Жол белгiлерi (Қр ст 1125 және Қр ст 1412 бойынша)



Дата18.12.2017
өлшемі206.69 Kb.
Жол белгiлерi (ҚР СТ 1125 және ҚР СТ 1412 бойынша)
Ескертпе. Жол белгiлерiн таңбалау Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
1. Ескерту белгiлерi
Ескерту белгiлерi жүргiзушiлерге олардың бойымен жүру жағдайға сәйкес шаралар қабылдауды талап ететiн жолдың қауiптi учаскесiне жақындағаны туралы хабарлайды.

1.1 «Шлагбаумы бар теміржол өтпесi».

Ескертпе. Жол белгiлерiн нөмiрлеу ҚР СТ 1125-кe сәйкес келедi. Жол белгiлерiнiң атаулары мен суреттері 2-суретте келтiрiлген.

1.2 «Шлагбаумы жоқ теміржол өтпесi».

1.3.1 «Бiр жолды теміржол».

1.3.2 «Көп жолды теміржол». Шлагбауммен жабдықталмаған теміржол арқылы өтпенi белгiлеу: 1.3.1 – бiр жолмен, 1.3.2 – екi және одан көп жолмен.

1.4.1 – 1.4.6 «Теміржол өтпесiне жақындау». Елдi мекеннен тыс теміржол өтпесiне жақындау туралы қосымша ескерту.

1.5 «Трамвай желісімен қиылысу».

1.6 «Тең мағыналы жолдардың қиылысуы».

1.7 «Шеңберлі жүріспен қиылысу».

1.8 «Бағдаршамның реттеуi». Жол жүрісі бағдаршаммен реттелетiн жол қиылысы, жаяу жүргiншi өткелі немесе жол учаскесi.

1.9 «Ашылатын көпiр». Ашылатын көпiр немесе паром өткелi.

1.10 «Жағалауға шығу». Жағалауға немесе жағаға шығу.

1.11.1, 1.11.2 «Қауiптi бұрылыс». Шағын радиусты немесе көрiнуi шектеулi жолдың доғалануы: 1.11.1 – оңға, 1.11.2 – солға.

1.12.1, 1.12.2 «Қауiптi бұрылыстар». Қауiптi бұрылыстар бар жол учаскелерi: 1.12.1 – бiрiншi бұрылыспен оңға, 1.12.2 – бiрiншi бұрылыспен солға.

1.13 «Тiк еңiс».

1.14 «Тiк өрлеу».

1.15 «Тайғақ жол». Жүру бөлiгiнiң қатты тайғанақ жол учаскесi.

1.16 «Тегiс емес жол». Жүру бөлiгiнде тегiс емес жерлерi бар жол учаскесi (толқынды, шұңқыр, көпiрлермен үйлесiмсiз жалғасқан және сол сияқтылар).

1.16.1 «Жасанды бұдырлық».

1.17 «Қиыршық тас шашылған». Көлiк құралдарының дөңгелегi астынан қиыршық тас, ұсатылған тас және сол сияқтылар шашырауы мүмкiн жол учаскесi.

1.18.1 –1.18.3 «Жолдың тарылуы». 1.18.1 – екi жағынан, 1.18.2 – оң жағынан, 1.18.3 – сол жағынан тарылуы.

1.19 «Екiжақты жүріс». Қарсы жүру жол учаскесiнiң (жүру бөлiгiнiң) басталуы.

1.20 «Жаяу жүргiншi өткелі». 5.16.1, 5.16.2 белгiлерiмен және (немесе) 1.14.1 – 1.14.3 таңбаларымен белгiленген жаяу жүргiншi өткелі.

1.21 «Балалар». Балалар мекемесiне (мектептер, сауықтыру лагерлерi және сол сияқтылар) жақын балалар жүрiс бөлiгiне шыға келуi мүмкiн жол учаскесi.

1.22 «Велосипед жолымен қиылысу».

1.23 «Жол жұмыстары».

1.24 «Мал айдау».

1.25 «Жабайы хайуанаттар».

1.26 «Тас түсу». Опырылып құлау, көшкін жүруі, тас түсуi мүмкiн жол учаскесi.

1.27 «Бүйiрден соғатын жел».

1.28 «Төмен ұшатын ұшақтар».

1.29 «Тоннель». Жасанды жарықтандыруы жоқ тоннель немесе кiру порталының көрiнуi шектеулi тоннель.

1.30 «Басқа қауiптер». Басқа ескерту белгiлерiмен көзделмеген қауiптіліктерi бар жол учаскесi.

1.31.1, 1.31.2 «Бұрылыс бағыты». Көрiнуi шектеулi шағын радиусты жол доғалануындағы жүру бағыты. Жолдың жөнделетiн учаскесiн айналып өту бағыты.

1.31.3 «Бұрылыс бағыты». Т үлгiсіндегі жол қиылысында немесе жолдардың тармақталуындағы жүру бағыты. Жолдың жөнделетiн учаскесiн айналып өту бағыты.

1.31.4, 1.31.5 «Бұрылыс бағыты».

1.32.1, 1.32.2 және 1.32.3 «Кедергiнi айналып өту».

1.1, 1.2, 1.5 – 1.3. ескерту белгiлерi қауiптi учаске басталғанға дейiн елдi мекеннен тыс жерлерде 150 – 300 м қашықтықта, ал елдi мекендерде және тұрғын аймақтарда 50 – 100 м қашықтықта орнатылады. Қажет болған жағдайларда белгiлер 7.1.1 тақтайшасында көрсетiлетiн өзге қашықтықта да орнатылуы мүмкiн.

1.13. және 1.14 белгiлерi, егер еңiстер мен өрлеулер бiрiнен соң бiрi келетiн болса, тiкелей еңiстiң немесе өрлеудiң басталуы алдында 7.1.1 тақтайшасысыз орнатылуы мүмкiн.

1.23 белгiсi жүру бөлiгiнде қысқа мерзiмдi жұмыстар жүргiзiлген кезде жұмыстар жүргiзiлетiн жерге дейiн 10 – 15 м қашықтықта орнатылуы (7.1.1. тақтайшасыз) мүмкiн.

Елдi мекендерден тыс жерлерде 1.1, 1.2, 1.9, 1.10, 1.21 және 1.23 белгiлерi қайталанады. Екiншi белгi қауiптi учаске басталғанға дейiн кемiнде 50 м қашықтықта орнатылады.

1.4.1 – 1.4.3 белгiлерi жолдың оң жағынан, ал 1.4.4 – 1.4.6 – сол жағынан орнатылады. 1.4.1 және 1.4.4 белгiлерi – жүру барысы бойынша бірінші 1.1 немесе 1.2 белгiсiнің астында, 1.4.3 және 1.4.6 белгiлерi – екінші 1.1 немесе 1.2 белгiсiнің астында, ал 1.4.2 және 1.4.5 белгiлерi – бiрiншi және екiншi 1.1 немесе 1.2 белгiлерiнiң арасына тең қашықтықта өздiгiнен орнатылады.

1.3.1 және 1.3.2 белгiлерi тiкелей теміржол өтпесiнiң алдына орнатылады.
2. Басымдық белгiлерi
Басымдық белгiлері жол қиылыстарынан, жүру бөлiгiнiң қиылыстарынан немесе жолдың тар учаскелерiнен өту кезектілігiн белгiлейдi.

2.1 «Басты жол». Реттелмейтiн жол қиылыстарынан басымдықпен өту құқығы берiлген жолдар.

2.2 «Басты жолдың аяқталуы».

2.3.1 «Екiншi дәрежелi жолмен қиылысу».

2.3.2, 2.3.3 «Екiншi дәрежелi жолға жанасу». 2.3.2, 2.3.4, 2.3.6, – оң жақтан, 2.3.3, 2.3.5, 2.3.7 – сол жақтан жанасу.

2.4 «Жол берiңiз». Жүргiзушi қиылысатын, ал 7.13 тақтайшасы болған кезде басты жолдың бойымен жүріп келе жатқан көлiк құралдарына жол береді.

2.5 «Аялдамай жүруге тыйым салынады». Тоқтау-сызығының алдында, ол жоқ болса – қиылысатын жүру бөлiгiнiң шетiне жетпей аялдамай жүруге тыйым салынады. Жүргiзушi қиылысатын жол бойымен, ал 7.13 тақтайшасы болған кезде – басты жолмен жүретін көлiк құралына жол береді.

2.5 белгiсi теміржол өтпесi немесе карантин бекеті алдынан қойылуы мүмкiн. Мұндай жағдайларда жүргiзушi тоқтау – сызығының, ал ол жоқ болса – белгiнiң алдында тоқтайды.

2.6 «Қарсы жүру басымдығы». Егер бұл қарсы жүруді қиындататын болса, жолдың тар учаскесiне шығуға тыйым салынады. Жүргiзушi тар учаскедегi немесе оған қарама-қарсы кiру жолындағы қарсы көлiк құралдарына жол береді.

2.7 «Қарсы жүру алдындағы басымдық». Жүргiзушi оның бойымен жүру кезінде қарсы көлiк құралдарына қарағанда басымдықпен пайдаланатын жолдың тар учаскесi.


3. Тыйым салатын белгiлер
Тыйым салатын белгiлер жол жүрісіне белгiлi бiр шектеулер енгiзедi немесе оларды жояды.

3.1 «Кiруге тыйым салынады». Осы бағытта барлық көлiк құралдарының кiруiне тыйым салынады.

3.2 «Жүруге тыйым салынады». Барлық көлiк құралдарының жүруіне тыйым салынады.

3.3 «Механикалық көлiк құралдарының жүруіне тыйым салынады».

3.4 «Жүк автомобильдерiнiң жүруіне тыйым салынады». Жүк автомобильдерi мен рұқсат етiлген ең жоғары массасы 3,5 т астам (егер белгiде массасы көрсетiлмесе) немесе рұқсат етiлген ең жоғары массасы белгiде көрсетiлгеннен артық көлiк құралдары құрамдарының, сондай-ақ тракторлар мен өздiгiнен жүретiн машиналардың жүруіне тыйым салынады.

3.4 белгiсi борттарында қиғаш ақ жолағы бар немесе адамдарды тасымалдауға арналған жүк автомобильдерiнiң жүруіне тыйым салмайды.

3.5 «Мотоциклдердiң жүруіне тыйым салынады».

3.6 «Тракторлардың жүруіне тыйым салынады». Тракторлардың және өздiгiнен жүретiн машиналардың жүруіне тыйым салынады.



3.7 «Тiркемесі бар көлiк құралдарының жүруіне тыйым салынады».

3.8 «Көлiк-арбаның жүруіне тыйым салынады». Көлiк-арбаның (шананың), мiніс және жүк артылған малдардың жүруіне, сондай-ақ мал айдауға тыйым салынады.

3.9 «Велосипедпен жүруге тыйым салынады». Велосипедтер мен мопедтердiң жүруіне тыйым салынады.

3.10 «Жаяу жүргiншiлердiң жүруіне тыйым салынады».

3.11 «Массаны шектеу». Жалпы нақты массасы белгiде көрсетiлгеннен артық көлiк құралдарының, оның iшiнде көлiк құралдары құрамдарының жүруіне тыйым салынады.

3.12 «Оське түсетiн жүктеменi шектеу». Қандай болса да оське түсетiн нақты жүктемесi белгiде көрсетiлгеннен артық көлiк құралдарының жүруіне тыйым салынады.

3.13. «Биiктiктi шектеу». Габариттік биiктiгi (жүкпен немесе жүксiз) белгiде көрсетiлгеннен артық көлiк құралдарының жүруіне тыйым салынады.

3.14 «Ендi шектеу». Габариттік енi (жүкпен немесе жүксiз) белгiде көрсетiлгеннен артық көлiк құралдарының жүруіне тыйым салынады.

3.15 «Ұзындықты шектеу». Габариттік ұзындығы (жүкпен немесе жүксiз) белгiде көрсетiлгеннен артық көлiк құралдарының (көлiк құралдары құрамының) жүруіне тыйым салынады.

3.16 «Ең төменгi дистанцияны шектеу». Олардың арасындағы дистанция белгiде көрсетiлгеннен кем көлiк құралдарының жүруіне тыйым салынады.

3.17 «Кеден». Кеден (бақылау пунктiнiң) жанында тоқтамай өтуге тыйым салынады.

3.17.2 «Қауiптілік». Жол-көлiк оқиғаларына, аварияға немесе басқа қауiптіліктерге байланысты әрi қарай барлық көлiк құралдарының жүруіне ерекшелiксiз тыйым салынады.

3.18.1 «Оңға бұрылуға тыйым салынады».

3.18.2 «Солға бұрылуға тыйым салынады».

3.19 «Керi бұрылуға тыйым салынады».

3.20 «Басып озуға тыйым салынады». Сағатына 30 километрден кем жылдамдықпен жүріп келе жатқан жекелегендерден басқа, барлық көлiк құралдарын басып озуға тыйым салынады.

3.21 «Басып озуға тыйым салынатын аймақтың аяқталуы».

3.22 «Жүк автомобильдерiне басып озуға тыйым салынады». Рұқсат етiлген ең жоғары массасы 3,5 т артық жүк автомобильдерiне, сағатына 30 километрден кем жылдамдықпен жүретін жекелегендерiнен басқа, барлық көлiк құралдарын басып озуға тыйым салынады. Тракторларға көлiк-арба және велосипедтерден басқа барлық көлiк құралдарын басып озуға тыйым салынады.

3.23 «Жүк автомобильдерiнiң басып озуына тыйым салынатын аймақтың аяқталуы».

3.24 «Ең жоғары жылдамдықты шектеу». Белгiде көрсетiлгеннен артық жылдамдықпен (км/сағ) жүруге тыйым салынады.

3.25 «Ең жоғары жылдамдық шектелетін аймақтың аяқталуы».

3.26 «Дыбыстық сигнал беруге тыйым салынады». Сигнал жол-көлiк оқиғаларын болдырмау үшiн берiлген жағдайлардан басқа дыбыс сигналын пайдалануға тыйым салынады.

3.27 «Тоқтауға тыйым салынады». Көлiк құралдарының тоқтауына және тоқтап тұруына тыйым салынады.

3.28 «Тоқтап тұруға тыйым салынады». Көлiк құралдарының тоқтап тұруына тыйым салынады.

3.29 «Айдың тақ күндерi тоқтап тұруға тыйым салынады».

3.30 «Айдың жұп күндерi тоқтап тұруға тыйым салынады». 3.29 және 3.30 белгiлерiн бiр мезгiлде қолдану кезінде көлiк құралдарының бiр жақтан екiншiсiне орын ауыстыру уақыты – сағат 19-дан 21-ге дейiн.

3.31 «Барлық шектеулер аймағының аяқталуы». 3.16, 3.20, 3.22, 3.24, 3.26 – 3.30 белгiлерiнiң бiрнешеуiн бiр мезгiлде қолдану аймағының аяқталуы.

3.32 «Көлiк құралдарының қауiптi жүктермен жүруіне тыйым салынады». «Қауiптi жүк» деген таным белгiмен жабдықталған көлiк құралдарының жүруіне тыйым салынады.

3.33 «Көлiк құралдарының жарылғыш және тез тұтанғыш жүктермен жүруіне тыйым салынады». «Қауiптi жүк» деген таным белгiмен жабдықталған және МемСТ-19433 бойынша 1, 2.2 – 2.4, 3.1, 3.2, 5.2 сыныптарының қауiптi жүктерiн тасымалдауға арналған көлiк құралдарының жүруіне тыйым салынады.

3.2 – 3.9, 3.32 және 3.33 белгiлерi тиiстi көлiк құралдары түрлерiнiң екi бағытта жүруіне тыйым салады.

Мына белгiлердiң күшi:

3.1 – 3.3, 3.18.1, 3.18.2, 3.19, 3.27 – маршруттық көлiк құралдарына;

3.2 – 3.8 – белгiленген аймақта орналасқан кәсiпорындарға қызмет ететін, сондай-ақ белгiленген аймақта тұратын немесе жұмыс iстейтiн азаматтарға қызмет көрсететін немесе осы азаматтарға тиесілі көлік құралдарына. Мұндай жағдайларда көлiк құралдары белгiленген аймаққа белгiленген жерге жақын жол қиылысынан кiруi немесе содан шығуы керек;

3.28 – 3.30 – таксометрi iске қосулы таксиге;

3.2, 3.3, 3.28 – 3.30 – I және II топтағы мүгедектер басқаратын немесе осындай мүгедектердi тасымалдайтын көлiк құралдарына қолданылмайды.

3.18.1, 3.18.2 белгiлерiнiң күшi алдына белгi орнатылған жүру бөлiгiнiң қиылысына қолданылады.

3.16, 3.20, 3.22, 3.24, 3.26 – 3.30 белгiлерi қолданылатын аймақтар белгi қойылған жерден бастап одан кейінгі жақын жол қиылысына дейiн, ал елдi мекендерде жол қиылысы жоқ болса – елдi мекен аяқталғанға дейiн қолданылады.

Елдi мекеннiң алдына қойылған 5.22 белгiсiмен белгiленген 3.24 белгiсiнiң күшi осы белгiге дейiн қолданылады.

Белгiлердiң күшi қолданылатын аймақ мынадай жағдайларда:

7.2.1 тақтайшасын қолданумен 3.16 және 3.26 белгiлерi үшiн;

3.20, 3.22, 3.24 белгiлерi үшiн олардың күшi қолданылатын аймақтың соңына тиісінше 3.21, 3.23, 3.25 белгiлерiн орнатумен немесе 7.2.1 тақтайшасын қолданумен; 3.24 белгiсiнiң күші қолданылатын аймақ ең жоғары жүру жылдамдығының басқа мәнiмен 3.24 белгiсiн орнатумен;

3.27 – 3.30 белгiлерi үшiн олардың күшi қолданылатын аймақтың соңына 7.2.3 тақтайшасымен 3.27 – 3.30 қайталама белгiлерiн орнатумен немесе 7.2.2 тақтайшасын қолданумен азайтылуы мүмкін. 3.27 белгiсi 1.4 таңбасымен, ал 3.28 белгiсi – 1.10 таңбасымен бiрге қолданылуы мүмкiн, бұл ретте белгiлердiң қолданылатын аймағы таңбалау сызығының ұзындығымен айқындалады.

3.10, 3.27 – 3.30 белгiлерiнiң күшi жолдың олар орнатылған жағына ғана қолданылады.
4. Нұсқайтын белгiлер
4.1.1 «Тiке жүру», 4.1.2 «Оңға жүру», 4.1.3 «Солға жүру», 4.1.4 «Тiке немесе оңға жүру», 4.1.5 «Тiке немесе солға жүру», 4.1.6 «Оңға және солға жүру». Белгiлерде бағыттауыштармен көрсетiлген бағыттарда ғана жүруге рұқсат етiледi. Солға бұрылуға рұқсат ететiн белгiлер керi бұрылуға да рұқсат бередi (нақты қиылыста қажетті жүру бағыттарына сәйкес келетін бағыттаушы кескiндері бар 4.1.1 – 4.1.6 белгiлерi қолданылуы мүмкiн).

4.1.1 – 4.1.6 белгiлерiнiң күшi маршруттық көлiк құралдарына қолданылмайды.

4.1.1 – 4.1.6 белгiлерiнiң күшi алдына белгi қойылған жүру бөлiктерінiң қиылыстарына қолданылмайды.

Жол учаскесiнiң басында орнатылған 4.1.1 белгiсінiң күшi жақын жол қиылысына дейiн қолданылады.

4.2.1 «Кедергiнi оң жағынан айналып өту», 4.2.2 «Кедергiнi сол жағынан айналып өту». Бағыттауышпен көрсетiлген жағынан ғана айналып өтуге рұқсат етiледi.

4.2.3 «Кедергiнi оң немесе сол жағынан айналып өту». Кез келген жақтан айналып өтуге рұқсат етiледi.

4.3 «Шеңберлі жүріс». Бағыттауыштармен көрсетiлген бағытта жүруге рұқсат етiледi.

4.4 «Жеңiл автомобильдер жүрісі». Жеңiл автомобильдер, автобустар, мотоциклдер, маршруттық көлiк құралдары мен рұқсат етiлген ең жоғары массасы 3.5 т аспайтын жүк автомобильдерiнiң жүрісі рұқсат етiледi.

Белгi белгiленген аймақта орналасқан кәсiпорындарға қызмет ететін, сондай-ақ белгiленген аймақта тұратын немесе жұмыс iстейтiн азаматтарға қызмет көрсететін немесе осы азаматтарға тиесілі басқа көлік құралдарының жүруіне рұқсат бередi. Мұндай жағдайларда көлiк құралдары белгiленген аймаққа белгiленген жерге жақын жол қиылысынан кiруi немесе содан шығуы керек.

4.5 «Велосипед жолы». Велосипедпен және мопедпен ғана жүруге рұқсат етiледi. Велосипед жолымен сондай-ақ жаяу жүргiншiлер де жүре алады (тротуар, жаяу жүргiншi жолы немесе жол жиегі болмағанда).

4.6 «Жаяу жүргiншiлер жолы». Тек қана жаяу жүргiншiлердiң жүруіне рұқсат етiледi.

4.7 «Ең төменгi жылдамдықты шектеу». Тек қана көрсетiлген немесе одан көп жылдамдықпен (сағ/км) жүруге рұқсат етiледi.

4.8 «Ең төменгi жылдамдық шектелетін аймақтың аяқталуы».

4.9 «Қауiптi жүгi бар көлiк құралдарының жүру бағыты». «Қауiптi жүк» таным белгiсімен жабдықталған көлiк құралына 4.9.1 оңға, 4.9.2 тіке, 4.9.3 солға белгiлерiнде көрсетiлген бағыттарда жүруге рұқсат етiледi.




5. Ақпараттық-нұсқағыш белгiлер
Ақпараттық-нұсқағыш белгiлер жүрістің белгiлi бiр режимдерiн енгiзедi немесе күшiн жояды, сондай-ақ елдi мекендер мен басқа да объектiлердiң орналасуы туралы хабарлайды.

5.1 «Автомагистраль». Автомагистральмен жүру тәртiбін белгiлейтiн Қағида талаптары қолданылатын жол.

5.2 «Автомагистральдің аяқталуы».

5.3 «Автомобильдерге арналған жол». Автомобильдер мен мотоциклдердiң жүруіне ғана арналған жол.

5.4 «Автомобильдерге арналған жолдың аяқталуы».

5.5 «Бiржақты жүру жолы». Көлiк құралдарының жүрісі бiр бағытта бүкiл енi бойынша жүзеге асырылатын жол немесе жүру бөлiгі.

5.6. «Бiржақты жүру жолының аяқталуы».

5.7.1, 5.7.2 «Бiржақты жүру жолына шығу». Бiржақты жүру жолына немесе жүру бөлiгіне шығу.

5.8.1 «Жолақтар бойынша жүру бағыттары». Жолақтардың саны және олардың әрбiреулерінде рұқсат етiлген жүру бағыттары.

5.8.2 «Жолақ бойынша жүру бағыттары». Жолақ бойынша рұқсат етiлген жүру бағыттары.

Шеткi сол жолақтан сол жаққа бұрылуға рұқсат ететiн 5.8.1 және 5.8.2 белгiлерi осы жолақтан кері бұрылуға да рұқсат етедi.

Жол қиылысының алдында орнатылған 5.8.1. және 5.8.2. белгiлер, егер онда орнатылған басқа 5.8.1 және 5.8.2 белгiлерi өзге нұсқаулар бермесе, бүкiл жол қиылысына қолданылады.

5.8.3 «Жолақтың басталуы». Өрге көтерiлуде қосымша жолақтың немесе тежеу жолағының басталуы.

Егер қосымша жолақтың алдында орнатылған белгіде «Ең төменгi жылдамдықты шектеу» деген 4.7. белгiсi бейнеленген болса, онда көрсетiлген немесе одан көп жылдамдықпен негiзгi жолақ бойынша жүрісін жалғастыра алмайтын көлiк құралының жүргiзушiсi қосымша жолаққа ауысады.

5.8.4 «Жолақтың басталуы». Осы бағытта жүруге арналған үш жолақты жолдың орта жолағы учаскесiнiң басталуы.

5.8.5 «Жолақтың аяқталуы». Өрге көтерiлуде қосымша жолақтың немесе екпiнді жүру жолағының аяқталуы.

5.8.6 «Жолақтың аяқталуы». Осы бағытта жүруге арналған үш жолақты жолдың орта жолағы учаскесiнiң аяқталуы.

5.8.7, 5.8.8 «Жолақтар бойынша жүру бағыты».

Егер 5.8.7. белгiсiнде қандай да болмасын көлiк құралдарының жүруіне тыйым салатын белгi бейнеленсе, онда осы көлiк құралдарының тиiстi жолақ бойынша жүруіне тыйым салынады.

Бағыттауыштардың тиiстi саны бар 5.8.7. және 5.8.8. белгiлерi төрт және одан да көп жолағы бар жолдарда қолданыла алады.

Ауыстырмалы суреті бар 5.8.7. және 5.8.8. белгілерінің көмегімен реверстiк жүріс ұйымдастырылуы мүмкiн.

5.9 «Маршруттық көлiк құралдарына арналған жолақ». Көлiк құралдарының жалпы легiмен жол-жөнекей жүретін маршруттық көлiк құралдарының жүруіне ғана арналған жолақ.

Белгi ол орнатылған жолаққа қолданылады. Жолдың оң жағына орнатылған белгi оң жолаққа қолданылады.

5.10.1 «Маршруттық көлiк құралдары үшін жолағы бар жол». Маршруттық көлiк құралдарының жүрісі көлiк құралдарының жалпы легiне қарсы арнайы бөлiнген жолақта жүзеге асырылатын жол.

5.10.2, 5.10.3 «Маршруттық көлiк құралдары үшін жолағы бар жолға шығу».

5.10.4 «Маршруттық көлiк құралдары үшін жолағы бар жолдың аяқталуы».

5.11.1 «Кері бұрылу үшін орын». Солға бұрылуға тыйым салынады.

5.11.2 «Кері бұрылу үшін аймақ». Кері бұрылу аймағының ұзындығы. Солға бұрылуға тыйым салынады.

5.12 «Автобус және (немесе) троллейбус тоқтайтын орын».

5.13 «Трамвай тоқтайтын орын».

5.14 «Жеңiл таксилердiң тұрақ орны».

5.15 «Тұрақ орны».

5.16.1, 5.16.2 «Жаяу жүргінші өткелі».

Өткелде 1.14.1 – 1.14.3 таңбалары болмаған кезде 5.16.2 белгiсi жолдан оң жақта өткелдің жақын шекарасына, ал 5.16.1 белгісі – жолдан сол жаққа өткелдің алыс шекарасына орнатылады.

5.17.1, 5.17.2 «Жер асты жаяу жүргінші өткелі».

5.17.3, 5.17.4 «Жер үстi жаяу жүргінші өткелі».

5.18 «Ұсынылатын жылдамдық». Жолдың осы учаскесінде жүруге ұсынылатын жылдамдық. Белгiнiң қолданылу аймағы жақын жол қиылысына дейiн, ал 5.8 белгiсiн ескерту белгiсімен бiрге қолдану кезiнде қауiптi учаскенiң ұзындығымен айқындалады.

5.19.1. – 5.19.3. «Тұйық». Толассыз өтуі жоқ жол.

5.20.1 «Бағыттарды алдын ала нұсқағыш», 5.20.2. «Бағытты алдын ала нұсқағыш». Белгiде белгiленген елдi мекендер мен басқа да объектiлерге қарай жүру бағыттары. Белгiлерде 5.29.1 белгiсiнiң суреті, автомагистральдардың, әуежайдың символдары, спорттық және өзге де пиктрограммалар салынуы мүмкiн. 5.20.1 белгiсiнде жүру ерекшелiктерi туралы хабарлайтын басқа белгiлердiң суреті салынуы мүмкiн. 5.20.1 белгiсiнiң төменгi бөлiгiнде белгiнi орнату орнынан бастап жол қиылысына немесе тежеу жолағының басталуына дейiнгi арақашықтық көрсетiледi.

5.20.1. белгiсi, сондай-ақ 3.11 – 3.15 тыйым салу белгiлерiнiң бiрi орнатылған жолдардың учаскелерiн айналып өтудi нұсқау үшiн де қолданылады.

5.20.3 «Жүру схемасы». Жол қиылысында жекелеген маневрлерге тыйым салу кезіндегі жүру маршруты немесе күрделі жол қиылысында рұқсат етiлген жүру бағыттары.

5.21.1 «Бағытты нұсқағыш», 5.21.2 «Бағыттарды нұсқағыш». Маршрут пункттеріне жүру бағыттары. Белгiлерде онда белгiленген объектiлерге дейiнгi арақашықтық (км) көрсетiлуi, автомагистральдардың, әуежайдың символдары, спорттық және өзге де пиктрограммалар салынуы мүмкiн.

5.22 «Елдi мекеннiң басталуы». Қағидалардың елдi мекендерде жүру тәртібін белгiлейтiн талаптары қолданылатын елдi мекеннiң атауы және басталуы.

5.23 «Елдi мекеннiң аяқталуы». Қағидалардың елдi мекендерде жүру тәртібін белгiлейтiн талаптарының күшi жоғалатын осы жолдағы орын.

5.24 «Елдi мекеннiң басталуы». Қағидалардың елдi мекендерде жүру тәртібін белгiлейтiн талаптары осы жолда қолданылмайтын елдi мекеннiң атауы және басталуы.

5.25 «Елдi мекеннiң аяқталуы». 5.24. белгiсiмен белгіленген елдi мекеннiң аяқталуы.

5.26 «Объектiнiң атауы». Елдi мекенге қарағанда өзге объектiнiң атауы (өзен, көл, асу, назар аударарлық орындар және соған ұқсастар).

5.27 «Арақашықтықтарды нұсқағыш». Маршрутта орналасқан елдi мекендерге дейiнгi арақашықтық (км).

5.28 «Километрлiк белгi». Жолдың басына немесе аяғына дейiнгi арақашықтық (км).

5.29.1, 5.29.2 «Маршруттың нөмiрi». 5.29.1 – жолға (маршрутқа) берiлген нөмiр; 5.29.2 – жолдың (маршруттың) нөмiрi мен бағыты.

5.30.1 – 5.30.3 «Жүк автомобильдерi үшін жүру бағыты». Егер жол қиылысында бағыттардың бiреуімен олардың жүруіне тыйым салынса, жүк автомобильдерi, тракторлар мен өздігінен жүретiн машиналар үшін ұсынылатын жүру бағыты.

5.31 «Айналып өту схемасы». Жүру үшін уақытша жабық жол учаскесiн айналып өту маршруты.

5.32.1-5.32.3 «Айналып өту бағыты». Жүру үшiн уақытша жабық жол учаскесiнiң бағыты.

5.33 «Тоқтау сызығы». Бағдаршамның (реттеушiнiң) тыйым салатын сигналы кезінде көлiк құралдарының тоқтау орны.

5.34.1, 5.34.2 «Басқа жүру бөлiгіне ауысудың алдын ала нұсқағышы». Бөлу жолағы бар жолда жүру бөлiгінің жүру үшiн жабық учаскесiн айналып өту бағыты немесе оң жақтағы жүру бөлiгіне қайту үшін жүру бағыты.

5.35 «Реверстiк жүріс». Бiр немесе бiрнеше жолақта жүру бағыты қарама-қарсыға өзгеруi мүмкiн жол учаскесiнiң басталуы.

5.36 «Реверстiк жүрістің аяқталуы».

5.37 «Реверстiк жүру жолына шығу».

5.38 «Тұрғын аймақ». Қағидалардың тұрғын аймақта жүру тәртібін белгiлейтiн талаптары қолданылатын аумақ.

5.39 «Тұрғын аймақтың аяқталуы».

Елдi мекеннен тысқары орнатылған 5.20.1, 5.20.2, 5.21.1 және 5.21.2 белгiлеріндегі жасыл немесе көк рең көрсетiлген елдi мекенге немесе объектiге жүру тиiсiнше автомагистральмен немесе басқа жолмен жүзеге асырылатындығын бiлдiредi. Елдi мекенде орнатылған 5.20.1, 5.20.2, 5.21.1 және 5.21.2 белгiлеріндегі жасыл немесе көк рең көрсетiлген елдi мекенге немесе объектiге жүру осы елдi мекеннен шықаннан кейін тиiсiнше автомагистральмен немесе басқа жолмен жүзеге асырылатындығын бiлдiредi; ақ рең көрсетiлген объектi осы елдi мекенде екендiгiн бiлдiредi.


6. Сервис белгiлерi
Сервис белгiлерi тиiстi объектiлердiң орналасуы туралы хабардар етедi.

6.1 «Алғашқы медициналық көмек пунктi».

6.2 «Аурухана».

6.3 «Автожанармай құю станциясы».

6.4 «Автомобильдерге техникалық қызмет көрсету».

6.5 «Автомобильдердi жуу».

6.6 «Телефон».

6.7 «Тамақтану пунктi».

6.8 «Ауыз су».

6.9 «Қонақ үй немесе мотель».

6.10 «Кемпинг».

6.11 «Демалыс орны».



6.12 «Полиция бекетi».

6.13 «Көлiктiк бақылау бекетi».

7. Қосымша ақпарат белгiлерi (тақтайшалар)
Қосымша ақпарат белгiлерi (тақтайшалар) олармен қолданылатын белгiлердi нақтылайды немесе шектейдi.

7.1.1 «Объектiге дейiнгi арақашықтық». Белгiден қауiптi учаскенiң, тиiстi шектеу енгізу орнының немесе жүру барысы бойынша алдағы белгiлi бiр объектiнiң (орынның) басталуына дейiнгi арақашықтықты көрсетедi.

7.1.2 «Объектiге дейiнгi арақашықтық». Егер жол қиылысының тiкелей алдында 2.5 белгiсi орнатылған жағдайда 2.4 белгiсiнен жол қиылысына дейiнгi арақашықтықты көрсетедi.

7.1.3, 7.1.4 «Объектiге дейiнгi арақашықтық». Жолдан тысқары тұрған объектiге дейiнгi арақашықтықты көрсетедi.

7.2.1 «Қолданылу аймағы». Белгiлермен белгіленген жолдың қауiптi учаскесiнiң ұзындығын немесе тыйым салатын және ақпараттық-нұсқағыш белгiлердi көрсетедi.

7.2.2 – 7.2.6 «Қолданылу аймағы». 7.2.2 белгісі 3.27 – 3.30 тыйым салатын белгiлердiң қолданылу аймағын көрсетедi; 7.2.3 белгісі 3.27 – 3.30 белгiлерiнiң қолданылу аймағының аяқталғанын көрсетедi; 7.2.4 белгісі жүргiзушiлерге олар 3.27 – 3.30 белгiлерiнiң қолданылу аймағында екендiгi туралы хабарлайды; 7.2.5, 7.2.6 белгілері алаңның, ғимарат фасадының және осыған ұқсастардың бiр жағының бойында тоқтауға немесе тоқтап тұруға тыйым салу кезінде 3.27 – 3.30 белгiлерiнiң бағытын және қолданылу аймағын көрсетедi.

7.3.1 – 7.3.3 «Қолданылу бағыттары». Жол қиылысы алдында орнатылған белгiлердiң қолданылу бағытын немесе жолдың тiкелей жанында тұрған таңбаланған объектiлерге жүру бағытын көрсетедi.

7.4.1 – 7.4.8 «Көлiк құралының түрi». Белгiнiң күші қолданылатын көлiк құралының түрiн көрсетедi.

7.4.1 тақтайшасы белгінің күшін жүк автомобильдерiне, ал 7.4.2 тақтайшасы оның iшiнде рұқсат етiлген массасы 3,5 тоннадан асатын, тiркемесі барларға, 7.4.3 тақтайшасы жеңiл автомобильдерге, сондай-ақ рұқсат етiлген массасы 3,5 тоннаға дейiнгі жүк автомобильдерiне, 7.4.8 тақтайшасы «Қауiптi жүк» деген таным белгiлерiмен жабдықталған көлiк құралдарына қолдандырады.

7.5.1 «Сенбi, жексенбi және мереке күндерi», 7.5.2 «Жұмыс күндерi», 7.5.3 «Апта күндерi». Белгi қолданылатын аптаның күндерiн көрсетедi.

7.5.4 «Қолданылу уақыты». Белгi қолданылатын тәулiктiң уақытын көрсетедi.

7.5.5 – 7.5.7 «Қолданылу уақыты». Белгi қолданылатын аптаның күндерi мен тәулiктiң уақытын көрсетедi.

7.6.1 – 7.6.9 «Көлiк құралын тұраққа қоюдың тәсiлi». 7.6.1 барлық көлiк құралдары тротуардың бойымен жүру бөлiгіне қойылуы тиiс екенiн көрсетедi; 7.6.2 – 7.6.9 жеңiл автомобильдер мен мотоциклдердi тротуар маңындағы тұраққа қоюдың тәсiлiн көрсетедi. 5.15 белгiсiмен қолданылады.

7.7 «Жұмыс iстемейтiн қозғалтқышпен тоқтап тұру». 5.15 белгiсiмен белгіленген тұрақта қозғалтқышы жұмыс iстемейтiн көлiк құралдарына ғана тоқтап тұруға рұқсат етілетіндігін көрсетедi.

7.8 «Ақылы қызмет көрсетулер». Қызмет тек қана ақыға ғана көрсетiлетiнiн көрсетедi.

7.9 «Тоқтап тұрудың ұзақтығын шектеу». Көлiк құралының 5.15 белгiсiмен белгіленген тұрақта болуының ең жоғары уақыт ұзақтығын көрсетедi.

7.10 «Автомобильдердi қарап тексеруге арналған орын». 5.15 немесе 6.11. белгiсiмен таңбаланған алаңда эстакада немесе қарау шұңқыры бар екенiн көрсетедi.

7.11 «Толық массаны шектеу». Белгiнiң күші рұқсат етiлген ең жоғары массасы тақтайшада көрсетiлгеннен асатын көлiк құралдарына ғана қолданылатынын көрсетедi.

7.12 «Қауiптi жол жиегі». Жол жиегіне түсу онда жөндеу жұмыстары жүргiзiлуiне байланысты қауiптi екенiн ескертедi. 1.23 белгiсiмен қолданылады.

7.13 «Басты жолдың бағыты». Жол қиылысында басты жолдың бағытын көрсетедi.

7.14 «Жүру жолағы». Бөлiгiнiң немесе бағдаршамның күші қолданылатын жүру жолағын көрсетедi.

7.15 «Зағип жаяу жүргіншілер». Жаяу жүргiншiлердiң өтпесiн зағиптардың пайдаланатынын көрсетедi. 1.20, 5.16.1, 5.16.2 белгiлерiмен және бағдаршаммен қолданылады.

7.16 «Ылғалды жабын». Белгi жүру бөлiгінің жабыны ылғал уақыт кезеңiнде қолданылатынын көрсетедi.

7.17 «Мүгедектер». 5.15 белгiсiнiң «Мүгедек» таным белгiлерi орнатылған мотобесiктер мен автомобильдерге ғана қолданылатынын көрсетедi.

7.18 «Мүгедектерден басқа». Белгiлер «Мүгедек» таным белгiлерi орнатылған мотобесiктер мен автомобильдерге қолданылмайтынын көрсетедi.

7.19 «Қауiптi жүк сыныбы». 19433 МемСТ бойынша қауiптi жүктердiң сынып (сыныптарының) нөмiрiн көрсетедi. 3.32, 4.9.1 – 4.9.3 белгiлерiмен қолданылады.

Тақтайшалар олар қолданылатын белгiнiң тiкелей астында орналастырылады. 7.2.2 – 7.2.4, 7.13 тақтайшалары белгілер жүру бөлiгінің, жол жиегінің немесе тротуардың үстінде орналасуы кезiнде белгiнiң бүйiрiне орналастырылады.

Уақытша жол белгiлерiнің (көшiрiлетiн бағандағы) және стационарлық белгiлердiң мәндерi бiр-бiрiне қайшы келген жағдайда, жүргiзушiлер уақытша белгiлердi басшылыққа алуы тиiс.





2-сурет.


ЖОЛ БЕЛГIЛЕРI

1. ЕСКЕРТУ БЕЛГIЛЕРI





2. БАСЫМДЫҚ БЕЛГIЛЕРI


3. ТЫЙЫМ САЛАТЫН БЕЛГIЛЕР







4. НҰСҚАЙТЫН БЕЛГIЛЕР

1


5. АҚПАРАТТЫҚ-НҰСҚАҒЫШ БЕЛГIЛЕР




6. СЕРВИС БЕЛГIЛЕРI



7. ҚОСЫМША АҚПАРАТ БЕЛГIЛЕРI





__________________


Достарыңызбен бөлісу:


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет