Күштеп көшіру және орналастыру



Дата16.08.2018
өлшемі359.35 Kb.
Мазмұны

Кіріспе......................................................................................................................3
І Ұлы Отан соғысы жылдарында Батыс Қазақстанға күштеп қоныстандырылған халықтар:

күштеп көшіру және орналастыру...................................................................11



    1. Күштеп қоныстандырылған халықтардың орналасуы.................................11


Қорытынды..........................................................................................................22

Пайдаланған деректер тізімі............................................................................24

Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде еліміздің кеңестік кезеңдегі тарихы туралы ақиқатты айтуға, оның әлі де толық зерттелмеген көлеңке беттерін ашу мүмкіндігіне қол жеткіздік. Тәуелсіздіктен кейінгі уақыт ағымында үлкен бетбұрыс жасалып, демократиялық құқықтық зайырлы мемлекет құрылды. Бүгінде Қазақстан көпұлтты мемлекет ретінде оны мекендейтін 130-дай халықтар мен ұлттардың өз отанына айналып отыр. Қазақстан тарихының бұрынғы КСРО-ның басқа республикалары мен халықтарының тарихымен байланысты тұстары баршылық. Солардың бірі – елдің еуропалық бөлігінен қазақ жеріне күшпен аударылған халықтар тағдыры. Кезінде жабық архивтегі құжаттарды зерттемек түгіл, ашық әңгімелесуге мүмкіндік берілмеген осы мәселеге байланысты қасіретті тарих енді ғана жазылып жатыр. Кеңестік жаппай қуғын-сүргін тарихы көптеген зерттеулерге арқау болды. Бірақ тұтас халықтарды жер аудару тарихын зерттеу әлі де терең ізденістерді талап етеді. Тоталитарлық жүйе миллиондаған азаматтардың тағдырын тәлкек етті. Сол жылдары ұлттық мүддені қорғаған зиялыларды, қарапайым еңбек адамдарын жазықсыз қудаласа, кейіннен бұл саясат шекаралық аймақтағы тұтастай халықтарды туған жерінен айырып, басқа аймаққа күшпен жер аудартты. Оларды қоныстандырған жердің негізгі қатарында Қазақстан да болатын. Қазақ халқының соғыс жылдарындағы демографиялық өзгеріске ұшырауы кеңестік дәуірдің терең саясатының бір көрінісі еді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде гитлерлік әскер мен режимге жәрдемдесті деген сылтаумен Еділ бойындағы немістер, Солтүстік Кавказ, Қырым жағалауын мекендеуші біраз халықтар қудаланып, туған жерінен тыс, алыс жерлерге күшпен жер аударылды.

Мемлекеттің кең көлемде жүргізген осы заңсыз шаралары бүгінгі күнге дейін толық зерттелмей келе жатқан мәселе.

Әуелде депортация бұрынғы жүйеге қызмет еткен жеке адамдарға, одан кейін БК(б)П қарсыластарына, онан соң тұтас ұлттарға жайылды. Сөйтіп, қуғын-сүргін жылдары орын алған саясат жер аударылғандарды ұлттық болмысынан, дінінен, мәдениетінен айырып, негізсіз кінә тақты, қатал жазалады. Бұл кеңестік ұлт саясатының заңдылықты сақтамауының айқын көрінісі болды. Бірінен соң бірі жарыққа шығып жатқан сол кездегі заң актілері күшпен жер аударылған халықтардың дамуына, келешегіне түбегейлі кедергі келтірді. Депортация жер аударылған халықтардың тілінің, дінінің дамуына орасан зор зиянын тигізгендігіне бүгінгі күнгі өмір сабақтары нақты дәлел болып отыр. Ендеше жер аударылған халықтардың әдет-ғұрыптық заң қалыптары мен этникалық қағидалары ұзақ дәуірлердің бойында қалыптасса, сонау аласапыран кезеңінде оларды күшпен жер аудару, өсіп келе жатқан кейінгі буынға өз кіндік қаны тамған жерден біткен салт-дәстүрдің тамырына балта шабылды. Тоталитарлық жүйеде жер аударылған халықтарға тән өмірге келген әрбір құжаттар, жеке адамдар мен этностардың өміріне, мәдениетінің құлдырауына әдет-ғұрыптардың жойылуына, отбасылардың зардап шегуіне, еңбек армиясындағы еріксіз еңбекпен жапа шегуіне, лагерлер мен жұмысшы отрядтары және колониялардағы адам шығынына жіберіліп отырған жолдама іспетті. Орналасқан жерлерінде көшірілгендердің саяси құқықтық жағдайы өте ауыр болды. Олардың материалдық мұң-мұқтажына байланысты мәселелер көп уақытқа дейін толық өз шешімін таба алмады. Кешегі әміршіл-әкімшіл кезеңнің жаппай бүкіл халықты күштеп көшіру саясаты халықтар болашағының атүсті болуы халықтардың жеке ел ретінде өркендеуіне кешіктіріп әкелді.

Сондықтан депортация үрдісін зерттеу, оның зардаптары, екінші отанына орналасуы, ортаға бейімделуін ерекше назар аударылуды қажет ететін мәселелердің бірі. Осы уақытқа дейін кеңес үкіметінің тарих ғылымында депортацияланған халықтардың трагедиялық тағдырларында, жер аударудың зардаптары, халықтарға тағылған кінәнің үрдістері және көшірілген топтар туралы нақты еңбектер жоққа шығарылып келді. Күшпен қоныс аударылғандардың тарихи тұрғыдан ғылыми негізде жазу тек 80-жылдардың екінші жартысында ғана қолға алына басталады. Бірақ жаңа заман зерттеулерінде депортация екпіні жазылғанмен, онымен тығыз байланыста жатқан зардаптары, қудалауға ұшырауы, жеке-жеке орналасуы, құқықтық жағдайы, экономикаға қосқан үлесін зерттеу төменгі дәрежеде жазылды. Осы зерттеу жұмысында жер аудару кезеңдерінің жоғарыда келтірілген кемшіліктерінің негізгі мәселелері нақтылы дәлелдермен айтылады.

Батыс Қазақстанға жер аударылған шешен, неміс, ингуш, болгар, Қырым татарлары және басқа халықтар мен этникалық топтар өкілдері соғыс жылдарында халық шаруашылығының барлық саласында еңбек етіп, оның өркендеуіне өз үлестерін қосты. Сондықтан олардың соғыс жылдарындағы Батыс Қазақстанның экономикасын дамытуға қосқан үлесі арнайы зерттеуді қажет ететіндігі айқын.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Сталиндік қуғын-сүргін тарихының құрамдас бөлігі ретінде депортацияның күрделі мәселелерін зерттеу қазіргі отандық тарих ғылымының басты міндеттерінің бірі. Тоталитарлық жүйе көпұлтты Кеңестік кезеңінде адамдардың өмір сүру бағытына терең із қалдырды. Ұлы Отан соғысы жылдарында тұтастай халықтарды күштеп қоныс аударуды зерттеу тоталитаризмнің, қудалау мәселелерінің қырларын айқындап, оның ақтаңдақ беттерінің ашылуына негіз болды. Ізденушілер бұл мәселені философиялық, тарихи, құқықтық, әлеуметтік, демографиялық, психологиялық бағытта қарастырды. Кеңес дәуірі тұсында бұл мәселені қозғау саяси қылмыс ретінде қаралды. Қазақстанның егемендікке қол жеткізуіне байланысты депортацияның тұтастай қателік екені ашылып, қудалаудың кеңес дәуіріндегі тоталитарлық жүйедегі саяси лаңкестіктің бір түрі екендігі ашық айтылуда.

Саяси қуғын-сүргін тарихы, халықтарды жазықсыз жер аудару мәселесі кеңестік кезеңде құпия сақталып келді. Бұл проблемалар туралы зерттеу жұмыстарын жүргізу түгілі оларды баспасөз бетінде атауға тыйым салынды. Осынау қуғын-сүргін науқанының жалпы көлемі туралы алғашқы пікірлерді сондықтан да шетелдік әріптестеріміз айтты. Қолдарында нақты архив деректері болмаса да, олардың негізінен, бұл мәселеге әділ тарихи баға бергенін айта кеткен жөн. Мысалы: Италияның марксист тарихшысы 1979 жылы Милан қаласында жарық көрген «Кеңестер Одағының тарихы» деген еңбегінде (орыс тіліндегі аудармасы 1994 жылы Мәскеуде жарық көрген) аталған науқанды төмендегідей сипаттап жазды: «... Алғаш ескертпе соғыстың басында Еділ бойы немістерінің автономиялық республикасы жойылды. Олар тарапынан «басқыншылар көмек және қолдау алулары мүмкін» деген күдікпен республиканың барлық халқы (Екатерина ІІ кезіндегі ескі колониядан шыққан 300 мыңнан астам адам) өз жерлерінен қуылып, Сібір мен Қазақстанның әртүрлі облыстарына жер аударылды. Осындай шаралар бұл жолы жазалау ретінде Еділдің төменгі жағындағы оңтүстік далаларды және Каспий теңізі жағалауларын мекендеген қалмақтарға 1943 жылдың желтоқсанында, біраз кейінірек, 1943 жылдың соңы мен келесі жылдың көктемі аралығында кейбір Солтүстік Кавказ халықтары – қарашайларға, шешендерге, ингуштарға және басқаларға (сандары бірнеше ондаған мыңнан тұратын, шешендер болса шамамен 400 мыңдай); ақыры, 1944 жылғы маусымда Қырым татарларына әзірленген еді. Бұл халықтардың бәрі өздерінің автономиялық мемлекеттік құрылымдарынан айырылды. Жазалау талдаусыз, жекелеген жауапкершілікті анықтауға әрекет ретінде жазалаусыз, бәрін қамтып кетті. Олардың барлығы жастарына немесе мінез-құлқына қарамастан, сондай-ақ коммунистер немесе жергілікті кеңестердің жоғарғы басшылары да күшпен Сібірдің және Орта Азияның аз мекендейтін аудандарына айдалды. Онда олар бөлшектенген топтар түрінде орналасты. Бұл Сталин басқарған жылдардағы қатал жазалау операцияларының бірі, болашақтың барып тұрған қатерлі нышандарының өзі еді. Аталмыш шараны қоғамның көз алдында, тіптен соғыс талаптарына сілтеме жасаумен де анықтауға болатын еді. Сондықтан да ол қандай да бір болмасын ресми мәлімдеулерсіз жүргізілді: арада 12 жыл өткен соң ғана, ол туралы Хрущев өзінің атақты «құпия баяндамасы» арқылы партияның ХХ съезінде айтқанда ғана, барып жариялылыққа ұласты» [1, 172-173 бб.].

Тек ХХ ғасырдың 80-жылдарының соңында ғана КСРО көлеміндегі демократиялық процесстердің нәтижесінде бұрын ақиқат тұрғысынан айтуға тыйым салынған тарихтағы «ақтаңдақтар» мәселесі көтеріле бастады. Солардың қатарында КСРО-ның бір аймағынан екінші жеріне күштеп жер аударылған халықтар мен олардың тағдыры туралы зерттеу жұмыстарын жүргізуге жол ашылды. Сөйтіп, осы мәселеге байланысты бұрыннан құпия сақталған мұрағат құжаттары ашылып, араға 50-60 жыл салып барып кеңестік күштеп қоныс аудару саясатының орны толмас зардаптары туралы ғылыми конференцияларда баяндамалар жасалынып, алғашқы материалдар жарық көрді. Кеңестік биліктің халықтарды жер аудару туралы жоспарлары, олардың іске асырылуы, жер аударылған халықтардың қанқұйлы саясаттан күйреген тарихи атамекендері, тұрмыстық және құқықтық жағдайы жөнінде құжаттар легін алғаш рет Ресей ғалымдары Н.Ф.Бугай, В.Н.Земсков, А.М.Некрич жариялады [1].

Қазақстанның тәуелсіздік алуы тек қазақ халқы тарихының ақтаңдақ беттерін ғана ашып қойған жоқ. 1990 жылдан бері атамекендерінен қуылып, күштеп қоныс аударылған, бүгінде екінші отанында тұрақтап қалған басқа да ұлт өкілдерінің өткен тарихының көлеңкелі тұстарының шынайы беттері ашылды. Айтулы мәселеге орай еліміздегі жер аударылған халықтардың тарихын жазуға үлес қосқан көрнекті ғалым, академик М.Қ.Қозыбаев болды [2]. Еліміздегі күштеп көшірілген халықтарды атамекендерінен жер аудару саясатының жасырын ұйымдастырып, орындалу барысын қашан және қанша адамның Қазақстанға қалай орналасқанын, еңбек армиясына қатынасуын нақты деректермен талдау жасай отырып дәлелдеген Қ.С.Алдажұмановтың зерттеулерінің мазмұны мен маңызы тереңдігімен ерекшеленеді [3]. Арнайы қоныс аударушылардың күштеп қоныс аударуы, олардың сандық, ұлттық, жастық құрамы, материалдық-тұрмыстық жағдайы жөнінде нақты деректермен талдау жасаған Э.А.Касперович болды [4].

Ұлы Отан соғысының басталуы кеңестік немістердің қайғылы тағдырларының негізгі себебіне айналды. Қудалануы, кінәсіз айыптар тағылуы олардың болашақтарына ауыр соққы болып тиді. Жалпы қудалаудың негізгі нысанасы болған немістердің тарихына орай А.Н.Кичихин, Г.Вормсбехер, Л.А.Бургарт, В.П.Емельянов, А.В.Фитц, А.А.Герман, Л.В.Малиновский, В.Э.Бруль, Е.М.Ерина, Т.Иларионова, В.А.Ауман, В.Ф.Дизендорф сияқты авторлардың еңбектері құнды деректермен тарихнамаға қосылған үлес екені аян [5].

Қазақстанға күштеп көшірілген халықтардың бірі корей халқы екені белгілі. Жер аударылғаннан кейінгі корейлердің Қазақстанның халық шаруашылығына ат салысуын және мәдени дамуын сипаттауға арналған Г.В.Кан, Г.Кан, Г.Н.Ким, Д.Мен сияқты ғалымдардың еңбектері бар [6].

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тылдағы халықтан құрылған жүйе – Еңбек армиясы. Ол әскерге жарамсыз ер-азаматтардан, соғыс жағдайында еңбек ресурстары ретінде кеңінен тартылған жасөспірім ұл-қыздар, әйелдер мен егде адамдардан жасақталған. Ал осы құрылымның негізгі күші ретінде оған жер аударылғандардың ең алдымен жіберілгені бұрын айтылмайтын. Соғыс жылдары ауыр, қара жұмыстарға мыңдаған жер аударылған азаматтар айдалып, соның ішінде әсіресе кеңестік немістердің оған міндетті түрде қатыстырылуы қадағаланды. Бұл мәселені алғаш зерттеуге мән берген Э.Айрих болды [7]. Еңбек армиясын зерттегендер жер аударылғандар туралы көптеген нақтылы мәліметтерді жарияласа, аталған мәселенің мазмұнын М.Қ.Қозыбаев, Қ.С.Алдажұманов, Н.ф.Бугай, О.Хлевнюк, Ж.Абылхожин т.б. құнды еңбектерін аша түседі [8].

Тоталитарлық жүйенің тұсында арнайы жазалау орындары – еңбекпен түзеу колониялары үздіксіз жұмыс істеді. Түрлі себептермен тұтқындалғандар мен күштеп қоныс аударылған халықтардың «отанын сатқандар» ретінде лагерлерде жазасын қалай өтегендігі туралы С.Д.Дильманов, Ж.Қасымбаев еңбектерінде айтылады [9]. Қазақстанға күштеп жер аударылғандардың өмірі туралы деректер Т.Көлбаев, А.Хегайдың «Депортация» (Алматы, 2000) және А.Т. Орымбаевтың «Депортация чеченского и уйгурского народов в Казахстан в годы Великой Отечественной войны и их положение в послевоенные годы» (Астана, 2006) атты еңбектерінен көрініс тапқан [10].

Зерттеліп отырған тақырыпқа тікелей қатысты күштеп қоныс аударылған халықтардың орналасқаннан кейінгі келген ортаға бейімделуі мен олардың келген жерлерінде жалпы еңбекке араласуы тарихын сипаттайтын кандидаттық диссертациялар бар. Батыс Қазақстанға күштеп қоныс аударылған халықтардың орналасу барысы, олардың сол аймақтарда соғыс жылдарында және одан кейінгі атқарған жұмыстары, мұнай саласында еңбекке араласуы Ж.У.Қыдыралинаның «Депортированные народы в Казахстан» (Алматы, 1996) монографиясында айтылған. Бірақ бұл еңбекте көбінесе Атырау облысы ғана келтірілген. Сол сияқты М.Ч.Қалыбекованың, Қ.К.Қожаханованың кандидаттық диссертациясында арнайы қоныс аударушылардың Қазақстанға келуі, соғыстан кейінгі саяси-құқықтық, материалдық-тұрмыстық жағдайы, ел экономикасына қосқан елеулі еңбегі туралы мәселе айтылған [11].

Күштеп жер аударылған халықтар еңбек саласында ауыр жұмыстарда жүріп, қиын кезеңдерді басынан өткізді. Ол кезең соғыс жылдары, одан кейінгі жылдарда да жалғасты деуге болады. Бірақ олардың әр салада істеген еңбектері мен атқарған жұмыстары көбіне жалпы түрде баяндалады. Жоғарыдағы шолудан олардың Батыс Қазақстандағы күштеп қоныс аударылғандардың халық шаруашылығы саласында атқарған жұмыстары мен тұрмыстық жағдайлары мәселесін қарастырған еңбектер аз екен. Айтулы мәселеге байланысты Қазақстандағы тарихи демографиялық үрдістердің орны айрықша. Кеңестік тоталитарлық жүйе кезеңінде халықтың демографиялық құрамы өзгерістерге ұшырап отырды. Соғыс жылдарында халықтардың лек-легімен республикамызға күштеп қоныстандырылды, олардың тууы мен өлімі, олардың сандық, жыныстық көрсеткіші жөнінде ғылыми талдаулар жасалды. Бұл мәселе А.Н.Алексеенконың, М.Тәтімовтың, Л.Т.Қожекееваның, М.Н.Сдықовтың, М.Х.Асылбеков пен А.Б.Галиевтің, А.И.Құдайбергенованың зерттеулерінен көрініс тапты [12].

Архив құжаттарының ашылуына байланысты күштеп қоныстандырылған халықтардың соғыс жылдарындағы жағдайын, республика халық шаруашылығының әр саласында қалай еңбек еткенін көрсететін құжатты жинақтар жарық көрді. Ресейден шыққан 7 томнан «История сталинского Гулага» (Москва, 2004), «Сборник законодательных и нормативных актов о реабилитации жертв политических репрессий» (Москва, 1993) және 2 томнан тұратын «История Российских немцев в документах» (1763-1992 гг.) (Москва, 1993), «История Российских немцев в документах» (1965-1992 гг.) (Москва, 1994). Сонымен қатар республикамыздан шыққан «Из истории поляков в Казахстане (1936-1956 гг.)» (Алматы, 2000) атты жинақтарда да күштеп жер аударылған халықтарға қатысты құқықтық құжаттар жарияланды [13].

Соғыс жылдарында күштеп қоныс аударылғандар қандай жағдайда болды, қалай еңбек етті деген мәселені сол халықтардың өздерінің естеліктерінен көруге болады. Бұл туралы Т.А.Курдаевтың, Х.Х.Бековтың, О.Джургаевтың, М.Джургаевтың, Н.Нәдіровтың естеліктері мол мағлұмат береді [14].

Зерттеліп отырған мәселе көптеген ғылыми конференцияларда, дөңгелек үстелдерде және семинарларда талқыланды. Олардың ішінде «Әділет» қоғамының «Формирование общественного сознания: освоение идей демократического плюрализма и гражданского общества (новые аспекты)» (Алматы, 1998) және «Депортация народов и преступление тоталитарного режима» (Алматы, 1996) жинақтарын айтуға болады [15].

Тақырыптың тарихнамасы күштеп қоныстандырылғандардың соғыс жылдарындағы тарихы, олардың Батыс Қазақстанның халық шаруашылығын дамытудағы үлесі әлі де арнайы зерттеуді қажет етеді.

Зерттеудің деректік негіздері. Жұмыстың деректік негізін өзінің мақсаты мен міндеттеріне сай мұрағат қорларында сақталған деректер құрайды. Сонымен қатар Кеңес дәуірінің тарихи заңдылықтары бүгінгі күнгі көзқарастармен салыстырмалы түрде жүйеленді. Онда тоталитарлық жүйеде қабылдаған актілер, анықтамалар мен бұйрықтар бар. Атап айтқанда Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағатының 1137 қорында ҚазССР ХКК қаулылары, заңдары мен жарияланымдары, ҚазЦИК призидиумының мәжілістерінің хаттамалық құжаттарының көшірмелері қарастырылды. Бұдан басқа Солтүстік Кавказ халықтарын киіммен, тамақпен қамту, арнайы қоныс аударушыларды үймен қамтуда құрылыс материалдарын бөлу, колхоз, совхоз шаруашылықтарындағы жұмыстарды ұйымдастыру туралы құжаттары, есептері қарастырылды.

1987 қорының ҚазССР ХКК қаулылары, Халық комиссариатының бұйрықтары аталмыш зерттеудегі мәселелер жөніндегі құжаттар қолданысқа енді.

Сол сияқты Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатындағы 725 қорындағы ҚКП ОК-нің өте құпия хаттамалары, қаулылары, КСРО Министрлер Кеңесі, Халық Комиссарлары, КСРО жариялылықтары мен бекітулері, сонымен бірге арнайы қоныс аударушылардың шаруашылық жұмыстарын ұйымдастыру, Ақтөбе облысының кәсіпорындары мен құрылыс саласында еңбек колоннасындағы арнайы қоныс аударушылардың жағдайы, әсіресе Құрашасай шахтасындағы, Қандыағаш темір жол құрылысындағы еңбек колоннасының жағдайы т.б. құжаттар көшірмелері қарастырылды.

Ақтөбе облысы мемлекеттік мұрағатының Ақтөбе облыстық еңбек депутаттары кеңесінің атқару комитеті (30) қорында облыстағы соғыс жылдарында өнеркәсіп орнындағы арнайы қоныс аударушылар, олардың материалдық-тұрмыстық жағдайы туралы деректер бар. Сондай-ақ ҚКП Ақтөбе облыстық комитеті (13) қорында арнайы қоныс аударушылардың жұмыстарын ұйымдастыру, Солтүстік Кавказ халықтарының материалдық-тұрмыстық жағдайы, оларды колхозға орналастыру жөнінде деректер көзі, ал ҚКП-нің Ақтөбе қалалық комитеті (14) қорында Құрашасайдағы шахта құрылысындағы шешендердің тұрмыстық жағдайы жөнінде деректер, ал Ақтөбе облысының еңбекші депутаттарының Жұрын аудандық комитеті (515) қорында Жұрын ауданындағы №52 көне зауытындағы арнайы қоныс аударушылар жөнінде деректер, Ақтөбе шахта басқармасы (1509) қорында шахта құрылысындағы арнайы қоныс аударушылардың ұлттық құрамы жөнінде, ал «Ақтөбе көмір» жаңа шахта тресі Шұбар-құдық басқармасы (1642) қорында шешендердің шахта құрылысындағы еңбектері деректер айналымға енді.



Сонымен қатар арнайы қоныс аударушылардың естеліктері келтірілді.

Территориялық ауқымы. Батыс Қазақстан облыстарын қамтиды.

Зерттеудің мерзімдік шеңбері. 1941-1945 жылдардағы, яғни Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Батыс Қазақстандағы күштеп көшірілген тарихы алынды.

Зерттеу жұмысының мақсат-міндеттері. Батыс Қазақстанға күштеп қоныстандырылған халықтардың орналасуы, құқықтық жағдайы, халық шаруашылығына қосқан үлесі отандық тарих ғылымында аз зерттелген мәселелердің бірі. Сондықтан жұмыстың осындай өзектілігі мен практикалық маңыздылығын ескере отырып алға қойылған мақсатты жүзеге асыру барысында мынадай міндеттерді шешу қажеттілігі туындайды:

  1. Ұлы Отан соғысы жылдарында Батыс Қазақстанға күштеп қоныстандырылғандардың орналасқанын айқындау;

  2. Күштеп қоныстандырылған халықтардың материалдық-тұрмыстық жағдайын айқындау;

  3. Ұлы Отан соғысы жылдарында Батыс Қазақстанға күштеп қоныстандырылғандардың және еңбек армиясының халық шаруашылығына (қара металлургия, мұнай өнеркәсібі және басқа да салаларына) қосқан үлесін айқындау;

  4. Батыс Қазақстанға күштеп қоныстандырылған халықтардың құқықтық мәртебесін көрсету.

Зерттеу нысанына: Батыс Қазақстанға күштеп қоныстандырылған халықтар тарихы алынды.

Зерттеу жұмысының методологиясы. Зерттеу жұмысының методологиялық әдістерін тарихи даму үрдісінің қазіргі тұжырымдарына, кеңестік кезең тарихын зерттеудегі отандық және шетелдік тарихнама жетістіктеріне негізделеді. Саяси және әлеуметтік-экономикалық үрдістер мен құбылыстарды ғылыми тұрғыда талдауда салыстырмалы сарптау әдісі қолданылып, оқиғалардың шынайы объективті тұрғыдан баяндауына мән берілді. Мәселелерді ғылыми тұрғыдан ашып көрсету мақсатында тарихи зерттеудің логикалық тәсілімен тығыз байланыстылығы объективтілік, жан-жақтылық сияқты негізгі методологиялық принциптері басты назарда болды. Зерттеу барысында жаңа бағыттағы ғылыми ой-пікірлер мен тұжырымдар, жаңа тарихи көзқарастар тұрғысынан жазылған зерттеулер басшылыққа алынды. Зерттеу барысында тарихи салыстырмалық, диалектикалық, статистикалық және басқа да әдістер қолданылды.

Жұмыстың ғылыми жаңалығы. Зерттеу жұмысында Батыс Қазақстан бойынша халықтарды күштеп қоныстандыру, бұл халықтардың халық шаруашылығына қосқан үлесі нақты деректермен зерттелді. Бұл мәселе бойынша тың мұрағат құжаттары арқылы жаңалық ретінде мынадай мәселелер қарастырылды: Ұлы Отан соғысы жылдарында Батыс Қазақстанға күштеп қоныстандырылғандардың орналасуы, материалдық-тұрмыстық жағдайы, құқықтық мәртебесі және күштеп қоныстандырылғандар мен еңбек армиясының халық шаруашылығын (қара металлургия, мұнай өнеркәсібі және басқа да салаларын) дамытуға қосқан үлесі зерттелді.

Зерттеу жұмысының практикалық маңызы. Батыс Қазақстандағы күштеп қоныс аударылған халықтар тарихына байланысты еңбектерге, практикалық жұмыстарда пайдалануға болады.

І. Ұлы Отан соғысы жылдарында Батыс Қазақстанға күштеп қоныстандырылған халықтар

Күштеп қоныстандырылған халықтарды орналастыру

Кеңес үкіметі тұсындағы атадан балаға мұра болып келе жатқан, жеке адамның немесе жекелеген қоғам иесінің, оның қарапайым мүшесінің құқын қорлау, барлық ұлттар мен ұлыстарға қарамастан жазалаушы аталмыш үкіметтің іс-тәжірибесі болатын. Мұның өзі ерекше жағдайда «халықтың депортациясы» деп аталды. Сталин билігі кезінде көптеген қоғам және мемлекет қайраткерлерінің, сан түрлі әлеуметтік жіктердің, сондай-ақ этникалық топтар мен тұтас халықтардың еш негізсіз қуғын-сүргінге ұшырағаны мәлім [16, 32-б.].

Депортация – құқықтық және саяси негіздерге сүйеніп айтқанда, жеке адамдарға, заңға сәйкес қоғамдық тәртіпті бұзушыларға қолданылатын шара болса керек. Ал бүтіндей халықты жау деп депортациялау тоталитарлық жүйенің шектен асқан сорақылығы екенін құқықтанушылар айқын дәлелдеді. Халықты депортациялау мемлекеттік-құқықтық қоғамда еліміздің өсіп-өркендеуіне зардабын тигізетін институттардың біріне жатады. Кеңес құрылысында халықты депортациялау институтының алға қойған мақсаты басқа болған. Халықты депортациялау институты кеңестік шындықта өмірге бірден келе қойған жоқ, ол біртіндеп, бірнеше баспалдақтардан өтіп келді. Алғаш рет депортация заң бұзғандығы үшін деп жеке адамға, одан кейін партия мүшелеріне, содан кейін барып бүкіл ұлтқа, ұлттық аймаққа жайылды. Қуғын-сүргін жылдары орын алған саясат жер аударылғандарды ұлттық болмысынан, дінінен, мәдениетінен айырып, негізсіз кінә тақты, қатал жазалады, бұл ұлт саясатының ешқандай заңдылықты сақтамауының айқын көрінісі болды. Бірінен соң бірі жарыққа шығып жатқан сол кездегі заң актілері күштеп жер аударған халықтардың жан-жақты дамуына түбегейлі кедергі келтірді.

Кеңестік тоталитарлық жүйе көптеген халықтар мен этникалық топтарды тарихи отанынан күштеп көшіріп, олардың бірлігі мен біртұтастығына, мәдени әлеуметтік дамуына орасан зор зиянын тигізді. Кеңес үкіметінде депортация кең көлемде орын алды, оның негізгі жүргізген саясаты – халықты жазалау мақсатында тарихи туған жерлерінен күштеп қоныс аудару болды.

Негізінен Кеңес Одағы Атқару Комитетінің қаулысында қоныс аударудың белгілі себептері көрсетілген. Онда Кеңес Одағы мен Одақтас республикалардың қылмысты істер кодексінде, өзінің жасаған қылмысына қарай, әсіресе, нағыз қауіпті қылмыскер деп танылған азаматтарды соттың шешімімен Одақтас республикалар аумағынан алысқа айдауға, басқа жерлерге көшіру керектігі айтылған. Бұл кейіннен азаматтар қылмыс жасамаса да қауіпті қылмыскер деп аталуына байланысты өзгертілген. Онда сотталушы тек қана сот алдында жасаған қылмысын мойнына алғанда ғана мұндай қылмыстық шара қолдануға болатындығы айтылады. Осыған қарамастан қылмыс жасамаған азаматтарды жазықсыз жазалау жалғаса берді. Мұндай жазалау тәртібі жеке адамдардан бастау алып, бүкіл халықты, ұлттар мен ұлыстар аймағын қамтыды [17, 10-б.].

Тарихтың қаралы оқиғалары ретінде сталиндік жазалау мұнан кейін де жалғасты. Бұл тоталитарлық жүйе жағдайындағы ұлт саясатының ешқандай заңдылықты сақтамауының айқын көрінісі болатын. Осындай саясат нәтижесінде 30-жылдардағы халқы сиреп қалған Қазақстан сияқты жерлерге өнеркәсіп құрылысын өркендету, оның табиғи байлықтарын игеру мақсатымен адам күшін шоғырландырып, еңбек ресурстарын көбейтуге тырысты. 1941 жылы Кеңес-Герман соғысы кезінде халықтарды жер аударған Кеңес өкіметі, тоталитарлық жүйе ерекше «тәжірибе» жинақтады. Біз атап отырған мәселені негізінде 3 кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезеңі 20-30 жылдардағы кеңес өкіметінің Қазақстан жеріне әртүрлі ұлт өкілдерін әлеуметтік тегіне байланысты қоныс аудартумен басталып, 1937-1938 жылдардағы ірі көлемдегі репрессиялау саясатына жалғасқан. Екінші кезеңде 1941-1945 жылдардағы Кеңес-Герман соғысы уақытындағы режим, қауіпті деп тапқандарды өз тарихи отандарынан қоныс аударту, репрессиялау және депортациялау сияқты іс-шараларын жүргізген еді. Үшінші кезеңінде, соғыстан кейінгі 1946-1950 жылдарының ортасы деп алсақ, ұлттарды қатаң идеологияға бағындырып ұстау саясаты жалғаса түскен [18, 11-б]. Қазақстанға соғысқа дейін кәрістер, күрдтер, ирандықтар, түріктер, поляктар, ал соғыс жылдары немістер, қарашайлар, қалмақтар, шешендер, балқарлар, қырым татарлары күштеп жер аударылып, арнайы қоныс аударушылар деген атауға ие болды. Күштеп қоныс аудару негізгі операциясы Ұлы Отан соғысы кезінде іске асырылды. 1945 жылғы КСРО-да жалпы күштеп қоныстандырылғандардың саны 2463940, [19, 287-б.] ал басқа деректерде 2 826 419 адам деп келтірілді [20, 713-б.]. Олардың Қазақстан Республикасына жалпы жер аударылғаны 1 млн 200 мың адам болды [21, 13-б.].

Кеңес өкіметінің күштеп қоныс аудару саясатына алдымен Қиыр Шығысты мекендейтін кәрістер жапон үкіметі соғыс тұсында шекара маңындағы кәрістерге сенімсіздікпен елдің ішіне қарай көшірсе, Кеңес үкіметі де жапон армиясы жасырын қызмет атқарулары мүмкін деген күдікпен кеңестік кәрістерді жер аударды. Мысалы, КСРО-ның ХКК мен БКП(б) ОАК-ның 1937 жылғы 21 тамыздағы қаулысында Қиыр Шығыс кәрістерінің қоныстарын аудару «өлкеге жапон тыңшыларын өткізбеу мақсатында» жүргізілгенін айтады. Қиыр Шығыста тұратын кәрістер түр-түсі мен келбеті жағынан ұқсастығына байланысты «жапон тыңшылары» деген желеумен жер аударылып, сенімсіз халық деп танылды. Сонымен, 1937 жылғы қыркүйектің алғашқы күндерінде корейлерді Қазақстанға шұғыл көшіру ісі басталып кетті. Жоспар бойынша Қазақстанға 14600 корейлер шаруашылығы көшіп келеді деп күтілді. 1937 жылдың 9 қазанында Қазақ КСР Халкомы корейлерді Қазақстанның аймақтарына орналастыру туралы арнайы қаулы қабылдады. Бірақ көшіп келген корейлер қожалықтары белгіленген жоспардан асып түсті. 1938 жылдың ақпанына дейін Қазақстанға 20 789 корейлер жанұясы, яғни 98 454 адам жер аударылды [22, 47-б.]. Содан кейін құрыққа ілінген Әзірбайжан, Армян республикаларынан шекараға жақын орналастырылған күрд, армян, парсы, түрік халықтарының кейбір өкілдері Қазақстанға жер аударылды.

1941 жылдың 28 тамыздағы КСРО Жоғары Кеңесі төралқасының «Еділ бойында тұратын немістердің қоныстарын аудару туралы» жарлықта: «Мыңдаған лаңкестер мен тыңшылар бар, олар Германиядан келетін хабар бойынша жарылыстар ұйымдастыруды көздейді», яғни КСРО-ға қарсы бағытталған әрекет жасауда деп көрсетілген. Негізсіз тағылған бұл жаланы кеңес үкіметі өзіне тән екіжүзділікпен көп жыл өткен соң қайта қарап, немістердің алдында кешірім сұраған сыңай танытып, былай деп атап көрсетті: «Бұл дәлелсіз айыптардың негізсіздігін және Сталиннің жеке басына табыну жағдайларындағы жүгенсіздік көрінісі болғанын көрсетті» Кеңестік немістерге қарсы жасалған осынау саяси сойқанна Днепрдің батыс жағындағы немістер ғана аман қалды. өйткені, неміс әскерлері 1941 жылдың 25 тамызында Днепропетровск қаласын басып алған болатын. Осылайша соғыс басталысымен Еділ бойындағы немістер туған жерлерінен аластатылды. Сол кездегі де, кейінгі де архив құжаттарын ақтарған зерттеушілер кеңестік немістер арасынан бірде-бір сатқын мен тыңшылар туралы дерек таба алмады. 1941 жылдың күз айында немістердің автономиялы республикасы кеңес картасынан мүлдем жойылып, оның 7 ауданы Сталинград облысының, 14-і Саратов облысының құрамына қосылды. Автономияны жою жөніндегі бұйрық оңай орындалды. Тек Еділ бойындағы ғана емес, Ленинград, Мәскеу, Кавказ бен Қырымдағы немістер де жер аударылды. Сібір, Алтай өлкелерімен қатар немістердің ең көп қоныстандырылған жері – Қазақстан болды [23, 29-30-б.]. 1941 жылдың 25 қазанында Қазақстанға 467 мың Еділ бойы немістерін қабылдау жоспарланды. Қазақстан облыстарына төмендегідей етіп бөлу жоспарланды.




Облыстар

Мың адам

Алматы

30

Ақтөбе

15

Ақмола

62,2

Шығыс Қазақстан

32

Жамбыл

33

Қарағанды

29,6

Қостанай

60

Қызылорда

15

Павлодар

40

Семей

40

Солтүстік Қазақстан

62,2

Оңтүстік Қазақстан

48

Барлығы

467

Ал Қазақстанға 420 мың неміс күштеп көшірілді [24, 124-б.]. Немістерді қоныстандыру Қазақстанның екі облысына: Батыс Қазақстан және Гурьев облыстарына көшіру көзделмеді. Бірақ депортацияланған немістер 1942 жылы бұл екі облыста еңбек колонналары есебінен толықтырылды. 1942 жылдың 7 қазанында Гурьев Атқару Комитетінің №2383 шешімімен немістер еңбек колоннасына мобилизацияланды [25, 196-б.].

Орал облысының жергілікті немістері де күштеп көшірілді.1941 жылдың қарашасында Оралдың неміс тұрғындарына Подстепное селосына жиналып, қаладан үш күн мерзім ішінде көшіп болуына бұйрық берілді. 18 қарашада қалада бірде-бір неміс қалмады. 1942 жылы оларды Теректі, Каменск, Зеленовск, Приуральный аудандарынан көшірді. Олар үй-мүлкін, малын, жұмысын тастап, жаңа мекенге бағыт алды. КСРО-ның әр аудандарынан және жергілікті жерлерден күштеп көшірілген немістер негізінен Жемпейті ауданына қоныстандырылды. Олар «Тасқұдық», «Жаңатаң», «Жаңа-Тұрмыс», «Жемпейті», «Оралтөбе», «Бұлдырты» совхоздарына, №117 көне зауытына және тағы басқа шаруашылықтарға орналастырылды [26, 47-п.].

Ақтөбе облысының аудандарына арнайы қоныс аударушыларды орналастыру былайша жоспарланды [27, 5-п]



Аудандар

Колхоздар саны

Үй саны

1.

Байғанин

40

2016

2.

Шалқар

38

1850

3.

Ырғыз

64

3236

4.

Қарабұтақ

56

2045

5.

Темір

42

1872

6.

Жұрын

35

1750

7.

Ключевой

59

3105

8.

Ойыл

72

3564

9.

Қобда

49

3655

10.

Ақтөбе қаласы

3

113

11.

Родниковка

19

1073

12.

Мәртөк

54

4392

13.

Новоресей

36

1835

14.

Степной

28

2028

Барлығы

595

32554

Жоғарыда келтірілген кесте бойынша Ақтөбе облысына 15 000 неміс ұлтын көшіруді жоспарлайды, бірақ 13 342 неміс ұлты көшірілді. Олар Ақтөбе қаласына, Мәртөк, Степной, Қобда, Новоресей (Кемпірсай, никельтау кеніштерінде) аудандарына қоныстандырылды [28, 3-п]. 1941 жылдың 1 наурызында КСРО ІІХК-ның Кемпірсай лагеріне Украинадан 2398 неміс әкелінген, оның 166-сы тұтқындар болып есептелді [29, 1-п]. 1943 жылы алғашқы 9 айында ІІХК-ның Ақтөбе комбинатына 336 неміс тұтқындары әкелінді. 1942 жылы Ақтөбе қаласында немістердің еңбек колоннасы құрылып, сол жылы 1157 неміс, ал 1943 жылы 1086 неміс әкелінді [30, 14-п]. Соғыс жылдарында Ақтөбе ферроқорытпа зауытында, Кемпірсай, Никельтау кеніштерінде т.б. өнеркәсіп объектілерінде немістердің арзан еңбек күші пайдаланылды. Сонымен қатар Каспий маңындағы мұнай өнеркәсібінде, яғни «Қазмұнайқұрылысы» тресінің құрылыс-монтажды участогінде еңбек еткен арнайы қоныс аударушыларды неміс ұлты құрады [31, 197-б.].



Соғыс ортасында Закавказье асуынан өтуге неміс басқыншыларына жәрдемдесті деп «гитлер-фашистерінің агенттерін қудалау» басталды. Онда Солтүстік Кавказдан шешен, ингуш, қарашай, қалмақ, түрік, күрдтер жер аударылды. Мұнда барлық қарашай халқына жағылған күйе еді. Қарашайлар 1942 жылдың тамыз айынан 1943 жылдың қаңтар айына дейін немістер қол астында болған еді. Қарашайлар неліктен немістермен тіл табысты дегенге келсек, олардың ойынша: 1. Тәуелсіз ұлттық басқару жүйесі қалпына келтіріледі және дінді қоса алғанда, өмірдің барлық салаларында халыққа толық еркіндік беріледі; 2. Колхоздардың орнына жекеменшік жүйесі енгізіледі; 3. Орыстар күштеп екіге айырған қарашай – балқар халқы қайтадан біріктіріледі. Бұл бастамалар қарашай халқының немістерге жақтаса отырып, орыстарға қарсы қимылдауына ықпал еткен еді. Айта кеткен жөн, немістер өздері басып алған жерлерде орыс емес, діні басқа аз халықтардың бәрін оларды Ресейден бөлшектеу үшін, шынында да, жоғарыдағыдай кеңшіліктер берді. Ал мұндай тәуелсіздік, әрине, ол халықтардың ғасырлар бойғы арманы еді. Сондықтан да немістермен түсінісуге барған халықтарды жаппай сатқынға балау тіптен де дұрыс емес. Ұлттық және рухани тәуелсіздік бәрінен де қымбат екенін ұмытпалық . бірақ Сталин басқарған тоталитарлық жүйе мұндай пиғылды мүлде басқаша қабылдап, оларға былай деп кінә тақты: «Қарашай Республикасына басып кірген кезде көптеген қарашайлықтар опасыздық көрсетіп, сатқындық жасаған. Көптеген адамдарды немістерге ұстап берген, неміс фашистерінің құрған ұйымына кіріп, кеңес үкіметіне қарсы соғысқан. Немістердің Закавказье асуынан өтер кезде оларға жол көрсетіп, тиісті жерлеріне дейін алып барған. Ал неміс басқыншылары бұл жерден қуылғаннан кейін, үкімет құрығынан қашып жүрген бандиттерді, гитлер фашистерінің агенттерін қудалау, ұстау басталды» деп атап көрсетілді. Бұнда кінәлі деген азаматтар ғана жазаланудың орнына тұтастай халыққа жазалау жүргізілді. Әрбірінен осындай «кінә» тауып, туған жерінен бүкіл халықты басқа өңірге қоныс аудару жөнсіздік болып отырғаны сөзсіз еді. Көшірілместен бұрын Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің 1943 жылғы 12 қазандағы «Қарашай автономиялық облысын жою және оның территориялық әкімшілігінің құрылымы туралы» қаулысымен қарашай халқы туған атамекендерінен қуылды. 1943 жылы 2 қараша күні таңға жақын барлық қарашай ауылдарын кеңес әскери бөлімшелері қоршап алды ... Таңғы сағат 4-те әр қарашайлардың үйіне қарулы кеңес әскерлері кірді. Бесікте ұйықтап жатқан балаларынан бастап ауру қарттарға дейін қатал бұйрықпен төсектерінен тұрғызылды. Жолға дайындалу үшін 30 минут уақыт беріліп, 36 килограммнан артық жүк алуға болмайтыны ескертілді. Қарашай халқын жаппай жер аудару осындай бір қысқа мерзім ішінде жүзеге асырылды. Бұған қарсы шыққан жүздеген қарашай тұрғыны орнында атылды. Ертеңгі сағат 10-да қарашайларға лық болған мал вагондары жүруге дайын тұрды. Ол вагондарда 63323 жазықсыз қарашай бар еді. Бұлардың 32929 – балалар, 18993-і әйелдер, 11401-і еркектер болатын. Еркектердің бәрі дерлік қарттар және соғыстан жараланып келгендер еді. Дені сау еркектердің барлығы кеңес әскерлерінің түрлі майдандарында қару астында тұрған. Қарашайлар жер аударылысымен кеңес әскеріндегі қарашайлар да бөлімшелерінен алынып, жер аудару орындарына жіберілді. Осылайша 1943-1944 жылдары Солтүстік Кавказ халықтары күштеп көшірілді. 1943 жылдың 27 желтоқсанында «Қалмақ автономиясын жою және Астрахань республикасын құру туралы» деген қаулы негізінде қалмақтар жан-жаққа көшірілді. 1943 жылы қыркүйекте 70 мың қарашай, сол жылдың қазанында 94 мың қалмақ күштеп көшірілді [32, 24-б].

Құпия архив құжаттары Солтүстік Кавказдағы халықтарды күштеп жер аудару ісіне НКВД-нің қанқұйлы басшысы Л.Берияның өзінің осында келіп, тікелей басшылық жасағанын және оның жүргізіліп жатқан шаралары туралы И.Сталиннің өзі күнбе-күн хабардар етіп отырғанын көрсетіп берді.

Кавказ халықтары ішінде ерекше қайсарлығымен және жауынгерлігімен көзге түсетін шешендер мен ингуштарды туған жерлеріне көшіру НКВД тарапынан үлкен дайындықты қажет етті. Алғаш олар есепке алынды және 459486 адамды жер аудару керектігі анықталды. Операцияны 8 күнде аяқтау белгіленді. Жер аудару 23 ақпанда таңертең басталды. Халықтың елді-мекендерден шығып кетулеріне мүмкіндік берілмей, олар әскер қыспағына алынды. Халық жиылысқа шақырылды да, олар сол жерде қарусыздандырылып, поезд вагондарына тиелетін жерге жөнелтілді. Адамдардың аз ғана бөлігі заттарды жинап келуге жіберілді. Сағат күндізгі 11-де 94 мың 741 адам жер аударуға жататындардың 20 процентінен астамы жөнелтілетін теміржол мекендеріне алып келінді. Операцияны өткізу барысында 2016 шешен және ингуш «кеңеске қарсы элемент» деген айдармен тұтқындалды. Ал олардың қаншасының табанда ату жазасына кесілгені туралы дерек жоқ. 29 ақпанға дейін 180 теміржол вагондарына 478479 адам тиелді, оның 91250 – ингуштар болатын. Операцияның соңына қарай, оны өткізуге пайдаланылған Шешен – Ингуштың бұрынғы басшылары, беделді дінбасылары арнайы эшалонмен жөнелтілді. Осы жүгенсіздікке 19 мыңнан астам НКВД-ның барлау орындарының оперативті қызметкерлері және 100 мыңға тарта ішкі істер офицерлері мен жауынгерлері тартылды.

1944 жылдың 8 наурызында КСРО Жоғарғы Кеңес Төралқасының шешімімен Шешен-Ингуш республикасы жойылып, Грозненск облысы құрылып, РСФСР құрамына енді. Осылайша Солтүстік Кавказ халықтарын көшіру туралы шешімнің қабылдануына байланысты республикаға 406 375 шешен және ингуш халықтарының өкілдері орналастырылды. Оларды Ақтөбе, Қызыл-Орда, Ақмола, Алматы, Семей облыстарына орналастырды [33, 252-б.]. Солтүстік Кавказ халықтарын Гурьев және Батыс Қазақстан облысына көшіру көзделмеді. Бірақ 1943 жылы Гурьев облысында 118 шешн отбасы (422 адам) «Қазақстанмұнайкомбинатындағы» (Доссор, Байшонас, Сағыз, Қосшағыл, Қаратон бірлестігінде) еңбек колоннасына орналастырылды [34, 36-п.]. 1944 жылы Ақтөбе облысына 6613 шешен көшірілді [35, 3-п.].

Солтүстік Кавказдан балқарларды жер аудару да аса қатал жүргізілді. Олар Қызыл Армия тылында «бандиттік-бүлікшілік топтар ұйымдастырды» деген айыппен кінәланды. 1942 жылы Ростов түбінен шегініп келе жатқан кеңестік 37-армия бөлімдерін Кавказдың қарлы жоталарында балқарлар күтіп алып, оларға соққы берді. Черек ауданында балқарлар қызыл әскерлер бөлімдерін қарусыздандырып, командирлер құрамының көзін жойып, бір зеңбіректі тартып алды. Осындай балқар отрядтарының бірін бұрынғы аудандық атқару кеңесінің төрағасы басқарған. Ұжымдастыру және одан кейінгі қуғын-сүргін балқарлардың тоталитарлық кеңестік жүйеге деген ашу-ызасын әбден өршіткен еді. Сондықтан да олар қызыл әскерлерді өз жерлеріне енгізбеуге күш салды. Оның үстіне немістермен бірге келген саяси эмигранттар Шокманов пен Кемметов туысқан балқар және қарашай халықтарын бір тәуелсіз республикаға біріктіру жұмысын қолға алған еді. Немістердің келуі Кеңес Одағына тәуелсіз дербес мемлекет құруға мүмкіндік туғызады. Сондықтан да кейінірек, тек 1942-1943 жылдары ғана, «кеңеске қарсы жұмыс істеді және бандитизммен айналысты» деген айыппен 1227 балқар тұтқындалды, олардың 186-ы коммунистер және комсомол мүшелері еді. Немістер шегінген кезде, олармен бірге 362 балқарлардың кеткенін НКВД органдары есепке алған. Балқарлар аз халық еді. Олар небәрі төрт әкімшілік аудандарды мекендейтін және жалпы сандары 40900 адам ғана болатын. Бірақ онсыз да аз халықтың түбіне жететін болдық деп не Л.Берия, не И.Сталин ойлана қоймады. Сталиншілдік – кешірім жасауды білмейтін саяси тәртіп еді. Шешендер мен ингуштарды жер аударудан босаған күштер 1944 жылдың наурызында балқарларды жер аударумен айналысты. 9-11 наурыз аралығында 37103 балқарлар эшелондарға күшпен тиеліп, өздерінің жаңа мекендері Қазақстанға және Қырғызстанға жөнелтілді.

Қырым халықтарының қасіреті де тарихтың қаралы беті. Соғысқа дейін Қырым халқы 1.126 000 адамға жетсе, оның 218000 – татарлар еді. Фашистік Германия Қырымды қансыратып кеткен болатын. 67 мың еврей, қарайым, қырымшақтар атылып, 50 мың адам Германияға әкетілді. Бұл қасірет аз болғандай, Қырымды азат еткен кеңес жүйесі келе сала, немістермен ынтымақтасқан 1178 адамды тұтқындады. Д.Әбдірашитов бастаған «Татар ұлттық комитетінің» немістер құрған татар дивизиясымен тығыз байланыста болғаны және Қырымның татарлар тұратын аудандарында өзінің бөлімдерін ашқаны бүкіл татар халқына қара таңба болып бсылды. 1944 жылдың 10 мамырында қанқұйлы Л.Берия И.Сталинге «опасыз қырым татарларын» жаппай жазалау,яғни оларды түгелдей атамекендерінен Өзбекстанға жер аудару туралы ұсыныс жасады. «Халықтар әкесі» бұл жолы да Л.Берияның қолын қақпады. 18 мамырдан басталған қырым татарларын көшіру операциялары 20 мамырда аяқталды. 67 эшелонға күштеп тиелген 180014 қырым татарлары жолға шықты. Яғни, кеңестік жазалау немістер жүгенсіздігінен де асып түсті. 1944 жылдың 18-мамырында «неміс оккупанттарына көмектесуі мүмкін» деген сылтаумен Қырымнан 200 мыңдай қырым татарларын Қазақстанға, Өзбекстанға т.б. күштеп көшірді.

Қырым татарларын депортациялау екі сөтке: 1944 жылдың 18-20 мамырында жүрді. Қазақстанға 4501 қырым татарлары көшірілді. Бұдан басқа Қырым аудандық әскери комитеті Гурьев, Рыбинск, Куйбышев қаларына әскер қатарына шақырылатын 6 мың татарды мобилизацияды. Қырым-татар контингенті Гурьевке 1944 жылы 15-мамырда келді. Украинадан мобилизацияланған 3000 қырым татарлары Гурьевтегі мұнай өңдеу зауыты құрылысына жіберілді. Қырым татарларына таңылған айып Қырымнан басқа халықтарына бағытталды. Соның салдарынан 1944 жылдың 4 шілдесіне дейін Қырымнан барлығы 225009 адам, оның ішінде жоғарыда көрсетілген татарлардан басқа 12422 қырымдық болгар, 15040 грек, 9621 армян, 1119 неміс, сондай-ақ 3552 шетелдік азаматтар қоныс аударуға мәжбүр болды. Бұлар Башқұрт АССР-на, Марий АССР-на, Кемеров, Молотов, Свердлов, Киров облыстарына және Қазақстанның Гурьев облыстарына орналастырылды. Нақтылап айтсақ, Қазақстанға Қырым татарларынан басқа 7 мың болгар, грек, армян қоныстандырылды, оның 4500 адамы Гурьев облысындағы Қазақстанмұнайкомбинаты құрылысына жіберілді [36, 12-п.]. 1943 жылы ІІХК-ның Ақтөбе комбинатында тұтқын болып саналмайтын 8 татар, ал 401 татар, 122 армян, 7 грек тұтқындар санын толықтырды [37, 13-п.].

Солтүстік Кавказ халықтарын күшпен қоныс аудару қорытындыларына жүгінсек, 1944 жылдың ақпан-наурыз айларында Қазақстанға және Қырғызстанға барлығы 602193 адам қоныс аударғанын, оның ішіндегі шешендер мен ингуштардың - 496460 адам, қарашайлардың – 38327, балқарлардың 37406 адам екенін көреміз. Бұлардың негізгі бөлігі – 477809 адам – Қазақстанға қоныстандырылды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Батыс Қазақстан аймағына күштеп қоныс аударғандар осылайша орналастырылды. 1945 жылдың ортасында Ақтөбе облысында 21 180 арнайы қоныс аударғандар, соның ішінде 13 342 неміс, 6613 шешен, 15 қалмақ, 35 қырым татарлары, Молдавиядан көшірілгендер – 968 адам, 86 гректер, басқалары – 121 деп бір деректерде осылай келтіреді [38, 4-п.]. Ал мына деректе былай келтірілген: 1945 жылдың ортасында Ақтөбе облысында арнайы қоныс аударушылардың 4129 отбасысы (20248 адам) болған, яғни олардың 3860-ы ер адамдар, 3467-і әйелдер, ал 16 жасқа дейінгілер саны – 10 944, 16 жастан 18 жасқа дейінгілер саны 1977-ге толды. Арнайы қоныс аударушылар Ақтөбе қаласына, Шалқар, Темір, Родниковка, Степной, Мәртөк, Қобда, Жұрын, Ключевой, Новоресей аудандарына қоныстандырылды. Колхоздарға 2320 отбасы (12 053), совхоздарға 607 отбасы (2717 адам), ал мұнай саласына 73 отбасы (365 адам), көмір шахтасына 733 отбасы (3023 адам), Никельтау кенішіне 37 отбасы (165 адам), транспорт саласына 126 отбасы (589 адам), өнеркәсіп отельдерінде 33 отбасы (480 адам), ал қалған 140 отбасы әр түрлі шаруашылық мекемелеріне орналастырылды. Бұлардың арасында мамандығы барлар саны – 436, нақтылай көрсетсек: токарь – 10 адам, слесарь – 4 адам, бұрғылаушы – 3 адам, тракторшылар – 6 адам, ұсташы – 91 адам, етікші – 46 адам, тігінші – 48 адам, темір ұсталары – 28 адам, электр дәнекерлеуші – 5 адам, монтер – 2 адам, мұғалім 124 адам, есепші – 36 адам, бағбандар – 5 адам, сырашы – 1 адам, аспазшы – 1 адам, столяр – 1 адам, агроном – 1 адам, зоотехник – 2 адам, мал дәрігері – 6 адам, медицина қызметкерлері – 2 адам, суретші – 1 адам болды. Қоныстанған жерінде тек 6 тракторшы, 91 ағаш шебері, 46 етікші, 27 тігінші, 38 темір жонушы, 1 электр дәнекерлеуші, 4 бау-бағбаны, 2 столяр, 2 зоотехник, 6 мал дәрігері, 1 агроном, 2 медицина қызметкерлері өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналастырылды [39, 7-8 пп].

Ресей тарихшысы Н.Ф.Бугай былайша мәлімет береді: «Ақтөбе облысына – 19877 халықтар күштеп қоныстандырылған, оның ішінде: қалмақтар – 13, Молдавиядан келгендер (1941ж.) – 987, гректер (1942 ж.) – 86, немістер – 12780; Солтүстік Кавказдан: қарашай – 1, шешендер – 5904, Қырым татарлары – 25, грек – 1».

Гурьев облысына 5468 халық күштеп қоныстандырылған, оның ішінде: қалмақтар – 14, Балтық бойынан (1941 ж.) – 86, немістер – 1532, Солтүстік Кавказдан: қарашайлар – 1, шешендер – 692, балқарлар – 4, ингуштар – 114, басқалары – 18; Қырымнан: қырым татарлары – 602, гректер – 743, болгарлар – 1168, армяндар – 314, басқалары – 173, Қара теңіз жағалауынан: гректер – 6, цыгандар – 173, құмықтар – 3, Грузиядан – 1, қарайымдар – 4, кабардин – 1. Батыс Қазақстан облысына 872 халықтар күштеп қоныстандырылды. Оның ішінде ирандықтар (1950 ж.) – 17, гректер (1942 ж.) – 65, немістер – 728, Солтүстік Кавказдан: шешендер – 3, ингуш – 1, Қырымнан: қырым татарлары – 53, болгарлар – 5, Қара теңіз жағалауынан: гректер – 1 [40, 176-177-бет].

Қазақ жеріне немістердің 38%-ы, шешен мен ингуштардың 83%-ы, кәрістердің 59%-ы, балқарлардың 55%-ы, қарашайлардың 58%-ы, гректердің 76%-ы, күрдтердің 62%-ы күшпен қоныс аударылды. Қоныстанушылар іс жүзінде Қазақстанның барлық облыстарына орналастырылды және ІІХК-ның мынадай нұсқауларын орындады: «құпия тапсырмалар бойынша шет мемлекеттің агенттерімен байланыс жасамау үшін сенімсіз халықтарды шекаралық аймақтарға орналастырмау; қашып кетпес үшін теміржолдардан алыс жерлерге орналастыру; бақылауға ыңғайлы болу үшін топтарымен орналастыру». Сонымен бірге олар әрдайым комендатураға барып, белгіленіп тұруға тиіс болды. Бұл шешімдер ешқандай заңдылыққа жатпайтын еді. Кеңес одағының 1936 жылғы Конституциясының 14-тармағының «Е» бабында ең жоғарғы органдардың күшімен Одақтас республикалар құрамында автономиялық республикалар құрылатыны жайлы айтылған. Ал, 1937 жылғы Ресей Федерациясы Конституциясының 19-тармағының «В» бабы бойынша автономиялық республикалар мен облыстар құрылатыны, бұл шешімді Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің бекітетіні көрсетілген. Осы негізгі заң ережелерінде Кеңес Обдағы мен Ресей Федерациясы құрамындағы автономиялық республикалар мен облыстардың жойылуы туралы ештеңе айтылмаған. Тек, Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы 1943 жылғы 12 қазандағы жарлығымен бұл мәселелерді Кеңес Одағының Конституциясына кіргізген. Сондықтан ұлттық-экономикалық құрылымдарды біржақты жою мүлдем заңсыз еді. Бірақ соған қарамастан жеке ұлттарды қуғындау саясаты жалғаса берді. Қаулылардың күшімен іске асырылған шаралардың бәрі Кеңес Одағы республикалары, ұлттық облыстар мен аудандарға қысқартуға немесе таратуға, халқын көшіріп жіберуге құқықы жоқ болатын. Бірақ жоғарыда көрсетілген актілерді қылмысты шешімдермен қабылдады, оларды жүзеге асырды. Бұл тек тоталитарлық жүйеге тән құбылыс еді [41, 220-б.].

Соғыс жылдары негізінен оларды еңбекке пайдалануына байланысты адам санындағы өзгерістері көп болды. Онда оларды лек-легімен басқа республикаларға жіберді немесе басқа республикалардан қабылдап алып отырды. Себебі соғыс жылдарында бірнеше мыңнан астам жер аударылғандарды орналастыру қиын болды. Оларға тұрғын үй жетіспеді. Олардың жаңа жерге бейімдей алмауынан жұмысқа орналасуында да көп қиыншылықтар туды. Сол кездің өзінде-ақ олардың көпшілігін қоныстанған орындарынан қашуын тоқтату үшін республика ішінде қалалардан, аудан орталықтарынан және темір жол станциялары аймақтарынан алыс жатқан мал совхоздары мен колхоздарға қоныстандырып, ішкі қоныс аудару «науқаны» әлденешерет жүргізілді.

Қаншама халықты тұрғын үй және жұмыспен қамту ауылшаруашылық қаржының жетімсіздігінен шеше қою да оңай емес еді. Жер аударылғандарды келген жерлерінде орналастыру тарихы қайғылы кезеңдерге толы болды. Бір мезгілде барлық халықтарды бірден қоныс аудартып жіберу немесе оларды келген жерлерінде барлық керек-жарақтарымен қамтамасыз ету мүмкін емес еді. Өйткені сол кезеңде қазақ халқы да ауыр тұрмыстық тапшылықтар мен қиыншылықтарды басынан өткізген жайы бар.

Трагедиялық кенеттен болған тарихи оқиғаның нәтижесінде күштеп қоныс аударылған халықтар әрбір мемлекеттерге бытырады.

Күштеп қоныс аударған халықтардың орналасу процесін, біріншіден, келген жерлерінде орналастыру, олардың адам шығыны мен тұрмыстық тіршілігінің ауыр кезеңдерімен белгілі. Екіншіден, облыстарға орналастыру, яғни ішінара қоныстарын жүйеленіп қалған орталарынан алыс аудандарға қайта көшіріп, ортадан аластатылуы да үлкен шығындардың, ауыр тұрмыстың белгілерімен жалғасады. Үшіншіден, орналасу процесінде екінші отанында ұлт ретінде қайта танылу, болашақтарын сақтап қалу күресі болып табылады, үшінші үрдіс жүйесі әлі де жалғасуда.

Қорыта келгенде, бүгінгі күні Қазақстан Республикасын екінші отаны ретінде орнығып қалған күштеп қоныс аударған халықтардың өз елімен тығыз байланыс жасауда. Қазіргі кезде тәуелсіз Қазақстан Республикасының тең құқықты азаматтары ретінде өмір сүріп жатыр.

ҚОРЫТЫНДЫ
Арнайы қоныстандырушыларды еңбекпен қамту соғыс уақытында өте ауыр жағдайлармен өтті. Қаладағы, ауылдағы арнайы қоныстанушылар азық-түліктің жеткіліксіздігінен ісініп, аштыққа ұшырады. Сондықтан да көптеген еңбекке қабілетсіздігі салдарынан өздерін қамтамасыз ете алмады. Әйелдер, қарттар, балалар қажетті еңбеккүнін өтей алмады. Осылайша мұнай өнеркәсібі объектісіндегі мобилизацияланған немістердің шаруашылық-тұрмыстық жағдайы өте ауыр болды. 1942-1943 жылдың қыс айларында жұмысшылар баспанамен, киім, етікпен қамтамасыз етілмеді. Сондықтан да жұмысшылар айына 24-25 күннің орнына 10-12 жұмыс күніне қысқарды, ал бұл жағдай жұмысшылардың еңбек еңбек нормасының 30-40 пайызын орындауға әкеліп соқтырды. Бұл фактілер мұнай өнеркәсібінің халық комиссары Сединнің 1942 жылғы 6 қазанда Қазмұнайкомбинатының начальнигі Пилипецке берген есебінде келтірілді.

Немістердің тұрмыс жағдайының төмендігі және оларға тамақтандыруды дұрыс ұйымдастырмағандықтан еңбек өнімділігі төмендеді, сондай-ақ еңбекке қабілетсіздер саны көбейді. 1943 жылдың тамыз-қыркүйек айларында медициналық тексерудің нәтижесі бойынша Қазмұнайкомбинатының еңбек коланнасындағы еңбекке қабілетсіз 169 немісті демобилизациялады.

Қазмұнайкомбинатының кәсіпорындардағы мобилизацияланған немістер киім, етік, төсек-көрпелерге өте мұқтаж болды. Комбинат барлығын бұл заттармен қамтамасыз ете алмады. 1943 жылдың 13 тамызында кәсіпорын жетекшілері жоғарғы келтірілген мәселелерді шешуді жолға қойды.

Мобилизацияланған немістерді тіркеуде, бақылауда, еңбек ақысын белгілеуде, еңбек тәртібін қадағалауда кемшіліктер орын алды. 1943 жылы мұнай өнеркәсібіндегі жұмысшылар жұмыс жоспарынсыз құрылыс-жөндеу цехтарында жұмыс жасады. Тіпті күнделікті кез келген кездескен жұмыстарды атқарды. Жұмысшылардың еңбек ақылары өте төмен болды, сондықтан да олар алған киімдерін, етіктерін, т.б. сатуға мәжбүр болды. «Қазмұнайқұрылысы» трестіндегі немістер орташа еңбек ақы 100 рубльдің орнына 20, 50 рубль алды. Яманка деп аталатын қала маңындағы шаруашылықтың бастығы Осокор жұмысшылардың еңбек ақысын бірнеше ай бермегендігі анықталды.

Арнайы қоныстанушылар моральдық жағынан төмендетілді. Яманка поселкесінің басшысы Максимов арнайы қоныстанушыларға саяси деңгейде: «гитлершілдер, Гитлердің құйыршықтары!» деген сияқты тіл тигізуге жол берген. Еңбек нормасын орындамағандықтан күнделікті нан нормасын 700-ден 300 г төмендетіп берген. Бұл жағдайлар оларға сенімсіздік туғызып, еңбек өнімділігіне өз әсерін тигізді.

Материалдық және санитарлық жағдайлары 1944 жылдың соңына дейін жақсармады. 1944 жылдың 9 қарашасындағы Қазмұнайкомбинаты начальнигі Карягиннің тексерісі нәтижесінде арнайы қоныстанушылардың материалдық-тұрмыстық жағдайы әлі де дұрыс жолға қойылмағандығы анықталды. Дәлірек айтқанда, Байшонас өнеркәсібіндегі 50 отбасы (195 адам) бұрынғы қоймаларда, жартылай жертөлелерде орналасқан. Ал Петровск атындағы машина жасау зауытындағы 41 отбасы (114 адам) жартылай жертөлелер қазып алған.



Қоныстанғандардың көп бөлігі ауылшаруашылықты аудандарда тұрды, олар құрылыс жұмыстарына, өндіріс жағдайларына бейімделмегендіктен өздерінің тапқан-таянғандарын жеткізе алмады. Сондықтан олар өздерінің киім-кешектерін (халық шаруашылық комитеті бөлген) сатуға мәжбүр болды. 1944 жылдың 28 тамызында Петровск атындағы зауыттағы қоныстанушыларды бұзылған балық етімен тамақтандырған. Мақат, Жилокосинский аудандарында аштықтан ісініп кеткендер кездесті. Қоныстанушы Мандражиев одан әрі жағдайының жақсармайтынын біліп, шыдамай суға батып өлген. Әсіресе қарттардың, мүгедектердің, көп балалы әйелдердің материалдық-тұрмыстық жағдайы өте ауыр болды. 1945 жылы 2 наурызда қоныстанушылар К.Юсупова мен Х.Лабазанова (шешен әйелдері) «Қазмұнайқұрылысы» трестінің бастығына жазған арызында тұрмыстық жағдайының төмендеуінен отбасылары аштық жағдайында екендігін айтады.


Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер тізімі:


  1. Боффа Дж. История Советского Союза. Т.2. М., 1994, 172-173-бб.;

  2. Бугай Н.Ф. Правда о депортации чеченского и ингушского народа //Вопросы истории, 1990. №7. С. 32-44;

  3. Бугай Н.Ф. Погружены в эшелоны и отправлены к местам поселений... // История СССР, 1991. №1. С. 143-160;

  4. Бугай Н.Ф. Иосиф Сталин – Лаврентию Берия: «Их надо депортировать». – М.: Дружбы народов, 1992.с.286;

  5. Бугай Н.Ф. 40-е годы: «Автономию немцев Поволжья ликвидировать ...» // История СССР, 1991. №2 с.172-180;

  6. Бугай Н.Ф. К вопросу о депортации народов СССР в 30-40-х // История СССР, 1989. №6 с. 35-144;

  7. Бугай Н.Ф. Л.Берия – И.Сталину: Согласно вашему указанию (о депортации народов в республику Средней Азии и Казахстана) – М.: АИРО – ХХ, 1995 с.319;

  8. Земсков В.Н. Срецпоселенцы в СССР 1930-1960. – М.: Наука. 2003 с.306;

  9. Земсков В.Н. Заключенные. М.: 1989 с.185;

  10. Коммунизм жолы. 1975 №142;

  11. Бугай Н.Ф. 40-е годы: «Автономию немцев Поволжья ликвидировать ...» // История СССР, 1991. №1 с.143-160;

Каталог: uploads -> doc -> 0380
doc -> Сабақтың тақырыбы: Бөлу Сабақтың мақсаты: Білімділік: Рационал сандарды бөлу ережесін есептер шығаруда тиімді
doc -> Сыныптан тыс сағат Тақырыбы : «Наурыз тойы» Ұлттық ойындар №3 9-10-11-сынып
doc -> Сабақтың тақырыбы Ішкі, сыртқы және аралас бездер Жалпы мақсаттары
doc -> Сабақ жоспары Мұғалім: Сабыргалиева Гулсім Сәлімқызы Сынып: 8 " а "
doc -> 1. Хлоропластары көп ұлпа a фотосинтездеуші ұлпа
doc -> ДСҰ- ның Саудадағы техникалық кедергілер жөніндегі комитеті 2015 жылдың 1-30 қараша аралығында жарияланған хабарламалар тізімі
0380 -> Урок биологии в 7 классе. Христофорова Елена Сергеевна, учитель биологии мобу сош с. Демский, Бижбулякского района Башкортостан Цель
0380 -> І бөлім Әр топ өздерін таныстырады


Достарыңызбен бөлісу:


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет