Кім, қалай ақша тауып жүр? Ақшаға көзқарас



Дата17.07.2017
өлшемі105.34 Kb.
Кім, қалай ақша тауып жүр?

1.Ақшаға көзқарас.

...Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, қазақ ауылына Ақша хан деген патша келіпті. Күндердің бір күнінде Ақша хан ел арасына сандар бейнеленген, дөңгелек күміс тиындар таратып, үкім шығарады: «Қазақтар, осы уақыттан бастап бір-бірлеріңмен малмен емес, мына тиындармен есептесіңдер. Мұның аты –ақша. Есептесіп қана қоймай, қалай табуды, қалай жұмсауды үйреніңдер!». Ханның шешімін екі етпейтін халық іске білек түріне кірісіпті. «Малды да асырармыз, ақша да артық етпейді» деген жұрт одан әрі қызыға түседі. Еркек атаулының бәрі үй көрмей, ақша табуға ел кезіп кетеді. Әйел қауымы ерлерін күтіп, әкелген ақшаны санауға асығып жүреді екен. Айлар аттап, жылдар жылжиды. Баяғы Ақша хан кетіп, тарих беттері ауыса берді. Қазақтың қалтасында тиындар емес, бума-бума қағаз ақшалар жүретін болыпты. Ақшаның қыр-сырын танып, өзіне өмірлік жолдас еткен ақылдылар кәсіп ашты, қалғандары уыстап тауып, шелектеп шашты. Енді ешкім ру-руға бөлінбеді... жартысы бай, басқасы кедей болды.

***

Қазіргі нарық заманында ақшаның рөлі басым екенін күнделікті өмірімізден байқаймыз. Бұл теореманы әр атқан таң сайын өзге емес, өзіміз дәлелдеп келеміз. Адамзаттың өлмеуіне әсер ететін ең басты факторлар ауа мен судың қатары қазір ақшамен де толығып отыр. Ауа мен суды табиғаттан сыйға алсақ, ақшаны адамдар өз қолдарымен жасауда. Жер бетіндегі кез-келген жұмыр басты пендеге мейлі, жапон, мейлі, ағылшын болсын ақшаның ұшын көрсетсең, санасында дереу жасыл түс жанады. Бұл ненің әсері? Яғни, қоғам ақша үшін жұмыс жасайды деген сөз. Жалпы, ақша деген не нәрсе өзі? Жеті миллиард адамды өзіне ұмтылдыратындай қандай қасиетке ие? Бұл сұрақтарға анықтама өте көп. Себебі, әркім ақшаны әртүрлі таниды. Біреуге бақ, біреуге сор. Жастарға арман, кәріге жалған. Біреу түсінде көреді, біреу ісінде көреді. Мәкең үшін күн де көрмесе, ұстамасы ұстап қалатын ауру. Сәкең үшін әмиянда тұратын суреті бар қағаз. Бала үшін балмұздақ, әке үшін айына бір зарығып жететін, қызылды-жасылды дүние. Ойлы адамға ағын су, ойсызға қол жетпес жармен тең. Тізбектей берсек, таң атырармыз. Адамзатқа ортақ анықтама - қалаған затымызды меншіктеу үшін төленетін төлем.



Ақша – жақсы өмір сүрудің негізгі құралдарының бірі әрі, бірегейі болғандықтан жанымызға жақын тартамыз. Яғни, ол таба білсең, жақсы нәрсе. Кез-келген жақсы дүниенің екі жағы бар екені бұрыннан белгілі. Тағы да атап өткенім артық болмас. Сол секілді ақшаның да адамға тигізер жаман, жақсы қасиеті бірдей. Қайсысын қабылдап аларыңды ақылың білсін. Бірақ, ақылымыз адасқандықтан емес шығар, дегенмен ажырата алмай жатқан жайымыз бар. Мұны күнде көріп, құлағымыз үйреніп қалған тосын жаңалықтардан байқаймыз. «Тонап кетіпті. Ұрлап алыпты. Өлтіріп кетіпті.» дегендерді естісек, «ойбуй, обал болған екен...» деп, бетті бір шымшып қоя саламыз. Бұл жерден нені байқаймыз? Ақшаға деген көзқарастың төмендегін. Ақша табудың ең оңай жолы осы екен дегендердің санасының саяздығын. Таяқтың екінші жағы жемісті идеямен еңбек етіп, ақшаны ешкімге зиянын тигізбей тауып отырған кәсіпкерлерде. Өзі де риза, халық та риза, мемлекет те риза. Аталған екі көзқарас дәл қазіргі қоғамда қатар келе жатыр. Қалысы да, озығы да жоқ.

Ақша адамды сырттай байытқанымен, рухани кедейлетіп жатқанын кейбіреулер байқамайды. Бұған жоғарыдағы мысалдың біреуін алсақ болады. Сөз жоқ, ақшаны бәріміз жақсы көреміз. Ұстағымыз, тапқымыз, бірнәрсе алғымыз келеді. Өйткені, біз пендеміз. Бірақ...бірақ, сол ақшаны қашан, қалай, кімге жұмсау керектігін және адалынан табудың жолын білуіміз шарт. Айтпақшы, осы күні кім, қалай ақша тауып жүр өзі? Ойландыратын сұрақ...


2.Кім, қалай ақша тауып жүр?

Қазақтан «Мың ділдә: бардың қалтасында, жоқтың аузында» деген аталы сөз қалыпты. Жоқтың мыңы не қиялында, не аузында , не түсінде жүретіні мәлім. Ал, мыңы барлар кімдер? Қалай тауып жүр? Аталмыш сұрақтардың кімнің де болса көкейіне оралары анық.

Америкалық Forbes журналы әлем миллиардерлерінің осы жылғы рейтингісі бойынша әлемдегі ең бай адам – 74 жастағы мексикалық кәсіпкер Карлос Слим деп тапты. Рейтинг жасаушылар кәсіпкердің байлығын 74 миллиард долларға бағалаған. Ол телекоммуникация саласындағы негізгі компанияның жетекшісі. Яғни, бұл жетістіктің бастауы - нөлден көтерілген кәсіп. Айналамызға қарасақ, аты шығып, байып жатқанның бәрі белгілі бір кәсіптің иесі. Бұрындары байлық атадан балаға қалатын болса, қазір әрбір еңбекке қабілетті адам кәсіппен айналысып, өз биігіне өзі жетуде. Абай заманында «Ақылды адамға иман парыз» еді, бүгінде «Ақылды адамға кәсіп парыз» болды. Заманның ағысы дейміз бе, қоғамның талабы дейміз бе, «жақсы» өмір сүрудің шешімі дейміз бе, әйтеуір жан бағудың тиімді жолы осы. Әлемдегі байлардың тізімін ақтаратын болсақ, мыңдаған миллиондар тізбектеліп кете береді. Біздің мақсат біреудің байлығын санау емес, сол дәрежеге қай жолмен, қалай жеткеніне сыни көзбен бір қарау. Ақиқатында бұл жұмбақты шешу тым қиын емес. Бағзы заманнан бері өзгермеген жалғыз шындық. Еңбек. Кәсіптің тасын өрге домалатқандардың алғашқы баспалдағы – еңбек. Осы бір ұғымды жөргегімізден санамызға құйып өстік. Мектепке барсақ та, кітапты ашсақ та, үйге келсек те, кино көрсек те, жаңалық тыңдасақ та, Елбасының жыл сайынғы жолдауынан да, тіпті балабақшадағы бес жасар баладан да осы сөзді естиміз. Көп естігенімізден нәтиже шығарып жатқанымыз шамалы-ақ. Сары майдай алтын басымызға сақтап қана қоямыз. Әрі қарай өзіңіз болжай беріңіз... Ақша жоқтықтың әні шырқай жөнеледі.

Еңбекті жолдас еткендердің екі нәрсесі бар: кәсіп пен ақша. Бұл ақшасы жоқтың бәрі еңбек етпейді деген сөз емес. Мәселе, еңбекпен кімнің, қалай тіл табысуында. Біреулер еңбек атаулымен алыстан араласып, ғайыптан бай болып кетеді. Енді біреулер тірнектеп жүріп, ақша табады. Бірақ, анау айтқандай бай емес. Бұл да ақша табудың бір жолы. Мұны жоққа шығара алмайсыз. Яғни, кез-келген адам ақша таба алады. Біреу көше сыпырып, тігін тігеді. Біреу қалам ұстап, ән айтады. Бәрінің мақсаты бір. Айырмашылығы, бәрі бірдей бай емес.

Қазақстандық ең жас миллионер Марат Әбиев ақша табудың тетігін он жасында тауыпты. Сол заманда скотч жоқтың қасы. Ол сыныптастарының жыртылған кітабының әр бетін 5 теңгеге жабыстырып ақша табады. Мұны түсінбегендер, әрине, күлді. Бірақ, ешкім сол 5 теңге миллионердің алғашқы табысы болады деп ойлаған жоқ. Еңбектің таза жеңісі деген осы болар. Ойыма мынандай диалог оралып отыр:

Адам: -Ақша, сенің балаларың да, бауырларың да көп. Қаласаң, жер бетіндегі барша жұртқа жетесің. Елді таластырмай, неге бәріне бара бермейсің, ааа?

Ақша: -Жоооқ, адам, қателеспе. Иә, мен күллі адамзатқа жетемін. Бірақ, сендер менің көптігімді білсеңдер, қадірімді ұмытасыңдар. Сол үшін де әдейі аз болып көрінемін. Соншалықты сараң да емеспін. Бармаймын емес, барамын. Тек, ақылдың айтқаны болып, еңбектің тері төгілген жерге ғана.

Адам: -Сенбеймін. Өмірінде еңкейіп көрмеген қаншама адам жүр. Ақшасын бұршақша жаудырып. Сол ағайындар саған қалай жетіп жүр?

Ақша: -Олар мен емес. Менің елестерім. Оларды сынау үшін қасақана жіберемін. Көп адам мені елестеріммен шатастырып алады. Көре сала, құшақ жаяды. Жібергісі келмейді. Мен екен деп қалады. Ал, менің елестерім ешқашан ешкімнің басына тұрақтамаған. Олар тек, эксперимент үшін ғана. Есіңе сақта, мен де, елестерім де ешқашан мәңгілік емеспіз. Таң қаламын... неге мені сонша жақсы көресіңдер?

Адам: -...соны өзім де білмеймін.

Кімнің, қалай ақша тауып жүргені өзі мен Тәңірге ғана аян шығар. Ақша табудың нақты қадамдарын ұсынған экономист, миллионерлер жетерлік. Бірақ, біреудің айтқан жолы екіншіге табыс әкелуі мүмкін бе?! Ойлану керек... Кәсіппен айналысуға, азын-аулақ байлыққа жетуге әр адам өз жолымен, өз тактикасымен барғаны жөн. Біреудің жүріп өткен соқпағы біреуге бағыт беруі мүмкін, бірақ, дәл өзінікіндей нәтиже бере алмасы анық. Мысалы, әлемдегі екінші бай адам - Билл Гейтс кәсібі туралы:

-Мен жұмысқа жалқау адамдарды аламын. Себебі олар кез келген қиын мәселені шешудің оңай жолын тез-ақ табады,- дейді. Бір қарағанда, дүдәмалдау пікір. Біз ойлаймыз: Жалқау адаммен ісіміз алға баспайды. Арғы жағын өзіңіз бағамдай беріңіз. Әркімнің өз шындығы бар.


3.Кәсіпкер портреті.

«Ақшасы бар адамдар,

Ешқашан қартаймайды... »

Қазір кез-келген адам мұнайшы болмауы мүмкін. Бірақ, кез-келген бай – кәсіпкер. Кәсіпкер – өзімізше айтқанда, бір алмасы болса, басқаларға екі алма қылып беріп, одан үш алманың табысын табатын адам. Кәсіптің ыстық-суығына төзіп, жөн-жоралғысын білген ғана, кәсіпкер бола алады. Нарықтың қайнаған кезеңінде іс бастаған қаншама кәсіп иелері жолда қалды. Біреуіне жаңашылдық, екіншіге сапалы идея жетпеді. Себебі, халық әрқашан таңсық дүниеге бейім болды. Атақты неміс экономисі Иозеф Алиоз Шумпетер «Кәсіпкер болу – басқаның істегенін істемеу» деген екен. Өзгенің ойын қайталамай, өзінше ойлай білу де ерен ерлік. Яғни, кәсіпкердің портретін жасаудағы алғашқы компонент – артық ойлау. Бұл кәсіпкер болмысына теориялық тұрғыда берілген мінездеме. Ал, қазіргі, ХХІ ғасырдағы кәсіпкердің шынайы бет-бейнесі қандай? Әрмен қарайғы әңгімеміздің өзегі осы болсын.

Бізде бір нәрсеге баға беру үшін оны өзге дүниемен салыстыру әдетке айналған. Әдетімізден жаңылмайық. Мына АҚШ, Жапония мемлекеттерінде қарапайым халықтан кәсіпкерлерді айыра алмайсың. Сыртқы түр-тұлғасында, өзін-өзі ұстауында, сөйлеген сөзінде «Мен – кәсіпкермін!» деген бір де бір ілік табылмайды. Кеңседегі есігінің тақтайшасынан ғана танып жатуың мүмкін. Бұл кәсіпкерлердің көбінің бойынан табылмайтын сирек кездесетін қасиет. Өзін халықпен бірдей, кейде халықтан төмен ұстау – дефицит. Себебі, кәсіп болған жерде ақша бар. Ақша жүрген жерде асқақтау бар. Паралелизм. Өзін-өзі тежей алған кәсіпкер ғана таза жеңіске жетпек. Бұл жердегі «таза жеңіс» деген байыған үстіне баю түсу емес. Ар алдынғы жеңіс. Жазуға оңай.

Мен – экономист, немесе банкир емеспін. Үшінші жақтағы адаммын. Яғни, біз қарапайым халық «кәсіпкер» дегенде не ойлаймыз? Әрине, ең бірінші ақшасы көп адам. Итальяндық үлгіде тігілген кәстөм-шалбар киіп, аяғындағы топлиге күн шағылысатын, жанарына үңілейін десең, қарай алмайсың, көзінде көзілдірік, шашы шығыстан батысқа бет алған, немесе мүлдем жоқ, білегіне көп нөлі бар ақша тұратын, сарғыштау сағат таққан белгісіз біреу елестейді де тұрады. Неліктен? Адами инстинк. Қалай көрдім, солай қабылдағанмын. Бізде кім мықты? Кім қадірлі? Әрине, ақшасы бар адам. Қоғамда да солай. Ақшасы бар біреу келсе, жетпістегі қария тұрып, орын береді. Ақшасы көп кәсіпкер Ауған соғысының ардагерімен қатар отырса, кәсіпкер қадірлі. Тойға кім көп ақша әкеледі, төрге шығарамыз. Жас па, кәрі ме, бала ма, маңызды емес. Қоғамға сұрақ: Неге біз осындаймыз?

Мынандай әңгімеден кейін қайырымды кәсіпкер бар ма, жоқ па, деген сауал еріксіз туындайды. Әлемде бір тамшы мейірім қалмаса, қазір жер бетін зұлымдық жайлап алар еді. Біз «қайырымдылық», «мейірім» туралы сөз қозғап отырмыз. Демек, оның әлі де бар болғаны. Кәсібімен байып, мұқтаж жандарға көмек беріп жатқан кәсіпкерлерді жоққа шығара алмаймыз. Өз елімізде де байлығының бір бөлігін ұлттық өнерге, сырқат жандарға аударғандар қаншама. Атын атап, түсін түстеудің қажеті шамалы. Мұны әркімнің өз талқысына қалдырдық. Дәл осы тұсқа Қалқаман Сариннің мына өлеңі қалай әдемі жарасып тұр:

«Бай адам жомарт болғаны жақсы, ал, бірақ

Кедейдің жомарт болғаны одан мың артық».
Жоғарыда айтылған көзқарас біржақты ғана. Ішінде асыра сілтеушілік, жете бағаламаушылықтың болуы заңды. Әр кәсіпкер өз портретін өзі жасайды. Біз, тек, көргенімізді, көкейге түйгенімізді айтамыз.

4. Адам мен ақшаның қадірі
Бір аңыз бар: баяғыда адам мен ақша дос болыпты. Алғашқыда тату-тәтті өмір сүреді. Бірін-бірі айтқызбай-ақ түсініп, қиналғанда демеу болыпты. Күндердің бір күнінде адам ақшадан жалығып, адам аяғы жетпес мекенге тастап кетеді. Иен далада соқа басы сопайып, «қадірімді білмедің, адам!» деп, ақша зарлап қала берген екен.

Адам пайда болғаннан бастап, «қадір» деген қасиет те бірге жаратылыпты. Яғни, адам бар жерде қадірдің болары хақ. Бірақ, адам сол қадірін өмірінің соңына дейін сақтап қалуы екіталай. Біреу жас кезінде, біреу орта жаста, біреу қартайып, қария болғанда әртүрлі себеппен жоғалтып алады. Әртүрлі себеппен деймін-ау, қазіргі жоғалтып алушылардың басты себебі – ақша. Иә, кәдімгі қызылды-жасылды ақша. Неге олай дейсіз бе? Ол былай: адамның қолына көп емес, кішкене ақша түссе, өзін өзгеден жоғарылата бастайды. Ал, кішкенеден көбірек ақша түссе, төменге қарағысы келмейді. Одан әлдеқайда көп ақша түссе, өзінің қарапайым адам екенін ұмытады. Адамдығы ұмытылған жерде қадір де бір сәтке аялдамайды екен. Қазіргі байлықпен ауырып жүрген кәсіпкерлердің басты диагнозы осы.

Біздің түсінігімізде, бай бола тұра қадірін жоғалтпаған адам, мейлі кәсіпкер – кемеңгер. Ол мыңнан бір. Қайталанбайды. Қайталанса да, әр елде бір-бірден. Неліктен ой-түйсігіміз осыншалықты саязданып барады? Тегінде, мыңнан бір емес, мыңның бәрі кемеңгер болуы керек емес пе еді?! Адам болып жаралдық па, адамдық қасиетімізді сақтап, адам болып өмірден өту емес пе еді мақсатымыз?! Мейлі, бай, мейлі, кедей. Көрдіңіз бе, бай емес біздің адамдық, қадір туралы пікіріміз басқа. Байлардан не сұрайсың?!

Адам, адам дейміз ақшаның да қадірі болмаушы ма еді осы?! Әрине, болады. Ақшаның қадірін білгендер ғана көзін тауып, байып жатқан жоқ па. Демек, қазір өзінің қадірінен гөрі ақшаның қадірін түсінетіндер көп. Бұл да бір жақсы қасиет. Меніңше, әлемде кедейлердің көбейюі осы ақшаның қадіріне байланысты. Неге десеңіз, ақшаның қадірін білген адам оны бостан-босқа шашпайды. Тапқанын жинап, кәсіп ашып, айналымға салады. Өйткені, ол ақшаның оңайлықпен келмейтінін біледі. Бірді бірге қосып, тиынның басын құрайды. Бұрынғы өткен заманда мынандай бір оқиға болыпты. Әке мен бала көшеде келе жатып, жол бойындағы қайыршыға жолығады. Баласы садақа қылып бес сом, әкесі екі сом тастаған екен. Әкесіне таңдана қараған бала:

-Әке, сіз неге қаншама малыңыз бола тұра қайыршыға екі-ақ сом тастадыңыз?,- дейді. Сонда әкесі:

-Өйткені, ол ақшаны мен өзім тапқанмын. Сен өзің таппаған соң, бес сом тастадың, - деген екен.

Иә, ақшаның да көзі бар, құлағы бар. Егер қадіріне жете алмасаңыз, әмияныңыздан шығып кете барады.
5. Адам. Ақша. Әдебиет.
Адамның кәсіппен қалай айналысып, табысты болу мәселесіне әдебиеттің де айтары бар. Ақша қоғамда маңызды орын ала бастаған уақыттан бері әдебиетке де әсерін тигізбей қойған жоқ. Біраз ақын-жазушылардың шығармашылығына өзек болып, жаңа леп алып келді. Батыс елдерінде қауымның қақтай екіге бөліну мәселесі Томас Пакеттидің «ХХІ ғасырдағы капитал» кітабы жарыққа шыққан соң, талқылана бастаған. Сонымен қатар, 1912 жылы жарық көрген, америкалық жазушы Теодор Драйзердің «Финансист» романы халық арасына кең таралып, «Өмір сүру мен жұмыс істеуді үйрететін кітап» деген пікір қалыптастырды. Айтпақшы, екінің бірінің сөзінде жүрген «Бай әке мен жарлы әкені» қалай ұмыт қалдырамыз?! Американдық кәсіпкер-жазушы Роберт Кийосакидің «Бай әке мен жарлы әке» кітабы бүгінде «хит» шығармаға айналды. Автор қазіргі қоғамның дертін дөп басып, екі түрлі психологияны бай әке мен кедей әке образымен жеткізеді. Ақша туралы бай әкесі ««Ақшадан тарлық көру – барлық қатыгездіктің бастауы» десе, жарлы әкесі ««Ақшаға қызығушылық – барлық қатыгездіктің бастауы» деп, дабыл қағады. Шетел әдебиетінде осы тақырыптың кең етек алғанынан болар, халқының 70-80 пайызы кәсіппен айналысады. Әлемдегі ең бай адамдардың тізімінде де алғашқы бестікті бастап тұрған солар. Демек, олар жазылған кітапты оқиды. Ал, біз ше? Өз жырымызға оралайықшы...

Кейінгі жылдары кәсіптің тиімділігін арттыру, ақша табудың жолдары туралы еліміздің экономистері біраз жинақтар шығарып жүр. Яғни, экономикалық саладағы кітаптар. Ол кітаптың тілі де, теориясы да ғылыми екені мәлім. Демек, барша халықтың қызығушылығын оятпайды. Көркем әдебиетімізге келсек, бұл тақырыпта өлі тыныштық. Бәлкім, дауыл алдындағы тыныштық болар. Онысын уақыт көрсетеді. Әзірге, «ақша», «байлық», «кәсіп» атауларын бір ғана «еңбек» деген сөздің айналасында қарап келеміз. Поэзияда Абай, прозада Ыбырай атамыздың шығармалары дәлел. Қазіргі балалардың психологиясына сай кәсіпке шақырарлық шығармалардың әлі дүниеге келмеуі кейінгі қаламгерлерге сын деп ойлаймын. Ойланарсыздар... Қазақ жазушылары байлықтың мәңгілік емес екенін, жан дүниемізбен сәйкес келмесе, түкке керегі жоғын айтудан ешбір жалыққан емес. Бұл біздің бір артықшылық. Мысалы, Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүниесіндегі»: Біреулерге Құдай бәрін береді. Байлық та бар, алтын, гауһар, інжу-маржан – бәрі бар. Төрт құбыласы сай. Бірақ, иман жоқ. Ең сорлы адам сол. Бір кем дүние... – деген ойлар түсінген адамға өмірлік азық. Рухани шабуылға ұшырап жатқан дәл қазіргі қоғамда халық әдебиеттен рухты әңгімелер күтеді. Қалай бай болуды үйрететін әдебиетіміз болмаса да, рухани кедей болмауды үйрететін әдебиетіміз аман болсын.



ф.ғ.к., қауым.проф. м.а. Қожекеева Бекзада, Маржан ӘБІШ
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> Қазақстан республикасының денсаулық сақтау әЛЕУМЕТТІК денсаулық сақтау министрлігі
publications -> Қазақ тіліндегі физикалық ЖӘне техникалық терминологиялық СӨздіктердегі үйлесімсіздік
publications -> Реферат тақырыбы: Сыртқы және ішкі сәулелену әсерінен пайда болатын аурулар Орындаған: Медеубек М. А. Тобы: 103 фк
publications -> Ас қорыту жүйесі
publications -> Тіл – ел байлығы
publications -> В медицинской практике остеомиелитом называют воспаление всех слоев кости от костного мозга до надкостницы
publications -> Делимитация и демаркация государственной границы рк как фактор национальной безопасности
publications -> Морфологические изменения миокарда предсердий при внезапной сердечной смерти у пожилых людей
publications -> Патриоттық тәрбие Аннотация


Достарыңызбен бөлісу:


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет