Құрметті Асқар Исабекұлы!
Құрметті жиынға қатысушылар!
Талас ауданы бойынша мемлекеттік тіркеуден өткен діни бірлестіктер мен филиалдардың саны – 23.
Оның ішінде, 19 мешіт пен 4 шіркеу бар.
Аудандағы 19 мешітке:
- күнделікті 5 уақыт намазға келушілер саны – 150-200 адам;
- Жұма намаздарына келушілер саны – 500-ден астам.
Ал, жамағаттардың жастық ерекшеліктеріне келер болсақ:
- 14-29 жас аралығында – 41,75%;
- 30-63 жас аралығында – 37,75%;
- 63 жастан жоғары – 20,50%-ды құрап отыр.
Аудандағы 19 мешіттің 2-еуінде имам жоқ. Олар:
1. Талапты ауылындағы «Мұзаппар ата» мешіті;
2. Есейхан ауылындағы «Қанатбек ата» мешіті.
Бүгінгі күнде аталған мешіттерге молдалық қызметке кандидат азаматтар табылып, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің жанындағы 1 айлық сауат ашу курсынан өткізуге ұсыныс берілді. Курсты бітірген соң, арнайы бұйрықпен қызмет ететін болады.
Қалған 17 мешітте 23 діни қызметші бар. Олардың діни білім деңгейі келесідей:
- 4-еуі жоғары білімді;
- 4-еуі орта білімді;
- 15-і қысқа мерзімді сауат ашу курстарынан өткен.
19 мешіттің барлығына бейнебақылау жүйесі орнатылған.
Ауданда христиандық бағытта 4 діни бірлестік қызмет етуде. Олар:
- Орыс-православ шіркеуі. Келушілер саны 15-20 адам. Барлығы орыс ұлтының өкілдері (жасөспірім – 2, ересек – 1, қарт - 15).
- Баптистік бағытта 2 шіркеу бар. Келушілер саны 30-35. Негізінен орыс және кәріс ұлтының өкілдері болып табылады (жасөспірім – 11, жас – 9, ересек – 5, қарт - 7).
- Ехоба куәгерлерінің шіркеуіне келушілер саны 100 шақты. Келушілердің 64%-ын орыстар, 3%-ын өзге ұлт өкілдері, ал 33%-ын қазақтар құрайды (жасөспірім – 8, жас – 24, ересек – 47, қарт – 20).
Қазақтардың көптеп тартылуының 2 себебі бар. Біріншісі, аталған діни бірлестік жетекшісінің ұлты қазақ (Мұхаммеджан Омарбеков). Екіншіден, бүгінгі күндегі қазақтардың саны 90-шы жылдары аталған діни бірлестіктің қызметіне тартылғандардың балаларының есебінен өсуде.
Бұдан бөлек, ауданда 44 азамат деструктивті діни ағымдардың ықпалына ұшыраған. Олардың 32-сі сәләфилік, 12-сі «Таблиғ жамағаты» діни ұйымының жақтаушылары болып табылады.
Соңғы 2 жылда жүргізілген оңалту жұмыстардың нәтижесінде, 9 азамат қоғамға бейімделді. Оның бірі жұмыспен қамтылды.
Дегенмен, аталған бағытта оңалту жұмыстарын жандандыру қажет. Себебі, Өзіңіз бен аудан әкімі арасындағы келісімге сәйкес, ағымдағы жылы діни өшпенділік пен алауыздықты тудыратын экстремистік көзқарасты ұстанушылардың санын 10%-ға азайту көзделіп отыр.
Аталған көрсеткішке қол жеткізу үшін келесі мәселелерді шешу қажет:
1. Ауданда дін саласында жұмыс жасайтын кәсіби дінтанушы, теолог маман жоқ (кадр тарту үшін оның әлеуметтік-материалдық жағдайын шешу қажет).
2. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде бөлінген қаржыға өткізілетін түрлі конференция, семинар, дөңгелек үстел сияқты іс-шаралардан гөрі, жоғарыда аталған санаттағы азаматтармен нақты оңалту жұмыстарын жүргізетін республикалық/облыстық деңгейдегі жоғары білімді, білікті теолог мамандарды тарта отырып, бір реттік емес, жүйелі түрде ай сайын оңалту жұмыстарын жүргізу қажет.
3. Деструктивті діни ағымдарға тартылған 44 азаматтың 13-і жастар санатына жатады және барлығының тұрақты жұмыс орындары жоқ (әр түрлі жалдамалы жұмыстармен айналысады).
Сондықтан оңалту жұмыстары барысында қоғамға бейімделуге ниетті азаматтарға қажеттілікке қарай, жұмыспен қамту, мамандық беру сияқты әлеуметтік қолдаулар жасау қажет.
Бұл айтылғандар оңалту жұмыстарына қатысты мәселелер.
Сонымен қатар, теріс пиғылды діни ағымдардан сақтандыру, яғни, профилактикалық іс-шараларға назар аударуымыз қажет. Бұл бағытта:
1. Жоғарыда айтылып өткендей, мешіт қызметкерлерінің білім деңгейі бүгінгі күннің талаптарына жауап бере алмайды. Сондықтан олардың білім деңгейін көтеру мақсатында, тоқсан сайын арнайы оқыту курстарын ұйымдастыру қажет (2017 жылы 2 рет семинар оқулары өткізілді).
Оның үстіне 23 діни қызметшінің 4-еуі 63 жастан асқан қариялар. Енді оларды қанша оқытсақ та, білікті ете алмаймыз. Бұл жағында ескеру қажет.
2. Облыстық білім басқармасының мәліметіне сәйкес, аудандағы орта білім беру мекемелеріндегі «Дінтану негіздері» пәнінен сабақ беретін 26 мұғалімнің 10-ы арнайы курстан өтпеген.
Осыған орай, мектеп оқушыларына дін туралы толыққанды дұрыс түсінік беру үшін аталған пәннен сабақ беретін мұғалімдердің біліктілік деңгейі талапқа сай болуы қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |