Имандылық негізі – Ислам діні. Адам (а с) өмірі


Мухаммәдтің (с.а.у) Қағбаны салуы



бет3/11
Дата09.04.2019
өлшемі365.52 Kb.
#102637
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Мухаммәдтің (с.а.у) Қағбаны салуы

Қағба – Аллаһ Тағалаға ғибадат жасайтын және Аллаһтың жалғыз құдірет иесі екеніне бойсұну үшін салынған алғашқы үй. Қағбаны Пайғамбарлардың (с.а.у) атасы Ибраһим (ғ.с) салды. Бұл жөнінде Құран былай баяндайды: “Сол уақытта Ибраһим мен Исмайл (ғ.с) үйдің (Қағбаның) ірге тасын көтеріп: Бізден қабыл айла, күдіксіз Сен тілекті тым естуші, толық білушісің,- деп дұға қылды.”* (Бақара 127)

Бірақ Қағба бірнеше рет бұзылып, салынған. Соның бірі Мухаммәдке (с.а.у) пайғамбарлық міндеті келместен бұрын қатты жауын болып, ағыстың кесірінен Қағбаның кейбір жерлері бұзылады. Қурайш руы Қағбаға қызмет етуді өз мойындарына алған болатын. Бірақ шектен тыс құрметтерінен Қағбаны бұзып, қайтадан салуға батылдары бармады. Арабтардың Қағбаға құрметі Ибраһим пайғамбардан қалған шариғаттың белгісі.

Мухаммәд (с.а.у) отыз бес жасында Қағбаны салу үшін тас тасығаны жөнінде сахих хадистер бар. Хадисші Бухаридің хадисінде Жабир бин Абдуллаһ (р.а) былай баяндайды: “Қағба құрылысы жүріп жатқанда Мухаммәд (с.а.у) және немере інісі Аббас (р.а.) тас тасу үшін келді. Аббас (р.а) Мухаммәдке (с.а.у) қарап: Киіміңді шешіп, мойныңа қой,- деді. Мухаммәд (с.а.у) Аббастың (р.а) айтқанын тыңдап, беліне байлаған киімін шешкенде оқыстан жерге жығылды. Мухаммәд (с.а.у) киімін сұрап қайтадан беліне байлады.”

Қағбаны салып болғаннан кейін Хажарул-Асуадты (қара тас) орнына қою үшін Араб руларының арасында бақталастық пайда болды. Бұл бақталастық дауының шешілуі мүмкін емес еді. Сол себепті барлық ру басшылары Мухаммәдтің (с.а.у) сенімді, әрі халық арасында мейірімділігімен танымал болғаны үшін бұл даудың шешімін оған тапсырды.
Ғибраттар
Пайғамбардың өміріндегі бұл бөлімді төрт жағдаймен ашықтаймыз.

1 — Ұлы Аллаһ жер бетінде Қағбаны қасиетті үй қылды. Хз. Ибраһим (ғ.с) Аллаһтың бұйрығымен адамдарға сенім мен тыныштықтың басты қайнары болған ғибадат үшін алғашқы үй болсын деп салды. Бірақ Қағба қаншалықты қасиетті болса да ешкімге пайда да, зиян да бермейтін тастан салынған үй. Бұл үйдің тек мақсаты пұттардың, тағуттардың пұтханаларын қирату үшін, пұтқа табынудың дұрыс емес екендігін ескерту үшін, жер бетіне тек қана Аллаһтың таухидін білдіру үшін, Оған құлшылық қылу керек екендігін ескерту үшін, осылайша ақиқат дін мен ғибадатты шірік пен пұттан ажырату үшін Аллаһ Тағала Ибраһимге (ғ.с) салуды бұйырды. Аллаһ Тағалаға ғибадат үшін салынған бұл үйге тек қана адамдық қасиетін сақтау үшін кіреді. Барша әлемді жаратқан Ұлы Аллаһтан басқаға бойсұнбау үшін және бейшаралыққа түспеу үшін осы үйге кіреді. Аллаһтың таухидына иман келтірген, Оның дінін қабылдаған му`миндер үшін бір – бірін тануға пайдалы болатын және қиыншылық уақытта пана болатын мекен болатын. Олардың мемлекеттері, тілдері, ұлттары бөлек болса да, оларға Аллаһтың таухидын қуаттайтын, пұттар мен шіріктің азғындығынан бет бұрғызатын қасиетті осы үйден артық мекен жоқ. Өйткені Қағба барлық му`миндер үшін пана және бір – бірін байланыстыратын рабыта. Осы Қағбаның химаесінде танысып, ақиқат үшін сол жерде кездеседі. Бұрын ол жерде пұттар болған болса да, қанша заман өтсе де бұрыс сенімді ұстанатын сенімдер бар болса да, Қағба бүкіл әлемдегі мұсылмандардың бір денесі сияқты бірлігін сақтайтын, таухидты ашықтап, тек қана Оған ғибадат қылу керек екенін көрсететін бір белгі, нышан. Ұлы Аллаһ Тағала бұл жөнінде былай дейді: “Сол уақытта үйді (Қағбаны) адам баласы үшін орталық, әрі бейбітшілік орны етіп жасадық. Ибраһимнің мақамын намаз орны қылып алыңдар. Ибраһим, Исмаил екеуіне былай деп бұйырдық: Тауап етушілер, өздерін ғибадатқа бергендер және рукуғ, сәжде қылушылар үшін үйімді (Қағбаны) тап – таза ұстаңдар,- деп, уәде алғанбыз.” * (Бақара 125) Міне, Аллаһ Тағалаға құлшылық қылудың мағынасы. Илаһи әмірлерге бойсұну сезімдерімен жүрегі алып ұшып Бәйти Харамды тауап қылған мұсылманның басында ойлаған мағына да осы. Абд (құл) өзіне бұйрылған әмірлерді барлығынан жоғары қойып орындауға міндетті. Қағбаның қасиетті болуы, Аллаһтың алдындағы құрметі осыдан туындайды. Осы жерге хажылық қылудың міндеттелуі, айналасында айналудың шарттары осыларға байланысты міндетелді.

2 — Нақты дәлелдерге қарағанда Қағба әртүрлі жағдайлармен төрт рет бұзылып, қайтадан салынған. Ал кейбір зерттеушілердің бұдан да көп бұзылып салынған деген пікірлері де бар.

а) Алғашқы құрылыс.

Хз. Ибраһим (ғ.с) баласы Исмайлмен (ғ.с) бірге Аллаһтың бұйрығын орындау үшін алғашқы рет осы құрылысты бастады. Бұл жөнінде Құран мен сахих хадистерде ашық баяндаған. Аллаһ Тағала былай дейді: “Сол уақытта Ибраһим мен Исмайл (ғ.с) үйдің (Қағбаның) ірге тасын көтеріп: Бізден қабыл айла, күдіксіз Сен тілекті тым естуші, толық білушісің,- деп дұға қылды.” * (Бақара 127)

Хадисші Бұхаридің хадисінде Ибн Аббас (р.а) Мухаммәдтің (с.а.у) айтқанын баяндайды: “Ибраһим баласына қарап: Әй, Исмайл! Маған Ұлы Аллаһ Тағала бұйрық берді,- деді. Баласы: бұйрығын орында,- деді. Ибраһим баласына: Маған жәрдем бересің бе?- дейді. Баласы: Әлбетте жәрдем беремін,- деп келісімін білдірді. Ибраһим биіктеу бір жерді көрсетіп: Аллаһ Тағала осы жерде үй салуға бұйырды,- деді.” Ибн Аббас (р.а) бұл хадистің соңында былай дейді: “Осылайша Ибраһим мен Исмайл Қағбаның негізін қалады. Исмайл тас әкелді. Ибраһим ол тастармен Қағбаны салды.”* (Бұхари, Китабул-Әхадисул-Әнбия 9)

Зәркәши Әл-Әзрақидің “Мекке тарихы” деген кітабында былай баяндайды: “Ибраһим Қағбаның биіктігін жеті зира, енін отызда жиырма зира қылып фундаментсіз салды.”.* (Зәркәши, И`ламус-Сәжид 46) Тарихшы Әс-Сухейл Қағбаның биіктігін тоғыз зира болған деп баяндайды.* (Ибн Сәйдиннас, Уюнул-Әсәр 1/52) Мен Әс-Сухейлдің хабары шындыққа жақындау деп айта аламын.



б) Қағбаның бұзылып, екінші рет қайта салынуы.

Қурайш руы Ислам діні келместен алдын Мухаммәдтің (с.а.у) қатысуымен құлайын деп тұрған Қағбаны бұзып, қайтадан салды. Биіктігі он сегіз зира, ені алты зира болды. Ені кішірейген соң Қағбаның Хижр деген жері Қағбаға қосылмай қалды. Бұл жөнінде Мухаммәд (с.а.у) Хз.Айша анамызға (р.а) былай дейді: “Әй, Айша! Халқым надандық заманға жақын болмағанда Қағбаны бұзып, Қағбадан тыс қалған Хижрді қайтадан қостырып, шығыстан және батыстан екі есік аштырып салуға бұйрық берер едім. Осылайша Ибраһимнің құрған жоспарындай салған болар едік.”



в) Қағбаның үшінші рет қайтадан салынуы.

Муауияның баласы Язиттің бұйрығымен Шам әскері Меккені жаулап алу үшін соғысқан мезгілде Қағба өртеніп кетті. Һижри отыз алтыншы жылдың аяғында Шам әскер басшысы Хусейн бин Нумейр әс-Суқуени Меккедегі Әз-Зубейрдің баласы Абдуллаһты жазалау үшін жолға шығады. Зубейрдің баласы Абдуллаһ олармен қарсыласады. Меккеге кіре алмаған әскер ордасы тас атқыш үлкен құралдармен Меккені атқылайды. Бұл алаулаған тастар Қасиетті Қағбаға да тиеді. Осының кесірінен кейбір жерлері өртеніп, Қағбаның бір бөлігі мүжіліп қалады. Соғыс біткеннен кейін Зубейрдің баласы хажылық мезгілді күтеді. Хажылар келген соң оларға: “Әй, адамдар! Қағба жөнінде мен сендерге бір сұрақ қоямын. Қағбаны түбімен бұзып, қайтадан салайын ба, әлде мүжіліп құлаған жерін ғана түзетейін бе?”- деп сұрады. Абдуллаһ ибн Аббас (р.а) былай деп жауап берді: “Менің көзқарасым бойынша құлаған жерін ғана жөндейік. Бұл қасиетті үй Мухаммәдтің (с.а.у) пайғамбар болып жіберілген және адамдардың Исламға кірген заманында қандай болса сол күйінде қалдырайық. Пайғамбардың (с.а.у) және сол мезгілдегі мұсылмандардың қасиеттерін еске салатын бұл Қағбаның әрбір тасын қозғамай сол мәңгілік естеліктерімен тастайық”,- деді. Бірақ бұл жауапқа қанағаттанбаған Зубейрдің баласы Абдуллаһ былай деді: “Егер өз үйлерің өртенген болса, оны жаңадан салмағанша тыныш таппас едіңдер. Ендеше Раббымыздың Қасиетті үйін қалайша осындай жағдайда қалдырамыз. Мен Раббыма үш рет истихара намазын оқимын. Содан кейін жұмысымды бастаймын.” Үш күннен кейін Қағбаның барлық тастарын бұзды. Бірінші Қағбаның айналасын қоршап жапты. Кейін Қағбаның тастарын қалай бастады. Биіктігіне он зира қосты. Қосылмай қалған Хижрдің орнын қайтадан біріктірді. Біреуінен кіріп, екіншісінен шығатын екі есік жасады. Зубейрдің баласы Абдуллаһқа Қағбаны мұндай қылып өзгертуге күш берген Айша анамыздың (р.а) сөзі болатын. Ол Пайғамбарымыздың (с.а.у) Қағба жөнінде айтқан хадисі.



г) Қағбаның төртінші рет қайтадан салынуы.

Хадисші имам Муслимнің сахих хадисінде Ата бин Әби Рабах былай баяндайды: Зубейрдің баласы Абдуллаһ шеһид болғаннан кейін Хажжаж сұлтан Абдулмалик ибн Маруанға хат жазды. Ол хатта Зубейрдің баласы қасиетті Қағбаны Ибраһим пайғамбардың салғанындай бұрынғы орнына қайтадан салғанын және бұл Қағбаны Меккенің абыройлы адамдары қолдап отырғанын хабарлады. Абдулмалик былай деп жауап хат жазды: “Біз Зубейрдің баласы сияқты Қағбаны бұзып, ағаттық іске бармаймыз. Қағбаның биіктігі сол күйінде қалсын, бірақ Қағба мен Хижрдің арасын ашып, бұрынғы жағдайына келтір. Оның ашқан екі есігінің біреуін бітеп таста.” Осы бұйрық бойынша Хажжаж Қағбаны бұзып, Қурайштардың салғанындай етіп салды.

Аббас халифасы Харун әр-Рашид өз заманында Қағбаны бұзып, Зубейрдің баласы Абдуллаһтың салғанындай қайтадан салуға ниет етеді. Бірақ бұл ниетке қарсы ұлы ғұлама факих Малик бин Әнес былай дейді: “Аллаһ мұратыңа жеткізсін әй, әмірші! Бұл Қағбаны басқа патшаларға ойыншық қылудан сақта. Бұлай өзгерте берсек сеннен кейін де патшалар келеді. Олар да өздеріне ұнайтындай өзгерте салуы мүмкін. Екінші бір патшаға оның істегені ұнамай ол өзгертеді. Осылайша Қағбаның қадір – қасиеті адамдардың көңілдерінен жоғалады.”* (Нәуәуи, Муслим шәрхы мен Фәтхул-Бәри, Бұхари шәрхында бұл оқиға Харун Рашид заманында болды десе, Уюнул-Әсәр мен И`ламус-Сәжид кітаптарында Қағбаны бұзуды қалаған Әбу Жафәр Әл-Мансур деп риуаяттайды. Өйткені Имам Малик осы екі патша заманында өмір сүрген)

Қағбаның жоғарыда айтылған төрт мәрте салынуы анық, айқын болған. Ал бесінші мәрте салынған деген мәлімет біраз күмәнді.

Кейбір хадистердің айтылуы бойынша Қағбаны алғаш рет салған Адам (ғ.с.) екен. Бұл жөнінде Мухаммәд (с.а.у) пайғамбарымыздың айтқан хадисін Абдуллаһ бин Амр былай деп баяндайды: “Ұлы Аллаһ Тағала Жәбірейл періштені Адам мен Хауа анаға жібереді. Жәбірейл оларға Аллаһ ризалығы үшін ғибадат жасайтын үй салуларын бұйырады, әрі ол үйдің жобасын салып береді. Адам жерді қаза бастады. Хауа топырақтарды тасыды. Жерден су шыққан кезде астынан: Тоқта! Болды әй, Адам!- деген дауыс келді. Адам мен Хауа үйді салып болғаннан кейін, Аллаһ Тағала ол үйді айналып, тауап қылуын бұйырды: Бұл үй жер бетіндегі ең бірінші үй, сен де адамдардың алғашқысың,- делінген. Бірнеше ғасырдан кейін бұл үйді Нұх пайғамбар хажылық қылды. Тағы бірнеше ғасырдан кейін бұл үйдің негіздерінің үстіне Ибраһим пайғамбар тас қалады.”

Бұл хадисті Бейхаки айтып болғаннан кейін былай деді: “Хадистің сәнәдінде Ибн Лехиа зайф біреу және оның риуаяты дәлел болып қабылданбайды”,- деген. Осы сияқты басқа хадистер де бар, бірақ бұлар да зайф жолмен бізге жеткен. Басқа хадистерде Қағбаны алғаш рет Шит пағамбар салған деп айтылады. Егер бұл зайф жолмен келген хадистерді алатын болсақ, Қағба бес рет салынған болады. Бірақ ең дұрысы күмәнсіз, айқын хадистерге сүйенгеніміз. Бұлардан басқасын Аллаһтың ғылымына тапсырғанымыз дұрыс.

3 — Мухаммәдтің (с.а.у) адамдар арасындағы түсініспеушілікті, дұшпандық мәселелерді шешуде қолданған методы. Хикметпен әрекет еткен Пайғамбар (с.а.у) қан төгумен аяқталатын мәселеге кедергі болды. Қурайш тайпасы араларындағы түсініспеушіліктің кесірінен қан төгуге дейін барған еді. Абдуддар руы қанға толтырып бір кесе әкелді. Ади руларымен бірге қолдарын сол қанға толы кесеге салып, бір тасты өздері салу үшін соңғы демдеріне дейін соғысатындарына ант етті. Қурайш тайпасы осылайша төрт – бес күн өткізді. Кейіннен бұл жанжал отының сөнуіне Мухаммәд (с.а.у) себепші болды. Мухаммәдтің бұл қабілетін оның табиғатындағы данышпандылығына, парасаттылығына, ақылдылығына байланыстырмастан бұрын, Аллаһ Тағаланың болашақ пайғамбарды осы әрекеттері арқылы халық арасында алдын ала дайындағанымен ұштастырамыз. Мухаммәдтің (с.а.у) жаратылысындағы басты негіз – оның болашақ пайғамбар болуы. Ал ақыл мен парасат сияқты басқа да жақсы қасиеттер пайғамбарлық негізден кейін келеді.

4 — Мухаммәд (с.а.у) Қурайштардың арасында өте қадірлі болды. Ол “Әл-Әмин” (өте сенімді) деген лақап атпен танымал еді. Қурайштардың барлығы Мухаммәдті (с.а.у) жақсы көретін. Ол сөйлегенде барлығы сенетін. Мінез – құлқының өте жақсы екеніне күмән болмайтын. Сол себепті еш қорықпастан қымбат мүліктерін оған аманат етіп қалдыратын. Бірақ Аллаһ Тағала пайғамбарлық жүкті міндеттегеннен кейін айналасындағылар оны өтірікші, сиқыршы деп қарсылық көрсетті. Аллаһтың әмірлерін ашықтаған мезгілде сол күнге дейін өзін жақсы көрген Меккелік мушриктердің ішітеріндегі кекке толы дұшпандықтарын оқиғалар бізге көрсетеді.



Һұд пайғамбар (а.с)


Құран Кәрімде аты аталған Һұд(а.с.) пайғамбар-дың есімі – жұмсақтық, бейбітшілік және тыныштыққа ұйытқы болушы деген мағынаға келеді. Ол Ад деген жиырма үш тайпадан тұратын үлкен қауымға пайғамбар болып жіберілген еді. Бұл қауым хазіреті Нұқтың баласы Самның әулетінен тараған, Нұқ дүниеден өткен соң 800 жылдан кейін болған оқиға. Ад қауымы қазіргі Иемен, Оман мемлекеттерінің арасындағы өлкеде өмір сүрді. Бұл өлкенің топырағы өте құнарлы, ғажайып бау-бақшаға толы болатын. Тарихтағы әйгілі «Ирам бақтары» деген сөз сол кезден қалған. Осындай бай мемлекеттің халқы сымбатты денелі, ұзақ жасайтын адамдар болатын.

Олар тастарды кесіп, қашап, келісті үйлер салып, құрылыстар тұрғызатын. Ад халқы осындай дүние қызығымен Құдайды ұмытты. Хазіреті Нұқтың топан су оқиғасына көп заман өтпесе де оны естен шығарып, өз күштеріне сеніп такаппарланып кетті. Және өз қолдарымен жасаған Самад, Сада атты тас пұттарына табына бастады. Олар Құдайдан қорықпайтын өңшең қатігез еді, әлсіз адамдарды биік құрылыстан лақтырып, шашылған сүйектерін тамашалап, мәз-мейрам болатын. Һұд осы қауымнан болса да бір Құдайға құлшылық ететін ізгі әулеттен еді. Алла Тағала Ад қауымына ескерту жасау үшін, Һұдқа құдайы әуез арқылы: «Өз қауымыңның ішіне қорықпай бар! Сен арқылы оларға мұғжизалар көрсетемін» деген сәлем жіберді. Пайғамбарлық қонған Һұд патшаның қарсы алдына барып зор дауыспен: «Тек Алла Тағалаға құлшылық етіңдер! Нұқ қауымы пұтқа табынғаны үшін жойылды» деді. Адтың патшасы Халжан, баласының көптігі мен қисапсыз байлығын айтып, Һұдтың нәсихатын құлағына да ілмей, ашулы қарсы сөздер айтты. Һұд бұған қатты қапаланып, қолын көкке көтеріп, Алла Тағалаға жалбарынды.


Осы сәттен бастап Ад қауымының әйелдері бала тумайтын бедеу халге түсті. Ад қауымы бұл қасі-реттен де сабақ алмады. Һұдтың көрсеткен желді қалаған жағына бұратын, тақыр жерді көз алдында көгалдандыратын ғажайып мұғжизаларына сенбей мазақ етті. Бұдан кейін құрғақшылық болып бау-бақшалар сарғайып, аштық жайлады. Һұд оларға Алладан кешірім тілеуін насихат етті. Бірақ, олар байлықтан туған рақат әдеттерінен бас тартқысы келмеді. Ақыры аспанды бұлт торлады. Олар жаңбыр келеді деп қуанды, бірақ бұл апат дауылы еді. Һұд: «Құдайға бет бұрыңдар!» деп жанашырлықпен тағы ескертті. Олар: «Сенің сөзің бос сөз, енді жаңбыр жауады» деп қасарысты. Меңіреу қауым соңғы ескертуге де селт етпеді. Сәр-сенбі күні дауыл күшейіп, боран ағаштарды түбірі-мен қопарып, адамдарды қу сабан секілді аспанға көтеріп әкетті. Жеті күн жалғасқан азап желі Адтың тұрған қаласын, олар болмағандай құм төбелерге айналдырды. Құдайға арқа сүйеген Һұдтың әулеті ғана құдірет күшімен аман қалды. Бұл оқиғалардың қасиетті Құранда баяндалуы – кейінгі замандағы қауымға да дәл сондай ескерту деп білген жөн.

Нұх пайғамбар

Нұхтың кемесi 
Мейірімді, Рақымды Алланың атымен бастаймын!

Адам ата мен Хауа анадан тараған ұрпақтар көбейiп тұтас халыққа айналды. Уақыт өте келе олар өздерiн жаратқан Тәңiрдi естен шығарып, терiс жолға түстi. Аллаһқа серiк келтiрiп, өз қолдарымен қашаған тас мүсiндерге табына бастады. Тас мүсiндер оларды жамандықтан сақтап, жақсылыққа кенелтедi деп ұқты. 


Сол кезде Аллаһ Та`ала көпшiлiктiң iшiнен Нұхты, алейһиссәлам, таңдап алды да, адасқан елдiң бетiн жаратушы жалғыз Аллаһқа бұруды бұйырды. Аллаһ Та`ала Адам ата ұрпақтары үшiн жер мен көкте не керектiң бәрiн жаратты. 
Нұх қауымына келiп былай дедi:
– Ей, қауымым! Сендер мынау тас мүсiндердi өз қолдарыңмен жасадыңдар және олардың құр әншейiн тас екенiн жақсы бiлесiңдер, сөйте тұрып, оларды құдай көрiп табынасыңдар. Ей, қауымым! Сендердi Аллаһ жаратты, пайдалансын деп ризық бердi. Егiн егiп, мал бағуды үйреттi. Сендер шөлдемесiн деп бұлт жiберiп, жаңбыр жаудырды. Жаратушы жалғыз Аллаһқа ғана сиыныңдар. Адамға пайда-зияны жоқ тас құдайларға табынуды тоқтатыңдар! Ей, қауымым! Аллаһ атымен ант етейiн, бұл кеңесiм үшiн мен сендерден ақы алмаймын. Оның сауабы маған Тәңiрден қайтады, – дедi.
Мұны естiген кейбiр адамдар:
– Шынында бұл жөн сөз, мынау тас мүсiндер не сөйлемейдi, не қозғалмайды. Ендеше олар қалай Құдай болмақ, – дестi. 
Адамдардың ендi бiр бөлiгi:
– Бұлар бiздiң ата-бабаларымыз сыйынған құдайларымыз, олардан бiз ешқашан бас тартпаймыз, – дедi. 
Ал Нұхқа, алейһиссәлам, иланған бұқара халық өкiлдерi тас құдайлардан бас тартып, Аллаһ жолына түстi.
Керiсiнше дәулеттi өркөкiрек адамдар Нұхтың, алейһиссәлам, Аллаһтың пайғамбары екенiне күмән келтiрiп, оның сөзiне иланғылары келмедi. 
– Оның сөзiн тыңдайтындай Нұх кiм едi соншама. Қаңғып жүрген қара табан кедейдiң сөзiне иланатын бiз емес, – дестi олар.
Нұх, алейһиссәлам, оларға пұттардан бас тартып, Аллаһ жолына түсулерiн талап еттi. Кейбiр дәулеттi адамдар Нұхқа, алейһиссәлам, былай дедi:
– Ей, Нұх! Сен есiңнен адасқан шығарсың? Сен бұрын ақылды адам секiлдi едiң, мына айтып жүрген насихатың не? Кешелi берi адамның ақылы жетпейтiн бiрдеңелердi айта бастадың. Шынында саған бiрдеңе көрiнген шығар?
Нұх, алейһиссәләм, оларға былай деп жауап бердi:
– Ей, қауымым! Мен – Аллаһтың шын елшiсiмiн. Аллаһ Та`ала маған адасқандарды ақиқат жолына салуды бұйырды. Сендердiң бүкiл әлемнiң мiршiсi Аллаһ Та`ала тұрғанда, өз қолдарыңмен жасаған пұттарға табынатындарың не?.
– Нелiктен Аллаһтың таңдауы саған түстi? Сен түгi жоқ кедейсiң ғой. Тәңiрi Өзiнiң жердегi елшiсi қылып жiберетiндей сенiң бiзден қай жерiң артық? – дедi олар.
– Мен кедей болғанмен, Аллаһқа шын берiлген адал жанмын. Аллаһ өзiне шын берiлген сүйiктi пенделерiне екi дүниенiң сауабын бередi, рақымына бөлейдi. Егер сендер менiң айтқандарыма иланып, маған бой ұсынсаңдар, сендерге Аллаһтың мейiрiмi түсiп, жұмақты нәсiп етедi. Аллаһ адамдарды Өзi жаратады, Өзi өлтiредi және Ақыретте қайта тiрiлтiп алады, – деп жауап бердi.
Олардың бiрi Нұхқа, алейһиссәлам,былай дедi:
– Ей, Нұх! Егер бiз сенiң айтқандарыңа бой ұсынып, Аллаһ жолына түссiн десең, мына кедей-кембағалдарды қасыңнан қу. Бiздiң олармен бiр қатарда тұрғымыз келмейдi, бай, мырза деген атымыз бар.
– Олар кедей болғандары үшiн кiнәлi ме? Олар Аллаһқа шын берiлген адамдар. Ақиқатында Аллаһ адамдарды бай кедей деп бөлмейдi. Жазықсыз жандарды жанымнан қуып күнәһар бола алмаймын, – дедi Нұх, алейһиссәлам.
– Ендеше, бiзден аулақ жүр, ендiгәрi бiзге келiп уағыз айтушы болма! – дедi кәпiрлер.
Бiрақ Нұх, алейһиссәлам, оларға күн сайын келiп уағыз айтуын тоқтатпады. Бiрде оларға былай дедi:
– Ей, қауымым! Мен сендер Аллаһтың азабына ұшырайсыңдар ма деп қорқамын. Түбi бiр туыс болғандықтан да мен сендердi аяймын. 
Бiрақ жұрт түк естiмегендей оған ләм деп жауап қатпады. Сонда Нұх, алейһиссалам, оларға:
– Егер сендер менi кедей деп сыйламасаңдар, онда сендерге бақты да байлықты да, баланы да, денсаулықты да берген Тәңiрдi неге сыйламайсыңдар? – дедi.
Алайда жұрт бетiн басып, құлағын бiтеп Нұхты, алейһиссәлам, тыңдағылары келмей терiс айналды. Нұх Нәбиолла оларды шыр айналып дауыстап былай дедi:
– Ей, қауымым! Сендер ауыр тақсiрет тартасыңдар-ау деп қорқамын. Аллаһтың азабына ұшырамай тұрғанда терiс жолдан қайтып, тәубаға келiңдер.
Нұхтың, алейһиссәлам, уағызынан мезi болған жұрт оған дүрсе қоя бердi:
Ей, Нұх! Сен бiзбен сөз таластырып Аллаһтың азабымен қорқытпақ боласың. Кәне, сол азабыңды көрсетшi бiзге. Егер бұл райыңнан қайтпасаң бiз сенi тасаттық қылып өлтiремiз.
Одан соң олар бiр-бiрiне былай дедi:
– Тәңiрлерiңдi тәрк етпеңдер. Уадтан, Суағдан, Яуықтан, Яғұстан және Насырдан (бұлардың бәрi пұттардың атауы) ешқашан безбеңдер.
Сөйтiп менмен топ Нұхтан, алейһиссәлам, бойын аулақ салды. Қауымына көңiлi қалған Нұх, алейһиссәлам, Аллаһ Та`алаға жалбарынды:
– О,Тәңiрiм! Мен жұртыма күндiз-түнi уағыз айттым. Бiрақ олар тыңдамақ түгiлi менен бойларын аулақ салды. Ей, Раббым! Жер бетiнде бiрде-бiр дiнсiздi қалдыра көрме! Оларға ақыреттiк азабыңды жiбермесең, күнәһарлар мен дiнсiздердiң жер бетiнде қаптап кетерi сөзсiз. Жаратушы, жамандығыңнан сақтай гөр, Өзiңе иман айтқан мүминдерге ақ жолыңды бере гөр. Күнәһар қауымды көбейтпей, азабыңды жiбере гөр.
Аллаһ Та`ала оның тiлегiн қабыл алды.
– Ей, Нұх! – дедi Аллаһ Та`ала. – Сен оған бола күйiнбе де қорланба. Мен жер бетiне топан су қаптатамын да, саған ерген мүминдерден басқа кәпiрлердiң көзiн жоямын.
Аллаһ Та`ала оған үлкен кеме жаса деп бұйырды. Нұх, алейһиссәлам, Тәңiрдiң әмiрiн орындауға кiрiстi. Ары-берi өткен дiнсiздер Нұхты, алейһиссәлам, тәлкек қылып күлiп жүрдi.
– Ей, Нұх! Сен кеше ғана өзiңдi Аллаһтың елшiсiне балап бiзге уағыз айтып жүр едiң, бүгiн ағаш шауып, кеме жасауға көшкенсiң бе? Тақуалықтан ұсталықты артық көргенсiң-ау, сiрә?.
– Азырақ шыдай тұрыңдар, – дедi Нұх, алейһиссәлам. – Сосын бiлесiңдер!.
– Мұндай ақымақты көрсек көзiмiз шықсын, – дедi адамдар. 
– Бiр күнi өзiн пайғамбармын деп жар салады, бiр күнi ағаш шабады. Есуас.
Нұх, алейһиссәлам, алып кеме жасап болған кезде Аллаһ Та`ала оған жер бетiндегi жан-жануарлар мен жәндiктердi жұп-жұптан кемеге салуын бұйырды. Одан соң туыстары мен Нұхтың, алейһиссәлам, өзi және Аллаһқа иман айтқан мүминдер мiнуге тиiс болды. Өйткенi Аллаһ Та`ала жер бетiне бұрын соңды болмаған топан су қаптатуды ниет еттi.
Нұх, алейһиссәлам, Аллаһ Та`аланың әмiрiн орындап болған соң мүминдердi ертiп кемеге кiрдi. Бiрақ оның баласы кемеге мiнуден бас тартты.
Аздан соң күштi дауыл көтерiлiп, аспан түнерiп сала бердi. Күн күркiреп, найзағай жарқылдады. Аспанның түбi тесiлiп кеткендей жаңбыр толассыз жауды, жерден бұлақ көздерi ашылып, су бiртiндеп көтерiлiп келе жатты. Дәл бұлай болар деп күтпеген дiнсiздер, жан сақтау үшiн тауға қарай жүгiре жөнелдi.
Нұх, алейһиссәлам, тауға беттеп бара жатқан баласына дауыстады: 
– Балам имансыздарға ерме, кемеге шық.
Құйқасы шымырлап, жүрегi аттай тулаған Нұх, алейһиссәлам, баласын райдан қайтаруға тырысты.
– Балам, бүгiн Аллаһтың рақымы түспеген бiрде-бiр пенде тiрi қалмайды.
Бiрақ баласы оған құлақ аспай өз жөнiмен тарта бердi.
Осы кезде бiр үлкен толқын көтерiлдi де, бала көзден ғайып болды. Мұны көрiп отырған кеме iшiндегiлер Аллаһқа бұрынғыдан бетер мiнәжат қып жалбарына түстi.
Нұх, алейһиссәлам, Аллаһқа жалбарынып мiнәжат еттi: 
– О, жаратқан Ием! Балам менiң нәсiлiмнен едi, құтқара гөр! Сен бәрiн көрiп, бәрiн бiлiп тұратын рақымдылардың рақымдысысың ғой.
– Ей, Нұх! – дедi Аллаһ Та`ала. – Сен өзiң бiлмейтiн нәрсеге таласып, маған мiнәжат етушi болма. Ақиқатында имансыз ұл сенiң үмметiңнен емес.
Өзiнiң қателiгiн түсiнген Нұх, алейһиссәлам, Аллаһқа мiнәжат етiп тәуба келтiрдi. "О, Жаратқан Ием! Нағыз бiлгiр, нағыз дана Өзiңсiң. Сенiң үкiмiңнен асқан әдiлет жоқ. Бiздi ақ жолыңа бастай гөр!”.
Кеме таудай-таудай толқындардың арасында жүзiп келе жатты. Күннен-күнге тасқын күшейiп, су биiк таулардың ұшар басына дейiн көтерiлдi. Ақырында олар да су астында қалды. Кемедегiлерден басқа жер бетiнде бiрде-бiр тiрi жан қалмады. 
Осы кезде Аллаһ Та`ала жер мен көкке, әмiр берiп тасқын суға тоқтауды бұйырды. Жаңбыр басылып, күн ашылды. Толқыған теңiз жер астына тартылып бара жатты. Кеме Жуди тауының басына келiп тоқтады. Нұх, алейһиссәлам, кеменiң терезелерiн ашып сыртқа көз тастады. Терезеден түскен жарықты көргенде кеменiң iшiндегi жан-жануарлар шулап, адамдар шаттанып айқайлап азан-қазан болды. 
– О, Аллаһ Өзiң сақтай гөр! – Нұх, тезiрек есiктi аш! – дедi олар тағатсызданып.
– Сәл шыдай тұрыңдар, – дедi Нұх, алейһиссәлам, оларға. – Сыртқа шықпас бұрын алдымен жердiң жағдайын бiлiп алайық.
Сыртқа шығуға болатынына әбден көзi жеткен кезде Нұх, алейһиссәлам, кеменiң есiгiн ашты. Аман қалған жануарлар қайтадан жер бетiне тарап кеттi.
Нұх, алейһиссәлам, топаннан кейiнгi тап-таза топыраққа аяқ басты. Сөйтiп тоғыз жүз елу жыл жасаған Нұх, алейһиссәлам, жан-жануарлар мен Аллаһқа иман келтiрген мүминдердi топаннан сақтап қалуға себепшi болды.
– Ей, Нұх! – дедi Аллаһ Та`ала. – Сендер үшiн жер бетiне ризық тараттым. Игiлiгiн көрiңдер!.
Аллаһтың елшiсiн жоққа шығарып, Құдайдың қарғысына ұшыраған күнәһар қауым топан суға батып набыт болды. Ал Аллаһқа иман айтқан мүминдер жер бетiндегi тiршiлiктерiн жалғастыра бердi.


Каталог: ld
ld -> Сабақтың тақырыбы : Баяндауыш
ld -> Таңғажайып алаң ойыны. М.Әділова
ld -> Мақтаның жемісі мақтаның ашылмай қалған немесе шала ашылған қауашағын дейді. Қауашақ ашылады. Қауашақ ішіндегі ұзын талшықтары (түктері) бар өте көп тұқымдар шашылады
ld -> Одонтогенні кісти діляться на кореневі (радикулярні) і коронкові (фолікулярні)
ld -> Одонтогенні пухлини щелеп
ld -> Производство лекарственных препаратов по контрактам: Простанорм г. Томск
ld -> Гбоу впо рниму им. Н. И. Пирогова
ld -> 1. Гомеостаз – дегеніміз не


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©stom.tilimen.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет