қазақша қабылдануы оңай болуы үшін қысқартылды.

- Мәтінде кездесетін хадистер Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистерінің негізгі жинақтарындағы түпнұсқаға сәйкестендірілді.

- Жақшаға алынған сөздер Құран аяттары мен хадистерде кездеспейді. Олар айтылған сөздің мағынасы түсінікті болу үшін пайдаланылды.

Құрметті оқырман!

Бұл кітап сіздің Ислам ақидасының мөлдір бастауына жетуіңізге көмектескей, сіздің бұл сұрақтармен бастаған саяхатыңыз қызықты да игілікті болғай, сіздің Ислам ақидасы кілттеріне ие болу мақсатымен жасаған күш-қайратыңыз бен сабырлылығыңыз сізге сауап болып жазылғай, сондай-ақ әрбір сұрақтың жауабы сізді ақиқат нұрына бастағай!

Барлық мадақ бір Өзіне тән болған Аллаһ Тағала сіз бен біздің амалымызды қабыл еткей, бұл ілімді біздің пайдамызға асырғай және бізге білім мен бақыттың шырқау шыңын нәсіп еткей.

Және де Аллаһ Тағала, барлық мадақ Оған тән, бұл кітаптың жазбагеріне рахмет еткей, оның еңбегі үшін оған мол сауап жазғай әрі Қиямет күні оның таразысын осылармен ауыр еткей!

Тәржімашыдан

Жазбагердің алғы сөзі

«Барлық мақтау көктер мен жерді жаратқан және қараңғылықтар мен жарықты жасаған Аллаһқа тән! Мұнан соң да күпірлік қып, қарсы болғандар Раббыларына (басқаларды) теңейді. Ол – сендерді балшықтан жаратып, сонан кейін өлім мезгілін белгілеген Аллаһ. Және белгілі (Қиямет) мерзімі де Оның құзырында. Сонда да күдіктенесіңдер ме? Ол – көктердегі әрі жердегі көрнеулерді де, көместерді де білетін Аллаһ». (Әнғам,1-3)

Серігі жоқ, Жалғыз Аллаһ Тағаладан басқа ешбір тәңір жоқ екеніне куәлік беремін және Ол – Жалғыз, Мәңгілік, Ол тумаған және туылмаған, және Оған ешкім тең болмағанына куәлік беремін. Өйткені, көктердегі және жердегі нәрселер Оған тән және барлығы Оған бағынады. Ол – көктер мен жерді Жаратушы және Ол бір шешімге келсе, тек қана «Бол!»,-дейді, сонда ол (бұйырған нәрсесі) болады және сенің Тәңірің нені қаласа, соны жасайды және таңдайды, ал оларда таңдау жоқ. Аллаһ олардың оған серік қосуынан Пәк, өйткені, Ол не істесе де онысы үшін сұралмайды, ал олар сұралады. Және мен біздің мырзамыз әрі пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) – хақ дінмен және һидаят-басшылықпен жіберілген, бұл көпқұдайшылдарға ұнамаса да, діні басқа (кез-келген) діннен үстем болуы үшін аттандырған Аллаһ Тағаланың құлы әрі Оның елшісі екеніне куәлік беремін. Аллаһ Тағаланың Қиямет күніне дейін үзілмейтін сәлемі мен салауаты оған, оның әулетіне, оның ақиқат бойынша төрелік қылған, үкім жүргізген және сол ақиқат арқасында әділдіктен айнымаған сахабаларына және таза жүрекпен оларға ілесушілерге және Сүннеттен ауытқымай Сүннет бойынша жүрушілерге, Сүннетті ұстанғандарға, Сүннетке сәйкес дос және дұшпан болушыларға, Сүннетті қорғаушыларға, сондай-ақ сол жолмен жүрушілердің барлығына болсын!

Оқырмандар назарына ұсынылып отырған қысқа әрі нұсқа, өте пайдалы бұл жинақта барлық пайғамбарлар уағыздаған және көктен түсірілген Кітаптарда айтылған дін және таухид (бірқұдайшылдық) қағидалары мен негіздері жайлы мағлұматтар қамтылды. Бұл кітап ақиқаттың бірден-бір жарқын да айқын жолына бастайды. Өйткені, мұнда дініміздің ерекшеліктері мен түрліше көзқарастары жайлы кеңірек түсінік беріледі. Сондай-ақ қандай нәрсе дінімізді жоятыны және оның тұтастығына қайшы келетіні туралы айтылады. Кітапта қарастырылатын әрбір сұраққа олардың мәні толық ашылуы үшін тиісті дәлелдер мен сілтемелер келтірілген.

Бұған мен Сүннетті жақтаушылардың дәлелдері мен ой-тұжырымдарын пайдаландым және өз құштарлығымнан туындайтын ой-пікірлерді және жаңалық қосушылардың (бидғатшылардың) пайымдауларын (дәлел ретінде) келтірмедім, оларды тек Сүннет негіздеріне сүйеніп теріске шығару және сынау үшін еске алып отырдым. Олардың кемшілік-қателіктерін әшкерелеп теріске шығару және жоқ етіп жою мақсатында ұлы имамдар арнайы еңбектер жазған. Әр нәрсенің қарама-қарсысының жәрдемімен қандай да бір нәрсені білу мүмкіндігі болса да, күн шыққан соң, таң атқанына ешқандай дәлел іздеудің қажеті жоқ. Дәл сол сияқты, ақиқат анықталған соң, адасудан басқа жаңадан ешнәрсе пайда бола алмайды.

Мен өз еңбегімді, білімге талапкерлердің назарын аудару үшін сұрақ түрінде құрастырдым және сұрақтарға мәселені түсіндіретін жауаптар қостым, сөйтіп кітапты «Құтылатын әрі жеңетін діни жамағаттың нанымы болған Сүннеттің Темірқазығы» деп атадым. Енді мен бұл кітап Аллаһ Тағаланың дидарына (ризалығына) шын ықыласыммен ұмтылуымның айғағы болуын, біздің білгеніміздің бізге пайдалы болуын және бізге пайда келтіретін нәрселерді бізге үйретуін, Аллаһ Тағаланың ерекше қамқорлығы мен мейірімділігінен үміт етіп Одан жалбарынып өтінемін. Ақиқатында, Ол барлығына Күш-Құдіреті Жетуші, Ол Өз құлдарына Мейірбан, олар туралы Ол барлығын біледі, Оған қайтарыламыз, тағдырларды Ол шешеді, Ол – біздің Қамқоршымыз және бұл Қорғаушы және Қамқоршы өте жақсы!!!

Хафиз ибн Ахмад әл-Хәкәми

1-сұрақ:

Аллаһ Тағала құлдарының ең бірінші міндеті не?

Жауабы:

Аллаһ Тағала құлдарының ең алғашқы міндеті – Раббыларының олардан уәде алғанын, оларға не үшін Өзінің елшілерін жібергенін, не үшін оларға Өз Кітабын түсіргенін, не үшін бұл дүниені, Ахыретті, жәннәт пен тозақты жаратқанын және не үшін Қиямет күні (әл-Хаққа1) келетінін, Қиямет күні келуінің сөзсіз екендігін, таразылар құрылатынын, амалдар жазылған кітаптар жан-жаққа таратылатынын, біреулердің – бақытты, ал енді біреулердің бақытсыз болатынын, сондай-ақ, не үшін нұр таратылатынын білу. Нұрға байланысты Аллаһ Тағала қасиетті Құран Кәрімде былай дейді:

«Аллаһ нұрлы етпеген біреудің нұры болмайды». (Нур,40)

1Әл-Хаққа – қиямет күнінің атауларының бірі.

2-сұрақ:

Бүкіл әлем не үшін жаратылды?

Жауабы:

Аллаһ Тағала былай дейді:

«Көктерді де, жерді де әрі екі арасындағы нәрселерді де ермек үшін жаратпадық. Екеуін ақиқат бойынша жараттық2. Бірақ олардың көбі білмейді3». (Духан, 38-39)

2Яғни, тек Аллаһ Тағала ғана бәрін Жаратушы және Оған ғана табыну керек деген ақиқатты орнықтыру үшін (жаратты).

3Көпқұдайшылдар туралы сөз болуда.

«Көк пен жерді әрі екі арасындағыларды босқа жаратпадық. Ол қарсы келгендердің ойы». (Сад, 27)

«Негізінде Аллаһ (Тағала) көктерді әрі жерді шындық бойынша жаратты4. Әркімге қылығының бодауы беріледі. Сондай-ақ олар әділетсіздікке ұшырамайды». (Жәсия, 22)

4Мұндағы «шындық бойынша» деген сөз бүкіл әлем ақиқатты айқындау үшін жаратылған дегенді білдіреді. Ал ол ақиқаттың мәнісі барлық жаратылғанның Жаратушыға табынуы мен әр адамның өз Жаратушысына қалай табынғанына байланысты әділетті түрде құрмет немесе жазасын алуы.

«Жын мен адамзатты Өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым». (Зәрият, 56)

3-сұрақ:

«Құл» (абд) сөзінің мағынасы не?

Жауабы:


Егер «құл» сөзін құлдыққа түскен, бағынышты және бас июші деп түсінсек, онда «құл» сөзін жоғарғы және төменгі әлемдегі, мейлі саналы немесе санасыз, кебу немесе дымқыл, қозғалыстағы немесе тыныш халдегі, белгілі немесе жасырын, діншіл немесе дінсіз, иманды немесе имансыз, тағы басқа барлық жан-заттарға қатысты қолдануға болады.

Мұның барлығы Аллаһ Тағаланың иелігінде. Оған бағынышты, Оған бойсұнушы және Оның басқаруында, сондай-ақ жоғарыда аталғандардың барлығы Оның айтқанымен жүреді, бәрінің жететін шегі бар және қас-қағым сәтке де ұзарта алмайтын өз мезгілдері бар.

«Міне, Аса Үстем, әрнәрсені Білуші Аллаһтың өлшеуі». (Ясин,38)

Әділ, Дана Зат тарапынан басқарылудың нәтижесі міне, осындай!

Егер де «абд» (құл) сөзін Аллаһ Тағаланы сүюші, құлшылық етуші, бойсұнушы (абид) мағынасында түсінсек, онда бұл сөз тақуалығымен Оған жақын болған, Ол құрметтеген, Аллаһ Тағаланың:

«...Оларға қорқу да жоқ әрі олар қайғырмайды» (Мәида, 69), деген құлдарына қатысты болады.

4-сұрақ:

Ғибадат деген не? Қандай амал қай кезде ғибадатқа айналады?

Жауабы:

Ғибадат дегеніміз – Аллаһ Тағала ұнатып, разы болатын әшкере және құпия сөздер мен істерді орындау әрі бұған қарама-қарсы келетін барлық сөздер мен істерге қатысы болмау.

Ғибадатта екі нәрсе: махаббат пен бойсұну бар. Кемеліне жетсе ғана амалымыз ғибадатқа айналады.

Аллаһ Тағала былай дейді:

«Және сондай иман келтіргендер Аллаһты аса артық сүйеді». (Бақара,165)

«...ал олар Раббыларынан қорыққандықтарынан жалбарынады». (Муминун, 57)

Және де Аллаһ Тағала осы бірінші мен екіншіні біріктіріп былай деді:

«Өйткені бұлар жақсылықтарға ұмтылады. Бізден үміт пен қорқу5 арасында тілейді де Бізге бәйек болады». (Әнбия, 90)

5Бұл жерде Аллаһ Тағаладан сыйлық алу және Оның жазалауынан қорқу туралы сөз болуда.

5-сұрақ:

Не нәрсе Аса Құдіретті, Ұлы Аллаһқа құлдың сүйіспеншілігінің белгісі бола алады?

Жауабы:


Құлдың Аллаһ Тағалаға сүйіспеншілігінің белгісі – Аллаһ Тағаланың ұнатқан нәрсесін ұнату, Аллаһ Тағаланың ашуын келтіретін нәрсені жеккөру. Сондай-ақ, Аллаһ Тағаланың бұйрығын орындау, Ол тиым салған нәрселерден аулақ болу, Аллаһ Тағалаға жақын болғандарға достық пейіл білдіру. Міне осы себеппен Аллаһ Тағала үшін дос тұту және Аллаһ Тағала үшін дұшпан болу адамды өз иманымен барлық нәрселерден артық біріктіреді. Бұл туралы Бара ибн Азибтің (р.а.) сөзінен тізбек тартып жазған имам Ахмадтың «Муснадында» Пайғамбарымыздың (с.а.с.):

«Аллаһ үшін жақсы көру және Аллаһ үшін жек көру адамды иманымен бәрінен де берік байлайды»,-деген сөздері келтірілген. (Ахмад, Термизи)

6-сұрақ:

Аллаһ Тағаланың нені ұнатып, нені ұнатпайтынын Аллаһтың құлдары қалай біледі?

Жауабы:

Адамдар бұл туралы Аллаһ Тағаланың оларға Өзі ұнатып риза болатын істерді орындау және Өзі ұнатпаған әрі теріске шығарған істерден тыйылу туралы бұйрығы, Өзі жіберген пайғамбарлары мен түсірген кітаптарынан біледі. Міне, осылайша адамдар Аллаһ Тағаланың даусыз дәлелдері мен теңдесі жоқ даналығын білді. Бұл жөнінде Аллаһ Тағала былай дейді:

«Пайғамбарларды қуандырушы, қорқытушы етіп жібердік. Елшілерден кейін адамдардың Аллаһқа қарсы сылтауы болмауы үшін». (Ниса, 165)

Және Аллаһ Тағала былай деді:

«(Мұхаммед (с.а.с.)) оларға: «Егер Аллаһты сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Сонда Аллаһ (Тағала) сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды. Өйткені, Аллаһ Аса Жарылқаушы, Ерекше Мейірімді» де». (Әли Имран, 31)

7-сұрақ:

Ғибадаттың қанша шарты бар?

Жауабы:


Ғибадаттың үш шарты бар:

- Құлшылық жасауға деген шын ынта-ықыластың болуы;

- Ниеттің адалдығы;

- Құлшылықтың қай түрі болса да шариғатқа сай келуі;

Өйткені, Аллаһ Тағала дінді тек шариғатқа сәйкес ұстануды бұйырған. Сонымен құлшылық (ғибадат) тек шын ниет пен шариғатқа тура келуі арқылы ғана қабыл болады екен.

8-сұрақ:

Шын ықылас деген не?

Жауабы:


Бұл жалқаулық пен салғырттықтан бастарту, өз сөзін іспен дәлелдеу үшін күш-қайратын жұмсау дегенді білдіреді.

Аллаһ Тағала былай дейді:

«Ей, мүміндер! Істемейтін істеріңді неге айтасыңдар? Істемейтін істеріңді сөйлеулерің Аллаһтың құзырында зор ашуға себеп болады». (Саф, 2-3)

9-сұрақ:

Ниеттің адалдығы не?

Жауабы:


Құлдың ниетінің адалдығы дегеніміз жасырын яки әшкере істері мен сөздері арқылы Аллаһ Тағаланың ризалығына ұмтылуды мақсат етуі6. Бұл мәселеге қатысты Құран Кәрімде көптеген аяттар бар. Енді міне осы аяттардың кейбіріне назар аударайық.

6Басқаша айтқанда, Аллаһ Тағала риза болатын және тек Аллаһ Тағаладан сыйлық күтетін амал жасауға ұмтылу.

Аллаһ Тағала былай деді:

«Оларға нағыз ғибадатты Аллаһқа шынайы ынтамен ханиф7 түрде орындаулары әмір етілген». (Бәйинә, 5)

7Ханиф – бірқұдайлық дінінен ешқандай да айнымайтын адам. Ертедегі араб елінде христиандарға да, яһудилерге де қосылмайтын және бұтқа да табынбайтын, тек бір Құдайға ғана сенетін адамдарды осылай атаған.

«Сондай малын сарып етіп тазарған. Оның онда ешкімге берер еселі сыйлығы жоқ (біреудің өзіне істегенінің бодауы үшін емес). Тек Ұлы Раббының ризалығын ғана іздейді». (Ләйіл, 18-20)

«Оны жақсы көре тұра, міскіндерге, жетімге және тұтқынға жегізеді8. Олар: «Шын мәнінде сендерді Аллаһтың ризалығы үшін тамақтандырамыз. Сендерден бір төлеу, алғыс тілемейміз»,-дейді». (Инсан,8-9)

8а) Яғни, Аллаһ Тағаланы жақсы көре тұра

ә) Бірақ, бұл жерде адамдардың өздері үнемі аштықтан зардап шеге тұрса да өздері жегісі келсе де, басқаларды тамақтандыру туралы сөз болуы да мүмкін.

«Кім Ахырет пайдасын қаласа9, оған оның пайдасын арттыра түсеміз. Ал енді кім дүниенің пайдасын іздесе, оған одан береміз. Оған Ахыретте несібе жоқ». (Шура, 20)

9Бұл жерде Аллаһ Тағаланың сыйлығы туралы сөз болуда.

10-сұрақ:

Аса Жоғары Мәртебелі Аллаһ дінді ұстануда қатаң басшылыққа алуға бұйырған діни заңы (шариғат) деген не?

Жауабы:


Бұл Ибраһимнің (а.с.) бірқұдайшылдық дінін таза күйінде ұстану дегенді білдіреді. Міне, Аллаһ Тағала бізге Өз аяттарын былай баян етеді:

«Аллаһ құзырында шынайы дін – Ислам». (Әли Имран, 19)

«Олар Аллаһтың дінінен басқа дін іздей ме?! Көктердегі және жердегі барлық жан иесі ерікті, еріксіз түрде Аллаһқа бойсұнады». (Әли Имран, 83)

«Өзін білмеген ақылсыздан басқа кім Ибраһимнің жолынан бет бұрады10?!». (Бақара, 130)

10Бұл жерде ілімге ұмтылмай, өз жағдайы туралы ойланбауымен өзін опат болуға тап қылатын пенде туралы айтылуда.

«Кім Исламнан басқа бір дін іздесе, әсте одан қабыл етілмейді де Ахыретте зиянға ұшыраушылардан болады». (Әли Имран, 85)

«Немесе дін тұрғысынан Аллаһ бұйырмаған нәрсені оларға шариғат ететін ортақтары11 бар ма?!». (Шура, 21)

11Бұл жерде адамдар өздеріне құдай санап, оларға Аллаһ Тағаланың жер жүзіндегі барлық істі басқару қабілетін таңып жүрген біреулері немесе басқаларды дінсіздікке шақырушы адам бейнесіндегі шайтандар туралы сөз болуда.

Бұған дәлел болатын басқа да аяттар бар.

11-сұрақ:

Исламда неше дәреже бар?

Жауабы:


Үш дәреже: Ислам, иман, ихсан. Және бұлардың әрқайсысы бүкіл дінімізге бүтіндей қатысты.

12-сұрақ:

«Ислам» деген не?

Жауабы:


Ислам дініміз Аллаһ Тағаланың бірлігін (таухидті) ұстану жолымен Аллаһ Тағалаға бойсұну, белгілі діни міндеттерді орындау арқылы Оған бойсұнуды айғақтау және көпқұдайшылдықтан аулақ болу. Бұл жөнінде де Құран Кәрімде көптеген аяттар келген. Мұндай аяттардың кейбірін тілге тиек етейік. Аллаһ Тағала былай дейді:

«Діни тұрғыдан жақсылық істеуші болып, жүзін Аллаһқа тапсырғаннан кім жақсы бола алады?». (Ниса, 125)

«Кім өзін Аллаһқа тапсырып мухсин12 болса, сонда ол расында берік тұтқаны13 ұстаған болады». (Луқман, 22)

12«Мухсин» – Аллаһ Тағала көріп тұр деп ғибадат қылушы пенде.

13«Әл-уруатул-усқа», бұл жерде пендені Аллаһ Тағалаға берік байлайтын сенім, басқаша айтқанда, хақиқи дінді насихаттау туралы айтылып тұр.

«Өйткені, тәңірлерің бір-ақ Тәңір. Сондықтан оған бойсұныңдар. (Ей, Мұхаммед!) ықыластыларды қуандыр14». (Хаж, 34)

14Бұл жерде Аллаһ Тағала Мұхаммедке (с.а.с.) Аллаһ Тағаланың бойсұнушыларға берер сыйлығы туралы «жеткіз» деп бұйрық беріп тұр.

13-сұрақ:

«Ислам» ұғымы бүкіл дінді15 бүтіндей қамтитынына не дәлел бола алады?

15Бұл сөз Аллаһ Тағала ұнатқан хақиқи дін туралы айтылған.

Жауабы:

Аллаһ Тағала былай дейді:

«Аллаһ құзырында шынайы дін – Ислам». (Әли Имран, 19)

Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деді:

«Ислам бастапқы кезінде жат нәрсе болған еді, бастапқыда қандай болса, тағы да (сондай) жат болады16». (Мүслім, Ибн Мәжәһ)

16Бұл сөз Исламның дамуының алғашқы кезеңдерінде Исламға бет бұрғандардың саны көп болмағанын, дәл сондай жағдай ақырзаманда қайталанатынын аңдату үшін айтылған.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) тағы да былай деген:

«Исламның ең жақсы (көрінісі) – Аллаһқа иман келтіру». (Ахмад, көлемді хадистің бір бөлігі)

14-сұрақ:

Исламға оның бес тірегін айтумен анықтама беруге болатынына қандай дәлел бар?

Жауабы:

Жәбірейілдің (а.с.) Ислам туралы сұрағына Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қайтарған жауабы дәлел бола алады:

«Ислам – Аллаһтан басқа тәңір жоқ және Мұхаммед – Аллаһтың елшісі екендігіне куәлік беруің және намаз оқуың, зекет беруің, рамазан айында ораза ұстауың, шамаң келсе Аллаһтың үйіне (Кағбаға) қажылық жасауың». (Бұхари, Мүслім, Әбу Дауд, Ибн Мәжәһ, Насаи, көлемді хадистің бір бөлігі)

Тағы бір дәлел: Пайғамбарымыз (с.а.с.):

«Ислам бес тірекке құрылған» деп жоғарыда аталған бес тіректі қайталаған.

Бұл екі хадистің бір-бірінен айырмасы – екінші хадисте рамазан айындағы оразадан бұрын қажылық айтылады. Бұл екі хадис те Бұхари мен Мүслімнің «Сахихтерінде» келген.

15-сұрақ:

Екі куәліктің діндегі орны қандай?

Жауабы:

Пенде осы екі куәлікті айтқаннан кейін ғана дінге кіреді.

Аллаһ Тағала былай дейді:

«Шын мәнінде, Аллаһқа, Оның елшісіне иман келтіргендер – шынайы мүміндер». (Хужурат, 15)

Бұл ойды дәлелдейтін басқа да көптеген аяттар мен хадистерді келтіруге болады.

16-сұрақ:

Аллаһтан басқа ешбір тәңір жоқ екендігіне куәлік беру қажет екендігіне не дәлел?

Жауабы:


Аллаһ Тағала былай деген:

«Аллаһ (Тағала), періштелер мен әділетті ұстанушы ғылым иелері, расында Тым Үстем, Хикмет Иесі Аллаһтан басқа ешбір тәңір жоқтығына куәлік береді». (Әли Имран, 18)

«(Мұхаммед (с.а.с.)): «Шын мәнінде Аллаһтан басқа ешбір тәңір жоқ екендігін біл!». (Мұхаммед, 19)

«Аллаһтан басқа ешбір тәңір жоқ». (Әли Имран, 62)

«Аллаһ еш бала иемденбеді. Онымен бірге тәңір де жоқ». (Муминун, 91)

«(Мұхаммед (с.а.с.)): Егер Аллаһпен бірге олардың17 айтқандарындай тәңірлер болса еді, онда әрине Арыштың Иесіне бір жол іздер еді18». (Исра,42)

17Көпқұдайшылдар

18Яғни, егер сондай тәңірлер бар болғанның өзінде, олардың өзі де Аллаһ Тағаланың мейір-рахымына ұмтылып, әрекеттенер еді деген мағына бар.

Бұл туралы басқа да аяттарды келтіруге болады.

17-сұрақ:

«Аллаһтан басқа ешбір тәңір жоқ» деген куәліктің мағынасы не?

Жауабы:


Бұл куәліктің мағынасы – табынуға лайық Аллаһтан басқа әлдебіреудің бар екенін теріске шығару және табынуға лайық тек Аллаһ екенін растау. Біздің құлшылық етуімізде де, Оның билігінде де Оның ешқандай серіктері жоқ деп білу.

Аллаһ Тағала айтты:

«Міне күдіксіз Аллаһ, Ол Хақ. Расында олардың Аллаһтан өзге сиынғандары ол, басқа. Рас Аллаһ, Ол Өте Жоғары, Аса Ұлы». (Хаж, 62)

18-сұрақ:

«Аллаһ Тағаладан басқа ешбір тәңір жоқ» деген куәліктің (толық сақталмаса), айтушыға пайда бермейтін шарттары қандай?

Жауабы:


Ондай шарттар жетеу:

1- Куәлік берушінің нені теріске шығарып, нені құптайтынын білуі;

2- Куәліктің растығына жүрегінде толық сенім болуы;

3- Сырттай және іштей бұл куәлікке бағынуы;

4- Куәлік беруші адамның оның құрамды бөліктерінің ешқайсысын теріске шығармауы және мағынасына сай келетін нәрселердің де ешқайсысын теріске шығармауы;

5- Куәлік сөздерін айтқанда ешқандай күманданбауы;

6- Шындықтың тек тілде ғана болмай жүректің тереңінен орын алуы;

7- Куәлікке және куәлік берушілерге деген сүйіспеншілікте болуы;

Бұл жеті сұрақтың мағынасы төмендегі сегіз сұрақ арқылы толық ашылады.

19-сұрақ:

Білімді игерудің қажетті шарт екенін Құранның қандай аяттары және қандай хадистер көрсетеді?

Жауабы:


Аллаһ Тағала айтты:

«...бірақ ақиқатты біліп, куә болғандар басқа». (Зухруф, 86)

Мұндағы «ақиқатты біліп, куә болғандар» деген сөз, тілімен айтқанның мағынасын жүрегінде берік ұстап «Аллаһтан басқа ешбір тәңір жоқ» деп куәлік беруі дегенді білдіреді.

Ал Пайғамбарымыз (с.а.с.):

«Кім Аллаһтан басқа тәңір жоқ екендігін жақсы білген халде өлсе, жәннәтқа кіреді»,-деді. (Мүслім, Ахмад)

Бұл хадисті екі мухаддис те Усманнан (р.а.) алып отыр. Алғаш қарағанда, бұл сөзден адамдарда екі куәлікті тілмен айтып, денемен ешқандай амал жасамай тек жүректе білсе, жеткілікті екен деген ой тууы мүмкін. Бұл хадистің мағынасын толық түсіндіретін көптеген хадистер бар. Бізден бұрын өткен шыншыл игі кісілер бұл хадисті сөзбе-сөз қабылдамаған. Олар Құран аяттары мен хадистердің мағыналарын сәйкестендіріп қарастырған. Сондықтан, Пайғамдарымыздың (с.а.с.) жолын ұстанушылардың сенімі мен келісімі бойынша: иман дегеніміз екі куәлікті сөзбен айтып, жүрекпен бекітіп, Исламның бес тірегіне сай амал ету.


Каталог: ld
ld -> Сабақтың тақырыбы : Баяндауыш
ld -> Таңғажайып алаң ойыны. М.Әділова
ld -> Мақтаның жемісі мақтаның ашылмай қалған немесе шала ашылған қауашағын дейді. Қауашақ ашылады. Қауашақ ішіндегі ұзын талшықтары (түктері) бар өте көп тұқымдар шашылады
ld -> Одонтогенні кісти діляться на кореневі (радикулярні) і коронкові (фолікулярні)
ld -> Одонтогенні пухлини щелеп
ld -> Производство лекарственных препаратов по контрактам: Простанорм г. Томск
ld -> Гбоу впо рниму им. Н. И. Пирогова
ld -> 1. Гомеостаз – дегеніміз не


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет