ПӘнінің ОҚу- әдістемелік кешені оқУ-Әдістемелік материалдар



бет1/20
Дата20.05.2017
өлшемі3.49 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20

5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына арналған «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасамы мен морфологиясы»


ПӘНІНІҢ ОҚУ- ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ

ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК МАТЕРИАЛДАР


СЕМЕЙ


2016


Мазмұны
1 Глоссарий

2 Дәрістер

3 Тәжірибелік сабақтар

4 Курстық жұмыс (жоба)



5 Студенттердің өздік жұмысы

1 ГЛОССАРИЙ
Адвербиалдану – сөздің үстеу тобына өтуі

Адъективация – сөздің сын есімдер тобына өтуі

Аффикс – тіл элементі

Грамматика – (грек. – әріп, жазу) тілдің құрылымы, яғни морфологиялық категориялар мен тұлғалар.

Грамматикалық категория – бірыңғай мағынасы бар грамматикалық тұлғалар қатарларының қарама-қарсы қойылатын жүйесі

Деривация – бастапқы тіл бірліктерінен басқа туынды тіл бірліктерін жасау үдерісі.

Қосымша морфема – морфеманың бір түрі

Морфема – (грек.) тілдің негізгі бірлігі, ең кіші таңба

Морфология – (грек. форма және сөз, ілім) тілдегі сөз тұлғалардың құрылысы мен мағынасын айқындайтын тіл механизмдерінің жүйесі

Зат есім - сөйлемде заттық үғымға қатысты ойды білдіретін сөздер.

Сын есім деп заттың әр түрлі сыр-сипатын білдіретін сөздер.

Сан есімдер-сандық ұғымды білдіретін, есімдер тобына жататын сөз табы.

Етістік деп заттардың қимыл-әрекетін білдіретін сөз табы аталады.

Етіс – қимыл-әрекеттің субъектіге, қимылдың нысанына қатысын білдіріп, салт, сабақты етістік жасайтын етістіктің түрі.

Көсемше деп сөйлемдегі негізгі қимылдың жайы-күйін, жанама қимылды білдіретін етістіктің түрі аталады.

Үстеу- қимылдың жайы-күйін, эр түрлі белгілерін сипаттайтын сөз табы.

Еліктеуіш сөздер деп өмірдегі заттардың әр түрлі дыбыстарға еліктеуден немесе заттардың әр қилы көріністерінен пайда болатын сөздер аталады.

Түбір – сөдің лексикалық мағынасын сақтаушы негізгі бөлік.

Шылаулар грамматикалық дамудың нәтижесінде лексикалық мағынасынан айырылып, грамматикалық мағынаға көшкен, түрлі грамматикалық қызмет атқаратын тілдік бірліктер.

Одағай – адамның сезімін, көңіл- күйін білдіретін сөз табы.

Сөзжасамдық ұя – бір негізгі түбірден тараған туынды түбірлердің жиынтығы.

Сөзжасамдық тізбек – бір түбірден тараған, бірінен-бірі тікелей туындайтын, біріне-бірі негіз болатын негізді сөздердің тобы.

Сөзжасамдық жұп – «негіз сөз – негізді сөз» қатынасы.

Сөзжасамдық тип – әр сөз табының туынды сөздерінің жасалу үлгісі. Сөзжасамдық типті белгілеуде негізгі үш белгісіне сүйенген жөн: 1) негіз сөздері бір сөз табынан болуы; 2) негіз сөздер мен туындылардың мағыналық қатысы ұқсас болуы; 3) сөзжасам тәсілінің бірлігі, синтетикалық тәсілде бір аффикс арқылы жасалуы.

Сөзжасамдық үлгі – туынды сөздердің нақтылы жасалу үлгісі, сөзжасамдық типтен гөрі тар ұғымда қолданылады.

Сөзжасамдық тарам – бір түбірден сөзжасамдық бір сатыда жасалатын туынды түбірлердің тобы.

Сөзжасамдық саты – бір түбірден тараған, құрамындағы жұрнақтардың жалғану ретіне қарай сатылай орналасқан туынды сөздердің жиынтығы. Сөзжасамдық саты жұрнақтардың жалғану ретіне қарай, өз ішінде тік қатардағы сатылар және көлденең қатардағы сатылар болып екіге бөлінеді.

Негіз сөз – туынды түбір жасауға қатысқан лексикалық мағынасы бар сөз. Негіз сөз негізгі түбірден де, туынды түбірден де болуы мүмкін.

Негізді сөз – құрамындағы негіз сөзімен салыстырғанда, морфемдік те, мағыналық та құрылымы күрделі сөз.

Негізсіз сөз – сөзжасамдық тізбектегі негізгі түбір, яғни бірінші сөз. Негізсіз сөз деп аталу себебі, оған негіз болып тұрған сөз жоқ.

Негіз емес сөз – сөзжасамдық тізбектегі соңғы туынды түбір. Негіз емес сөз деп аталу себебі, ол тізбекте ешқандай сөзге негіз болмайды.

Туынды сөздер – өмірде пайда болған жаңа ұғымдарды атау қажеттігін өтеу үшін, тіліміздегі сөзжасам тәсілдері арқылы, сөзжасам заңдылықтары негізінде жасалған сөздер.

Туынды түбір – синтетикалық тәсіл арқылы жасалған туынды сөз. Туынды түбір құрамы жағынан алғанда, екі морфемадан тұрады, олар: негіз сөз және сөзжасамдық жұрнақ. Туынды түбірдің мағынасы негіз сөз бен сөзжасамдық жұрнақтың мағынасынан жасалады.

Синтетикалық тәсіл – «синтез» (қосу) деген сөзден қалыптасқан термин. Ең түпкі мағыналы бөлшек негізгі түбірге жұрнақтар жалғау арқылы жаңа сөз жасау жолы.

Аналитикалық тәсіл – екі немесе одан да көп түбірлердің бірігуі, не қосарлануы, не тіркесуі, не қысқаруы арқылы жаңа сөз жасау жолы.

Лексика-семантикалық тәсіл – белгілі бір сөздің жаңа мағынаға ие болуы арқылы жаңа сөздің жасалу жолы.

Сөзжасамдық тәсілдер туынды сөздің жасалу жолдары туралы ғылым.

2 ДӘРІСТЕР

1 модуль. Сөзжасам пәні, оның зерттеу нысандары. Сөзжасамның тілдің басқа салаларымен байланысы.

1дәріс тақырыбы: Сөзжасам - тіл білімінің жеке саласы.

1. Сөзжасамның тіл білімінің дербес саласы екені.

2. Сөзжасам жүйесін зерттеуші ғалымдар және олардың еңбектері.

3.Сөзжасамның тіл білімінің негізгі салаларымен байланыстылығы.


Сөзжасамның тіл білімінің дербес саласы болып танылу оның өзіндік зерттеу нысаны болумен байланысты. Сөзжасам тілдің сөзжасам жүйесін, сөзжасамдық бірліктерді, сөзжасам заңдылықтарын, сөзжасамның амал-тәсілдерін, сөзжасам арқылы жасалған туынды сөздерді, әр сөз табының сөзжасамын т.б мәселерді зерттейді яғни тілдің сөзжасам жүйесін зерттейді.


Сөзжасамды жеке сала деп тануды орыс тіл білімінде алғаш ұсынған академик В.В. Виноградов болды. Ресейде сөзжасам мәселесін зерттеп, ол туралы дәлелді пікір айтқан, сөзжасамның өзіндік зерттеу нысанасы барын, оның тіл білімінің басқа салаларынан ерекшелігін ашқан, басқа салалармен байланысын да көрсете білген ғалымдар болды. Олардан Г.О Винокур,Е С Кубряков, Е А Земская, Н Д Арутюнова, А Н Тихонов,И. С. Улухановтарды атауға болады. Сөзжасамды тіл білімінің жеке саласы деп тану мәселесі шетел ғалымдарының зерттеуінде де дәлелденді.

Сөзжасам мәселесі туралы ғалымдар зерттеулері қазақ тілі ғалымдарына да әсер етті, осы мәселені зерттеуге игі ықпал жасады. 1984-1988 жылдары академияның тіл білімі институтының грамматика бөлімінің қызметкерлері сөзжасам мәселесін арнайы зерттеді. Зертеудің нәтижесінде 1989 жылы “Қазіргі қазақ тілінің сөзжасамы” деген атпен монография болып шықты. Бұл сөзжасам мәселесін жаңа тұрғыдан зерттеген зерттеудің нәтижесі болды. Сөзжасамның тіл білімінің жеке саласы болып танылуы оның тіл білімінің басқа салаларымен байланысын жоққа шығармайды. Тіл білімінің салаларының ішінен сөзжасамның морфологиямен байланысы ертеден-ақ назарға іліккен. Сондықтан да сөзжасам соңғы кезге дейін көп тілде морфологияның құрамында қаралып келеді. Бұл екі саланың байланысты болатын себебі екеуі де сөздің ең кішкене бөлшегі морфемамен байланысты. Сөзжасам мен синтаксистің байланысы да тілде белгілі орын алады. Сөзжасам нәтижесінде жасалған туынды сөздер сөздік қорға қосылып, тілдегі басқа сөздер сияқты лексикологияның зерттеу нысанасына түседі.

Сөзжасам, тек қазақ тіл білімінде ғана емес, әлемдік лингвистика мен орыс тіл білімінде де тілдің өзге қабаттарына қарағанда анағұрлым кеш қалыптасқан, лексика мен грамматикадан бөлініп, өз алдына отау тіккен дербес, жеке сала болып танылады. Тіл тарихында, жалпы, туынды сөздердің пайда болуы, жасалу тәсілдері, тілдің байлығы болып саналатын сөздік құрамды қалыптастырудағы алатын орны, жаңадан пайда болған мағынаның бұрынғы мағынамен байланысы және т.б. сықылды сөзжасамның өзекті мәселелері ерте кезден сөз болып келе жатқанымен, олардың бәрін топтап, басын бір жерге қосып, грамматика мен лексикадан бөлек, жеке сала ретінде қарастыру проблемасы күн тәртібіне тек қана өткен ғасырдың орта тұсында қойыла бастады. Мысалы, белгілі дат ғалымы О.Есперсен лингвистикада алғашқылардың бірі болып, өзінің «Философия грамматики» деп аталатын еңбегінде сөзжасамды тілдің жаңа саласы ретінде қарастырып, оны грамматиканың морфология және синтаксис салаларымен бір қатарға қойды: «Предмет грамматики делится... на три основные части: 1.Морфология или словоизменение, 2.Словообразование, 3.Синтаксис» [1,41]. О.Есперсеннен басқа Европа тіл білімінде В.Дресслер, Х.Брекле, Д.Кастовский, Л.Липке, Т.Репер, Э.Уильямс, В.Мотш, М.Халле, Скализе тәрізді зерттеушілер сөзжасам проблемаларын жан-жақты қарастырып, оның тілдің жеке, дербес саласы орнығуына көп күш салды. Соның нәтижесінде қазір үндіевропа тіл білімінде сөзжасам өзіндік ерекшеліктері анықталған, құрылымдық-семантикалық өзгешеліктері нақтыланған, зерттеу объектісі айқындалған тіл білімінің жеке саласы болып саналады.

Өзге жекелеген тіл білімдеріне қарағанда, тамыры терең, дамыған тіл білімі санатындағы орыс тіл білімінде де сөзжасамның дербес сала болып қалыптасу тарихы Европа тіл біліміне ұқсас. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында орыс тіл білімінде И.А.Бодуэн де Куртенэ, Ф.Ф.Фортунантов, Н.В.Крушевский, А.А.Потебня, А.А.Шахматов, А.М.Пешковский және т.б. ғалымдар тарапынан сөз тудыру процесі, түрлері, олардың сөз таптарын қалыптастырудағы рөлі туралы өзекті тұжырымдар, бағалы ой-пікірлер айтылғанымен, сөзжасам лингвистиканың жеке саласы деңгейіне көтеріле алмады. Мұның, әрине, толып жатқан объективті себептері болды. Десек те, біздіңше, мұның басты себебін сол дәуірдегі тіл білімінің деңгейінен онда орныққан тілдік бағыттардан іздеген дұрыс. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдағы тіл білімінің жай-күйі, қол жеткен биігі қандай деңгейде еді? Аталған кезеңде тіл білімінде қандай философиялық-тілдік ағымдар үстемдік құрды? Зерттеу тәжірибесінде қандай тілдік мәселелерге басымдық берілді? Міне, осындай сұрақтарға нақты жауап берілгенде ғана сөзжасам мәселелерінің көп уақытқа дейін зерттелмей, ғалымдар тарапынан назарға ілінбей «жылы жатуының» себептерін анық түсінуге болады. Біз де өзімізше осы сауалдардың жауабын іздеп көрейік.



2. ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНДЕ СӨЗЖАСАМ МӘСЕЛЕСІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ

Әлбетте, ғылым объектісіне айналған әрбір құбылыстың, шындық өмірдің өзіне ғана тән қалыптасу кезеңдері, даму жолдары, басқаға ұқсамайтын өзгешеліктері болатыны мәлім. Сөзжасам да қазақ тіл білімінде тілдің жеке, дербес саласы болып орныққанға дейін осындай пайда болу, даму жолдарын, тарихи қалыптасу кезеңдерін өз басынан кешірді. Оның даму жолына, өркендеу тарихына үңілу, екінші жағынан, өткенді бағамдау үшін ғана емес, қазіргі қазақ тілінің уақыт сынынан өтіп, әбден орныққан дыбыстық, лексика-грамматикалық жүйесін дұрыс тану, алдағы кездегі даму сипатын бағдарлау үшін де аса қажет.

Қазақ тілі сөзжасамы да өзге де жекелеген тіл білімдеріндегі сияқты тілдің басқа салаларына қарағанда анағұрлым кеш қалыптасқан тілдің арналарының бірі болып табылады. Рас, сөзжасамның сөз тудыру тәсілдері сықылды жеке мәселелері тіл ғылымында бұрыннан, ертеден сөз болып келе жатқанымен, оның тіл білімінің лексика, фонетика, грамматика тәрізді лингвистиканың өз алдына бөлек, дербес саласы ретінде таныла бастауы соңғы 40-50 жылдың жемісі. Бұл орайда, қазақ тілінің зерттеушілеріне жалпы тіл білімінде сөзжасамға байланысты орныққан ғылыми тұжырымдардың, ең алдымен, орыс тіл білімінде оны жеке сала ретінде қарастырған көптеген байсалды зерттеулердің жарыққа шығуы әсер еткені, ықпал жасағаны даусыз.

Осы ыңғайда қазақ тіл білімінде де сөзжасамның кейбір мәселелерінің бұрыннан сөз болып келе жатқанын ескере отырып, сөзжасамның зерттелу тарихын екі аспектіге яғни екі кезеңге бөліп қарауды жөн санаймыз: 1. Сөзжасамның қазақ тіл білімінің жеке саласы болып қалыптасқанға дейінгі дәуірі; 2. Сөзжасамның қазақ тілінің жеке дербес саласы болып орнығуы.

Сөзжасамның қазақ тіл білімінің жеке саласы болып қалыптасқанға дейінгі кезеңінде сөзжасам мәселелері негізінен грамматиканың морфология құрамында, онда да сөз таптарының жасалу, даму көздерінің басты бір көзі ретінде қарастырылып келді. «Сөзжасамның морфологиялық құрамда зерттеле бастауы,-профессор Т.Қордабаевтың мәлімдеуіне қарағанда,-ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап даралана зерттелінетін болды. Осы кездерде қазақ тіліне қатысты тілдік материалдар жинау, қазақ тілінің дыбыстық, грамматикалық жүйелерін сипаттау жұмыстары бірсыдырғы жүйелі жүргізіле бастады» [1, 19].

3. Сөзжасамның тілдің басқа салаларымен байланысы

Сөзжасам мен синтаксистің байланысы да тілде белгілі орын алады. Сөзжасамның синтаксистік тәсіл арқылы жасалған күрделі сөздері өзінің шығу тегі жағынан сөз тіркестеріне барып тіркелетіні жалпы тіл білімінде әбден танылған, даусыз мәселе деп саналады. Сөз тіркесі сөзжасамдағы күрделі сөзде өз ізін қалдырып отырған. Күрделі сөздердің құрылысында, сыңарларының бір-бірімен байланысуында сөз тіркесінің ізі анық көрінеді. Бұл олардың ұқсастығын туғызып, оларды ажыратуда қиындық келтіреді. Өйткені көп жағдайда олардың жасалу үлгілері ұқсас. Бұл күрделі сөздердің түп негізі сөз тіркесі екеніне байланысты.

Сөзжасам нәтижесінде жасалған туынды сөздер сөздік қорға қосылып, тілдегі басқа сөздер сияқты лексикологияның зеттеу нысанасына түседі. Бұл арада туынды сөздер сөзжасам мен лексикологияның байланысын туғызады. Бірақ сөзжасам мен лексикология сөзді әр тұрғыдан зерттейді. Лексикология тілде бар сөздердің мағыналық ерекшелігін, шығу арнасын т.б. құбылыстарын зерттейді. Сөзжасам болса туынды сөздердің жасалу заңдарын зерттейді.

Қосымшалардың дыбыстық варианттары фонетикалық заңдылық негізінде қалыптасқан. Оны морфонология саласы зерттейді. Сонымен бұл арада сөзжасам өзінің жұрнақтарының вариантта қолданылуы арқылы тілдің фонетика, морфология салаларымен байланысатыны анықталды.

Қазақ тілі бай тілдердің біріне жатады. Тілдің бай лексикасы үнемі толығып, дамып отырған. Тілдің лексикасының үздіксіз дамуы қоғамның дамуымен тығыз байланысты. Қоғамның дамуы, адам санасының өсуіне байланысты өмірде жаңа заттар мен ұғымдар пайда болады да,оларды атау қажеттілігі туады. Осы қажеттілікті өтеу үшін сөзжасам арқылы жаңа сөздер жасалады. Ол жаңа сөздер тілді байытады, сондықтан тілдің сөздік құрамының баюында негзгі қызметті қазақ тілінің сөзжасам жүйесі атқарады, өйткені қазақ тілінің қалыптасқан сөзжасам жүйесі бар, ол тілде жаңа сөздер жасауды қамтамасыз етеді.
Бақылау сұрақтары:


  1. Сөзжасамның қазақ тіл білімінде зерттелуі

  2. Сөзжасам жүйесін зерттеуші ғалымдар және олардың еңбектері

  3. 1989 жылғы “Қазіргі қазақ тілінің сөзжасамы” атты еңбек және оның көтерген мәселелері

  4. Сөзжасам- қазақ тіл білімінің дербес саласы

Ұсынылатын әдебиеттер:

1.Сыздықова Г.Қазіргі қазақ тілі морфологиясы. Алматы., 2012. – 158б. 2Сарбалаев Ж.Т. Конверсия мәселелері. Павлодар.,2010. -96б.

3.Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. -Алматы, 2002.

4.Салқынбай А. Тарихи сөзжасам. –Алматы, 1999.

5.Салқынбай А. Қазақ тілі сөзжасамы. –Алматы, 2003.

6.Бейсембайқызы З. Сөзжасам пәнін модуль бойынша оқыту.-А., 2000.

7.Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. Алматы, 1989ж.

8.Қалиев Ғ. Қазақ тілінің сөзжасам мәселелері. Алматы, 2002ж.


2 дәріс тақырыбы: Сөзжасамның негізгі теориялық ұғымдары
Жоспар

1. Қазақ тілінің сөзжасам жүйесі

2. Сөзжасамдық тұлға

3. Сөзжасамдық мағына

4. Сөзжасамдық ұя

5. Сөзжасамдық тізбек

6. Сөзжасамдық жұп

7. Сөзжасамдық қалып

8. Сөзжасамдық шеп
Сөзжасамның негізгі теориялық ұғымдарына сөзжасамдық ұя, сөзжасамдық парадигматика мен синтагматика, сөзжасамдық үлгі мен тип, сөзжасамдық тізбек, сөзжасамдық мағына, туынды сөз, негіз сөз, екіншілік мағына, сөзжасамдық мағына жатады.
Туынды сөздер деп сөзжасамдық тәсіл арқылы сөзжасамдық бірліктердің бір-бірімен қарым-қатысқа түсуінен жасалған сөздер айтылады. Мысалы, толқын, білім, сұрақ, бозар, көгер, алып кел т.б.

Сөзжасамдық ұя - сөзжасамның негізгі ұғымы. Сөзжасамдық ұя дегеніміз-жаңа сөзжасамдарға негіз болатын, ортақ, өзек мағына қалыптастыратын сөздердің жиынтығы. Сөзжасамдық тұлға-сөзжасамның негізгі ұғымы. Сөзжасауға қатысатын ерекше тұлғалық және семантикалық суффикс түрінде де болуы ықтимал. Сөзжасамдық мағына – сөзжасамдық үдерісте қалыптасқан туынды мағына. Сөзжасамдық тип деп бір сөз табынан белгілі бір жұрнақ арқылы жасалған ұқсас мағыналы туынды сөздердің жасалуы аталады. Сөзжасамдық үлгі-сөзжасамның негізгі ұғымының бірі. Сөзжасамдық үлгіні анықтауда мынадай белгілерге сүйену керек:негіз сөздің қай сөз табына жататыны; негіз сөз бен туынды сөздің семантикалық арақатынасы;сөз тудырушы негіз сөз бен сөзжасамдық тұлғаның сыртқы формасы мен туынды сөздің сыртқы формасының сәйкес келуі; Мысалы:келе-шек, бола-шақ; оқу-шы, жүргізу-ші, жазу-шы т.б. Сөзжасамдық тізбек-бір сөзжасамдық ұядан немесе негізгі сөзден тараған туынды сөздер тізбегі, яғни бір түбірден тараған бірінен-бірі тікелей туындайтын, біріне-бірі негіз болатын негізді сөздердің тобы.

Сөзжасамдық ұяның мүшелерінің негізгілерінің бірі - сөзжасамдық тізбек. Қазақ тіл білімінде сөзжасамдық тізбек мәселесі тұңғыш рет ілгеріде аталған "Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі" атты монографияда көтерілді, сөзжасамдық тізбек термині ғылыми айналымға алғаш сонда түсті. Бір түбірден тараған, біріне-бірі негіз болатын негізді сөздердің тобы сезжасамдық тізбек деп аталады. Сөзжасамдык тізбектің қайсысын алсақ та, оның құрамындағы туынды түбірлер бір түп негіз сөзден бастау алады. Олай болса, тізбек атаулы түп негіз сөзден өрбиді, яғни сөзжасамдық тізбектің құрамында міндетті түрде түп негіз сөз болуы шарт. Түп негіз сөзсіз сөзжасамдық тізбек болмайды, түп негіз сөз сөзжасамдық тізбектің негізгі мүшесі. Сөзжасамдық тізбектің келесі мүшесі - түп негіз сөзден жасалған туынды түбір сөздер. Тізбектің құрамындағы туынды сөз біреу де, бірнешеуде бола береді. Мысалы, жұп-жұптық; жыр-жырла-жырлас;зар-зарла-зарлат-зарлатқыз. Осы мысалдағы 1 -тізбекте бір ғана туынды сөз бар, 2-тізбекте екі туынды түбір, 3-тізбекте үш туынды түбір бар. Бұл туынды сөздердін санының тізбекте түрлі болатынын көрсетті. Сонда тізбектегі түп негіз сездің саны тұрақты болады да, туынды сөздің саны тұрақсыз болатыны анықталды. Бұл екеуі де - сөзжасамдық тізбектің негізгі мүшелері.
Сөзжасамдық тарам термині словообразовательная парадигма мәнінде қодданылды. Осы термин орыс тіл білімінде де кейінгі кезде қолданыла бастады. Бұрын тарам термині морфологияда ұзақ уақыт қолданылғаны белгілі, мысалы септік тарамы (парадигмасы), жіктік тарамы (парадигмасы) сияқты қолданыс ғылымда әбден таралған, таныс ұғымға айналған. Бұл термин барлық тіл біліміндік сөздіктердің бәрінде сөз түрлендіру жүйесі мәнінде түсіндірілген.
Соңғы кезде сөзжасамдық тарам (словообразовательная парадигма) термині қолданыла бастады. Морфологиялық тарамда да бір сөз түрлі сөз түрлендіруші қосымшалар арқылы түрленеді. Сөзжасамда да бір сөзден бірнеше түрлі сөз жасалады. Морфологиялық тарамдар жиі қолданылады. сөзжасамдық тарамдар әлдеқайда сирегірек қолданылады және сөзжасамдық тарамдағы создердің лексикалық мағынасында айырма болса, морфологиялық тарамдағы сөздердің лексикалық мағынасында айырма болмайды да, айырма тек грамматикалық мағынада болады.

Сөзжасамдық саты деп негіз сөз бен сөзжасамдық жұрнақтан тұратын сөзжасамдық ұядағы туынды түбірлердің жасалу ретін білдіретін тілдік бірлік аталады. Сөзжасамдық тарам (парадигма) деп тік қатардағы бір сатыда бір негіз сөзден өрбіген туынды сөздердің жиынтығы аталады.



Сөзжасамдық ұя - сөзжасамның негізгі ұғымы. Сөзжасамдық ұя дегеніміз-жаңа сөзжасамдарға негіз болатын, ортақ, өзек мағына қалыптастыратын сөздердің жиынтығы. Бір сөзжасамдық ұядан тараған туынды сөздердің мағынасында түбірдің мағынасы сақталады. Сөзжасамдық ұяның мағынасын айқындау арқылы сөзжасамдық тізбекті тану мүмкін болады. Мысалы, “Өк”, “Бөл” деген сөзжасамдық ұялардан сөздің даму нәтижесінде мынадай туынды сөздер қалыптасқан: өк-өгіз-өгізше, өгіздей, өгіздік; өкір-өкіреш-өкіреңдеу; бөл-бөлу, бөлшек, бөлік, бөлім, бөлек, бөлектену, бөлісу, бөлме, бөлтек, бөлке, бөлдек, бөлгізу, бөлгіш. Сөзжасамдық ұяның мағынасы туынды сөзбен салыстырғанда ауқымды әрі кең болады. Сөзжасамдық мағына осы сөзжасамдық ұяның мағыналық шеңберінде дамиды.

Сөзжасамдық ұя бір негіз сөзбен өрбіген түбірлес туынды сөздердің жиынтығы десек,сөзжасамдық ұядағы әр түбірлес туынды сөз сөзжасамдық тізбекте орналасады.Ұядағы түбірлес туынды сөздер қалай болса,солай жүйесіз орналаса салмайды.Олардың жасалуында да,өзіндік жүйе бар,осы жүйе бойынша тізіліп келіп,сөзжасамдық тізбек жасайды.Бір ұядағы түбірлес туынды сөздердің орнын туынды сөздің қай сөзбен жасалуы шешеді. Мысалы, кел түбірінен келгіш деген туынды сөз  жасалған,сондықтан оның орнына кел себепші негізінен кейін болады,келгіш сөзінен келгіште туынды сөз жасалады,оның орны келгіш себепші негізінен кейін,келгіште сөзінен келгіштет сөзі жасалады,ол келгіште сөзінен кейін орналасады. Демек, сөзжасамдық  тізбектегі  туынды сөздердің орналасуы оның қай сөзге негізделгенімен байланысты болады.Сөзжасамдық бір ұядан бірнеше сөзжасамдық тізбек шыға алады.Олардың бәрініңде әуелгі негізі бір болғандықтан,туынды сөздердің мағыналарында ортақ сема мен өзек сема болады.Бір ұядан бірнеше сөзжасамдық тізбектің шығуының өзіндік мәні бар.Бұл ең алдымен,түбір сөздің мағынасының ауқымдылығына байланысты. Түбір мағынасы әртүрлі тұлғалардың жалғануы немесе қосылуы,тіркесуі нәтижесінде мағыналық  жіктеліске түседі.Тұлғалық және мағыналық жағынан жіктелген бірінші немесе екінші сатыдағы  әрбір  туынды сөз дами келе жеке атаулардың мағыналық жіктелісіне негіз болып,өзіндік жаңа сөзжасамдық тізбектер жасайды.Бірінші сөзжасамдық саты бойынша дамыған сөзжасамдық тізбектер:    қара – қарабайыр,қарабайырлық,қарабайырлау, қарабайырлану,  қарабайландыру.   қара-қарақат, қарақатты.   қара- қарақат,қарақатсыз. Сөзжасамдық тізбекке енген туынды сөздер бір-бірін негіздегендіктен , олардың мағыналық жақындығы айқын көрінеді.Сөзжасамдық тізбектегі синтагматикалық  байланыс тұрақты болады.Сөзжасамдық тізбекке  енген туынды сөздердің өзара мағыналық байланысы олардың жасалуына негіз болатын түбір сөздің мағынасымен тығыз байланысты болып, соған негізделеді.Сөзжасамдық тізбектегі туынды сөздердің саны әртүрлі болып келе береді.Оның сандық сипаты түбір сөздің мағынасына байланысты да айқындалады.Құрамындағы туынды сөздердің санына сәйкес сөзжасамдық тізбекті екі мүшелі  сөзжасамдық тізбек,үш мүшелі сөзжасамдық тізбек, көп мүшелі сөзжасамдық тізбек деп бөлу үрдісі бар.Сөзжасамдық тізбектегі синтагматикалық қатынас негізінде сөзжасамдық жұп жасалады.



Сөзжасамдық тұлға-сөзжасамның негізгі ұғымы. Сөз жасауға қатысатын ерекше тұлғалық және семантикалық суффикс түрінде де болуы ықтимал. Айталық, суффикстік тәсілде негізге суффикс жалғанса, мұнда екі сөзжасамдық тұлға қатысып тұрады.

Сөзжасамдық тұлға- сөзжасамның негізгі ұғымы. Сөз жасауға қатысатын бірліктер негіз түбір мен сөз тудырушы жұрнақтар сөзжасамдық тұлға деп аталады. Сөзжасамдық тұлғалардың өзіндік ішкі мағыналары бар екені белгілі. Түбірдің не негіздің , сөз тудырушы тұлғалардың өзіндік ерекше мағыналары болады. Ал жаңа сөз жасау барысында олардың барлық мағыналары түгел қатыспайды. Тек өзі туғызатын сөздің ұғымдық мәні мен мағынасына орайласа отырып, сөзжасамдық жаңа мағына туғызады. Сөзжасамдық тұлғалардың сөзжасамдық мағына жасаудағы маңызы зор. Сөзжасамдық тұлғалар түбір түрінде де, негіз түрінде кездесе алады. Түбір сипатындағы сөзжасамдық тұлғалар: ақ-ақ- шыл, ақ -тық, ақ- па, ат-ат-ты,ат-шы, ат-па, ат-шыл, ат-бегі, ас-ас-тық, ас-шы, ас-паз, ас-хана, ас-у. Негіз сипатындағы сөзжасамдық тұлғалар: - ата- ата-л, ата-қ, ата-у, ата-лық, ата-баба, ата-мұра. Жол-жол-шы, жол-шы-бай, жол-жөне-кей, оқы-оқы-р-ман, оқы-у-шы, оқы-ғыш, оқы-ту, оқы-т-у-шы, оқы-у, жаз-жаз-у, жаз-ғыш, жаз-ба, жаз-ғы, жаз-а, жаз-ыл-у.   Сөз тудырушы тұлғалар мыналар:-лық,-лік, -тық, -тік,-шы,-ші, -шылық,-шілік,-шық,-шік,-ым,-ім,-ыш,-іш, және т.б. Сөзжасамдық тұлғалардың бір-бірімен әрүрлі тәсілдер негізінде бірігуі, қосарлануы, жалғануының өзіндік ішкі заңдылығы  болады. Бұл заңдылық сөздердің синтагматикалық байланысу жүйесі негізінде іске асырылады.Мұндағы ең басты қағида сөз мағыналарының ішкі мәнінің сәйкес келуі. Сөзжасамдық  тұлғалардың жаңа мағына жасауы күрделі де қисынды процесс. Ол тек адамның танымы қабылдаған ұғымдарды ғана негіздеп, негізделген, уәжделген мән арқылы мағына туғызады.    Туынды сөздердің құрамындағы мағыналық реңді айқындау қажет болады. Ол үшін туынды сөздердің өзін денотаттық-заттық, сигнификаттық-ұғымдық, коннотациялық-бейнелік ұғымды білдіретін атаулар деп бөліп алған жөн. Денотаттық атаулардың туынды мағыналарын айқындау қиынға түсе қоймайды. Олай болуы оның заттық қасиетімен байланысты. Жаңадан пайда болған ұғым зат не құбылысқа қатысты болғандықтан, оның ерекшелігі таңбалық сипаты арқылы айқын көрінеді. Мысалы- Сары-арқа, Ұлы-тау, Жеті-су, ақ-бөкен, қой-шы, бас-тық, бас-қарма. Ал сигнификаттық мағына «түйсік арқылы қабылданып, жалпыланған субъективті бейнені  білдіретіндіктен»,- профессор М.Оразов, туынды сөздің құрамында пайда болған екіншілік мағынаның белгісін анықтау оңайға түспейді,-деп есептейді.  Кейбір сын-сапаны, қимыл-әрекетті, білдіретін туынды атаулардың мағыналық құрылымына тән. Сөзжасамдық тұлғалар-сөзжасамдық мағына жасауда бірдей деңгейде қатынасады.

Сөзжасамдық мағына – сөзжасамдық үдерісте қалыптасқан туынды мағына. Негіз сөз бен өзге сөзжасамдық тұлғалардың мағыналарының бірігуі не қосарлануы арқылы жасалатын мағына. Сөзжасамдық мағына өзінің белгісі мен реңі жағынан грамматикалық және лексикалық мағыналардан ерекшеленеді. Ол жекелеген тұлғаның немесе сөздің дара мағынасы емес. Сөзжасамдық мағына сөздің тұлғалық және семантикалық күрделі құрылымына тән, кемінде екі сөзжасамдық тұлғаның қатысуы арқылы немесе сөздің семантикалық дамуы арқылы пайда болады.

Сөзжасамдық тип деп бір сөз табынан белгілі бір жұрнақ арқылы жасалған ұқсас мағыналы туынды сөздердің жасалуы аталады. Мысалы, сын-сынақ, ат-атақ, жол-жолақ т.б.Бір сөзжасамдық типке белгілі бір жұрнақтың бір сөз табынан болған негіз сөздерге жалғанып, оларға бірдей мағына қосуынан жасалған туынды түбірлер жатады. Мысалы, қолда, майла, көзде. Бұл туынды түбірлер бір сөзжасамдық типке жатады. Олардың басын қосатын ортақ белгілері мыналар: 1) негіз сөздері бәрінде бірдей –зат есім, 2) бәрі жұрнақ арқылы жасалған, 3) туынды түбірлердің бәрінде қимыл мағынасы жасалған.



Каталог: ebook -> umkd
umkd -> «Орта ғасырдағы Азия және Африка тарихы»
umkd -> ПӘннің ОҚУ – Әдістемелік кешені «Орта ғасырдағы Азия және Африка тарихы»
umkd -> Азақстан республикасының білім және ғЫЛ
umkd -> ПӘндердің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
umkd -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
umkd -> 123 -беттің сі казақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
umkd -> ПӘндердің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Экотоксикология» пәнінің оқу-әдістемелік кешені №1 басылым 050608-«Экология» мамандығына арналған
umkd -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет