Жоспар І кіріспе ІІ негізгі бөлім



Дата25.06.2017
өлшемі256.65 Kb.
#14570
Жоспар


І Кіріспе

ІІ Негізгі бөлім

1. Сүйектің құрылысы мен құрамы.

2. Қаңқаның құрылысы.

2.1 . Омыртқа жотасы



2.2. Көкірек қуысының сүйектері.

2.3. Иық және жамбас белдеулерінің сүйектері.

2.4. Бас сүйектері.

3. Баланың сүйектерінің ерекшелігі.

4. Баланың қимыл-қозғалысы.
ІІІ Қорытынды

Баланың дамуына қимыл-қозғалыстардың әсер етуі.




Пайдаланылған әдебиеттер

Тірек-қимыл жүйесі.
Тірек-қимыл жүйесінің маңызы. Барлық тірі организмдерге тән қасиет — қимыл-қозғалыс. Қимыл-қозғалыс организмнің өсіп, дамуына әсер етеді. Оның адам денсаулығын сақтаудағы маңызы аса зор.

Қаңқа мен бұлшық ет тірек-қимыл жүйесін құрады. Тірек-қимыл жүйесі тіректік, қозғалткыш және қорғаныш кызметтерін атқарады.

Кеңістікте қозғалып жүру, денені тік қалыпта үстау, теңдікті сақтау қабілеттері адамның сүйек-ет жүйесінің қасиеттері мен қызметіне байланысты. Сүйек-ет жүйесіне, яғни тірек-қимыл аппаратына адамның қаңқасы мен бұлшық еттері жатады. 

Қаңқа (скелет) екі жүзден астам сүйектерден тұратын адамның негізгі қатты түлғасы. Олардың көбі бір-бірімен буын арқылы жалғасып, қозғалмалы келеді. Қаңқаға бұлшық еттер бекітілген. Ет пен сүйек адамның негізгі тірегі және оның қозғалуы, еңбек етуі осы сүйек-ет жүйесінің қызметіне байланысты. Ол жүлынның, мидың және көптеген ішкі мүшелердің сауыты болғандықтан, қорғану қызметін де атқарады, яғни жұмсақ мүшелерді (жүрек, бауыр, өкпе, ішек-қарын, бүйрек т.б) соққыдан және басқа да түрлі жағымсыз әсерлерден қорғайды. Зат алмасуына, әсіресе минерал заттарының мөлшерін бір деңгейде сақтауға қатысады. 

Еттердің негізгі қызметі — сүйектерді қозғау. Сол арқылы адамның еңбек етуін, күрделі жұмыс тарды орындауын қамтамасыз етеді. 
Қаңқа -бұлшықет жүйесі негізінен тірек, қимыл-қозғалыс, қорғаныс, тұздардың алмасуына қатысу арқылы адам организмінде өте маңызды орын алады. 


Сүйектің құрылысы мен құрамы.
Адам қаңқасының негізі — сүйек. Сүйек қан тамырлары мен нервтер өтетін сүйек каналдарының айналасында орналасқан остеон деп аталатын жұқа пластинкалардан тұрады. Сүйектің сыртында сүйек қабы бар. Тек қана буындарда сүйек қабының орнына шеміршек болады. Сүйек екі түрлі заттардан тұрады: тығыз және кемік заттар. Сүйек қабының қан тамырлары мен нервтері бар.

Сүйектің 1/3 бөлігі органикалық және 2/3 бөлігі бейорганикалық заттардан тұрады. Сүйекті күйдіргенде бейорганикалық заттары қалады. Ондай күйдірген сүйекті оп-оңай сындыруға немесе үгуге болады. Сүйекті түз немесе азот қышқылына салса, бейорганикалық заттары еріп, тек органикалық заттары қалады. Ондай сүйекті оңай майыстыруға болады. Демек, сүйектің жылтырлығы, серпімділігі оның органикалық затына, ал мықтылығы бейорганикалық затына байланысты.  Сүйектің құрамы атқаратын қызметіне, адамның жасына қарай әртүрлі келеді. Салмақ көп түсетін сүйектерде, мысалы, бел омыртқа, жамбас, аяқ сүйектерінде минерал заттары көбірек болады. Жас балалардың сүйегінде органикалық заттар, ересек адамда минерал заттары көбірек болады. 

Сүйектердің қозғалмалы байланысын буын дейді. Организмде сүйектердің өзара жалғасуының үш түрі болады: қозғалмайтын, қозғалмалы және жартылай қозғалмалы. Сүйектің қозғалмайтын жалғасуына — бас сүйегі, жамбас сүйегі; жартылай қозғалмалы байланыс түріне — омыртқа жотасы; сүйектердің қозғалмалы байланыс түріне буын арқылы жалғасатын, яғни кол сүйектері, иық пен аяқ белдеулері, қабырғалар жатады.

Сүйектердің дәнекер ұлпасы немесе шеміршек ұлпасы арқылы байланысын қосылу деп атайды. Сүйектердің қосылуының ерекше түрі бас сүйегінде кездеседі. Оны сүйектіц тігісі дейді. Сүйектердің шеміршек ұлпасы арқылы қосылуы омыртқа жотасында кездеседі. Олардың серпімді және созылмалы қасиеті бар. Шеміршек ұлпасы арқылы жартылай қозғалмалы омыртқалардың қосылуы адам жүргенде, жұмыс істегенде омыртқа жотасының икемділігін қамтамасыз етеді және дененің тербелісі, қозғалысы кезінде соққыны бәсеңдетіп отырады.

Қысқа сүйектер денеге мықтылық қасиет береді және иілімді жерлерде орналасады. Олар: омыртқа, табан мен қол сүйектері. Жалпақ сүйектер жұқа болады. Бұларға: бас сүйегі, жамбас, кеуде қуысындағы қабырға, жауырын, самай, бет жене жак сүйектері жатады.


Қаңқаның құрылысы.
Адам қаңқасы бас, тұлға, аяқ-қол сүйектерінен тұрады.  Тұлға сүйектеріне омыртқа жотасы, 12 қос қабыргалар мен кеуде суйегі жатады.
Омыртқа жотасы – бүкіл дененің тірегі. Ол бір-бірімен буын арқылы жалғасқан 33-34 омыртқадан тұрады. Омыртқа жотасын беске бөледі: 7 мойын, 12 көкірек немесе кеуде, 5 бел, 5 сегізкөз, 4-5 қуйымшақ омыртқалары. Мұның ішінде құйымшақ және сегізкөз омыртқалары бір-бірімен бірігіп кеткен, қалғандары жеке-жеке болады.  Әрбір омыртқаның денесі, доғалары және ө с і н д і л е р і болады. Омыртқаның тығыз жері – денесі. Омыртқалардың доғалары жүлын орналасатын омыртқа жотасының каналын (өзегін) құрады. Омыртқаның 7 өсінділері бар: омыртқаның ортаңғы тұсынан басталып артқа қарай өскен 1 арқа өсіндісі, доғаның шетінен басталып жоғары және төмен бағытта орналасқан жұп 2 буын өсінділері, екі жанында орналасқан жұп бүйір өсінділері болады. Омыртқалардың жалпы құрылысы ұқсас болғанымен, өзіндік ерекшеліктері де болады. 

І-ші мойын омыртқасы – атлант немесе ауыз омыртқа тікелей бас сүйегімен жалғасады. Оның денесі және арқа өсіндісі болмайды, бір-бірімен бүйір денесі арқылы қосылып жатқан алдыңғы және артқы доғалармен шектескен сақина тәрізді. Ауыз омыртқа шүңқырлау үстіңгі буынымен шүйде сүйекпен, астыңғы тегіс буынымен екінші мойын омыртқамен жалғасады. Мұның омыртқа тесігі басқа омыртқалардан кеңірек болады. 


ІІ-ші мойын омыртқасының денесінен жоғары қарай бағытталған тісшесі болады. Ол тісшедегі алдыңғы және артқы буын беті арқылы ауыз омыртқамен, астыңғы жағындағы буын беті арқылы III-ші мойын омыртқасымен жалғасады. 

Соңғы VІІ-ші мойын омыртқасының арқа өсіндісі ұзын болады. Көкірек омыртқаларының ерекшелігі — денесінің алдыңғы бүйір бетінде және көлденең өсінділерінде қабырға ойыстары деп аталатын буын беттері. Екі көкірек омыртқаларының жартылай буын ойыстары омыртқа жотасының буын ойыстарына айналады. Ол жерге қабырғаның басы кіреді. І-ші көкірек омыртқасының үстінде толық буын ойысы, астында – жартылай буын ойысы бар. Ал Х-шы омыртқаның үстіңгі жағында да жартылай буын ойысы болады. ХІ-ХІІ-ші омыртқаларда бір-бірден ғана буын ойыстары бар. 


Ауыртпалық көбірек түсетіндіктен бел омыртқаларының денесі жақсы жетілген және ірі келеді, әсіресе, соңғы V-ші омыртқа көкірек омыртқаларынан анағүрлым ірі болады. Эволюциялық даму кезінде қабырғалар көлденең өсінділерімен бірігіп бітуіне байланысты өсінділері ұзын болады.  Ересек адамның сегізкөз омыртқаларының арасы бірігіп сегізкөз сүйегіне айналады. Оның сыртқы ортасында бірігіп кеткен арқа өсінділерінен пайда болған ортаңғы сегізкөз қыры, оның екі жағынан бірігіп кеткен буын беттерінен пайда болған бүйір қыры, көлденең бүйір өсінділерінен пайда болған бүйір қыры болады. Біріккен омыртқа тесіктерінен пайда болған сегізкөз каналы омыртқа жотасы каналының жалғасы болып есептеледі. Оның алдыңғы және артқы бетінде нервтер мен тамырлар өтетін тесігі болады. Сегізкөздің бүйір жақтарында қүлақша тәрізді жамбас сүйегімен жалғасатын буын беті болады. Оның артқы жағының бүдырлы жеріне тарамыстар бекиді. Ер адамның сегізкөз сүйегі әйелдер сүйегінен жіңішке және ұзын дау болады. Адамның IV-V-ші қүйымшақ омыртқаларының денесі бірігіп қүйымшақ сүйегіне айналған. Мұны жануарлардың қүйрық омыртқаларының рудименті (қалдығы) деп есептейді. Олардың өсінділері жойылып, денесі ғана қалған. Тек І-ші қүйымшақ омыртқасында ғана қалған өте қысқа көлденең өсінділері бар. 
Омыртқа жотасының өсуі баланың алғашқы 1 жасында жедел жүреді. Жаңа туған нәрестелердің омыртқаларында алты сүйектену нүктелерін көруге болады. Олар 1 жасқа таман біріге бастайды. Омыртқалардың эпифизі алғашқы жылы шеміршек күйінде сақталады. Омыртқа аралығындағы буындардың шеміршектері қалың және серпімді келеді. Сондықтан олардың омыртқа жотасы ересектермен салыстырғанда жеңіл қимылдайды. Жаңа туған сәбидің омыртқа жотасында физиологиялық иілімдері болмайды, 2-3 айда баланың мойыны бекігеннен кейін мойын лордозы, 6 айдан кейін отыра бастағанда кеуде және сегізкөз кифоздары 1 жасқа жақындап, бала жүре бастағанда бел лордозы пайда болады. Дегенмен бір жастағы баланың омыртқа жотасының иілуі нашар әрі түрақсыздау болады: таңертең ұйқы дан тұрғанда нашар, кешке таман күшейе бастайды. 2-3 жаста омыртқа одан әрі қарай сүйектене береді. Бұл мезгілде омыртқаның денесі сүйектен, ал эпифиздері шеміршектен тұрады. Омыртқааралық буын шеміршектері әлі де болса қалыңдау болып, омыртқа жотасы жақсы қимылдайды. Бұл кезде сегізкөз, қүйымшақ омыртқалары біріге бастағанымен аралары толық бітпейді. Омыртқа жотасының физиологиялық қалыпты иілістері күшейе түскенімен, әлі де болса түрақсыз болғандықтан, баланың бойы таңертең өлшегенде 5-6 см ұзын (ересек адамда 2-3 см ғана), кешке өлшегенде соншалықты аласа болып тұрады. 4-5 жасқа дейін омыртқалар тез өсіп, иілістері толық қалыптасады. Бұл кезден бастап балалар мен ересек адамдардың омыртқа жотасында физиологиялық қалыпты 2 лордозы (мойын және бел омыртқа), 2 кифозы (кеуде және сегізкөз) иілістері түзіледі. Отырғанда салмақ бел омыртқа иілісіне көбірек түсіп, ол қисаяды, ал жатқанда мойын және бел омыртқаларының иілістері түзеледі. Бала омыртқасының сүйегінің қатаюы жылдам болғанымен, олардың диафиздерінде шеміршек қалың болады және омыртқа аралық шеміршектері биік келеді. Сегізкөз бен қүйымшақ сүйектері біте бастайды. Қыздарда 7-11, ер балаларда 7-13 жас арасында омыртқаның денесі мен эпифиздерінің арасында жұқа болса да, шеміршекті қабаты сақталады. Омыртқа аралық шеміршектер қалың болғандықтан омыртқалар әлі де өседі. Омыртқа эпифиздерінің сүйектенуі 18-20 жаста аяқталады. 

Мектеп жасына дейінгі балалардың омыртқалары ұзарып, жуандайды. 5-6 жастағы балалардың омыртқа жотасы тез қисаяды. Омыртқааралық шеміршектердегі заттың алмасуы өте күшті болады. Сондықтан түрлі жағдайлардың әсерінен омыртқаның өсуі тез бүзылып, омыртқа жотасының патологиялық сколиозы (бір жақ бүйіріне қарай қисаю), лордозы, кифозы т. б. өзгерістері пайда болады. Мысалы, өте жылдам 8-12 м/сек қозғалғанда мойын және көкірек омыртқалары зақымдалады. Бала өте аз қозғалғанда да ұсақ зақымдар пайда болып, олардың негізінде кейіннен омыртқа кемшіліктері дамиды. Омыртқа жотасының өсуі жігіттік пен бойжеткендік кезеңге дейін байқалғанымен, әр түрлі бөлімдерінің омыртқалары бірдей өспейді. 1,5 жасқа дейін барлық омыртқалар бірдей өседі, 1,5-3 жас арасында мойын және кеуденің жоғарғы омыртқалары нашар өседі. 

Омыртқа аралығындағы шеміршектер жоғарыдан төмен қарай калыңдай түседі. Ол шеміршектердің ұзын дығы бүкіл жотаның 1/4 бөлігіне тең. Бұлар омыртқа жотасын серпімді етіп, жан-жаққа қимылдауға мүмкіндік тудырады. 
І-ші қүйымшақ омыртқасы тек қана жартылай шеміршекпен жалғасқан, сондықтан арасында аздаған кеңістік болады да, басқа омыртқалардың жалғасуынан ерекшелеу жарты ай тәрізді болады. 
Ұзынды-қысқалы сіңірлер омыртқа жотасын бекітіп, қимылдау мүмкіндігін төмендетеді, оны үзілуден сақтайды.  Екі ұзын сіңір байламдары бастың шүйде сүйегінен басталып, мойын, көкірек жөне бел омыртқа бөлімдерінен өтіп, сегізкөздің жоғарғы жағына дейін жетеді. Алдыңғы ұзын сіңір байламы омыртқалардың денесінің алдынан жайпақ лента тәрізді созылып жатады, ал артқы байламы омыртқа каналының ішімен жіңішке лента іспетті созылып, омыртқа аралығында сәл жалпақтанады. Қысқа сіңір байламдары көршілес екі омыртқа доғаларын, арқа және көлденең осінділері сегізкөзбен құйымшақ сүйектерін байланыстырады. Бұл байланыстар мен омыртқа иілістері соққы, сілкіну, солқылдау жағдайларында денені серпімді етіп, зақымнан сақтайды, түрлі қимыл қозғалыстарын тудырады. Көрші омыртқалардың бір-бірімен қимылы шектелгенімен, жалпы омыртқа жотасының қимыл мүмкіндігі мол. Ол 160 градусқа дейін еңкейіп, 145 градусқа дейін шалқаяды, оңға-солға 165 градусқа, ал оз осінде 120 градусқа дейін қозғалады. Бұған қоса, омыртқа жотасының иілістері дененің серпімді болып, жеңіл қозғалуына мүмкіндік тудырады. 
Көкірек қуысының сүйектері. Түлға сүйектеріне омыртқа жотасынан басқа көкірек қуысын құратын қ а б ы р ғ а және төс сүйектері жатады. 
Қабырға. Адам денесінде 12 қос қабырғалар бар. Әрбір қабырға жалпақтау ұзын сүйектен және шеміршектен тұрады. Олар бір-бірімен жалғасып кеткен. Қабырғаның басы, мойыны, денесі болады. Оның омыртқамен жалғасқан жерін қабырға басы деп атайды да қалған жері мен басының арасындағы жіңішкелеу жерін мойын дейді. Қабырға денесінің алдыңғы жақ үшы тос сүйегімен жалғасады. Жоғарғы қос қабырғаның мойыны мен денесінің қосылатын жеріндегі қабырға бұдыры омыртқаның колденең өсіндісімен жалғасады. Әр қабырғаның пішіні мен құрылыс ында озіне тән ерекшеліктері бар. Жоғарғы VII қос қабырғалар шеміршек арқылы тікелей төс сүйегіне жалғасса, V-ІХ-Х-қабырғалар ұзын шеміршек қабырғалар арқылы алдыңғыларымен жалғасады, ал ХІ-ХІІ-жұп қабырғалардың алдыңғы үшы бос қалады. Алғашқы І-VІІ-жүн қабырғаларды ш ы н, олардан кейінгі VII-Х-жұп қабырғаларды ж а л ғ а н, ал соңғы ХІ-ХІІ-жұп қабырғаларды б о с қабырғалар деп атайды.  Қабырғалардың сүйектенуі баланың 2-айлығында VI-VII қабырғаларда басталады, 3-4 жасқа келгенде қабырғаның ортасы мен бұрыш ында ғана тығыз сүйектері болады, яғни қабырғаның 40%-ында ғана остеондық құрылысы болады, 6-7 жаста қабырғаның алдыңғы жағы толық сүйекке айналады. 

Төс сүйегі — жалпақ сыңар сүйек. Дененің көкірек қуысының алдыңғы сызығының бойында орналасады.  Төс сүйегінің денесі, түтқасы, семсершесі болады. Төс түтқасының жоғарғы жағында мойындырық, екі жағында бұғана, және жеті-жетіден қабырға ойындылары бар.  Төс сүйегінің бөлімдерінің арасындағы шеміршек 30 жасқа дейін болады. Төстің төменгі жағының шеміршектері 15-16 жаста, жоғарғы жағының шеміршектері 21-25 жаста сүйекке айналып, төс сүйегінің бөліктері жалғасып, арасы бітіп кетеді, ал семсершенің сүйектенуі 30 жасқа дейін созылады. 

Омыртқа сүйектері мен XII қос қабырғалар және төс сүйегі көкірек қуысын қүрайды. Адамның көкірек қуысы жұмыртқа пішіндес болады, бірақ жасына, еңбегіне, ауруға байланысты өзгеруі мүмкін.  1 жастағы баланың көкірек қуысы екі бүйірінен қысылған конус тәрізді, 12-13 жаста ғана ересек адамның көкірек қуысындай болады. Көкірек қуысы жүрек, қолқа және үлкен өкпе артериялары, өкпе, бауырды қорғайды. Сонымен қатар, тыныс мүшелерінің еттерінің және қол еттерінің бекіген жері. Осы сүйектерің қозғалмалы байланыста болуы арқасында адам тыныс алуға мүмкіншілік алады.  Ауыр жұмыстың әсерінен дене шынықтыруға байланысты кокірек қуысының көлемі кішірейеді. Партада отыру ережесін дұрыс орындамай, үстелдің шетіне ұзақ уақыт кеудесімен тіреліп отырған баланың төс сүйегі ішіне қарай майысады және көкірек қуысы тарылады да, өкпе мен жүректің дамуы нашарлайды. 

Иық және жамбас белдеулерінің сүйектері. Аяқ-қолдардың сүйектері адам денесінің екі белдеуін құрады: иық және жамбас белдеулері. Омыртқа жотасының жоғарғы жағында екі жауырын сүйектері орналасқан. Олар бұғана және төс сүйектерімен жалғасады. Жауырынның сыртқы бұрыштары иық басы сүйегі арқылы қол сүйектерімен жалғасады. 

Жауырын – жалпақ қос сүйек, ол омыртқа және қабырға сүйектерімен бұлшық ет арқылы жалғасқан. Жаңа туған сәбидің жауырын сүйегінің иық, құс тұмсық өсінділерінде, буын бетінде, омыртқа жақ шетінде, жоғарғы жәңе төменгі бұрыш тарында шеміршектер болады. Жауырын сүйектері жігіттерде 19-20, қыздарда 18 жаста қатады. Бұғана бала туар алдында оның төс жақ ұшынан басқа жері сүйекке айналып үлгереді. Ал төс жақ үшының сүйектенуі жігіттерде 24, қыздарда 23 жаста аяқталады. 

Қол жауырынмен қозғала біткен иін сүйектерінен, шынтақ пен шыбық сүйектерінен құралған білек сүйектеріне, білезіктің ұсақ сүйектері, бес ұзын алақан сүйектері мен саусақ сүйектерінен тұратын қолдың басынан тұрады. Қолдың басы сүйектері кеудеге қарай бағытталған алақан ойығын түзеді. Алақан ойығы жаңа туған нәрестеде қалыптаса бастап, 10-13 жаста толық аяқталады. Осы мерзімде саусақ сүйектерінің қатуы да аяқталады. Сондықтан мектепке дейінгі және бастауыш сынып оқушыларының сурет салуы, жазуы өте баяу болады. Ұзақ уақыт жаттықтырса, саусаққа күш түсуіне байланысты оның сүйектері тез қатады да, ұзын болып өседі. Мысалы, күйшілердің саусақтарын айтуға болады. 

Тоқпан жілік немесе иық сүйектері 20-25 жаста қатайып, екі басында тек шеміршектері қалады. Бұл жіліктің ұзарып өсуі оның басындағы өсу нүктелеріне байланысты болғандықтан, 22 жасқа дейін жілік басын кесуге болмайды. Кессе, жілік өспей қысқа болып қалады.  Кәрі жіліктің қатуы 20-25 жаста жігіттерде, 17-20 жаста қыздарда аяқталады. 

Шынтақ сүйегінің өсуі жігіттерде 18-22 жаста аяқталады, бой жеткендерде сәл ерте қатады.  Білезік сүйектерінің қатуы 14-16 жаста аяқталуға жақын болады. Ең алдымен Ш-ші, ең соңында І-ші және V-ші сүйектері қатады. Саусақ сүйектері 16-18 жаста қатып аяқталады. 

Жамбас белдеуінің сүйектері. Жамбас белдеуі сегізкөзден және онымен қимылсыз біріккен екі жамбас сүйектерінен қүралған. Жамбас сүйектерінің алдыңғы жағы бір-бірімен қимылсыз біріккен. Жамбас сүйектерінің ойысында ортан жіліктің басы бекіген. Жамбас пен ортан жілік қозғалмалы буын арқылы бірігеді. Адамның жамбас сүйектері кең тостақан тәрізді қуыс жасайды. Себебі адамның тік жүруіне байланысты ішек-қарынның салмағы осы жамбас сүйектеріне түседі. Ортан жіліктің екінші шеті асықты жілікпен оның шыбығына жалғасады. Ал олар толарсақ, бақай сүйектері және бақайшықтан құралған табан сүйектерінен тұрады.Ортан жілік пен асықты жілік бір-бірімен тізе буыны арқылы қозғалмалы жалғасқан.

Табан сүйектері бір-бірімен буындасып жалғасқан сүйектер. 


Ортан жілік адам денесіндегі ең ірі сүйек. Оның жілік басы, денесі болады. Жілік басы мен денесінің арасында мойыны бар. Мойыны мен денесінің қосылатын жерінде бүдырлау орналасқан ұршықтары болады. Бала туғаннан кейін алғашқы 5 жылда ортан жілік тез өседі де, 5-9 жас арасында қыздардың ортан жілігі жылдан жылға баяулап, ер баланың жілігі бір қалыпта баяу өседі. Жілік басы мен мойыны 14-20 жаста бірігіп кетеді. Осы мерзімде ұршықтары, мойыны, денесі бір-бірімен жалғасады. Ортан жілік 18-20 жаста өсуін тоқтатады. Асықты жілік пен оның шыбығының сүйектері қыздарда 16-18, жігіттерде 19-20 жасқа дейін өсіп, одан әрі қарай өсуін тоқтатады. Олар төмен қарай өседі, яғни үзарады. Асықты жіліктің шеміршектері бала неғүрлым тез жүріп кетсе, соғүрлым тез өседі.  Табан сүйектері өкше, бақайшақ және аяқ саусақтарының сүйектерінен қүралған. Өкше сүйектеріне нағыз өкше сүйегі, тепкіш, қайық , сына, куб тәрізді сүйектер жатады. Бұлардың өсуі бойжеткендерде 16-18, жігіттерде 18-20 жасқа дейін байқалады.  Бақайшақтар бес ұсақ жұмыр пішінді әртүрлі сүйектерден тұрады. Қыздарда – 17, жігіттерде – 20 жасқа дейін өседі. 

Бес саусақ сүйектерінің төртеуі 3 сүйектен, ал бас бармағы 2 сүйектен құралған, бір-бірімен буындасқан сүйектерден тұрады. Ең алдымен І-саусақтардың сүйектері осе бастайды да кейіннен IV-V саусақтар сүйектері жетіледі. Барлығының өсуі 15-20 жаста аяқталады.  Табан сүйектері бір-бірімен буын арқылы күмбезденіп қосылған. Табан күмбезі баланың аяғын басу барысында толық қалыптасады. Табан күмбезі сүйектерді мықтап бекітіп тұратын тарамыстардың даму барысында пайда болып, табанға күш түскенде оның күмбезі төмендейді. Табан күмбезінің дұрыс қалыптасуына тар аяқ киім, ауыр жүк тасу, ұзақ уақыт табанға күш түсіріп, кішкентай баланың түрегеліп тұруы, сол сияқты мешел ауруында да кері әсер етеді. Мұндай да жалпақ табан пайда болады. Жалпақ табанда баланың сымбаты бұзылады, қан айналысы нашарлап аяқ тез шаршайды. Жалаңаяқ жер басып жүру, бұлшық еттерді күшейтетін түрлі жаттығулар, спорт ойындары жалпақ табанның алдын алады, яғни оны болдырмайды, табан күмбезін дұрыс қалыптастырады.  Табан күмбезі 13-17 жасқа дейін қалыптасады. Сондықтан бойжеткендерге 17-18 жасқа дейін биік өкшелі аяқ киімді киюге болмайды. Себебі ондай аяқ киімдер табан күмбезінің дұрыс қалыптаспауына байланысты аяқты тез шаршатады. Балалар мен жастардың аяқ киімдерінің өкшесі 1,5-2 см болғанда табан күмбезі жақсы болып, табан еттері мен сіңірлері жақсы дамиды. 

Бас сүйектері. Бас сүйектері екі негізгі бөліктен тұрады: ми сауыты және бет сүйектері. Кішкентай балалардың ми сауыты бет сүйектерінен ертерек дамиды. Бет сүйектері алғашқы 1 жаста және жыныстық жетілу мерзімінде, әсіресе 13-14 жаста күшті өседі. Дегенмен ересек адамның өзінде ми сауытының көлемі бет сүйектерінің көлемінен артық болады: нәрестенің ми сауыты бет сүйектерінен 8 есе, ересек адамда 2-2,5 есе артық.  Жаңа туған сәбидің ми сауытының сүйектері бір-бірімен жұмсақ дәнекер ұлпадан тұратын қабықшамен жалғасады. Бұл қабықша бірнеше сүйектердің қосылатын жерінде үлкен болады. Ондай жерін баланың еңбегі деп атайды. 
Ми сауытының ондай жерлері екі-екіден самайда (жалпы саны 4), маңдайда және шүйдеде бір-бірден болады. Барлығы 6. Маңдай еңбегі 1 жасқа жақындағанда, қалғандары 2-3 айда бітеді де, қатты қабықпен жабылады. ми сауыты сүйектерінің арасындағы жіктері 4 жасқа жақындағанда бірігіп кетеді де олардың өсуі тоқталады. Бет сүйектері жыныстық жетілуге дейін өсіп, содан кейін өсуі тоқталады. 

Нәрестенің жақ сүйектерінің тістері болмайды. Баланың тісі ең алғаш 5-6 айда өсе бастайды (сүт тістері шығады), 6 жасқа жақындағанда сүт тістері түсіп, орнына тұрақты тістері шығады. Ең соңғы тұрақты тістері — ақыл тістері жыныстық жетілуден кейін пайда болады. Жалпы алғанда тістердің шығуы, осуі, тұрақты тіске ауысуы баланың дене шынығуына, жетілуіне байланысты. Сондықтан жастардың тісінен олардың биологиялық жетілуін анықтауға болады.  Бет сүйектері өсіп жетілгеннен кейін баланың тұрақты бет әлпеті қалыптасады., яғни оның түрі тұрақты болады. 


Баланың сүйектерінің ерекшелігі.
Жалпы алғанда балалар мен жас өспірімдердің сүйектері серпімді, жұмсақ , оңай өзгергіш келеді. Сондықтан гигиеналық талаптарды дұрыс орындамағанда сүйектері тез бүзылып, ден саулығына зиян болады. Әсіресе мектепке дейінгі және бастауыш сынып оқушыларының сүйектері өте серпімді болады. Олардың сүйектері еркін қатпағандықтан үйде, балалар бақшасында, мектепте дене еңбегі мен спорт ойындарын ұйымдастыруға деген гигиеналық талаптарды, үстелде дұрыс отыру ережелері, баланың үйықтайтын төсегіне арналған талаптар сақталмаған жағдайда сүйектері тез ерекшеленіп жетіледі. Мысалы:

Омыртқа жотасының бір бүйіріне қарай қисаюының негізгі себептері:



  • орындықта түзу отырмау;

  • жазу үстелі мен орындық биіктігінің сәйкессіздігі;

  • көбіне бір қолымен ауыр жүк көтеру;

  • сүйектер мен бұлшықеттердің нашар дамуы және т. б.

Сондықтан да жүргенде, тұрғанда, отырғанда омыртқа жотасын түзу ұстауға тырысу керек. Ауыр жүк көтермеу, жүйелі түрде спортпен шұғылданған жөн.

Сүйектердің дұрыс өсіп жетілуіне, мезгілінде қатаюына тамақтың құрамындағы минерал заттарының, витаминдердің әсері көп. Әсіресе алғашқы жылы тамақтану және далаға шығып ауа жұту талаптары бұзылғанда мешел ауруы туып, жілік сүйектері, көкірек қуысы мен омыртка сүйектері дұрыс қалыптаспайды. Бұл түрғыдан алғанда кішкентай баланы далаға шығарып, күннің ультракүлгін сәулелері әсер етуіне мүмкіндік тудырудың маңызы зор. Себебі ол сәулелердің әсерінен баланың денесінде Д витамині түзіледі де, минерал заттарының алмасуы дұрыс реттеледі. Әсіресе сүйектің құрамындағы кальций, фосфор тұздары ның алмасуы жөнделеді, ал күннің ультракүлгін сәулелері терезенің шынысынан өтпейді, сондықтан үйден шықпаған баланың сүйегі дұрыс жетілмейді. Ауа райына қарамай баланы далаға шығарып отырса, тіпті өте қалың киімнен де сәуле өтіп, бала дұрыс өседі. 


Бұлшық еттердің құрылысы мен қызметі.
Жаңа туған сәбидің бұлшық еттері толық қалыптаспағанымен, дене салмағының 20-22%-ндай ғана (ересек адамда 45-40  болады. Адам денесінде 600-ден астам бұлшық еттер бар. Олар бір-бірімен тарамыс үштары арқылы жақын орналасқан қаңқа сүйектеріне бекітіледі. Қаңқа еттері негізінен көлденең салалы еттерден тұрады. Қаңқа еттерін көлденең салалы ет ұлпаларынан түратын, құрамында дәнекер ұлпасы , нервтер және тамырлары бар мүшелер деп есептейді. 

Бұлшық еттердің қызметі олардың негізгі қасиеті — жиырылуға байланысты орындалады. Жиырылу арқылы ет қысқарып, оның жиырылу қабілетін көрсетеді. Еттің жиырылуы нерв импульстерінің орталық жүйке жүйесінің әр жерінен келіп бұлшық етті қоздырады. Нерв импульстеріне қозумен жауап беру қабілетін еттің қозғыштығы дейді. Еттің қозғыштығы оның жұмыс атқару қабілетін көрсетеді. Қозған еттің клеткаларының зат алмасуы, биоэлектрлік қасиеттері өзгереді. Бұлшық еттің қозуды өткізу жылдамдығы онша көп емес, 5 м/сек шамасында.  Бұлшық еттер жиырылғанда көп қуат жұмсалады. Жиырылған еттің қысқаруы шарт емес, кейде, керісінше, ұзаруы да мүмкін. Жиырылу күші еттің талшықтарының санына және қалыңдығына байланысты. Еттің к ү ш і деп оның ширау қабілетін айтады. Еттің ширау қабілеті ет талшықтарының жиырылуға қатысу саны мен жуандығына байланысты. Жиырылу күші кей кезде бірнеше килограмға жетеді. Сондықтан неғүрлым ет жуан болса, соғүрлым күшті болады. Бұлшық еттің күші оның сүйекке бекітілуіне де байланысты. Бұлшық еттің күші оның құрылысына да байланысты. Бұлшық еттер көп ядролы жуандығы 0,1 мм, ұзын дығы 2 мм – 12 см ет талшықтарынан тұрады. Олардың сыртын фасция деп аталатын бұлшық ет қабығы жабады. Ет талшықтары саркоплазмадан, жиырылу қасиеті бар миофибрилдерден, митохондриялар мен басқа түрлі органоидтардан тұрады. Бұлшық еттердің қан тамырлары көп болады. Қан тамырлары арқылы етке түрлі қоректік заттар, оттегі тасылып, зат алмасуынан пайда болған қажетсіз заттар мен көмірсу қышқылы шығарылады. Бұлшық еттердің лимфалары да көп болады. 


Бұлшық еттерде көптеген нерв ұштары – рецепторлар орналасқан. Олар еттің қозуына байланысты жиырылу және созылу дәрежелерін сезеді. 
Бұлшық еттердің өсіп жетілуі әртүрлі. Алғашқы жылы ең алдымен қүрсақ еттері дамиды да, кейіннен шайнау еттері жетіледі. Еңбектеу мен жүруге байланысты жыл аяғында аяқ-қол және арқа еттері өсіп дамиды. Баланың өсу барысында жалпы мускулатураның салмағы 35 есе үлғаяды. Жыныстық жетілу кезінде жас өспірімдердің жілік сүйектерінің өсуіне қарай олардың сіңірлері де өседі. Бұл кезде бұлшық еттер ұзарып, жіп-жіңішке болып көрінеді. Сондықтан жас өспірімдердің аяқ-қолдары сорайып көрінеді. 15-16 жаста еттер толып жуандай бастайды. Бұлшық еттердің дамуы негізінде 25-30 жасқа дейін байқалады. 
Баланың қимыл-қозғалысы.
Жаңа туған нәрестенің денесінің, аяқ-қолдарының қимылдары өте көп, бірақ олар дұрыс үйлеспеген, еріксіз шым-шытырық қимылдар түрінде орындалады. Алғашқы дұрыс бағытталған қимылдары баланың 2-3 айлық өмірінде көріне бастайды: ең алдымен жарық көзіне немесе дыбыс шыққан жаққа басын бұрады. 3 айда шалқасынан жатқан бала аунап түсе алады, 7 айда отырады. Кейіннен заттарды үстап үйренуге және еңбектеуге байланысты қолдарының ерікті қимылдары пайда болады. Соның нәтижесінде нәресте көзіне түскен затты ұстай алады. Бұл қимылдар көру арқылы кеңістіктен баланың алған мәліметтеріне байланысты туындайды. Баланың көру және қозғалыс жүйелері жеке-жеке қызмет атқарса, 3-6 айда бір-бірімен үйлесімді көру-қозғалыс жүйесіне айналады. Бұл күрделі жүйенің пайда болып дамуы ұзақ уақытқа созылады. Алғаш кезде көру арқылы тек қана сыртқы орта туралы мәліметтер жиналады. Кейіннен қозғалыстары көру жүйесінің бақылауында болып, біртіндеп орындалатын күрделі қимылдарға айналады. Екінші сигнал жүйесінің дамуы қозғалысты реттеуші жүйенің пайда болып, дамуына ықпалын тигізеді. Нәрестеде үлкендердің айтуы бойынша орындалатын қимылдары қалыптасады, ал соның негізінде саналы қозғалыс қимылдары жетіледі. 

Кеңістікте белсенді қозғалуға байланысты пайда болатын дененің еркін қимылын локомоция деп атайды. 1 жаста жалған локомоция немесе локомоторлы архаизм (тарихи даму жолын қайталау) деп аталатын еңбектеу қабілетіне байланысты дамыған шын локомоция пайда болады. Қозғалыстың даму тірек-қимыл жүйесі мен жүйке жүйесінің дамып жетілуіне байланысты. Жүру, жүгіру, секіру, шапқылау т.б күрделі қимылдар және оларды дұрыс бағыттау қабілеті 3-5 жаста жетіледі. Дегенмен мектепке дейінгі жастағы және 1-2-ші сынып оқушыларының қозғалысын дұрыс үйлестіру механизмдері еркін жетіле қоймайды. Бірақ олар күнделікті тіршілікке қажетті қимылдарды, жазу, сызу, сурет салу т.б. қозғалыс әрекеттерін игеріп үлгереді. Тұрақты жаттығу арқылы балаларда үйлесімді қозғалу дамиды. 

Қозғалудың дамуы біркелкі емес, гетерохронды түрде болады. Қозғалудың ең күшті дамуы 3-6 жаста байқалады. Мысалы, жұмыс істеу ұзақ тығы 3 жаста – 80 сек, 5 жаста-120 сек, ал 10 жаста- 200 сек болады. Жұмысқа төзімділіктің артуы және мүшелердің бұлшық еттерінің жұмыс мерзімі көбейіп, демалыс мерзімінің азаюынан болады. 6-7 жаста синхронды еңбек реттеледі.  Қозғалыстың қалыптасуының негізі — ми сыңарлары қыртыстарында нервтік байланыстардың пайда болып, кейіннен сол байланыстардың негізінде күрделі динамикалық қыртыстық стереотиптің пайда болуынан.  Сонымен, қозғалысты реттеуші механизмдерге ми қыртысындағы құрылымдар, эфференттік және афференттік кері байланыс жолдары жатады. 
Баланың дамуына қимыл-қозғалыстардың әсер етуі.
Тірек-қимыл жүйесінің дамуының қаңқа мен бұлшық еттер клеткаларының үнемі жаңарып отыруында маңызы зор. Бұл организмнің өсуіне қажетті жағдай. Балалық шақта, ер жеткенде қаңқа мен бұлшық ет клеткалары жылдам өседі және дамиды. Адамның қаңқасы 25 жасқа дейін толық қалыптасып болады. Бұлшық ет 23—25 жасқа дейін өседі, ал оның жуандауы 30—35 жаста аяқталады. Тірек-қимыл жүйесінің дұрыс дамуында адамның тамақтануының, ондағы минералды және органикалық заттардың маңызы өте зор. Дене еңбегімен жөне спортпен шұғылданатын адамдардың сүйектерінің бетінде бұдырлар пайда болады. Бұдырланған бұлшық еттер мықтап бекиді. Сүйек қабығы қанмен жақсы қоректенеді, жақсы өседі. Мұндай сүйек мықты және берік болады.

Адамның денесі мен қимыл-ойының дамуына қозғалыс күшті өсер етеді. Нәрестенің қозғалыс белсенділігіне бөгет жасағанда оның жалпы дамуы нашарлайды және кешігеді. Күнделікті тіршілікте орындалатын қимылдардың қосындысын адамның қозғалыс белсенділігі деп атайды.  Гиподинамия деп бұлшық еттердің қозгалыс белсенділігінің төмендеуін айтады. Бұл көбінесе бала аз қимылдағанда пайда болады. Қозғалыс белсенділігі тиімді мөлшерден асып кеткенде, мысалы, ауыр жұмыс, мөлшерсіз еңбекпен шұғылданғанда, гиподинамия пайда болады. Гиподинамия организмнің қызметін, қалыпты жағдайын бұзады. Себебі нерв-ет, жүрек-қан тамырлары, тыныс т. б. жүйелердің қызметі осы шектен тыс қозғалыс барысында қалпына келіп үлгермейді де, олардың зорығу белгілері байқалады. Сондықтан балалардың қозғалыс белсенділігін гигиеналық талапқа сәйкес жасына лайықтап ұйымдастырған жөн. Бүгуге қатысатын бұлшық еттері әлсіз болғандықтан және олардың қозғалыс нейрондарының еңбек қабілеті төмен болғандықтан мектепке дейінгі жастағы балалар сурет сабағында немесе басқа сабақта 4-5 минөттен кейін-ақ жиырылатын бұлшық еттері босайды да, мазасыздана бастайды: дұрыс отырмайды, сондықтан омыртқалары қисайып кетуі мүмкін. Әсіресе ұзақ түрегеліп тұра алмайды. Осыған байланысты балаларды 2-3 минөттен артық тік түрғызуға болмайды. 

Дененің қимылдап, қозғалысқа келуі бұлшық еттердің жиырылуынан басталады. Жақсы жетіліп дамыған, шыныққан бұлшық ет — адам денсаулығының негізгі кепілі.

Адам жұмыс істеген кезінде оның бұлшық еттері қан арқылы жақсы қоректенеді. Бұлшық еттерге қан көптеп қоректік заттар мен оттек жеткізеді. Дене шынықтыру жаттығуларымен өне бойы шұғылдану бұлшық еттердің өсуіне жөне жуандауына себепші болады. Адам денесі мықты болып, оның күші мен төзімділігі артады.

Буын неғұрлым толық қимылдаса, соғұрлым олардың жұмысы жақсарып, адамның қозғалыс икемділігі ыңғайлы және жеңіл болады. Қаңқа бұлшық еттеріне қоректік заттар мен оттек жеткілікті болып, олардың қызметі жақсарады. Қан және қан айналым жүйесі мен бұлшық ет, тыныс алу жүйелері арасындағы тығыз байланыс дене шынықтырумен және спортпен шұғылданғанда дамып отырады.
Тірек-қимыл жүйесінің бұзылуының алдын алу гигиенасы және оның маңызы.
Сүйектің ұзарып, жуандап өсуі, шеміршек ұлпасы клеткаларының бөлінуіне және сүйек ұлпаларына айналып отыруына байланысты. Адамның қаңкасы 22—25 жаста қалыптасады. Гипофиз гормоны жетіспегенде немесе жоқ болғанда, шеміршек клеткаларының көлемі үлкейеді, құрамында минералды зат азаяды. С витамині жетіспегенде, сүйек ұлпасының химиялық морфологиялық (құрылымы) және қызмет атқару жүйелері бұзылады. D витаминінің жетіспеуі ересек адамдарда, әсіресе әйелдерде кездеседі. Жас босанған аналарда D витаминінің жетіспеуінен сүйек аздап қисаяды. D витаминінің жетіспеуі күн сәулесінің аз болуына, тамақтың құрамында кальций мен фосфордың қажетті мөлшерінің өзгеруіне, ішек және бүйрек ауруларынан минералды заттардың сіңірілуінің бұзылуына байланысты.

Баланың жататын төсегі, тамақ ішкенде, сурет салғанда отыратын үстелі мен орындығы, еңбек мөлшері, киімі гигиеналық талап бойынша жасына сәйкес болуы керек. Баланы дұрыс отыруға (партада отыру ережесін қараңыз), төсекте дұрыс жатуға дағдыландыру қажет. Үстелде дұрыс отыруға дағдыланса, арқа еттері күшейіп, омыртқа жотасының дұрыс өсуіне мүмкіндік туады. Физиологиялық және гигиеналық тұрғыдан қарағанда бала үстелде тік дұрыс отырып дағдыланғанда омыртқа сүйектері қисаймай, дұрыс өседі, бұлшық еттері шынығады. Ірі қан тамырлары мен жүрегінің қызметі жақсы жетіледі. Ал дұрыс отырмаса, сүйектері қисайып, қан тамырлары қысылып, бұлшық еттері шынықпай бала тез шаршайды. Буыны қатпаған баланың омыртқа жотасында сколиоз, кифоз бен лордоздың патологиялық түрлері қалыптасады. Ондай баланың жалпы денсаулығы нашар болады.

Адамның бұлшық еттерінің жақсы жетіліп, дамуынан ішкі мүшелердің жұмысы жақсарады. Тірек-қимыл жүйесі мен ішкі мүшелер жүйелерінің арасындағы функциялық тығыз байланыстар адамның сымбатының дұрыс қалыптасуынан байқалады. Сымбат дегеніміз — қалыпты жағдайда және жұмыс кезінде адамның күнделікті әдетпен өз денесін ұстай білуі. Сымбатты адамның денесі жарасымды, ісі өнімді болады.

Денесі, аяғы түзу, иығы, бұлшық еті жақсы жетілген, жинақы, аяқ алысы дұрыс адам сымбатты болып көрінеді. Сымбаттың дұрыс болуы — ішкі мүшелердің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Ол өзгерген жағдайда, дұрыс тамақтанып, дене шынықтырумен айналысудың маңызы зор. Тамақтың құрамында минералды заттар, витаминдер жетпеген жағдайда және денеге ауырлық күші біркелкі түспегенде, сымбат бұзылады. Дұрыс отырмаудан оқушылардың, студенттердің, кеңседе және тағы басқа мекемеде жұмыс істейтін адамдардың омыртқа жотасы қисайып, иықтары бүкірейіп, кеуде қуысы ішіне карай қабысуы мүмкін.

Сымбаттың қалыптасуы жүре пайда болады. Ол бала кезден үстелге, партаға дұрыс отыруға және өзін жинақты ұстап, жүріс-тұрысын бақылауға байланысты қалыптасады.

Сымбаттың дұрыс қалыптаспауы дене пішінін өзгертіп, ішкі мүшелердің қызметін бұзады, адамның ойдағыдай мамандықты таңдап алуына кесірін тигізеді. Сымбат бұзылғанда, дер кезінде дәрігерге қаралу қажет. Мұндай жағдайда дәрігердің кеңесімен жаттығулар тағайындалып, сымбаттың дұрыс қалыптасуына жәрдем көрсетеді.


Адам қимыл-қозғалыссыз өмір сүріп, еңбек ете алмайды. Адамның дене және ой еңбегімен шұғылдануы үшін қимыл-қозғалыс қажет.

Адамның өміріндегі алуан түрлі өзгерістердің бірі пайдалы болса, енді біреулері денсаулыққа зиянды әсер етеді. Мысалы, көліктің неше түрі дамыды. Үй тұрмысын жақсарту үшін үйге су мен газ тартылды. Мұның бәрі — адамның дене және ой еңбегінің бірлескенінен туған жетістік. Бірақ бұлар адамның аз қимылдап, бұлшық ет қуатының төмендеуіне әсер етті. Адам дене еңбегімен аз шұғылданса, оның ішкі мүшелерінің қызметі дұрыс болмайды. Осының әсерінен жүрек пен өкпе қызметі өзгереді. Адам организмінің ауруға қарсы күресу қабілеті әлсірейді, адам семіреді немесе арықтайды.

Әр ұлттың, халықтың сан алуан әдет-ғұрыптары адамның денсаулығын сақтап, өмірін қызықты, мағыналы етіп өткізуіне мүмкіндік береді. Олар адам денесінің қимылын жетілдіріп, күшін арттырып, ой-өрісін дамытады, көңіл-күйін көтереді. Қазақ халқында толып жатқан ойын түрлері (жүгіру, секіру, шайқалу, т.б.) бар. Мысалы, алтыбақан, аксүйек, ат жарысы, қыз куу, бәйге, күрес, көкпар тарту және т.б. Бұл ойындар адамның тірек-қимыл жүйесінің дамуына, дененің сымбатты болуына, құрыштай нығайуына, көңіл-күйіне зор әсерін тигізеді.

Қолданылған әдебиеттер:

1. "Биология" З.Ж. Асқарова

2. "Адам және жануарлар физиологиясы" Несыпбаев, 2005 жыл

3.  Биология: "Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық". Алматы: Атамұра, 2008.



4. "Жас ерекшелік физиологиясы мен мектеп гигиенасы" С.Жұмабаев. Алматы 1996.

5. "Жас және педагогикалық психология" М.М.Мұқанов. Алматы. 1982.


Каталог: ld
ld -> Сабақтың тақырыбы : Баяндауыш
ld -> Таңғажайып алаң ойыны. М.Әділова
ld -> Мақтаның жемісі мақтаның ашылмай қалған немесе шала ашылған қауашағын дейді. Қауашақ ашылады. Қауашақ ішіндегі ұзын талшықтары (түктері) бар өте көп тұқымдар шашылады
ld -> Одонтогенні кісти діляться на кореневі (радикулярні) і коронкові (фолікулярні)
ld -> Одонтогенні пухлини щелеп
ld -> Производство лекарственных препаратов по контрактам: Простанорм г. Томск
ld -> Гбоу впо рниму им. Н. И. Пирогова
ld -> 1. Гомеостаз – дегеніміз не


Достарыңызбен бөлісу:




©stom.tilimen.org 2023
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет