Жасөспірімдердің девиантты мінез-құлқының алдын-алу



Дата11.11.2017
өлшемі69.46 Kb.
Сүлейменова Гүлжазира Тажмағамбетқызы

психология магистрі,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

психология кафедрасының аға оқытушысы

Астана қаласы
Жасөспірімдердің девиантты мінез-құлқының алдын-алу.
Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғанына биыл 20 жыл толды. Еліміз егемендігін алып, дүниежүзілік өркениетке ұмтылу барысында өскелең ұрпаққа дұрыс тәлім - тәрбие беру халықтың жарқын болашағын меңзейді. Ұрпақты дана да, тәрбиелі етіп тәрбиелеу үшін – оның тұлғалық ерекшеліктерін қалыптастыру қажет.

Дүниедегі ең бағалы асыл байлық - адам. Ол барлық әлеуметтік қозғалыстар мен қимыл әрекеттің негізі, жер шарындағы небір ғаламат табыстардың қайнар көзі, ақыл-ой туындылардың құдіретті иесі.

Адамды сипаттағанда алдымен мінезін ескереді. А.С.Макаренконың айтуынша адамның жаман мінезі басқаларға тікенектей қадалып, жараласа, оның өзі де шөңге кіріп кеткендей сыздатып, қинайды деген болатын. Жалпы ата-аналар балаға тәлім-тәрбие берумен бірге олардың бойында ақыл-қайрат, білім-тағылым алу, мінез-құлқының дұрыс қалыптасуына үнемі көңіл аударып, жете мән беріп отырғаны дұрыс.

Мінез-адамның генетикалық ерекшеліктеріне байланысты болып, өмір жағдайларына сәйкес және солардың ықпалымен байқалып отыратын тұрақты психологиялық ерекшеліктердің жиынтығы. Адамның өзінің мінез-құлқына бақылау жасау арқылы мінездегі мінін түзетуге, жағымсыз әрекет, дөрекі мінездерден өзін тиып ұстауға болады. Мінез-құлық адамның өзіне, маңайындағы басқа адамдарға, тапсырылған іске қалай қарайтынынан байқалады. Мінез, тәрбие – жан иесіне тиісті азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек көрсету деген сөз.(М.Жұмабаев)

Мінез құрылымының компоненттерін, оның тұлғалық ерекшеліктері мен айналасындағы әлеуметтік ортаның ықпалына икемделе құрылатынына талдама жасаған Б.Г.Ананьев, А.Г.Ковалев, Н.Д.Левитов, В.С.Мерлин, В.Н.Мясищев, Ю.А.Самарин, И.В.Страхов және т.б. ғалымдар.

Жасөспірімдік шақтың адамның қалыптасуындағы ерекше жас ерекшелік сатысы ретінде айқындалуы ХІХ ғасырдың екінші жартысында басталды. Жасөспірімдік бұл балалық шақтан ересектер әлеміне өту сатысы, ол эмоционалды жағынан мазмұнды болғандықтан, жасөспірімдік дағдарыстың негативті белгілері көріне бастайды.

Жасөспірім өзін, өзінің мүмкіндіктерін және жеке дара ерекшеліктерін түсінуге ұмтылады, өзінің басқа адамдармен ұқсастығын және олардан айырмашылығын тапқысы келеді. Құрбыларымен қарым-қатынас жасау өзі туралы адекватты түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді. [4]. Э.Эриксон бойынша құрбыларының арасында болу жасөспірімдерге саяси, әлеуметтік, экономикалық және діни идеологиялық жүйелердің әсерін сезінуге мүмкіндік береді. Құрбы-құрдастарымен көп уақытын өткізген жасөспірімдер мінез-құлқының бағыттылығын қалыптастырады, кейде ол девиантты, бұзылған болады.

Қазіргі таңда зерттеушілер арасында девиантты мінез-құлық мәселесіне деген қызығушылықтар көптеп байқалуда. Девиантты мінез-құлықты ғылыми зерттеу психология, криминология, психопатология, әлеуметтану ғылымдарында жүзеге асуда.

Балалармен, жасөспірімдермен, жеткіншектермен жұмыс жасайтын психологтардың, әлеуметтік педагогтардың, әлеуметтік жұмыскерлердің негізгі міндеті олардың мінез-құлқында кездесетін жағымсыз ауытқулардың алдын алу болып табылады.

Девиантты мінез-құлықтың алдын-алу – бұл индивидке әлеуметтік ортаның жағымсыз факторларының әсерін жоюға және олардың қалыпты өмір деңгейін қорғауға, денсаулығын сақтауға және қолдау көрсетуге бағытталған әлеуметтік, әлеуми-психологиялық, педагогикалық және медициналық ғылыми негізделген және дер кезінде қолданылған кешенді шаралардың жиынтығы. Девиантты мінез-құлықтың алдын-алу шаралары жалпы және арнайы болып бөлінеді. Жалпы алдын алу шаралары жеке тұлғаның әлеуметтену процесінің қалыпты өтуі үшін психолого-педагогикалық, әлеуметтік-психологиялық жағдайларды жасауға бағытталған бірқатар ескерту шараларын жүзеге асыру болып табылады. Арнайы алдын-алу шаралары нақты тапсырмаларды шешуге бағытталған шара қолдану жүйелерін жүзеге асыру болып табылады: наркомания, делинквентті мінез-құлық, қараусыз қалу, балалық-жеткіншектік жезөкшеліктің алдын – алу шаралары және т.б. [3].

Девиантты мінез-құлық саласындағы алдын-алу жұмыстарын мынадай басты бағыттарға бөлуге болады:

- Адамдардың материалды және рухани қажеттіліктерін толығымен

қанағаттандыруда әлеуметтік-экономикалық, мәдени-тәрбиелік және басқа да тапсырмалардың жалпы мемлекеттік және аймақтық деңгейде шешілуі;


әлеуметтік –педагогикалық шараларды жүзеге асыру;

  • Нақты адамның мінез-құлқындағы девиацияны ескерту мен түзетуге

бағытталған индивидуалды тәрбиелік - алдын-алу шараларын өткізу.

Девиантты мінез-құлықтың алдын-алу түрлері болып:



  • Алғашқы алдын-алу шаралары, бұл ауытқыған мінез - құлықтың

қалыптасуына негативті әсер ететін факторларды тоқтатуға арналған шаралар;

  • Екінші алдын-алу шаралары, бұл өмірдің қиын жағдайында қалған

девиантты мінез-құлықтағы жасөспірімдерге бұдан да жаман іс-әрекеттерге, заң бұзушылыққа, қылмыстарға жол бермеуге, дер кезінде көмек көрсетуге бағытталған әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, құқықтық шаралар жиынтығы.

Девиантты мінез-құлықты алдын-алудың ерекше түрі, кейде үшінші алдын-алу деп те атайды, жазаларын өтеп қамау орындарынан шыққан жасөспірімдерге қайтадан қылмыстық іс-әрекеттер жасамауына бағытталған әлеуметтік, әлеуметтік-психологиялық және құқықтық шаралар. [5].

Жасөспірімдердің девиантты мінез-құлқын алдын-алу процесі әртүрлі әлеуметтік институттар кешені арқылы жүзеге асады. Алдын –алу шараларымен отбасы, мектептен тыс демалыс мекемелері (спорттық секциялар, клубтар және т.б.) сияқты әлеуметтік институттар да айналысады. Олардың алдын-алу шаралары жасөспірімдерге қоғамда қабылданған тәсілдермен өздерінің қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік беруге және жағдай жасауға бағытталған, сонымен қатар, индивидке өмірлік субъективті қиын жағдайларда дер кезінде кәсіби көмектер көрсету.

Билікті орындау органдарына қарасты кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссиялар, уақытша қамау орталықтары, кәмелетке толмағандардың бейімделу және оңалту орталықтары, әлеуметтік орталықтар және т.б. сияқты әлеуметтік институттар отбасында қауіп-қатерлі қиын жағдайлар болған жасөспірімдерге қолдау көрсетуге, сонымен қатар, қараусыз қалған және басқа да қиын жағдайда қалған балаларға көмек көрсетуге арналған. [1].

Соңғы кездері балаларға ата-аналар тарапынан көрсетілген қысым, отбасындағы зорлық-зомбылық, аяусыз, қатал қарым-қатынастары, түрлі конфликтер балалардың мінез-құлқының бұзылуына әкеліп соқтыруда. Соның салдарынан балалардың үйден қашуы мәселесі соңғы жылдары отбасының өзекті мәселесіне айналды.

Конфликт салдарынан балалардың үйден қашу мәселесіне орай психологтардың ата-аналарға кеңес беруіндегі негізгі принциптерді көрсетуге болады



  1. Ата-аналар күш қолдану, қорқыту сияқты іс-әрекеттерді тоқтатуы

қажет, бұл тек қарым-қатынасты одан сайын нашарлатып, конфликтіні тереңдете түседі;

  1. Ата-аналар баласы кез-келген уақытта өз үйіне қорықпай келетіндей

атмосфера жасауы керек. Олай болмаған жағдайда амалсыз уйде қонбаудың салдары тек қана қаңғыбастықтың мүмкіндігін күшейтуі мүмкін.

  1. Ата-аналарға балалары олардан қорықпайтындай және олардан көмек

сұрай алатындай, өздерінің шынымен көмектесе алатынына күмән келтірмейтіндей жағдай жасау керек. Бала мәселенің шешімін үйден қашып даладан іздемейтіндей жағдай жасау;

  1. Ата-аналар өздерінің балаларына ақыл айтуды тек қана эмоционалды

жылы қарым-қатынастарын қалпына келтіргенде ғана айта алады, әйтпесе бұндай жаста балаға әсер ету мүмкіндігінен айырылуы мүмкін;

  1. Ата-ана өзінің қадірін түсіндіру үшін, баласының сыйлауына ие

болуы үшін өзінің физикалық және рухани денсаулығын қалпына келтіру керек;

  1. Ата –аналарға олардың баласының мінез-құлқындағы өзгерістер сол

сәттен болмайтындығын түсіндіру керек, бұл жерде өздерінің баласының мінез-құлқын өзгертуде ата-аналарға негізгі рөлді өздері ойнауға тура келетіндігін түсіндіру;

  1. Өзінің баласына көмектесуі үшін ата-аналар қазір болмаса да,

болашақта көмектесе алатындығына көзі жетіп нық сенімді болуы керек.

Осы жерде келтірілген принциптер психологтардың көзқарасы бойынша универсалды деп есептеледі, осылардың негізінде ата-ана мен жасөспірімдер арасындағы әртүрлі конфликтілер шешімін табуы мүмкін. [2]

Баланың мінезін қалыптастыруда оның теріс істері мен қылықтарын кезінде көре біліп, ретіне қарай оған түрлі жаза қолданып отырған да жөн. Жазалауды да мадақтау сияқты ептілікпен, ерекшік байсалдықпен қолдану қажет. Әділ жазалау баланы қатты ойландырып, мінез-құлқын өзгерте бастауға себепші болады. Орынсыз жаза баланы ашулы, ызақор, кекшіл, қасарыспа, не қорқақ, селсоқ күйге түсіруі мүмкін.

Қорытындылай келе, жасөспірімдердің ауытқулы, агрессивті немесе тұйық мінез-құлқы біздің заманымыздың бірден бір өзекті әлеуметтік, психологиялық мәселесі болып табылады. Бізді мазалап отырған жәйт жасөспірімдердің ортадан ығыстырылуы, шамадан тыс мазасыздық, рухани азғындық мәселесі ғана емес, олардың қаталдығы мен агрессивтілігі болып отыр. Жасөспірімдердің девиантты мінез-құлқы ата-аналардың жан күйзелісі ғана емес, құрдастары жағынан жәбір көрген жасөспірімдердің өздерінің жан күйзелістерінің көзі болып отыр.


Қолданылған әдебиеттер:

  1. Акатова Н.С. Профилактика злоупотребления наркомании в учебных заведениях. Психология и педагогика в образовательной и социальной сферах. М, 2002.

  2. Березина С.В. Предупреждение подростковой и юношеской наркомании и алкоголизма. М.:Изд-во Института психотерапии, 2003.

  3. Гилинский Я. Девиантология: Социология преступности, наркотизма, проституции, самоубийств и других «отклонений». Спб,2004.

  4. Гиндикин В.Я. Юношеские психопатии и алкоголизм. М.,Медицина,1990.

  5. Шнейдер Л.Б. Девиантное поведение детей и подростков. М, Академический Проект, 2005.





Достарыңызбен бөлісу:


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет