Геосаясаттың ерекшеліктері мен проблемалары р. Б. Әбсаттаров



бет1/2
Дата22.02.2018
өлшемі473.94 Kb.
  1   2
ГЕОСАЯСАТТЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ МЕН ПРОБЛЕМАЛАРЫ

Р.Б. Әбсаттаров –

Абай атындағы ҚазҰПУ –дың магистратура және Phd докторантура Институтының саясаттану және әлеуметтік – философиялық пәндерінің кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор

Қазіргі саяси проблемаларды зерттеудің салыстырмалы түрдегі өз алдына жеке бағыттарының бірі – геосаясат. Геосаясатты талдаудың өзіндік ерекшелігі саясаттың кеңістік - географиялық факторларын қарастырумен, макросаяси үрдістерді зерттеумен, тұрақты және ұзақ мерзімді сипаттағы құбылыстарды ашатын ұғымдар мен категорияларды кеңінен қолданумен байланысты. Мұндай ғылыми амал әсіресе геосаяси проблемаларын қарастыру кезінде аса маңызды.

Соңғы уақыттары геосаясаттың, геосаяси білімнің маңыздылығы айтарлықтай артты. Қазіргі кезде Қазақстанның геосаясаты туралы, геосаяси факторлары, геосаяси жағдайы жөнінде және т.б. туралы жиі естіледі. Алайда, осы тақырыпта сөйлейтін адамдардың бәрі бірдей геосаясат дегеннің не екенін және оның мәнінің неде екенін, пәніне не жататынын жете айыра алмайды. Соған қарамастан геосаясат дүние жүзі тарихын пайымдаудың ерекше амалы ретінде қазіргі Қазақстанның шынайы саясаты тұрғысынан өте үлкен пайдасы бар.

Геосаясат ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында дүниеге келді. Оны негіздеушілердің қатарына Фридрих Ратцел, Рудольф Челлен және Хэлфорд Джордж Маккиндер жатады. Ілім ретінде геосаясат біртұтас күйдегі әлем қарама - қарсы тұрған негізгі күштер орталықтары арасында талас алмаға айналған кезде келіп шықты. Бұл әлемде дау – дамай деңгейінің артуына әкеп соқты. Өз кезегінде бұл жағдай дүниені бөлу дәуіріндегі халықаралық қатынастардың нақты тарихи типін түсіндіруді қалыптастырып, ғылыми ізденіске итермеледі.

Содан бері жүз жыл өтті. Алайда ғылымда геосаясаттың мәнін, пәнін анықтауда жеткілікті түрде анықтық бар деп айтуға болмайды. Геосаясат ұғымы тарихи көп мағыналы болып қалыптасты, бұл оның әртүрлі мағынамен байланысты маңызының араласып кетуіне әкелді. ХХІ ғасырға аяқ басқаннан бастап, геосаясатты саяси ғылымдардың құрамдас бөлімі ретінде одан да әрі өзекжарды болатынын сеніммен атап айтуға болады. Бұған әлемдік саясат пен халықаралық қатынастардың көптеген жаңа жағдайлары мен факторлары себепші болып отыр, солардың арасында геосаясат алдыңғы қатарда тұр.

Осымен байланысты геосаясаттың аса маңызды ғылыми пәндердің бірі екенін атап көрсетуіміз қажет, өйткені онсыз қазіргі әлемнің шынайылығын толықтай және қайшылықсыз анық түсіну мүмкін емес. Геосаясатты дұрыс түсіну үшін, ең алдымен, оның пәнін айқындап, анықтама беру қажет.




  1. Геосаясаттың пәні және анықтамасы

Геосаясат – бұл саяси ғылымдар теориясының іргелі ұғымдарының бірі, ол мемлекеттердің немесе мемлекеттер блоктарының аумақтық – кеңістікте орналасу ерекшелікті жағдайының негізінде локальдық, аймақтық, құрылықтық және жаһандық халықаралық үрдістерге нақты тарихи ықпал етудің формасы мен орнын сипаттайды. Геосаясаттың тарихи қалыптасуы оның пәні мен анықтамасын зерттеулерге байланысты.

Геосаясатқа арналған жарияланымдардың молдығына қарамастан, « геосаясат» ұғымына берілген анық анықтама бар деп айта алмаймыз. 1916 жылы Р. Челлен « Мемлекет өмір формасы ретінде » атты еңбегінде ғылыми айналымға енгізген « геосаясат» терминінің этимологиясы туралы сөз етейік.

Термин екі сөзден тұрады. « Геосаясат» терминіндегі префикс гео- (гректің де - Жер сөзінен шыққан ) ең басты болып табылады, ол кеңістікте тұрған жерін білдіреді. « Геосаясат» ұғымының екінші бөлігі – саясат сөзі ( гректің politiкe – мемлекетті басқару өнері мағынасын береді).

Геосаясат мемлекеттің ( мемлекет топтарының) саясатында сөзсіз зерттеудің негізіне жататын географиялық, кеңістіктік – аумақтық аспектіні қарастырып қана қоймайды. Ол планетадағы өмірді ( планетааралық және аймақтық көлемде), даму үрдістерін зерттейді, өйткені оларға мемлекеттер, аймақтар және жалпы бүкіл әлем тартылған, олардың өмір сүру механизмдері, жалпы әлем қауымдастығы эволюциясының және әсіресе оның сегменттерінің ( соның ішінде мемлекеттер) қозғаушы күштері, негізгі құрылымдары мен субьектілері, стратегиялық бағытта, заңдылықтары, қағидаттары, тенденциялары қамтылған.

Геосаясат өтпелі әлемдік қауымдастықтың жаңа парадигмалары мен моделдерін жасайды. Сонымен бірге, ол геосаясат саласында - халықаралық жүйенің әртүрлі деңгейлерінде ( жаһандық, аймақтық және локальдық) акторлар ( әрекет етуші адамдар) жүзеге асыратын саяси өмірдің халықаралық аренасында әрекет ететін стратегияны дайындау, қабылдау және оны іске асыру көзқарасы тұрғысынан алғанда мемлекеттердің және әлемдік қауымдастықтың проблемаларын қарастырады.

Осылайша, геосаясат - бұл мемлекеттің орналасқан жерінен шыға отырып жүргізетін саясаты, мемлекетті басқару өнері.

Географияның, саясаттанудың, тарихтың, әлеуметтанудың, демографияның, геоэкономиканың, этнологияның және адамзат білімінің басқада салаларының элементерін синтездеу- геосаясаттың ерекшелігі болып табылады. Бұл кездейсоқ нәрсе емес, өйткені геосаясат мемлекеттердің тарихи- географиялық динамикасын кешенді зерттеуді өзіне мақсат етіп қойған. Сондықтан ол басқа да ғылымдармен және ғылыми пәндермен тығыз байланысқан. Геосаясат басқа ғылымдардан әртүрлі әдістер мен амалдарды алады және оларды белсенді пайдаланады. Осылайша, геосаясат – шекаралық пән, әртүрлі ғылыми білімдерді өзіндік бір түсіндіру жолы [1].

Сонымен қатар, геосаясат – өз алдына жеке ғылыми пән. Оның өзінің жеке зерттеу обьектісі және пәні, категориялық – ұғымдық аппараты, атқаратын функциялары, сонымен бірге зерттеу әдістері бар.

Ғылыми пән ретіндегі геосаясаттың объектісіне планетааралық кеңістік ( құрғақ жер, теңіздер және мұхиттар, біздің үстіміздегі ауа мен ғарыш кеңістігі), сонымен бірге әлемдік қауымдастықта жүріп жатқан геосаяси үрдістер мен құбылыстар жатады.

Осымен байланысты геосаясаттың объектісі мен пәні туралы талас- пікірлердің жүргенін және де бүгінде жүріп отырғанын айтуымыз қажет. Көбінесе « геосаясат» ұғымы мейлінше кең көлемде түсіндіріледі. Бұл осы салыстырмалы түрдегі жаңа ғылыми пәннің өзіне тән белгілерін жояды, оның шекарасын шайып кетеді. Геосаясаттың пәні экономикалық, әскери – стратегиялық, табиғи – ресурстық, экологиялық және басқада сипаттағы, мынандай пәндермен: халықаралық қатынастар, сыртқы саясат және т.б. проблемаларына араласып, сіңіп кетеді.

Көптеген зерттеушілер геосаясаттың пәнін жеке ғылыми пән ретінде анықтамай – ақ, геосаясатты өзара ықпал ететін және мемлекеттің стратегиялық әлеуетіне үлкен ықпал жасайтын географиялық, тарихи, саяси және басқа да факторларды кешенді зерттейтін ғылым ретінде қарастырады.

Әрине, геосаясат ғылыми пән ретінде пәнаралық қоғамтану шеңберінде қалыптасты. Ол физикалық және саяси география, саяси экономика және әскери география, статистика, саяси ғылым, этнопсихология және басқа да гуманитарлық, техникалық және жаратылыстану ғылымдары негізінде пайда болып, олардың синтезделуінің арқасында геосаясат сапалы жаңа қоғамдық білім ретінде көрінді.

Сондықтан бұл ғылыми пәннің өзіне тән ерекше объектісі, пәні, категориялық аппарат жүйесі бар. Геосаяси зерттеулерде қолданылатын негізгі ұғымдар мен категорияларға геостратегия, геостратегиялық сызықтар, геостратегиялық аймақтар, геосаяси аймақтар, әлемдік геосаяси кеңістік және т.б. жатқызуға болады. Геосаясаттың зерттеу методологиясының өзіндік ерекшекшелігі, оның мәні халықаралық қатынастардың тәуелділігін, сонымен қатар қайсыбір елдердің және халықтардың өмір сүруі мен дамуын географиялық кеңістіктің жағдайына орай қарастырумен байланысқан.

Геосаясаттың саяси ғылыммен ең тығыз да тікелей байланысы бар, өйткені ол Жерге және саяси үрдістерге қатынас жөніндегі ғылым болып саналады. Шын мәнінде геосаясат кеңістіктегі саяси организмдер және оның құрылымы туралы ғылым. Бұл тұрғыдан алғанда ол ең алдымен мемлекетті (саясатты) « үлкен кеңістік» көзқарасымен қарастыратын саяси географиямен тумалас.

Геосаясат саяси құбылыстарды олардың кеңістіктегі өзара қатынасын, олардың Жерге және этномәдени факторларға ықпалын зерттейді. Осы тұрғыдан алғанда ол, саясатқа барынша көңіл қояды, өзінің назарын саяси құбылыстарға географиялық түсініктеме беруге және географиялық аспектілеріне талдау жасауға тырысады.

Геосаясат саяси мақсаттарда физикалық орта факторларды ашып, зерттеу мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға және оған мемлекеттің әскери – стратегиялық , экономикалық және экологиялық қауіпсіздігі мүддесінің ықпал ететіне баса көңіл аударатынын айтуымыз қажет. Геосаясат пәніне мемлекеттің аумағымен, оның шекарасымен, ресурстарды, адам ресурстарын қосқанда, ұтымды пайдалану және бөлумен байланысқан проблемалар да кіреді.

Сайып келгенде, жоғарыда айтылғандардан келіп, геосаясатқа келесі анықтаманы беруге болады.

Геосаясат – бұл саяси үрдістердің мемлекеттер орналасқан аумақтық – кеңістікке, олардың климатына, табиғи ресурстарына және т.б. тәуелділігін мойындаудан басталатын саяси тұжырымдамасы, білімдер жүйесі.

Геосаясат кеңістікті саясат (мемлекет) тұрғысынан қарастырады. Геосаясаттың тарихи қалыптасуы, ең алдымен, географиялық детерменизм тұжырымдамаларымен байланысты. Қоғам өмірінің табиғи факторларының арасында, объективті өмір сүретін, детерменизм тұжырымдамасы өзендік коммуникацияны, теңізге шығу мүмкіндігінің бар – жоғын, елдің теңіз жағалауына немесе аралда орналасу жағдайына, көршілермен қатынасты дамыту үшін табиғи кедергілердің (таулар, батпақтар, шөлдер немесе көлдер) бар – жоғына, мұндай қатынас мемлекеттердің әртүрлі көзқарасы бойынша ұзындығы, мемлекеттерге көрші елдерге қатысты оның кеңістіктегі жағдайы және олардың әрқайсысымен шекараның ұзындығы, халық саны, оның ел аумағындағы және шекаралас мемлекеттердегі этнодемографиялық көрсеткіштері, ел этностарының ел ішіндегі көршілеріне және шет елдік көршілеріне қатысты тарихи қалыптасқан мақсаттары және т.б. бөліп көрсетті [2].

Осымен қатар, ХІХ ғасырдағы ірі халықаралық қақтығыстардың және Бірінші дүниежүзілік соғыс тәжірбиесі аса көп адамдарды, техниканы, азық – түлікті, қару – жарақты және т.б. күрделі географиялық, саяси және әскери жағдайды ( жау, одақтас және бейтарап мемлекеттер шекарасының үйлесімділігі, бейбіт уақыттағы коммуникацияның қалпы мен өткізу, сіңу қабілеті) және жаудың әскери белсенділігін ( тексерулер, десанттар, артиллерияның алысқа атылуы және оның тиімділігі, су үсті және су асты флотының, авиацияның ықпалы және т.б.) үйлестіретін маневрдің теориялық моделін жасау қажеттігіне әкеп соқтырды.

Осымен байланысты белгілі географиялық кеңістіктегі саяси ұйымдарды түсінуге, пайымдауға талпыныс жасау ежелгі дүниеден ( Геродот, Фукидид, Страбон, Полибий) басталғанын айтуымыз қажет. Жаңа заманда, ұлы географиялық ашулардан кейін, көптеген көрнекті ойшылдар халықтардың әлеуметтік- саяси өміріне географиялық және демографиялық факторлардың ықпалына байыпты көңіл аудара бастады. Екі дүние жүзілік соғыс аралығы кезеңіндегі геосаясат Германияда барынша күшті таратылды, сөйтіп ол фашизмнің ресми доктринасы деңгейіне дейін көтерілді. 20- шы жылдары Мюнхенде генерал К. Хаусхофер басшылығымен геосаясат институты құрылды, журнал шығарылды. Фашистік геосаясаткерлер мүдделеріне сәйкес аумақтар, халықтар және табиғи байлықтар туралы мәліметтер жинады, өздерінің әлемге үстемдік орнату мақсатын ақтады, Германия үшін « өмірлік кеңістікті» кеңейту қажеттігін дәлелдеді.

Англияда географ Х. Маккиндер геосаясатты насихаттады, оның пікірінше әлемдік саясаттың негізін Еуразия құрлығына (« әлемдік аралда») үстемдік ету үшін күрес құрайды. Адмирал А. Мэхэн американың алғашқы геосаясаткерлерінің бірі болды. Ол американың жаһандық үстемдік орнатуын заңдылық деп есептеді, оның көзқарасы бойынша оны АҚШ – тың « аралдық» жағдайы айқындаған, өйткені оған бүкіл жер шарындағы теңіз жолдарына үстемдік ету қажеттілігі мәжбүр еткен. Американың геосаяси теориялары дәстүрлі географиялық критерилерге елдің ғылыми – техникалық даму деңгейі, ұлттық психологиясы және т.б. өлшем- бірліктерді қосты.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ФРГ, басқа да Батыс Еуропа елдерінде, әсіресе АҚШ – та геосаясат тұжырымдамаларын қарқынды дайындау жүргізілді. Геосаясатта басты орынды басқа құрлықтардағы халықтардан « Батыс Еуропа өркениетінің » климатының артықшылығын, сонымен қатар Батыстың « теңіздік» және « мұхиттық» державалары мен Шығыстың « құрылықтық» державалары арасында, « алдыңғы қатарлы» индустриалды Солтүстік пен « артта қалған» аграрлы Оңтүстік арасында, яғни дамыған және дамушы елдер арасында географиялық себепші болған антагонизмді негіздеу алды.

КСРО- да ұзақ уақыт бойы геосаясат импералистік мемлекеттердің аумақтық экспансиясын ақтауға бағытталған буржуазиялық саяси тұжырымдама ретінде саналды.

Әрине, геосаяси доктриналар әртүрлі бағытта , соның ішінде экспансионистік бағытта да болуы мүмкін. Алайда, геосаясат мемлекеттің сыртқы және ішкі саясатына жағымды қызмет ете алады және қызмет етуге тиісті. ХХ ғасырдың 80 жылдарында ғылыми ойдың осы бағытын қайта бағалау жүрді. Геосаясат қазіргі Қазақстанның сыртқы саясат басымдықтарын анықтауда, ішкі саясаттың міндеттерін қалыптастыруда бірден- бір құрастырушыға айналған. Осылайша, геосаясат Қазақстан мемлекетінің практикалық саясатының бірден – бір маңызды факторына айналды.

Геосаясат нақты мазмұнмен барынша толығады және байытылады. Қазіргі әлемнің өзгеруіне мейлінше белсенді ықпал етеді. Ол әлемдік және аймақтық жағдайды өлшейтін шынайы құрал болумен қатар, жетекші елдер мен әскери – саяси блоктардың саясатын болжамдаудың кілті қызметін көбірек атқаруда. ХХІ ғасырда геосаясаттың жетекші қоғамтану ғылымдарының бірден – бір позициясын иеленетін ғылым болатынын айтуымыз керек.

Геосаясаттың пәні – планетааралық кеңістікте ( немесе оның белгілі бір бөлігінде) әлемдік, аймақтық және мемлекеттік мәселелерді шешу барысындағы геосаясат субъектілерінің арасындағы өзара қарым – қатынас. Басқаша сөзбен айтқанда геосаясаттың пәні бұл планетааралық кеңістікке бақылау орнатуды зерттеу.

« Кеңістік » категориясы геосаясатта басты категория болып саналады, өйткені бірде – бір мемлекеттік түзілім кеңістік өлшемінен тыс өмір сүре алмайды. Әдетте кеңістіктің бірнеше өлшемін бөліп көрсетеді. Мысалы, кеңістіктің территориялық – географиялық өлшемі, кеңістіктің әуе – ғарыштық өлшемі ( әуе шекаралары және оларды мемлекеттің игеру, пайдалану және бақылау қабілеті); кеңістіктің саяси өлшемі ( саяси – әкімшілік шекаралары, мемлекеттің аумақты және халықты бақылау қабілеті); кеңістіктің экономикалық өлшемі ( мемлекеттің аумақты экономикалық игеруі, шетелдер аумағына экономикалық ықпал жасау, соның ішінде ұлттық валюта және инвестиция, жылжымайтын мүлік сатып алу арқылы ықпал ету қабілеті); кеңістіктің ақпараттық – мәдени өлшемі (ұлттық мәдениет пен тілдің ықпал жасай алу қабілеті, соның ішінде шетелдерге, басқа халықтар мен мәдениетке әсер ету қабілеті, әлемдік ақпараттық кеңістікке қатысуы, соның іщінде жаһандық коммуникативтік желілерде ( ғаламтор) болуы).

Геосаясаттың дәстүрлі элементтеріне, мемлекеттің кеңістік – аумақтық сипаттамасына: географиялық жағдайы; ұзындығы; үйлесімдігі; жерқойнауы ( табиғи ресурстар); ландшафт; климат; демографиялық сипаттама ( халықтың көлемі және құрылымы, оның сапасы ) және т.б. жатады.

Геосаясаттың дәстүрлі емес элементтеріне ( соңғы жарты ғасырда қосылған және мемлекеттің күші туралы бұрынғы түсінікті өзгерткен және халықаралық саясатқа ықпал ететін көп түрлі факторлардың әсер ету басымдығы) мыналарды жатқызуға болады: жаппай қырып – жою қаруының пайда болуын және таралуын, бұл орайда ең алдымен зымыран – ядролық ( сонымен қатар биологиялық) қарулардың таралуы, бұлар қолында бар мемлекеттер бір - бірінен қашықтығына, жағдайына, климатына және халқының санына қарамастан, бір – бірімен күшін теңестіреді; шекара дегенді білмейтін, адамдардың жаппай орын ауыстыруын арттырып отыру тән, миграциялық үрдістер; бүкіл планетааралық кеңістікті қамтыған және мәдени – ақпараттық кеңістіктегі дәстүрлі шекараны қиратуға соқтыратын жаһандық коммуникацияның кеңейтуімен, ақпарат және байланыс құралдарының дамуымен байланысқан геоақпараттық үрдістер ( әсіресе, ғаламтордың жаһандық желісі, ғарыштық және мобильді байланыс).

Геосаясат объективті шынайылықты қарастырып, мемлекеттегі және мемлекетаралық қатынастардағы көп түрлі байланыстарды, қарым – қатынастарды және үрдістерді зерттейді, сонымен қатар ол практикалық әрекет үшін ұсыныстарды қалыптастырады. Сөйтіп ол маңызды функцияларды атқарады, соңғылардың қатарына танымдық ( гносеологиялық), болжамдық , басқарушылық ( басқарушының ықпал ету міндетін), сонымен бірге идеологиялық функцияларды жатқызуға болады [3].

Геосаясаттың танымдық ( гносеологиялық) функциясы ең алдымен мемлекеттердің, халықтардың, өркениеттердің геосаяси даму құбылыстарын, үрдістердін, бағыт – бағдарларын зерттеумен байланысты. Бұл функция жалпы әлемдегі және оның жекелеген бөліктерінде жүріп жатқан негізгі бағыт – бағдарларды, бағыттарды, түсіну үшін қажетті геосаяси білімдердің маңызды қайнар көздік міндеттерін атқарады.

Геосаясаттың болжамдау функциясы. Ол танымдық функциядан келіп шығады, бұл табиғи нәрсе, өйткені барлық геосаяси зерттеулер ( теориялық және эмпирикалық ) әлемдегі, аймақтардағы, мемлекеттегі, бұларға мемлекетаралық өзара әрекеттерді ( ынтымақтастық пен қарсыластық), өркениетаралық өзара әрекеттерді, алуан түрлі қақтығыстарды, соның ішінде этносаралық, дінаралық және т.б. қосқанда, геосаяси жағдай дамуының сценарийлері мен нұсқаларына дұрыс болжам жасауға бағытталған. Болжамдау функциясының мақсаты – геосаяси жағдайдың, геосаяси құрылымның, жекелеген мемлекеттердің, күштер ара салмағының даму болашағын ( таяудағы, орта мерзімдегі, алыстағы) анықтау. Осыған орай кең көлемде талдау жұмыстары, мониторингтер, моделдеу және т.б. жүргізіледі.

Геосаясаттың басқарушылық функциясының мәні (басқаруға ықпал ету функциясы) басқару шешімдерін қабылдау үшін, практикалық ұсыныстар мен нақты қорытындылар дайындау үшін қажетті нақты эмпирикалық ақпараттарды жинауға, қорытындылауға және талдауға саяды.

Кез келген қызмет түрі басқаруда және басқарушылық шешімдер қабылдауда, әсіресе мемлекеттік деңгейде, біріншіден, үлкен мөлшерде ақпарат ( пәндік және жан – жақты) жинау мен оны өңдеу талап етіледі; екіншіден, әртүрлі факторлардың ( геосаясатта – саяси, георграфиялық - кеңістіктік, стратегиялық , демографиялық, ресурсты - экономикалық, климаттық және т.б. ) әрекетін есепке алу; үшіншіден, жағдайға парасатты баға беру; төртіншіден, алда тұрған әрекеттердің түпкі ойын, ниетін айқындау ; бесіншіден, жағдайға сәйкес шешім қабылдау талап етіледі.

Талдаушылар мен геосаясаткерлердің қызметінің нәтижесінде қоғамдық қатынастарды басқаруды жетілдіру мақсатында, геосаяси үрдістер мен оқиғаларды басқару үшін, әрекет етудің геостратегиясын дайындау үшін нақты қортындылар мен ұсыныстар қалыптасады.

Геосаясаттың идеологиялық функциясы билеуші элитаның мүдделерін білдіруден, өз мемлекетінің сыртқы саяси бағытын және практикалық әрекеттерін, өз өркениетін негіздеуден көрінеді. Ол мемлекеттің халықаралық имиджін, қоғамдық пікірді қалыптастыруға, адамдардың санасын айналдыруға, оларда қабылдау мен мінез – құлықтың белгілі бір стереотиптерін жасауға бағытталған. Мысалы, « екі стандартты» саясатқа әкелетін, күш көрсету әрекеттерін негіздеген, ешбір кінәсі жоқ адамдардың өлімін ақтаған ( Югославия, Ирак) АҚШ геосаясатының апологеттік, адвокаттық сипатын айтуға болады. Бұл көбінесе американың геосаясатының идеологиялық функциясынан « туындайды».

Осылайша, геосаясат қоғамда және мемлекетті басқару жүйесінде маңызды ғылыми – практикалық функция атқарады, оның білімі әлемде, аймақтарда және мемлекеттерде жүріп жатқан өтпелі өзгерістер мен үрдістерге дұрыс бағыт – бағдар ұстауға, соған сәйкес практикалық әрекет етуге, қолайлы басқару шешімін қабылдауға мүмкіндік береді.



  1. Геосаясаттың қағидаттары және геосаяси дамудың ерекшеліктері

Геосаясаттық негізгі қағидаттарын ағылшын географы – саясаттанушысы Х. Маккиндер қалыптастырды. Оның зерттеулері одан кейінгі әлем тарихының геосаяси моделдерінің негізіне алынды. ХХ ғасырда Германияда, Англияда және АҚШ – та геосаяси ойдың әлемдік орталықтары қалыптасты. Геосаяси ой – пікірлердің дамуына және Германияның геосаяси тұжырымдамасын негіздеуде айтарлықтай үлес қосқан генерал К. Хаусхофер болды. Ағылшын – америка геосаяси мектебінде, Х. Маккиндермен қатар, А.Т. Мэхэн және Н. Спикмен белсенді еңбек етті. Орыс геосаясаткерлерінің арасынан Еуразия теориясын жақтаушыларды айтуға болады, солардың ірісі- П.А.. Савицкий, сонымен қатар көрнекті ғалым Л.Н. Гумилев.

Геосаясат ілім ретінде географиялық факторлардың дүние жүзі тарихындағы мемлекеттің роліне ықпал ету заңдылықтарын, әртүрлі халықтар мен елдерде саяси тенденциялардың және ұлттық – мемлекеттік мүдделердің қалыптасу заңдылықтарын зерттейді. Мемлекеттік дамудың орнықты стратегиясын дайындауда қысқа мерзімді және өзгермелі саяси немесе идеологиялық әуестік емес, керісінше, елдің кеңістік пен географиялық жағдайын анықтайтын тұрақты өлшемдер аса маңызды болуы тиіс деген бекітуі бұл ғылымның маңызды постулаты болып саналады.

Геосаяси талдау географиялық факторлардың әрекеттерімен байланысқан тұрақты және өзгермелі өлшемді зерттеу қағидатына сүйенеді. Геосаясат үшін тұрақтылық тәртібі бар сипаттың ғана бірінші қатарлық маңыздылығы бар: тек геосаяси тұрақты шамалар ғана жаһандағы жағдайды, қайсыбір елдердегі жағдайды, олардың әлеуетті мүмкіндіктерін бағалауда басты өлшем қызметін атқарады.

Геосаяси теория мемлекеттің жайғасуын (құрылықтық, аралдық немесе жағалаулық), оның аумағының көлемін, үстем етуші коммуникация типін ( теңіздік немесе құрғақтағы), басым ландшафтарын, шекараның ұзындығы мен үйлесімін, климатын және т.б. тұрақты факторлардың қатарына жатқызған. Мемлекеттік өмірдің қалған барлық аспектілері, соның ішінде шаруашылық – экономикалық және саяси – идеологиялық, осы көзқарас тұрғысынан маңызды деп мойындалғанымен, бірақ олардың бәрі бірінші өлшемге бағынады. Тек басты « сүйенетін сипаттардың » тұрақтылығы, есептеу нүктесі ретінде таңдалған, геосаясатқа мемлекеттің, даму қауіпсіздік саласында, сыртқы саясат саласында, қорғаныс пен стратегиясын мейлінше тиімді қалыптастыруға мүмкіндік береді деп саналады. Геосаясаттың өзгермелі факторлары – бұл халық ( демографиялық фактор), ресурстар ( қаржы – экономикалық, материалдық және т.б.), саяси мәдениет, қоғамның әлеуметтік- таптық құрылымы және т.б. Мұндай өзгермелі өлшемдер ( әсіресе ел-жұрт-халық) мемлекеттің даму үрдісіне айтарлықтай ықпал етеді, бірақ олар өздерінің ықпалы мен маңыздылығы жағынан тұрақты факторларға жол береді.

Соңғы кезде тұрақты факторлар жүйесі туралы теориялық түсініктерге кейбір өзгерістер енгізілді. Мысалы, қазіргі геосаясатта ұзақ мерзімді тұрақтылық факторы ретінде өркениеттік фактордың роліне аса көп көңіл аударылуда. Америка ғалымы С. Хантингтонның пікірі бойынша, жүздеген жылдар бойы қалыптасқан өркениеттік өзгешеліктер, көз жетерлік болашақта жоғалмайды, өйткені олар саяси идеологиялар мен саяси өлшемдер арасындағы өзгешеліктерге қарағанда әлдеқайда іргелі. Осымен байланысты геосаясаттың қазіргі теорияларында, адамзат қауымдастығының өзара әрекетінің өркениеттік аспектілері, жаһандық геосаяси құрылыстың жалпы жүйесіне қосуға бағыт ұстағанын айтуымыз қажет.

Геосаясат елдің географиялық жағдайымен және сол қоғамға, халыққа, ұлтқа тән мәдени – өркениеттік дамуы арасында белгілі бір өзара байланысты орнықтырады [4]. Геосаяси тұрғысынан алғанда өркениеттің локальды типін көп жағдайда ол орналасқан географиялық кеңістіктің сипаты анықтайды. Мысалы, өзінің индивидуализм культімен, ұтымдылығымен және жеке бастың табысымен нарықтық шаруашылық механизміне қызмет ететін либеральдық идеология, мейлінше « теңіздік» сауда өркениетіне тән. Қуатты қауымдық тамырлары бар қоғамның дәстүрлі ынтымақтастық, ұжымдық, өзін – өзі ұйымдастырудың жиналыстық формаларына басымдық беру құрлықтық мәдениет пен өркениеттің негізі болды.

Геосаясаттық талдаудың ең алғашқы тезисі елдің құрылықта және теңізде орналасуын тұрақты факторлардың ішіндегі ең маңыздысы деп есептейді. Осыдан шыға отырып барлық мемлекеттер құрлықтық және теңіздік болып екі үлкен топқа бөлінеді. Құрлықтық державалар үшін аумағының көлемі аса маңызды. Кеңістік олар үшін қуаттылық пен қауіпсіздіктің негізгі ресурсы болып саналады. Кең аумағы бар мемлекеттің артықшылығын осы негізде пайда болатын кемшіліктер мен әлсіздіктер басып кетеді: шекараның аса ұзақтығы, халықтың орналасу тығыздығының төмен болуы және т.б. Теңіздердегі (аралдардағы) державалар үшін айдын және онда орналасқан аралдар мен архипелагтармен қоршалған теңіз коммуникацияларының үстіне бақылау орнату салыстырмалы түрде маңызды.

Осыдан келіп елдің құрылықта және теңізде орналасуына қатысты мемлекеттің тарихын айқындайтын, оның экономикалық және мәдени дамуына, халықаралық жағдайына ықпал ететін, соған сәйкес стратегия қабылдауға мәжбүр ететін геосаясаттың маңызды заңы келіп шығады. Мысалы, экономиканың даму тұрғысынан геосаяси жағдай өнеркәсіптің шикізат пен энергия көздері жанына орналасу ерекшелігін анықтайды. Бұл құрлықтағы, жағалаудағы елдер мен теңіз державалары үшін қайсыбір транспорттың – теміржол немесе, теңіз кемелерін пайдалануды белгілейді, сонымен қатар құрлықтағы елдер шаруашылығының базалық салалары үлесінің және теңіз елдері экономикасының экспортқа бағытталуын анықтайды. Елдің географиялық жағдайы әскери – өнеркәсіп кешенімен байланысқан маңызды орталықтардың құрылуына айтарлықтай дәрежеде ықпал етеді, қорғаныс өнеркәсібін орналастыру қағидатын басшылыққа алуға мәжбүрлейді.

Геосаяси ғылымдарының қорытындыларына сәйкес, геосаяси фактор мемлекеттің саяси жүйесінің қалыптасу ерекшелігіне принципиалды ықпал етеді. Ш. Монтескье бірінші болып мемлекеттердің саяси құрылысын бағалаудың, «геосаяси» критериін қолданған. Ол «Заңдар рухы туралы» трактатында, республиканың шағын полистерге, монархияны орташа көлемдегі мемлекеттерге, ал деспотияны «аса үлкен мемлекеттерге» сөзсіз тән болатындығын атап көрсетті.

Қазіргі геосаясат құрлықтағы мемлекеттер үшін әдетте биліктің орталықтануы, авторитарлы болуы тән десе, ал теңіздегі мемлекеттер үшін биліктің орталықсыздануы мен демократия болуы тән деп есептейді. Сонымен бірге геосаяси тұрақты шамалар, саяси курс түрінде мүмкін болатын белгілі бір шеңберді орнатады. Сонымен қатар құрылықтағы елге әскери салада ең алдымен жердегі әскерге, ал теңіздегі елге – әскери – теңіз флотына арқа сүйеу тән, мысалға бұл КСРО ( Ресей) және АҚШ қарулы күштерін құру қағидаттарынан толықтай көрінген және көрініп те отыр. Жердегі қуаттылық ( « теллурократия») пен теңіз қуаттылығы ( « талассократии») бір – біріне қарама – қарсы қоятын геосаясаттың геосаяси дуализм қағидаты маңызды қағидат болып табылады, ол бүкіл адамзат қауымдастығын кеңістік – географиялық жағдайына орай балама полюстерге бөледі. Халықтардың саяси тарихында мұндай қарама- қарсы қоюшылық, мысалы, біржағынан Спарта мен Римнің әскери авторитарлы жердегі өркениеттерінің арасындағы күрестен, екінші жағынан, Афина мен Карфагеннің теңіз саудасы өркениеттері арасындағы күрестерден нақты көрінеді.

ХVI –XIX ғасырларда құрлықтағы Еуропа державалар блогіне қарсы тұра білген Британия империясы (« теңіз иесі») жаңа заманда теңіздегі қуаттылықты бейнеледі. ХХ ғасырдың ІІ жартысында Ұлыбританияның геосаяси мұрагеріне айналған АҚШ, құрылықтағы қуатты держава ретінде көрінген КСРО мен « суық соғыс» жағдайында болды. « Ортаңғы аумақ» деп аталатын, құрлықтың өзегін құрайтын кеңістікті иелену Еуразия құрылығына басымдық кілті болып табылатындығы геосаяси ғылымдардың маңызды да мазмұнды қорытындылары екенін айтуымыз керек. « Әлем жүрегі» («Хартленд») деп аталған « Тарихтың географиялық өсі» болған Еуразия құрылығының және оның орталығының ерекше маңыздылығы туралы қорытынды Х.Маккиндерге тиесілі. Осы тезиске орай, «ортаңғы аумақтағы» әскери- саяси тұрақтылық, географиясы Ресей аумағына сәйкес келетін, бүкіл Еуразия кеңістігіндегі стратегиялық тұрақтылықты айқындайды, осылайша ол әлемдік тәртіптің тұрақтылығын да белгілейді. Сонымен бірге планетааралық көзқарас тұрғысынан алғанда кім Шығыс Еуропаға бақылау орнатса, ол « Хартлендтен» басым болады, ал кімде – кім «Хартлендтен» басым болса, ол әлемде басым болады. Геосаясат ғылымдарының классигі Х. Маккиндердің бұл идеясы жалпы геосаясаттың бірден – бір постулаты болып отыр.

Геосаясат теорияларының ортақ қағидаттарын қарастыра отырып, геосаяси талдаудың методологиялық маңызына көңіл аудару қажет. Біріншіден, геосаясат тұрғысынан саяси құбылыстарды зерттеу макроталдау мен ғылыми болжам үшін жаңа мүмкіндіктер береді. Сонымен қатар геосаяси және мәдени- өркениетті амалдардың бірін – бірі толықтыруы ірі масштабтағы тарихи үрдістер туралы білімнің анықтығын арттырады.Екіншіден, геосаясат саясаттың сыртқы және ішкі аспектілерін тұтас етіп байланыстыратындықтан геосаяси талдау, сыртқы саяси және ұлттық проблемаларды түйсінудегі белгілі бір біржақтылықты жоюға мүмкіндік береді. Үшіншіден, геосаясат аймақтардағы шиеленістер әлеуетін зерттеуге бағыт – бағдар береді, өйткені ол жер үстін игерудегі қарама – қарсы типтер мен амалдардың арасындағы қарама – қайшылықтарға көңілді баса аудартады [5].

Осымен байланысты, ХХ ғасырдың 80-90 жылдарында әлемде болған мәнді өзгерістер геосаяси жағдайды шұғыл өзгерткенін атап өту қажет. КСРО–ның ыдырауы және посткеңестік кеңістікте жаңа тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуы, Варшава келісім-шарты сияқты қуатты әскери- саяси блоктың жойылуы, НАТО- ның Шығысқа қарай кеңеюі соғыстан кейінгі халықаралық қауіпсіздіктің бүкіл жүйесін толықтай қиратты, бұл деген әлемдегі барлық геосаяси жағдайдың түбегейлі өзгергендігін білдіреді. «Теңіз» және « құрғақта» қарама қарсы тұрудың геосаяси дуализмін білдіретін, екі « ұлы держава» - АҚШ пен КСРО және екі аса ірі әскери – соғыс блоктардың классикалық текетірестігінде құрылған бұрынғы тұрақты геосаяси конструкцияның қирауының жүзеге асуы басты өзгеріс болып саналды.

Теорияда күштер орталықтары арасындағы ара салмақтың күрделі динамикалық тепе – теңдік жүйесінен көрінетіндігі, ал олардың арасындағы баланс, өзара әрекет жүйесінің жалпы қағидаты ретінде жүретін, өзгеріске түсуді иеленетіндігі дәлелденген. Сонымен қатар, уақытысы келгенде әлемдегі геосаяси күштердің ара салмағы айтарлықтай өзгерістерге түседі, бұл геосаяси тепе – теңдікті орнату үрдісінің қарама – қайшылықтарымен және күрделілігімен байланысты. Осы тепе – теңдіктің өзі уақыты келе бұзылуы мүмкін, бірақ оның жаңа негізде қалпына келетіні сөзсіз, бұл үрдіс принципінде шексіз. Осыдан әлемдік саясаттағы проблемалар келіп шығады, ұлттық мүдделерді келістірудің күрделілігі пайда болады, халықаралық қатынастар жүйесіне қатысатын аса ірі мемлекеттер арасындағы күштердің ара салмағын есепке алу қиындығы тундайды.

Қазіргі әлемдік жағдай ең алдымен геосаяси тепе – теңдік бұзылуының болғандығымен сипатталады: айтарлықтай тиімді болып қарама – қарсы тұрған екі әлемнің орнына бір « ұлы держава» - АҚШ басымдығына негізделген шектен тыс тұрақсыз геосаяси конструкция қалыптасты.

Дегенмен қазіргі халықаралық дамуда бұзылған тепе – теңдікті қалпына келтіру және бүгінгі таңда қалыптасқан бір полярлыққа қарсы тұратын күшті қалыптастыру тенденциясы анық байқалады. АҚШ – пен оның одақтастарының үстемдігіне қарсы тұратын жаңа полюстің сөзсіз пайда болуы үрдісін жалпылама түрде болжамдауға болады, өйткені жаңа стратегиялық тепе – теңдікті орнату болашақтың ісі. Зерттеушілер, ғалымдар, сонымен қатар, « көп полярлы әлем » деп аталатын дүниенің қалыптасу ынтымақтастығын жоққа шығармайды, бірақ мұндай пішін үйлесімдігі, геосаясаттың іргелі заңдары мен қағидаттарына жауап бермейді және геосаяси тұрғыда ол уақытша, өтпелі құбылыс ретінде қабылдануы мүмкін.

Өзінің ықпалы жағынан бұрынғы КСРО- ға тең келетін мұндай геосаяси субъектіні солтүстік Еуразия аумағында жандандыру геосаяси жағдайдың ықтимал бір нұсқасы болып табылады. Бұл болашақта Ресейдің экономикалық және әскери әлеуетін қалпына келтіру мен арттыру, посткеңестік кеңістікте реинтеграциялық үрдістерін табысты жүзеге асыруды үйлестіру, оған куатты геосаяси теңгергіш, ролін қайтару мүмкіндігін білдіреді.

Қытайдың одан әрі динамикалық өсуі және оның минимум АҚШ- пен тең ұлы күшке айналуы геосаяси дамудың басқа бір нұсқасы болып табылады. Егерде ҚХР экономикасы, соңғы екі ондық жылдар бойы болған сияқты, өзінің әлеуетін арттыратын болса, онда Қытай 20-25 жылдан кейін жалпы өндіріс көлемі жағынан Құрама Штаттарды басып озатыны және әлемдегі ең қуатты держава болатыны есептелген. Қытайдың зымыран – ядролық және ғарыш салаларындағы жетістіктерін есепке алатын болсақ, онда бұл елдің қазіргі әлемнің жаңа полюсына айналу мүмкіндігі шындыққа жанасады.

Сонымен қатар, қазіргі геосаяси зерттеулерде мемлекеттер коалициясынан тұратын ерекше геосаяси күштер орталықтарының пайда болуын жоққа шығармайтын, геосаяси балансты қалпына келтірудің осындай нұсқасы қарастырылуда. Мұндай «ұжымдық полюс» және « алтын миллиард» деп аталатын топ, АҚШ пен теңелетін, «Ресей – Қытай- Индия» үшбұрышында қалыптасуы мүмкін. Осымен байланысты, В.И. Лениннің бірінші дүние жүзілік соғыс пен КСРО- дағы революциядан кейін халықаралық жағдайдың дамуына берген болжамын еске алуға болады. Онда Ресей, Қытай және Индияның революцияшыл халықтарының одағы әлем тарихының барысын түбегейлі өзгертуге қабілеті бар шешуші фактор болуы мүмкін деген ой айтылған еді.

Әлемдік геосаяси текетірестің негізгі бағыттарымен байланысқан өзгерістерге келсек, сондай – ақ бұл проблеманың талдаушылардың басты назарына іліккені байқалады. Мысалы, С.Хантингтонның пікірінше, Кеңес Одағының суық соғыста жеңілуі қазіргі әлемдегі күш пен шиеленіс бағыттарын өзгерткен. Хантингтон « Өркениеттер қақтығыстары» еңбегінде бүгінгі таңда қазіргі әлемнің басты қақтығыс бағыты – бұл Батысты « конфуциандық – исламдық » блоктан бөлетін бағыт. Десекте қазіргі саясатта барынша пассионарлы және көп санды мұсылман дүниесін проваславия- славян халықтарымен соқтырыстыруға бағытталған қарқынды күш – жігер жұмасалуда екенін байқауға болады. Бұған Босния мен Косово ( бұрынғы Югославия аумағы) төңірегіндегі қақтығыс және Ресейдің Солтүстік Кавказдағы оқиғасы жарқын мысал болып табылады.

Болған өзгерістердің нәтижесінде Батыс тарапынан посткеңестік кеңістікте қалыптасқан елдерге қысым көрсетудің шұғыл артқанын атап көрсету қажет. Геосаясат тұрғысынан бұл қысым « ортаңғы аумаққа» бақылау жасау проблемасымен, яғни Еуразияның болашағымен байланысқан.

Американың саяси элитасының көрнекті өкілі З. Бжезинскийдің пікірі бойынша, ХХ ғасырдың 90 жылдарының басындағы Ресейдегі оқиға « Хартлендті» кім иеленеді және осы стратегиялық маңызды аумақты кім бақылауға алады деген сұрақтарды жаңаша қойған. Америка саясаттанушысының, сараптаушысының есептеуінше, Кеңес Одағының ыдырауы « Еуразия өзегін геосаяси вакуумға айналдырған», сондықтан осы бос орынды толтыруға тырысу әлемдік саясаттағы тенденцияны көбірек анықтайтын болады. З. Бзежинскийдің берген бағасында суық соғыста Кеңес Одағының жеңілісі және оның ыдырауы Құрама Штаттарға алғаш рет Қытай шекарасына дейін созылып жатқан жаңа посткеңестік мемлекеттер ісіне араласуына, сондай – ақ Парсы шығанағы ауданында және Еуразияның оңтүстік шеткі аймақтарында үстемдік етуге мүмкіндік берген. Аталмыш тенденция, менің көзқарасым бойынша, бүкіл Еуразия құрылығының тұрақтылығына қауіп – қатер туғызады, ал оның одан әрі дамуы Ресейдің жаңа жағдайда Еуразия орталығында өзінің геосаяси позияциясын қалпына келтіру қабілетіне көп байланысты.

Еуропадағы бірігу үрдісі геосаяси өзгерістердің тағы да бір мәнді факторы болып табылғанын айтуымыз қажет. Дүние жүзі картасында біріккен қуатты Германияның пайда болуы, ықпалдасқан Еуропа одағының құрылуы, Орталық Еуропаның бірқатар елдерінің жалпы Еуропа құрылымына қосылуы, көптеген қарама – қайшылықтардың түйіні болған Еуропа құрлығындағы жағдайды көп өзгертті [6].

Ықпалдасу негізінде Батыс пен Орталық Еуропа бейнесінде жаңа күштер орталығының қалыптасуы қазіргі геосаясат үшін мәнді құндылығы бар аса маңызды тенденцияны көрсетіп берді.



  1. Каталог: sites -> default -> files -> publications
    publications -> Қазақстан республикасының денсаулық сақтау әЛЕУМЕТТІК денсаулық сақтау министрлігі
    publications -> Қазақ тіліндегі физикалық ЖӘне техникалық терминологиялық СӨздіктердегі үйлесімсіздік
    publications -> Реферат тақырыбы: Сыртқы және ішкі сәулелену әсерінен пайда болатын аурулар Орындаған: Медеубек М. А. Тобы: 103 фк
    publications -> Ас қорыту жүйесі
    publications -> Тіл – ел байлығы
    publications -> В медицинской практике остеомиелитом называют воспаление всех слоев кости от костного мозга до надкостницы
    publications -> Делимитация и демаркация государственной границы рк как фактор национальной безопасности
    publications -> Морфологические изменения миокарда предсердий при внезапной сердечной смерти у пожилых людей
    publications -> Патриоттық тәрбие Аннотация


    Достарыңызбен бөлісу:
  1   2


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет