Семантикалық сөзжасам және транспозиция (үстеулену мен шылаулану үдерісі) ф.ғ. к., аға оқытушы Шойбекова Ғ. Б



Дата23.05.2017
өлшемі128.66 Kb.
#11142
Семантикалық сөзжасам және транспозиция

(үстеулену мен шылаулану үдерісі)

ф.ғ.к., аға оқытушы Шойбекова Ғ.Б.,

ф.ғ.к., қауымд. профессор м.а. Оданова С.А.

Қазмемқызпу, Алматы
. Сөздер жаңа мән үстеп, үстеу жасай алса, онда оны сөзжасам жүйесінде қарастыру керек. Үстеулер тілдің ұзақ даму барысында пайда болған. Оларды қазіргі тілдік көрініс тұрғысынан ғана үстеу деп атауға болады. Себебі түрлі аффикстер үстеу сөз түбіріне сіңісіп, ажырамастай күйге түскен. Жалпы түркологияда үстеу туралы В.Н.Насилов, П.М.Мелиоранский, М.А.Казем-бек еңбектерінде жазылған.

Қазақ тілінде А.Ысқақовтың, С.Исаевтің, Е.Саурықовтың еңбектерін атап өтуге болады. Үстеулерге арнайы зерттеу жасаған А.Ысқақов үстеу сөздердің заттың әрқилы қимылы мен ісінің әртүрлі сындық, бейнелілік, мекендік, мезгілдік, шарттық, мөлшерлік күй-жайларын және сынның белгісін білдіретіндігін жазады. М.Томанов үстеу сөздерді есім сөз топтарына жатқызып, морфологиялық жағынан үстеулердің бірде есім негізді болса, бірде етістік негізді болып отыратындығын еңбегінде келтіреді. Осындай әр тұлғалылық оларды біршама кеш қалыптасқан грамматикалық класс деп қарауға мүмкіндік береді. Бүгінгі тілдегі көптеген үстеулердің түбір мен қосымшаға ажырайтыны осының айғағы. Жоғарыда аталған еңбекте профессор М.Томанов үстеулердің қалыптасуының екі түрлі жолын көрсетеді: 1) сөздердің синтаксистік жолмен үстеуге айналуы; 2) белгілі бір формалардың көнеріп, өз қызметі мен мәнінен ажырап қалуы. Тіліміздегі көптеген үстеу сөздер -ша, -ше жұрнақтары арқылы жасалады. Мысалы: ке+ше, бұрынғы+ша, мұн+ша, сон+ша, ескі+ше, батыр+ша т.б. бірталай үстеулерді айтуымызға болады. Көне түркі тілінде ан+ча, ан+та, ас+ра (биікте, жоғарыда), өзін+че, ілгерү, бергерү түрлері молынан кездеседі. Бір ғана ан+ча тұлғасы: Анча еріг иерге – сол аялдама жерге; Аны көріп, анча білің - бұған қарап, мынаны біліңдер; Анча олурыр ерміш – осылай қондырдық; Анча тіміс – былай депті; Анча контуртымыс – осынша қондырдық; Анча ітдіміз – осынша еттік; Анча қазғанмус, ітміс еліміз, төрүмүз ерті – сонша иелік еткен ел-жұртымыз осындай еді; Анчу қазғануп – біраз ұлғайтып т.б. Жоғарыда көрсетілгендей “Күлтегін” жырында “анча” үстеуінің осындай бірнеше мағыналары беріледі. Бұл – Ү-ҮІІ ғасырдағы тілдің көрінісі. Демек, Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінің заманында үстеу сөздер семантикалық тәсіл арқылы дамыған. Анча үстеуінің сол, мынаны, былай, осынша, сонша, біраз секілді мағыналары осының айғағы. Сонымен қатар “анта” үстеуі де өте актив қолданылады және мағыналық аясы кең. Жырда бұдан өзге “үчүн”, ілгеру, курығару, біргеру, бунча, иырғару, йағру, йана, йоқару, ілкі (баяғы, алдыңғы), құрыйа (арттағы) сияқты көптеген үстеу сөздерді кездестіруімізге болады.

Жалпы түркі тіліне ортақ үстеу сөз жасаушы -ча, -че тұлғалары бар екендігі белгілі. Осы аффикстердің тегі “шақ”есім сөзі деп ғалымдар айтып та, жазып та жүр. Бұл тұлғалар кейбір сөздерге түбегейлі кірігіп, түбір сөзді анықтауда қиындық туғызады. Семантикалық тәсіл арқылы дамыған үстеудің бірі - мезгілді білдіретін “кеше” үстеуі. Оның қазақ тіліндегі сипаты мынадай:

Кеше 1. Бүгінгі күннен бір күн бұрын өткен күн.

2. Ауыс. Таяудағы кезде, жуықтағы мезгілде [ҚТТС].

Үстеу сөздің мағынасы – өткен мезгіл немесе кеткен уақыт. Қазіргі тіл тұрғысынан түбір сөз ретінде қаралады. Ал тарихи тұрғыдан келсек, шартты түрде кеш сөзімен төркіндес. Семантикалық тәсіл арқылы дамыған кеш сөзінің көне түркі тіліндегі мағыналары мынадай сөздің аясына сияды.

Кеш ұзақ (долго)

Кеш (поздно)

Кеш кешіп өту

Кеш кешігу

Кеш кеш, түн [ДТС].

Көне түркі сөздігі тілдің ерте кездегі жай-күйін бере алмайды. Сөздіктің өзінде Ү-ҮІІІ ғғ. арасындағы ескерткіштер тілінің негізінде жасалғандығы айтылған. Біздіңше, кеш, кеше тұлғаларының алғашқы ке – архи түбірі Ү ғасырға дейін қолданса керек. Есте жоқ ескі заманда -ша, -ше тұлғасын мезгілдік, шақтық мағына бергені ғалым Б.Сағындықұлы еңбегінде айтылған. В. Котвич, О. Бетлингктің кезінде жазып кеткен дәл осындай пікірлерін негізге ала отырып, кеше үстеуінің түбірі ке- етістігі де, -ше үстеу тудырушы жұрнақ деген қорытындыға келуге болады.

Ке- түбірінде қимыл мағынасы бар. Мысалы, ке+л, ке+т, ке+с, ке+р, ке+п т.б. Бәріне ортақ мағына субъектінің предикативтілігі, қозғалысы. Ке+л, ке+т етістіктерінде динамикалық қозғалыс бар. Ол антонимдік мағынаның тууына себепші болады. Кету мағынасындағы ке тұлғасы “кеше” үстеуіне негіз болған. Яғни, өткен уақыт, кеше мағынасы туындаған. Осының негізінде ке- етістік тұлғасы үстеуге айналып, ешқандай айырғысыз сөз пайда болған.

Көне түркі тілінде “йана” сөзі үстеу сөз деп көрсетіледі. Ол бүгінгі тіліміздегі жаңа, жаңадан сөздерімен төркіндес. Түркі тіліндегі көне тұлғасы jana деп беріледі.

Йана 1. Жаңа, қайтадан. 2. Тағы [ДТС] мағыналарымен бірге jandru /janduru/jana - қайтадан, қайта, тағы сынды тұлғалық өзгеріске ие сөздер көрсетілген. Сөздікті негізге ала отырып, бұл сөздің түбірі jan - қайта оралу, қайту мағынасы деген тұжырым жасаймыз. Қазіргі қазақ тіліндегі “жаңа” сын есімімен байланыста қарауға болады. “Жаңа” сөзі негіз болған “жаңадан” үстеуі “қайта, қайтадан, тағы” үстеулерімен синонимдес болып келеді. Ендеше, “жаңа” сын есімінің “қайтадан, қайта” мағынасындағы jana үстеуінің де түп негізі jan- қайту, қайта оралу қимылдық мағынасы болады.

Жаңа нәрсе әр уақытта да қайта пайда болған дүниелер екенін ескерген жөн. Түркі тілдеріндегі үстеулену процесін зерттеуші Е.Б.Саурықов: “йана тұлғалы үстеу сөз көне дәуірде “қайта, қайтадан, жаңадан” мағынасын берген. Сөздің түбірі йан – “қайту, қайтып келу” етістігі, оған көсемшенің -а формасы қосылып йана түріндегі үстеу қалыптасқан” – деген нақты пікір келтіреді. Демек, “жаңадан, қайтадан” мағынасындағы етістік сөздің негізінде үстеуленген.



Жақын – жақын –жақын сөздерінің семантикалық тәсіл арқылы дамуы.

Күлтегін” ескерткішіндегі кездесетін тағы бір үстеу сөз “йағру” – жақын мағынасы. Йағру барып үкүш кісі өлтіг – Жақын барып көбің қырылдың (Күлтегін жырынан). Бұл сөздің үстеуге айналуына –ру қосымшасы әсер етіп тұр. Сөздікке жүгінсек:

йақын сын. 1. Жақын, жақында орналасу.

зат. 2. жақын, жақын туыс, өзі.

жақын үст. мағыналары кездеседі. Сөз тіркесі құрамында да негізгі мағыналары сақталған:

йақын біл - жақынырақ біл.

йақын йағуқ - жақын туыстар.

йақын кел - жақын кел.

йақын тут - жақын тұт.

Аталған тұлғалардың екінші варианты – йағуқ сөзі.

Йағуқ 1. Жақын, жақын орналасу.

2. жақын туыс.

жақын үст. [ДТС].

Йағуру: йақын – жақын, жақындау мағыналары да кездеседі. Бұған қарап ортақ түбірлер йақ ~ йағ деп көрсетуімізге болады. Ал енді ортақ мағынасы қайсы, соған тоқталайық. Екеуіне ортақ түбір йақ-йағ болғандықтан, біздіңше, түбір мағынасы йағ - йақ - жақындау, жанасу мағыналарымен сәйкес келеді. Демек, алғашқы мағынасы қимылдық мағына да, -ру қосымшасы жалғанып, үстеулік мағына туып тұр.

Үстеулердің тарихи қалыптасуында -ғару, -геру, -қару, -керу, -ару, -еру тұлғаларының үстеу сөз қалыптастырудағы ролін білеміз. Үстеу сөз тудырушы бұл тұлғалар туралы А.Есенқұлов кеңінен жазып кеткен. Алғашқы кезеңде сөздердің күрделі болмағаны сияқты, қосымшалар да тек жалаң түрде жалғанып, уақыт өте келе күрделеніп, құранды жұрнаққа айналған. Сол сияқты - ғару, - геру, - қару, - керу, - ару, - еру қосымшалары да екі морфемадан 1) -қа (-ке, -ға, -ге, -а, -е), 2) -ру секілді морфемадан тұрған. Тілдегі үстеулену процесін толығымен, жан-жақты қарастырған зерттеушінің пікірінше -ға, -ге барыс септігінің жалғаулық тұлғалары. Ал -ру, -рү формалары “қарай” мағынасындағы шылау деп көрсетеді. Бұл пікір де қисынға келеді. Тілде түрлі процестер жүріп жатады. Біздіңше, -ру, - рү шылауының түп негізі көне түркілік -ур етістігінде жатса керек. Йағуру/йақын – жақындау, жақындастыру мағынасындағы йағуру – йақ ұру, яғни жақын ұру, жақындау, жақын тұру тіркесі сияқты -ур етістігінің тұлғалық, мағыналық дамуын өзге ғалымдардан ерекше түсіндірген тілші Б.Сағындықұлының -ур-дың көмекші етістік тұлғасы деп беруін қолдаймыз. Лингвист ғалымның айтуынша: “ас ежелгі *ур= етістігінің даму жолы мынадай болған:

– тірі түбір>өлі түбір

– негізгі етістік>көмекші етістік

– көмекші етістік> тірі жұрнақ>түбірге сіңісіп кеткен өлі жұрнақ;

– көмекші етістік>өзгелік етіс, көмекші етістік> шақ”.

Осыған қарап, *ур етістігінің көне уақыттарда түрлі тілдік функцияларды атқарғанын көреміз. Осы секілді ілгерү - алға қарай ұру, кұрығару – кейін қарай ұру, іч-ре – ішке қарай ұру, тач-ра – тысқары қарай ұру, йырғару – терістікке қарай ұру т.б. үстеулердің табиғаты осылай қалыптасқан. Сөйтіп, йағ+уру үстеуі йақ - жақындау етістігіне -уру көмекші етістігі үстеу тудырушы тұлғаға айналып үстеуленген.



Шылаулану – өзге сөз таптарындағы сөздердің шылау сөздерге ауысуын білдіретін конверсиялық процесс. Шылау – түркі тілдеріндегі ең жас сөз табы. Түрколог В.М.Насилов: “известно, что в тюркские языки в синтаксическом строе не имели категории союзов и историческое развитие подчинительной и сочинительной связи обходилось без союзов”, – деп жазады. Яғни шылаулардың пайда болуын салалас, сабақтас құрмалас сөйлемдердің пайда болуымен байланыстырады. Зерттеу мақаласында түркі шылауларын емес, өзге тілден енген кірме шылауларды тізіп береді. Лингвист А.М.Щербак: “союзы в большинстве своем появляются в период рассвета так называемой чагатайской литературы”- деп жазады да, Шығыс Түркістан ескерткіштерінің тіліндегі мынадай шылауларды тізіп береді: азу, aju – немесе, ja – немесе, жә болмаса, аб…аб – не ол емес, не бұл емес, нэ… нэ – не ол емес, не бұл емес, ара… ара – бірде олай, бірде бұлай.

Сонымен, қазіргі қазақ тілінде қолданылып жүрген шылауларға талдау жасап көрейік.



Таман – таман сөздерінің семантикалық тәсіл арқылы дамуы.

Таман шылауы жақын, таяу, жуық деген мағыналарды береді.

Көне түркі сөздігінде таман лексемасы жоқ. Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздерін жасаған ғалым Б.Сағындықұлы ж ~ т сәйкестігі нәтижесінде дамыған бірнеше сөзді атайды. Солардың ішінде жақын-тақын варианттары және олардың түбірлес сөздері жуық, тақау, таяу тұлғаларының туыстығы бар екенін жазады. Демек, Таман-тақау-таяу-жақын-жуық сөздері бір ұғымды білдіретін түрлі тұлғадағы варианттас сөздер. Тіліміздегі таман сөзіне жақын келетін тап (тап солай), дәп (дәп солай), дәл т.б тұлғалар осы шылаумен түбірлес.

Тап шыл. Дәл, нақ, нағыз

Дәп үст. Дәл, нақ

Дәл. үст. 1. Дұрыс, тура, ашық. 2. Құйып қойғандай шақ, дөп. 3. Нақ, нағыз өзі [ҚТТС].

Бүгінде бұл сөздер біресе шылау, біресе үстеу делініп жүр. Мұндай екіжақтылық қазақ тіл білімінде үстеу сөздер мен шылау сөздердің ара жігінің ажырай қоймағандығын көрсетеді. Осыған қарап, таман шылау сөзіне үстеу мағынасы негіз болса керек деген тұжырым жасауға болады. Түркі тілдерінің кейбіреулерінде бұл шылау өзінің алғашқы дыбысталу қалпын сақтап қалған.

Башқұрт – таба Қазақ – таман

Құмық – таба Қырғыз – таман

Шор – тебе Қарақалпақ – таман

Ноғай – табаған

Көне түркі тілінде Тап - сол сәтте, тап қазір және Тапа – белгілі бір бағытты білдіретін шылау сөз [ДТС] деген мағыналары қазақ тіліндегі тап, таман сөздерінің мағыналарымен сәйкес келеді. Б.А.Серебренников пен Н.З.Гаджиева таман сөзінің құрамындағы –н қосымшасын көне түркілік барыс жалғауының грамматикалық көрсеткіші деп атайды.

Ғалымдардың көрсетуінше, -н қосымшасы заттық мағына үстеуші, қазіргі өзбек тілінде таман сөзі, бірінші, бағытты көрсетіп, бағдарды білдірсе, екінші, белгілі бір бағыттың иемденген ауқымы, яғни сол жер, аудан мағынасында қолданылып жүр. Мысалы, чап туманигасол жаққа, бу туманда бұл жақта, бұл ауданда. Дәл қазіргі уақытта туман сөзі аудан мағынасында қолданылып, заттық мәнге ие болып тұр. Мысалы, Қыбырай тумани – Қыбырай ауданы.

Сонымен, қазақ тіліндегі таман – тап – дәп – дәл – тапа-тал; жақын – жуық - тақау – таяу сөздерінің алғашқы мағыналары уақытты берген де соңынан бағыт-бағдар мағынасына ауысқан. Қазіргі түркі тілдерінде бұл сөздер үстеуленіп, одан заттық мағынаға ауысқан. Осыған қарап, таман – таман сөздері семантикалық тәсіл арқылы мағыналық дамуға түсіп, транспозицияланған. Бұдан өзге де – дейін (тег, тегін, шейін) – көрі (гөрі), – тап т.б. шылауларды мысалға келтіруімізге болады.

Дейін – септеулік шылауы да қазақ тілінде барыс септігіндегі есім сөзбен тіркесіп, екі объектінің ара қашықтығын білдіреді. М.Рясянен бұл шылау сөзді көне түркілік “тәг” қимыл мағыналы сөзінен дамыған деп көрсетеді.

Бұл сөздің өзге түркі тілдеріндегі көрінісі мынадай:

Ноғай – дерси әзірб. – дәк

Чуваш – тери түрік – дек

Қ-балқар – дери қазақ – дейін

Якут – диэри

Көне түркі тілінде “тег” түбірлес, мағына жағынан жақын бірнеше түбір және туынды сөздер бар. Мысалы:

Teg шылау. Дейін tabіsyan jіl besіnc aіga teg - Қоян жылы бесінші айға дейін.

Teg – ет. 1. Жету – ол күнтіз тегті түрік бодун Темір Капыгқа. Сол күндері түрік халқы Темір қақпаға дейін жетті.

Tegі – шылау. Дейін темір қапығқа тегі ертіміз. – Темір қақпаға дейін қудық.

Tegіn – шылау. дейін қырық иылға тегін - Қырық жылға дейін.

Tegіn – ет. түбірі teg – Жету, орындалу.

Tegіnc – ет. орындау, жету

Tegіnc – шылау. дейін

Tegu – шылау. дейін [ДТС].

Аталған сөздердің бәріне ортақ мағына белгілі бір нысан мен екінші бір нысанның ара қашықтығын, мөлшерін, бағытын білдіретін сөздер тұр. Осыған қарап, М.Рясяненнің “тию, жанасу” мағынасына ұқсастыруын дұрыс болжам деп ойлауға болады. “Дейін” сөзінің мағынасы – бір заттың екінші бір затқа жақындауы, жанасуы, сонымен қатар, параллель тұруы. Яғни, teg – жету қимыл мағынасының шылауға айналуы. Тілімізде “дейін” шылауымен қатар қолданылып жүрген “шейін” (диалектілік шекейін түбірлері шек-тег) тұлғалары бар. Қазақ тіліндегі “дейін, шейін” шылауларының мағыналары бірдей: бір нәрсенің шегін көрсететін демеулік шылау. Тіл біліміндегі т ~ д, т ~ ш сәйкестіктерін ескерсек, бұл сөздер еш кедергісіз туыстас сөздер екендігі дәлелденеді. Біздің ойымызша, “дейін, шейін” шылауларының түбірі де-, ше- болса керек. Салыстырмалы түрде қарасақ, осы шылаулардың мағынасын беретін -ша, -ше тұлғалары бар. Мысалы, барғанға дейін – барғанша, келгенге дейін – келгенше. Мезгілдік мағынаны үстеуші -ша, -ше тұлғалары –ғанша, –генше жұрнақтарына кірігіп кеткен. Түбір мен қосымшалар арсындағы сабақтастықты мейлінше ашық көреткісі келген ғалым Б.Сағындықұлының пікірінше: “ша/ча барыс септігіне ешқандай қатысы жоқ. Шектеулік мән есімше жұрнағының табиғатынан және етістіктердің лексикалық мағынасынан шығады. Ал –ша форманты мезгілдік мәнді білдіреді де, уақыт шамасын айқындайды”. Ғалымның осы пікірін негізге ала отырып, “дейін, шейін” шылауларының түбірі “де”, “ше”/-ша, -ше/ тег – тию, жанасу қимыл мағыналарынан туындап, мезгілдік мағынаны көрсеткен деп тұжырымдаймыз. Белгілі бір уақыт аралығында мезгілдік мәнге көшкен сөз. Бағыт, мекен, мағынасын да беретін болған. Қазақ тіліндегі “дейін, шейін” шылауларының түбірлері орыс тіліндегі до – послелогтарының түбірлерімен сәйкес келеді. Мағыналары да дәлме-дәл.

“Гөрі” септеулік шылауы қазіргі қазақ тілінде шығыс септігін меңгеретін шылау ретінде танымал. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде:

Гөрі шылау. Шығыс септік жалғауындағы сөздермен тіркесе айтылып, оған талғау, саралау мәнін үстейтін шылау сөз [ҚТТС].

Көне түркі тілінде:

Көру. шылау. Гөрі, салыстырғанда, қарағанда [ДТС] ешқандай мағыналық өзгеріссіз шылау сөз берілген. Негізінен, “гөрі” шылауын “көр” – көру қимылдық мағынасымен байланысы бар. Салыстырмалы түрде қарасақ, Менен гөрі ол жақсы біледі немесе Маған қарағанда ол жақсы біледі деген сөйлемдерді алып қарасақ, ешқандай мағыналық айырмашылық жоқ. Осыған қарап, “гөрі” шылауы мен “қарағанда” үстеу сөзінің байланысы бар. Ортақ түбірлері – “гөр~қар”. Екеуінде де салыстырмалылық мағына бар. Яғни, көзбен көріп немесе қарап, салыстыру қимыл мағынасы негізінде “гөрі” (қарағанда) септеулік шылауына ауысқан. Қазақ тіліндегі “қарай”, “қарсы” шылаулары да “гөрі” шылауымен түбірлес, мағыналас. Барыс септігін меңгеретін бұл септеулік шылаулардың тарихи сипаты құрылымдық жағынан да, мағыналық тұрғыдан қарастырғанда ашылады. Мысалы, маған қарай жүгірді немесе маған қарсы жүгірді. Екі сөйлемде “қарай, қарсы” шылаулары белгілі бір бағытты меңзеп тұр. Осыған орай, адамның өзі көріп тұрған нәрсесі, заты – оған қарама-қарсы құбылыс. Ол қарама-қарсы құбылысқа қарай көз тастайды, жүреді, жүгіреді, қол сілтейді, бағдарлайды, бағыттайды, салыстырады және т.б. қимыл мағыналы сөздермен тіркестіруге болады. Бұдан келіп, адам:

а) қарама-қарсы нәрсені көреді;

ә) соған қарай жүреді;

б) көрген нәрсесі оған қарсы тұр және соған қарай бағыт алуға болады.

Демек, көр - қар - қар түбірлері бір. Олардың барлығы да қимыл мағынасынан дамып, гөрі, қарай, қарсы шылау мәндеріне өткен.

Қазақ тіліндегі шылау сөз табы ең жас сөз табы саналғанымен, өзге мағынадағы сөздер тобының көптеп шылауланғаны көрініп тұр және олар алғашқы мағыналарынан алшақ кетпей, шылаудың мәнін үстеуші бір мағыналық қырды өздеріне жамау арқылы туындаған. Тіліміздегі шылаулар саны тілдің синтаксистік құрылымының күрделенуіне байланысты көбейетіні айқын.

Туынды сөздер қазақ тілінің байлығын көрсетіп қана қоймай, халықтың ұғымының, санасының, түсінігінің, болмыс-бітімінің бүтіндігін, танымының кеңдігінің айқын көрінісі екеніне дәлел бола алады. Күнделікті өміріміздегі қолданып жүрген сөздердің қайдан, қалай пайда болғандығына мән бермей, адамдармен қарым-қатынас жасаймыз. Сол сөздердің түп-тамырына, негізіне үңілсек, ұлтымыздың танымының куәсі болар едік. Таным, болмыс негізінде пайда болған әлемдік бейне атауы тіліміздің сөзжасам заңдылықтары арқылы туындаған сөздер. Тіліміздің сөздік қорын байытқан сан алуан сөздер семантикалық тәсіл негізінде жасалған. Бұл тәсіл тілдің дамуына әсер еткен ең көне тәсіл саналады. Жалғамалылық күйге жеткенге дейінгі тілдің мағыналық өрісін кеңейтіп, дамығандығының белгілері ретінде бірнеше сөздерге семантикалық талдау жасалып, олардың мағыналық қырлары көрсетілді. Лингвистикалық талдау жасай отырып, сөздердің мағыналарын – архисемасын, өзексемасын, арнайы семасын тануда сөзжасамның семантикалық тәсілі үлкен қызмет атқарады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. Алматы, 1989.

2. Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы Алматы, 2002.

3. Салқынбай А.Б. Тарихи сөзжасам (семантикалық аспект). Алматы, 1999.

4. Салқынбай А.Б. Қазақ тілінің сөзжасамы. Алматы, 2003.

5. Қасым Б. Сөзжасам: Семантика. Уәждеме. Алматы, 2003.

6. Қазақ грамматикасы. Астана, 2002.

7. Отарбекова Ж. Қазіргі қазақ тіліндегі сөзжасамның жалпы мәселелері мен сөзжасамдық тәсілдері жайында. Алматы, 2001.



8. Сағындықұлы Б. Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері. Алматы, 1994
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> Қазақстан республикасының денсаулық сақтау әЛЕУМЕТТІК денсаулық сақтау министрлігі
publications -> Қазақ тіліндегі физикалық ЖӘне техникалық терминологиялық СӨздіктердегі үйлесімсіздік
publications -> Реферат тақырыбы: Сыртқы және ішкі сәулелену әсерінен пайда болатын аурулар Орындаған: Медеубек М. А. Тобы: 103 фк
publications -> Ас қорыту жүйесі
publications -> Тіл – ел байлығы
publications -> В медицинской практике остеомиелитом называют воспаление всех слоев кости от костного мозга до надкостницы
publications -> Делимитация и демаркация государственной границы рк как фактор национальной безопасности
publications -> Морфологические изменения миокарда предсердий при внезапной сердечной смерти у пожилых людей
publications -> Патриоттық тәрбие Аннотация


Достарыңызбен бөлісу:




©stom.tilimen.org 2023
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет