Ленинград шайқасы: аңыз бен ақиқат



Pdf көрінісі
Дата03.08.2018
өлшемі42.48 Kb.

http://ortalyq.kz/2018/05/03/ленинград-шайқасы-аңыз-бен-ақиқат 

 

Ленинград шайқасы: аңыз бен ақиқат 

900  күн  мен  түнді  қоршауда  өткізген  ленинградтықтардың  табандылығы  мен  ерлігі 

дүние жүзін таңдандырды. Қала қорғаушылары қорғаныс шептерін де тұрғызды. Қару-жарақ 

және оқ-дәрі жасаған кәсіпорындар өте ауыр жағдайда – атылған оқ пен төбеден түскен бомба 

астында жұмыс істеді. Зеңбірек оғынан, аспаннан түскен бомбалардан, ауру және аштықтан 1 

миллионнан астам адам қаза тапты. Алайда, фашистер Ленинградты ала алмады. Қоршаудағы 

ленинградтықтарға  Қазақстан  жан-жақты  көмегін  көрсетті.  Эшалон-эшалон  азық-түлік,  оқ-

дәрі,  әскери  жабдықтар  жөнелтті.  Көрсетіліп  жатқан  көмекті  еселеу  үшін,  Қазақстан 

еңбекшілері  жоспардан  тыс  жүздеген  мың  тонна  көмір,  мұнай,  қорғасын,  мыс  жөнелтіп, 

мыңдаған  граната,  зеңбірек  оқтарын,  мина  жасап  жіберді.  Колхозшылар  нан  мен  етін,  майы 

мен жеміс-жидегін жолдады. 

Қоршауда  қалғандар  қатарында  мыңдаған  қазақстандық  жауынгерлер  де  болды. 

Ленинград,  Волхов  және  Карель  майдандарының  түрлі  учаскілерінде  Қазақстанда  құрылған 

310-атқыштар  дивизиясы  және  петропавлдық  314-атқыштар  дивизиясы  3  жыл  бойы  жаумен 

шайқасты. 1941 жылдың күзінде олар Ладога көлі бойында бірден-бір сау қатынас жолын, ал 

қыста,  атақты  «өмір  жолын»  қорғасты.  1942  жылдың  күзінде  аталған  дивизиялардың  батыл 

жауынгерлерлік  қимылдарының  нәтижесінде  дұшпанның  Ленинградқа  қайта  шабуыл  жасау 

жоспары жүзеге аспай қалды. 

310-атқыштар  дивизиясы  1941  жылы  тамыз  айының  аяғында  Ленинград  түбіндегі 

Тихвил станциясына келіп түсті. Дивизия командирі – полковник Н.Замировский, комиссары 

–  полковник  С.Шаманин.  Бұл  кезде  Ленинград  жағдайы  ауыр  күйде  еді.  Өйткені,  немістер 

МГА  және  Шлиссельбург  стансаларын  алып,  Ленинградты  қоршау  шеңберін  тұйықтаған 

болатын.  Немістердің  ендігі  мақсаты  –  Ладога  көлін  жағалай  отырып,  Лодейное  поле  мен 

Свирьстройда  орналасқан  неміс-фин  әскерлерімен  қосылу.  Бұл  ретте,  әлі  ұрысқа  қатыспаған 

дивизияға  қайткен  күннің  өзінде  немістерді  тоқтату  жөнінде  бұйрық  беріледі.  Дивизия 

жауынгерлері бірден шабуылға шығып, үш күндік ауыр ұрыстардың нәтижесінде 10 шақырым 

алға  жылжып,  «Торфяник»  совхозын,  Синявино  көлін  және  МГА  стансасынан  5  шақырым 

№7-жұмысшы поселкесін азат етті. Немістер көп шығынға ұшырап, шегінуге мәжбүр болды. 

Дивизия  жауынгерлерінің  қолына  бірнеше  танктер,  автомашиналар,  қару-жарақтар  түсіп, 

ондаған  неміс  солдаттары  мен  офицерлері  тұтқындалды.  Сөйтіп,  дивизия  бірінші  сынақтан 

сүрінбей  өтті.  Енді  дивизияға  бұйрық  берілді  –  МГА  стансасына  іргелей  орналасқан  өте 

маңызды  Гайтолово  поселкесін  алу  туралы.  1941  жылы  24  қыркүйекте  дивизия  шабуылға 

шығып,  ауыр  ұрыстарға  қарамастан  немістерден  Гайтолово  поселкесін  азат  етті.  Немістер 

тағы көп шығынға ұшырап, жүздеген фашист жойылды. Ондаған неміс қолға түсті. Сондағы 

әскери олжа (трофеи) – 4 танкі, 3 автомашина, 3 зеңбірек, 20 қол және станколық пулеметтер, 

4 миномет, көптеген автоматтар мен винтовкалар, басқа да әскери мүліктер. Гайтоловоны азат 

еткені үшін Ленинград майданының Әскери Кеңесі 310-атқыштар дивизиясы жауынгерлеріне 

алғыс жариялады. 

1941  жылы  19  қазанда  дивизияға  немістер  орналасқан  Гонтовая  Липка  мекенін  алу 

туралы  бұйрық  келіп  түсті.  21  қазанда  дивизия  жауынгерлері  шабуылға  шығып,  аса  қиын 

ұрыстардан кейін, 22 қазанда аталған мекенді алды. 

1941  жылы  26  қазанда  Совинформбюро  «Ленинград  майданы  учаскелерінің  бірінде 

подполковник  Милкадзе  және  майор  М.Михайловтың  бөлімшелері  өте  маңызды  пункт  Г-ні 

алып, көп әскери мүлікке ие болды» деп хабарлады. Хабарда айтылған «Г пункті» – жоғарыда 

айтылған  Гонтовая  Липка  болатын.  Ал,  әскери  бөлімшелер  деп  отырғаны  310-атқыштар 

дивизиясының  құрамындағы  Милкадзе  командирлік  ететін  666-полк  және  Михайлов 

командирлік ететін 1084-полк болатын. Сөйтіп, Гонтовая Липканы азат еткен үшін дивизияға 


Ленинград  майданының  Әскери  Кеңесі  алғыс  жариялады.  Кейін,  1942  жылы  1  қыркүйекте 

партия,  үкімет  және  кеңестік  әскери  басшылық  –  Ленинград  майданында  ерекше  ерлік 

көрсеткен  310-атқыштар  дивизиясының  574  жауынгерін  Кеңес  Одағының  орден-

медальдарымен марапаттады. 

1944 жылы Новгородты алу кезінде 310-атқыштар дивизиясы бірінші болып қалаға кірді. 

Сол үшін дивизияға «Новгородтық» атақ берілді. 1944 жылы дивизияға «Қызыл Ту» беріліп, 

«Ленин»  орденімен  марапатталды.  «Новгородтық»,  «Ленин»  орденді,  «Қызыл  Тулы»  310-

атқыштар дивизиясы соғыс қимылдарын 1945 жылы солтүстік-шығыс Польша мен Солтүстік 

Германия жерлерінде аяқтады. 

314-атқыштар дивизия командирі генерал-майор А.Шеменков, комиссар М.Мартыненко 

– 1941 жылы 10 қыркүйекте Ленинград облысындағы Лодейное поле қаласының маңына келіп 

орналасып, бірден Свирь өзенінің бойында соғыс қимылдарына кірісті. Дивизия жауынгерлері 

1941  жылғы  10  қыркүйектен  1942  жылғы  маусым  айына  дейін  Лодейное  поле,  Свирь  және 

Подпорожье  мекендерін  азат  етіп, қорғауда  ерекше  ерлік  көрсетіп, батырлық  танытты.  Олар 

жүргізген  қорғаныс  ұрыстарында  жаудың  мыңнан  астам  офицерлері  мен  жауынгерлері  мерт 

болып, көптеген әскери техника жойылды. Неміс әскері Лодейное қаласын алуға бірнеше рет 

әрекет жасағанымен, ақыры ала алмады. Соғыстан кейін Лодейное поле қаласынан 4 шақырым 

жерде  –  Ленинградқа  апарар  автомобиль  жолының  бойында  граниттан  жасалынған  тақта 

орнатылды.  Тақтада  «Вечная  слава  воинам-казахстанцам  павшим  в  боях  за  честь  и 

независимость нашей Родины в 1941-1942 г.г.» деп жазылған. 

1943  жылы  12  қаңтарда  Ленинград  пен  Волхов  майданының  жауынгерлері  неміс 

қоршауын бұзып өту үшін шабуылға көшті. Бұл соғыс қимылдары 7 күнге созылды. 2 екпінді 

армияның оң қанатында болған 314-атқыштар дивизиясы белсенді ұрыс қимылдарын жүргізді. 

1943  жылы  18  қаңтарда  радиодан  әлемге  белгілі  болған  мынадай  хабар  берілді:  «Біздің 

әскеріміз 7 күндік ауыр ұрыстан кейін жаудың ені 14 шақырымдық бекінісін талқандап, Нева 

өзенінен өтіп, Шлиссельбург, ірі бекіністік мекендер: Марвино, Дубровка, Липки, Синявино, 

Подгорная  стансаларын  азат  етті».  Сонымен,  2  майданның  әскерлері  бір-бірімен  кездесіп, 

Ленинград  қоршауын  бұзды.  Енді,  ленинградтықтардың  орталықтан  көптеп  көмек  алуына 

мүмкіндік туды. 

Ленинградты  қоршаудан  азат  ету  және  РКФСР-дың  солтүстік-батыс  аймақтарын 

басқыншылардан  тазарту  ұрыстарында  көптеген  қазақстандық  жауынгерлер  қаһармандық 

танытты.  Мәселен,  1943  жылы  25  шілдеде  Ленинград  облысы  Синявино  селосы  түбіндегі 

шайқаста  жау  дзотының  оғы  бөлімше  жолына  тосқауыл  болды.  Гранаты  таусылған  Сұлтан 

Баймағамбетов  дзот  амбразурасын  кеудесімен  жауып,  ел  бостандығы  мен  тәуелсіздігі 

жолында  жанын  құрбан  етті.  Қаза  тапқаннан  кейін  Кеңес  Одағының  батыры  атағы  берілді. 

1944 жылы 15 қаңтарда Ленинград облысы Казачиха деревнясы үшін шайқаста мерген Әлия 

Молдағұлова  мерт  болды.  Оған  Кеңес  Одағының  батыры  атағы  берілді.  Мәскеудегі  №891 

мектепте қазақтың қайсар қызының бюсті орнатылды. 

Ленинград  майданында  48-атқыштар  дивизиясының  таңдаулы  мергені  Дүйсенбай 

Шыныбеков те ерлікпен шайқасып, 174 немістің көзін жойды. 

Ленинград  үшін  болған  шайқастарда  артиллериялық  бақылау  аэростаттары 

дивизионының командирі Саид Жылқышев көзге түсті. Ол 1982 жылы «Сообщаю цель» атты 

соғыс естелігін оқырманға ұсынды. 

Ленинград  қаласымен  байланыс  орнатуда  азаматтық  әуе  флотының  қазақстандық  екі 

басқармасынан барлығы 41 қызметкер қатысты. Әсіресе, көзге түскен ұшқыштар қатарында – 

С.Ахметов, А.Васильев, П.Матвеев, М.Скрыльников бар еді. 

Ладога  көлінің  мұз  үстінен  тартылған  «өмір  жолымен»  күніне  3-4  мәрте  қатынаған 

табанды  ерліктері  үшін  ордендармен,  медальдермен  марапатталған  қазақстандық 

жүргізушілер (шоферлер) сапында  – С.Қабиев, Қ.Оспанов, С. Игевский және жол  учаскелері 

бірінің бастығы кіші лейтенант К.Ахметшиев болды. 

Қазақстандық  жауынгерлер  Ленинградты  қорғауда  тек  құрлықта  ғана  емес,  сонымен 

қатар,  Балтика  теңізінде  де  өз  үлестерін  қосты.  1939  жылы  29  қыркүйекте  Қазақстанның 



Коммунистік  партиясы  Орталық  Комитеті  мен  Жоғарғы  Кеңес  Балтық  теңізіндегі  «Киров» 

крейсерін  қамқорлыққа  алу  туралы  шешім  қабылдаған  болатын.  Балтық  флотындағы 

қазақстандық  кировшілер  жауға  қарсы  шебер  де  батыл  шайқасты.  Балтық  әскери  теңіз 

флотының  қолбасшысы  адмирал  В.Трибуц  1943  жылғы  сәуірде  қазақ  халқына  жолдаған 

хатында  «Қазақ  халқының  ұлдары  Отан  үшін  шайқаста  жауынгерлердің  алдыңғы  қатарында 

келеді.  Барлық  Балтық  теңізшілерімен  бірге  олар  Отанымыздың  Балтық  бойы  шебіндегі 

құрметті  вахтаны  қырағылықпен  күзетіп,  теңіздегі  сүйікті  астанамыз,  революция  бесігі, 

даңқты Ленинградты ерлікпен қорғауда. Тек, бір ғана «Қызыл Тулы» «Киров» крейсерінде 156 

қазақстандық жауынгер бар. Олардың көбісі батырлығы мен ерлігі үшін жоғары мемлекеттік 

наградалар  –  Кеңес  Одағының  ордендері  мен  медальдарын  алды»  деп  баға  берді. 

Ленинград қоршауының аса қиын кездерінде де қала қорғаушылары Кеңес Одағы халқының 

танытқан қолдауын үнемі сезініп отырды. 1941 жылғы қыркүйектің ауыр күндерінде қазақтың 

халық  ақыны  Жамбыл  Жабаев  қоршауда  қалғандарға  «Ленинградтық  өренім»  атты  жырын 

арнады.  Онда  ақын  Одақ  халқының  ой-пікірі  мен  сезімін  білдірді.  Бұл  жыр  достықтың 

шынайы әнұранына айналды. 

Ленинградтық өренім! 

Мақтанышым сен едің! 

Нева өзенін сүйкімді! 

Бұлағымдай көремін. 

Жауда қалып Ленинград, 

Жаралған жоқ көнгелі! – 

Жасағамын өмірді 

Жау біткенді жеңгелі; 

Саудыратып сүйегін, 

Топыраққа көмгелі. 

Қазақстан жерінен, 

Тұтағандай ел кегі, 

Жолды кернеп қол кетті 

Сендерге дем бергелі, 

Нева алабын қорыңдар 

Ленинградтың ерлері, 

Тірек болған еліме

Туым едің сен алғаш, 

Ленинградтың төріне 

Жау аяғын сала алмас! 

Кейін,  қала  қорғаушылардың  бірі,  танымал  ақын  Николай  Тихонов  сол  қиын  қыстау 

кезіндегі  Жамбыл  жырының  құдіреттілігін  «Жамбыл  –  Ленинградқа,  оны  қорғаушылардың 

қатарына келіп тұра қалды» деп аса жоғары бағалады. 

2003 жылы қаһарман қалада жыр алыбы Жамбылға сәулетті ескерткіш орнатылды. Бұл – 

оның соғыс жылдарында қосқан өзіндік үлесін айғақтай түседі. 

Жамбыл  шығармасынан  алған  әсері  туралы  атақты  жазушы  Всеволод  Вишневский 

былай деп жазды: «Осы бір толғауды көзіңе жас алмай және тебіренбеген қуаныш сезімінсіз 

оқу мүмкін емес. Біз бұл жырды тың күш келіп жеткендей бағаладық. Қазақстан халқы бізге 

туысқандық  сәлемін,  сүйіспеншілігі  мен  достығын  жолдады.  Ол  –  күшімізді  еселей  түсіп, 

жаумен шайқасқа кірістік». 

Е.АДАМБЕКОВ,  

Қарағанды «Болашақ» академиясының профессоры. 

Н.ЕЛІКБАЕВ,  

филология ғылымдарының докторы, Қарағанды «Болашақ» академиясының 

профессоры. 

 

Орталық Қазақстан. - 2018. - 3 мамыр (№ 48). - 2 б.



 



Достарыңызбен бөлісу:


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет