Имандылық негізі – Ислам діні. Адам (а с) өмірі


Фатима – Аллаһ расулының қызы



бет11/11
Дата09.04.2019
өлшемі365.52 Kb.
#102637
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Фатима – Аллаһ расулының қызы

"Фатима - менің бір бөлшегім. Оны ренжіткен адам мені де ренжіткен болады, оны қуантқан адам мені де қуантқан саналады".

(Хадис)


 

Хазірет Фатима - Пайғамбарлар мөрі, Екі Жаһан Сұлтанының (с.а.с.) сүт кенжесі. Пайғамбарымыздың пәк ұрпағын жалғастырған ең сүйікті қызы. Пайғамбары-мыздың (с.а.с.) басқа қыздарынан: Рұқииядан туылған Абдуллаһ кішкентай кезінде қайтыс болған. Үммү-гүлсүмнен ұрпақ болмаған, Зейнептен туылған Әли сәби кезінде шетінеп, оның екіншісі Умамадан бала болмаған. Аллаһ расулының (с.а.с.) үш қызы да Пайғамбарымыздың өзінен бұрын қайтыс болған.

Ол жер жаһандағы ең бақытты, Ислам дінінің дүниеге алғаш есік ашқан сәтінде Ұлы Елшіге (с.а.с.) иман еткен, өмір бойы жақсылықтарын жыр ғып өткен асыл жары Хадиша Кубрадан Пайғамбарымызға әлі пайғамбарлық міндеті берілместен аз ғана уақыт бұрын дүниеге келген[1].

Оның ес біліп, етек жапқан кезі мүшріктердің Аллаһ елшісіне дұшпандықтарының асқынып, қысастық көрсете бастаған кезге сай келді. "Қаралы жылда" Хадиша Кубра дүние салып, Фатима ананың аялы алақанынсыз қалады. Мейірімділік пайғамбары (с.а.с.) оған әрі әке, әрі шеше бола білді.

Өзінің ұрпағын осы қызы жалғастыратынын сезіп білген Пайғамбарымыз оны көзінің қарашығындай көретін. Үйінен ұзап шыққан сайын жалғыз қызын мейірлене сүйетін. Сапардан оралғанда да ең алдымен осы қызының үйіне соқпай кетпейтін[2].

Хазірет Фатима да әкесін шексіз сүйді. Әкесін мұңлы көрсе, қайғыға батып, қуанғанын көрсе, жүзіне күлкі үйіріліп шыға келетін.

Пайғамбарымыздың ағасы, қорғап-қолдаушысы Әбу Тәліп қайтыс болғаннан кейін оның бар кезінде батып жасай алмаған зұлымдықтарын мүшріктер барынша істеп бақты. Әсіресе, Аллаһтың сүйікті елшісі (с.а.с.) намазға тұрғанда ойларына келген қорлықты жасады. Маңдайын сәждеге қойған сәтте түйенің ішек-қарнын арқасына қотара салатын. Жүрген жолына тікен төсеп, тас атып, басына топырақ шашатын.

Жағдай жан төзгісіз деңгейге жеткен күндердің бірінде Аллаһ елшісі (с.а.с.) үсті-басы сауыс-сауыс топырақ болып табалдырықтан аттағанда шешесінен бір айырылып, жалғыз әкесінің жүдеу көңілін екі көріп, хазірет Фатима оның мойнына асылып ботадай боздады. Көздері қанталаған мүшріктер сүйеніші болған әкесіне бір қиянат жасай ма деп қорқып, жаралы жүрегі сыздады. Әлемді қараңғылықтың тоңмойын тар қапасынан құтқаруға жіберілген Ардақты елші (с.а.с.) Аллаһқа деген шексіз сеніммен: "Қорықпа, ботақаным! Аллаһ сенің әкеңді қорғайды", - деп көңілі жаралы қызын жұбатты[3].

Пайғамбарымыз (с.а.с.) Меккеден Мәдинаға көшкенде бала-шағасын уақытша тастап кетуге мәжбүр болған еді. Мәдинаға барып орналасқаннан кейін Меккеде қалып қойған қыздары Фатима мен Үммүгүлсүм және жұбайы Сәуда анамызды қасына алдырады. Осылайша "Фатима - менің бір бөлшегім. Оны ренжіткен адам мені де ренжіткен болады, оны қуантқан адам мені де қуантқан саналады"[4] деп әспеттеген сүйікті қызымен аман-есен қауышады.

Хазірет Фатиманы сахабалар да жақсы көріп, құрмет көрсететін. Әкесіне аумай тартқан оны "Үмму Әбиһа" (Әкесінің анасы) деп атайтын еді. Бұл жайлы Айша анамыз былай дейді:

"Фатима үйге кіргенде Расулаллаһ орнынан тұрып, қызының маңдайынан сүйіп өз орнына отырғызатын. Пайғамбар оның қасына барған кезде ол да орнынан тұрып, әкесін сүйіп өз орнын беретін. Жүріс-тұрысы, мінез-құлқы жағынан дәл Фатимадай Аллаһ расулынан аумайтын адам көрген емеспін[5]."

Сахабалардың арасындағы хазірет Әбу Бәкір мен Омар сынды ұлы тұлғалар Пайғамбарымызбен (с.а.с.) туыстасу үшін оның сүйікті қызына құда түсті. Пайғамбарымыз оларға: "Қызым Фатима үшін Аллаһтың әмірін күтудемін", - деп, ұсыныстарын қабыл етпеді.

Фатимада хазірет Әлидің де көңілі бар еді. Алайда Пайғамбарымыздың Әбу Бәкір мен Омар сияқты жан қиыспас достарының ұсыныстарын қабыл етпегенін біліп, Әлидің құда түсуге батылы бармады.

Сөйтсе де Әли (р.а.) тәуекелге бел байлап, көңіліндегі көрікті ойын Пайғамбарымызға (с.а.с.) жеткізбек болды. Алайда жеме-жемге келгенде ұялғаннан тілі күрмеліп сөйлей алмай қалады. Оның сыңайын айтқызбай байқаған Пайғамбарымыз: "Сен Фатиманы қалыңдыққа сұрауға келгендейсің ғой", - дегенде Әлидің "иә" деуге ғана шамасы келді. Пайғамбарымыз одан мәхир[6] ретінде не бере алатынын сұрағанда, ол өзінің ештеңесі жоқ екенін айтты. Пайғамбарымыздың Әлиге берген бір сауыты бар болатын. Соны сатып, мәхирін өтеуге келісті[7].

Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.с.) қызы Фатиманың некесін өзі қиды. Хазірет Әли мен Фатиманы екі жағына отырғызып, Ұлы Жаратушыға қол жайып:

"Аллаһым! Екеуінің некесін қасиетті ет. Олардан өрбитін ұрпақтарды да мүбәрак ет! Аллаһым, оларды шайтанның азғыруынан сақта", - деп тілек тілеп, "Ықылас" сүресі мен "Муауиззатәйн" сүрелерін оқыды[8].

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) дұғасының берекетімен бір жылдан кейін хазірет Хасан, одан кейін Хусәйн дүниеге келді. Пайғамбарымыз "Дүниеде иіскеп сүйген қос райханым" деп екі немересін екі тізесіне отырғызып ерекше еркелететін. Пайғамбарымыздың мүбәрак ұрпақтары осы екі немересінен тарады.

Бірде Пайғамбарымыз үстіндегі шапанымен хазірет Әли,  Фатима,  Хасан мен Хусәйннің үстін жауып тұрып: "Аллаһым, міне мыналар Әһли Бәйтім[9] Сен оларды өзіңнің разышылығың болмаған істерден қашық ет"[10], - деген болатын. Осы отбасынан кейін Ислам үмбеті үшін үлкен қызмет сіңірген көптеген ғалым, әулие кісілер дүниеге келді. Пайғамбарымыздың әһли бәйтке деген сүйіспеншілігі - тек өз кіндігінен тарауынан емес, олардың Ислам үмбеті үшін қызметтерінің маңыздылығынан туындағандай.

Аллаһ расулы (с.а.с.) ірге тасын өзі қалаған бұл шаңырақпен терең байланыста болды. Өз қолында өскен ақылды да парасатты Әлиді жанындай жақсы көрген Пайғамбарымыз шаңырақтың шайқалмауы үшін қолынан келгенін аямады. Бір күні хазірет Әли мен жұбайы Фатиманың (р.а.) арасында бір келіспеушілік туып қалады. Мұны ести сала Пайғамбарымыз олардың үйіне жеткенше асығады. Көзінің қарашығындай екі сүйіктісінің арасындағы келеңсіз жайтқа мұңайған Пайғамбарымыз неке қиған кездерін естеріне салып, екеуін екі жағына отырғызып татуластырды. Үйден шыққан кезде Пайғамбарымыздың шат жүзін көргендер: "Уа, Расулаллаһ! Үйге кірерде мұңды едіңіз, ал, қазір қуанып тұрсыз. Мұның себебі не екен?", - дегенде, ол: "Өйткені, ең жақсы көретін екі адамымды татуластырдым"[11], - деп қуанышын жарияға жар салады.

Расулаллаһтың (с.а.с.) дүниедегі ең сүйікті екі адамы Пайғамбарымыздың өзі сияқты қарапайым өмір сүрді. Аллаһ елшісі оларды солай тәрбиелеген еді. Пайғамбарымызға қатты ұқсайтын Фатима анамыз әкесі сияқты өз тірлігін өзі істейтін. Алайда шелекпен су тасып, тас диірменмен ұн тарта-тарта екі алақаны мүйізденіп кеткен жұбайының жағдайына Әлидің қабырғасы қайысып, жаны ашитын.

Бір шайқаста мұсылмандардың қолына тұтқындар мен олжа түседі. Олар Мәдинаға жеткізілгенде Аллаһ елшісіне (с.а.с.) әркім келіп өз бұйымтайын білдірді. Хазірет Әлидің кеңесімен Фатима анамыз да әкесіне бұйымтайын айтпақ болады. Пайғамбарымызды үйінен таба алмаған хазірет Фатима оның жұбайларына келгендегі шаруасын айтып кетеді.

Өзі жоқта сүйікті қызының келіп-кеткенін, үйіне көмекші ретінде бір қызметші сұрағанын естіген Пайғамбарымыз сол сәтте хазірет Фатиманікіне тартады. Фатима анамыз төсегінде жатқан еді. Әкесін көріп, орнына тұрмақ болғанда Пайғамбарымыз оны тұрғызбай, қасына отырады. Ол әкесінің тізесінің суықтығын бүйрегімен сезді. Мейірім Пайғамбары (с.а.с.): "Қызым, Суффа сахабаларының қажеттілігін өтеместен саған еш нәрсе бере алмаймын. Бірақ, саған бұл қызметшіден де қайырлы бір нәрсе үйретейін. Ұйқыға жатар кезіңде 33 рет Субханаллаһ, 33 рет Әлхәмдулиллаһ, 33 рет Аллаһу Әкбәр деп жатсаң, сенің сұраған нәрсеңнен сол артық", - деген еді[12]. Хазірет Фатимаға әкесінің разышылығынан артық еш нәрсе де қажет болмағандықтын, ол Пайғамбарымыздың айтқандарын құп алды.

Пайғамбарлар падишасы хазірет Мұхаммед (с.а.с.) бойын сырқат меңдеп жатқанда, жан дегенде жалғыз қызы Фатиманы қасына ымдап шақырып құлағына сыбырлайды. Хазірет Фатиманың басына жай түскендей есеңгіреп, өңі қашып, еңіреп жылап жіберді. Пайғамбарымыз екінші құлағына сыбырлағанда жүзі күлімдеп сала берді.

Бұл жағдайды көріп, таңданған Айша анамыз Фатимадан мұның сырын сұрайды. Ол: "Бұл Аллаһ расулының жеке сыры" деп айтпай қояды. Пайғамбарымыз дүние салған соң Айша анамыз мұның себебін қайтара сұрағанда, "Алдымен әкем өзінің бұл дүниемен жақын арада қош айтысатынын айтты. Сол үшін жыладым. Екіншісінде арғы дүниеде отбасының арасынан өзіне бірінші болып менің қауышатынымды айтты... Қуануымның себебі сол", - деп жауап берген еді[13].

Әкесі дүние салғанда хазірет Фатима үшін өмірдің мәні қашты. Күндіз-түні көз жасын төгіп, жүрегі қан жылады. Пайғамбарымыздың жоқтығына бар-жоғы алты ай ғана шыдай алды. Алты айдан кейін Пайғамбарымыздың айтқаны айдай келіп, сүйікті әкесіне туыстарының арасынан ең алғаш қауышқан хазірет Фатима болды[14].

Хазірет Фатима хижраның он бірінші жылының Рамазан айында ақтық сапарға аттанды. Жаназасын құдай қосқан қосағы хазірет Әлидің өзі шығарды.



Хазірет Хадиша


"Аллаһ Хадишадай қайырлы жар сыйлады. Ел мені мойындамай күпірліктің күңсіген қоқсығын ақтарып жүргенде, ол иман келтірді. Жұрт түгел мені өтіріксінгенде, ол растап, қолдады. Ел менен не нәрсесін де аяп итіне жегізгенде, ол дәулетіне ортақ етті. Аллаһ тағала тек содан ғана маған перзенттер нәсіп етті" .

(Хадис)
Хазірет Хадиша - Пайғамбарлар сұлтанының (с.а.с.) пәк, ар-намысы таза, адамгершілігі мол өмірлік жан серіктерінің алғашқысы.

Арабтардағы ең беделді тайпа Құрайыш тайпасы болса, ол сол тайпаның ең текті отбасыларының бірінің перзенті болатын. Әкесінің аты - Хуәйлид, анасының аты - Фатима. Хадиша анамыздың шежіресі әке жағынан Пайғамбарымыздың бабасы Құсайға, шеше жағынан Пайғамбарымыздың аталары Луәйге келіп тірелетін[1].

Құрайыш қыздарының ішінде көргендігі, көркемдігі, ибалылығы мен дәулеті жөнінен ерекшеленетін Хадиша - жәһилия кезеңінің өзінде «тахира», яғни "пәк, арлы әйел" атағына ие болған абзал тұлға. Алғашында ол Атиқ ибн Азизге тұрмысқа шығып, одан бір қызды болды. Ол қайтыс болған соң Тәмим руынан Әбу Халамен отау құрып, одан бір ұл, бір қыз тапты. Алайда бұл күйеуі де қайтыс болып, жесір қалды. Содан кейін де аты мен заты дара, хаса сұлу Хадишаны талайы айттырды. Бірақ текті Хадиша теңі кездеспегендіктен, олардың ешқайсысын көңілі хош көрмеді.

Дәулетті Хадиша саудамен айналысып, жыл сайын Шамға керуен жөнелтетін. Мұхаммед Мұстафаның (с.а.с.) сенімді, тәрбиелі, ісіне адал жан екенін естіп біліп, оған Шамға баратын сауда керуенін басқаруды ұсынды. Аманатқа қиянат жасамайтын Мұхаммед - Әмин (сенімді) (с.а.с.) бұл ұсынысты қабылдап, Шамға аттанып кетті. Керуен үш ай жол жүріп, соңында Шамға табан тіреді. Меккеден әкелінген заттар сатылып, қажетті тауарлар алынды. Осылайша керуен қайтадан Меккеге аттанды. Бұл жолғы керуен бұрынғыларға қарағанда екі есе көп пайда түсірген еді. Осы керуен сапарына хазірет Хадишаның қызметшісі Майсара да қатысты. Майсара жол бойы Мұхаммедтің (с.а.с.) жайдары мінезді, байсалды, шыншыл, еңбекқор әрі тындырымды жан екеніне куә болып, оралған бетте Хадиша анамызға оны аузынан суы құрып мақтап бітіре алмады. Осы әңгімеден кейін Хадишаның жүрегінің төрінен Адамзаттың ардақтысына (с.а.с.) деген сенім мен сүйіспеншілік орын алды. Көп ұзамай текті Хадиша оған тұрмысқа шығу жөніндегі ұсынысын жасады[2]. Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) Әбу Тәліпке жағдайды баяндады. Әбу Тәліп барып, Хуәйлидқызы Хадишаға құда түсті. Екі жақ келісіп, Хадишаның үйінде той жасалды. Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) пен Хадиша анамыздың некесі қиылды[3]. Бұл кезде Пайғамбарымыз (с.а.с.) 25 жаста, Хадиша анамыз (р.а.) 40 жаста болатын.

Олардың Қасым, Зейнеп, Руқия, Үммүгүлсім, Фатима және Абдуллаһ деген алты перзенті болды. Қасым мен Абдуллаһ кішкентай кезінде Меккеде қайтыс болды. Пайғамбарымыздың хазірет Фатимадан басқа перзенттерінің бәрі өзінен бұрын бақиға аттанды. Пайғамбарымыз дүние салған соң алты ай өткенде Фатима анамыз сүйікті әкесінің қасына кетті.

Бұл отбасы Меккедегі ең бақытты, ең үлгілі шаңырақ еді. Хадиша анамыз жұбайын әрдайым құрметтеп, отбасының пірі санайтын. Материалдық әрі рухани жәрдемін жан жарынан еш аяған емес. Пайғамбарымыз да аяулы жарын "Хадиша Кубра", ұлы Хадиша деп еркелететін.

Ұлы Хадиша адамзаттың мақтанышы Әлемдердің Сұлтанын (с.а.с.) пайғамбарлықтан бұрын да сыйластығы мен сүйіспеншілігімен бақытты еткенінде, пайғамбарлық кезеңі басталғанда да оны қолдап, ең алғашқы мұсылман атағына ие болды.

Хира үңгірінде алғаш уаһи келе бастаған сәтте Пайғамбарымыз қатты қорқады. Басынан өткен жағдайды баяндап, көңіліндегі қорқынышты сейілтер деген оймен өзін әрқашан қолдаған Хадиша анамызға барады. Адамзаттың асылы (с.а.с.) үйіне барар-бармас, "үстімді жабыңдар" деуге ғана шамасы келді. Хадиша анамыз Пайғамбарымызды жатқызып, үстін жапты.

Шамалы болса да тынығып алған Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған басынан кешкен жайтты баяндап болған соң: "Уа, Хадиша, көзіме бір сәулелер көрінеді. Қызық дауыстар естимін. Пұттарды және көріпкелдерді жаным сүймейтінін білесің. Алайда маған жындар келе ме деп қорқамын", - дегенде, парасатты Хадиша: "Олай деме. Қорқып, үрейленерлік ештеңе жоқ. Уайымдама, Аллаһқа ант етейін, Ол сен сияқты құлын ұятқа қалдыра қоймас. Өйткені, сен әрқашан шындықты айтасың. Аманатқа қиянат жасамайсың. Туған-туыстарыңмен сәлемің түзу, қабағың ашық. Көршілеріңе мейірімдісің. Кембағалдар мен кедейлерге қол ұшын беріп, мүсәпірлерді үйіңнің төріне шығарып, оларды құтты қонақтай күтесің. Халқың қиындыққа душар болғанда жәрдеміңді аямайсың. Уаллаһи, сені бұл үмбеттің пайғамбары болар деп үміттенемін"[4], - деп, оны жұбатып, көңіліндегі қорқыныш сезімін басуға тырысты.

Ең жақын сырласы, көңілінің жұбанышы, жан серігін тек жұбатып қана қоймады. Жаратушыдан келген бұйрықтарды халыққа жеткізу міндетін алған Аллаһ расулына бұл қиын жолда: "Сенің пайғамбар екендігіңе сенемін", - деп қолдау көрсетіп, ең алғаш мұсылман болу құрметіне бөленді[5]. Мұндай сын сағатта жолдасының шәк келтірместен иман етуі, ол үшін үлкен бақыт болып, жігерін жаныды.

Хазірет Хадиша Ислам шуағын жаю жолындағы Ислам тағдырының пышақ үстіндегі алғашқы жылдарында бар мүлкін Аллаһ расулының жолында жұмсаудан аянбады. Қиын-қыстау күндерде оны шын ниетімен қолдап, көңіліне медеу болған, бар байлығын Ислам жолында жұмсап, мұсылмандарға демеу берген осы асыл жар - Хадиша Кубра еді. Бар байлығын Аллаһ жолына сарп еткен мүминдердің анасы Хадиша Кубра (р.а.) қайтыс болар кезде артында тігерге тұяқ қалмады. Осындай жанкештілігі үшін де ол Аллаһтың сәлеміне, Пайғамбарымыздың мадағына ие болды. Бір күні Жәбірейіл періште келіп, Пайғамбарымызға былай деді: "Аллаһ Хадишаға сәлем жолдайды. Жәннатта інжуден жасалған салтанатты сарайдың сол үшін әзірленгенін айтып, сүйіншіле. Ол жерде күйбең тіршілік жоқ, жан рахаты бар". Пайғамбарымыз (с.а.с.) Хадиша анамызға Аллаһтың сәлемін жеткізгенде, ол Аллаһтың сәлемін үлкен қуанышпен қабыл алып, өзінің де сәлемін жолдайды[6].

Мүминдердің анасы Хадиша Кубра Пайғамбарымыз Меккеден Мәдинаға көшерден үш жыл бұрын 65 жасында дүние салды. Ол қайтыс болмастан аз ғана уақыт бұрын Пайғамбарымыздың сөзін сөйлеп, мүшріктердің азабынан қорғаштап келген ағасы Әбу Тәліп те көз жұмған еді. Екі бірдей қолдаушысынан айырылған Пайғамбарымызға бұл ауыр соққы болып тиді. Сондықтан да бұл жыл "қаралы жыл" деп аталды.

Қилы заманда өзіне әрі қолдаушы, әрі көмекші, әрі кеңесші болған алғашқы жол серігі Хадиша анамыздың орны Пайғамбарымыз үшін мүлдем бөлек. Хазірет Хадиша анамыз көз жұмса да, Пайғамбарымыздың оған деген махаббаты бір мысқал да кемімеген. Хадиша анамыздың туыстарынан қолдан келген көмегін аямайтын. Оның көрсеткен жанқиярлықтарын Әлемдердің Сұлтаны (с.а.с.) әрқашан аузынан тастамайтын. Адал жары хазірет Хадиша (р.а.) жайлы жиі айтатыны соншалықты, Айша анамыз Аллаһ расулын одан қызғанатын.

Күндердің бір күнінде Пайғамбарымыз Хадиша анамыздың жақсылықтарын тағы есіне алады. Айша анамыз шыдай алмай: "Үнемі Хадишаны айтасыз. Аллаһ тағала сізге одан да жас әрі әдемі әйелдер берді емес пе?", - дейді. Тозаңдай жақсылықты ұмытпайтын Пайғамбар (с.а.с.): "Аллаһ Хадишадай қайырлы жар сыйлады. Ел мені мойындамай күпірліктің күңсіген қоқсығын ақтарып жүргенде, ол иман келтірді. Жұрт түгел мені өтіріксінгенде, ол растап, қолдады. Халық менен не нәрсесін болса да аяп итіне жегізгенде, ол дәулетіне ортақ етті. Аллаһ тағала тек ғана содан маған перзенттер нәсіп етті",- деді. Хадиша анамыз жайлы бұл сөздерді естіген Айша анамыз айтқанына ұялып: "Уа, Расулаллаһ! Сені пайғамбар етіп жіберген Аллаһқа ант етейін, бұдан кейін Хадиша жайлы естеліктеріңді айта жүруіңді өтінемін", - деп Пайғамбарымыздың көңілін аулаған еді[7].

Пайғамбарымыз хадисінде: "Христиан әйелдердің ішінде ең қайырлысы - Имранның қызы Мәриям, мұсылман әйелдердің ішінде ең қайырлысы - Хуайлидтің қызы Хадиша" деп мадақтаса, басқа хадисінде: "Осы дүниеде де, ақыретте де құрметке ие болған төрт әйел бар: Имранның қызы Мәриям, перғауынның жары Әсия, Хуайлидтің қызы Хадиша, Мұхаммедтің қызы Фатима", - деген болатын[8]. (Саңлақ сахабалар кітабынан)




Ізгі ниет

Әрдайым Алланың назарында, бақыттың базарында болыңыз. Әмин!



Алматы – 16.10.2012ж













Каталог: ld
ld -> Сабақтың тақырыбы : Баяндауыш
ld -> Таңғажайып алаң ойыны. М.Әділова
ld -> Мақтаның жемісі мақтаның ашылмай қалған немесе шала ашылған қауашағын дейді. Қауашақ ашылады. Қауашақ ішіндегі ұзын талшықтары (түктері) бар өте көп тұқымдар шашылады
ld -> Одонтогенні кісти діляться на кореневі (радикулярні) і коронкові (фолікулярні)
ld -> Одонтогенні пухлини щелеп
ld -> Производство лекарственных препаратов по контрактам: Простанорм г. Томск
ld -> Гбоу впо рниму им. Н. И. Пирогова
ld -> 1. Гомеостаз – дегеніміз не


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©stom.tilimen.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет