Жұмыс берушінің қаражаты есебінен жұмыскерлерге сүт немесе оған теңестірілген тамақ өнімдері, емдік-профилактикалық тағам, арнайы киім және басқа да жеке қорғаныш құралдарын беру, оларды ұжымдық қорғаныш құралдарымен



Дата08.07.2017
өлшемі67.98 Kb.


Жұмыс берушінің қаражаты есебінен жұмыскерлерге сүт немесе оған теңестірілген тамақ өнімдері, емдік-профилактикалық тағам, арнайы киім және басқа да жеке қорғаныш құралдарын беру, оларды ұжымдық қорғаныш құралдарымен, санитариялық-тұрмыстық үй-жайлармен және құрылғылармен қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1054 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 30 желтоқсанда № 12675 болып тіркелді

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұйрық 01.01.2016 ж. бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінің 16-бабы 33) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:


      1. Қоса беріліп отырған Жұмыс берушінің қаражаты есебінен жұмыскерлерге сүт немесе оған теңестірілген тамақ өнімдері, емдік-профилактикалық тағам, арнайы киім және басқа да жеке қорғаныш құралдарын беру, оларды ұжымдық қорғаныш құралдарымен, санитариялық-тұрмыстық үй-жайлармен және құрылғылармен қамтамасыз ету  қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрi Б.Б. Нұрымбетовке жүктелсiн.
      4. Осы бұйрық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.  

      Қазақстан Республикасының


      Денсаулық сақтау және
      әлеуметтік даму министрі                          Т.Дүйсенова

Қазақстан Республикасы  


Денсаулық сақтау және  
әлеуметтік даму министрінің
2015 жылғы 28 желтоқсандағы
№ 1054 бұйрығымен   
бекітілген   

Жұмыс берушінің қаражаты есебінен жұмыскерлерге сүт немесе оған теңестірілген тамақ өнімдері, емдік-профилактикалық тағам, арнайы киім және басқа да жеке қорғаныш құралдарын беру, оларды ұжымдық қорғаныш құралдарымен, санитариялық-тұрмыстық үй-жайлармен және құрылғылармен қамтамасыз ету қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жұмыс берушінің қаражаты есебінен жұмыскерлерге сүт немесе оған теңестірілген тамақ өнімдерін, емдік-профилактикалық тағам, арнайы киім және басқа да жеке қорғаныш құралдарын беру, оларды ұжымдық қорғаныш құралдарымен, санитариялық-тұрмыстық үй-жайлармен және құрылғылармен қамтамасыз ету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексі (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 16-бабының 33) тармақшасына сәйкес әзірленді және жұмыс берушінің қаражаты есебінен жұмыскерлерге сүт немесе оған теңестірілген тамақ өнімдерін, емдік-профилактикалық тағам, арнайы киім және басқа да жеке қорғаныш құралдарын беру, оларды ұжымдық қорғаныш құралдарымен, санитариялық-тұрмыстық үй-жайлармен және құрылғылармен қамтамасыз ету тәртібін белгілейді.


      2. Сүт немесе оған теңестірілген тамақ өнімдері (бұдан әрі – сүт), емдік-профилактикалық тағам (бұдан әрі – ЕПТ), арнайы киім, жеке қорғаныш құралдары Еңбек кодексінің 16-бабының 34) және 35)тармақшаларына сәйкес бекітілген нормаларға (бұдан әрі – Нормалар) сай беріледі.
      3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
      1) арнайы киім – жұмыскерді зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардан қорғауға арналған киім, аяқкиім, баскиім, қолғап, өзге де жеке қорғаныш құралдары;
      2) жеке қорғаныш құралдары – жұмыскерді зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсерінен қорғауға арналған құралдар, оның ішінде арнайы киім;
      3) өндірістік жабдық – машиналар, механизмдер, құрылғылар, аппараттар, аспаптар және жұмысқа, өндіріске қажетті өзге де техникалық құралдар;
      4) ұжымдық қорғаныш құралдары – жұмыс істейтін екі және одан көп жұмыскерді зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсерінен бір мезгілде қорғауға арналған техникалық құралдар.

2. Жұмыскерлерге сүт немесе оған теңестірілген тамақ өнімдері және емдік-профилактикалық тағам беру тәртібі

      4. Сүт пен ЕПТ жұмыскерлерге өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестациялау нәтижелері бойынша кәсіптік аурулар мен уланудың алдын алу, олардың денсаулығын нығайту мақсатында беріледі.
      5. Сүтті бірдей тамақ өнімдерімен жұмыскердің және (немесе) диеталық (емдік және профилактикалық) тамақтануға арналған арнайы өнімдермен алмастыруға жұмыскерлердің келісімімен жол беріледі және ұжымдық шарттың шешімімен немесе жұмыс берушінің актісімен ресімделеді.
      6. Сүт ұзақтығына қарамастан, әр ауысымға (үзіліс уақытында) химиялық заттарды өндірумен немесе қолданумен байланысты жұмыстарда жұмыскердің нақты жұмыс iстеген күндерінде Нормалар бойынша беріледі.
      7. ЕПТ жұмыс басталар алдында таңертеңгі ыстық ас түрінде және ұйымның медициналық-санитариялық бөлімінің келісімімен түскі ас кезінде беріледі. Жоғары қысым жағдайында (кессондарда, барокамераларда, суда жүзетін жұмыстарда) жұмыс істейтін жұмыскерлерге ЕПТ шлюзға өткеннен кейін беріледі.
      8. ЕПТ, сондай-ақ, толық жұмыс күнін құрылыс, құрылыс-монтаж, құрылыс-жөндеу және іске қосу баптау жұмыстарында өткізетін жұмыскерлерге, негізгі жұмыскерлерге, жөндеу персоналына ЕПТ белгіленген ерекше зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін өндірістердегі жабдықтарды тазалауды жүргізетін, жөндеу және консервацияға дайындайтын жұмыскерлерге беріледі.
      9. Сүт және ЕПТ:
      1) жұмыс істемейтін күндері;
      2) демалыс күндері;
      3) қызметтік іссапар күндері;
      4) өндірістен қол үзіп оқу күндері;
      5) сүт пен ЕПТ көзделмеген басқа жерлердегі жұмыстарды орындаған күндері;
      6) еңбек қабілетінен уақытша айрылған кезеңде берілмейді.
      10. Сүт пен ЕПТ өткен уақытқа немесе бірнеше ауысымға алдын ала беруге, сондай-ақ өз уақытында алынбаған сүт пен ЕПТ үшін өтемақы төлеуге рұқсат етілмейді.
      11. Мәзірді жұмыскерлерге тамақ дайындауды жүзеге асыратын ұйым өндірісінің меңгерушісі құрастырады.
      12. Еңбек жағдайының ерекше зияндылығына байланысты жұмыс берушінің есебінен ЕПТ алатын жұмыскерлерге сүт немесе оған теңестірілген басқа да азық-түлік берілмейді.

3. Жұмыскерлерге арнайы киім және басқа да жеке қорғаныш құралдарын беру, оларды ұжымдық қорғаныш құралдарымен,  санитариялық-тұрмыстық үй-жайлармен және құрылғылармен қамтамасыз ету тәртібі



      13. Жеке қорғаныш құралдары жұмыскерлерді жұмысқа қабылдау не басқа жұмысқа ауыстыру кезінде не осы құралдарды пайдалану мерзімінің аяқталуына байланысты беріледі.
      14. Жеке қорғаныш құралдарын пайдалану мерзімдері күнтізбемен белгіленеді және ол жұмыскерге нақты берілген күнінен бастап есептеледі.
      15. Жеке қорғаныш құралдары сертификатталған және киюге ыңғайлы, қозғалуға бөгет жасамайды, жұмыскерлердің өлшемдеріне сәйкес іріктеліп беріледі.
      16. Жеке қорғаныш құралдары (противогаздар, өздігінен құтқарғыштар, сақтандыру белбеулері, масаханалар, каскалар және де өзге де құралдар) жүйелі түрде сынақтан өткізілуге және дұрыстығы тексерілуге, ал қорғаныш қасиеттері төмендеген сүзгіштер, шынылар және өзге де бөлшектер уақытында ауыстырылуға тиіс. Тексеруден кейін жеке қорғаныш құралдарында келесі сынақ мерзімдері туралы белгі (таңба, мөртаңба) қойылады.
      17. Жұмыс беруші жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарына тиісті күтімді ұйымдастырады, жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарын алдын-ала өңдеуді, сондай-ақ оларды жөндеуді уақытында жүзеге асырады.
      18. Еңбек жағдайлары бойынша қажет болған жағдайда, ұйымдарда жеке қорғаныш құралдарын алдын ала өңдеуге арналған кептіргіштер, камералар мен қондырғылар орнатылады.
      19. Жеке қорғаныш құралдарын алдын ала өңдеу және жөндеу жұмыскерлер жұмыстан бос уақытта (демалыс күндері) немесе ауысымаралық үзілістер кезінде жүргізіледі.
      Егер Нормаларда жұмыскерлерге арнайы киімнің екі немесе үш жинақтамасын беру көзделсе, жеке қорғаныш құралдарын алдын ала өңдеу және жөндеу жұмыс уақытында жүзеге асырылуы мүмкін, жұмыскерлерге осы уақытқа жұмыс берушілерде қажетті мөлшерде болуға тиіс арнайы киімнің ауысымдық жинақтамалары беріледі.
      20. Қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін немесе жұмыскерге байланысты емес себептер бойынша белгіленген мерзімінен бұрын жарамсыз болып қалған арнайы киім ауыстырылуға тиіс.
      21. Маусым басталғанда арнайы киім ол алдыңғы маусымда берілген жұмыскерлерге қайтарылады.
      22. Жұмыскерлерге берілген арнайы киімді және басқа жеке қорғаныш құралдарын сақтау үшін жұмыс беруші жұмыскерлерге құрылыстық нормалар мен ережелер, санитариялық-эпидемиологиялық нормалар мен  қағидалардың талаптарына сәйкес арнайы жабдықталған бөлмелер (гардеробтар) береді.
      23. Ұзақ сақтауға тапсыруға дейін арнайы киім кірден тазартылады, кептіріледі, жөнделеді және зарарсыздандырылады.
      24. Осы кезеңге белгіленген жұмыс уақыты нормасын толық орындаған жұмыскерге жуу құралдарының (иіс сабыны, шаруашылық сабыны, жуу ұнтағы) айлық нормасы 500 граммнан төмен емес белгіленеді.
      25. Ұжымдық қорғаныш құралдары, санитариялық-тұрмыстық үй-жайлар мен құрылғылар өндірістік ғимараттар мен құрылыстарды жобалау, салу және реконструкциялау кезінде технологиялық процестерді, машиналар конструкциясын, механизмдерді, жабдықтарды және басқа да өнімдерді ескере отырып, техникалық регламенттерге, стандарттарға және құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкес көзделеді.
      26. Гардероб, душ, жуынатын орынмен, емдік-профилактикалық құралдармен, медициналық қобдишалармен, дәретханамен, жартылай душтар орналасатын орындармен, ауыз сумен жабдықтау қондырғыларымен, арнайы киімді жылытуға немесе салқындатуға, өңдеуге, сақтауға және беруге арналған, басқа да санитариялық-тұрмыстық үй-жайлармен және құрылғылармен қамтамасыз ету тәртібі мен шарттары ұжымдық шарттарда немесе жұмыс берушінің актісінде айқындалады.


© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК


Достарыңызбен бөлісу:


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет