Орфоэпиялық нормалардың негізгі принциптері



Дата17.07.2017
өлшемі77.11 Kb.
#39889
Орфоэпиялық нормалардың негізгі принциптері
С.Ақымбек

Филол.ғ.к., ҚазҰУ-дың доценті


Қоғамдық өмірде әр түрлі қарым-қатынасты жүзеге асыру барысында тіл екшеліп, өзіндік сипат ала бастайды. Жазба тілде әдеби тілдің сөздік қоры дамитын болса, ауызша тілде оның айтылым нормалары қалыптасып белгілі бір ортада белсенді қолданысқа түседі. Уақыт өте келе кейбір нормалар бұрмаланып өзгеше сипат ала бастайды. Оған түрлі экстралингвистикалық факторлар мен өзге тілдердің сөйлеу нормалары әсер етуі мүмкін. Көркем әрі мәнерлі сөйлеу мен дыбыстық заңдылықтардың арасындағы сабақтастықты тауып болашақ ұрпақтың тілін дұрыс қалыптастыру тілші мамандардың негізгі мақсаттарын көрсетеді.

Көпшілік қауым сөздің дыбысы құлаққа анық естіліп жатса немесе сөйлеуші құлақтың құрышын қандыратындай етіп сөйлеп жатар болса да оны тіл мәдениетін керемет меңгерген кісі ретінде санап жатады. Ал көкірегі ояу адамдар орфоэпиялық нормаларды дұрыс сөйлеудің кілті деп, ал орфоэпиялық сөздіктерді сол нормалардың қайнар көзі ретінде түсініп келе жатқаны рас. Дегенмен сол сөздікте берілген сөздер мен сөз тіркестерін сөйлеу кезінде қалай қолдану керектігін біле бермейді.



Сөздікте берілген сөздер мен сөз тіркестері сөйлеу барысында, сөз ағымында бір-бірімен тұтасып мағына сәйкес сөйлемге, пікір түрінде лебізге айналып шыға келеді. Сөйлемнің құрамындағы бөлшектердің тұтас алғанда мағыналық бөліктердің де атқаратын қызметі ерекше. Мысалы, «қонақ үй» орфоэпиялық нормаға сәйкес «қонағ үй» болып айтылады. Бірақ «Қонақ үйге кірді» дегенді кідірістің орнын өзгерту арқылы екі басқа мағынада түсінуге болады. Біріншісі «Қонағүйгө // кірді», ал екіншісі «Қонақ // үйгөгірді» болып шығады. Алғашқы сөйлемнің бастауышы «ол» деген жасырын тұлға болса, келесі сөйлемде «қазақ» екенін аңғарамыз. Ал кідіріспен ажыратылып тұрған ырғақтың ішінде қаншама сөз болмасын олар бір әуенмен, бір деммен айтылғандықтан, олардың арасына жік салмай тіркестіріп көрсеткен дұрыс деп есептейміз. Әрине, мұндай жайттардан көпшіліктің хабары бола бермейтіні белгілі. Сонда мәтіннің орфоэпиялық жазбасын жасаудың қандай да бір жолдары бар ма деген заңды сауал туындайды.

Ол үшін орфоэпиялық нормалардың негізгі критерийлерін табу қажетігі туындайды. Көркем сөйлеу дағдыларын қалыптастыру үшін нормаларды дағдыға айналдырудың жаңа технологияларын табу да күн тәртібінде тұруы қажет болады. Сөздіктер мен анықтағыштар бойынша әдіснамалық жұмыстар жүргізу тілші мамандардың еншісінде болады. Өлең құрылымы мен мәтін деңгейіндегі заңдылықтарды тауып, оларды игерудің оңтайлы жолдарын іздестіру бүгінгі күннің талабында тұруы қажет болады. Сонда орфоэпиялық нормаларды белгілі бір жүйе ретінде танытып, болашақ азаматтардың санасында дағды ретінде қалыптастырудың жолдарын көрсету мамандардың мақсатына айналады. Осыған жету үшін келесі мақсаттарды шешу көзделеді:



  • Сөз мәдениетінің бір бөлшегі ретінде танылатын орфоэпиялық нормалардың критерийлерін бөліп алу;

  • Сөз деңгейінде, сөз тіркесі деңгейінде, тіпті тұтасқан тілдік бірлік мәтін деңгейінде орфоэпиялық нормалардың іске асу тетіктерін табу;

  • Орфоэпиялық норманың құрамдас бөлігі болып табылатын кідірістің мағынаға әсер ету деңгейі анықтау;

  • Сөздің дыбыстарын жазылуы бойынша емес айтылуы бойынша талдау қажеттілігі орфоэпиялық норманы игертудің бір жолы ретінде ұсыну;

  • Орфоэпиялық норманың бұзылуы салдарынан сөйлем мағынасының өзгеруінің себептері мен оған жол бермеудің тәсілдері қарастыру.

Біріншіден, сөздің дұрыс айтылуын анықтауда, орфоэпиялық, норманы тануда ұстанатын негізгі критерийдің де басы ашылып болған жоқ. Бұл мәселеге байланысты көзқарастар мынадай болып келеді. Мәселен, сөзді неғұрлым жазылуына жуық дыбыстау; ірі елді-мекендегі халықтың сөйлеу машығын негізге алу; сахна шеберлерінің сөйлеуін үлгі ету; теледидар хабарларын жүргізушілердің сөйлеу мәнеріне еліктеу; мәдени-тарихи дәстүрді басшылыққа алу; тілдің ішкі даму заңдары қуаттайтын форманы мойындау секілді көзқарастар қалыптасқан.

Қазіргі сөйлеу тәжірибеміз алғашқы пункттермен үндес келетінін, мұның өзі орфоэпиялық үгіт-насихаттың жоқтығынан өріс алып отырған бір жақты, теріс тәжірибе екенін кезінде ғалым С.Мырзабеков айтып өткен болатын. Ғалым ең дұрысы соңғы екеуі болса керек деп ой түйіндеген болатын. Әр ұлттың айту нормасы артикуляциялық, базасы ұзақ тарихи дамудың нәтижесінде қалыптасатыны белгілі. Қазақ тілі туыстас түркі тілдерінен лексика-грамматикалық ерекшеліктерімен оқшауланбайды, алдымен осы өзіндік айтуымен, өзіндік артикуляциялық, базасымен дараланады. Сонда орфоэпиялық норманың өзі белгілі бір тіл иесі адамның сөйлеу мүшелерінің ерекшелігімен сабақтасып жатады.

Екіншіден, ауызша сөздің интонациялық ерекшеліктерін, кідіріс, сөз ырғағы мен бунақтарын сақтап, оларды орын-орнына қойып айту орфоэпиялық норманың негізгі шарты. Сөздің дыбыстық құрылымына, әуездік құрылымына қатысты мұндай шарттылық бұзылса, айтылған сөзді дұрыс ұғыну мүмкін болмай қалады.

Мәселен‚ сөз құрамы бірдей мына тіркестерді екі түрлі ырғақпен (екпінмен) айтып‚ екі түрлі түсінуге болады:



қазақтілін сүйеді қазақ тілінсүйеді

қазағжерін сағынды қазақ жерінсағынады

Үшіншіден, тіркестерді кідіріссіз айтсаңыз бір мағына, кідіріспен айтсаңыз басқаша мағына, мәнге ие болады.

Олай болмаған жағдайда сөздердің байланыс реті бұзылады да‚ тіл табиғи жарасымынан айырылады‚ құлаққа жағымсыз естіледі‚ әрбірден соң айтылған ой көмескіленіп‚ тіпті түсініксіз болып кетуі де қиын емес.

Мәселен‚ бір бунаққа енетін мынадай тіркестердің басқы сөзін бөліп айтып көрейік:



тасбауыр болды тас бауұрболдұ

тасжүрек еді тас жүрөгеді

Бұдан қалыпты ырғақ‚ екпіннен айырылған тіркестердің мағынасыздыққа ұшырайтынын аңғару қиын емес.

Төртіншіден, сондай-ақ сөз екпінін дұрыс қойып айтудың да мәні ерекше:

• Тартп[а] - т[а]ртпа

• Бөлм[е] - б[ө]лме

• Оралм[а]н - ор[а]лман

Алайда бұл қосымша екпін қабылдамайды дегенді бір жақты түсінуге болмайды. Қазақ тілінің кейбір деректеріне қарап тұрсақ, -ма қосымшалы етістік тұлғасының кейде сөйлеушінің бұйрық емес, өтініш, жалыныс тәрізді көңіл күйімен байланысты айтылатын кездері бар. Осындай жағдайда екпін басқа емес, дәл -ма қосымшаның өзіне түседі. Мәселен, Мұндай сөзді а:йтпа! деген сөйлем бұйрық интонациямен айтылса, екпін айтпа тұлғасының бірінші буынына түседі де, ал өтініш, жалыныш интонациямен айтылса, екпін оның соңғы буынына (-ма қосымшасына) түседі - Мұндай сөзді айтпа:! Мұнда екпін буынның уақыт жағынан алғанда созылыңқы айтылуымен көрінеді.

Бесіншіден, сөйлеу кезінде бір бунақ құрап, бір ырғақтық топпен айтылатындар алдымен күрделі сөздер және әр түрлі жолдармен тіркескен сөздер. Атап айтқанда:

1. Біріккен сөздер: әргім (жазылуы – әркім)‚ әрғашан (әрқашан).

2. Қос сөздер: қорағора (қора-қора)‚ көрөгөрө (көре-көре)‚.

Еліктеуіш қос сөздердің құрамындағы қатаң дыбыстар өзгеріске ұшырамайды: жарқ-жұрқ‚ жалп-жалп‚ дүңк-дүңк‚ ыңқ-ыңқ‚ зып-зып. Тез айтқанда қатаңдану‚ ұяңдануы мүмкін.

3. Өзара тіркескен (күрделі) зат есімдер: малғора (мал қора)‚ қонағүй (қонақ үй)‚ темірғасық (темір қасық).

4. Күрделі сын есімдер: қарала (қара ала)‚ көгала (көк ала).

5. Күрделі сан есімдер: омбір (он бір)‚ омбес (он бес).

Мұнда бунаққа енетін сөздердің саны үш-төрттен аспауға тиіс. Одан асса‚ іштей ажырап кетеді. Мәселен: мыңтоғұжжүз қырықпес (1945).

6. Есімдік тіркестер: бұлгім (бұл кім)‚ олғайда (ол қайда).

7. Етістік тіркестер: жазыпполдұ (жазып болды)‚ жазыбжатыр (жазып жатыр).

8. Негізгі сөздер мен көмекші сөздердің тіркесі: үйгөғарай (үйге қарай)‚ үйдүңғасында (үйдің қасында).

9. Тұрақты тіркестер: жүрөгжұтқан (жүрек жұтқан)‚ ташшүрек (тас жүрек).

Алтыншыдан, ырғақтық топтар мен бунақтардың ара жігін ашып алу. Ырғақ – кейбір белгілері жағынан өзара бірдей‚ немесе біршама жуық элементтердің қайталануы. Бұл әсіресе өлең жолдарынан жақсы аңғарылады. Өлеңге тән буын‚ бунақ‚ ырғақ сияқты негізгі элементтердің әр тармақ‚ шумақта қайталануында белгілі бір тәртіп‚ жүйе болады.

Сөйлемде ырғақтық топтар болса, өлең тармақтарында бунақтар сап түзейді. Кейде екеуі бірінің орнына бірі ауыстырылып айтыла береді. Сонда сөйлем бунақтарға‚ бунақ сөздерге‚ сөздер буындарға‚ буын дыбыстарға ажырайды. Әрине‚ қара сөздегі бунақ пен өлеңдегі бунақтың ұқсастығымен қатар өзіндік ерекшелігі бар.

Жетіншіден, орфоэпиялық нормалардың мәтін деңгейінде іске асуын «өлең сөз» және «қара сөз» деп екі түрлі жолмен қарастырған абзал. Мысалы қара қазақтың қара өлеңінің әр тармағы (жолы) үнемі үш бунақты болып‚ он бір буыннан құралады және әр бунақтағы буындардың қайталануында да заңдылық бар. Олар көбіне 4-4-3‚ 3-4-4 және 4-3-4 буынды болып келеді де‚ өзара ырғақ‚ әуені жағынан ерекшеленеді. Енді бір шумақ өлең қарастырып көрейік:



Ай қабақ‚ // алтын кірпік‚// қызыл ерін‚

Кел десең‚ // неге аяйын / /аттың терін

Сары ағаш // сазға біткен // секілденіп‚

Қай жерде // отыр екен // бұраң белім (Халық өлеңі)

Сонда әлгі шумағымыздың айтылуы мынандай болып шығады:


Дыбыстардың бірін бірі бунақ ішінде акустикалық жақтан игеруін таңбалау үшін және белгілерін пайдалануға болады. Мұндағы бағыттаманың нұсқауына қарап қай дыбыстың қай дыбысқа әсер етіп тұрғанын аңғару қиын емес. Осы жүйені негізге ала отырып дыбыстардың бірін бірі артикуляциялық жақтан игергенін көрсету үшін және белгілерін пайдаланамыз. Игерудің осы екі түрі қоса жүзеге асса белгісін қолдануға болады. Айтып отырған тәсілдерің тәжірибелік маңызы зор. Бір бунақ ішіне енген сөздердің тұтасып бірге айтылуын – белгісі арқылы беруге болады. Жылысу құбылысы арқылы жүзеге асқан дауысты дыбыстардың түсіп қалуын – белгісімен таңбаланған жөн деп табамыз. Сөз шекесіндегі сан ырғақтағы буын санын, ал тармақ соңындағы жақшада тұрған сан сол тармақтағы буындардың жалпы санын көрсетеді.

Енді «қара сөздің» орфоэпиялық жазбасына тоқталып көрейік. Мұнда ырғақтық топтарды синтагма немесе мағыналық бөлшектер топтастыратыны түсінікті болып шығады.

Жазылымы:

Бір күні Қожанасыр досының үйіне келсе ол үйін тазалап жатыр екен. Қожа одан:

- Е, достым! Не істеп жатырсың? – деп сұрапты.

- Ә, Қожа екенсің ғой! Мына ескірген киім, қағаз, кітап бәрін өртейін деп жатыр едім, - дейді досы.

- Қой, достым! Киім ескіргенмен, кітап ескірмейді. Кітаптың сырты ескіргенмен ішіндегі асыл сөзі ескірмейді, - депті Қожа.


Сөйлеу кезінде жоғарыда көрсетілген бунақтар бір-бірімен өзара қатынасқа түсіп айтылады да‚ синтаксистік талдау кезінде сөйлем мүшелері түрінде көрінеді. Сонда бастауыш пен баяндауыш‚ анықтауыш пен анықталатын сөз‚ толықтауыш пен толықталатын сөз‚ пысықтауыш пен пысықталатын сөз бір ырғақпен айтылады да‚ ырғақтық топ құрайды. Соның өзінде олар міндетті түрде іргелес‚ көрші тұруға тиіс‚ араларына көбірек сөз енген сайын олар тұтастығынан айырылып‚ ажырап кетеді.

Қорыта келгенде, мәтінді орфоэпиялық жағынан өрнектегенде түре шартты белгілердің қолданылуы маңызды. Мынадай тұжырымдар ұсынуға болады:


  • Сөз ағымында орфоэпиялық жағынан түрленетін ең кіші бөлшек бунақ немесе ырғақтық топ болып шығады.

  • Ырғақ аралық шекте ешқандай фонетикалық құбылыстар жүзеге аспайды.

  • Сонымен бірге мәтіндегі кідірісті дұрыс аңғару орфоэпиялық нормаларды іске асырудың тікелей тетігі болып шығады.

1. Қазақ грамматикасы. –Астана, 2002. –784 б.



2. http://www.praat.org

3. Қазақ тілінің орфоэпиялық анықтағышы. –Арыс, 2004. –200 б.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> Қазақстан республикасының денсаулық сақтау әЛЕУМЕТТІК денсаулық сақтау министрлігі
publications -> Қазақ тіліндегі физикалық ЖӘне техникалық терминологиялық СӨздіктердегі үйлесімсіздік
publications -> Реферат тақырыбы: Сыртқы және ішкі сәулелену әсерінен пайда болатын аурулар Орындаған: Медеубек М. А. Тобы: 103 фк
publications -> Ас қорыту жүйесі
publications -> Тіл – ел байлығы
publications -> В медицинской практике остеомиелитом называют воспаление всех слоев кости от костного мозга до надкостницы
publications -> Делимитация и демаркация государственной границы рк как фактор национальной безопасности
publications -> Морфологические изменения миокарда предсердий при внезапной сердечной смерти у пожилых людей
publications -> Патриоттық тәрбие Аннотация


Достарыңызбен бөлісу:




©stom.tilimen.org 2023
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет