М. А. Аужанова а-93 Мал азығын өндіру және дайындау технологиясы. Пәннің оқу-әдістемелік жинағы. Көкшетау, 2015. 210 бет. «Мал азығын өндіру және дайындау технологиясы»



бет4/22
Дата18.05.2017
өлшемі3.78 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22

Мәдени-техникалық жұмыстар. Мал азықтық жерлерді бұталар мен төмпешіктерден тазарту. Бұталар мен төмпешіктер басып кеткен жерлер негізінен орманды-далалық аймақтарда, өзен алқаптары мен тау бөктерлерінде кездеседі. Мұндай жерлердің мал азықтық өнімін, өсімдік қауымдастықтарын құрамын және пайдаланатын жер көлемін көбейту алдымен оның ағашты-бұталар мен төмпелерден тазарту болып табылады. Бұл жұмыстарға қойылатын негізгі талаптар шалғындықты басып кеткен ұсақ ағаштар мен бұталарды тамырына дейін толық жою. Қазіргі кезде бұл жұмыстар механикалық және химиялық әдістермен орындалады.

Шалғындықта бұталар мен ағаштардың үлесі 20% асып кеткен жағдайда тазарту механикалық әдістер арқылы, қопарғыш машиналарды және арнайы бұтакескіштер қолдану арқылы жүргізеді. Бұтакескіштердің (ДП-24; МТП-13) өндірістік нормасы сағатына 0,5-0,6 га. Ағаш және бұта түбірлерін қопаруға және жер қыртысын тамырлардан тазартуға МП-7А, ДП-8А, МП-2Б т.б. машиналарды қолданады. Жер бедері қолайсыз және түбірлер көп кездесетін жерлерде бульдозерлерді қолданады.

Бұталар мен ұсақ ағаштарды химиялық жолмен құрту үшін арнайы гербицидтер қолданады (бутил эфирі және 2,4Д-амин тұзы). Гербицидтер бүрку жұмысы көктемнің, жаздың немесе күздің ашық күндері аэрозольді генераторларды не болмаса ауылшаруашылық авиациясын қолдану арқылы жүргізіледі. Өсімдіктерді толық құрту үшін өңдеу жұмысын екі рет жүргізеді. Содан кейін 2-3 жыл өткесін шалғындықты кеуіп қалған қалдықтардан тазалайды (қопарғыш-жинағыштармен т.б.).



Айта кету керек, шалғындықтарды ағаш, бұталардан тазартуды мұқият жүргізу қажет. Мысалы, өзен алқаптарында, тау беткейлерінде және құмды шалғындықтарда су және жел эрозиясынан қорғайтын ағаштар мен бұталарды сақтауға тырысу керек. Шөл және шөлейт аймақтардың жайылымдарын қорғау және өнімін көтеру үшін сексеуіл жолақтарын отырғызу тиімді.

Төмпешіктерді жою. Табиғи шабындықтар мен жайылымдарда әртүрлі төмпешіктер кездеседі. (өлеңшөп томарлары, құмырсқа, тышқандар және мал тұяқтарымен пайда болатын төмпешіктер т.б.). Мұндай төмпешіктерді жою үшін де механикалық және химиялық әдістерді қолданады. Ұсақ төмпешіктерді дискілі тырмалармен (БДНТ-2,2, т.б.), орташа және ірі фрезалармен (ФБ-09, ФБН-2,0) немесе басқа да өңдегіш машиналармен (МПГ-1,7 т.б.) жояды. Өзен алқаптарының төмпешіктерін жою үшін механикалық әдіспен қатар химиялық әдісті де қолданады (далапон т.б. гербицидтер). Мұндай гербицидтер төмпешіктерді жойып қоймай өсімдік қауымында қоректілігі нашар қияқ шөптердің үлесін азайтады. Ұсақ кеміргіштер жасаған жаңа топырақ төмпешіктерін шлейфті және инелі тырмалармен жояды (БЛШ-2,3, БИГ-3 т.б.). Тығыз төмпешіктерді фрезалармен жояды. Малды қарқынды және жүйесіз баққан жайылымдарда мал тұяғымен болатын төмпешікті жерлерді алдымен дискілейді содан кейін тегістегіштер арқылы тегістеп тығыздайды.

Қалдықтардан және тастардан тазалау. Әртүрлі өсімдік және басқа қалдықтар мен тастар көбінесе өзен алқабының және тау бөктерлерінің шалғындықтарында кездеседі. Бұлардан тазалау үшін рельсті тырмалар мен жинағыштар қолданады. Қалдықтарды бір жерге жинап өртеп жібереді. Ірілі-ұсақты тастарды тас жинағыш машиналармен (УКП-0,6, УСК-07А т.б.) жинап сыртқа шығарып шаруашылық керегіне жаратады. Бұталардан, төмпешіктерден тазартылып жалаңаштанып қалған жерлерді тегістеп шөптер себеді де тығыздайды.

Су режимін реттеу және жақсарту. Шалғындық өсімдіктер өсіп-дауы үшін көп су қажет етеді. Мысалы, 1 тонна құрғақ өнім құру үшін (транспирацияға, жерден булануға) 400 ден 1200 м3 және одан да көп су шығыны болады екен. Судың жетіспеуі де, артық мөлшері де және ыза суының жер бетіне жақын орналасуы шалғындық өсімдікке теріс әсерін тигізеді. Су мөлшері құм топырақта 2,5-3%, құмбалшықты топырақта 10-12% және балшықты топырақта 14-18% болған жағдайда негізгі шалғындық шөп түрлері қурай бастайды. Ал суы шектен тыс мол жерлерде су және ауа режимі нашарлап, соның салдарынан шалғындықтағы негізгі бағалы тамырсабақты және сиректүпті астық тұқымдас шөптер орнына сапасы төмен және зиянды шөптер басып кетеді. Су режимін жақсарту және реттеу су жайылатын өзен алқаптары мен көлтабандарда жүргізіледі. Су жайылмаған жерге су беріледі, су тұрып қалған шалғындық құрғатылады. Соңғы кездері шалғындықты жүйелі суару жұмыстары қолға алынып жатыр. Ол үшін жаңбырлатқыш машиналар (ДДА-100М, ДДН-70, «Волжанка», «Фрегат» ДДН-100 т.б.) қолданылады. Өзен алқаптары мен көлтабандарды жаз кезінде жаңбырлатып суарған кезде шалғындық жердің шөбі қаулап өсіп екі рет пішенге шабуға болатыны және өнімінің 3-4 есеге дейін көтерілгені байқалады (Аубакиров К., 2004ж.).

Далалық және шөлейт аймақтарда шалғындық көлтабандар жасау (лиманы) кең өріс алған. Көктемде су жайылған шалғындықтардың өнімі 1,5-2,0 есеге дейін көтерілетіні байқалады. Шалғындық жердің топырақ түрлеріне және өсімдік құрамына қарай суландырудың тиімді ұзақтығы 5 күннен 25 күнге дейін.



Шабындықтар мен жайылымдарға тыңайтқыштар беру.

Табиғи мал азықтық жерлерді шабындыққа немесе жайылымға пайдаланған кезде топырақтан өніммен айтарлықтай мөлшерде қоректік заттар шығарылады. Орташа есеппен 1 ц пішенмен топырақтан 1,5-1,7 азот және калий, 0,4-0,6 кг фосфор алынады екен. Жайылымдықта бұл көрсеткіштер 1,5 есеге көбейеді.



Шым топырақты және шалғындықтың оттылығын күтіп-баптау. Табиғи шабындықтар мен жайылымдарды қарқынды пайдалану топырақ бетінің су-ауа режимінің бұзылуына әкеліп соғады да бағалы өсімдіктердің жойылып, орны мал жеп оңбайтын, сапасы төмен зиянды өсімдіктер басады. Осының әсерінен мал азықтық өсімдік қауымының өнімі төмендеп кетеді.

Шым топырақты және шалғындықты күтіп-баптаудың мақсаты – оттылықтың өнімін көтеріп, сапасын жақсарту. Күтіп-баптауға шалғындықты ластайтын шөптермен күресу, топырақты желдету, оттылықты жақсарту, үстеп тұқым себу және т.б. жұмыстары жатады.



Шалғындықты ластандыратын өсімдіктермен күрес. Шалғындықтарды ластайтын өсімдік топтары егістік жерлердегідей арамшөптер деп аталмайды. Бұл жерлерде өсімдіктер мал жейтін немесе мал жемейтін болып бөлінеді. Мысалы, егістікте кейбір өсімдіктер өте қауіпті арамшөп болса (жатаған бидайық, жауқияқ т.б.), шалғындықтарда бұлар бағалы мал азықтық шөптер болып есептеледі. Шалғындықты ластайтын өсімдіктерге зиянды және улы, мал жемейтін және нашар желінетін, сапасы және өнімі төмен, ірі сабақты, сонымен қатар арамтамақты және жартылай арамтамақтылар жатады. Шалғындықтарда мұндай өсімдік топтарының үлесі 40-50 %-ға дейін жетеді. Шалғындықты ластайтын кейбір өсімдіктер (дәрі шелна, бақ-бақ, зере т.б.) шалғындық шөбінің желінуін жақсартады, кейбіреуінің дәрілік, балжинағыш, құрт-құмырсқаларға қарсы қасиеттері болады. Сол себепті шалғындықты ластайтын өсімдіктермен күрес жұмыстары олардың зиянды және пайдалы жақтарын ескере отырып жүргізілуі тиісті.

Шалғынды ластайтын өсімдіктермен күресуге алдын алу, жанама, биологиялық, механикалық және химиялық әдістерін қолданады.

Алдын алу әдісіне таза тұқымды себу, жақсы шіріген органикалық тыңайтқыштарды шашу, жол бойындағы канал жағалауындағы арамшөптерді шауып тастау жұмыстары жатады.

Жанама әдістерге шабындықтар мен жайылымдарды тиімді пайдалану, уақытында пішенге шабу, мал жаю, ауыспалы шабындықтар мен жайылымдар енгізу, жайылымды күту және т.б. жұмыстар жатады.

Шалғындықтарды суару, не болмаса құрғату арқылы жүйелі түрде минерал тыңайтқыштарын шашу, әктеу, гипстеу және жыл сайын пайдалану тәртібін ауыстыру (пішенге немесе жайылымға) арқылы табиғи шөптесіннің өнімін көтеруге, ботаникалық құрамын жақсартуға және осы қасиеттерін ұзақ жылдар бойы ұстап тұруға болады.

Шалғындықты ластайтын өсімдіктермен күресуді жайылымдық жерлерде өте тиімді жүргізуге болады. Жайылымдарда қоршауларды пайдалану, мал жайғаннан кейін мал жемеген шөп қалдықтарын шауып тастау арқылы және де жүйелі түрде тыңайтқыштар беру арқылы шалғындықтарды ластайтын шөптердің үлесін азайтып орнына бағалы астық тұқымдастарды көбейтеді.

Шалғындықтарда кездесетін ірі сабақты, сапасы нашар өсімдіктерді (тамырдәрі, атқұлақ т.б.) жұлып тастайды. (механикалық әдіс).

Қатты ластанып кеткен шалғындықтар көбінесе өзен алқаптарында кездеседі. Мұндай жерлерді тереңдете жыртып шөп қоспаларын сеуіп екпе шалғындықтарға айландырады.



Желдетуді жақсарту үшін топырақтың беткі қабатын тырмалайды және қуыстайды.

Топырақты қуыстау жұмыстарын күзде арнайы жабдықталған қопсыту мшиналарымен (КПГ-250 т.б.) жүргізеді. Қуыстау жолақтарының арасы 0-100 см, тереңдігі 35-45 см. Қуысталған топырақтардың су сіңіру және оны ұзақ ұстап тұру қабілеті жоғарылайды. Осы технологиялық әдісті қосымша тұқым себу және тыңайтқыштармен қоректендіру жұмыстарымен бірге жүргізсе шалғындықтың өнімін айтарлықтай көтеруге болады.

Біздің жүргізген тәжірибелер көрсеткендей шымтопырақты жерлерді тырмалаудың тиімділігі аз.

Ал шалғындықта негізгі өсімдік түрлерін сақтай отырып беткі қабатын аздап қопсыту (ФБН-1,5 т.б.) технологиясының тиімді екені анықталды. Бұл жұмыс топырақтың 0-20 см қабатының көлемдік массасын төмендетеді, микробиологиялық белсенділігін арттырады және су-ауа режимін жақсартады.

Мұндай топырақты желдетуге арналған технологияның тиімділігі шалғындыққа азот тыңайтқышын (N90-120кг/га ә.з.) бергенмен бірдей. Шалғындықтың өнімділігі үш жылда орта есеппен 20-22% көтерілген.

Шалғындықты жасарту. Мал азықтық жердің су-ауа және қоректік режимін жақсарту, жасарту технологиясын қолдану арқылы да жүргізуге болады. Ол үшін шалғындықты тереңдете қопсытады не болмаса тайыздап жыртады. Шалғындықты жасарту жұмыстары шөп жамылғысында тамырсабақты және сиректүпті астықтұқымдастары 22%-дан жоғары болса тиімді.

Дискінің немесе фрезаның пышақтарымен кесілген тамырсабақтарының бөлшектерінен жаңа өркендер көбейеді, ал жалпы қопсыту топырақтың ауа режимін жақсартып шалғындықтың өнімін жоғарылатады.

Шымтопырақты қопсыту шөп тұқымын үстеп себумен, тыңайтқыш берумен бір мезгілде жүргізілсе шөп өсімінің өнімі айтарлықтай көтеріліп ботаникалық құрылымы бағалы өсімдіктермен толығады.

Тереңдікте қопсыту (фрезерлеу) жасартудың тәсілі ретінде орманды-далалық, далалық аймақтарда бидайықты, жауқияқты тыңайған жерлерінде және өзен алқаптары мен көлтабандарда жүргізіледі. Ол үшін мына ережелерді орындайды: кесілген ұсақ шымдарды минералды топырақтың 3-4 см тереңдігіне түсіреді (көмеді);

-тереңдете қопсытқаннан кейін ылғалы кетпей тұрып топырақ бетін тығыздайды;

-шөбін бірінші орғаннан кейін маусымның аяғында болатын жауын-шашынға сәйкестендіріп жасартылған жердің шымтопырағы өңделеді;

-тереңдете қопсыту 9-10 см тереңдікте, ал тығыз минералды топырақтарда одан да терең жүргізіледі.

Орманды-далалық, далалық аймақтардың шөп құрамында тамырсабақты және сиректүпті астық тұқымдастары бар, бірақ өнімі төмен тыңайған жерлерді жақсарту үшін 4-5 жылда бір рет шымтопырағын тайыздап (12-18 см) жырту әдісі де қолданылады. Ол үшін жақсартар алдында және көктемгі қопсыту кезінде минерал тыңайтқышын (N60Р60К60) беру тиімді. Тайыздап жыртылған тыңайған жер алғашқы 1-2 жылда шабындыққа содан кейін жайылымға пайдаланылады.

Өнімі төмен мал азықтық жерлерді тереңдете қопсытқан, немесе тайыздап жыртқан жағдайда азық түсімі 1,5-2,0 есеге көтерілетіні байқалады. Жасартуға кеткен шығын екі жылда қайтады.

Үстеп тұқым себу әдісі де шалғындықты жеңіл-желпі жақсарту технологиясына жатады. Бұл жұмыс ең алдымен шалғындықтан бұталар мен төмпешіктерді тазалағанда жалаңаштанып қалған жерлерде жүргізіледі. Әйтпесе бұл жерлерге мал жемейтін арамшөптер қаптап кетеді. Бұдан басқа өнімі төмендеп тозып кеткен, бірақта шөп құрамында 22%-дан жоғары бағалы астықтұқымдастары сақталған шабындықтар мен жайылымдарға үстеп шөп тұқымын себеді. Әсіресе мұндай технология өзен алқаптары мен көлтабандарда жоғары тиімділігін көрсетті.

Жалпы жеңіл-желпі жақсарту кезінде үстеп тұқым себу әдісін қолданғанда астықты-бұршақты шөп қоспаларын себу жоғары тиімділігін көрсетті.

Әр аймақтарда орналасқан табиғи шабындықтар мен жайылымдарды жеңіл-желпі жақсартқан кезде қолданылтын тәсілдерді кешенді жүргізген жақсы нәтижелер береді.

Бұған мысал ретінде Ертіс өзенінің алқаптарындағы, Орталық және Батыс облыстарда орналасқан көлтабандағы шалғындықтарды жеңіл-желпі жақсарту технологиясын кешенді түрде жүргізу жұмыстарының нәтижелерін айтуға болады. Жақсартылған шабындықтардан 5-6 жыл қатарынан әр гектардан орташа 4,5-8,0 ц қосымша пішен алынған, сапасы көтерілген.



10-11 Дәріс

Аз өнімді мал азықтық жерлерді түбегейлі жақсарту.

1.Өнімділігі төмен мал азықтық жерлерді түбегейлі жақсарту.Себілген шабындық және жайылым жасау жүйесі.

2. Астық дақылдар егістігінен шығарылған жерлердің топырағын дайындау ерекшеліктері.

3.Табиғи мал азықтық жерлерді түбегейлі жақсарту шаралары

4.Табиғи аймақтық жағдайында және топырақ типіне байланысты топырақ қыртысын өңдеудің мерзімі мен тәсілі.

5.Табиғи мал азықтық жерлерді түбегейлі жақсартқанда жеделдетіп шалғындандыру және алдын-ала себілетін дақылдар.

Табиғи шабындықтың өнімі төмен болып және шөп құрамындағы бағалы астық тұқымдастарының үлесі 32%-ға жетпесе ондай жерлерді түбегейлі жақсартады. Түбегейлі жақсартқанда табиғи шым толықтай бұзылып, өңделіп, орнына бағалы көпжылдық шөптер себіліп өнімділігі жоғары жаңа мәдени екпе шабындықтар мен жайылымдар жасалады. Табиғатта кездесетін батпақты және сортаңды жерлер де түбегейлі жақсарылды. Шым топырақты жерлерді түбегейлі жақсартқанда топырақтың биологиялық белсенділігі айтарлықтай күшейеді, органикалық заттардың шіруі тездетіледі де, өсімдіктермен жеңіл қабылданатын қоректік заттар қоры түзіледі.

Қазақстандағы табиғи шабындықтар мен жайылымдардан соңғы жылдары алынған өнімін талдау олардағы түсімнің төмендігін байқатты. Мысалы, шөл және шөлейт аймақтарда әр гектардан алынған құрғақ масса 0,5-1,0-ден 3-5 центнерге дейін, далалық және қуаң далалық аймақтарда 1,5-6 центнерге дейін құбылатындығын көрсетті. Бұдан басқа осы аймақтарда анықталған 21 млн. гектардай тозып, эрозияға ұшыраған жайылымдарды атауға болады.

Республиканың сай-салалық жерлеріндегі табиғи шалғындықтарды түбегейлі жақсартудың тиімділігі жоғары. Екпе шабындықтар мен жайылымдардың өнімділігі және азық сапасы, табиғи шалғындықпен салыстырғанда екі-бес есеге дейін, тіпті одан да көпке асып түседі. Оған мынадай ғылыми зерттеулердің нәтижелерін келтіруге болады. Орал тәжірибе станциясының далалық аймағында жоңышқалы-еркекшөпті екпе шабындықтың пішендік түсімі үш жыл ішінде орта есеппен 16,2 ц/га болды, ал табиғи жердің өнімділігі гектарынан 3,4 ц ғана болған. Павлодардың топырақты эрозиядан қорғау тәжірибе станциясында екпе шабындықтан 11 жылда әр гектардан пішеннің өнімі 10 ц-ден 38 центнерге дейін құбылған, ал табиғи шабындықтың өнімі әр гектардан 1,6-дан 4,0 центнерге дейін ғана болған. Ертіс алқабында екпе шабындықтың (жоңышқа+қылтықсыз арпабас) әр гектарынан 5 жылда орташа 45-52 ц пішен жиналған.

Табиғи мал азықтық жерді түбегейлі жақсартудың екі әдісі бар. Соның бірі- жеделдетіп шалғындандыру. Бұл әдіс бойынша ылғалды аудандарда табиғи жерді жыртқаннан кейін, немесе бір жылға парға қалдырғаннан кейін келесі жылы бірден көпжылдық шөп себеді. Екінші әдіс – шалғындандыруға жоспарланған жерге алдын ала, 1 немесе 3 жыл қатарынан біржылдық мал азықтық дақылдар немесе жемдік астық дақылдар өсіріп, содан кейін көпжылдық шөп себеді. Бұл тәсіл алдын ала шымдау деп аталады. Қазақстанның шаруашылықтарында түбегейлі жақсарту әдісінің екі түрі де қолданылады. Жеделдетіп шымдау республиканың далалық, шөлейт және шөлді аймақтарында қуатты шымдалмаған шабындықтар мен жайылымдарды жақсартуға қолдану тиімді. Бұл әдіс Қазақстанның табиғи мал азықтық жерлерін жақсартудың негізгісі болып есептеледі.



2-ші кесте. Қазақстанның шөлейт аймағында көпжылдық мал азықтық шөптердің салыстырмалы түрде пішенінің өнімі, ц/га (орташа 5-10 жылда)

Мал азықтық өсімдіктер және қоспалары

Алматы облысында

Оңтүстік Қазақстан облысында

Ақтөбе облысында

Жоңышқа

7,8

10,8

8,9

Эспарцет

-

9,0

8,0

Еркек шөп

12,1

12,0

10,4

Изень

16,9

-

-

Бұршақты-астықты шөп қоспасы

10,4

-

12,6

Табиғи шөп қауымы

2,3

2,5

2,3

Екінші әдіс – жақсартатын тың және тыңайған жерлерге алдын ала мал азықтық дақылдар себу. Бұл әдісті шаруашылықтарда бірінші әдіспен қатар қолдану тиімді. Өйткені екпе жайылымдар құрғанда алғашқы жылдары малды көктемдік, жаздық және күздік кезеңдерде жасыл азықпен үздіксіз қамтамасыз (жасыл конвейер) ету үшін біржылдық екпе шөптердің маңызы зор. Бұл әдістің бірқатар артықшылықтарына мыналар жатады: 1жылдан 3-4 жылға созылатын егістік кезеңінде жер қыртысындағы ұсақталған органикалық заттар қарқынды шіриді, топырақта ылғал қорланады, топырақ арамшөптерден тазаланады және жақсы дайындалған шымтопырақта себілетін көпжылдық шөпке өте қолайлы жағдайлар туындайды.

Шаруашылықта өнімі төмен мал азықтық жерлерді шалғындандыруды осы әдісті қолданудың басқа да себептері болуы мүмкін (қысқы мал азықтарының жетіспеуі т.б.).

Табиғи мал азықтық жерлерді түбегейлі жақсарту жүйесінде мынадай технологиялардың элементтері атқарылады:



  1. Түбегейлі жақсартатын шалғындық таңдау;

  2. Шымтопырақты негізгі өңдеуге дайындау (топырақты жырту алдында өңдеу, тың және тыңайған жерді жырту);

  3. Қазақстан аймақтарында шымтопырақ жерді жырту мезгілін анықтау;

  4. Тыңайтқыштардың мөлшерін анықтау және топыраққа шашу;

  5. Екпе шабындықтар мен жайылымдар жасау үшін шөп түрлерін және қоспаларын таңдау;

  6. Себу мерзімін анықтау;

  7. Себу тәсілдерін анықтау (жамылғымен немесе жамылғысыз);

  8. Себілген жылы шөп қауымын күтіп-баптау (1-ші жылы);

  9. Екінші және одан кейінгі жылдары шөп қауымын күтіп-баптау жұмыстары.

Жақсартатын шалғындық жер таңдау. Жақсартудың негізгі шаралары. Екпе шабындықтар мен жайылымдар жасау үшін түбегейлі жақсартатын жерді таңдауға ерекше көңіл бөлінеді. Барлық аймақтарда бірінші кезекте жақсартатын жерлер анықталады.

Қазақстанның орманды-далалық, далалық және құрғақ далалық аймақтарындағы құнарлы жерлердегі шалғындықтар жыртылып, егістіктерге игерілген. Ал, өнімділігі төмен құнарсыз топырақтардағы мал азықтық жерлерді түбегейлі жақсарту бүгінгі күннің маңызды міндеттері.

Ең алдымен мынадай өнімі төмен жерлер жақсартылуы тиіс:

-далалық алқаптарда (2-30 еңісте) орташа және ауыр механикалық құрамды тұзданбаған топырақтарда;

-далалық алқаптарда және 30-тан аса еңістік баурайларда аз дамыған, шайылған орта және ауыр механикалық құрамды, ұсақ тасты, сондай-ақ 30-40 см тереңдіктегі қатты жыныстар төселген топырақтарда;

-құмды, құмдақ және жеңіл саздақ топырақтарда, жазықтықтардағы ұсақ тасы аз және өңдеуге келетін ылдиларда орналасқан шалғындықтар.

Кебір және сортаң топырақты шалғындықтар да түбегейлі жақсартудың үлкен қоры болып есептеледі.

Далалық аймаққа қарағанда жауын-шашыны аз түсетін шөлейт аймақтың шалғындығын түбегейлі жақсартуға алдымен ылғалдануы қанағаттанарлықтай учаскелерді-баурайлардың ортаңғы және төменгі бөліктері, шоқылар арасындағы жазықтар, жақсы топырақты, бірақ оттылығы тозған жайылымдар мен шабындықтарды таңдайды.



Топырақты дайындау. Топырақты өңдеудің негізгі мақсаты жақсартылатын жердің шымын бұзып, ұсақтап, ондағы органикалық заттарды тезірек шіріту арқылы қоректік зат қорын көбейтіп және себілетін шөп түрлерінің өсіп-дамуына қолайлы жағдайлар жасау.

Жақсартатын жердің топырағының түріне және шымының қуаттылығына қарай алғашқы топырақ өңдеудің мынадай тәсілдерін қолданады.



Жерді жырту. Жақсартуға дайындаған жерді арнайы соқамен (ПКБ-75, ПБН-3-45 т.б.) 35 см дейін тереңдікте жыртады. Содан кейін жыртылған жердің қыртысын тілгілейді. Далалық, шөлейттік, әсіресе шөлді аймақтарда екпе шөптер себуге дайындаған жерді бірінші жылы сүріге (парға) қалдырады. Не болмаса бұл жерлерді ерте парлау бойынша жүргізуге болады. Қазақстанның далалық аймағының оңтүстігінде сортаңдау қара топырақтарында және қоңыр топырақты жерлерінде жерді сүріге жырту 22-30 см қабатында, құмды, құмдақ және басқа да қарашірік қабаты жұқа торырақтарда 15-20 см тереңдікте жүргізіледі.

Кебір және сортаңды кешенді топырақтарды, беткейлерді, өзен алқаптары мен көлтабандардың топырақтарын өңдеген кезде жел және су эрозияларын болдырмайтын жағдайларды ескеру керек.

Қазақстанның барлық жерлерінде, соның ішінде Батыс аймақтарда көптеп кездесетін кебір және сортаң топырақты тыңайған жерлерді жақсарту үшін экологиялық тұрғыдан қауіпсіз және арзанға түсетін мелиоративтік – құрама өңдеу қолданылады. Біржылдай парланған мұндай жерлерге 1-3 жылдай біржылдық жемдік дақылдар (судан шөбі, арпа, күздік қара бидай т.б.) себілген жағдайда қуатты гомогенді жырту қабаты түзіледі.

Жалпы игерілмей жыртылмай қалған егістіктерге шөп танапты ауыспалы егістер енгізу тиімді (М.Сүлейменов, 2005ж.).

Сазды және саздақ топырақтарды көбінесе шолақ түренді соқалармен (П-5-35Ц, П-5-35М, ПА-4-35 т.б.) жыртады. Мұндай жерлерді жыртар алдында тереңдете қопсыту (ФБ-2 т.б.) жақсы нәтиже береді. Жел эрозиясына ұшыраған құмдақ және құмды топырақтарды қайырма жыртумен қатар, қайырмасыз соқалармен немесе сыдыра қопсытқыштармен (КПГ-250, КПГ-2-150) және басқа да терең қопсытқыштармен өңдейді. Мұндай жерлерді міндетті түрде далалық аймақ үшін 50-100 м, шөлейт және шөлді аймақтар үшін 50-60 м жолақтар қалдырып жыртады.

Қатты шымдалған жерлерді жырту алдында алдымен дискілі тырмалармен (БДНТ-2,2, БДТ-3 т.б.) өңдеген тиімді. Далалық және шөлейт аймақтардың бірқатар аудандарында жыртылғаннан кейін шымдарды ұсақтау мен тегістеу үшін бірден дискілі сыдыра жыртқыштарды қолданады. Өңдеудің іздер саны шымның қуаттылығына байланысты.

Сүрі жерлерде жаз бойынша арамшөптерді тырмалау немесе қопсыту (сазды топырақта) арқылы жояды. Құмдақ және құмды топырақтарда сүрі жерлерді қопсытқыш-қыршуышпен (КПП-2,2 т.б.)өңдейді.

Жырту мерзімі. Орманды-далалық, далалық аймақтардың алқаптарында жерді ерте көктемде жырту тиімді. Өйткені осы мерзімде топырақтың беткі қабатының ылғалдылығы жеткілікті мөлшерде болады да топырақ өңдеу жұмыстары сапалы өтеді.

Көбінесе далалық құрғақ алқаптарды күзде шолақ түренді соқамен жыртады, көктемде жер қыртысын дискілі тырмамен (БДТ-3,0) қопсытады, содан кейін 2-3 рет тырмалайды (БИГ-3, БСС т.б.). Уақытша су тұрып қалған алқаптарды, ойпаттарды, сазды жерлерді күзде бұташықты-саздақты соқамен (ПКБ-75) жыртады, күзде немесе көктемде дискілі тырмамен (БДТ-3,0) немесе қопсытқышпен (ФБ-0,9, ФБ-2,0) өңдейді.

Өзен алқаптары мен көлтабандарды көктемде су қайтқасын жыртады, жер қыртысын дискімен немесе қопсытқышпен (БДТ-3,0, ФБ-2,0 т.б.) өңдейді.

Шөп тұқымын себер алдында топырақ дайындау жұмысына ерекше көңіл бөлінеді. Жер жыртқаннан кейін қыртысы мұқият ұсақталып өңделеді (БДТ-7, ЛДГ-15, ЛДГ-10 т.б.), беті тегістеледі (РВК-3,6, ВПН-5,6 т.б.). Содан кейін топырақты тұқым себер алдында және себілгеннен кейін тығыздайды (ЗКК-6А).



Каталог: Книги
Книги -> Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрлігі
Книги -> Практикумы (цитология, эмбриология және гистология негіздері)
Книги -> А. Ж. Сейтембетова
Книги -> Қазақ әдебиетінің
Книги -> П. наумов омыртқалылар зоологиясы
Книги -> КАзАқстан республикасы білім, мәдениеТ және денсаулық сақтау министрліп сәкем сейфуллин атындағы
Книги -> Қазақстан республикасы білім және ғылым
Книги -> М. С. Байтенов Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің
Книги -> Педагогика тарихы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет