Күпірлікке айыптау (такфир) – қауіпті есік



Дата18.03.2018
өлшемі63.72 Kb.
#61676

Күпірлікке айыптау (такфир) – қауіпті есік


Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен

Біз Оны ғана мадақтайтын және Одан ғана көмек пен кешірім тілейтін Аллаһқа мақтаулар болсын! Аллаһтан өзіміздің нәпсіміздің және амалдарымыздың жамандығынан пана іздейміз. Кімді Аллаһ тура жолмен жүргізсе, оны ешкім адастыра алмайды. Ал кімді Аллаһ тастап қойса, оны ешкім тура жолға сала алмайды. Жалғыз Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқтығына куәлік береміз, және Мухаммад – Аллаһтың құлы әрі Оның Елшісі екеніне куәлік береміз. Уа, Аллаһ, оған, оның отбасы мен сахабаларына, және Ақырет Күніне дейін оның жолы мен басшылығына ілескендердің барлығына рахметің мен игілігіңді сыйлай гөр!

Ал содан соң:

Ақиқатында, ең жақсы сөздер – бұл Аллаһтың Кітабы, ал ең жақсы жол – бұл Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жолы. Ең жаман амалдар – бұл діндегі жаңалықтар, діндегі әрбір жаңалық – бидғат, әрбір бидғат – бұл адасушылық, ал әрбір адасушылық – Отта.



Шарттарды (шурут) орындамай күпірлікте айыптау және адамның Исламнан шығуына кедергі жасайтын жайттарды (мәуани’) назарға алмау ең ұлы күнәлардың қатарына жатады. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтатын: «Мұсылманды күпірлікте айыптаған (адам) оны өлтірген (адам) сияқты!» әт-Табарани. Хадис сахих. Қз.: «Сахихуль-жәми’» 6269.

Имам әл-Қуртуби былай деген: “Такфир – оның алдына көптеген адамдар келіп, сүрінген қауіпті есік, ол есіктің алдында таңдаулылар ғана тоқтап, құтылды. Ал құтылумен не теңдесе алады!” Қз.: “әл-Муфхим” 3/111.

Имам Ибн ‘Абидин былай дейтін: “Күпірлік – қауіпті нәрсе! Әрі егер мен мүміннің күпірлікке түспейтініне бір ғана ақтау тапсам, оны күпірлікте айыптамаймын”. Қз.: “Фатауа-ссуғра” 4/224.

Хафиз Ибн ‘Абдуль-Барр былай деген:Келіспеушілік жоқ болған нәрседен өзге нәрсенің негізінде күпірлікте айыптамау керек”. Қз.: “әт-Тамхид” 17/22.

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деген: “Күпірлікте айыптау нақты тұлғаның кейіпіне (жағдайына) байланысты ерекшеленуі мүмкін, өйткені қателік жасаған адамның әрбірі бидғатшы, немесе надан бола бермейді және кез келген адасушы да кәпір, бұзақы (фәсиқ), немесе тіпті жай күнәһар да бола бермейді”. Қз.: “Минһажу-Ссунна” 5/250.

Ибн Таймия сондай-ақ былай деген: «Мұсылманның ешқайсысына өзге мұсылманды, оған дәлел (хужжә) келтірмейінше, күпірлікте айыптауға рұқсат етілмейді, тіпті ол шын мағынасында қателескен болса да немесе адасу жолына түскен болса да». Қз.: “Мәжму’уль-фатауа” 12/468.

Хафиз Ибн Хәжар былай деген: “Кімнің Исламы айқын болса, ол одан сондай айқын дәлелдердің негізінде ғана болмаса, өзге жағдайда шықпайды”. Қз.: “Фатхуль-Бәри” 2/314.

Шейх Мухаммад ибн ‘Абдуль-Уаһһаб былай деп айтатын: «Менің жауларым мен туралы: «Ол өз тұжырымының негізінде ғана, немесе (адамды) кәпірлерге сүйіспеншілікте болғаны үшін күпірлікте айыптайды, - не болмаса: - Ол дәлел жетпеген надан адамдарды күпірлікте айыптайды», - деп айтады. Мұның бәрі - адамдарды Аллаһ пен Оның Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жолынан тайдыру үшін тағылған ұлы жала!» Қз.: “Мәжму’у муәллифат” 3/14.

Сондай-ақ Мухаммад ибн ‘Абдуль-Уаһһаб былай деген: “Біз ешкімді ғалымдар бір ауызды келіскен нәрседен өзге нәрседе күпірлікте айыптамаймыз, ал бұл - екі куәлік (лә иләһә иллә-Ллаһ, Мухаммад расулю-Ллаһ)”. Қз.: “әд-Дурару-ссәния” 1/102.

Жоғарыда баяндалғандардың барлығы бізге күпірлікте айыптау (такфир) мәселесісінің салмақтылығына нұсқайды, оған сондай-ақ бұзақылықта (пасықтықта) айыптауды (тафсиқ) және дінге жаңалық енгізушілікте (бидғатшылықта) айыптауды (табди’) жатқызуға болады.



Суннетті ұстанушылар (әһлю-Суннә) күпірлік жасаған мұсылманды, оған оның амалы күпірлік (куфр) екендігі туралы дәлел ұсынылмайынша, кәпір деп атамайды. Ал дәлелді ұсыну құқығы адамның білімінің денгейіне байланысты.

Құран мен Сүннет әрекет пен оны жасаушының арасында айырмашылық жасайды, өйткені күпірлікті жасағанның әрбірі кәпірге айналмайды. Ал Исламның қандай да бір үкімін теріске шығарушы мен оған қате түсіндірме жасайтынның (тауиль) арасында айырмашылық бар, өйткені біріншісі, екіншісінен ерекше, кәпір болады.



Сондай-ақ жалпы және жеке үкімнің (жағдайдың) арасында да айырмашылық бар, мысалы, "«Құран жаратылған», - деп айтқан адам кәпір болады" дегенге ғалымдардың бірауызды келісімі (ижмә’) бар, бірақ, осыған қарамастан, осы сөзді бір нақты мұсылман айтса, онда бұл мәселені жеке қарастыру қажет болады, мұны шейхуль-Ислам Ибн Таймийя былай деп түсіндіргеніндей: «Мұсылмандардың кейбір әмірлері «Құран – жаратылған, және болашақ өмірде ешкім Аллаһты көрмейді» дейтін жәхмилердің айтатын нәрсесін айтатын. Олар осыны адамдардың арасында тарататын, және өзінің шақыруына жауап бермегендерді қинап жазалайтын, және өзіне ілеспегендерді күпірлікте айыптайтын. Біреуді тұтқынға алып, оған өздерінің «Құран – жаратылған» деген сенімдерін мойындатпайынша босатпайтын. Олар өздерінің әкімдері етіп тек осыны мойындағандарды ғана тағайындайтын және тек осындай адамдарға ғана қазынадан көмек беретін. Осыған қарамастан, имам Ахмад Аллаһтан оларға рақым етіуін және оларды кешіруін сұрайтын, өйткені ол: «Олардың өздері осынысымен Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайшы келіп жатқанын түсінбейді», - деп есептейтін. Олар Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) алып келген нәрсесін тікелей жоққа шығармайтын, алайда, олар мәтіндерді қате тәпсірлейтін және өздерін осыған үйреткендерге соқыр түрде ілесетін”. Қз.: “Мәжму‘уль-фатауа” 3/229-231.

Шейх Ибн ‘Усаймин былай деген: «Көпқұдайшылық, күпірлік, Аллаһтың қаһарын тудыратын нәрселерді жасаған біреуді мүшрик, кәпір, лағынеттелген деп айыптауға болмайды, өйткені бұл мәселеде үкім (хукм) шығарудың өзіндік шарттары (шурут) мен тыйымдары (мәуани’) бар. Біз өсім жеумен (әр-риба) айналысушыға ол лағынеттелген деп айтпаймыз, өйткені оған Аллаһтың лағынетінің түсуіне білімсіздік, күмән секілді нәрселер кедергі болуы мүмкін. Көпқұдайшылыққа да қатысты осылай. Біз көпқұдайшылық (ширк) амалдарын жасап жүрген белгілі бір адамды мүшрик, деп айта алмаймыз, өйткені сол жерді мекендейтін ғалымдардың салғарттықтарының себебінен, оған дәлел (ақиқат) жетпеген болуы мүмкін1. ...Әруақтардан көмек сұрау көпқұдайшылық болып табылады, алайда осындай амал жасап жүрген белгілі бір адамды, оған дәлелдіңқиқаттың) жеткені толық айқын болмайынша, мүшрик деп атауға болмайды. Қз.: “әл-Қаулюль-муфид шарх Китаби-ттаухид” 29-30.

Мұсылмандарды күпірлікте айыптау – бидғаттарды жақтаушылардың өзгермейтін сипаты.

Имам әл-Әсбахани былай деп айтатын: “Әһлю-Суннә уәл-жама’а, бірін-бірі күпірлікте айыптайтын хауариждер, рафидилер және қадарилер сияқты бидғаттың жақтаушыларынан ерекше, бірін-бірі күпірлікте айыптамайды! Егер олардың жетеуі бір мәжілісте бас қосса, онда бірін-бірі күпірлікте айыптауының себебімен міндетті түрде тарап кетеді. Олар - Аллаһ олар туралы: «Яһудилер: «Христиандар тура жолмен жүрмейді», - деді, ал христиандар: «Яһудилер тура жолмен жүрмейді» (әл-Бақара; 113), - деген яһудилер мен христиандар сияқты”. Қз.: “әл-Хужжә” 2/255.

Такфир мәселесінде адамдар екі түрлі шекке шығушылыққа түсті.

Біреулер Аллаһ пен Оның Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кәпір деп атағандардың өзін, мысалы, яһудилер мен христиандарды, кәпір деп атауға қорқады. Ал өзгелері қарама-қайшы шекке шығып, өздерін осыған құқықты деп санап, мұсылмандарды күпірлікте айптай бастады. Жағдайдың жеткен шегі соншалықты – өзін және дүние жүзі бойынша бірнеше адамдарды ғана мұсылман деп санайтындар пайда болды. Сондай-ақ олар қазіргі кезде бүкіл дүние жүзінде Ислам жері (даруль-Ислам) жоқ деп санайды.

Хузайфа Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: «Ақиқатында, мен сендер үшін Құранды оқитын және оның әдемілігі оның жүзінен байқалатын және Исламның қорғаушысына айналатын адамнан қорқамын. Кейін ол Құранды артына тастап қалдырады да, өзінің көршісіне қылыш алып тап береді және оны ширкте (көпқұдайшылықта) айыптайды». Хузайфа: “Уа, Аллаһтың пайғамбары, олардың қайсысы көпқұдайшылыққа жақын: айыптаушысы ма, әлде айыпталушысы ма?!”, – деп сұрады. Ол: «Жоқ, айыптаушысы», - деді. Әл-Бухари “әт-Тарих” 297, Ибн Хиббан 81. Хадистің сахихтығын имам әл-Хайсами, хафиз Ибн Кәсир және шейх әл-Әлбани растаған. Сондай-ақ “әс-Сильсилә әс-сахиха” (3201) қараңыз.

Біз бүгінгі күні Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қорыққан нәрселердің орындалып жатқанына куә болудамыз. Нендей жиі жағдайда ақиқатқа ілесіп жүргендер: «Дұрыс жасап жатырмын», - деп ойлап, өздерінің сенімдері мен әдістерін (манһажын) толығымен өзгертіп жіберді! Ақиқатқа ілесу – өте жақсы, бірақ бастысы – ақиқаттың үстінде жан тапсыру.

Аллаһ Тағала бізді Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы хадисте айтқан адамдардан болудан сақтасын. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қорыққан нәрседен қорқу барлық мұсылмандарға міндеттілік болып табылады.

Ал соңында біз әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мадақ айтамыз!

Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасы мүшелеріне, сахабаларына және оларға ықыласты түрде ергендерге Аллаһтың сәлемі мен игілігі болсын.



Дереккөзі: «Ғалымдар және олардың Исламдағы орны» мақаласы
http://www.toislam.ws сайты дайындаған

1 Егер шейх Ибн ‘Усfймин себеп ретінде адамдарға ақиқатты жеткізуде салғырттық көрсетіп жатқан ғалымдарды атап жатқан болса, онда ғалымдар мүлдем жоқ Ресей немесе Еуропа сияқты елдерінің мұсылмандары туралы не айтуға болады?!




Достарыңызбен бөлісу:




©stom.tilimen.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет