«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі жобасының тұжырымдамасы
-
Заң жобасының атауы
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі – «Кодекс»).
-
Заң жобасын әзірлеу қажеттігінің негіздемесі
Кодекс жобасының тұжырымдамасы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2013 жылғы 25 қыркүйектегі № 1399-4 паб тапсырмасын орындау үшін, сондай-ақ оның «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» (Астана қ., 2014 жылғы 17 қаңтар) Қазақстан халқына жолдауына сәйкес дайындалған. Жолдауда: «Бізге дәстүрлі өндіруші секторлар тиімділігін арттыру маңызды. Бұлар – біздің бәсекедегі табиғи артықшылықтарымыз. Бізге мұнай-газ секторының экспорттық әлеуетін сақтай отырып, басқару, өндіру және көмірсутектерді өңдеудің жаңа тәжірибелері керек. Мұнай мен газ өндірудің ықтимал сценарийлері бойынша түбегейлі шешімге келу керек. Сирек металдардың ғылыми қамтымды салалар – электроника, лазерлік техника, коммуникациялық және медициналық жабдықтар салалары үшін маңыздылығын ескере отырып, оларды игеру ауқымын ұлғайту қажет. Қазақстан геологиялық барлау саласы бойынша әлемдік нарыққа шығуға тиіс. Заңнаманы жеңілдете отырып, бұл салаға шетелдік инжинирингтік компаниялардан инвестиция тартқан жөн» деп атап өтілген. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өткен 2013 жылғы 23 қаңтардағы № 01-7.1 отырыс хаттамасына сәйкес, 2013 жылғы 7 ақпанда № 20-19/04-85//01-7.1 бекітілген «Қазақстан Республикасының 2012 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру міндеттері туралы» Қазақстан Республика-сының Үкіметіне берілген тапсырмаларды орындау бойынша іс-шаралар жоспа-рының 7-тармағында Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігіне (бұрын - Қазақстан Республикасының Индустия және жаңа техно-логиялар министрлігі) Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігімен (бұрын - Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрлігі), Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-мен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп халықаралық нормаларға сәйкес жер қойнауын пайдалану саласындағы барлауға құқықтарды ресімдеу рәсімдерін заңнамалық жеңілдету, сондай-ақ жер қойнауын алып сатарлықты және тиімсіз пайдалануды болдырмау бойынша ұсыныстар енгізу тапсырылған болатын.
Дүниежүзілік банктің және Данди Университетінің (Ұлыбритания) сарапшы-лары жүргізген «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» 2010 жылғы 24 маусымдағы қолданыстағы (кодталмаған) Заңды тәуелсіз талдау инвес-тициялық тартымдылық жағынан алып қарасақ, Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану саласындағы ағымдағы заңнамасы бытыраңқы, көптеген анық еместіктерді қамтиды, жиі өзгерістерге ұшырайды, инвесторлардың түсінуі үшін күрделі, тиімсіз және шамадан тыс реттелгендігін және ең бастысы – біздің еліміздің экономикалық ұйымының ағымдағы нысанына сәйкес келмейтіндігін көрсетті.
Бұл, ең алдымен, көрсетілген саланы құқықтық реттеу командалық және жоспарлы экономикаға негізделген кеңестік тәжірибені мұра етіп алуымен түсіндіріледі және өткен ғасырдың 90-жылдарының басында өзінің туындауынан бастап нарықтық экономиканың шынайылығын елемей, саланың ұзақ мерзімді емес, қысқа мерзімді міндеттеріне сүйене отырып дамыды. Бұл ретте заң шығарушының назары, ең алдымен, кеңес дәуірінде барланған көмірсутек және қатты пайдалы қазбалар кен орындарын игеруге шоғырланған болатын. Басқаша айтқанда, ағымдағы реттеу жер қойнауы мен оның ресурстарын пайдалану бойынша ағымдағы құқықтық қатынастардың, сондай-ақ іс жүзінде қалыптасқан, бірақ осы күнге дейін реттелмей қалып қойған барлық ерекшеліктері мен алуан түрлілігін толық шамада ескермейді. Мұндай қатынастарға, мысалы, пайдалы қазбаларды ынталы түрдегі тәсілмен өндіру, жер қойнауын азаматтық және өнеркәсіптік мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстарды (жер үстіндегі) салу кезінде пайдалану жатады. Одан басқа, көмір қыртыстарынан метан алу, қатпарлы газ бен мұнай, геотермалдық ресурстар сияқты пайдалы қазбалардың дәстүрлі емес түрлерін барлау және өндіру бойынша қатынастар реттелмей қалуда. Көрсетілген қателіктердің орнын толтыру мәселесі ел басшылығының энергетикалық қауіпсіздік саясатын жариялауы аясында одан да өзекті сипатқа ие болуда.
Осылайша, ең алдымен, жер қойнауы туралы Заңды қоса алғанда, жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану саласындағы ағымдағы заңнама өзіне жүктелген алдын ашылған кен орындарын игеруді және қатты пайдалы қазбалар мен көмірсутекті барлау мен өндіруді жалпы реттеу жүйесін қалыптастыру бойынша тарихи миссияны толығымен орындап, жаңа, анағұрлым прогрессивті, кешенді және жүйелі заңнамамен ауыстырылуын қажетсінетіні күмән туғызбайды.
Құқық жүйесінде көрсетілген міндеттер заңнаманың тиісті саласын кодификациялау нысанында жүйеге келтіру (себебі жүйеге келтірудің өзге нысандары – инкорпорация мен шоғырландыру – қойылған міндеттерге сай емес) арқылы орындалады. Кодификациялау қоғамдық практиканың қажеттіліктеріне сай келетін, құқықтық реттеуде жиналған олқылықтарды, қайшылықтарды және кемшіліктерді жоятын жаңа нормаларды белгілейтін, жинақталған кодификацияланған заңнамалық актіні (бұл жағдайда - Кодексті) қабылдауды болжайды. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнаманы кодификациялау жер қойнауын пайдалану саласындағы уақытпен сыналған қолданыстағы нормалардың бірігуін және жүйеге келтірілуін, олардың мазмұнының нақтылануын болжайды. Мұнымен жер қойнауын және оның ресурстарын пайдалануға байланысты туындайтын қатынастарды барынша толық реттеу қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Республикасының инвестициялар және даму министрлігінің (бұдан әрі – Инвестициялар жөніндегі министрлік) пікірінше, Кодексті қабылдау жер қойнауын пайдалану саласын қайта құруға, оны сапалы жаңа деңгейге шығаруға, оны реттеуде кешенді және жүйелі сипат беруге мүмкіндік береді, мұнымен ұзақ мерзімді өсу үшін жағдайлар жасалады.
Кодексті әзірлеу және қабылдау негіздемесі іс жүзінде табиғи ресурстарды пайдалану туралы заңнаманың барлық өзге салалары (жер, орман және су) тиісті кодекстермен реттелетіндігімен расталады. Осылайша, Кодексті қабылдау жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнаманың жеке саласын қалыптастырудың табиғи процесін аяқтайды.
Ақыр соңында, Кодексті қабылдау жер қойнауын қорғау және пайдалану туралы заңнама саласының заңдық мәртебесін табиғи ресурстарды пайдалану және қоршаған ортаны қорғау туралы заңнаманың басқа да салаларының мәртебесімен «теңестіріп» көтеруге мүмкіндік береді. Аталған шара жер қойнауын қорғау және пайдалану туралы заңнама саласына жиі өзгерістер мен толықтырулар енгізуден (себебі «Нормативтік құқықтық актілер туралы» 1998 жылғы 24 наурыздағы № 213 Заңға сәйкес кодекстерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бөлек отырыстарында кейіннен қарау арқылы кемінде екі оқылымда қабылданады) арылтып, белгілі бір тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңға сәйкес біртекті маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық нормалар біріктірілген және жүйеге келтірілген заң кодекс болып табылады. Әзірлеушінің пікірінше, болашақ Кодекс кодификацияланған заңның барлық көрсетілген белгілеріне сәйкес болады. Біріншіден, Кодекс жер қойнауын пайдалануға байланысты қалыптасатын қоғамдық қатынастарды тікелей реттейтін алуан түрлі құқықтық нормалардың бүкіл кешенін қамтиды. Екіншіден, жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастардың біртектілігінің мәні бұл қатынастар сол не өзгеше түрде жер қойнауымен байланысты және соларды ортақ нысана ретінде пайдалану салдарынан туындайтындығында және қолданылатындығында, яғни бір белгімен біріккен, сондықтан олардың біртектілігі күмән туғызбайды. Ақыр соңында, республиканың ЖІӨ-нің жетпіс пайызынан астамы жер қойнауын пайдалану есебінен қалыптасатынын ескерсек, жер қойнауы саласындағы қоғамдық қатынастардың маңыздылығы даусыз.
Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасын, салаға қойылған міндеттерді, сондай-ақ жер қойнауын және оның ресурстарын пайдалану саласындағы қатынастарды реттеудің әлемдік практикасы мен беталысын назарға ала отырып, Кодексті әзірлеу процесі:
-
жер қойнауын геологиялық зерделеуге мемлекеттік инвестициялармен үйлестіре отырып, жер қойнауын пайдалану саласына инвестициялар (шетелдік және ішкі) тарту арқылы республиканың минералдық-шикізаттық базасын молайту жағына қарай мемлекеттік басқару және реттеу жүйесін қайта бағдарлауды;
-
жер қойнауы ресурстарына және өзге де байланысты жұмыстарға қатысты қызметті жүзеге асыру кезінде экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік басымдығын;
-
ең озық әлемдік практика негізінде жаңа құқықтық институттар мен құралдарды енгізуді;
-
мемлекет тарапынан ақталмаған және тиімді емес рұқсаттар мен келісімдерді бірқатарын оңтайландыруды және, мүмкіндігінше, жоюды;
-
құқықтық реттеуде жер қойнауын пайдаланушының, жер қойнауын пайдалануға тиісті құқық алуға үміткер адамның немесе тиісті сарапшылардың жер қойнауын пайдалануының экономикалық жағынан орындылығы мен тиімділігін бағалауды көздейтін нарықтық бағдарланған тәсілдерді енгізуді; және
-
ақыр соңында қатты және көмірсутек пайдалы қазбаларының ресурстары мен запастарын, техникалық-экономикалық өлшемдерді, өзін-өзі реттеуші секторда тәуелсіз салалық және кәсіби ұйымдар мен оларға мүшелердің, Батыс Аустралия мен Канаданың тәжірибесі бойынша, жер қойнауын пайдалану бойынша жұмыстарды жүргізу тәсілдері мен әдістемелерін бағалау жүйесінің жұмыс істеуін болжайтын, жер қойнауын пайдалану саласында өзін-өзі реттеуді дамытуды көздейтін болады.
Осылайша, Кодексте салада инвестициялық климатты жақсарту үшін негізгі маңызы бар мәселелердің барынша ауқымды тізбесін ретке келтіру, жетілдіру және реттеу болжанады. Атап айтқанда, төмендегілерді көрсету ұсынылады.
1. Жер қойнауын пайдалану саласындағы құқықтық реттеу қағидаттары
Қазіргі уақытта жер қойнауын пайдалану саласындағы құқықтық реттеу қағидаттары Жер қойнауы туралы Заңда реттелген. Алайда олардың саны мен мазмұны түжетуді қажетсінеді. Негізгі нормативтік құқықтық акт ретіндегі Кодексте негізінде жер қойнауымен және жер қойнауын пайдаланумен байланысты қатынастарды құқықтық реттеу, оның субъектілерінің мемлекетпен өзара іс-қимылы жүзеге асырылатын қағидаттар жүйеге келтірілетін және бекітілетін болады.
Мысалы, жер қойнауын пайдалану саласындағы қолданыстағы құқықтық реттеу қағидаттары жер қойнауын және оның ресурстарын пайдалану адалдығы презумпциясы қағидатымен толықтырылатын болады.
Адалдық презумпциясы деп жер қойнауын және оның ресурстарын заңда көзделген негіздерде пайдалану, тиісті мемлекеттік орган тиісінше олай емес екендігін дәлелдемейінше, адал деп болжанатын мемлекеттің бастапқы позициясын түсіну керек. Екінші жағынан, аталған презумпция жер қойнауын және оның ресурстарын адал пайдалану міндетін түсіндіреді.
Бұл ретте Заңда көзделген жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргізу жариялылығы қағидаты «мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен ақпаратқа қолжетімділік» қағидатымен ауыстырылады. Аталған қағидат мемлекеттік органдардың кез келген мүдделі тұлғалардың:
-
жер қойнауын пайдалану құқығын беру шарттары туралы ақпаратқа;
-
жасалған келісімшарттар және берілген лицензиялар бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру шаттарының орындалуы туралы ақпаратқа;
-
мемлекеттік органдардың жер қойнауын пайдалану құқығын беруге, өзгертуге және тоқтатуға қатысты шешімдеріне;
-
жер қойнауын пайдалану құқығы туындайтын құжаттарға;
-
құпия болып табылмайтын және мемлекеттік құпияларға жатпайтын геологиялық ақпаратқа; және
-
жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық және лицензиялық шарттарды орындағаны туралы есептерге кедергісіз, оның ішінде тиісті Интернет-ресурстар арқылы қолжетімділігін қамтамасыз ету міндетін көздейді.
Реттеудің құқықтық қағидаттары арасында «жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану» қағидаты жеке назар аударуды талап етеді. Аталған қағидаттың негізгі аспектісі өнеркәсіптік қауіпсіздіктің экологиялық нормалары мен қағидаларын сақтай отырып, жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүргізудің экономикалық жағынан орындылығы болуы керек. Бұл ретте аталған орындылықты жер қойнауын пайдаланушының өзі тиісті мемлекеттік органдар, комитеттер немесе комиссиялар тарапынан ұсынымдар, нұсқаулар немесе келісімдер алу қажеттігін жоя отырып, нарықтық жағдайды ескере отырып айқындайтын болады.
Алайда жер қойнауын пайдаланушылардың қызметіне қойылатын бұлжымас талап жер қойнауын адам мен қоршаған орта үшін қауіпсіз пайдалануға мүмкіндік беретін әдістер мен технологияларды міндетті түрде пайдалану болуға тиіс.
Сонымен қатар жалпыәлемдік практикаға сәйкес жер қойнауын пайдалану кезіндегі аталған қағидаттың мазмұны белгілі бір жағдайларда қосымша аспект – тиімділікті қамтуға тиіс. Мысалы, көмірсутекті пайдалы қазбаларды өндіру экономикалық жағынан орындылықтан басқа, жер қойнауынан барынша ықтимал көрсеткіштерді алуға қол жеткізуге бағдарлануға тиіс болуы болжанады. Сондықтан тиісті жер қойнауын пайдаланушыларды тиісті жалпы танылған және әлемдік беделді салалық институттар мен қауымдастықтар ұсынған, көмірсутек өндіру бойынша жұмыстарды жүргізудің экономикалық жағынан ақталған, оңтайлы әдістерді (“good oilfield practices”, “best practices for coal seam gas recovery and utilization”) қолдануға міндеттеу ұсынылады.
Жоғарыда тізбеленген қағидаттар Кодексте тиісті нормалар аясында бекітілетін болады.
2. Жер қойнауын пайдалану саласын мемлекеттік әкімшілендірудегі әдістер мен тәсілдер
Жоғары көрсетілген қағидаттарды негізге ала отырып, Кодексте саланы мемлекеттік әкімшілендіруде жаңа әдістер мен тәсілдер бекіту болжанады.
Мысалы, саланы реттеуге қатысатын мемлекеттік органдардың барынша толық өкілеттіктері мен міндеттері көзделетін болады, олар барынша негізделуіне қарай, былайша айтқанда, «дискрециялылықты» (яғни, құқықты лауазымды адамның қарауы бойынша қолдану мүмкіндігі) жояды.
Кодексте көзделген құқықтарын іске асыруға ниеті бар тұлға белгіленген міндеттемелерді орындағанда, мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдауы немесе әрекеттері міндетті болуға тиіс. Бұл тәсілді, мысалы, барлау немесе өндіру мерзімдерін ұзарту кезінде, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушының іске асырылуы белгілі бір шарттардың орындалуына байланысты өзге де құқықтарды пайдалануға ниеті болған кезде қолдану ұсынылады.
Мемлекеттік органдардың көзделген шараларды және шешімдерді қабылдауы жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдаланудың қабылданған немесе көзделген шарттарын бұзу жағдайларында да міндетті болуға тиіс.
Сол уақытта белгілі бір жағдайларда (мысалы, қатты пайдалы қазбаларды барлау кезеңінде сынамаларды іріктеу, тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру лимитін асыруға рұқсат беру жағдайында) мемлекеттік органдардың алдын ала жазылған мерзімдерді сақтамауы «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңда белгіленген тәртіпке ұқсас тиісті келісуді немесе бекітуді білдіруге тиіс.
Жоғарыда баяндалған әдіске қосымша ретінде «көрсеткіштер негізінде регламенттеу» деп аталатын әдісті көздеу және енгізу болжанады.
Жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік қадағалау мен бақылау жер қойнауын пайдаланушы сәйкес болуға тиіс қадамдық процестерге назар аудармауға тиіс, алайда жер қойнауын пайдаланушының белгілі бір нәтижелерге қол жеткізуін көздейтіні осы әдістің мәні болып табылады.
Мұндай тәсіл жер қойнауын пайдаланушыларға технологиялық және әдіснамалық шешімдерді қолдану кезінде еркіндік береді. Жер қойнауын пайдаланушы мемлекет тарапынан қосымша келісімдерсіз, нұқсауларсыз және ұйғарымдарсыз, жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды қалай жүзеге асыруды, белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізу үшін қандай технологияларды, техника мен әдістерді пайдалануды өз бетінше шеше алатын болады. Мұндай көрсеткіштерге, мысалы: көмірсутекті пайдалы қазбаларды алудың коэффициенті, қатты пайдалы қазбаларды барлауға және өндіруге шығыстардың аз көлемі, қоршаған ортаның ластануы көрсеткіштері бола алады.
Көрсетілген әдісті енгізу Қазақстанда бұрын қолданылмаған трансфертке, жаңа тиімді әрі қауіпсіз технологиялардың жасалуы мен пайдаланылуына мүмкіндік бере отырып, жер қойнауын пайдалану саласын шамадан тыс және ақталмаған мемлекеттік реттеуден «жеңілдетуге» септігін тигізеді деп болжануда. Сондай-ақ Кодексте мемлекеттік органдардың жер қойнауын пайдаланушылардың лицензиялық және келісімшарттық шарттарды орындауын бақылауды жүзеге асыру рәсімдері реттелетін болады.
3. Жер қойнауын басқару бағдарламасы
Халықаралық сарапшылардың ұсыныстарын назарға ала отырып, жер қойнауын басқаруды ретке келтіру мақсатында, сондай-ақ минералдық-шикізаттық базаны молайтуды ынталандыру үшін Кодексте жер қойнауы учаскелерін беру рәсімдерін ретке және жүйеге келтіруге және учаскелерді геологиялық зерделеу тұрғысынан саралау негізінде жер қойнауын геологиялық зерделеу басымдықтарын айқындауға бағытталған тетікті көздеу жоспарлануда.
Осыған байланысты жер қойнауын зерттеу және пайдалану саласындағы уәкілетті органға жер қойнауын геологиялық зерделеу және жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары мен басымдықтары бекітілетін, жер қойнауын басқару бағдарламасын әзірлеу және қабылдау жөніндегі өкілеттіктерді беру ұсынылады.
Жер қойнауын басқару аумақтарды (жер қойнауы учаскелерін) олардың геологиялық зерделену дәрежесі бойынша бағаланған (барланған), перспективалық және аз зерттелген учаскелер деп бөлуді көздеуге тиіс. Бағдарламада жер қойнауын геологиялық зерделеу жүргізу арқылы аз зерттелген аумақтарда геологиялық барлауға инвестициялар тартуды ынталандыру саясатын жүргізу ұсынылады. Геологиялық деректерді алу және (немесе) инвесторлар тарапынан қызығушылықтың болуы (болмауы) шамасына қарай аумақтар бір санаттан екінші санатқа ауыстырылатын болады, тиісінше геологиялық зерделеу саясаты құрылады.
Өз кезегінде, геологиялық зерделеу кешенді геологиялық ақпаратты алу және жер қойнауын коммерциялық пайдалану үшін ақпараттық негізді құрайтын геологиялық карталарды жасау мақсатында өңірлік геологиялық зерттеумен, геологиялық түсіру және геофизикалық жұмыстармен; жер қойнауын зерделеу және пайдалану саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулермен; жер қойнауының жай-күйін мониторингілеумен шектелуге тиіс. геологиялық зерделеудің барлық қалған кезеңдері коммерциялық негізде жүзеге асырылатын барлаудың айрықша құзыреті болуға тиіс.
Одан басқа, пайдалы қазбаларды барлауға, жер қойнауын геологиялық зерделеу жүргізуге, сондай-ақ жер қойнауы учаскесін идентификациялауға құқық беру процесін ретке келтіру және жеңілдету үшін республиканың бүкіл аумағы шартты түрде блоктарға бөлінеді деп көзделуде. Блоктың жақтары координаттардың географиялық жүйесіндегі бойлық пен ендіктің бір минутына тең болады. Жер қойнауын барлау және геологиялық зерделеу үшін берілетін жер қойнауының учаскесі блоктардың белгілі бір санынан тұратын болады. Бір келісімшарт немесе лицензия аясындағы блоктардың ең көп саны шектеулі болады.
Сонымен қатар аумақтық мәселелерді икемді реттеу қажеттілігін назарға ала отырып, жер қойнауы учаскелерін барлау кезеңінде де, өндіру кезеңінде де бөлуді және біріктіруді көздейтін, келісімшарттық және лицензиялық аумақтарды қайта құрудың жетілдірілген тетігі көзделетін болады.
4. Жер қойнауын геологиялық зерделеу
Кодексте жер қойнауын геологиялық зерделеуге жеке инвестицияларды тартуға бағытталған тетікті көздеу болжанады.
Қазіргі уақытта жер қойнауын геологиялық зерделеуге инвестициялар үшін негізгі кедергі жер қойнауын геологиялық зерделеуді өз есебінен және тәуекел ете отырып жүргізетін мердігердің мүмкіндігінің болмауы және салынған қаражаттан пайда алуы болып табылады.
Осыған байланысты Кодексте мемлекет өзі төлейтін және барлық геологиялық тәуекелдерді өзіне алатын, жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерделеу жүргізуге қолданылатын шартпен қатар жеке адамдардың есебінен қаржыландырылатын жер қойнауын геологиялық зерделеуге шарттар жасау мүмкіндігін тікелей көздеу болжануда. Бұл ретте мемлекет қаржыландырмайтын мұндай геологиялық зерделеу екі нысанда көзделетін болады.
Бірінші нысанға сәйкес, жер қойнауын өз есебінен және тәуекел ете отырып, геологиялық зерделеу жүргізетін мердігер геологиялық зерделеу нәтижесінде өзі алған геологиялық ақпаратты мемлекетке беруге міндеттенеді, ал мемлекет, өз кезегінде, аталған ақпаратты 3-5 жыл бойы құпия негізде сақтауға міндеттенеді. Көрсетілген кезең өткеннен кейін геологиялық ақпарат (қайталама) барлығына қолжетімді болады. Алайда оны сақтау кезеңінде (құпиялылық кезеңі) мердігер эксклюзивті негізде геологиялық ақпаратты кез келген мүдделі тұлғаларға өткізуге құқылы болады. Мұндай тұлғалар ықтимал жер қойнауын пайдаланушылар немесе олардың үлестес тұлғалары болып табылатыны айқын. Екінші жағынан, мұндай мердігерлер қалауы бойынша аталған геологиялық ақпаратты өздерінің инвестициялық мүдделерінде пайдалана алады. Осындай нысандағы геологиялық зерделеу, сондай-ақ мемлекет қаржыландыратын геологиялық зерделеу үшінші тұлғалардың геологиялық зерделеу аумағының шегінде пайдалы қазбалардың қатты, көмірсутекті, кеңінен таралған және басқа да түрлеріне қатысты жер қойнауын пайдалану құқығын алуға құқықтарын шектемейтінін атап өту маңызды. Оның үстіне, Кодексте тараптар келіскен баға бойынша келтірілген залалды өтеуді көздейтін, жалпы жария сервитут тәртібімен өзге жер қойнауын пайдаланушылар алған учаскелерде жер қойнауын геологиялық зерделеу жүргізуге мердігерлердің құқығы көзделетін болады. Мұндай келісімге келмеген жағдайда бағаны сот белгілейді.
Жеке адамдардың есебінен және тәуекел етуімен қаржыландырылатын жер қойнауын геологиялық зерделеудің екінші нысаны пайдалы қазбаларды барлауға және өндіруге құқықтар беру мақсатында айналыстан уақытша «алып қойылған» үлкен аумақтарда осындай зерделеуді жүргізуді көздейтін болады. Мұндай «алып қою» 2 жылдан (яғни, 2 маусымнан) аспауға тиіс. Бұл ретте осындай геологиялық зерделеу жүргізген мердігер геологиялық зерделеу аумағының шегінде орналасқан, өзі таңдап алған жер қойнауы учаскелерінде басым тәртіппен жер қойнауын пайдалану құқығын алуға сене алады. Екінші жағынан, мұндай тетікті іске асыру мемлекетке мердігердің қаражаты есебінен және тәуекел етуімен осындай геологиялық зерделеудің нәтижесі болған жер қойнауы туралы геологиялық ақпаратты алуға мүмкіндік береді. Геологиялық зерделеудің аталған нысаны Қазақстанда бұрын Солтүстік-Каспий консорциумы аясында ойдағыдай сыналған.
Сонымен қатар Кодекстің геологиялық зерделеу сияқты жер қойнауын пайдаланудың осындай түрінің ерекше құқықтық режимі туралы ереже бекітілуге жатады. Өткен жылдардың практикасы мемлекеттік органдар жер қойнауын геологиялық зерделеумен айналысатын мердігерлерге коммерциялық барлауға ғана тән талаптарды жиі қолданатынын көрсетті.
5. Геологиялық ақпаратқа қолжетімділік
Барлауға инвестиция тарту бойынша көшбасшы болып табылатын елдердің (Австралия, Канада, АҚШ, Норвегия және басқалар) тәжірибесі инвесторлар үшін жер қойнауының тартымдылығы талаптарының бірі, уақытша құпия болып табылатын немесе мемлекеттік құпияларға жататын ақпаратты қоспағанда, геологиялық ақпаратқа ашық қол жетімділік болып табылатынын көрсетеді. Мемлекет сапалы геологиялық ақпаратты көп берген сайын, инвестор үшін геологиялық тәуекел аз, демек, мұндай жер қойнауы инвесторлар үшін соншалықты тартымды. Бұл бастама Дүниежүзілік банк пен ЭЫДҰ сарапшыларының ұсынымдарына негізделген, себебі Қазақстан республикасында тартымды инвестициялық климаты қалыптастыру үшін негізгілердің бірі болып табылады.
Кодексте барлық ықтимал инвесторлар үшін геологиялық ақпаратқа ашық қол жетімділікті қамтамасыз ету тетіктері бекітілетін болады. Ашық қолжетімділікті Интернет жаһандық желісіне қосылған тиісті электрондық жүйе арқылы қамтамасыз ету жоспарлануда.
Өз кезегінде, геологиялық ақпаратқа қатысты жер қойнауын зерделеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті органға геологиялық ақпаратты жинауды, жүйелеуді, өңдеуді және сақтауды қамтамасыз ету, оған ашық қол жеткізуді беру бойынша функция бекітілетін болады.
Қазіргі уақытта «жер қойнауындағы ресурстық әлеуетті, баланстық қорларды ашатын мәліметтер немесе тұтастай пайдалы қазбалардың жекелеген түрлерін өндіру туралы деректер» мемлекеттік құпия болып табылады, ілеспелі заң жобасының тұжырымдамасында пайдалы қазбалардың кейбір ерекше бағалы түрлеріне қатысты белгілі бір ықтимал алып қоюларды ескере отырып, көрсетілген мәліметтерді мемлекеттік құпия санатынан алып тастау бойынша шаралар көзделетін болады.
Достарыңызбен бөлісу: |