М. А. Аужанова а-93 Мал азығын өндіру және дайындау технологиясы. Пәннің оқу-әдістемелік жинағы. Көкшетау, 2015. 210 бет. «Мал азығын өндіру және дайындау технологиясы»


Табиғи жайылымды пайдалану ерекшеліктері



бет6/22
Дата18.05.2017
өлшемі3.78 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22

Табиғи жайылымды пайдалану ерекшеліктері

Қазақстан аймақтарында табиғи шөптерді малға жегізу көпжылдықтардың көктемгі көктеуінен 14-17 күн өткесін басталады. Осы кезде өсімдіктер түптелу кезеңінен түтіктену немесе бұтақтану-шашақтану кезеңдеріне өтеді. Бұл кезең өсімдіктердің жайылымдыққа піскен кезі болып есептеледі, сабақтардың биіктігі 14-16 см жетеді.

Жайылымдық көпжылдық шөптердің басым көпшілігі (боз, бетеге, жатаған бидайық, қылтықсыз арпабас және т.б.) өсіп-дамуы бойынша қыстық топқа жатады, сол себепті олар қыс мезгілінде түбінде сақталған қысқа өркендері арқылы көктемде қарқынды өседі. Бұл өркендер көктемде жаңа шыққан өркендерге қарағанда тез өседі және өнімнің негізін құрады. Сол себепті жайылымнан, көктемнен бастап жақсы өнім алу үшін алдыңғы күзде оттылықты малға байқап жегізеді. Яғни жайылымдықта тұрғылықты суық түсерден 20 күндей бұрын мал бағуды тоқтату керек. Осы кезеңде жайылым өсімдіктері түбіне қоректік заттар жинап үлгереді де жақсы қыстап шығады.

Көпжылдық шөптердің бірінші алшын көгіне 20-22 күннен кейін мал жаюға болады, келесі алшын көктерді пайдалану 40-45 күннен кейін басталады. Сол себепті орманды-далалық және таулы (ортаңғы белдіктерде) жайылымдар пайдалану кезеңінде көбінесе 2-3 рет жегізіледі. Мал жаю ұзақтығы 8-9 күннен аспауы керек.

Айта кету керек, жайылымда мал бағу ұзақтығы негізінен ондағы өсімдіктер түріне, шығымдылығы мен өсуіне байланысты. Бозды-бетегелі оттылықты мамырдың ортасында 10-12 күн бойы, маусымның ортасында 12-14 күн бойы пайдалануға болады. Жартылай бұталы, жусанды-изенді және көкпекті жайылымдарды күздің басынан ортасына дейін орташа салмақ түсіріп пайдаланады.

Күзде қайта алшынкөк берген бозды-бетегелі жайылымды да осылай пайдаланады.



Табиғи мал азықтық жердің өнімін анықтау. Табиғи мал азықтық жердің өнімділігі жалпы және азықтық болып бөлінеді. Жалпы өнімділік дегеніміз-шабындық пен жайылымның белгілі кезеңдегі қалыптасқан өсімдіктер салмағының мөлшері. Азықтық өнімділік малдың пішенде, не болмаса жайылымда шын мәнінде пайдаланатын өсімдіктер салмағының мөлшері.

Табиғи шабындықтар мен жайылымдардың жалпы өнімін (түсімі) екі әдіспен анықтайды- орымдық алаңдар арқылы және зоотехникалық әдіспен.

Орымдық алаңдар арқылы анықтау әдісі өз кезегінде есептеу алаңы және трансекта (өсімдік түптері) әдістері болып бөлінеді.

Есептеу алаңдарын қолдану әдісі көбінесе бірегей шөп жамылғысы бар жерлердің өнімін анықтау үшін қолданады.

Трансекта әдісі бұташықты жайылымдардың мал азықтық қорын анықтау үшін ыңғайлырақ. Есептеу алаңдарын өсімдіктері біркелкі жайылым тобына орналастырады. Оттылықта өсімдіктері әртүрлі жайылымдар кездесуі де мүмкін. Шөл аймақта кездесетін шөптесін өсімдікті және бұталы аралас жайылымдардың өнімін анықтау үшін екі әдісті де қолданады, өйткені бұл әдістер жекелей мұндай жайылымдар өнімінің дұрыс көрсеткіштерін бермейді.

Орымдық алаңы арқылы анықтау әдісі бойынша тексерілетін мал азықтық жерден шөп жамылғысы бірыңғай келетін орымдық (үлгілік) 2,5 шаршы метр (ш.м.) өлшемдегі алаң бөлініп алынады. Осындай алаң 4 реттік қайталаумен алынып, шөбі орылып өлшенеді, нәтижесінде орымдық алаңның орташа өнімділігі анықталады. Алаңдардың биік-сабақты өсімдігін 4-7 см биіктікте, төменсабақты өсімдігін 3-4 см биіктікте орып көк күйінде және құрғақ күйінде өлшейді. Осыдан барып есептеу жолымен 1 га шабындықтың немесе жайылымның өнімі шығарылады.

Трансекта әдісі бұталы құмдық сілемдердегі жайылымдардың өнімін анықтауға қолданады. Ол үшін жайылымда трансекталар (жолақтар) бөліп содан арнайы бұталарды таңдап, олардың мал жейтін массасын өлшеу арқылы шығарылады.

Мысалы, 1 га жусанды-бозды жайылымның өсімдіктер жапқышының 45 пайыздық алаңын (4500 ш/м) жусанды құрам, 55 пайызын (5500 ш/м) бозды құрам алып жатыр делік, ал өнімділігі 1 шаршы метрде жусанды құрам 47 г. Бозды құрам 35 г. Болғанда жалпы өнімі былай анықталады:

4500 х 47 = 211500 г.

5500 х 35 = 176000 г.

387500 =387,5 кг = 3,9 ц/га.

Жайылымдықтың өнімін зоотехникалық әдіс бойынша анықтау алынатын мал өнімдері (ет қосуы, сүті, жүні т.б.) арқылы жүргізіледі. Ол үшін жайылым учаскесінде жайылымды жегізуден бастап аяқталғанша бағылатын мал басын, желінетін жайылымдық шөпті малға беретін қосымша азықты және малдан алынатын өнімді (ет, сүті) қатаң есепке алып жүйелі түрде өлшеп отыру керек. Мал өнімінің әр түріне кеткен азық шығынын а.ө. (азықтық өлшем) бойынша алып оны барлық алынған өнімге көбейту арқылы жалпы азық шығынын анықтайды. Жалпы азық шығынынан (а.ө.) малға берілген қосымша азықтық өлшемді (а.ө.) алып тастап малдың жайылымнан қабылдаған таза азығын шығарады. Жайылымның өнімі мал өнімі арқылы анықталуына байланысты «жайылым өнімділігінің терминінің орнына «жайылымдықтың түсімі» деген ыңғайлы.

Жайылымның өнімділігін осы әдіспен анықтаудың артықшылығы оның орындалу тәртібінің қарапайымдылығында. Өйткені малдың бағылуы, алынатын мал өнімдері шаруашылықта онсыз да күнделікті анықталып, есептеліп отырады. Бұл әдістің әлсіз жағына әртүрлі жайылым топтарының жалпы өнімдерінің және азықтың желіну коэффициенттерінің жеке анықталмайтынын жатқызуға болады. Зоотехникалық әдісті көбінесе жайылымға малды үздіксіз ұзақ мерзімге баққанда қолдану тиімді. Бірақта мұндай жағдайда екінші әдісті- азықты орып алып есептеуді де қолдану қажет. Өйткені зоотехникалық әдісте жайылымды пайдаланғанда орып алатын кездейсоқ (ыстық, суық, мал суару сапасы, мал бағу сапасы т.б.) әсерлер ескерілмейтініне байланысты көрсеткіштер дәл болмайды.

Жайылымның жалпы азықтық өнімін білу арқылы оның сиымдылғы анықталады.



Жайылым сиымдылығы. Жайылым кезеңінде 1 гектар жайылымға бағылатын мал басы бойынша сипатталады. Ол жайылымның жалпы түсімін және жайылымдық кезеңде мал басына керекті жайылымдық жасыл азыққа байланысты.

Тәулігіне бір мал басына керекті жайылымдық жасыл азық көлемі мынадай: сүттілігіне қарай 1 сиырға- 40-75 кг, бір жылға дейінгі бұзауға -15-25 кг, бір жылдан асқан төлге- 30-40 кг, қойға-6-8 кг, қозыларға-2-3 кг, жылқыға-30-40 кг.

Мысалы, жайылымдық кезең сиырлар үшін 160 тәулік десек, тәулігіне бір сиыр 50 кг жайылымдық жасыл азық жейтін болса, барлық кезеңге 50 х 160 = 8000 кг немесе 80 ц азық керек. Жайылымдықтың түсімі әр гектардан 40 ц азық дейтін болсақ, жайылым кезеңінде бір сиырға 2 гектар жайылым керек, яғни жайылым сиымдылығы 1 гектарға 0,5 бас болады.

Жайылымдар жасау және пайдалану ерекшеліктері. Шалғындық және жайылымдық шаруашылығында соңғы көздері «Мәдени жайылымдар» деген түсінік кең тараған және ол негізінен жайылымдар құру мен тиімді пайдаланудың теориялық және практикалық ерекшеліктерін қамтиды. Тәжірибе көрсеткендей ғылымның жетістіктерін өндіріске енгізе отырып жайылымдық шөп жамылғысын жасау және оны тиімді пайдалану мал азықтық жердің жайылымдық өнімін 2-4 есеге және одан да жоғары көтеруге болатыны анықталды.

Ғылыми әдебиеттерден белгілі болғандай мәдени жайылымдар жылдық жауын-шашын мөлшері 500 мм-ден кем түспейтін және ылғалы мол жерлерде (өзен алқаптары, көлтабандар, батпақты ойпаттар) құруға болады. Жайылымдық кезеңде ылғалы жеткілікті, топырағы құнарлы жерлерден жоғары жайылымдық өнім (әр гектардан 25-40 ц) алынады. Құрғақ далалық алқаптарда шөл және шөлейт жерлерде жоғары өнімді шөп түрлерін таңдап (еркекшөп, тарлау, изень т.б.) себу арқылы мәдени жайылымдар жасауға болатыны белгілі.

Жоғары өнімді ұзақжылдық мәдени жайылымдар құрудың үш әдісі белгілі.

1. Құрамында бағалы азықтық шөптер бар табиғи мал азықтық жерлерді жақсарту арқылы;

2. Өткен жылдардағы екпе шөптерді пайдалану арқылы;

3. Табиғи мал азықтық жерлерді түбегейлі жақсартып жаңа шөптер және шөп қоспаларын сеуіп пайдалану арқылы.

Мәдени жайылымдарды тиімді пайдалану міндеттеріне малды бағуды жүйелі түрде ұйымдастыру және уақытында оттылықты күтіп-баптау жұмыстары жатады.

Табиғи жайылымдықтардың бірқалыпты жақсы сақталуына және өнімі мен сапасын әрі қарай көтеру үшін жеңіл-желпі және түбегейлі жақсарту технологиясын, қолдану суармалы жайылымдар жасау және басқадай да істер атқарылады.

Түбегейлі жақсартылып екпе жайылымдар жасауға алдымен қала және ауыл маңындағы тозып кеткен жерлер қамтылуы тиісті.

Содан кейін су көздерінің маңайында орналасқан, оттылықтың ботаникалық құрамы малдың физиологиялық талаптарын қанағаттандырмайтын жайылымдық жерлер түбегейлі жақсартылып мәдени жайылымдар жасалады.

Мәдени жайылымдар жасау үшін кейбір жерлерге мәдени-техникалық жұмыстар: батпақты жерлерді құрғату, бұталар мен ұсақ ағаштардан тазалау, төмпешіктерді жою т.б. жұмыстар жүргізіледі.

Жоғары өнім алу үшін мәдени жайылымдарды жыл сайын жүйелі түрде минерал тыңайтқыштарымен қоректендіріп отырады. Сиреп кеткен жайылымдарға үстеп астық-бұршақ тұқымдас шөптерді себеді және де жыл сайын міндетті түрде күтіп-баптау жұмыстары, қоршауларды пайдалану арқылы жайылым шөбін дұрыс малға жегізу технологиясы міндетті түрде орындалуы тиісті.

Осындай технологиялық жұмыстар жүргізудің нәтижесінде мәдени жайылымдардың өнімі қатты көтеріледі.

Бұрын себілген ескі екпе шөптерді мәдени жайылымға пайдалану қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Мұндай жайылымдарды жыл сайын минерал тыңайтқыштарымен қоректендіріп, қоршап, мал бағуды дұрыс ұйымдастырып отырса 3-5 жылдан кейін шөп құрамында жайылмға төзімді-шалғындық қоңырбас, жатаған беде және т.б. шөптер үлесі көбейіп жақсы оттылық түзіледі.

Өнімі төмендеп тозып кеткен жерлерді түбегейлі жақсарту арқылы екпе мәдени жайылымдар жасалады.

Екпе мәдени жайылымдар жасау ең тиімді, өйткені алғашқы жылдан бастап қуатты жайылымдық оттылық түзіліп пайдаланылады.

Мәдени жайылымдарды республиканың барлық аймақтарында жасауға болады. Ол үшін:

а) табиғи азықтық жерлерде өсімдіктер өсуі үшін қолайлы жағдайлар жасау (ылғалдылығы, беткі жақсару, қоректендіру т.б.);

б) жергілікті ауа райына бейімделген шөп түрлерін таңдап екпе шөптер жасау;

в) малды қоршауда бағуды және жайылымда 5-6 күннен артық бағылмайтын жүйені енгізу. Осы талаптарды орындаған жағдайда мәдени жайылымдардың өнімділігі ұзақ жыл сақталады.

Ылғалы жеткілікті жерлерде жайылым кезеңінде мәдени жайылымдардың әр гектарынан 2500-3000 а.ө. дейін алынады.

Әдебиеттер тізімі

1.Можаев Н.И. , Серікпаев Н.А.Стыбаев Ғ.Ж.;т.б. азығын өндіру агрономия және ботаника негіздеріАлматы ,2011Мал

2.Можаев Н.И., Серікпаев Н.А., Стыбаев Ғ.Ж. Шалғын және жайылым шаруашылығы. Астана 2006.



Бақылау сұрақтары

  1. Мәдени жайылымдардың маңызы қандай?

  2. Қазақстан аймақтарындағы негізгі жайылым топтарын және пайдалану көздерін атаңыз?

  3. Тау жайылымдарының ерекшелігі қандай?

  4. Жайылымда тараған негізгі өсімдіктер түрлері қандай?

  5. Табиғи жайылымды пайдалану ерекшелігін сипаттаңыз?

  6. Табиғи мал азықтық жерлердің өнімін қалай анықтауға болады?

  7. Жайылым сиымдылығы дегеніміз не?

  8. Екпе жайылымдар жасаудың маңызын атаңыз?

  9. Суармалы мәдени жайылымның маңызын атаңыз?

  10. Мәдени жайылымдарды күтіп-баптау жұмыстарына нелер жатады?



Дәріс15.

Жайлымды тиімді пайдалану.

1. Жайылымды тиімді пайдалану шаралары

2. Мал жаю мезгілі, желіну биіктігі мен дүркіні

3.Жазғы кезеңде мал ұстаудың тәсілдері.
1. Жайлымды тиімді пайдалану. Мал бағу жайылымдық өсімдіктерге айтарлықтай әсерін тигізеді. Мал жайылғанда оттылықтың зақымдануы, мал тұяқтарымен қопарылуы, тапталуы жайылымның жалпы құрылымын айтарлықтай өзгертеді.

Жайылымды дұрыс пайдаланудың мынадай негіздерін атауға болады: 1) жайылымға малды жоғары өнім алатындай етіп жаю; 2) мүмкіндігінше көбірек мал азықтандыру; 3) жайылымды пайдаланған жылдары жайылым өнімі мен өсімдіктердің жақсы мал азықтық құрамын жоғарғы деңгейде сақтау, және жайылым түсімінің одан әрі көтерілуі үшін жағдайлар туғызу.

Жайылымдарда шектен тыс мал жаюдың теріс әсеріне мыналар жатады: өсімдіктердің өзгеруі: (экологиялық, физиологиялық), өсіп-дамуында өсу ортасының бұзылуы. Мал жаю алдымен жайылым өнімділігімен «топырақ-өсімдік» жүйесіндегі алмасудың қарқындылығын көтереді, бірақ малдың жайылуы шектен тыс болғанда оттылықтың күйзелуі байқалады. Жайылымдықта малды шектен тыс жаю кезінде өсімдік бірлестіктері, олардың құрылыстары мен өнімділігінің қайта құрылуы өзгереді және де шектен тыс жайылу өсімдіктің тамыр жүйесі мөлшерінің өзгеруіне, тамырлардың жер бетіне қарай таралуына әсер етіп, олардың топырақтың жоғарғы қабатына орналасуына әкеледі. Шектен тыс мал жаю, сонымен қатар жайылымдық экологияны бұзады және топырақ жапқышына теріс әсер етеді: топырақ тығыздалады, ұсақ төмешіктер пайда болады, топырақтың кебуі мен күнге күюі күшейеді, нәтижесінде топырақ қатты құрғайды.

Сонымен қатар, жайылымды шектен тыс қарқынды пайдалану өнімін төмендетіп қана қоймай, өсімдіктің қысқы суықта үсуінен толық өлуіне дейінгі жағдайға әкеледі. Жайылымдықта жиі мал бағудан, немесе оны жиі орудан ауадан көмірқышқылын бойына сіңіретін жапырақтары сабақтың жоғарғы бөліктерінде (жоңышқа, атқонақ, жатаған бидайық т.б.) немесе сабақта біркелкі орналасқан (ак суоты, шалғындық атқонақ, бетеге т.б.) өсімдіктер қатты зардап шегеді .

Құмдық шөлдердегі ауытқу көрсеткіштеріне мыналар жатады:

а) өсімдік жапқышының сиреуі; б) құнсызданған ошақтардың пайда болуы; в) жергілікті өсімдік топтарынан негізгі түрлерінің жойылып кетуі және өсімдік қауымына жаңа сапасыз түрлердің енуі.

Көптеген ғылыми зерттеулер жайылымның тұрақты түрде тұқыммен және өсімдіктердің қажетті деңгейде өздігінен жаңартылуымен ұдайы өнімділігін сақтау үшін оларды экологиялық жағынан жүйелі тәртіппен пайдалану қажеттігін көрсетеді. Жайылымды тиімді пайдаланудың негізі болып оның табиғи сиымдылығы мен жайылатын мал сандары аралығындағы қажетті қатынастары.

Жайылымды тиімді пайдаланудағы экологиялық негізгі әсерлерді былай көтеруге болады: жылдың құрғақ мезгілдерінде топырақ бетінің қабатын қопсыту, өсімдіктер жапқыштарын жасау, және шөптік бірлестіктерде қарашірікті шымтопырақтар құрылуын тездету, топырақты қоректік заттармен байыту, бұталар мен жартылай бұталардың жапырақ арқылы ауа жұту алаңдарын айқындау, тұқымды сіңіруді жақсарту және т.б.

Келешекте жайылымның жоғары өнімділік жағдайын қамтамасыз ету үшін жайылымдық мониторинг – жайылымдық қорларды басқару жүйесін құру керек.

Жайылымды тиімді пайдалану үшін мал жаю мезгілін нақты анықтау, шөп желінуі биіктігі, реттері және сыйымдылық деңгейін сақтау маңызды роль атқарады.



Мал жаю мезгілі, желіну биіктігі мен дүркіні. Жайылымның өнімділігі және ұзақ жыл бойы сақталуы мал жаю кезеңін (басталуы және бітуі) нақты анықтауға байланысты.

Жайылымды малға ерте, не болмаса кеш жегізгенде топырақ беті қатты тығыздалады да өсімдіктердің әрі қарай өсіп-дамуы қиындайды. Бұл оттылықтың нашарлауына, өнімнің төмендеуіне және жайылымның күні бұрын азғындауына алып келеді.

Малды жайылымға ерте жайғанда өсімдіктің қоректік заттарының қорлануы және жұмсалуы бұзылады, нәтижесінде оттылықтың ботаникалық құрамы нашарлайды да жалпы өнімі төмендеп кетеді.

Бірақта жайылымға мал жаюды кешіктірмеу де керек. Өйткені бұл жағдайда оттылықтың мал азықтық сапасы түсіп кетеді, шөп дөрекіленеді, желінуі төмендейді.

Жайылымдықты көктемгі пайдаланудың календарлық мерзімі аймақтарда әртүрлі болып келеді. Ол негізінен аймақта қалыптасатын метеорологиялық жағдайға және оттылықтың ерекшелігіне байланысты.

Көктемде малды жайылымға шөп жаппай көктегеннен 12-20 күн өткесін шығарады. Осы кезде астық тұқымдас шөптердің ең жоғарғы қоректілігі қалыптасатын түптену-түтіктену кезеңіне, бұршақ тұқымдастарының –бұтақтану-шанақтану кезеңіне сәйкес келеді. Яғни осы кезеңдер жайылымның пісуі болып есептеледі.

Сонымен қатар жайылымда мал бағудың басталуы өсімдік сабақтарының биіктігімен де анықталады. Бұл көрсеткіш аймақтар және жайылым топтары бойынша әртүрлі болады.

Орманды далалық, далалық аймақтарда жайылымға мал жаю оттылықтың биіктігі 17-22 см, шөлейт, шөл аймақтарда- 14-17 см болғанда басталады.

Күзде жайылымда мал бағуды дер кезінде тоқтату да өте маңызды. Жайылымдық өсімдіктердің жақсы қыстап шығуы және келесі жылы жоғары өнім қалыптастыруы үшін күзде мал жаюды өсімдік өсу кезеңі аяқталуыға 22-28 күн қалғанда тоқтатады.

Жайылымдықты малға жегізу биіктігінің де маңызы зор. Төмен жегізілген (2-3 см) оттылықта жапырақ алақаны азайып, фитосинтездердің қарқындылығы төмендейді, нәтижесінде жайылым өнімі түседі. Биік жегізілген (10-15 см) оттылықтың өнімі толықтай жегізілмегендіктен алынатын шөп түсімі азайады.

Жайылым өсімдіктерінің биологиялық ерекшеліктерін ескере отырып төменгі шөп түрін 4-5 см, төбелі шөпті 6-7 см, эфемерлер мен эфемероидтарды-2-3 см биіктікте жегізу ұсынылған.

Екпе шөпті жайылымдарды малға жегізу биіктігі барлық аймақтар бойынша 4-5 см деңгейінде.

Жайылымның өніміне және ондағы өсімдіктердің дұрыс өсіп-дамуына жайылым кезеңінде мал жаю дүркінін де әсері болады.

Жайылым кезеңінде мал жаю дүркіні аймақтарда топырақ-климат жағдайына, жауын-шашын мөлшеріне және басқа да жағдайларға байланысты әртүрлі болуы мүмкін.

Табиғи мал азықтық жерлерде мал жаю дүркіні мынадай: орманды-далалық аймақта 3 ретке дейін; далалық аймақта-2-3 рет; өзен алқаптары мен төмен ойпат жерлерде-4-5 рет; шөлейт және шөл аймақтарда -1-2 рет. Шөл аймақтарда кейбір құрғақшылық жылдары жайылымда алшынкөк түзілмейді. Бірақ бұл аймақта да көпшілік жайылымдық жерді жылына 2 дүркін жегізуге болады: бұталы-жартылай бұталы-эфемерлі, эфемерлі-сораңды және эфемерлі-жусанды жайылымдарда 1-ші ретте қойлар эфемерлермен қоректенсе, 2-ші ретте- ірі сабақты шөптермен, сораңдармен, жусандармен қоректенеді. Осылай жайылымды малға 2 дүркін жегізу арқылы сиымдылығын 15-20% дейін көтеруге болады.

Көпшілік тау жайылымдарын бірнеше рет (2-4 ретке дейін) малға жегізуге болады. Бұл жерде жусанды-сораңды, жусанды-эфемерлі, жусанды-бозды жайылымдар ғана бір рет пайдаланылады.

Суармалы мәдени жйылымдарды жайылым кезеңінде 5-6 дүркін және одан да көп малға жегізеді.

Жоғарыдағы келтірілген жаю дүркіндері негізгі жайылым кластары мен топтары бойынша берілді. Әр аймақтарда кездесетін әртүрлі ұсақ жайылым топтары үшін жайылым кезеңіндегі мал жаю дүркіні өзгеруі мүмкін.

Айта кету керек, егер де жайылым учаскелері дер кезінде мал жаюға пайдаланылмаған жағдайда оның шөбін пішенге орады.

Жазғы кезеңде мал ұстаудың тәсілдері. Жаз кезінде мал ұстаудың бірнеше тәсілдері белгілі:

1. Жайылымдық - малдар жазғы жайылым кезеңінде табиғи және екпе шөптерде бағылады. Табиғи жайылымдар негізінен шөлейт және шөл аймақтарда, екпе шөптер көп жерлері егістікке жыртылып кеткен аудандарда орналасқан.

2. Айдап жаю тәсілі. Малды айдап жаю тәсілі жайылым фермадан 2-5 км қашықтықта болса, малды арнайы ұйымдастырылған жазғы табиғи немесе екпе жайылымдарда ұстау және жасыл конвейер құру арқылы малды қосымша азықпен қамтамасыз ету.

3. Шалғай жайылымдар жүйесі. Бұл жүйені жайылымдық жерлер мал қорасынан 100 км және одан да алыс қашықтықта орналасса қолданады. Шалғай жайылымдар көбінесе таулы аудандарда көп тараған.

Ол үшін мал бағылатын жерде мал түнейтін, сиыр сауатын лапастар, бақташыларға үй салынады (немесе киіз үйлер).



4. Малды қорада ұстау. Мал ұстаудың бұл тәсілі соңғы кездері қолданылып жүр. Ол көбінесе табиғи жерлердің егістікке жыртылып, жайылымдардың азайып кеткен аудандарда қолданылады. Барлық жазғы кезеңде мал қорада тұрып, арнайы шабылып әкелінген көк шөппен оттықтан азықтандырылады.

Мал ұстаудың барлық жүйелерінде жайылымдарды сумен қамтамасыз етуге үлкен көңіл бөлінуі керек. Су көздері өзен, көл, арықтар, құдық және арнайы науалар болуы мүмкін.

Қысқы жайылымды пайдаланғанда малды желге қарсы өрістеткен дұрыс. Сонда ауа райы бұзылып кеткен жағдайда малды қыстауға жеткізу оңайлау болады. Қысқы жайылымда қардың қалыңдығы 5 см дейін болса мал жақсы жайылады.

Мал жаю жүйесі. Қазіргі кезде мал жаюдың бірнеше жүйелері белгілі:

1. Еркін немесе жүйесіз жаю. Мал еркін жайылғанда жайылым өрісіне реттеп жаю мүмкіншіліктері болмайды;

2. Өрістеп немесе жүйелеп жаю. Өрістеп жаю кезінде, жайылым бірнеше өріске (загондар) бөлінеді және оларда көк шөптің өсіп-жетілуіне сәйкестендіріп мал кезектеп жайылады.

3. Арқандап жаю. Арқандап жаю әдісі екпе жайылымда мал басы көп (20-дан аспаса) болмаған жағдайда қолданылады. Бұл жағдайда көк шөп өрістеп жаюға қарағанда өте тиімді пайдаланылады. Көбінесе сүтті сиырларды, асыл тұқымды бұқаларды осы әдіспен жаяды.

Малды өрістеп жаю жайылымды тиімді пайдаланудың негізі болып есептеледі. Еркін немесе жүйесіз жаюға қарағанда малды өрістеп жаюдың айтарлықтай артықшылықтары бар. Өйткені малды еркін жайғанда олар барлық жайылымды шарлап, тек құнды өсімдіктерді ғана таңдап теріп жейді. Сол себепті жайылымдар жаз бойы тұяқкесті болып, өсімдіктердің өсу қарқыны төмендейді. Ал малды жүйелі жайғанда өрісте мұндай кемшіліктер толықтай жойылып жайылымның жоғары өнімі және оттылықтың жақсы күйі сақталады.

Біздің елімізде және шет елдерде жүргізілген көптеген тәжірибелер көрсеткендей малды жайылымда өрістеп жаю еркін жаюға қарағанда өнімнің өсуіне және бір учаскеде мал басын көбірек ұстап алынатын мал өнімін жоғарылатуына болатыны анықталған.

Өрістер көлемі шағын және саны көп болған жағдайда жайылымның өте тиімді пайдаланылатыны белгілі болды.

Жайылымда малды өрістеп жүйелеп жайғанда оны рет-ретімен пайдалану үшін бірнеше өрістерге бөледі. Алдымен малды бірінші өрісте бағады, оның шөбін жегізіп болған соң малды екінші өріске айдайды, оны жегізген соң үшінші өріске, содан кейін төртінші өріске, сол сияқты әрі қарай барлық өрістің шөптері жегізілгенше малды айдап, өрісті ауыстырып отырады, содан кейін малды қайтадан бірінші өріске ауыстырады.

Жайылымдық өрістерді екінші дүркін пайдалану алдыңғы қолданған кезектер бойынша жүргізіледі. Әр өріс учаскесінде алшынкөгі жақсы өсіп-өнуі үшін мал жаюдан 25-30 күндей бос болуы тиісті.

Малды өрістеп жүйелі баққанда, жүйесіз баққанға қарағанда жайылымдық шөптердің тіршілік қабілеті жоғарылайды да, күні-бұрын қартаюынан сақтандырады және жайылымның санитарлық жағдайын жақсартады.

Өрістеп жүйелеп жаюды қолданғанда жайылымдықта мал басы әр кезде өзіне жеткілікті көк шөппен қамтамасыз етілуді тиімді ұйымдастыруға болады. Бұл жүйені қолданғанда жайылым біркелкі жегізіледі және жайылымдық азық толықтай пайдаланылады, малдың пайдасыз артық жүруі азаяды, өрісті жегізгеннен кейін «демалыс» кезеңі туады, соның нәтижесінде жайылым өсімдіктері жақсы алшынкөк құрады.



Өрістің көлемі. Мәдени жайылымдықтарда мал бағылатын әр өрістің көлемін 4-5 гектардан алу тиімді, ал өрісті жылжымалы қоршаулар (электроизгороди) арқылы бөлшектеп пайдаланған жағдайда көлемін 8-10 гектарға дейін көбейтуге болады. Малды көлемі үлкен өрістерде баққанда жүйесіз бағылатын әдістің кемшіліктері туындайды.

Өрістер көлемін (ауданын) анықтағанда мал басының бір тәулікте жейтін жайылымдық азық нормасын, табында (отарда) бағылатын мал басын, өрісте мал жаю ұзақтығын (бір циклда) және жайылымда мал баққан кезде желінетін азық түсімін білу керек.

Ол үшін мына формуланы пайдаланады:

Өк= Тан х Мб х Өпұ / Жт + 15-20% сақтандыру қоры,

мұнда:

Өк - өрістер көлемі (га);



Тан – бір басқа керекті азықтың тәулік нормасы (кг);

Мб – табындағы (отардағы) мал басы (бірлік);

Өпұ - өрісті орташа пайдалану (бір дүркінде) ұзақтығы;

Жт – жайылым кезеңіндегі азық түсімі (кг/га).



Өрісті пайдалану ұзақтығы. Жайылымдық өрісті пайдалану ұзақтығы, онда мал бағылатын күндер санымен анықталады. Көпшілік жағдайда өрісте бағылуы 5-6 күннен аспауы керек. Мал бағу ұзақтығы бұдан көп болса жайылымның санитарлық (ішқұрттарының көбеюі) жағдайы нашарлауы мүмкін. Өрісті пайдалану ұзақтығы шөптің желіну биіктігіне де байланысты анықталады. Мал жайылған өрісте шөп биіктігі шамамен 5 см болғанда жайылымда мал бағуды тоқтату керек.

Каталог: Книги
Книги -> Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрлігі
Книги -> Практикумы (цитология, эмбриология және гистология негіздері)
Книги -> А. Ж. Сейтембетова
Книги -> Қазақ әдебиетінің
Книги -> П. наумов омыртқалылар зоологиясы
Книги -> КАзАқстан республикасы білім, мәдениеТ және денсаулық сақтау министрліп сәкем сейфуллин атындағы
Книги -> Қазақстан республикасы білім және ғылым
Книги -> М. С. Байтенов Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің
Книги -> Педагогика тарихы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет