Кәсіпкерлік тәуекелдікті сақтандыру туралы



Дата08.03.2018
өлшемі65.75 Kb.
#60848
Кәсіпкерлік тәуекелдікті сақтандыру туралы

Шетелдерде кеңінен тараған кәсіпкерлік тәуекелді сақтандыру практикасы біртіндеп біздің елге де келе бастады. Сақтандырудың осы түрінің экономикалық пайдасы алдағы уақытта қазақстандық кәсіпорындардың қалыпты жұмыс практикасына айналатынын шетел тәжірибесі көрсетіп отыр. Сақтандырудың бұл түрі шаруашылықты жүргізетін субъектілердің қаржылық жағдайына қолайсыз жағдайлардың ешқандай ықпал етпейтін талаптарды қамтамасыз етеді.


Бүгінгі күні Қазақстанда 36 сақтандыру компаниясы жұмыс атқаруда, олардың ішінде 14 компанияның кәсіпкерлік тәуекелді сақтандыру сыныбы бойынша лицензиясы бар.
Кез-келген кәсіпорын өз жұмысын жүзеге асыру барысында қандай-да бір кіріс алу және қаржы жұмсау т.б. мақсатты ұстанады. Яғни, ол өз жұмысын жоспарлайды. Бірақ, дамудың осы немесе басқа да стратегияларын таңдай отырып, кәсіпорын өз қаражатын жоғалтуы немесе жоспарланған сомадан аз алуы мүмкін. Бұл компанияның белгісіз ахуалда болуын көрсетеді. Компания тығырыққа тірелген кезде, басшылыққа шешім қабылдауға тура келеді, ол шешімдердің табысты іске асырылу ықтималдылығы (яғни, толық көлемде табыс алуы) кәсіпорынға іштей және сырттай әсер ететін көптеген факторларға тәуелді. Осындай жағдайда тәуекел ұғымы пайда болады.
Егер шешімді дайындау барысында тәуекелді төмендету шаралары тиімсіз және оған қаржы көп жұмсалатын болса, онда өз іс-қимылын экономикалық жағынан сақтандыру тиімді болар еді.
Кәсіпкерлік тәуекел – кәсіпкердің қарсы агенттері өз міндеттемелерін орындамауынан немесе кәсіпкерге қатысты емес жағдайларда осы қызмет талаптарының өзгеруінен туатын кәсіпкерлік қызметтің шығын тәуекелі, оның ішінде жоспарланған кірісті ала алмау тәуекелі. Оларға мыналар: іркіліске байланысты шығын тәуекелі, кәсіпорынның қарсы агентінің өз міндеттемелерін бұзуына байланысты шығын тәуекелі, жоспарланған кірісті ала алмауға байланысты тәуекел жатады.
Кәсіпкерлік тәуекелді сақтандырудың бірнеше ерекшеліктері бар.
ҚР АК-нің 810-бабына сәйкес кәсіпкерлік тәуекелді сақтандыру шартымен тек сақтанушы өз кәсіпкерлік тәуекелін және өз пайдасын ғана сақтандыра алады.
Кәсіпорынды тәуекелден қауіпсіздендірудің бір тәсілі – сақтандыру бағдарламасын қалыптастыру. Ол үшін компания қызметін талдап, оған сипатты тәуекелдерді анықтап алу керек. Олар өз кезегінде компания шешуге дайын тәуекел және міндетті түрде сақтандырылатын тәуекелдерге бөлінеді.
Көп жағдайда сақтандыру бағдарламасы мыналарды сақтандырады:

 құрылыс-монтаждық, іске қосып реттейтін тәуекелдерді және кепілді міндеттемелерді;

 мүліктерді;

 құрылғыларды бүлінуден;

азаматтық жауапкершіліктерді;

 жетекші қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын.


Өз кезегінде, кәсіпкерлік тәуекел сақтандырудың мынадай әдістерін қолдана отырып, тоқтатылуы немесе төмендеуі мүмкін.
Кәсіпорынды бос тұрып қалудан сақтандыру есебінен.
Сақтандырудың бұл түрі әр түрлі сақтандыру жағдайларынан тууы ықтимал шығындарды: коммерциялық факторларды (өндірістің шикізат пен материалдарды толық және өз уақытында жеткізбеу салдарынан тоқтатылуы, нарық конъюнктурасының өзгеруі, неғұрлым жедел міндеттемелерді реттейтін қаржы көздерінің тапшылығы), саяси факторларды (соғыс, көтерілістер), табиғи факторларды (климаттық ыңғайсыз жағдайлар) жабады. Өндірістің тұрып қалу мерзімі сақтандыру ережелерімен белгіленетінін, мұндайда сақтандырушы тиісті залалды, яғни ала алмаған өндіріс пайдасын өтеуді өз жауапкершілігіне алатынын міндетті түрде атап өту керек. Бірақ сақтандыру жағдайларын, көбінесе ағымдағы шығыстарды (жұмысшылар мен қызметкерлердің жалақысы, салықтар мен алымдар, үй-жайды жалға алу төлемдері) жүзеге асырудың шарамсыздығы мен қажеттілігін топтастырудың белгілі өзгешеліктері бар.

Сақтандырудың басқа да жағдайларына жаңа технологияларды енгізу, қарсы агенттер тарапынан қаржылық міндеттемелерді орындамау салдарынан шығынға ұшыраған табыс (алынбаған табыс сомасы) жатуы мүмкін.
Мұндай жағдайларда табыстың шығындалмауын сақтандыру ала алмаған табыстың өтемақысын, сондай-ақ сақтандырушы фирманың ағымдық шығыстарын және оның табысты төмендету шараларына байланысты қосымша шығындарын қарастырады.
Сақтандыруға жататын басқа да жағдайлар бар, атап айтсақ, кәсіпкерлік қызметтің жеке түрлерін сақтандыру (жеткізуші немесе қарсы агенттер жағынан міндеттемелерді орындамау), бүлінулерден сақтайтын құрылғылар мен машиналарды сақтандыру (сақтандыру құрылымды монтаждау немесе оны пайдалану кезінде жүзеге асады), кәсіпорын қызметінің өзгешеліктеріне байланысты сақтандыру (мысалы, мұнай орындары мен таулы полиметалл орындарын табу). Барлық аталған жағдайларға байланысты сақтандырудың мән-жайы кәсіпорынның келісім-шартта немесе басқа да келісімдерде көрсетілген белгілі бір іс-әрекеттерді орындамау салдарынан қандай да бір мүліктің бұзылуы немесе жарамсыз болуына әкеп соғатын залалдан тұрады.
Басқа да тәуекел топтарын қаржылық тәуекел – қаржы операцияларына тән тәуекел жиынтығы (валюталық тәуекел, пайыздық салымның өзгеру тәуекелі) қалыптастырады.
Кәсіпкерлік тәуекелді сақтандыру өз еркімен сақтандыру тобына кіреді, оның шарттары мен тәртібі сақтандыру ұйымы (сақтандырушы) мен сақтанушы арасындағы келісім, сақтандыру шартының жазбаша нысанында және сақтандыру ұйымдары дайындаған, сақтандыру ұйымдарының қызметін қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті органдармен келісілген сақтандыру Ережелері негізінде белгіленеді.
Қазіргі уақытта осындай орган 04.07.2003 жылғы № 474-ІІ «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу мен қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мен 31.12.2003 жылғы № 1270 «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін ары қарай жетілдіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес құрылған Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау Агенттігі болып табылады.
Сақтанушы сақтандырушымен шарт жасағаннан кейін, сақтанушы сақтандыру шартының талаптарымен, сақтанушымен қатар сақтандырушының да құқықтары мен міндеттемелерімен толық танысуы тиіс.
Сонымен қатар сақтандыру шарты мыналарды қамтуы тиіс:


  1. сақтандырушының атауы, тұратын орны, телефон және банк деректемелерін;




  1. сақтанушының фамилиясы, аты-жөні (бар болған жағдайда) және тұратын жері (егер ол жеке тұлға болып табылса) немесе оның атауы, тұратын орны мен банк деректемелерін (егер ол заңды тұлға болып табылса);




  1. сақтандыру объектісін көрсетуді;




  1. сақтандыру жағдайларына сілтемені;




  1. сақтандыру сомасының мөлшерін, сақтандыру төлемін жүзеге асырудың тәртібі мен мерзімін;




  1. сақтандыру сыйақысының мөлшерін, оны төлеудің тәртібі мен мерзімін;




  1. сақтандыру шартын жасау күні мен қолданылу мерзімін;




  1. сақтандыру шартының (сақтандыру полисінің) нөмірін, сериясын;




  1. сақтандыру шартының талаптарына өзгерістер енгізу тәртібі мен кезеңдерін.

Шарт жасасу кезінде сақтандыру оқиғалары болып табылатын жағдайларға, олардың ерекшеліктері мен сақтандыру шектеулеріне көңіл бөлу керек. Сақтандыру ұйымы әртүрлі соғыс қимылдарының немесе әскери шаралар мен көтерілістер, бүліктер, халық толқулары мен ереуілдердің зардаптарына шарт бойынша жауап бермейді.


Сондай-ақ шартта сақтандыру төлемін жүзеге асыруға қажетті құжаттар тізімі, төлеу тәртібі мен талаптары, сақтандыру жағдайы туған кездегі сақтанушының іс-әрекеті көрсетілуі тиіс.
Сақтандыру компаниясының жауапкершілік аясы (ең жоғарғы төлем сомасының мөлшері) сарапшылық жолмен белгіленетін қызметті тоқтату мүмкіндігінің ең жоғарғы мерзімі үшін берілген бухгалтерлік есеп-қисап негізінде есептелген залал мен ала алмаған пайда сомасындай анықталады. Сонымен қатар сақтандыру компаниясымен франшиза қаралады.
Анықтама: Франшиза – сақтандырушыны сақтандыру шартының талаптарында көзделген белгілі бір мөлшерден аспайтын залалды өтеу міндеттемелерінен босату. Франшиза шартты және шартсыз болуы мүмкін. Шартты франшиза анықталғанда сақтану компаниясы іркіліс мерзімі франшиза мерзімінен аспайтын жағдайда өтемақы төлемейді. Шартсыз франшизада өтемақы кез-келген жағдайда, белгіленген франшизаны алып тастау есебінен төленеді.
Шарт жасасу кезінде ең жоғарғы төлем сомасынан күндік, тіпті пайыздық болып анықталатын белгіленген франшиза мөлшеріне ерекше көңіл бөлу керек.
Сақтандыру тарифі сақтандыру компаниясымен мыналарға байланысты бекітіледі:

• осы кәсіпорын қарайтын халық шаруашылығы саласына;

• тоқтаған өндірістің ең жоғарғы сақтандыру кезеңіне;

• франшизаның белгіленген мөлшеріне.


Келісім бойынша сақтанушы мен сақтандырушы арасындағы сақтандыру шартының «ерекше талаптар» бөлімінде Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі мен қолданыстағы заңнама нормасына қайшы келмейтін басқа да талаптар көзделуі мүмкін.
Қазіргі практикада сақтандыру үрдісі компания активтері мен пассивтерін жалпы басқарумен өзара тығыз байланысты және кәсіпкерлік тәуекелді жою, ең болмаса, төмендетуге бағытталған барлық іс-әрекеттер жиынтығын қамтиды. Қазақстанда кәсіпкерлік тәуекелді сақтандыру автокөлікті, мүлікті, жауапкершілікті т.б. сақтандыру түрлері сияқты көп таралмаған. Бірақ сақтандырудың осы түрі экономикалық жағынан тиімді және жуық арада кәсіпорын жұмысында қалыпты қаржылық практикаға енетінін шетел тәжірибесі көрсетіп отыр.
Каталог: cont -> kfn -> cont
cont -> Міндетті сақтандыру шартын жасау кезінде
cont -> Өсімдік шаруашылығын міндетті сақтандыру
cont -> Сақтандыру ұйымдары мен ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілердің ынтымақтастығы туралы «Қазақстанның аргументтер және фактілер»
cont -> Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің 2008 жылғы 1 мамырдағы ағымдағы жағдайы
cont -> 2008 жылғы 1 қарашадағы жинақтаушы зейнетақы жүйесінің ағымдағы жағдайы
cont -> 2008 жылғы 1 қазандағы жинақтаушы зейнетақы жүйесінің ағымдағы жағдайы


Достарыңызбен бөлісу:




©stom.tilimen.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет