Сабақтың тақырыбы: Ас ішу әдебі: түрлері мен қазіргі сипаты. Ас ішудің өзіндік әдебін құрайтын қағидалар



бет1/22
Дата23.12.2017
өлшемі1.47 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22

Сабақтың тақырыбы: Ас ішу әдебі: түрлері мен қазіргі сипаты.

Ас ішудің өзіндік әдебін құрайтын қағидалар;

Ас ішуде қойылатын талаптар, қазіргі сипаты;


Білімділік: тамақ ішу режимін дұрыс сақтауды үйрену.
Дамытушылық: тамақтанудың ұлттық дәстүрі мен мәдени деңгейін дамыту
Тәрбиелік: тазалық сақтауды, ас дайындау өнеріне тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: дәстүрлі
Сабақтың әдісі: сұрақ – жауап, түсіндіру.
Көрнекілігі: бүктемелер, нақыл сөздер, мақал – мәтел, дастархан тағамдары
Пәнаралық байланыс: әдебиет, ән, бейнелеу, тарих
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі
ІІ. Сабаққа әзірлігін тексеру

Жаңа сабақ. 1.«Ас – адамның арқауы» дейді дана халқымыз. Шынында, солай, бұған ешкімнің таласы жоқ. Өйткені, ол – тәннің азығы. Сол себепті күнделікті үш мезгіл тамақтануымыз бойға қуат сыйлайды. Бірақ, көп жағдайда дұрыс тамақтанбаудан ба, әйтеуір, асқазанға көрінгенді тығып, ақырында түрлі ауруларға жол беріп алатынымыз бар. Шыны керек, дұрыс тамақтанудың денсаулыққа берер пайдасы мол екенін бүгінгі медицина саласы ғылыми тұрғыдан дәлелдеуде.

Организімге қажетті қоректік заттардың тиісті мөлшерде және дер кезінде келіп тұруы үшін адам уақытында және дұрыс тамақтана білгені абзал, неге десеңіз организімге қажетті бүкіл энергия тамақ арқылы пайда болады. Оның үстіне адам денесіне қажетті заттардың бәрі бір тағамның түрінен табылмайды, сондықтан ол әр түрлі тағаммен қоректенуге мәжбүр. Егер де, адам тағамның тұрақты бір түрімен қоректенсе, ол түбінде әртүрлі ауруларға шалдығуы мүмкін. Сондықтан, тағамның әртүрлі болғаны өте маңызды, бірақ та бұл жыл маусымына, қолда бар мүмкіндіктерге және әр халықтың тамақтану дәстүріне байланысты.


Адам тамақтың қандай түрін, қай мезгілде және қанша мөлшерде ішу керек екенін жөнге салып отыратын физио-биологиялық сезімді тәбет дейміз. Әрине, біз тамақты тәбетіміздің тартқанынша ішеміз, бірақта біз ішкен тамағымызды бақылап отырмасақ, ол бізді қолайсыз жағдайға ұрындыруы мүмкін. Егер де біз тамақты мөлшерден көп ішсек, ол адамды семіртіп, салмағын шамадан тыс көбейтіп жіберуі де ғажап емес. Адам тым семіріп кетсе ол да денсаулыққа зиян екені хақ. Ал, тамақты уақытында және жеткілікті мөлшерде ішпесек, онда біздің организімге қажетті қоректік заттар жетіспей, дене бітіміміздің дұрыс қалыптасып өсуіне зиян келтіреді. Әр нәрсенің өзінің шамасы бар, адам не істесе де шектен шықпауы керек, сол сияқты, тамақ ішкенде де нәпсіге қарап тамақты шамалап, орта құрсақ болып ішкен дұрыс. Ол жөнінде Әл-Фараби: «Жеген тамақтың шамадан тыс артық, не кем болуы денсаулықты сақтамайды. Тиісінше еңбек ету денеге күш береді, ал шектен тыс артық немесе жеткіліксіз еңбек күшті қайтарады немесе әлсізді әлсіз халінде қалдырады...», - деген болатын.
Тәбеттің тым күшті болуы, немесе мүлде болмауы да жақсы емес, сондықтан тәбетің тым күшті болса, оны басу үшін тамақты аз-аздан жиілетіп ішу, егерде тәбетің жоқ болса қарынды ашырып барып ішу керек.
Бұл жерде адамға тамақ ішу режимін дұрыс сақтаудың үлкен маңызы бар. Оны шамамен төрт принципке бөлуге болады: 

  1. Бірінші, тәуліктің белгілі бір мерзімінде тамақтанып отыру. Тамақтанатын уақыт жеткенде адам организімінде реакция болып, сілекей, асқазан сөлі т.б. бөлініп шығады. Тамақтың иісіне, түріне, дәміне бөлінген сілекей мен асқазан сөлінің шартты рефлексті реакциялар ретінде ас қорыту процесінің де атқаратын рөлі өте зор.

  2. Екінші, тамақты тәулік ішінде бірнеше рет бөліп ішу. Егерде адам тәулігіне сирек (бір-екі рет), немесе жиі (бес-алты рет) тамақтанса мұның бәрі организмнің ас қорыту процесіне зиян. Сондықтан, бір тәуліктің ішінде үлкен адамдарға үш рет, балаларға төрт рет тамақтанған дұрыс деп саналады.

  3. Үшінші, тамақ ішкен сайын, оның ішіндегі адам организіміне қажетті белоктардың, майлардың, витаминдер мен минералды заттардың жеткілікті мөлшерде болуына көңіл бөлу керек. Бұл ішкен тағамның түрлеріне байланысты.

  4. Төртінші, тамақ мөлшерінің тәулік бойындағы тамақтану мерзімінде дұрыс бөлінуі. Мысалы, таңертеңгі ас пен түскі аста тәуліктік рациондағы калориялардың жалпы мөлшерінің үштен екісінен астамын, ал кешкі аста үштен бірінен кемірегін алуға тиіс. Себебі, еңбек күні аяқталғанан кейін кешкісін адамдар энергияны жұмыс уақытына қарағанда аз жұмсайды, ал түнде ұйықтағанда онан да аз жұмсайды, сондықтан кешкі жатар алдында тамақты көп ішсе, ішке барған көмірсутегінің дені толық қорытылмай, май тканьіне жиналып, адамның семіріп кетуіне себепші болады. 

Тамақтанудың дұрыс режимін сақтау балалардың денесінің дұрыс қалыптасып, организімінің жақсы дамуы үшін өте қажет. Бірақ та тамақтану режимін өзгермейтін қағида деп қарауға болмайды. Кей уақытта күнделікті тұрмыс жағдайында оны орындап отыруға мүмкіндік болмауы мүмкін. Ондай жағдайда тамақтану режиміндегі өзгерістердің тым көп болмауын қадағалау керек.
Адамның қалай тамақтануы, әрине, біріншіден, оның жасына, жынысына, денсаулығына, кәсібінің түріне және ауа-райына байланысты болса. Екіншіден, тамақтанудың ұлттық дәстүрі мен мәдени деңгейіне, әлеуметтік тұрмысы мен азық-түліктің жеткіліктілігіне байланысты.
Осының бәрі ас, тағамның адам өмірінде тек аштан өліп қалмау үшін ғана қажет емес екенін көрсетеді. Адамның биологиялық қана емес, рухани өмірінде, әр халықтың жанына етене жақын салт-сана, ғұрып-дәстүрінде астың алатын орны, мәні өте зор. Тамақтанудың шынайы әдептілік көрсеткіштерінің бірі екенін есте ұстап, жас жеткіншіктердің үйдегі, түздегі, оқу орындарындағы тәрбиесіне жете көңіл бөліп отырудың мәнділігі даусыз. Адамның тәні мен жанын кемелдендірудің жолын іздеген ұлы ойшылдардың, соның ішінде ақын-жазушылар мен медицина ғалымдарының тамақтану әдебіне ерекше мән бергендері тегін емес. Шығыстың әйгілі ақыны Сағади Шеразидің айтуынша, адам тамақ ішу барысында көп жақты сыннан өтеді екен. Оның: 
Артық жеп, аузыңнан шығып кетпесін,
Тым аз жеп, аштық өтіп кетпесін.
Шақтап жесең, тәнің көрер рақатын,
Сібелеп ішіп-жесең, келер зақым.
Көп ішіп, ішің ауырса тегі,
Дәрі-дәрмектің ондайда болмайды себі, –дегенде тамақты дұрыс іше білудің зияны мен әдепке жатпайтын жарамсыз жақтары өткір де орынды сипатталған.
Халықтарымыздың мыңдаған жылдар бойы тұрмыс-тіршілігінде тамақ ішудің өзіндік әдебін құрайтын қағидалары қалыптасып, ол қағидалар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырған. Олар күні бүгін де тамақтану мәдениетіміздің негізін құрап, қазіргі заманғы тұрмысымыз бен өркениетіміздің жаңалықтарымен толықтырыла түсуде. Әрине, ұлттың, ұлыстың өмір сүру жағдайларына, тарихи даму кезеңдеріне, басқа халықтармен аралас-құраластық, сауда-саттық, мәдени қарым-қатынастарына байланысты олардың ұлттық тағамдарының құрамында өзгерістер болып тұрады, сондай-ақ, тамақтанудың дәстүрлі тәртіп-нормаларында жаңарулар болмай қоймайды. Бірақ оның ата салтымен, әдет-ғұрпымен, діни нанымдармен, ұлттық психикасымен біте қайнасып кеткен жанды өзегі, негізгі ұйытқысы сол халықтың немесе ұлттың өзіндік ерекшелігі болып қала береді. Тамақтану әдебінің табиғатын тануға қатысты біз енді оның нақты көріністеріне тоқталсақ.
Ауқаттану әдебі тамақ ішуге отырар алдында қолды жуудан басталады. 
Егер, үйде қонақ болса, үлкендер дастархан төңірегіне отырып қалса, онда жасы кішілер қонақтардан бастап қолға су әкеп құйып, сүлгі ұсынуы немесе қонақ кісіні қол жуғышқа бастап барып, ол қолын жуып болған соң, таза сүлгі беруі тиіс. Мүмкін болса, әр адамға жеке-жеке шағын сүлгі ұсынса, тіптен жақсы. Сондай-ақ жасы үлкендердің жасы кішілерге, ата-аналардың балаларының қолына су құйып, орамал әкеп беріп жатуы жарамайды.
Дастархан басында жиналғандар да қалай болса, солай отыра қалыспайды. Жасына, сый-құрметіне қарай әркімнің отыратын жері болады. Кішкентай нәрестелер, бүлдіршін бала ата-аналарының қасында отырады, өйткені, олар дербес, өз беттерімен тамақты ішіп-жеп, ас құйылған ыдыстарға иелік жасай алмайды. Ал, ер жеткен балалар ата-аналарынан, басқа да үлкендерден төмен орын алуға тиіс. Бірақ, бойжеткен қыз есік жаққа отырмайды. Ал, қонақ болса, үй иесінен жасының үлкен не кішілігіне қарамай төрде отырады. «Мейман атаңнан да үлкен» деген сөз содан шықса керек.
Дастархан жайылып, тамақ қойылғаннан кейін, алдымен жасы үлкен кісі дастарханға бата жасап, «бісмілла» деп табаққа қол созып, астан ауыз тиеді де, ет болса сүйектерін кесек етінен ажыратып, отырғандарға өзі үлестіріп береді немесе ондай қызметті атқарып, етті турауды ыңғайы бар жасы кіші ер адамға, әдетте, жігіттерге тапсырады. Бүгінде ондай дәстүр қалып бара жатқанымен, әр жігіттің әсіресе той-томалақта, басқа да бас қосуларда табақтағы етті саспай, сасқалақтамай, жөнін біліп турай алуы қажетті саналады. Ал мұндай қызмет тапсырылмаған жасы кішілер мен балалардың алдымен табаққа қол салуы әдепсіздікке саналады. Олардың үлкендер тамақ алып отырғанда, олардан бұрын «жеп болдым» деп қолдарын сүртіп, дастарханнан шегінуі де жөнсіз, тұрып кету, тіпті, сөкет іс болып табылады. Өйткені, мұндай қылықтары арқылы әсіресе сырт кісілерді ыңғайсыз жағдайға қалдыруы және үлкендерді сыйламағандық, елемегендік, көзге ілмегендік болып қабылдануы мүмкін. Сондықтан, жастар, дастархан басында қонақ, сырт отырған үйдің иесі табақтастарының жағдайын ойлап, қас-қабағын байқап қимылдағаны, ізет сақтағаны жөн. Сөйтіп, олар табаққа бата сұрап, содан кейін орындарынан тұрулары керек.
Дастархан жиналып, қол жуылған соң, қонақтар қайтуға ыңғай білдіргенде, үй иесі олардан бұйымтай сұрап, онан кейін хош айтысып, шығарып салғаны дұрыс.
Осы күні кейбір үй иелері дастархан жайылар-жайылмастан арағын ала жүгіретіні бар. Бұл – қонақты сыйлаудан гөрі, сыйлағандық емес, қайта сыйламағандық болады. Өйткені, сонысы арқылы қонаққа ас-тағамнан, дәм тұздан, үй иелерінің пейіл-ықыласынан, дастархан үстіндегі жағымды әңгімеден арақ мәнді дегендей болып қалуы ықтимал. Шынында да, арақ астан жоғары бағаланып, бірінші орынға шығарылған дастарқанда үй иелерінің бар пейілін салып, көп еңбектеніп әрі сыйлы қонақ жесін деп, өз ауыздарынан жырып берген дәмді-жұмсақ тамағының қадірі кетіп, жөнімен ішіп-желінбей қалады, әңгімелерінің де берекесі қашып, ықылас-құрмет далаға кеткендей болады.
Оның үстіне ішімдік қанша «жөнімен» ішілгенімен, бала-шағаның ондай дастарқан басында үлкендермен, қонақтармен бірге отыруы орынсыз. Сөйтіп, балалар ауыл ақсақалдарына, алыстан келген сыйлы мейманға қызмет көрсетіп, үлкенді сыйлау әдебіне үйренетін, әрі олардың өздерін танып-біліп, неше алуан қызықты да тағылымды әңгімелерін тыңдап, сабақ алатын аса бағалы ежелгі дәстүр де көмескі тартып бара жатқандай.
Қойылған тағамды ішіп-жеудің өзі әдеп-тәрбие талаптарының тұтас бір жүйесін құрайды. Мысалы, ет алдыға қойылысымен, оны тураушы үлестіріп берген сүйектерге бірден ауызды салып, тістеп жұлғылап жеу өте әдепсіздікке саналады. Оны шала мұжып, жұлым-жұлым етіп тастай салмай, пышақпен тап-тұйнақтай етіп тазалап жеу керек. Кейбіреулер тамақты тәрелкесіне үйіп салып алғанымен, тауысып жемейді, көбі артылып қалады – бұл да дұрыс емес. Тамақты өзінің аш-тоқтығына, тәбетіне қарай шамалап алып, тауысып жеу ләзім. Ал тамақ, сусын, т.б. жеке кісілердің бас-басына ұсынылатын жағдайда құюшы, үлестірушіден өзіне шақтап құйып беруді өтінудің зияны жоқ. Өйткені, ас ішу әдебі тамақтың өзіңе тиесілі бөлігін жеуді талап етеді.
Дастархан үстінде, онда да ауызды асқа толтырып алып, сөйлеу жараспайды. Мұның әдептілік тұрғысынан ғана емес, тәбеттің тамаққа ауып, сілекей бездерінің дұрыс бөлініп шығуы, сөйтіп, ішкен астың дұрыс қорытылуы үшін де маңызы зор. 
Жұтпай тұрып, шайнап ал, 
Сөйлемей тұрып, ойлап ал, – деген тамаша мақал бар. Тамақты апыл-ғұпыл, шайнамай жұту көргенді кісінің ісі емес. Сондықтан асты шайнап жеу керек. Ондай тамақ бойға сіңімді болады, сырт көзге сөлекет көрінбейді. «Көп шайнаған – көп жасайды» – деп, тегін айтылмаса керек. Сондай-ақ, тамақ ішкенде шашпай-төкпей, дастарханға немесе үстіге ағызып-тамызбай, шашыратпай ішуге үйрену, дағдылану, өзін-өзі қадағалап отыру қажет. Үлкендер балаларды мұның бәріне кішкентай кезінен бастап мұхият жаттықтырғаны жөн. Ал пышақ, қасық, шанышқыларды дұрыс ұстап, шебер епті пайдалану, қасықты ыдыстың түбіне тигізіп шақырлатпау да тамақ ішу мәдениеті тұрғысынан алғанда ұсақ-түйек нәрселер емес. Тамақ ішіп отырғанда кекіру өте әдепсіздік болып табылады. Басқа адамдардың арасында ғана емес, өз отбасыңмен бірге, тіпті жалғыз тамақ ішіп отырғанда да олай істеу жарамайды. Бұл жағын балаларға да қатты таптап айтып, ескертіп отыру міндет.
Тамақты дыбысын шығарып қатты сораптап ішу де ұят. Әлсін-әлсін мұрнын тартып, тісті шықырлатып тамақтану өзіне өзгелердің назарын аударып қана қоймай, жағымсыз әсер етеді, ыңғайсыз жағдайға қалдырып, тәбеттерін бұзады.
Кейбір кісілердің тамақ үстінде құлақ, мұрны мен иегін сипалап отыратын жаман әдеттері болады. Олай істеу – гигиеналық тұрғыдан зиянды, әдептілік тұрғысынан сын көтермейтін тұрпайылық. Ал, енді, тіс шұқу, аузына қос саусағын салып, тісінің арасына қыстырылған тамақтың қалдығын алу, оны дастарханға сүрту – барып тұрған әдепсіздік, өзін де, өзгені де, дастарқанды да сыйламағандық. Дыбыс шығармай, сораптамай ішіп-жеу дастарқан басында әдеп сақтаудың бірден-бір түрі. Тамақты қасықтың, шанышқының, пиаланың ұшынан ұстап, сорып ішпеңіз. Сұйық тамақты ыстықтай ішуге де болмайды. Аузыңызды тамаққа толтырып алып сөйлеуге тырыспаңыз, тамақты алдыңғы тістеріңізбен шайнамаңыз, сондай-ақ екі ұртты толтырып шайнамаңыз – адамға тіпті де жараспайды. Өзіңізден алысырақ тұрған бір тағамды, затты аламын деп қол созып, алдыңыздағы ыдысқа қарай төнбеңіз. Одан да, жақын отырған біреуге қол созып жіберуді өтініңіз.
Дастархан басында басқаларға кезек бермей, даңғырлап, ауыз жаппай сөйлей беру, тұрпайы сөз айту, өзінен жасы кіші, яки лауазымы төмен адамға зекіп немесе отырғандарға көз қылып кемітіп сөйлеу – дөрекілік, инабатсыздық болып есептеледі. Қолын қасындағы адамның иығына салу, арқасынан, тізесінен қағу, біреудің оны-мұны кемшілік ағаттығына өзінің, отырғандардың назарын аудартып, баға беру, сынау, күлкі ету, қатар отырғандарды не кейін, не ілгері жылжуға, еңкеюге мәжбүр етіп, басқа біреулерге бірдеңе ұсыну, қайта-қайта тіл қату, әсіресе қол беру – жөн білетін, тәрбиелі кісінің қылығы емес.

2. Ас ішуде қойылатын талапта
 Тамақтанудың алдында және кейін қолды жуу - тазалықтың және тән саулығының басты кепілі;



  • Мүмкін болса, тамақты көпшілікпен бірге ішу;

  • Тамақты үлкеннен кейін бастау;

  • Тамақты оң қолмен жеу;

  • Ортақ ыдыстан жегенде өз алдынан жеу;

  • Тамақты асықпай ішу;

  • Тамақты ұнатпау сияқты амалдан сақтану қажет;

  • Тоя тамақ ішпеу;

  • Тамақтан соң дұға ету. 


Қазақ халқының қатты қастер тұтатын дастарқан әдебін заман өзгерістеріне жарасқан жаңалықтармен байыта отырып, қайта түлету ұлттық болмысымыздың өңін кіргізіп, шырайландыра түсері анық. Ас ішу ережесіне сай айтылған бұл қағидалар бұрынғы кез бен қазіргі заманға ортақ деуге де болады. Дегенмен, қазіргі кезде ас ішу әдебі өте дамып кеткен. Қала адамдарының дастархан этикетін сақтауы өз алдына, ауыл дастарханының да бұрынғымен салыстырмалы түрде айтар болсақ, көп өзгеріске ұшырап, дамығандығын көзбен көріп жүрміз. Қазіргі кезде дастарханға бар тағамның бәрін қоймай екі бөлімге бөліп, оның ортасында үзіліс жариялау сәнге айналған, адамдар да оған тез қалыптасты. Бірінші дастархан мәзіріне көкөністерден жасалған түрлі салаттар мен суық тағам түрлері және басты үлкен ас кірсе, екіншісіне неше түрлі тәтті тағамдар, міндетті түрде сәтті сусындар және тәтті кондитерлік өнімдермен шай ұсынылады. Негізінен, дастархан мәзірін бұлайша екіге бөліп қою – өте дұрыс болып саналады. Асқазан бар тағамның бәрін бірден және араластыра қабылдаса, қорыту процесі жай жүруімен қатар, ас қорыту жүйесіне ауырлық етеді. Ас ішу әдебіне айналған бұл жаңалық өте орынды болғандықтан қазіргі кезде кез келген үйдің қонақ күтуінен көрініп жүр. «Ас біреудікі болғанмен, асқазан өзіңдікі» дегенді естен шығармаған да абзал. 
3.Ас ішуге байланысты айтылатын ұлағатты сөздер

«Ас – адамның арқауы» екендігін, әрине, жақсы түсінген халқымыз да сол асты дұрыс қабылдау керектігі жөнінде біраз есте ұстар қағидалар, ұлылардан қалған ұлағатты сөздер, ойлар аз емес. 
«Адамның денесінде қарнынан өткен жаман ыдыс жоқ. Адам баласы бірнеше асап жеген тамақпен шектелсе де болады. Егер, қажет болса, қарнының үштен бірін тамаққа, үштен бірін суға және қалған үштен бірін дем алып тұруға ажыратсын»
^ Мың бір хадис – 733.
Жомарт адамның берген тамағы – шипа да, сараң адамның берген тамағы – ауру шақырғыш
Мың бір хадис – 531.
Тоқ адамға семіз ет те дәмсіз
^ Сайф . 
Тоқ адамға семіз тоқтының еті де топырақ татыр
(Қазақ мақалы).
Шақтап жесең, рақатын көресің, 
Көп құнықсаң, кіріптар боп өлесің
^ Низами.
Тоқ адам көңілі шапқанын жейді,
Аш адам алдында жатқанын жейді
Жусіп Баласағұни.
Шақтап жесең, санаңды ашар,
Артық жесең, ұйқы басар
Ф.Бэкон.
Егер адамдар қарны әбден ашқанда ғана тамақ ішіп, таза да кенеулі, әрі жеңіл асты қорек етсе, онда олар ауру дегенді атымен білмей өтер еді, жаны мен тәнін ырқына көндірер еді
Л.Н.Толстой.
Денсаулыққа белгілі бір мөлшерде сақтанудың арқасында ғана жететін болғандықтан: мөлшермен ішіп-жесең — денің сау болады, мөлшермен еңбек етсең — күш қосылады...
Әл-Фараби.
Түскі тамақты аз же, ал кешкі тамақты одан да аз же, өйткені бүкіл дененің денсаулығы біздің асқазанымыздың ұстаханасында шыңдалады
^ М. Сервантес.
Ұлы адамдардың барлығы тамақты тарта ішетін болған
О.Бальзак.
Тарта тамақтанбау өмірді сақтауға арналған асты адамды өлтіретін уға айналдырады
Ж.Лабрюйер.

Саулығынды тілесең, артық ішіп-жеме
Ә.Науаи.
Артық ішсең — сай сүйегің сыздайды, 
Ал қанағат ұзақ ғұмыр сыйлайды
У.Шекспир.
Жұтпай тұрып, шайнап ал, 
Сөйлемей тұрып, ойлап ал
Қарақалпақ мақалы.
Ей, перзентім, тамақ дайын болғанда, табақтастарыңды шақыр, олар сенімен бірге тамақтансын, бірақ тамақты тез жеме, асықпай, ақырын же. Тамақ жеп отырғаныңда адамдармен сөйлес, бірақ басыңды төмен салып отыр, табақтастарыңның қолындағысына қарама.
Егер, сенің алдыңда тәуір тамақ тұрса, басқалардың алдында ондай тамақ болмаса, әлгі тәуір тамақтан басқаларға да бер. Тамақ ішкенде, қабағыңды түйіп отырма, тамақтың ұнамағанын айтып, аспазға кейіме; мына тамағың тәуір, ана тамағың нашар деме, өйткені тамақ ішіп отырып, олай деу жақсы емес
«Қабуснамадан».
Аталған қағидалардан ас ішу әдебі ерте заманда да келелі мәселе болғандығын аңғара аламыз. Даналық ойларымен ас ішу әдебін сақтау денсаулыққа зиянын тигізбейтіндігін сонау кезден-ақ айтып, өсиет еткен даналарымыз аз емес. Ойшылдарымыздың бұл ойларына қосылмау, соны негіз етіп ұстанбау біздің тарапымыздан надандықтың нышаны болары сөзсіз. 

Каталог: uploads -> doc -> 03ad
doc -> Сабақтың тақырыбы: Бөлу Сабақтың мақсаты: Білімділік: Рационал сандарды бөлу ережесін есептер шығаруда тиімді
doc -> Сыныптан тыс сағат Тақырыбы : «Наурыз тойы» Ұлттық ойындар №3 9-10-11-сынып
doc -> Сабақтың тақырыбы Ішкі, сыртқы және аралас бездер Жалпы мақсаттары
doc -> Сабақ жоспары Мұғалім: Сабыргалиева Гулсім Сәлімқызы Сынып: 8 " а "
doc -> 1. Хлоропластары көп ұлпа a фотосинтездеуші ұлпа
doc -> ДСҰ- ның Саудадағы техникалық кедергілер жөніндегі комитеті 2015 жылдың 1-30 қараша аралығында жарияланған хабарламалар тізімі
03ad -> Рибосомы. Синтез белка


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет