Өсиеттік билік ету нысанына қатысты заңдардың коллизиясы туралы конвенцияны ратификациялау туралы



Дата22.02.2018
өлшемі94.13 Kb.
#58503
Жоба

Өсиеттік билік ету нысанына қатысты заңдардың коллизиясы туралы конвенцияны ратификациялау туралы
Қазақстан Республикасының Заңы
1961 жылғы 5 қазанда Гаагада жасалған Өсиеттік билік ету нысанына қатысты заңдардың коллизиясы туралы конвенция осы Заңға 1-қосымшаға сәйкес ескертпелермен қоса ратификациялансын.

Қазақстан Республикасының

Президенті

«Өсиеттік билік ету нысанына қатысты заңдардың коллизиясы туралы конвенцияны ратификациялау туралы»

Қазақстан Республикасының Заңының жобасы туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

«Өсиеттік билік ету нысанына қатысты заңдардың коллизиясы туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.



Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі Б. Сағынтаев


Өсиеттік билік ету нысанына қатысты заңдардың коллизиясы туралы конвенцияға ескертпелер
Өсиеттік билік ету нысанына қатысты заңдардың коллизиясы туралы конвенцияның (бұдан әрі - Конвенция) 18-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы мынадай ескертпелер жасайды:

1) Қазақстан Республикасы Конвенцияның 9-бабына сәйкес, 1-баптың үшінші тармағынан ала отырып, lex fori-ға сәйкес өсиет қалдырушының домицилі болған жерді айқындау құқығын өзінде қалдырады.

2) Қазақстан Республикасы Конвенцияның 10-бабына сәйкес, айрықша мән-жайларды қоспағанда, сол уақытта өзге азаматтығы болмаған Қазақстан Республикасы азаматтарының бірінің ауызша нысанда жасаған өсиеттік билік етуін мойындамау құқығын өзінде қалдырады.

3) Қазақстан Республикасы Конвенцияның 11-бабына сәйкес, осы мәселеге қатысты Қазақстан Республикасы заңнамасы ережелерінің күшіне орай, Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан меншікке қатысты шетелде жасалған билік етулер нысанын мойындамау құқығын өзінде қалдырады.

4) Қазақстан Республикасы Конвенцияның 12-бабы негізінде, Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес өсиеттің мұрагерлік мәселелеріне жатпайтын ережелеріне осы Конвенцияны қолдануды болғызбау құқығын өзінде қалдырады.

5) Қазақстан Республикасы Конвенцияның 13-бабына сәйкес, 8-баптан ала отырып, осы Конвенция өз күшіне енгеннен кейін жасалған өсиеттік билік етулерге ғана қолдану құқығын өзінде қалдырады.




ӨСИЕТТІК БИЛІК ЕТУ НЫСАНЫНА ҚАТЫСТЫ ЗАҢДАРДЫҢ КОЛЛИЗИЯСЫ ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯ
Осы Конвенцияға қол қойған мемлекеттер,

Өсиеттік билік ету нысанына қатысты заңдардың коллизиясы туралы жалпы ережелерді белгілеуге ниет білдіре отырып,

Осы мақсат үшін Конвенция жасасуды шешті және төмендегі мынадай ережелер туралы келісті:

1-бап

Өсиеттік билік ету, егер оның нысаны:


a) өсиет қалдырушы оны жасаған жердің, немесе

b) өсиет қалдырушы ие болған азаматтықтың не ол билік ету жасаған уақыттағы, не оның қайтыс болу уақытындағы азаматтықтың, немесе

c) өсиет қалдырушының өзінің домицилі болған не ол билік ету жасаған уақыттағы, не оның қайтыс болу уақытындағы жердің, немесе

d) өсиет қалдырушының өзінің әдеттегі тұрғылықты жері болған не ол билік ету жасаған уақыттағы, не оның қайтыс болу уақытындағы жердің, немесе

е) жылжымайтын мүлік туралы сөз болған кезде ол орналасқан жердің ішкі заңнамасына сәйкес келсе, нысанға қатысты жарамды болып табылады.

Осы Конвенцияның мақсаттары үшін, егер ұлттық құқық біріздендірілмеген жүйе болып табылса, қолданылуға жататын заң - осы жүйеде қолданылатын қағидалармен, ал мұндай қағидалар болмаған кезде, өсиет қалдырушының осы жүйеге кіретін қандай да бір заңнамамен неғұрлым нақты байланысымен айқындалады.

Өсиет қалдырушының аталған жерде өзінің домицилі болғаны немесе болмағаны туралы қорытынды сол жердің құқығымен айқындалады.

2-бап

1-бап алдыңғы өсиеттік билік етудің күшін жоятын өсиеттік билік етуге қолданылады.

Нысанына қатысты күшін жоюда, егер ол 1-бапқа сәйкес күші жойылған өсиеттік билік ету жарамды болған шарттар бойынша заңдардың біріне сәйкес келсе, жарамды болып табылады.
3-бап

Осы Конвенция алдыңғы баптарда көрсетілгеннен өзге заңның формальды талаптарына сәйкес жасалған өсиеттік билік етуді мойындайтын Уағдаласушы мемлекеттердегі кез келген қолданыстағы немесе болашақ құқықтық нормаларды қозғамайды.



4-бап

Осы Конвенция бір құжатта екі немесе одан көп адамдар жасаған өсиеттік билік ету нысанына да қолданылады.



5-бап

Осы Конвенцияның мақсаттары үшін өсиет қалдырушының жасына, азаматтығына немесе өзге де жеке қасиеттеріне қатысты, өсиеттік билік етудің жол берілетін нысандарын шектейтін кез келген нұсқамалар нысан мәселелеріне қатысты деп есептеледі. Дәл осы қағида өсиеттік билік етудің жарамдылығы үшін қажет куәлар ие болуға тиіс қасиеттерге қолданылады.



6-бап

Осы Конвенцияда белгіленген коллизиялық нормаларды қолдану қандай да бір өзара түсіністік талаптарына тәуелді болмайды.

Осы Конвенция, егер тиісті мүдделі адамдардың азаматтығы немесе қолданылуға жататын құқық алдыңғы баптарға байланысты Уағдаласушы мемлекеттің азаматтығы немесе құқығы болып табылмаса да қолданылады.

7-бап

Осы Конвенцияда қолданылады деп жариялаған заңдарды қолданудан ол жария тәртіпке анық қайшы келген кезде ғана бас тартылуы мүмкін.



8-бап

Осы Конвенция күшіне енгеннен кейін ол өсиет қалдырушы қайтыс болған барлық жағдайларда қолданылады.



9-бап

Әрбір Уағдаласушы мемлекет 1-баптың үшінші тармағынан ала отырып, lex fori-ға сәйкес өсиет қалдырушының өзінің домицилі болған жерді айқындау құқығын өзінде қалдыруды ескерте алады.



10-бап

Әрбір Уағдаласушы мемлекет, айрықша мән-жайларды қоспағанда, қандай да бір басқа азаматтығы жоқ азаматтарының бірі ауызша нысанда жасаған өсиеттік билік етуді мойындамау құқығын өзінде қалдыруды ескерте алады.



11-бап

Әрбір Уағдаласушы мемлекет төмендегі талаптар орындалған кезде:

а) өсиеттік билік ету өсиет қалдырушы өз билік етуін жасаған жерге байланысты ғана қолданылатын заңға орай нысанына қатысты жарамды болып табылғанда,

b) өсиет қалдырушы ескертпе жасайтын мемлекеттің азаматтығында болғанда,

c) өсиет қалдырушы көрсетілген мемлекетте домицильдендірілген немесе онда өзінің әдеттегі тұрғылықты жері болғанда, және

d) өсиет қалдырушы өз билік етуін жасағаннан өзге мемлекетте қайтыс болғанда, осы мәселеге қатысты өз заңнамасының ережелеріне орай шетелде жасалған өсиеттік билік етудің нысанын мойындамау құқығын өзінде қалдыруды ескерте алады.

Бұл ескертпе ескерпе жасайтын мемлекеттегі меншікке қатысты ғана қолданылады.

12-бап

Әрбір Уағдаласушы мемлекет өзінің заңнамасына сәйкес өсиеттің мұрагерлік мәселелеріне жатпайтын ережелеріне осы Конвенцияны қолдануды болғызбау құқығын өзінде қалдыруды ескерте алады.



13-бап

Әрбір Уағдаласушы мемлекет 8-баптан ала отырып, осы Конвенцияны ол күшіне енгеннен кейін жасалған өсиеттік билік етуге ғана қолдану құқығын өзінде қалдыруды ескерте алады.



14-бап

Осы Конвенция Халықаралық жеке құқық бойынша Гаага конференциясының Тоғызыншы сессиясында ұсынылған мемлекеттердің қол қоюы үшін ашық.

Ол ратификациялауға жатады және ратификациялау туралы қүжаттар Нидерландтың Сыртқы істер министрлігіне сақтауға тапсырылады.

15-бап

Осы Конвенция 14-баптың екінші абзацында көрсетілген ратификациялау туралы үшінші құжат сақтауға тапсырылғаннан кейін алпысыншы күні күшіне енеді.

Осы Конвенция оған қол қойған әрбір мемлекет үшін күшіне енеді, ол кейіннен ратификациялау туралы құжатын сақтауға тапсырғаннан кейін алпысыншы күні оны ратификациялайды.

16-бап

Халықаралық жеке құқық бойынша Гаага конференциясының Тоғызыншы сессиясында ұсынылмаған кез келген мемлекет 15-баптың бірінші абзацына сәйкес осы Конвенция күшіне енгеннен кейін оған қосыла алады. Қосылу туралы құжат Нидерландтың Сыртқы істер министрлігіне сақтауға тапсырылады.

Осы Конвенция оған қосылған мемлекет үшін оған қосылу туралы құжат сақтауға тапсырылғаннан кейін алпысыншы күні күшіне енеді.

17-бап

Кез келген мемлекет қол қою, ратификациялау немесе қосылу кезінде осы Конвенция халықаралық қатынастары үшін өзі жауапты болатын барлық не бір немесе бірнеше аумаққа қолданылатыны туралы мәлімдей алады. Мұндай мәлімдеме тиісті мемлекетке қатысты осы Конвенция күшіне енетін күні күшіне енеді.

Осыдан кейін кез келген уақытта мұндай қолданулар туралы Нидерландтың Сыртқы істер министрлігі хабардар етіледі.

Конвенция мұндай қолдану кезінде айтылған аумақтар үшін алдыңғы абзацта көрсетілген хабарламадан кейін алпысыншы күні күшіне енеді.



18-бап

Кез келген мемлекет ратификациялау немесе қосылу уақытынан кешіктірмей осы Конвенцияның 9, 10, 11, 12 және 13-баптарында көрсетілген бір немесе бірнеше ескертпені жасай алады. Ешқандай басқа ескертпеге жол берілмейді.

Сондай-ақ әрбір Уағдаласушы мемлекет 17-бапқа сәйкес осы Конвенцияның қолданылуы туралы хабардар еткен кезде қолдануда айтылған барлық немесе бірнеше аумақта оның қолданысын шектей отырып, бір немесе бірнеше ескертпе жасай алады.

Әрбір Уағдаласушы мемлекет өзі жасаған ескертпені кез келген уақытта кері қайтарып ала алады. Мұндай кері қайтарып алу туралы Нидерландтың Сыртқы істер министрлігі хабардар етіледі.

Мұндай ескертпе алдыңғы абзацта көрсетілген хабарламадан кейін алпысыншы күні қолданысын тоқтатады.

19-бап

Осы Конвенция тіпті оны ратификациялаған немесе оған кейіннен қосылған мемлекеттерге қатысты 15-баптың бірінші абзацына сәйкес ол күшіне енген күннен бастап бес жыл бойы күшінде қала береді.

Денонсация болмаған кезде, ол автоматты түрде әр бес жыл сайын ұзартылады.

Кез келген денонсация туралы Нидерландтың Сыртқы істер министрлігі, кем дегенде, бес жылдық кезең өткенге дейінгі алты ай бұрын хабардар етіледі.

Ол аталған Конвенция қолданылатын кейбір аумақтарда шектелуі мүмкін.

Денонсация туралы хабардар еткен мемлекет үшін ғана оның күші болады. Конвенция басқа Уағдалушы мемлекеттер үшін күшінде қала береді.



20-бап

Нидерландтың Сыртқы істер министрлігі 14-бапта көрсетілген мемлекеттерді және 16-бапқа сәйкес қосылған мемлекеттерді, төмендегілер туралы:

a) 14-бапта көрсетілген қол қою және ратификациялау туралы;

b) 15-баптың бірінші абзацына сәйкес осы Конвенция күшіне енетін күн туралы;

c) 16-бапта көрсетілген қосылулар және олардың күшіне ену күні туралы;

d) 17-бапта көрсетілген қолданулар және олардың күшіне ену күні туралы;

e) 18-бапта көрсетілген ескертпелер және ескертпелерді кері қайтарып алулар туралы;

f) 19-баптың үшінші абзацында көрсетілген денонсациялар туралы хабардар етеді.



Осыны куәландыру үшін төменде қол қойғандар, оған тисінше уәкілеттік берілгендер осы Конвенцияға қол қойды.
1961 жылғы қазанның бесінші күні Гаагада француз және ағылшын тілдерінде бір данада жасалды, бұл ретте екі мәтін арасында алшақтық болған кезде француз мәтініне басымдық беріледі, бұл Нидерланд Үкіметінің мұрағаттарына сақтауға тапсырылады және оның куәландырылған көшірмесі Халықаралық жеке құқық бойынша Гаага конференциясында ұсынылған әрбір мемлекетке дипломатиялық арналар арқылы жіберіледі.


Достарыңызбен бөлісу:




©stom.tilimen.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет