Күрес күшейіп, қауіп сейілді ме?



Дата19.07.2017
өлшемі73.13 Kb.
Күрес күшейіп, қауіп сейілді ме?

Бейсенбі, 27 маусым 2013 1:35



бейсеевтың суреті dsc_0104 01Есірткі – адам денсаулығына және қоғамға аса қауіп төндіреді, мемлекеттің дамуы мен саяси тұрақтылығына зиян келтіреді, ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер тудырады. Бүгінде бұл проблема жаһандық мәселеге айналған. Әлемдегі барлық мемлекеттер осы есірткіге қарсы ымырасыз күрес жүргізуде. Бұл орайда біздің мемлекетіміз де есірткі бизнесіне, нашақорлыққа қарсы кешенді іс-шаралар қабылдап отырғаны белгілі. Міне, осы толғауы көп мәселе қазір елімізде қалай шешімін тауып жатқаны туралы білу үшін біз ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитеті төрағасының орынбасары полиция полковнигі Бақытжан БЕЙСЕЕВКЕ жолығып, бірқатар сұрақтар қойдық.

Бақытжан Халелұлы, есірткі қылмысымен айналысушылар әрекеттерінің жолын кесу жөніндегі іс-шаралармен қатар, нашақорлықтың алдын алу, есірткіге тәуелділерді емдеу және оңалту жұмыстары атқарылып жатқаны белгілі. Қауіпті кеселге қарсы бұдан басқа қазір қандай шаралар қолға алынып жатыр?

– Әрине, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар өте көп. Соның бірқатарына тоқтала кетсем, мәселен, қазіргі уақытта еліміздегі есірткінің заңды айналымын бақылау жүзеге асырылуда. Бұл ретте қызметтері есірткінің айналымымен байланысты субъектілерді лицензиялау электрондық форматқа толық көшірілді. Құрамында белсенді есірткі заттары бар шөптерді шегуге тыйым салынды. Сонымен қатар, құрамында есірткі бар дәрілік препараттардың тек рецепт арқылы сатылуы бақылауға алынды.

Ал жалпы есірткіге қарсы бағытталған кешенді шаралар Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2012-2016 жылдарға арналған бағдарламасында белгіленгенін жақсы білесіз. Осы бағдарламаның бюджеті 6 млрд. теңгеден асады. Оның басым бөлігі – 5 млрд. теңге шекараны одан әрі нығайту шараларын жүзеге асыруға бөлінді.

Бағдарламада негізгі үш бағыт бойынша атқарылатын іс-шаралар қамтылған. Бірінші бағыт – нашақорлықтың алдын алу, емдеу және есірткіге тәуелділерді оңалту жүйесін дамыту; екінші бағыт – есірткінің заңсыз айналымының жолын кесу, есірткі қылмысына жол бермеу; үшінші бағыт – есірткінің заңсыз айналымының және оларды теріс пайдаланудың жолын кесу, бақылау саласында халықаралық ынтымақтастықты нығайту.

Қазіргі күні еліміздегі есірткіге қатысты ахуал қандай деңгейде?

– Жалпы алғанда, есірткі ахуалы тұрақты. Дегенмен, жылына 4 мыңға жуық есірткі қылмысы анықталады. Жыл сайын шамамен 30 тоннаға жуық әртүрлі есірткі заңсыз айналымнан алынады. Оның ішінде 300 килограмнан астам героин тәркіленеді. Тек үстіміздегі жылдың өткен бес айында ғана ішкі істер органдары 1700 есірткі қылмысын анықтады. Бір мыңнан астам есірткі сату фактісінің жолы кесілді. 5 тоннаға жуық есірткі, оның ішінде 80 кг. героин алынды. Есірткі қылмысын жасаған 12 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. Сол сияқты есірткі контрабандасының 52 фактісі анықталды. Заңсыз есірткі саудасынан алынған кірісті заңдастыру әрекеттері бойынша 3 қылмыстық іс қозғалды.

Бұл цифрларға қарап отырсақ, нашақорлар саны азаймаған ба, қалай?

– Жоқ, азайғаны ғой. Нашақорлардың жалпы саны соңғы алты жылда 26,5 пайызға азайды. Соның өзінде қазір 40643 адам есепте тұр. Оның ішінде әйелдер 35 пайызға азайды. Бүгінде олардың саны – 3069. Кәмелетке толмағандар 46,5 пайызға азайды. Қазір есепте тұрған кәмелетке толмағандар саны 2052-ні құрайды.

Орталық Азия арқылы «ауған героині» тасымалданады деген мәлімет бар. Ел арқылы өтетін есірткі транзитінің көлемі қандай? Жалпы, «ауған героинін» өткізудің қанша арнасы бар?

– Иә, Ауғанстаннан келетін героин трафигі – біздің еліміздің есірткі жағдайына теріс әсер етіп отырған негізгі факторлардың бірі. Жасыратыны жоқ, ол біздің еліміз арқылы өтіп, Ресей Федерациясына және одан әрі Еуропаға жол тартады. Кейбір деректер бойынша Ресейде 2 миллионнан 4 миллионға дейін есірткі тұтынушы бар көрінеді.

Жалпы, ауғанстандық героиннің бірнеше маршруты белгілі. Оның бірі – «солтүстік маршрут» деп аталады. Ол Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан аумағы арқылы Қазақстанға, одан әрі Ресей мен Еуропаға өтеді. Ресейлік әріптестеріміздің ақпараты бойынша, соңғы жылдары «балқандық» деп аталатын маршрут пайда болды. Бұл «балқандық» маршрут та Ауғанстаннан бастау алып, сонан соң Иран, Түркия елдері арқылы Қара теңізбен өтіп, Балқан түбегі елдеріне, сосын Еуропаға жетеді. Ал «каспийлік маршрут» бойынша Ауғанстанның солтүстігінен шыққан героин Түркіменстан және Өзбекстан республикалары арқылы өтеді. Одан әрі Каспий теңізі арнасымен Кавказға (Әзербайжан) және Ресейге (Астрахань) жетеді.

Халықаралық сарапшылардың деректеріне сәйкес, Қазақстанның аумағы және әуе кеңістігі арқылы өтетін өзіңіз айтқан «солтүстік маршрут» деп аталатын бағыт бойынша «ауған героині» транзитінің жыл сайынғы көлемі шамамен 50 тоннаны құрайды екен. Бұлар қалай өткізіледі? Шекара бойы толған кеден бекеттері…

– Контрабандалық есірткі Ауғанстанда тиеліп, одан әрі транзит маршрутымен жол тартады. Ал Халықаралық жүк тасымалдау туралы конвенцияға сәйкес кейбір көлік құралдары тексеруге жатпайды. Олар – «TIR» режімінде қозғалатын және пломбыланған транзиттік автокөліктер, темір жол вагондары, контейнерлер. Міне, героин көбіне осылар арқылы тасымалданады. Мысалы, Тәжікстаннан Варшаваға бағытталған «TIR» режімі бойынша қозғалатын пломбыланған жүк машинасын бастапқы пункттен шыққан соң тек Польша елінің аумағындағы жеткізілетін пунктте ғана ашып, толық тексеруге болады. Сонымен қатар, есірткі контрабандасына теңіз, әуе көліктері, автомобильдер, темір жол көліктері пайдаланылады.

Сонда ішінде есірткі заттары болса да, көлік пломбыланған деп қол қусырып отыра беру, қалай ойлайсыз, тиімсіз емес пе?

– Иә, осы жағдайды ескеріп, республиканың мемлекеттік және кеден шекараларында тосқауыл қоятын жедел іс-шаралар кешені, оның ішінде тасымалданатын жүктер мен автокөлік бөліктеріне спектрлік талдау жасауды қамтамасыз ететін инспекциялық қарау кешендерін пайдалана отырып, тексеру жүргізу жандандырылуда. Бірақ, жасырмай айтайын, осындай жағдайлардың өзінде де контейнерлердің, жүктердің немесе автокөліктердің бір де бірін қалыс қалдырмай тексеру қиындық тудырады. Сондықтан да көрсетілген шектеулер шекараның ең жүктемесі көп учаскелерінде есірткі контрабандасын құрықтау үшін пайдаланылуда. Қазақстанның халықаралық ірі автоөткелдерінде (мысалы, Қордай бекеті) орташа алғанда тәулігіне шекараны 5,5 мың көлік құралы және 60 мың адам кесіп өтеді. Аталған маршруттар құқық қорғау органдарының ұдайы бақылауына алынған.

Дегенмен, сіз бәрі бақылауға алынған дейсіз, бірақ Ресейге жеткізілетін марихуана мен гашиштің дені «біздің отандық өнім» деген мәлімет бар. Бұл орайда осы Шу алқабы қаншалықты деңгейде бақыланады?

– Баршаға әйгілі Шу алқабында құрамында есірткі бар жабайы өсетін қарасораның алқабы, шамамен, 140 мың гектар аумақты құрайды. Қылмыскерлер немесе оларға табыс табу үшін жалданған адамдар осы Шу алқабынан қарасораны орып, дайындайды. Көбіне, олар қарасораны орып, кептірген соң, көзден таса жерлерге жасырып кетеді. Сонан кейін қыс немесе көктем кездерінде келіп, алып кетпек болады. Жыл сайын маусым айынан бастап қазан айы бойы кең ауқымды «Көкнәр» арнайы операциясы өткізіледі. Әр операция барысында осы өңірден 20 тоннадан астам есірткі алынады.

Таяуда Шу алқабының Сарғау жырасында «Көкнәр» арнайы операциясы барысында 46 жастағы Тараз қаласының тұрғыны ұсталып, одан өзі дайындаған 800 кг. марихуана алынды. Басқа облыстарда осы қарасораны қолдан өсіру фактілері анықталып отыр. Атап айтқанда, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында жиі кездесуде.

Жоғарыда айтылған «ауған героиніне» тағы бір оралсақ. Өйткені, Ауғанстаннан коалициялық күштердің шығарылатындығына байланысты қандай жұмыстар жүргізілуде? «Ауған героині» легіне Қазақстан қарсы тұра ала ма?

– Жалпы, коалициялық күштің аталған елден шығарылуы біздің еліміздің есірткі ахуалына айтарлықтай ықпал ете қоймайды. НАТО қарулы күштерінің Ауғанстаннан шығарылуына байланысты туындайтын жағдайларға қарсы тұру шаралары бүгіннен бастап қабылдануда. Жоғарыда айтып кеттім, шекараларымызды нығайтуда кешенді іс-шаралар қабылданды, әлі де жүріп жатыр. Ауғанстан героинінің барлық бағыттары бойынша есірткі трафигінің алдын алу шаралары жүргізілуде. Сонымен бірге, Ауғанстанда есірткі өндіру ошақтарының солтүстік аумағынан оңтүстігіне қарай ойысуы байқалуда. Мұның әсерінен «ауған героинін» Еуропаға жеткізу маршурттары өзгеруде.

Бұл ретте сарапшылар «Иран – Түркіменстан – Қазақстан – Ресей – Еуропа» маршруты пайда болғанын айтуда. Осы маршрут біздің еліміздің батыс аумағын, Ақтау порты мен тораптық Бейнеу стансасын да қамтитыны белгілі болып отыр. Содан еліміздің батысында есірткі тұтынушылар санының өскені байқалды. Ал елдің оңтүстігінде героин тапшылығы пайда болып, нашақорлар арасында есірткінің жаңа түрлерін жасау, пайдалану әрекеттері бой көтеруде. Мәселен, құрамында кодеин бар препараттардан, тіпті көз тамшылары «Тропикамидтен» есірткі дайындап, пайдалану, одан улану фактілері тіркеліп отыр.

Сондықтан таяуда еліміздің батыс өңірлерін қамтыған кең ауқымды «Шеп» арнайы операциясын жүргіздік. Ол бірінші рет ұйымдастырылды. Оған барлық құқық қорғау органдары қатысты, көптеген күш құралдары пайдаланылды. Операция барысында теңіз порттары, кемелер, әуе көліктері, темір жол көліктері қатаң тексерілді. Бірнеше есірткі контрабандасының жолы кесілді.

Жастардың, кәмелетке толмағандардың синтетикалық есірткіні тұтынуына қарсы қандай алдын алу іс-шаралары қабылдануда? Бұл синтетикалық қауіпті заттар қайдан келіп жатыр?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, оңтүстік шекараның бақылануы нығайтылғаннан кейін, нашақорлар үшін героин тапшылығы басталды. Осыған байланысты есірткі тұтынушылардың синтетикалық есірткілер мен олардың аналогтарын, сондай-ақ қолдан жасалған есірткілерді тұтынуға көшу әрекеттері бой көрсете бастады. Бұл, әрине, жастар арасында бел алды.

«Дәріханалық нашақорлар» көршілес Ресейде танымалдығы жағынан екінші заңсыз есірткі болып табылатын «дезоморфинді» пайдалануда. Халық арасында оны «крокодил» («қолтырауын»), деп атайды. Ол қолжетімді дәрілік препараттардан дайындалады. Дезоморфинді тұтынған нашақор оған бірден тәуелді болады және көп ұзамай денелері қолтырауынның денелері сияқты бүртіктеніп, шіри бастайды.

Жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында Павлодар мен Петропавл қалаларында дезоморфин өндіретін зертхана жойылды. Сол сияқты түнгі клубтардан «экстазиге» ұқсас препарат алынды. Біздің тізімде болмағанымен бұл зат Ресейде бақылауға алынған психотроптық зат екені анықталды. Қытай елінен дизайнерлік есірткілердің келу фактілері анықталуда. «Допинг» жедел-профилактикалық іс-шарасының барысында Алматы қаласының халықаралық әуежайының кедендік тексеру бөлмесінде ішіне 154 полимерлік қалташалар салынған, сыртында «gorbiMix» и «fidelMix» деп жазылған бандероль алынды. Сараптама барысында бұлардың тетрагидроканнабинолға ұқсас зат екені анықталды. Бұл бандероль Қазақстан азаматына Португалиядан жолданған.

Алматы қаласының «Жетісу» кедендік бекетінде ақ түсті ұнтақ салынған екі бандероль алынды. Сараптама бойынша марихуананың психотроптық компонентінің аналогы екені анықталды. Бұл Қытайдан жіберілген. Бандерольді алушының Қазақстан азаматы екені анықталып, тиісті жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілді. Дизайнерлік есірткілерді түрлі шөптерге қосып темекі ретінде тұтыну немесе иіскеу арқылы есірткіге мас болу жағдайлары анықталуда.



Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Александр ТАСБОЛАТОВ,

«Егемен Қазақстан».
Каталог: portal -> page -> portal -> kbn -> kbn page -> mvd kbn smi
portal -> Кодексі Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы 2012. 13. 02. берілген
portal -> Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерлерінің мансаптық өсу жүйесі мен өлшемшарты Жалпы ережелер
kbn page -> Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналып 2014 жылы өткізілген іс-шаралар туралы АҚпарат 4т
kbn page -> Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша ОҚО бойынша атқарылған іс-шаралар туралы ақпарат (2014 ж)


Достарыңызбен бөлісу:


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет