Ұлы Отан соғысының алғашқы жылында Қызылордаға
эвакуацияланған КСРО азаматтарын орналастыру
Келесі 2015 жылы дүние жүзі, одан бетер соғыстың зардабы қатты
тиген бұрынғы КСРО кеңістігіндегі халықтар Ұлы Отан соғысындағы
жеңістің 70 жылдығын атап өткелі отыр. Осы орайда кей өңірлерде жеңістің
70 жылдығына байланысты дайындық жұмыстары басталып кетті. Қорқыт
Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Қорқыттану және
өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институты қызметкерлері де өз үлесін қосып,
соғыс кезіндегі Қызылорда облысының жағдайы туралы мұрағат
деректерінен алынған құжаттар негізінде бірқатар мақалалар ұсынбақ.
Бүгінгі бірінші мақала 1941 жылы облысқа эвакуацияланғандарға арналады.
1941 жылы Кеңес үкіметі неміс әскерлерінің соғыс ашу мүмкіндігін
сезсе де 22 маусымда соғыс басталған сәтте не істерін білмей қалды. Неміс
әскерлері соғыстың бірінші күні КСРО территориясына 60 километр еніп,
соғыстың басында екпінділігін арттырып отырды. Көптеген КСРО жерлері
және экономикалық байлықтары немістердің қолында қалып қойды. Тек 24
маусым күні ғана КСРО халық комиссарлары кеңесінің жанынан Н.М.
Шверник басқарған «Эвакуация жөніндегі кеңес» құрылды. Бұл мекеме
немістердің басып алуы қаупі туған жерлерден өнеркәсіп орындарын,
мекемелерді және тұрғындарды шығысқа қарай көшіру мәселесімен
айналысты. Шындығын айту керек бұл мекеменің ұйымдастыруымен және
КСРО-ның сол кездегі қатаң тәртібімен қыруар жұмыс атқарылды. 1941
жылдың өзінде 1523 өндіріс орны және 12 миллион адам шығысқа қарай
эвакуацияланды [1,503-504 беттер].
Өндіріс орындарының және адамдардың басым көп бөлігі Уралға,
Сібірге қарай, ал 1941 жылы бір бөлігі Волга бойына көшірілді. Қазақстанға
1941-1942 жылдары 300-ден астам завод көшірілді, олардың 142-сі ірі өндіріс
орындары болды. Бұл заводтардың көбісі кейін Қазақстан жеріндегі ірі
өндіріс орындарының негізін қалады. 1941-1942 жылдары Кеңес армиясы
шегініп жатқанда Қазақстанға 532,5 мың адам [2.75-бет] КСРО-ның батыс
аймақтарынан көшіріліп әкелінді. Бұған қоса көшіп келген заводтар мен
фабрикалардың 50 мың маман-жұмысшылары мен инженер-техникалық
қызметкерлері келді. Бұлардан бөлек Қазақстанға 970 мың поляктар мен
немістер күштеп көшірілгенін ескерсек, соғыстың алғашқы жылдары
Қазақстандағы демографиялық жағдайдың қиын болғанын көруге болады.
Ұлы Отан соғысына дейінгі жүргізілген соңғы 1939 жылғы санақ
мәліметтері бойынша Қазақстанда 6 151 102 адам тұрған. Олардың 120 395
адамы күштеп қоныс аударылғандар болды. Бұл кезде Қызылорда облысында
328 067 тұрғын болса олардың 94 593 қала және 233 474 ауыл тұрғыны
болған. Облыс халқының 18,2 пайызы қалалық жерлерде, 81,8 пайызы
ауылдық жерлерде орналасты. 1941 жылдың 8 шілдесінде Қызылорда
облысында қарамағына 1300 адам сиятын 10 жатақхана берілген
эвакуациялық пункт құрылды. 1941 жылдың 25 шілдесінде облыста
эвакуацияланғандар туралы мәлімет беретін анықтама бюросы ашылды және
эвакуацияланғандардың
көп
болуына
байланысты
облыстағы
эвакуацияланғандарды тіркеп, орналастырып жұмысқа тұрғызу жұмысымен
айналысатын облыстық кеңестің атқару комитеті жанынан эвакуациялық
бөлім құрылды [3.18п]. Бұған қоса бір мезетте 600 адам тамақтанатын
асханалар ашылды. 1941 жылдың шілде айынан бастап Қазақстанға
эвакуацияланғандар келе бастады. 1941 жылғы 5 тамыздағы эвакуациялық
бөлімнің мәліметі бойынша облысқа 1273 адам келген. Олардың 664-і ер
азамат, 609 әйел, ( оның 357 балалар болды) 904 еңбекке жарамды, 12 адам
еңбекке жарамсыз болды. Бұл бірінші толқынмен келгендердің 1026-сы
Қызылорда қаласында қалдырылып, 247-сі Аралға, «Арал су көлігі»
мекемесіне жіберілді. Бұл адамдардың 704-і келген бойда жұмысқа
орналастырылды. Облыс орталығында орналастырылғандарға 4530 шаршы
метрді құрайтын пәтерлер мен жатақханалардан орын берілді, адам басына
шаққанда 4,4 шаршы метрден келді.
Эвакуацияланғандардың үлкен толқынының келе жатырғанын біліп
отырған облыс басшылары 5 тамызға қарай облыс орталығында 10 530
шаршы метр болатындай баспана дайындады. Бұл негізінен Н.В.Гоголь
атындағы
пединституттың,
ауылшаруашылығы
және
сауда
техникумдарының жатақханалары болды. Аудан орталықтарында 563 бөлме,
колхоздарда 1342 бөлме, совхоздарда 20 бөлме дайындалды. Бұл бөлмелер
негізінен қараусыз қалған, көбінесе аштық кезінде қырылған халықтың
үйлері, сарайлар, қоймалар болды. Үйлердің көбісінің терезесінің әйнегі де
жоқ болды. Жаз мезгілі болғандықтан мұндай кемшіліктер білінбеді.
Бұл бірінші лектің 231 адамы - Минск, 220 адам – Могилев, 131 адам –
Белосток, 50 адам - Брест, 30 адам – Виленск, 143 адам – Витебск
облыстарынан, 58 адам – Батыс Украинадан, 20 адам – Литва ССР, 84 адам –
Латвия ССР, 156 адам – Эстон ССР-нан болды. Тағы бір ерекшелік бұл 1026
адамның 92-сі ғана колхозшы болған, бұдан көретініміз эвакуацияға негізінен
қала тұрғындары көптеп барған. Бар болғаны төрт күннен кейін 9-тамызда
эвакуацияланғандар саны 1422-ге жетті.
Бұдан кейін эвакуацияланғандар саны 1942 жылдың басына дейін өсіп
отырды. Қызылорда облысының қалаларына, барлық аудандарына, колхоздар
мен совхоздарына орналасып жатырғандар саны күнде өзгеріп, облыс және
аудан орталықтарының, ауылдардың этно-демографиялық жағдайы күрт
өзгере бастады.
1941 жылдың қарашасында Сырдария ауданында 1114 эвакуацияланған
адамдар тұрды, басым бөлігі қазіргі Әл-Фараби көшесіндегі мектеп орнында
орналасқан, Сталин колхозына 274 адам, Огородник колхозына 164 адам,
Бірлестікте 121 адам, Сұлу төбеге 102 адам орналастырылды. Аудан, колхоз
басшылары келгендерге барынша көмек берді, алайда келушілердің көп
болуына байланысты және жылы қыстық киім, ыдыс-аяқ алмай шығуларына
баланысты барған жерлерінде суықта далаға шыға алмай, тамақ пісіретін,
құятын ыдыстары болмай әбігерге түсті. Оның үстіне көрпе-төсек болмай
бастапқы кезде еденде шөптің үстінде жайғасуға мәжбүр болды. Алайда
бірінші қиындық баспананың болмауы болды. «Тереңсай» колхозында осы
баспананың аз болуына байланысты эвакуацияланған Рывкиннің 31
адамнан(16-сы балалар) тұратын жанұясы 25 шаршы метр жерде тұрды, осы
жерде тамағын да ішті, ұйықтады да. Көшіп келгендерге тамақ істеп ішуге
тек картоп және ұн берілді. Сырдария ауданында 1941 жылдың қарашасында
осындай қиын жағдай қалыптасқан кезде осылардың үстіне тағы 2500
адамды қабылдауға дайындық жүргізілсін деген тапсырма берілді.
Жалағаш ауданындағы жағдай бұл кезде Сырдариядан да қиын болды.
1941 жылдың 5 желтоқсанындағы мәлімет бойынша ауданның елді
мекендерінде 2338 эвакуацияланғандар қоныстандырылған еді. Олардың 476
ер азаматтар, 760 әйелдер және 1102 балалар болды. Бұл мәліметтерді
тамыздағы мәліметтермен салыстырғанда, ер азаматтардың саны келушілер
ішінде күрт азайғаны көрініп түр. Бұның себебін соғыс басталғанда үдере
көшкен жанұялар толығымен соғыс аймағынан кете бастағаннан, ал кейінгі
көшкендер арасындағы соғысқа жарамдылар военкоматтар немесе арнайы
бөлімдер арқылы жолдарда әскер қатарына жіберіліп отырғаннан көруге
болады. Тағы бір нәрсе 129 адам (4,6%) еңбекке жарамсыздар болды. Ал
соғыстың басында шілдеде келгендер арасында бұл көрсеткіш 1 пайызы ғана
болатын. Баста аурушаң қарт адамдарды, мүгедектерді соғыс аймақтарынан
бірінші қиын-қыстау кезде алып шығу қиын болса керек, ал эвакуациялау
жүйесі жолға қойылғасын тұрғындар қарттар мен мүгедектерді де алып
кетуге мүмкіндігі болған секілді. Жалағашқа келгендердің басым бөлігі
теміржолшылар мен әскердегі азаматтардың жанұясы болды. Жалағашқа
келіп қоныстанған 2338 адамнан бөлек ауданға 458 баласы бар интернат
оқушылары да әкелінді. Ауданға келгендердің 1602-і колхоздарға, 736-сы
аудан орталығына орналастырылды. Сонымен қатар 52 адам сол кезде
мамандар жетіспей жатқан мектептер мен ауруханаларға орналастырылған
мамандар болды, бұл аудан емханасы мен мектептеріне үлкен көмек болды.
Эвакуцияланғандарды нанмен қамтамасыз ету үшін Жалағаштың өзінде
орналасқан наубайханадан бөлек «Қара-кеткен» станциясында және «Қызыл
октябрь» колхозында наубайханалар іске қосылды, моншалар жөндеуден
өткізіліп керек жерінде жаңадан салынды. Балаларға аз да болса күнделікті
сүт берілді. Қамыс заводы және «Жаңа өмір» артелі эвакуацияланғандарды
отынмен қамтамасыз етті.
Жаңақорған ауданында 1942 жылдың 10 қаңтарындағы мәлімет
бойынша 3097 эвакуацияланғандар қоныстанған екен. Олардың 619 ер
азаматтар, 1330 әйелдер, 1148-і балалар. Эвакуацияланғандардың 2361-і
(76%) колхоздарға орналастырылып, оларға 230 бөлме жөнделіп берілді.
Ыдыс-аяқтарының жоқшылығы ескеріліп 60 шелек, 708 тарелка, 122 шам, 45
жамылғы берілді және колхоз жиналыстарының шешімдерімен 123.065
килограмм нан бөлінді (10.01.42 дейін 13,3 тоннасы берілді). Бұған қоса
эвакуацияланғандардың өз қаржысына 4085 кг, қарызға 2937 кг картоп, 3067
кг және 142 кг ет, 233 кг және 53 кг май, 6571 кг және 1563 литр сүт, бұған
қоса балаларды сүтпен қамтамасыз ету үшін 61 сиыр және 219 тонна отын
берілді. Ауданда 16 монша жұмыс істеді [4. 6-7 п.п]. Сол кезде жұмыс істеген
потребкооперация жүйесі арқылы эвакуацияланғандарға қосымша тауарлар
сатылып отырды. 1942 жылдың 10-қаңтарына дейін 44 890 сомға
мануфактура тауарлары, 33,8 тонна ұн, 8,9 тонна арпа, 275 кг шай, 555 кг кір
сабын, 15 тонна балық, 9 тонна қауын қақ, 26 жәшік әйнек т.б. заттар
сатылды.
Қазалы ауданына 1942 жылдың 16 қаңтарына дейін 2976 адам, яғни
1164 жанұя қоныстанған: колхоздарға 108 адам, қалаға 1076 адам, поселкеге
1792 адам. Қазалы ауданына эвакуацияланғандардың жағдайы ауыр болды.
Келгендердің 50 пайызы жұмыссыз болды, берілген көмек ескерусіз
таратылды, ақшаларына затты сатып алу ұйымдастырылмады, екі монша ғана
жұмыс істеді, балалар үйіндегі 260 баланың төсегі, киімі, азық-түлігі нашар
болды, ауданға келгендердің 100 баласы аяқ киім болмай мектепке бармады
[5.7-10п.п]. 1941 жылдың 16 қаңтарында осы мәселе қазалы аудандық
комитетінде қаралғаннан кейін ғана жағдай өзгере бастады.
Қармақшы ауданына 3263 адам көшірілді оның 1155 ер адамдар, 2108
әйелдер. Бұлардың 1456-сы жасөспірімдер, 1628-і еңбекке жарамды болды.
Олардың 342 адамы өндіріс орындарына, 565-і көлік саласына, 5 адам МТС-
ке, 528 адам мекемелерге, 851 адам колхоздарға жұмысқа тұрғызылды. 151
еңбекке жарамсыз адамдарға азық-түлік аттестаты берілді.
Қызылорда облысына қоныстанған эвакуцияланғандар ішінде жағдайы
ауыр болғандар осы ауданда болды. Біріншіден станцияда бұларды күтіп
алып орналасатын үйлеріне алып барғанда үй иелеріне ескертпегендіктен
үйлеріне кіргізбей далада тұрып қалған жағдайлар, орналасқанның өзінде
үйдің бір бұрышынан орын беріп пәтер ақысын алып отырған жағдайлар
көптеп болды. Колхоздарға орналасқандар жағынан жұмыс істемей, рұқсат
берсе басқа жаққа көшу туралы тілек білдіргендер көп болды.
Қызылорда облысының басшылары келгендерді орналастырып қана
қоймай, сонымен қатар Қызылордаға көшіріледі деген кәсіпорындар
орналасқан жерлерге барып көшірісуге көмектерін берген. Мысалы 1941
жылы немістер жақындап қалған Смоленск облысының Ярцево қаласында
орналасқан жол қатынастары халық коммисариатына қарайтын Дзержинск
заводына Қазақстаннан 16 адам жіберілді [6,1-3п.п], олар бұл заводты
Сексеуіл станциясына көшірісіп әкелді.
Қызылорда облысы халқының эвакуцияланғандар арқылы көбейгеніне
қарамастан 1941 жылдың екінші жартысында облыстың табиғи өсімі кері
сальдомен болды. Бұл дегеніміз 1941 жылы облыс халқы туылғандардан
өлгендердің көп болуына байланысты кеміді [7, 11п].
Бұл эвакуацияның бірінші кезеңіндегі облыстың жағдайы, 1942 жылғы
Қызыл армияның сәтсіз шабуылы нәтижесінде КСРО-ның тағы да көп
жерлерін немістер басып алып, Еділге жетіп Қазақстанның батыс
аумақтарындағы станцияларды бомбалау нәтижесінде Қазақстан жерінде
300-дей азамат қаза болды. Бұл кезең эвакуцияның екінші кезеңі еді. Бұл
кезде шығысқа қарай Воронеж, Сталинград, Ворошиловград, Ростов
облыстарының, Солтүстік Кавказ халықтары көше бастады.
Оразбақов А.Ж. - тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, «Қорқыттану
және
өлке
тарихы»
ғылыми-зерттеу
институты
директорының
орынбасары
Мұхтаров К.Т. – тарих магистрі, «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-
зерттеу институты ғылыми қызметкері
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Великая Отечественная война 1941-1945г.г. Словарь-справочник, М,1988 -
559 стр.
2.
Жангуттик Б.О. Эвакуация советского населения в Казахстане (1941-1942
г.г) // Новый исторический вестник, 2005, №14, стр-73-84
3.
Қызылорда облыстық мұрағаты 268 қор, 1 тізімдеме, 2281-іс
4.
ҚОМ. Қ 268, 2 тізімдеме, 2478-іс
5.
ҚОМ. Қ 268, 2 тізімдеме, 2778-іс
6.
ҚОМ. Қ 268, 1 тізімдеме, 18-іс
7.
ҚОМ. Қ 268, 2 тізімдеме, 2405-іс
Достарыңызбен бөлісу: |