Гуманитарлық-заң факультеті


Өзін-өзі бақылау сұрақтары



бет4/8
Дата27.09.2018
өлшемі1.32 Mb.
түріСеминар
1   2   3   4   5   6   7   8

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:

  1. Археологиялық зерттеудің қандай әдістері бар?

  2. Ғылыми қызметкердің міндеттері қандай?

  3. Ескерткішті тазалаудың әдістері қандай?


4 тақырып. Мәдени қабат және стратиграфия – 2 сағат.

Дәріс мақсаты. Археология ғылымында мәдени қабатты зерттеудің орны мен маңызын, археологиялық стратиграфия және археологияда ескерткіштерді сипаттауда қолданылаын ашық және жабық кешен ұғымдары жайлы жан-жақты мағлұмат беру.

Негізгі сұрақтар:

  1. Мәдени қабат туралы түсінік.

  2. Археологиялық стратиграфия.

  3. Ашық және жабық кешендер


1. Мәдени қабат туралы түсінік. Мәдени қабат – адамның тұрмыс-тіршілігінің белгілері сақталған жер қыртысы.

Археологияда мәдени қабатты зерттеу үлкен орын алады. Мәдени қабатта байырғы адамдардың заттары, сүйек, құрылыс қалдықтары және өзге де археологиялық белгілер сақталған.

Жер бетіндегі топырақ, өсімдік ерекшеліктері және табиғи-климаттық жағдай оның қалыптасуына әсер етеді. Мәселен, жер ылғалды немесе сортаң келсе заттардың сақталуы қиындайды. Шөлейт және қуаң аймақта, тастақ жерлерде мәдени қабат қалыптаспауы мүмкін. Аса ылғалды аймақтарда заттар тез ыдырап, олардың ұзақ сақталуына жағдай қолайсыз келеді.

Егіншілік және отырықшы тірліктегі тайпалар мекендеген жерлерде мәдени қабат табылуы неғұрлым ықтимал. Себебі, олар бір жерде ұзақ уақыт өмірлерін өткізген. Тұрғындардың тығыздығы, өзен алқаптарындағы табиғаттың қолайлылығы мәдени қабаттың қатпарлануына тиісті жағдай туғызады. Мәдени қатпарлардың қалыңдығы өсе түседі. Мысалы, Шығыс Европадағы орыс қалаларының орнында мәдени қабаттың қуаттылығы немесе қалыңдығы 7-8 метрге дейін жетеді. Орталық Азияның кейбір оазистерінде өткен тұрақты өмір 15-20 метрлік мәдени қабатты құрайды. Сол сияқты, ерте тастың кейбір үңгірлерінде қуатты мәдени қабат табылуы мүмкін. Көшпелілер мәдениеттерінде жылжымалы шаруашылықтың кең тарауына байланысты, мәдени қабатты табу қиын.

Бұрынырақта, мәдени қабатты зерттеу қалыптаспаған болатын, есепке ірі, бағалы заттар алынып, ұсақтарына мән берілмеді, кейіннен сынық-қалдықтардың өзі мол тарихи түсінік беретіні анықталды. Сол арқылы уақытнамалық анықтаулар жасалынып, табылған комплекстер бір мәдениет аясына біріктіріледі.

ХХ ғасыр археологиясында қалыптасқан әдістер мәдени қабатты тұтас археологиялық ескерткіш ретінде қарастырады. Бір жерде бір немесе бірнеше мәдени қабат болуы мүмкін. Бұзылмаған бөліктерде мәдени қабаттар көлденең, жердің бұдырын қайталаған ретпен орналасады. Арасында таза немесе стерильді белдеулер болуы мүмкін. Қатпарлар жоғарыдан төмен қарай зерттелуі керек. Аса көлемді болса, шурф немесе траншея салынады.

Құрылыс топырақтың орналасу ретін бұзатыны белгілі, яғни түрлі құрылыстар салу кезінде мәдени қыртыс бүлінеді, мұндайда уақытнамалық анықтама жасауға құрылыс көкжиегі есепке алынады. Құрылыс көкжиегі жоғарыдан төменге қарай рет санымен көрсетіледі.

Мәдени қабат әлсіз және қуатты болуы мүмкін. Неғұрлым қуатты мәдени қабат қалалардың орындарында қалыптасады. Ол біртіндеп қалыңдайды. Бірнеше ғасырар бойғы мекеннің мәдени қабаты айқын көрінеді.

Мәдени қабаттың қалыңдауына немесе жойылып кетуіне табиғат факторлары барынша әсер етеді.

Ертетас заманындағы ескерткіштерде мәдени қабат көп кездеспейді, өйткені тұрақтардың көпшілігі- қысқа мерзімді. Қазақстанда мәдени қабаты жақсы қалыптасқан ертетас ескерткішінің бірі – Қаратау аймағындағы Қарасу (Ш. Уәлиханов атындағы тұрақ).

Мола ескерткіштердің кейбірінде мәдени қабат болуы мүмкін. Мәселен, қорған үйінділеріндегі құрбандық іздері, мал сүйектері, күл.

Мәдени қабатты зерттеу қиындығы – жер жұмыстарының ауқымдылығында. Байырғы ірі мекендердің мәдени қабаттары толық зерттеліп шығуы үшін ұзақ уақыт қажет. Мәселен, антик заманының әйгілі Помпей қаласы 18 ғ-дан бастап қазылуда, жер жұмыстары әлі аяқталмаған. Қазақстанның орта ғасырлардағы Отырар, Талғар, Далалық Ақтөбе қалалары да ондаған жылдар бойы қазылып келеді.



2. Археологиялық стратиграфия. Стратиграфия латын сөзі, stratum-қабат, grapho- жазу, яғни археологиялық ескерткіштердің орнында пайда болған қыртыстарды зерттеу әдісі.

Адамзат тарихының өте ерте дәуірлерін сипаттаған кезде геологиялық стратиграфия қолданылады. Атап айтсақ, мұзданудың және мұзаралықтарының геология ғылымы қалыптастырған атаулары бар. Адамзат тарихына сәйкес келетіндері ертетас дәуіріне жатады. Кейінгі археологиялық дәуірлер де стратиграфиялық әдістің қолдануымен зерттеледі.

Қоныстардағы қазба қабырғалары кең, көлемді келсе, шаршылардың түйіскен нүктелерінде жер бақандары қалдырылады. Қазба тереңдегенде олар аласартылады, уақытында қиындысы графикалық әдіспен салынып отыруы тиіс.

Қорғандарды қазғанда солтүстік - оңттүстік, шығыс - батыс бағыттарымен қазылмаған жал (орысша - бровка) қалдырылады. Қазба терең болмаса, жал бұзылмаған күйінде сақталады. Алдыңғы қиындылары қағаз бетіне түскенде, тереңдегенде аласартылуы мүмкін. Қиынды сызбасы –профилі сапалы жасалғанда ескерткіштен алынатын тарихи мағлұмат толыға түседі, уақытты дәл анықтауға септігін тигізеді.

Стратиграфиялық әдіс көне қоныстарды зерттеген кезде қолданылады. Стратиграфиялық тізбек немесе қатарлар арқылы жоғарғы және төменгі қабаттардың уақытнамасы анықталады. Стратиграфиялық әдіс қорғандық ескерткіштерді де зерттеуде маңызды қызмет атқарады. Ескерткіштердің салыну уақытын, құрылыстың қалыптасуын, құрылымын анықтайды.

3. Ашық және жабық кешендер. Археологияда ескерткіштерді сипаттауда ашық және жабық кешендер деген ұғымдар қолданылады.

Қоныстардың көпшілігі ашық комплекстерге жатады. Мұндағы заттар мен қалдықтар ұзақ уақыт бойы жинақталған, оларды бір уақытқа жатқызу, мәдени қабат бүлінген болса, қиындықтар туғызады.

Ашық комплекстегі заттар мен қалдықтар әр замандікі болуы мүмкін. Стратиграфиялық және типологиялық әдістер оларды ажыратуға мүмкіндік береді. Ашық комплекстегі деректемелер көбіне қираған, бөлшектенген, өзгерген түрінде ұшырайды.

Жабық комплектердегі заттар бір мезгілді мегзейді, бір заманның қолданыс заттары болуы неғұрлым ықтимал. Көбінесе бір мәдениетке жатады. Мәселен, моланың ішіндегі заттар бір уақытта көмілді, яғни зат жинақталуының уақыт тұтастығы бар. Олар бір дәуірдің, бір заманның заттары.

Арнайы камерада қойылғандықтан жабық комплекстегі деректемелердің сақталу сапасы жоғары келеді. Сондықтан, оның уақытнамалық көрсеткіштері ашық комплекстерге қарағанда айқын, абсолюттік уақытнамаға жақын. Жабық комплекстердің көмегімен мәдениетті анықтау жеңілірек. Жабық комплекстерге жерлеу комплекстерімен қатар бір мезетте табиғат апатынан немесе жойқын соғыс салдарынан жойылып кеткен қоныс - қалалар да жатады. Мәселен, жанартау атқылағанда қоныс-қалалар күл астында қалуы мүмкін. Антик заманының Помпей қаласы, міне, осындай жабық комплекс түріндегі ескерткіш. Мұндағы өмір көрінісі бір уақыт кескінін көрсетеді.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:


  1. Мәдени қабат дегеніміз не?

  2. «Стратиграфия» ұғымы

  3. Археологияда ескерткіштерді сипатаудағы кешендердің маңызы қандай?


5 тақырып. Ескерткіш жоспарлары мен сызбалары. Дала күнделігі – 1 сағат.

Дәріс мақсаты. Ескерткіштен дұрыс тарихи мағлұмат алу үшін жоспарлар мен сызбалар, фото және бейнематериалдар жасауды және археологоия қалыптастырған қазу әдістерінде жоспарлар мен сызбалардың маңызын сипаттау.

Негізгі сұрақтар:

  1. Жоспарлар

  2. Тілік (кесік) сызбалары

  3. Дала күнделігі


1. Жоспарлар. Қазу кезінде ескерткіш өзгеріске ұшырайды. Ал қазу соңында ол бастапқы бейнесінен мүлде айрылады. Ескерткіштен дұрыс тарихи мағлұмат алу үшін жоспарлар мен сызбалар, фото және бейнематериалдар жасалады. Археологоия қалыптастырған қазу әдістерінде жоспарлар мен сызбаларды жасау үлкен орын алады. Солар арқылы ескерткіштертану тиісті ғылыми дәрежеге жетеді.

Ескерткіш жоспарын жасау үшін арнайы жабдықтар және аспаптар болу керек. Жоспар миллиметрлі қағазға сызылады. Археологта штативке орнатылған айланбалы планшет болуы керек.

Кішірек диаметрі, көлемі 10 - 20 метрдей ескерткіштер 1:20 масштабымен сызылады. Көлемі үлкен ескерткіштерге 1:40 масштабы қолданылуы мүмкін. Мола шұңқыры көбінесе 1:10 масштабымен сызылады. Жоспар жақсы ұшталған қарындашпен сызылып, нұсқасы ақ қағазға тушпен немесе қара гельмен қайталанады.

Тастарды салғанда, олардың конфигурациясы және жоғарыдан қарағандағы тас қырлары көрсетіліп, қисайған бағыттарын бағдаршамен белгілеген жөн. Тас қорғандары қалауларының әрбір қабаты жоспарда жеке салынғаны дұрыс. Тас қорғандарының анықталған негізгі конструкциясы жоспарда көрсетілуі керек. Мола шұңқырларына тереңдеген сайын, ескерткіш ерекшеліктері де жоспарда белгіленеді. Табылған заттардың немесе құрылыс қалдықтарының өз орнындағы көрінісін көрсету маңызды. Табылу орындары мейілінше дәл көрсетіледі. Сонымен, қазіргі кезеңдегі археологияда бір ескерткіштің немесе оның бөліктерінің көптеген жоспарлары салынады, мұның бәрі қазылған ескерткіш жөнінде аса толымды мағлұмат беруге тиіс. Соңғы жылдары жоспарларды қолмен сызу орнына электронды аппаратураны қолдану байқалады. Ірі экспедицияларда лазерлі теодолиттің графикалық жұмыстарды өте аз уақытта жасап шығуға жағдай туғызады. Мұндайда және цифрлы фотоаппараттағы мәліметтерді сұрыптау үшін дала компьютері (notebook) қолданылады.



2. Тілік (кесік) сызбалары. Археологияда ескерткіштердің қиындысын белгілеп отыру маңызды. Сол себепті, ескерткіштердің тілік сызбалары жасалынып отырады. Тілік сызбасы әдетте екі бағыт бойынша жасалынады. Қажетті жағдайда өзге де бағыттар бойынша ескерткіштің тіліктері әзірленеді. Тілік сызбасы ескерткіш туралы ғылыми мағлұмат беретін деректеме түрі болуы керек. Тілік масштабтары жоспар масштабтарына сәйкестендіріледі. Жоспарда да, тілік сызбаларында да шартты белгілер қолданылады. Сол себепті, тиісті анықтамалық құралдар болғаны жақсы. Жоспар сызбаларының реті және тақырыптары жұмыс аяқталған соң қорытындылануы керек, яғни экспликациялық тізім жасалынады.

3. Дала күнделігі. Археологиялық жұмыстардағы негізгі құжатнаманың бірі – дала күнделігі. Оны жазып шығу үшін белгілі бір талаптарды сақтау керек. Күнделік үлкен көлемді, қатты мұқабалы қалың дәптерге жазуы анық түсетін және су-ылғалға төзімді сиямен жазылады. Титул бетінде көрсетілуі тиіс: экспедицияның аталуы, ғылыми мекеме немесе оқу орнының аты, ескерткіш, қазба реті, барлау немесе қазылу жылы, күнделік толтырушының аты-жөні, қызметі, мекен-жайы. Күнделікте археологиялық жұмыстардың күнбе-күн жазылған толық сипаттамалары болуы керек. Қазу барысындағы ескерткіштің барлық ерекшеліктері аталып, өлшемдері, қарапайым сызбалары мен суреттері, оларға жасалған түсініктемелер келтіріледі. Ғылыми қызметкерлер мен қазушылардың мазмұнды пікір-болжамдары да ескеріледі. Келтірілегн мағлұматтар ескерткішті және сол арқылы тиісті археологиялық мәдениетті неғұрлым жақсы тануға қызмет етуі тиіс. Күнделіктегі сипаттаулар мен байқаулар кейін археологиялық есеп жазған кезде дерек көзіне айналады. Ғылыми мекемеде сақталатындықтан, оны маңызды деректеме түрі ретінде болашақ зерттеушілер пайдалана алатындай деңгейде жасалынғаны дұрыс.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:

  1. Археологиялық жоспарлар туралы не ұқтың?

  2. Археология ғылымындағы тілік (кесік) сызбаларының маңызы қандай?

  3. Дала күнделігін жазудың шарттары...


6 тақырып. Археологиялық уақытнама әдістері – 2 сағат.

Дәріс мақсаты. Археологиялық зерттеулердің маңызды бір мақсаты – ескерткіштер мен деректемелердің уақытын анықтау мәселлері мен ғылымдағы уақытнама әдістерінің көптеген түрлерін, дәстүрлі тарихи уақытнама сонымен қатар ескерткіштер мен заттардың уақытын анықтайтын: жазба деректер, металл ақшалар, өнер туындыларының ерекшеліктері жайлы мағлуматтар беру.

Негізгі сұрақтар:

1.Археологиялық уақытнама әдістерінің негізгі түрлері.



  1. Радиоизотоптық уақытнама және радиокарбондық әдіс.

  2. Калий-аргон әдісі.

  3. Дендроуақытнама.

  4. Археомагниттік және термолюминесценттік әдістер.


1.Археологиялық уақытнама әдістерінің негізгі түрлері. Археологиялық зерттеулердің маңызды бір мақсаты – ескерткіштер мен деректемелердің уақытын анықтау. Ғылымда уақытнама әдістерінің көптеген түрлері бар. Уақытнама әдістерінің бір тобы дәстүрлі тарихи уақытнамаға жатқызылады. Ескерткіштер мен заттардың уақытын анықтайтын:

- жазба деректер;

- металл ақшалар;

- өнер туындыларының ерекшеліктері.

ХІХ-ХХ ғасырларда археологияның өзіндік уақытнама әдістері де қалыптасқан.

Типологиялық әдіс археологиялық заттарды жасалу дәстүріне, технологиясына, сыртқы сипатына қарап, салыстырмалы жіктеуге және сипаттауға негізделген. Стратиграфиялық әдіс бастапқыда геологияда қолданылғанымен, археологияда зерттеудің өзіндік әдісіне айналды.

ХХ ғасырдың екінші жартысында жаратылыстану ғылымдарының қарқынды дамуы нәтижесінде тарихи уақытнама әдістері едәуір молая түсті. Бұл әдістердің көпшілігі – радиоизотоптық . Өзге маңызды әдістер – дендроуақытнама, термолюминесценттік, археомагниттік.

2. Радиоизотоптық уақытнама және радиокарбондық әдіс.

Соңғы онжылдықтардағы уақытнамалық зерттеулерде радиокарбон әдісі елеулі орын алады. Өзгеше аталуы – радиокөміртегі немесе 14С. Бұл саладағы алғашқы тәжірибелер 1947 жылы жүргізілген. 14С изотопының жартылай ыдырау уақытын өлшеп, американ физигі Либби ғылымға ''Либби өлшемі'' деген ұғымды енгізді: 557030 жыл. Бұл көрсеткіш кейінгі уақыттарда анықтала түскенмен (5768 жыл немесе 573040 жыл), археологияда ''Либби өлшемі'' қолданылады. Радиокөміртегі әдісінің физикалық негізі мынада: Жер атмосферасына ғарыш сәулеленуі тигізген әсерінен 14С изотопы өсімдіктерге және барлық тіршілік иелеріне тарайды. Организм өлген соң, оның құрамындағы 14С біртіндеп азая бастайды. Зат құрамындағы 14С изотопының санын өлшеу арқылы организмнің атмосферамен зат алмасуы қашан тоқтағанын білуге болады. Сол арқылы тарихи уақытнамаға шығу жүзеге асады. Дәл өлшеулер ірі лабораторияларда, мінсіз үлгілермен жұмыс жасау нәтижесінде алынады. Мұндай орталықтың бірі Санкт-Петербург қаласында.

1960-70 жылдарда радиокөміртегі даталарына белгілі бір сенімсіздік те болған. Өйткені, дәстүрлі әдістермен зерттелген мәдениеттердің бірқатары туралы уақытнамалақ түсінік өзгеріп, олардың уақыттары біршама әріге жылжытылды. Бұл күндерде 14С әдісі уақытнамада орнықты орын алады. Бұл әдіспен алынған уақыт белгілеулері көп. Әрине, ескерткіштің уақытын дәл көрсету үшін бірнеше уақытнама әдістерін қатар қолданса игі. Радиокөміртегі әдісіне лайықталған үлгілер де мейілінше көп, бірнешеу болса жақсы. Сонда уаұ-қытнамалық болжаулардан абсолюттік уақытнамаға жақындау ісі жақсы жүзеге аспақ.

Үлгіге органикалық қалдықтар алынады: ағаш, сүйек, мата, тері немесе олардың ескерткіш жасалған уақыттағы күйіктері алынады. Және олар бейорганикалық құралдар арқылы алынып, металл контейнерлерге салынуы тиіс. Қолмен ұстауға немесе оларды органикалық заттармен орауға тыйым салынады. Радиокөміртегілік даталардың Қазақстан археологиясында аздығы әдістің қымбаттылығында және республикамызда радиокөміртегілік уақытнама лабораториясының әлі күнге дейін ашылмауында.



3. Калий-аргон әдісі.

Уақытнаманың бұл әдісінің физикалық негізі: атом салмағы 39 калийдің атом салмағы 40 калийге және бұл бөлшектің сол салмақтардағы кальций және аргонға айналуында (39К – 40К – 40Са - 40Аr).

40К изотопының жартылай ыдырау мерзімі - орта есеппен 1,25 млрд жыл. Демек, алғашқы археологиялық дәуірлердің қалдықтарын осы әдіспен зерттеуге мүмкіндік туады.

Калий-аргон әдісімен 400 мың жылдан бұрынғы заттардың уақытын анықтау қолайлы. 100-400 мың жыл аралықта ауытқулар елеулі келеді, яғни, сәйкессіздіктер ұлғаяды. Ал, 100 мың жылдан бергі заман бойынша бұл әдіспен уақытты анықтау өте қиын.

Археологияда радиокөміртегі және калий-аргон уақытнама әдістері бірін-бірі толықтырады. Радиокөміртегі немесе 14С әдісімен 40 мың жылға дейінгі уақыт жақсы зерттеледі. 70 мың жылға дейін бұл әдіс үлкен ауытқулар береді. Екі әдістің қолдану уақытының арасы 40 мың мен 400 мың жыл бұрынғы аралық «өліара» деп айтылады.

Өзге радиоизотоптық әдістердің (уран—235, жартылай ыдырау уақыты – 700мың жыл бұрын; торий—230, жартылай ыдырау уақыты – 75 мың жыл) қолдану мүмкіндігі шектеулі.



4. Дендроуақытнама.

Дендрохронология ағаштардың жылдық сақиналарын өлшеуге негізделген. Алынған үлгілер сол ортада өскен ағаш сақиналарымен салыстырылады. Жылдық сақиналар спектрлерін сәйкестендіру арқылы дендрошкала жасалынып, тарих уақытына шығуға болады. Дендрокөрсеткіштер абсолютті уақытқа байланса, тарихи уақытнаманың үлкен қатпары түзіледі. Дендроуақытнама әдісімен 7000 жылға дейінгі уақытты білуге болады. Әдістің шектеулігі - орманды аймақтар үшін ғана қолданылуында. Мәселен, Солтүстік Европа, Солтүстік Америка, Евразияның солтүстігі бойынша дендробағаналар жасалынған. Өзге бір орманды аймақтар бойынша өткен замандардың ''қалқыма'' көрсеткіштері бар. Кеңес Одағында бұл әдіс 1959 жылдан бастап қолданылған. Шығыс Европа ағаш үлгілерінің дендроколлекциялары жасалған. Әдісті дұрыс қолдану үшін үлгілердің жақсы қиындылары керек. Ағаштың сыртқы қабығымен сақталғаны жақсы.



5. Археомагниттік және термолюминесценттік әдістер.

Археомагниттік әдіс жердің магнит желісінің өзгеріп отырғандығына негізделген, яғни көне жанартау ақпалары, күйдірілген балшық, кейбір тастар ескі магниттік өріс белгілерін сақтайды. Қазіргі магниттік дәуір 690 мың жыл бұрын басталған. Одан кейінгі уақыттардың да магниттік ерекшеліктері бар. Палеомагниттік құбылыстарды зерттеу арқылы көне замандардағы заттардың уақытын анықтауға болады. Үлгінің қозғалмаған күйін дәл белгілеу қажет. Әрі қарай үлгі лабораторияларда зерттеледі.

Терминолюминесценттік әдістің (ТЛ) физикалық негізі: ғарыш сәулелерінің және табиғи радиобелсенділік әсерінен, ультрофиолет сәулеленуінен зат біртіндеп ыдырайды. Затты 400-500 градусқа қыздырғанда кристалл торынан шығып кеткен электрондар өз орындарына оралады және осыдан микрожарқыл пайда болады. Соны өлшеу арқылы тарих уақытына шығу мүмкін. Бұл әдіспен көне керамика үлгілері зерттеледі.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:


  1. Археологиялық уақытнама әдістерінің қандай түрлері бар?

  2. Археологиялық уақытты анықтаудың химиялық – лабороториялық жолады.

  3. Дендроуақытнама анықтау мәселесі.


7 тақырып. Тас ғасыры ескерткіштерін іздеу және барлау – 1 сағат.

Дәріс мақсаты. Ежелгі, соңғы ерте тас және жаңатас ғасырының ескерткіштерін іздеу кезінде Қазақстанның жекелеген тарихи-географиялық аудандарындағы ескерткіштердің орналасу ерекшеліктері сонымен қатар, сол тарихи-географиялық аудандарға іргелес жатқан аймақтағы тас ғасыры ескерткіштерінің орналасу ерекшеліктері жайлы мағлұмат беру.

Негізгі сұрақтар:

  1. Ежелгі ертетас ескерткіштері

  2. Соңғы ертетас ескерткіштері

  3. Жаңатас ғасырының ескерткіштері

1993 жылы баспадан шыққан «Археология Казахстана» атты оқулықта Қазақстандағы тас ғасырының өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, оны ертетас және жаңатас ғасырларына бөлген, сонымен қатар, ерте тас ғасырын ежелгі ертетас және соңғы ертетасқа бөліп, жаңатас ғасыры мен мыстас ғасырларын қосып, бірге қарастырған.

Ежелгі және соңғы ерте тас ескерткіштері негізінде бұзылмаған қалпында сирек кездеседі, олар көпшілігінде су шайып, жер қатпарының сусуы (жылжуы) барысында басқа жыныстармен араласқан, орнынан қозғалған қалпында кездеседі. Бұл кезеңдердің ескерткіштері жердің бетінде де кездесуі мүмкін, негізінде жердің бетінен бір не бірнеше м (ондаған м болуы да мүмкін) тереңдікте сақталған. Жағалық террасада, жарқабақта, қиғаш беткейде орналасқан ескерткіштер әр түрлі табиғи құбылыстардың әсерінен немесе жүргізілген шаруашылық жұмыстары кезінде ашылып қалуы мүмкін. Әртүрлі себептерге байланысты ашылып қалған тұрақтардан күл, жан-жануарлардың сүйектері, тастан, сүйектен жасалған еңбек құралдары шығып жатады.

Ежелгі ертетас шелль-ашель және ашель-мустье кезеңдеріне бөлінеді. Шелль-ашель кезеңінің ескерткіштері зерттеулер барысында табылған еңбек құралдарына және ашылған тұрақтарға байланысты белгілі, олардың орналасқан жері жергілікті жердің табиғи ерекшеліктеріне қарай әртүрлі болып келеді. Осы кезеңнің тас еңбек құралдары Қаратаудың оңтүстік-батыс беткейіндегі Арыстанды өзенінің ерте төрттік кезеңге жататын ең жоғарғы террасасының қатпарларынан табылған. Шелль-ашель кезеңінің тұрақтары Кіші Қаратаудың солтүстік-шығыс беткейіндегі Шабақты, Тәңірқазған, Бөріқазған, Ақкөл 1 шатқалдарындағы тізбектеле орналасқан, онша биік емес, үсті тегіс, сатылап аласара түскен (куэсталар) қырқалардың және тау алды жазығына сүйірлене кіріп тұрған, жан-жағы тік, үсті тегіс, биік қырқалардың үстіндегі тас кендері шығып жатқан жерде орналасқан. Шелль-ашельдің тас еңбек құралдары табылатын тұрақтардың келесі түрі тауалды жазығында орналасқан бұлақ (қайнардың) бастауындағы шөгінді қатпарында кездеседі. Мысалы, травертиналар. Сонымен, қатар, осы кезеңнің тұрағы Шу өзенінің биік жарқабағындағы ерте төрттік террасадағы суглинка қатпарының арасынан да кездеседі.

Ашель-мустье кезеңінің ескерткіштерінің орнала-суында шелль-ашель тұрақтарымен сабақтастық бар, оны онша биік емес, үсті тегіс, сатылап аласара түскен қырқалардың үстінде орналасқан Қызылрысбек және тау алды жазығына сүйірлене кіріп тұрған, жанжағы тік, үсті тегіс биік қырқада орналасқан Тоқалы (І-ІІІ) тұрақтарынан көруге болады. Ашель-мустье тұрақтары өзеннің ең биік жағалық террасасынан (Бұрылтай), өзеннің жағалық 3-террасынан (Алғабас), құрғап қалған өзеннің терраса тәрізді алаңынан (Дегерес), биіктігі 200-250м келетін үстірттен (Шабақты), халцедон кені шығып жатқан жерде (Бестөбе) кездеседі.

Арыстанды өзенінің оң жағалық 3-террасасында қалың лесс қатпарынан ашылған Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тұрақтың мәдени қабатының қалыңдығы 7 м. Бұл тұрақта адамдар мыңдаған жылдар бойы мекендеген. Ашель-мустье еңбек құралдары Сарысу өзенінің орта ағысындағы Мұзбел, Қызылжар және т.б. жерлерден ашылған. Қызылжар тұрағы шатқалдың 1-террасасында аллювиальды шөгінді қатпарын-да орналасқан. Орталық Қазақстанның ашель-мустье кезеңінің ескерткіштері Батпақ шатқалындағы плиоцен-төменгі плейстоцендік суглинканың үстінен (Батпақ 8,12), Өгізтаудың етегіндегі бұлақтың жанынан ашылған (Өгізтау 1,ІІ). Жердің бетінде жатқан ашық тұрақтар Балқаштың солтүстік, солтүстік-батыс жағасында кездеседі (Семізбұғы және т.б.), көлдің жоғарғы террасасында орналасқан тұрақ Орталық Қазақстанда табылған (Құдайкөл).

Мустье қонысы Ертістің жоғарғы ағысында да кездеседі. Қонай тұрағы Нарым жотасына оңтүстік жағынан қосылып жатқан жіңішке делювальді-проювиальды террасасының қатпарында орналасқан.

Шелль-ашель мен ашель-мустье кезеңдерінің ескерткіштерін іздеу және барлау кезінде, олардың орналасу ерекшеліктерін ескеріп, басшылыққа алу керек.



Соңғы ертетас ескерткіштері. Қазақстан жерінде толық зерттелген соңғы ерте тас ескерткіштері көп емес, зерттелген ескерткіштердің орналасу ерекшеліктеріне қарағанда Орталық Қазақстанның тұрақтары плиоцен-төменгі плейстоцендік суглинканың үстінде (Батпақ 8), көлдің сол жағасындағы төбенің оңтүстік беткейінде (Ангеренсор 2) орналасқаны белгілі.

Шығыс Қазақстаннан ашылған соңғы ертетас тұрақтары өзен сағасындағы шағын әктас үңгірдің аузында (Буқтырма), өзеннің оң жағасында, жер бетінен 0,9-1м тереңдікте (Новоникольский) және өзеннің оң жағасындағы биіктігі 35-40м келетін жағалық террасада (Шүлбі) орналасқан.

Оңтүстік Қазақстандағы Ащысай тұрағы тау өзенінің сол жағалық биік террасасындағы суглинка қатпарында орналасқан, сонымен қатар, көлдің жағалық 2-террасасында (Соркөл) және өзеннің жағалық 3-террасасында (Ұсықтас) орналасқан тұрақтар кездеседі.


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> «Орта ғасырдағы Азия және Африка тарихы»
umkd -> ПӘннің ОҚУ – Әдістемелік кешені «Орта ғасырдағы Азия және Африка тарихы»
umkd -> Азақстан республикасының білім және ғЫЛ
umkd -> ПӘндердің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
umkd -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
umkd -> 123 -беттің сі казақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
umkd -> ПӘндердің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Экотоксикология» пәнінің оқу-әдістемелік кешені №1 басылым 050608-«Экология» мамандығына арналған
umkd -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет