Сабақтың тақырыбы: Егіншілік жүйе Сабақтың мақсаты: Білімділік: Оқушыларға егіншілік жүйесі туралы түсіндіру



Дата22.02.2019
өлшемі87.26 Kb.
түріСабақ
Сабақ жоспары № 12
Күні______

Тобы______


Сабақтың тақырыбы: Егіншілік жүйе

Сабақтың мақсаты:



  1. Білімділік: Оқушыларға егіншілік жүйесі туралы түсіндіру

  2. Тәрбиелік: Мамандыққа, пәнге қызығушықты арттыруға тәрбиелеу

  3. Дамытушылық: Оқушылардың білімін жетілдіру, топпен бірге жұмыстануға үйрету, дағдыларын қалыптастыру

Сабақтың түрі: Теория

Оқытудың әдістері мен әдістемелік амалдары: Түсіндіру, топпен жұмыс

Көрнекті оқу құралдары мен техникалық құралдар : Сурет
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру бөлімі: оқушылармен амандасу, аудиторияның сабаққа дайындығын тексеру (бор, тақта, аудитория тазалығы), журналға бар оқушыларды белгілеу, журналды толтыру
ІІ. Өткен тақырыпты тексеру

1. Дәнді дақылдардан кейін топырақ өңдеу жүйесі туралы айтыныз?

2. Отамалы дақылдардан кейін топырақ өңдеу жүйесіне тоқталыныз?

3. Көпжылдық шөптерден кейінгі топырақ өңдеу жүйесіне қойылатын талаптар?

4. Егін себер алдындағы топырақ өңдеу талаптарын атаңыз?
III. Жаңа тақырыпты түсіндіру

Егіншілік жүйесі белгілі бір табиғи және экономикалық жағдайларға қарай колданылады. Казақстанның ұлан-ғайыр аумағында бірыңғай егіншілік жүйесін дамытуға болмайды, ол мүмкін емес. Әртүрлі топырақ, климат жағдайларында егіншілік жүйесінің құрамдас бөлігінің маңызы бірдей емес. Егіншілік элементтерінің әрқайсысының нақтылы мазмұны, өзінің жергілікті маңызы бар. Ауыл шаруашылық өндірісін ұтымды ұйымдастыру міндеті осы элементтер арасында өзара дұрыс байланыстар орнату, бүкіл жүйе нәтижелерін шешуші түрде анықтайтын басты буынды табу болмақ,  мысалы, құнарлылығы төмен топырақ жеткілікті ылғалдандырылған аудандарда, суармалы егіншіліктегі тәрізді, тыңайтқыштар жүйесі бірінші орынға шығарылады, ал солтүстік Қазақстанның астықты аудаңдарындағы басты мәселелер — эрозиямен күрес шаралары және топырақта ылғал сақтау, фосфорлық тыңайтқыштар енгізу, таза пар алқаптарын ұлғайту және басқалар.

Қазіргі заманғы егіншілік жүйесі жерді интенсивті пайдалану негізінде топырақ құнарлығын арттырумен қарастырылады. Елдің аймақтары бойынша  әзірленген жүйе белгілі табиғи және экономикалық жағдайларға негізделіп қолданылады, барынша сапалы дақылдарды егуді кеңейту арқылы егістік ауданының құрылымын жақсарту қарастырылады.  

Егіншілік жүйесінің негізгі элементтеріне мыналар жатады: ауыспалы егістік жүйесі; топырақты өңдеу жүйесі; мелиоративті шаралар жүйесі (суару, құрғату, химиялық мелиорация, мәдени - техникалық жұмыстар және т.б); тыңайтқыш жүйесі; тұқым шаруашылығы жүйесі;  өсімдікті қорғау жүйесі; сулы және желді эрозиямен күресу шаралар жүйесі; танапты қорғау үшін ағаш егу;

Ғылыми негізделген егіншілік жүйені қолдану – Қазақстандағы  өсімдік шаруашылығының өркендеуінің негізгі шарттарының бірі. Тек салаларды интенсивтендірудің өзі өсімдік шаруашылығының өнім өндірісін жоғарылатуға мүмкіндік береді, өйткені ауыл шаруашылығында жер алқаптары, әсіресе жыртылған жердің көлемі шектеулі. Соңғы жылдары егістік ауданының халық басына келетін үлесі төмендеген.

Егіншіліктің кез-келген жүйесінің негізі ауыспалы егіс жүйесі болып табылады. Бұған егісті, көкөністі, шалғын жайылымды, фермалар жаны, топырақты қорғау және т.б. ауыспалы егістер жатады. Ғылыми негізделген ауыспалы егістер топырақтың сулы – ауалы режимін жақсартады, оны өңдеудің ұсынылған жүйесін енгізуге, тиімділігі жоғары техникаларды, органикалық және минералды тыңайтқыштарды, өсімдікті қорғау құралдарын қолдануға жағдай жасайды.  Ұтымды жасалған ауыспалы егіс жыл бойы ауыл шаруашылық кәсіпорындарында материалдық және еңбек ресурстарын тепе-тең пайдалануға мүмкіндік береді.  Өндірісті шоғырландыру және өндірісте шаруашылықтың мамандандыруын анықтайтын ауыспалы егістің интенсивті типін енгізуді қажет етеді. Осындай ауыспалы егісте егіншілік жүйесінде қарастырылған барлық шаралар кешенін орындау өте маңызды. 

Топырақтың экономикалық құнарлылығының ұдайы өндірісін кеңейтудің негізгі техинкалық құралдары егіншілікті химияландыру, жерді суландыру және кешенді механикаландыру.  Мамандардың бағалауы бойынша  егістік ауданының бір гектарына есептелген өнімділікті тыңайтқыштарды қолдану нәтижесінде 50 пайызға, өндірістің барынша жетілген техникасы мен технологиясын қолдану арқылы  25-30 пайызға, жаңа сорттар енгізу арқылы 20-25 пайызға дейін көтеруге болады.  Минералды тыңайтқыштарды қолдану – егіншілікті химияландандырудың негізі. Тыңайтқыштарды енгізу арқылы экономикалық тиімділікті көтеру топырақтың құнарлығын басқа да факторлармен оңтайлы үйлестіру кезінде жүзеге асады.

Өсімдік шаруашылығы өнімінің өнімділігін интенсивті технология арқылы қысқа мерзімде арттыру кезінде өндірістік шығындар құрылымында тыңайтқыштар және өсімдіктерді қорғау құралдарының  үлес салмағы айтарлықтай жоғары болуы тиіс. (мысалы, астық дақылдарында 1,4 – 4 есеге дейін). Минералды тыңайтқыштардың тиімділігі оны органикалық тыңайтқыштармен кешенді қолданғанда жоғарылайды, сонымен қатар  топырақтың химиялық құрамын жақсартуға, қарашіріктің көлемінің өсуіне, топырақтың құрылымын және сақталуын жоғарылатуға әсер етеді.

Соңғы жылдарда минералды және органикалық тыңайтқыштарды жеткізу өте күрт төмендеп кетті. Топырақтың құнарлығына әсер етуші құралдың бірі - кешенді механизацияландыру болып табылады. Машиналарды ұтымды қолдану топырақта ылғалдың жиналуына әкеледі, жылу режимін реттейді, танапты ластанудан сақтайды, оңтайлы мерзімде ауылшаруашылық жұмыстарының орындалуына ықпал етеді. Ауыл шаруашылығы өндірісін кешенді механизациялау өсімдік шаруашылығындағы еңбек өнімділігін айтарлықтай көтереді.

Қазіргі кезде егіншілік жүйесі деп жерді тиімді пайдалануға, топырақ құнарлылығын арттырып, ауылшаруашылық дақылдарынан жоғары және тұрақты сапалы өнім алу мақсатына бағытталған агротехникалық, мелиоративтік, ұйымдастыру жұмыстарының өзара байланысқан кешенді жиынтығын айтады. Ғылым мен техниканың дамуына байланысты егіншілік жүйесінің міндеттері күрделене түсті. Қоғам дамыған сайын, өндірістік қатынастар өзгерді, ауыл шаруашылығы ғылымының дамуына орай топырақ құнарлылығын қалпына келтіру және жоғарылату әдістері, егіс көлемі, дақылдар түрлері және өнімділік деңгейі де өзгерді. Сондықтан жалпы егіншілік жүйесі де өзгеріске ұшырады. Бұрынғы заманда және қазіргі кездегі қолданылып жүрген егіншілік жүйелері даму дәрежелеріне байланысты үшке бөлінеді: қарапайым, экстенсивті және қарқынды (интенсивті).



Егіншіліктің қарапайым жүйесі тек топырақтың табиғи құнарлылығын пайдалануға негізделген. Бұл — егіншіліктің алғашқы даму кезеңіне төн ерекшелік, яғни ол егіншіліктің ең қарапайым жүйесі болып саналады. Ерте кезде адамдар орманды алқаптарға егін салу үшін, ағаштарды кесіп немесе өртеп, егістік алаңдар даярлаған. Орманнан тазартылған жерлерде 3-5 жыл бойы дақылдар егілген. Танаптарда арамшөптер көбейіп, топырақ құнарлылығы және өнім мөлшері төмендеген жағдайда, ол жерлер тасталып, егіс үшін жаңа жерлер дайындалған.

Егіншіліктің бұл жүйесі «кесу-өртеу» деп аталады. Далалық аймақтарда ағаш емес, көп жылдық табиғи шөптер өсетіні белгілі. Сондықтан, бұл жерлерде егістік үшін табиғи жайылымдар мен шабындықтар пайдаланылған. Пайдаланылған жерлердің өнімділігі төмендеп, арамшөптері көбейіп, құнарлылығы азая бастаған кезде диқандар ол жерлерді тастап, басқа тың жерлерге ауысып отырған. Сондықтан, егіншіліктің бұл көшпелі тәсілі «тыңайған ауысу түрі» деп аталған. Тастап кеткен танаптарда 15-20 жылдан кейін, табиғи көп жылдық шөптердің есуіне байланысты, топырағының құнарлылығы қайтадан қалпына келген. Сол кездері танап қайта жыртылып, егін себілген. Қазақстанда Ұлы Қазан төңкерісіне дейін егіншіліктің «тыңайған жерге ауысу» сияқты қарапайым жүйесін қолданып келген.



Егіншіліктің экстенсивті жүйесі. Бұл жүйе егіске жарамды жерлерді пайдалануды жақсартты. Халық санының осуіне байланысты, егіс алқабының көлемі ості. Жерге жекеменшіктік пайда болды, сол себепті диқан кез келген жерді жырту мүмкіндігінен айырылды. Енді топырақ құнарлылығын қалпына келтіру мерзімін қысқарту қажеттілігі туды. Ондай тәсіл — танапты сүрі жерге қалдыру. Жерді сүрі жерге қалдырғанда арамшөптерді құртуға, топырақтың құнарлылығын жоғарылатуға мүмкіндік жасалады. Жерді тыңайту мерзімі бір жылға дейін қысқарады. Дақыл егілмеген танапта арамшөптермен күресу жүргізіледі, яғни ол танап жаз бойы өңделеді. Осылай жаңа экстенсивті сүрі жер егіншілік жүйесі пайда болды. Сүрі жерге қалдырылған танаптарға органикалық және минералдық тыңайтқыштар сіңірілді. Сөйтіп, табиғи жағдайда танаптың құнарлылық күші 15-20 жылда қалпына келетін болса, адам оны бір жылда құнарлы қалпына келтіретін болды. Алғашында ауыспалы егіс екі танаптан ғана тұрды. Біреуін сүрі жерге қалдырып, екіншісіне астық дақылдары себілді. Содан кейін екі танапты ауыспалы егістің орнына, 3-4 танапты ауыспалы егіс пайдаланыла бастады. Егіншіліктің қарапайым жүйесіне қарағанда, пар жүйесі егіске жарамды жерлердің басым кепшілігіне дәнді масақты дақылдар егуге және олардан мол өнім жинауға мүмкіндік жасады.

Егіншіліктің қарқынды жүйесі. Бұл жүйе XVIII ғасырдың басында Англияда пайда болған. Оның ерекшелігі, жерді тиімді пайдалану үшін егіншілікте ғылымға негізделген кешенді шаралар қолданылады. Ол үшін танаптарға қажетті мөлшерде органикалық және минералдық тыңайтқыштар беріледі, зиянкестерден және аурулардан қорғау үшін әр түрлі химиялық улы заттар қолданылады. Бұл жүйеде сүрі жер болмайды, ауыспалы егіс құрамына техникалық дақылдар енгізіледі. Жылма-жыл танаптарға биологиялық жағынан әр түрлі және өсіру технологиясы бір-бірінен өзгеше дақылдарды орналастыру топырақтың құнарлылығын жоғарылатып, алынатын өнім мөлшерін арттыра түседі.

Ғылым жетістіктеріне сүйене отырып құрылған егіншілік жүйесі барлық қажетті өнімді жеткілікті мөлшерде өндірумен қатар, жыл сайын топырақ құнарлылығының арта түсуін және алынатын өнімнің арзан болуын қамтамасыз етуі тиіс. Егіншіліктің ұсынылған жүйесі оның экономикалық тиімділігі дәлелденгенде ғана шаруашылыққа енгізіледі. Әр аймақтың табиғи-экономикалық жағдайына қарап, оған тиімді егіншілік жүйесі қолданылады. Қазақстанның солтүстік аймағының топырағы қара және қызғылт-қоңыр, жауын-шашын мөлшері 300-400 мм болады, сондықтан бұл өңірде дәнді-сурі жерлі егіншілік жүйесі қолданылады. Жыртылатын жерлердің 2/3 бөлігі астық дақылдарының үлесіне тиеді, ал республиканың оңтүстік және онтүстік-шығыс өңірінің суармалы жерлерінде негізінен техникалық дақылдар өсірілгендіктен, бұл жерлерде интенсивті егіншілік жүйесі басым. Суармалы жерлерде таза сүрі жер болмайды. Жердің құнарлылығы көп жылдың және бір жылдық бұршақ тұқымдас шөптер өсіру, топырақты дұрыс өңдеу, тыңайтқыштар қолдану, дақылдардың орнын алмастыру, ауыспалы егістерді енгізу және игеру арқылы жоғарылатылады.

Қазақстанның солтүстігінде және оңтүстік, солтүстік-шығыс аймағының тәлімі жерлерінде егіншіліктің топырақты эрозиядан қорғау жүйесі қолданылады. Себебі, тың және тыңайған жерлерді игерген кезде, бұл аймақтарда жел эрозиясы басталды. Топырақтың құнарлы қабатын жел ұшырып әкетті. Топырақты осы апаттан сақтау үшін егіншіліктің арнайы жүйесі — топырақ қорғау егіншілік жүйесі дүниеге келді. Егіншілік жүйесін ғылыми негізде құру үшін төмендегідей шаралар қолдану керек. Шаруашылықтың бағытын анықтап, осыған сәйкес егіс көлемінің құрылысын жоспарлау, ауыспалы нақтылы егіс нобайларын жобалап, оны өндіріске енгізу және игеру, жер өңдеу жұмыстарын жоспарлау, тыңайтқыштар қолдану жүйесін жасау, арамшөптермен, ауыл шаруашылығы дақылдарының ауруларымен, зиянкестерімен күрес шараларын жүргізу, тұқым алмастыру жүйесін жоспарлау, топырақты су және жел эрозиясынан қорғау жүйесін белгілеу, осы жұмыстардың бәрін толық орындауға қажетті ауылшаруашылық машиналарымен, құралдарымен шаруашылықтарды толық қамтамасыз ету.

Бұл шаралар жүйесінің әрқайсысының маңызы аймақтың ауа райына, топырағына байланысты өзгеріп отыруы мүмкін. Топырағының құнарлылығы төмен аймақтарда тыңайтқышты дұрыс беру жүйесінің маңызы басқа шаралардан жоғары болуы мүмкін. Сол сияқты эрозияға бейімді жерлерде, топырақты одан қорғау жүйесі, жауын-шашын аз түсетін жерлерде — суару, ылғал жинау және оны сақтау шараларының маңызы зор. Қазақстан жер көлемі жағынан ТМД елдері бойынша екінші орын алады. Республика жері батысында Еділдің төменгіағысынан, шығысында Алтай тауынадейін 3000 шақырымға, ал солтүстігінде орманды-далалы Батыс Сібір жазығынан оңтүстігінде Орта Азия шөліне дейін 1600 шақырымға созылып жатыр. Үлкен материктің ортасында, мұхиттардан өте қашық орналасқандықтан, климаты құрған және күрт континенталды болып келеді. Жерінің үлкендігіне байланысты және аумағында биік таулар болғандықтан, Қазақстанның климаты, топырағы, жер бедері алуан түрлі болады. Жазық далалары, аласа қыраттары, жалпақ жоталары, биік қарлы таулары да бар. Осыған байланысты, республика аумағы әр түрлі аймақтарға бөлінген. Әр аймақтың топырағына, климатына байланысты өзіне лайықты, тиімді егіншілік жүйелері бар.


IV. Жаңа тақырыпты бекіту сұрақтары:

  1. Егіншілік жүйесінің негізгі элементтеріне

  2. Егіншіліктің қарапайым жүйесі

  3. Егіншіліктің экстенсивті жүйесі

  4. Егіншіліктің қарқынды жүйесі

  5. Егіншіліктің топырақты эрозиядан қорғау жүйесі


V. Үйге тапсырма: Егіншілік жүйе [1], § 6.1


Достарыңызбен бөлісу:


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет