ЖЕТКІНШЕК ЖАСТАҒЫ БАЛАЛАРДЫҢ МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ ПСИХОЛОГИЯСЫ
Балалық шақтан өткен, бірақ ересектікке әлі жетпеген 11-15
жас аралығындағы балаларды психологияда жеткіншек жас кезеңіндегілер деп атайды. Бұл жас кезеңі «өтпелі кезең», «қиын жас», «проблемалы» т.б. көптеген қосымша белгілерге бай. Оның барлығы осы жас кезеңінде жүретін психофизиологиялық процестермен байланысты. Бұл жас аралығында бала ағзасы дамуының бір сатысынан екінші сатысына өтіп, ал әлеуметтік статусы бойынша олар әлі балалық шақта жүрген кезең. Психологияда мұндай құбылыс даму дағдарысы деп аталады.
Ең алғаш осы мәселе бойынша зерттеу жүргізген П.П.Бельский болды, ол өз мінез-құлқы шамасынан ауытқыған, кәмелетке жасы толмаған балаларды қарастырады. П.П.Бельский өзінің 30 жыл уақытын заң бұзушы балалар мен жасөспірімдердің ішкі әлемін зерттеуге арнады. Бірақта оның теориялық позициясы жеткіліксіз болды. Ол Л.И.Петражицкийдің теориясына сүйеніп, З.Фрейд пен К.Левиннен бірталай мағлұматтар алды [5].
Жеткіншек жастағы оқушылардың арасында мінез-құлқында қиындықтары бар оқушылар көптеп кездесіп жүр. Мектеп тәжірибесінде мұндай оқушыларды «мінез-құлқында ауытқулары бар оқушылар», «қиын тәрбиеленуші», «қиын балалар» деп атайды. «Мұндай оқушыларға қандай балаларды жатқызамыз?» деген сұрақ туындайды. Білім деңгейі төмен, тәртібі нашар, сабақтан көп қалатын, мұғалім талабын орындамайтын, адамгершілік деңгейі төмен, құрбыларымен тіл табыса алмайтын, сынып мәселелері қызықтырмайтын, ал кейде психикалық дамуы, ойлау қабілеті кейін қалған, ашуланшақ (әр түрлі жүйке ауруларына шалдыққан, тәрбиеге әрең көнетін) оқушыларды қиын балалар қатарына жатқызуға болады [6].
Жүйке аурулары (невроз) отбасындағы және басқа да әр түрлі қиын жағдайлардың салдарынан болуы мүмкін. Мәселен, кей оқушылар ата-ана тарапынан ешқандай жүрек жылуын көрмей өсіп, осыған мектептегі өз сыныбындағы оқушылардың, мұғалімдердің кері көзқарасы қосылып, ұзаққа созылған қайғыру, ренжулер болса, осындай жағдайлар ауруларына шалдықтырып, баланы ашуланшақ, ызалы қалыпқа түсіреді. Ата-ана тарапынан, мектеп қабырғасынан жылылық сезінбеген оқушы өмірде өзін ешкімге қажетсізбін деп есептеп, уайымға шалдығады, кей оқушылардың ұйқысы бұзылып, түнде қорқынышты түстер көріп, иммунитеті төмендейді [7].
Мінез-қүлқында қиыншылығы бар оқушыларды әдетте екі топқа бөліп қарастырады: біріншісі – тән кемтарлығы және жан жарақаты бар оқушылар; екіншісі - отбасында, мектепте тәрбиелеуден шет қалған, жеке басын қалыптастыруда сыртқы кері факторлардың, әлеуметтік жағдайдың әсері болған және өтпелі кезеңнің күрделілігінен мінезі дұрыс қалыптаспаған оқушылар.
Қиын оқушылардың өскен ортасын, яғни отбасының жай-күйін талдағанда, кейде отбасының өзі бала тәрбиесіне кері әсер беретіні анықталып отыр. Тағы да бір қолайсыз жағдай: бала тәрбиесіне ата-аналардың әртүрлі көзқарасы немесе біреуінің бала тәрбиесінен шет қалуы, яғни, баланың толық емес отбасында тәрбиеленуі.
Ата-анасының мейірімін көрмеген бала көбінесе мейірімсіз, ызалы, құрбыларымен дұрыс қарым-қатынас жасай алмайды, кейде тұйық, шектен тыс мейірімінде өскен бала өзімшіл, нәзік, тым төзімсіз, екі жүзді болуы мүмкін, яғни отбасы тәрбиесі адам өмірінде өте маңызды.
Жеткіншек жастағы оқушылардың мінез-құлқындағы қиындықтардың пайда болу себептерін психологтар отбасында дұрыс тәрбие бермеудің салдарынан болатындығын анықтап, оларды бірнеше түрге бөліп қарастырады: отбасының әлеуметтік, экономикалық жағдайы; баланың рухани дамуына ата-ананың немқұрайлы қарауы; қараусыз бала, қамқорлықтың жеткіліксіздігі; шектен тыс қамқорлық т.б. Мадақтау мен шектен тыс мәпелеуде өскен оқушы ешқандай күш жұмсамай көзге түскісі келіп тұрады. Олар өздігінен ешнәрсеге қол жеткізе алмайды (отбасының еркесі). Үлкендердің эмоциялық қақпайлауы салдарынан кінәмшілдік, өзін қажетсіз санау сезімдері қалыптасады («золушка»-«өгей қыз»). Адамгершілік, жауапкершіліктің шектен тыс жоғары болуы баланы балалық қуанышынан айырып, бойында уайымшылдықтың тууына әкеледі.
Балалардың мінез-құлқында қиындықтардың пайда болу себебі, біріншіден, отбасы тәрбиесі десек, екіншіден, мектептегі оқу-тәрбие жұмысындағы кемшіліктермен сипатталады.
Мұғалім мен бала арасындағы қарым-қатынас баланың ата-анасына және баланың құрбыларына қарым-қатынасын анықтай бастайды. Б.Г.Божович, И.С.Славина бұны эксперименттік түрде зерттеп көрсеткен.
Д.Б.Эльконин мұғалім мен балалардың арасындағы қарым-қатынаста оқушылар өте байқампаз болып келетінін айтады. Егер оқушы мұғалімнің сыныпта басқаларға қарағанда өзіне жақын тартатын оқушысы бар екенін байқаса, онда мұғалімнің оқушы алдында беделі жоғалады. Алғашқы кезеңде оқушылар мұғалімнің айтқанымен жүреді, яғни мұғалімнің айтқаны олар үшін - заң. Егер де мұғалім оқушылардың бәріне бірдей көзқараста болмаса, баланың мұғалімге деген оң пікірі іштей бұзыла бастайды. Мұғалімнің өзгелерден өзіне жақын тартатын оқушысы басқалардан өзін жоғары ұстайды да, соның нәтижесінде «сөз тасығыш» балалар пайда болады. Бала мектепте өзін жақсы сезінсе, онда үйде де, құрбыларымен де қарым-қатынасы ойдағыдай болады.
Бүгінгі таңда әрбір жас адамның жеке тұлға ретінде қалыпасуы үшін, адамға берілген мүмкіндіктерді толық пайдалана алу үшін әрбір адамның психикалық даму ерекшеліктерін ескеру қажет. Осыған орай мектептегі мінез - құлқында қиындығы бар оқушылармен арнайы жұмыстар жүргізу қажет. Үлкендер балалармен дұрыс қарым-қатынас жасай алмайтындықтан, ата-аналардың тәжірибесінің жетіспеуінен балада елестетудің, қиялдау процестерінің жеткіліксіз дамуынан мінез-құлқының қалыптасуында қиындықтар пайда болады.
Адам бойындағы таза қасиеттердің пайда болып қалыптасуына отбасылық ықпалдық алар орны ерекше екендігі ежелден мәлім қағида. Отбасының рухани тірегі ата - ана. Өкінішке орай кейбір реттерде мектептегі тың жаңалықтар мен бағдарламаларды еркін меңгеріп, өмірдің барлық кедергілерінен сүрінбей өтуге бейімділігі бар оқушыларға рухани және материалдық қолдау көрсету ой-өрісі, шамалары жетпейтін ата-аналар да кездесіп қалары сөзсіз.
Мектепке балалалар көбінесе отбасынан мінез-құлқы қалыптасып келеді де, бұдан кейінгі оқу-тәрбие ісі оларға ата-анасы берген қабілеттерін шындау үшін бағытталады. Міне, осы орайда оқушылардың бойындағы жағымды қасиеттерді оятып, жағымсыз мінез-әдеттерді жою талабы психологиялық, педагогикалық іс-әрекеттердің тиімділіктеріне байланысты. Ұстаз мамандардың балалармен тиімді қарым-қатынаста болуы, әсіресе мінез-құлқында қиындығы бар оқушыларға ерекше көңіл бөлуі қажет деп ойлаймыз.
Баланы еркіне жіберу оны ерлікке, батырлыққа үйретсе, тәртіпке бағындыру оны шыдамдылыққа, табандылыққа үйретеді. Баланы еркіне жібермеу оны жасқаншақ, қорқақ етеді. Ал тіпті тізгінсіз қоя беру, оның бар ерігін орындай беру, баланы бейбастық, ессіз тентек етіп шығарады. Дегенмен қиын деген оқушының өзі бұзылған бала емес екенін ескеру керек. Сондықтан «қиын» бала тәрбиесінде мына жайттарды ерекше есте ұстаған жөн:
-
Баланың жас ерекшелігін ескере отырып рухани дуниесін терең зерттеп білу, жүрекпен сезініп, оған қайырымды болу керек.
-
Баланың ішкі дүниесі мен қылықтарын, іс-әрекеттерін және мінезін түсіну үшін оның дамуына қажетті не екенін білу керек.
-
Мейірім мен сүйіспеншілік екі жақты да адамдық сипатқа жеткізетінін ұғыну керек.
-
Психологиялық түзету кезеңінде тек қана төзімділік керек.
5. Тәрбиелік іс-әрекет кезінде сабырлы, ілтипатты, салқынқанды,
ұстамды болу қажет.
-
Баланың саналы түсінгендігіне сенім көрсетіп, әділетті болу керек.
-
Құр уағыз айтып, мезі етіп, жанын жараламай, қателігін үнемі бетіне баспау керек.
-
Орынсыз жазаламау керек.
-
Жан жылуын зәруліктен құтқару, бала құқығымен санасу қажет.
10. Жеке тұлға ретінде дамуына ықпал ету жағын ескеру қажет.
Осы жағдайлардың бәрін ескере отырып, тәрбиеленуі қиын балалардың әрқайсысына әр түрлі қатынас жасау, оларды жеке-жеке бақылап, әрқайсысына арнап жасалған жүйелі тәрбие жұмысын жүргізу қажет. Тәрбиесі «қиын» жеткіншектерді тәрбиелеу - білгірлігі мол факторлы құбылыс, оны іс жүзіне асыруда ата-анаға көмектесу, психологиялық жағынан бақылау педагогтар мен психологтарға, заң қызметкерлеріне жүктеледі.
-
Ахметжанова Н. «Қиын» балалар қылығының қыры //Ұлағат - 2000. - №2. –Б.10-15.
-
Мұсырманова. Ата-ана және мектеп ынтымақтастығы //Қазақстан мектебі -2004 ж. -№11. –Б. 6-8.
-
Иляшева Р.Г. Алкоголизм родителей и здоровье детей. Алматы – 1987. –Б. 39-42.
-
Ш.Парманқұлова «Қиын бала» және отбасы тәрбиесі 2006 №20 мамыр. –Б. 6-10.
Достарыңызбен бөлісу: |