Зекен Еркін
І.Жансүгіров атындағы ЖМУ, Экономика мамандығының 4 курс студенті
Ғылыми жетекшісі: экономика кафедрасының аға оқытушысы Корабаева Н.Б.
Erkin93@mail.ru
Қазіргі таңда әлемдік экономиканың көшбасшыларына айналып, жоғары технологиялар саласы мен инновациялық жүйені дамытудың озық үлгісін көрсете білген бірқатар елдер бар. Бұл елдер шикізатты алу мен оны алғашқы өңдеу үрдісін қамититын индустриалдануға дейінгі, сондай-ақ шикізатты толық өңдей отырып, одан дайын өнім жасауға дейінгі үрдістерді қамтитын индустриалды кезеңдердің барлығынан өтіп, енді жоғары технологиялар мен инновацияларға негізделген постиндустриалды экономиканы жасақтаумен, оның басым бағыттарын жетілдірумен айналысуда. Басқаша айтқанда, олар қосылған құн тізбегін толық қалыптастырып, ғылыми сыйымды, әрі инновациялық сипаты бар өнімдер мен қызметтерді нарыққа ұсынып келеді.
Әлемдік экономиканың алдыңғы қатарлы озық тәжірибелерін игеруге және оны ұтымды пайдалана білуге талпынған мемлекеттер үшін бүгінгі уақыттағы басты мәселе индустриалды-инновациялық экономиканы қалыптастыру болып отыр. Индустриалды-инновациялық экономиканың басты ерекшелігі – ғылыми сыйымды, технологиялық өңделу деңгейі жоғары өнімдерді шығаруға икемді өндірістік және инновациялық инфрақұрылымның болуы.
Дүние жүзінде жаһандану үрдісінің күрделенуіне байланысты бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруда әрбір мемлекет өзінің ұлттық инновациялық жүйесі мен инновациялық инфрақұрылымынын дамытуға басымдық беріп отыр. Өйткені ұлттық экономикасы қалыптасқан және дамыған елдердің тәжірибелеріне сүйенсек, олардың жеткен жоғары жетістіктеріне инновациялық инфрақұрылымның оңды әсер еткенін байқаймыз. Олардың әлемдік нарықтағы үлесі де қомақты. Сондықтан да, дамыған елдердің қатарына кіруге талпыныс білдіріп отырған Қазақстанның өзінің мүмкіндіктері мен стратегиялық мақсаттарына сай ұлттық инновациялық жүйесі мен инфрақұрылымын дамыту өзекті мәселе болып отыр.
Әлемдік экономиканың қарқындап дамуы - адами және интеллектуалдық ресурстардың нәтижелі еңбегінің жемісі екені белгілі. Қазіргі заман талабына сай дамыған елдерде тиімді әзірлемелер жүйесі және түрлі қызмет сфераларына жаңа технологиялық шешімдерді енгізуге негізделген инновациялық экономикаға өту үрдісі байқалады. Сонымен бірге, табиғи ресурстардың молдығын пайдалану маңызды болған дәуір өтіп барады, оның орнына экономиканың технологиялық тұрғыдан дамуын тездету, үдету мақсатында тиімді тетіктерді қолдану мүмкіншілігі үлкен мәнге ие болып отыр. Арзан, сапасы төмен еңбекке негізделген өндіріс кезеңі аяқталуда. Дәл қазіргі қоғам – адамның интеллектуалдық ресурстарына, оның инновацияларды қабылдауы мен жүзеге асыру қабілетіне негізделген қоғам болып қалыптасуда [1, 93б.].
Өнеркәсібі жан-жақты дамыған елдер индустриялдық әлеуеті қалыптасқан топқа кіреді. Дәл осы топ құрамына кірудің арнайы ережемен белгілемеген шарттары да бар. Солардың қатарына, өнеркәсіптік өнімнің жылдан-жылға артуы, тек оның көлемінің ғана емес, сапалық және ассортименттік құрамының да көбейуі, шикізаттық сектордың жалпы экономикадағы үлесінің қысқаруы сияқты және басқа да көрсеткіштер бойынша нәтижелі болу жатады. Мұның барлығы да инновациялық инфрақұрылымды қалыптастыру мәселесіне жете мән беріп, оны мемлекеттің арнайы стратегиялық мақсаттарының бірі етіп белгілеуді міндеттейді.
Инновациялық инфрақұрылым - ғылыми идеяның өндірісте қолдау тауып, нақты өнім, қызмет, жұмыс түрінде көрініс табуына дейінгі барлық кезеңдерді қамтитын іс-шаралардың жүруіне ыңғайлы жағдай жасайтын, қажетті жұмыстар мен қызметтерді орындайтын ұйымдар жиынтығынан тұрады.
Инновациялық инфрақұрылымның негізгі міндеті инновациялық өнім өндірумен (қызмет көрсетумен, жұмыс орындаумен) айналысатын кәсіпорындарға қолдау көрсету деп топшыласақ, онда инновациялық инфрақұрылымды қалыптастыру мемлекеттің техникалық, технологиялық, экономикалық, қаржы, әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, сонымен бірге оның әлемдік экономикадағы тұғырын көтеруге де, сыртқы нарықтарға шығып, ондағы өзінің орнын табуға немесе иеленуге де мүмкіндік жасайды деген байламға келуге болады [2, 33б.].
Инновациялық инфрақұрылымның экономикалық маңызы елдің экономикалық даму стратегиясын айқындаумен, қосылған құны жоғары өнімдер өндірумен, шағын инновациялық кәсіпкерлікті жандандырумен және басқалармен анықталады.
Қазақстанның ұлттық инновациялық инфрақұрылымының қазіргі жағдайы әрине республиканың экономикалық дамуының өзіндік ерекшеліктеріне байланысты. Олардың қатарына әлемдік нарықтағы көмірсутек шикізатына бағаның күрт өсуі, қара және түсті металл өнімдеріне деген жоғары сұраныс, осыған байланысты қаржылық және коммерциялық кәсіпкерліктің қанат жаюы, еліміздегі табиғи ресурстарды игеруге қатысы бар халықаралық байланыстардың нығайуы сынды факторларды жатқызуға болады. Әйтсе де, бұл ерекшеліктер әлі де болса ұлттық экономиканың біржақты дамып отырғанын көрсетеді. Өйткені тек шикізатқа ғана бағытталған экономиканың белгілі бір кезеңде құлдырау қаупі жоғары болатыны белгілі. Бұның салдарын қазіргі кезде орын алған әлемдік қаржы дағдарысынан да байқау қиын емес.
Соңғы кездері Қазақстан Республикасының инновациялық даму моделінің өміршеңдігіне қатысты әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Солардың ішінде ұлттық инновациялық даму моделінің басқа елдердің модельдерінен көшірілгені, сондықтан да оның еліміздің экономикалық, әлеуметтік, шаруашылық ерекшеліктеріне дөп келмейтіні жиі алға тартылады. Автордың пікірінше, Қазақстан Республикасында уақыт талабына сай, біздің экономикамыздың ерекшеліктеріне жауап беретін, ұлттық әл-ауқатымызды өркендетуге мықты серпін беретін өзіндік инновациялық даму моделі әлі де қалыптаспаған. Біз көбіне Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея, Финляндия, Жапония сынды мемлекеттердің инновациялық даму үлгілерін алып, сол мемлекеттерге тән ерекшеліктерді еліміздің дамуына пайдалануға ұмтылудамыз. Ал мұндай тәжірибенің жемісті және нәтижелі болуы екіталай.
Технологиялық парктер - өнертапқыштарға арнайы маманданған қызмет түрлерін көрсету аясында инновацияларды ойлап табуға және оларды ендіруге арналған сервистік және өндірістік база болып есептеледі. Технопарктерде жаңа әзірлемелерді және қазіргі құрал-жабдықтар өндірісін құру мен игеру бойынша тапсырыстарды орындайтын серпінді технологиялары бар кәсіпорындар орналасуы тиіс [3, 26.].
Әйтсе де, еліміздегі инновациялық белсенділіктің төмен болуы технопарктердің санының өспеуіне және құрылғандарының жұмыс белсенділіктерінің қарқын алмауына себеп болып отыр.
Мәселен, көптеген аймақтық технопарктер инновациялық жобалардың болмауынан осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асырумен емес, қарапайым дәстүрлі өндірістік жобаларды орындаумен шектеліп жүр. Оған ғылыммен айналысуға талпынысы жоғары білікті маман кадрлардың тапшылығы, технопарктерді дамытуға жеке сектор тарапынан жұмсалатын қаражаттың жеткіліксіз деңгейі, венчурлық қорлардың белсенділігінің төмендігі, отандық жоғары оқу орындарының жанында ғылыми-зерттеулермен айналысатын технопарктер санының тым аз болуы, жаңа технологиялық әзірлемелер нарығының конъюнктурасы жайлы ақпараттың болмауы, қызметі шикізатты өңдеуге бағытталған технопарктердің қалыптаспауы сияқты мәселелер кері ықпал етуде. Қазіргі уақытта бұл мәселелердің барлығы да өзінің ғылыми шешімдерін табуды қажет етіп отыр.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 50-ден астам бизнес-инкубатор қызмет етуде. Алайда, олардың көбі инновациялық сипаты жоқ, тек кәсіпкерлік ортаға икемді шағын кәсіпорындарды дайындаумен және оларға қызмет көрсетумен айналысуда, яғни еліміздегі технологиялық бизнес-инкубаторлар өзінің мақсатты жұмыстарымен шұғылдана алмай отыр. ҚР «Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» Заңына сәйкес, олар - инновацияны құру, қорғау құжаттарын алуға өтінімдерді рәсімдеу және инновациялық жобаны дайындау үшін жеке және заңды тұлғаларға құқықтық, ұйымдық, ақпараттық және өзге де қызметтер ұсыну жөніндегі іс-шараны жүзеге асырушы заңды тұлға болып табылады.
Қазақстандық бизнес-инкубаторлардың қызметінің шағын ғана тәжірибесі олардың бірқатар ерекшеліктері мен өзекті мәселелері бар екенін көрсетті, атап айтқанда:
-
Көптеген бизнес-инкубаторлар халықаралық қорлар мен ұйымдар қолдауымен құрылған;
-
Жеке бизнестің бизнес-инкубаторларды құруға деген ынтасының жеткіліксіздігі;
-
Жоғары оқу орындары базасындағы инкубаторлардың аз болуы;
-
Технологиялық бизнес-инкубаторларды қалыптастыратын және дамытатын бірден-бір орта – еліміздегі технопарктердің аздығы;
-
Бизнес-инкубаторлармен көрсетілетін қызметтердің шектеулі болуы;
-
Технологиялық бизнес-инкубаторлардың тиімді дамуына жағдай жасайтын инновациялық кәсіпкерлік ортасының болмауы;
-
Қаржыландырудың жеткіліксіздігі және осы аталған мәселелерді шешудің ғылыми негізделген тетіктерінің қалыптаспауы, т.б. [4, 76б.].
Міне осы айтылғандардың барлығы да инновациялық инфрақұрылымның дамуын ынталандыратын экономикалық механизмнің маңыздылығын және қалыптастыру қажеттілігін көрсетеді.
ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Әмірбекұлы Е. Инновациялық инфрақұрылым элементтерінің қызмет етуінің экономикалық маңызы // ҚазЭУ хабаршысы, 2007.- №6.- 93-97бб.
2. Белгібаева Ә. Инновациялық инфрақұрылымды дамытудың басты тетігі – жағымды экономикалық ортаны қалыптастыру // ҚазЭУ хабаршысы, 2014.- №4.- 33-35бб.
3. Ашимова Н. Бәсекеге қабілетті экономиканың негізгі тірегі инновациялық инфрақұрылымды қалыптастыру // Вестник бизнес-образования, 2013.- №4.- 26-28бб.
4. Әмірбекұлы Е. Ұлттық инновациялық инфрақұрылым шеңберіндегі элементтердің белсенділігін арттыру тетіктері // АльПари, 2008.- №4.- 76-80бб.
Достарыңызбен бөлісу: |