ӘОЖ: 582.711.713 (043)
Утаубаева А.У. − биология ғылымдарының кандидаты, доцент, М.Өтемісов атындағы БҚМУ E-mail: wksu.biology@gmail.com Кайсагалиева Г.С. – биология ғылымдарының кандидаты, доцент, М.Өтемісов атындағы БҚМУ E-mail: gusm_@mail.ru Тайрова А.А. − М. Өтемісов атындағы БҚМУ магистранты E-mail: aselek_15.90@mail.ru
ЖАС ТАБИҒАТТАНУШЫЛАРМЕН ЖЕРСІНДІРІЛГЕН ӨРІК АҒАШТАРЫН ОТЫРҒЫЗУ ЖӘНЕ КҮТУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗУДІҢ ӘДІСТЕМЕСІ
Аннотация. Мақалада Батыс Қазақстан облысының құрғақ дала зонасы жағдайындағы өрік ағашын отырғызу мен күтудің жас табиғаттанушыларға арналған әдістемесі қарастырылған.
Тірек сөздер: Жерсіндірілген өрік ағашы, жас табиғаттанушы, ізденімпаздылық, дағды.
Батыс Қазақстан облысының құрғақ дала зонасы жағдайындағы өрік (Armeniaca L.) - жас мәдени ошақ болып табылады, ол осыдан 15-20 жыл бұрынғы мерзімде Ресейдің Орынбор және Волгоград облыстарынан біздің өңірімізге тұқым ретінде келіп таралды. Орынбор және Волгоград облыстарының территориясына бұл өріктің келу тарихы Шығыс Еуропалық ошақтарымен тығыз байланысты. Өрік өсіретін солтүстік аймақта, соның ішінде солтүстік Украинада, Ресейдің орталық аймағында ең көне ассортименттері Еуразияның сыртқы бөліктерінде батыс бөлігінде (Шығыс Еуропада) және шығыста (Қиыр Шығыс Маньчжурияда) қалыптасқан. Бұл ошақтар жас және түрлік құрамы бойынша айқын ажыратылады. Бастапқы Шығыс Еуропалық ошақтары ежелгісі болып саналады, генофондтың негізінен туындаған, кәдімгі өріктің (Armeniaca vulgaris Lam.) табиғи (жабайы өсетін), реликті сипатына ие. Ошақтың пайда болуы біздің эрамыздың басына сәйкес келеді, ал ол Еуропа тайпаларымен байланысты, гректің ұлттық-дако-фраккиялық селекционерлерімен, туыстық тайпалары арқылы жабайы мәдени дақыл болып енген. Ежелгі іріктемені ескере отырып, «бұрынғы өрік Еуропаның оңтүстігінде өсірілді»,− деп қарауға болады. Қазір мәдени ошақтары Солтүстік Украина, Шығыс Белоруссия, оңтүстік Ресей аймақтарыңа (Ростов, Воронеж, Астрахань, Волгоград, Саратовтың оңтүстік облыстары және т.б), Орал маңы (Орынбор облысы) территориясымен шектеседі. Соңғы ақпараттар бойынша, жергілікті өріктің көптүрлілігі, жиі жабайысы, аз зерттелгені Солтүстік Ростов облысына келеді. Бұл ескі ошақтарынан, атақты совет селекционерлері Н.Ф. Кащенко, М.М. Ульянищевтің шәкірттері мен ізбасарлары қысқа шыдамды Украина, Ресейлік сұрыптарын тауып алды. Мына ошақтың мәні, Орынборда бiрiншi тұқымдық жергілікті интродукцияның қысқа шыдамды жергiлiктi майда өрiктердi алуға сәттi болатыны байқалды. Бұл іріктемелер Киев ауданынан шығып, халықтық сұрыптау процесіне тез бейімделе отырып, Орынбор ассортименттерінің негізін қалады [1]. Соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысының территориясында, атап айтсақ қала маңы өңіріндегі саяжайларда, қала ішіндегі тұрғылықты үйлер аулаларында, тіпті күн радиациясы көп түсетін аудандар территориясында (Жәнібек, Бөкей Орда) өрік ағашы көптеп өсуде. Сол себептен де, жас табиғаттанушылардың бұл пайдалы жеміс ағашын өсіру, күте білу тәрізді пайдалы іс-шараларды білуінің маңызы өте зор. Өрік (Armeniaca L.) – раушангүлдер тұқымдасы, сүйекті жемістер тобына жататын өсімдік. Жабайы түрі Қазақстанның Жоңғар Алатауында кездеседі, сонымен қатар Шығыс, Орта Азия, Кавказ аймақтарында таралған. Еуропаға өрік Армениядан келгендіктен, «өріктің отаны» деп саналған. Латынша «armeniacus» деп аталуы да осы себептен. Ал француздар өріктің атауын өз ыңғайына келтіріп «abricot» атын берсе, соңғы атауы немістердің «Abrikosse» сөзінен алынып, орысша «Абрикос» аталып кеткен. Өріктің 8-ге жуық түрі, 20 жуық сұрыпы бар. Қазіргі кезде өрік барлық тропикалық және субтропикалық аймақтарда өсіріледі. АҚШ-та, Австралияда да өседі. Өрікті экспортқа ең көп көлемде шығаратын Иран мен Түркия. Раушангүлділер (Rosaceae) тұқымдасы Жер бетінде кең таралған үлкен тұқымдас (3 мыңға жуық түрі бар); әсіресе қоңыржай климаттық белдеудің өсімдік жамылығысындағы рөлі ерекше. Қазіргі кезде өріктің туыстық шығу тегі туралы бірқатар көзқарастар қалыптасқан. Карл Линней 1753 жылы Prunus туысына жататын өріктің екі түріне сипаттама берген: P. аmericana L. және P. sibirica L. Бұл көзқарас қазіргі таңда көптеген англо-американдық ботаниктер және басқа елдердің ғалымдары арасында пікірталас тудыруда. Қазіргі таңда Prunus туысы өкілдерінің саны 200 түрден астам. Өрік ағашының биіктігі 5-12 м, кейде тіпті бұтатектес өсімдік. Сұрыпына қарай жапырағы жұмыртқа, жүрек, домалақтау пішінді, жиектері аратісті. Гүлі ақ, қызғылт түсті, жағымды хош иісі болады. Наурыз-сәуір айларында гүлдеп, шілде айында жеміс береді. Жемісі сарғыш-қызыл, жұмсағы тығыз, ортасында сүйегі бар. Дәмді, тәтті. Жылда жеміс береді. Өрік ағашы 100 жылға дейін өмір сүреді, 25-40 жыл жеміс береді. Өрікті тұқымнан және вегетативтік тәсілмен қалемшелеу, ұластыру арқылы көбейтеді. Көктемде егеді. Отырғызғаннан кейін 3-4-ші жылдары ғана жеміс бере бастайды, 5-ші жылы 3-5 кг, 7-ші жылы 15-20 кг, ал 15-20 жылдан соң 60-100 кг-ға дейін жеміс береді. Кавказда, Орта Азияда бір ағаштан 300-400 кг жеміс беретін сұрыптары бар [2]. Өрік – жылусүйгіш өсімдік, желсіз, ық және күн көзі мол түсетін жерде жақсы өседі. Құрғақшылыққа төзімсіз. Жемісінің шаттауығы бар, етті және шырынды, құрғақтығы сирек, бүйірінен азды-көпті сығылған, анық көрінетін ұзына бойғы жырығы бар, бархытты, жалаңаш жері сирек, пісіп жетілу кезеңінде қысқа жеміс сабақтарынан бөлектенеді; шаттауығы дөңгелек, сопақ немесе жұмыртқа пішіндес, азды-көпті жазық, жұмыр немесе кедір-бұдырлы, сиректеу нүктелі-шұңқырлы. Дәні ірі, бадамның дәні тәріздес, ащы, тәттілігі сирек, сыртында тығыз жырықты қабықшасы бар. Ағашы берік, үзілмеуі, құламауы жағынан кішкене еменнің ағашына жол береді, қысылуға қарсыласуы бойынша еменнен екі есе және қарағай ағашынан төрт есе асып түседі. Өрік ағашының орман өндірісінде мәні жоқ және практикалық жағынан мүлдем қолданылмайды. Кавказда және Орта Азияда өріктің ағашы аспаптардың сабын (тұтқасын), ағаш мүлігін, ұсақ-түйектерді, сондай-ақ шығыстық сазды аспаптарды (кяманча, тар) дайындау үшін қолданылады. Өзінің декоративтігі, жоғары механикалық қасиеттері, өзіндік түсі, айқын штрихты текстурасы, жақсы кесілетіндігі жағынан өрік ағашы жиһаз өндірісінде қолданылатын отандық бағалы ағаштардың арасындағы алғашқы орындардың біріне шыға алар еді. Өріктің өндіріске жарамды ағашын ТМД-ның оңтүстік өңірлеріндегі жеміс бақшаларындағы жеміс бермейтін кәрі ағаштарды жыл сайынғы кесу кезінде айтарлықтай көп мөлшерде алуға болады. Алайда, осы кесілген ағаштардың діңдері негізінен отынға пайдаланылады [3, 336-357 бб.]. Өріктің тамыр жүйесі жерге терең жайылған, бас өзекті тамырдан және ағаштың басының шеңберінен шығып кететін бүйірлік тарамдалудан тұрады. Өрік терең аңғарларда, жақсы құрғатылған топырақта, орманды, сазды топырақта, сондай- ақ балшығы бар құмды топырақта жақсы өседі. Дақылы оның сондай-ақ таулардың баурайларындағы тасты топырақта, бірақ мейлінше ылғалды жерлерінде болуы мүмкін. Құрғақ климатты аймақтардағы көп және тұрақты суару кезінде топырақ қабаты жұқа болса да тастақты (галька) және құмды топырақта да өсіруге болады. Бұл жағынан өрік шабдалыға, қара өрікке, шиеге және шемекі тұқымдастарға қарағанда төзімдірек. Топырақты жақсы аэрациялауды (ауаландыруды) талап етеді. Іркілген ылғал мен сортаңдануға төзбейді. Қара өрікке (слива) телінген (будандастырылған) түрі ауыр балшықты топырақта өсіп, артық ылғалдануға төзуі мүмкін; бадамға телінгені − ерекше құрғаққа төзімділігімен өзгешеленіп, жақсы өседі, құрғақ тасты және әгі мол топырақтарда жеміс береді. Өрік қысқа мейлінше төзімді жеміс ағашы болып табылады, басқа жеміс ағаштарына қарағанда анағұрлым қысқа төзімді; -25 градусқа дейінгі, тіпті - 27 градусқа дейінгі төмен температураға шыдамды. -28-30 градус аяздарда бүршіктері мен соңғы жылдың жанама өсінділері зақымданады. Қысқа төзімділік топырақ нашар құрғатылған кезде төмендейді, топырақтың қыста жабылмауы (қардың болмауы немесе жамылғы өсімдіктердің болмауы), мол өнім бергендегі ауруларға ұшырайтын жылдың алды болады. Гүлді бүршіктер жеке жапырақтар жаю кезінде -14 градусқа шыдамайды, күлтелерін жаю кезінде -6 градустың өзінде өліп қалады. Бүршік жарған гүл мен жас түйнектер -1-3 градусқа төзбейді. Бадамға ұқсас өте қысқа, қысқы тыныштығымен өзгешелене отырып, өрік бойы өсіп, көктем келгенде тіпті қысқа жылы кезеңнің өзінде гүлдей бастайды. Отырғызылатын өріктің сапалылығының көрсеткіші: 80-90 см-ден кем болмайтын ағаш діңінің биіктігі, 15-20 мм діңнің жуандығы болып келеді; тамыр жүйесінде 3-4 тарамдалу болуы тиіс; бас тамырлары 25-30 см ұзындықтан кем болмауы керек. Арнайы өрік өсірілетін бақтарда отырғызуға арналған топырақты тұтастай жырту және 30 см тереңдікте шұбыртпалы жырту тәсілімен өңдейді. Көшеттерді ені 40-60 см және тереңдігі 50-70 см шұңқырға отырғызады. Отырғызуға ең қолайлы уақыт ерте күз болып есептеледі. Қысы қатты аймақтарда бүршік жарғанға дейін отырғызып үлгеру үшін ерте көктемде отырғызылады[4, 264-269 бб.]. Қалыптасу кезінде ағаш басы әдетте үш негізгі бұтақ қалдырады. Әрі қарайғы ағаштың алғашқы жылдары ішінде ағаш басын жекелеу мақсатында артық бұтақтар, сондай-ақ жерге иіліп тұрған бұтақтар кесіледі. Қалыптастыру жолымен ағаш басын пирамида тәріздес, дөңгелек, жазық, иілген етеді. Бақтарда жемістерін қолмен жинауға болатын төмен діңгекті ағаштар мейлінше қолайлы. Жеміс беруге дейінгі алғашқы 5 жылда өрік мейлінше қарқынды өседі. Алты жылдық жасында жеміс беретін ағаш 30-70 см өскін береді, 12-20 жылда − 20-25 см, 40 жылда – 10-13 см болып өседі. Үшінші-төртінші жылдары ағашта ең соңында гүлді бүршіктер шығатын бүйірлік қысқа жас бұтақтар – гүлтепкілер қалыптасады. Ересек ағаштар өсімқор және қысқа жас бұтақтармен ерекшеленеді; өсімқор жас бұтақтарда екінші жылы одан әрі жеміс беретін қысқа жас бұтақтар (негіздер) өсе бастайды. Өсіндіні қию арқылы реттеп отырады. Кәрі ағаштарды топырақты жүйелі қопсыту мен тыңайтқыш енгізу арқылы, ал қыста − қысқа қию жолымен жасартады. Жас бұтақтың жас бөлігін қию қысқа (суыққа) төзімділігін күшейтіп, жыл сайын мейлінше біркелкі өнім алуға жағдай жасайды. Өрік отырғызылатын топырақты қара бу астында немесе жамылғы дақылдар астында ұстайды. Ауыр топырақтарды көпжылдық шөптермен жабады. Тез өсуі мен ерте жеміс беруімен ерекшелене отырып өрік төртінші жылдың өзінде қанағаттанарлық өнім берсе, 5-6-ншы жылдары толық өнім береді. Ересек ағаштар 80-100 кг өнім берсе, Орта Азияның кейбір ағаштары 800 кг дейінгі жеміс береді. Жемістер – мамырдың соңында ерте піседі де жоғары дәм артықшылығымен ерекшеленеді, құрамында 4.6-20.0 % қант, 0.3-2.6 % қышқыл, 0.05-2.7 % - азотты зат, 0.4-2.7 % – жасушалар, 0.05-1.08 % - пектинді заттар болады. Ерекше қанттылығымен 27 % қанттан тұратын орта азиялық іріктемелер өзгешеленеді. Жабайы өріктің жемісінде құрғақ затқа 45 % қант болады. Өріктің тұқымының құрамын бағалы тағамдық өнім ретінде қолданылатын 29.45-55.47 % май және 24.90-28.36 % аққуыз құрайды [4]. Жемістердің мәйегіндегі А дәруменінің қайнату кезінде тек 50 %-ға ғана бұзылатын құрамы бойынша өрік жұмыртқа сарыуызы мен қаймақ майымен теңдеседі. Өрік жемісіндегі С дәруменінің құрамы шағын. Өрік ағашының өнімі – пайдалы тәтті жемістердің бірі. Өрік қантқа, органикалық қышқылдарға, ферменттерге, өзектерге, илік, азотты және пектиндік заттарға, С, В1, Р, РР дәрумендеріне, каротинге, флавоноидтарға, сонымен қатар минералды заттар мен микроэлементтерге бай. Кептірілген өріктің құрамында калий мен қант көп мөлшерде болады. Өрікті жүрек, бүйрек ауырғанда, қан аздық, жүйке ауруларына пайдасы зор. Жеміс тамаққа шикі күйінде, құрғатылған, тосап, мармелад, консервілер, компоттар түрінде қолданылады. Құрғатылған жартылай кесілген, шаттауықсыз өрік «куряга» деп, шаттауығымен құрғатылғаны «өрік» деп аталады. Түрлі сорттар түрліше қолданылып, түрлі сапалы өнім береді. Өрік − өте пайдалы әрі дәмді жеміс, оның жемісінен әр түрлі құнды тағамдар (тосап, компот, шырын, джем, мармелад) дайындалады. Салауатты тамақтану барысында өріктің кептірілген түрінің шырынды жас түрінен де пайдалы екендігі дәлелденген. Тіптен өріктің шаттауығы да косметология мен фармацевтикада қолданады. Өрік - ағзаға өте пайдалы дәрумендер мен жемістік қышқылдарға бай сүйекті дақыл [5]. Жоғарыда айтылған деректер өрік ағашының адам өміріндегі жоғары деңгейдегі маңыздылығын көрсетеді. Сол себептенде өрік ағашын мектеп жанындағы оқу-тәжірибелік телімнің жеміс-жидек бөлімінің үлескілерінде, қолайлы сая-бақ жағдайларында өсіріп, оқушыларға оларды отырғызу, күту, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу тәрізді пайдалы іс-шараларды атқаруға болады. Өрік ағашын отырғызу. Әдетте, өрікті ашық күн сәулесі мол түсетін жер телімдеріне отырғызады. Өрік ағашы өсірілетін топырақ - саздақ жеңіл және әлсіз карбонатты болуы керек. Грунт сулары топырақтың беткі қабатынан 2-2,5 м тереңдікте болуы шарт. Өрік қарашірік, азот, фтордың кез-келген мөлшері бар топырақта өсе алады, алайда ол калийдің болуын өте қажет етеді. Сол себепті де, калийдің қажетті мөлшері тыңайтқыштар арқылы топырақта қамтамасыз етіліп отыруы тиіс. Өрік ағашын тұқымнан немесе қалемшелеу арқылы өсіруге болады. Шаттауық сол жерсіндірілген аймақта өсіп жатқан өріктен алынады. Өріктің шаттауығынан алынатын жемісі піскен, үлкендеу, жас, ешқандай ақаулары болмауы қажет. Шаттауықты өріктен шығарып алып, тазалап, бөлме температурасындағы суда бір тәулік ұстау керек. Өрік ағашы шаттауықтан өсіру жел өтінен сақталған, күн сәулесі мол түскен жер үлескілерінде жасалады. Тұқымды отырғызу көктемде бір-бірінен 10- 15 см алшақтау болатын тереңдігі 6-7 см болатын үлескіге отырғызылады. Міндетті түрде көп су құю қажет. Шаттауық арқылы отырғызылған өріктің топырағын үнемі қопсытып, желдетіп отыру қажет. Топырағын калий, аммиак селитрасы, көң суымен құнарландырып отыру керек. Жас табиғаттанушының осы өрік шаттауығын қандай дәрежеде күте алатынына байланысты, болашақта одан мықты берік өркен пайда болып, өзінің дәмді, хош иісті жемістерімен бағбаншысын қуанта алатындай болады. Бұл өріктің жас өскін ағашын екі жылдық мерзімінде қазып алып, қайтадан басқа жер үлескісіне отырғызу қажет. Шаттауықтан отырғызылған өрік ағашы тек қана 5-6 жылында ғана өнім береді. Сондай-ақ, өрік ағашын жас өскіндері арқылы да өсіруге болады. Жас өскіндер екі жылдық, тамыр жүйесі өте жақсы дамыған, негізгі тамырлары 3-4 болуы қажет. Негізгі отырғызу − тәсілі тік бұрышты, қатар аралығы 6-8 м, қатар іші 5-6 м. Егер де бірнеше ағаштар отырғызатын болсаңыз, бір-бірінен 5-6 м қашықтықта орналасқан тереңдігі 0,5-0,4 м, ені 0,6-0,8 м шұңқырлар қазуыңыз қажет. Мұны ағаш отырғызбастан 2-3 апта бұрын жасау қажет. Міндетті түрде тыңайтқыштармен араласқан жер топырағымен толтыру керек. Бір шұңқырға 10 литр көң суы, 0,5-0,7 кг суперфосфат (түйіршікті түрі тиімді болады) және 0,4-0,5 кг күкірт қышқылды калий салу керек. Алынған өскіндеріңізді бірден шұңқырға отырғызбай, алдымен 24-48 сағатқа суға салып қою керек. Бұл олардың жерге жақсы бекінуіне және өмірге қабілеттілігінің күшеюіне қолайлы әсер етеді. Ағашты отырғызған кезде оның тамыр мойны топырақ бетінен 5-7 см биік болуын қадағалауларыныз керек. Ағашты суарғаннан соң, ол жер деңгейі қалпына келеді. Өскінді шұңқырға ұқыпты қойып, тамырларын жазып, жер − топырақпен көміп, штамб-айналасын ақырын тығыздау қажет. Аздап топырақ салып, өріктің негізгі діңі айналымында суаруға қажетті ойыстау (лунка) орын болуы қажет. Ағашты отырғызып болған соң әрбір шұңқырды 10-20 л сумен суару қажет. Өрікті одан әрі күту жолдары. Ағаш діңі айналасының қоршауы. Топыраққа ауа тиімді өтуі үшін ағаш діңінің айналасын ақырындап қопсытып тұру қажет. Бұл жұмысты аса үлкен сақтықпен жасау керек, себебі өріктің тамырларын бүлдіріп алуыңыз мүмкін. Топырақты қопсытуды штамбтан 0,5 м қашықтықта, 10 см тереңдікте ғана жасау қажет. Отырғызғаннан кейін жас ағаштардың бөрікбасын қалыптастыру үшін шырпу (қысқарту, сирету) жұмыстарын жүргізіп отыру керек. Суару. Өрікті суару сақиналық канава бойынша, яғни ағаш желегінің ½ диаметріне теңдей шамада болуы тиіс. Ең алғашқы суару − өркеннің белсенді өсу мерзімі кезінде, екіншісі де өркеннің белсенді өсу кезеңінде, ал үшіншісі − жемістің пісуіне шамамен екі апта қалғанда, шілденің басы кезінде жүргізілуі қажет. Сонымен қатар, кешкі күздік суаруды жүргізген де дұрыс, ол үшін ағаш діңі маңы шеңберінің 1 м² аумағына 5-6 шелек су құю қажет. Егер грунт сулары топырақ бетіне жақын орналасқан болса, онда суаруыңызды сиретіп, дренаж жүргізу қажет. Өрік ағашын қоректендіру. Өрік ағашына қорек ретінде органикалық тыңайтқыштар, атап айтсақ құс саңғырығын (ерітінді 1:10) пайдалану қажет. Ағашты отырғызған мезгілден 4-5 жыл өткен соң әрбір ағаш діңі маңы шеңберіне 10-15 кг компост енгізу керек. Өрік ағашы жақсы өнім беруі үшін минералды тыңайтқыштар қажет. Ағашты отырғызғаннан кейін 2-3 жыл өткен соң 60 г аммиак селитрасы, 40 г хлорлы калий және 200 г суперфосфат, 6-8-ші жылдары 210 г аммиак селитрасы, 140 г хлорлы калий және 310 г суперфосфат тыңайтқыштарын қосу керек. Одан соң әр жыл сайын 370 г аммиак селитрасын, 250 г хлорлы калий және 880 г суперфосфат қосу қажет. Өріктің зиянкестері. Шие пілшесі (Rynchites auratus Scop.) Орта Азияда таралған ерекше түр (var. Ferganense Nevsky.), жасыл жемістің бетіне жұмыртқа тастап, дернәсілдер мәйекті кеміріп тұқымның қауызын мүжиді. Ферғана аңғарларындағы өрік көшеттерінде, Украинада, Қырымда кең таралған. Тянь- Шаньдағы жабайы өрік тоғайларын зақымдайды. Күресу шаралары – күшән тәріздес қоспалармен, үлкен алқаптарда – аэроәдіспен бүрку, желімді сақиналар таңу, қоңыздарды сілкіп түсіру. Өрік түншісі (Cosmia subtilis Stgr.), өрік бестігі (Pterotocera declinata Stgr.), тұт ағашының бестігі (Beston cinerarius Ersch.). Құрт жас жапырақтарды, гүл бүршіктерін, жас жемістерді жейді. Күресу шаралары – арнайы улармен бүрку, сілку, желімді сақиналар таңу. Өріктік жуан аяқтар (Erytoma Samsonovii Wass.) жас жемістерге жұмыртқасын салады; жемістердің көпшілігі түсіп қалады. Күресу шаралары – түскен жемістерді өртеу. Орта Азияда таралған. Зерқоңыз (Capnodis tenebrionis L.).Ересек қоңыздар өріктің жас бұтақтарын және жапырақ сағақтарын жеп бітірсе, дернәсілдері тамырларын зақымдайды. Күресу шаралары – улармен бүрку, қоңыздарды жинап арнайы құрту. Бұл қоңыздар Қырымда кең таралған. Өріктің қара күйе аурулары. Сұр шірік (Monilia laxa Ehrenb.) солатын, қоңырқайланатын, жемістері шіритін жас бұтақтарды, жапырақтар мен гүлдерді зақымдайды. Күресу шаралары – зақымданған бөліктерді кесіп, бордос сұйықтығын себу. Теңбілдік (Clasterosporium carpophilum Aderh.) бұтақтарды, бүршіктерді, жапырақтар мен жемістерді зақымдайды, зақымданған бөліктерде дақ, шұңқыр және тесік түрінде пайда болады, бұл зиянкестің салдарынан ол бөліктер тіршілігін тоқтатады. Күресу шаралары – бордос сұйықтығын себу, шашу. Тамырларының қатерлі ісігін немесе жемсаулығын тамырларда қақ қалыптастыратын Bacterium tumaephaciens E.Smith. тудырады. Күресу шаралары – зақымдалған тамырларды кесу [6]. Өрікті зақымдайтын насекомдарменде мұндай зиянкестермен дер мезгілінде күресу шараларын жүргізіп отыру керек. Бүгінгі күні, Батыс Қазақстан облысы территориясындағы өріктің келу тарихы, оның биологиялық және экологиялық ерекшеліктерін білу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді қажет ететін өзекті мәселелердің бірі. Мұндай жұмыстарды биология пәнінің мұғалімдері өз оқушыларымен, яғни жас табиғаттанушылармен бірге жүргізе алады. Әрине, өрік ағашы жылу сүйгіш, жер бедерінің белгілі шарттарын талап етуші жеміс дақылы болғандықтан, оның өсірілетін орнын арнайы мамандармен кеңесіп таңдаған тиімді. Тіптен кейбір жағдайда жақсы өнім алуға бақ болмаса да барлық күту, өсіру тәрізді агротехникалық іс-шараларын тиімді жүргізу арқылы бапталған бір ағаштан да алуға болады. Алайда жоғары өнімділікке қол жеткізу үшін кем дегенде екі түрлі іріктемелерді өзара тозаңдандыру арқылы ғана қол жеткізуге болады. Сол себептенде Батыс Қазақстан облысы жағдайында өсетін өріктің ерте, орташа және кеш пісетін іріктемелерінің биологиялық және экологиялық ерешеліктерін білу жергілікті халық тұрмысында оны тиімді пайдалануға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Бұл іс-шараларды жүргізу жеңіл болмаса да, оны жүзеге асыруға болады. Соңғы жылдары климаттың жылынуы, қыстың қаталдығының бәсеңдеуі тәрізді табиғи факторлар өріктің өсуіне қолайлы әсер етуде. Жеміс ағаштары өз өнімімен ғана емес, әдемілік, хош иістілік тәрізді қасиеттерімен де адамдарды қуанта алады. Сол себепті, Батыс Қазақстан облысы жағдайына жерсіндірілген өрік ағашының биологиялық және экологиялық ерекшеліктерін білу, зерттеу, жас табиғаттанушының өз өлкесінің табиғатын қадірлеуге, сүюге, танып-білуге деген құштарлықтарын оятып, ізденімпаздық қабілеттіліктерін арттыруға көмектеседі.
Әдебиеттер: 1. Авдеев В.И. Характеристика местных форм абрикоса Восточного Оренбуржья // Селекция, биология, агротехника плодово-ягодных, овощных культур, картофеля: сб. науч. тр. ЮУНИИПОК РАСХН. Т.ІІ. – Челябинск, 1996. – С. 10-12. 2. Уикипедия ашық энциклопедия. https://kk.wikipedia.org/wiki/%D3%A8%D1%80%D1%96%D0%BA. – Пайдаланған уақыты: 01.12.2015ж. 3. Силыбаева Б.М., Байғана Ж.К., Карипбаева Н.Ш., Полевик В.В. Жоғары сатыдағы өсімдіктер систематикасы. ҚР Жоғары оқу орындарының қауымдастығы. – Алматы, 2012. – 614 б. 4. Пономарева И.Н., Соломин В.П., Сидельникова Г.Д. Общая методика обучения биологии. – М., 2008. – 273 с. 5. Web Фазенда. – http://www.webfazenda.ru/gardening/apricot_growing.html. – Пайдаланған уақыты: 17.09.2015 ж. 6. Сады Сибири / Клуб Садовод. – http://sadisibiri.ru/armen-orenburg.html. – Пайдаланған уақыты: 15.09.2015 ж.
Утаубаева А.У., Кайсагалиева Г.С., Тайрова А.А. Методика посадки и ухода районированного сорта абрикоса юными натуралистами В данной статье рассматривается методика посадки и ухода абрикоса юными натуралистами в условиях сухостепной зоны Западно-Казахстанской области. Ключевые слова: районированный сорт абрикоса, юный натуралист, любознательность, навыки.
Utaubayeva A.U., Kaisagaliyeva G.S., Tairova A.A. Methods of planting and care of recognized varieties of apricot young naturalists This article describes a technique of planting and care of apricot young naturalists in a dry steppe zone of West Kazakhstan region. Keywords: recognized varieties of apricot, young naturalist curiosity skills.
Достарыңызбен бөлісу: |