Балаларды кохлеарлы имплантациядан кейін жалпы (инклюзивті) білім беру және
арнайы (түзету) білім беру ұйымдарына белгілеу бойынша
әдістемелік-нұсқаулық хат
(Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігінің 2009 жылғы
шілденің 2-ндегі № 4-02-4/1228 хаты)
Қазақстан Республикасында 2007 жылдан бері естімейтін (саңырау) балалар мен ересектерді оңалтудың мемлекеттік бағдарламасы аумағында кохлеарлы имплантация бойынша жоғары технологиялық ота (естімейтін балалар мен ересектердің құлағының ішіне электродтарды енгізу) жасау басталды.
Кохлеарлы имплантация (бұдан ары – КИ) барысында естімейтін адамның ішкі құлағына есту нервісін электр тоғы арқылы ынталандырудың нәтижесінде дыбыстарды қабылдауды қамтамасыз ететін электродтар ендіріледі.
Кохлеарлы имплантты қолдану сенсоневралды құлақ мүкістігі жағдайында құлақ рецепторлары ғана зақымдалған, ал есту нервісінің талшықтары ұзақ уақыт бойы сақталатынына негізделеді.
Зақымдалған рецепторлар есту сезімдері пайда болуы үшін қажет дыбыс белгілерін есту нервісін ынталандыратын электр импульстарға айнала алмайды. Бұл қызметті кохлеарлы имплантация орындайды.
Кохлеарлы имплантациясы бар балалар имплантациядан кейін есту және сөйлеу тілін оңалту нәтижелері бойынша бір қалыпты топ емес. Екі жасқа дейін имплантация жасалған балалардың көпшілігі сөйлеу тілінің даму деңгейі бойынша қалыпты жағдайға жақындайды.
Үш жастан кейін имплантация жасалғанда туа біткен естімейтін балалар мектеп жасында да сөйлеу тілінің дамуында артта қалады.
4-5 жастан кейін имплантация жасалған балалардың көпшілігі имплантацияға дейін есту аппаратын киіп жүріп қалдық есту қабілетін қолданбаса және қарым-қатынас құру үшін ауызша сөйлеу тілін қолдану дағдылары қалыптаспаса, сөйлеу тілін түсіну мен сөйлеу тілінің өзінінің дамуында мүмкіндіктері шектеулі болады.
КИ дұрыс орнатылған процессормен болса, имплант жіберіп отырған белгілерде сөйлеу тілін түсінуге керек бүкіл лингвистикалық ақпарат жинақталып, баланың есту қабілеті орташа түрде 25-40 дБ болады. Ол өз кезегінде құлақ мүкістігінің бірінші дәрежесіне сәйкес келеді. Бұл жағдай ақырын сөйлеп, белгілі бір қашықтықта айтқанда есту арқылы қабылдауды қиындатады. Балалар дыбыстарды ажыратып, сөйлей алуы үшін арнайы сабақтар мен белгілі мөлшердегі уақыт қажет.
Отадан кейінгі есту мен сөйлеу тілін оңалтудың ұзақтығы мен мазмұны емделушінің жасы, есту қабілетінен айрылу мерзімі (туа біткен, сөйлеу тілін меңгергенде не сөйлеп жүріп), есту қабілетінен айрылу мен кохлеарлы имплантация арасындағы уақыт ұзақтығы, сонымен қоса баланың жеке қасиеттеріне байланысты.
КИ бар балалардың барлығы есту мен сөйлеу тілін оңалтуды ұйымдастыру және оның нәтижелеріне қарай екі топқа бөлінеді:
Бірінші топ – есту тәжірибесі бар балалар. Оларға сөйлеу тілін меңгеру кезеңінде есту қабілетінен айрылған балалар (1 жастан 5 жасқа дейін) жатады. Бұндай балаларда есту мен сөйлеу тілін оңалтудың нәтижелері жақсы. Онымен қоса бұл топқа есту қабілетінің қалдықтары бар және есту аппаратын ерте жастан үнемі қолданған балалар жатады.
Екінші топ – есту тәжірибесі жоқ балалар.
Есту мен сөйлеу тілін оңалтудың нәтижелері имплантация жасалған уақытқа байланысты:
- имплантация 3 жасқа дейін жасалғанда – оңалтуды дұрыс ұйымдастырып, зердесі сақталған болса жақсы нәтижелер болады. Балалардың көпшілігі мектеп жасына келгенде сөйлеу тілінің дамуы бойынша қалыпты жағдайға келеді;
- имплантация 3-7 жастан кейін жасалса – имплантация уақыты, есту аппаратын қолдану тәжірибесі, имплантация жасалған кезде есту және сөйлеу тілінің дамуы деңгейіне, есте сақтау, зейін және уақытылы өткізілген түзете-педагогикалық жұмысқа байланысты нәтижелер орташадан жақсыға дейін болады.
Имплантацияға дейін қалдық есту қабілетін есту аппаратымен қолданбаса, қарым-қатынас орнатуға ауызша сөйлеу тілін қолдану дағдылары қалыптаспаса, ондай балалардың сөйлеу тілін түсіну мен сөйлеу тілінің өзінің дамуында шектеулі мүмкіндіктер болады.
Имплантация 7-15 жаста жасалса – нәтижелер көптеген факторларға байланысты нашардан жақсыға дейін.
Имплантация 15 жастан асқанда жасалғанда – есту және сөйлеу тілінің дамуының мүмкіндіктерінің шектелуі болады, бірақ бұл балалар еститін тұлғалар ортасына қалауынша кіріктіріліп, оларда қарым-қатынас дағдылары дамып, өмірінің сапасы жақсарады.
Кохлеарлы имплантацияға балаларды іріктеудің бірыңғай көрсетілімдері
Пихологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестер жағдайында кохлеарлы имплантацияны өткізуге көрсетілімдерді анықтау барысында кохлеарлы имплантацияға кандидат балаларды іріктеуде төмендегідей белгілерді негізге алу қажет:
- сөйлеу тілі жиілігі (500-4000 Гц) 95 дБ-ден жоғары есту қабілетінен екі жақты сенсоневралды тұрғыда айрылу;
- сөйлеу тілінің түсінікті болуы 20-30%-дан кем емес, ең дұрыс таңдалған есту аппаратындағы есту шегі 55 дБ-ден жоғары;
- 5 жастан үлкен емес туа сала естімейтін балалар;
- ауызша сөйлеу тілі дағдылары жақсы ересектер мен жасөспірімдер.
Ерте жастағы (үш жасқа дейін) балалардың есту аппараттарын кию тәжірибесі 2-5 жылдан кем емес.
Ота жасауға соматикалық қарсы көрсетілімдердің болмауы.
КИ-ты қолдануда және есту мен сөйлеу тілін оңалтуды жүргізуде қиындық тудыратын психикалық және неврологиялық бұзылыстардың жоқ болуы.
Дұрыс ұйымдастырылған есту мен сөйлеу тілін оңалту шаралары. Сурдопедагог маманмен қарқынды жұмыс жасаумен қатар сөйлеу тілі ортасы болуы мен ата-аналарының жұмысқа белсенді түрде қатысуы міндетті.
Кохлеарлы имплантациясы бар балаларды білім беру ұйымдарына белгілеу
Кохлеарлы имплантациясы бар балаларды жалпы білім беретін мектепке дейінгі және жалпы білім беру ұйымдарына (балабақшалар мен мектептер) белгілеу көрсетілімдері ретінде мыналар анықталған:
-
3 жасқа дейін имплантациялау – имплантацияға дейін есту тәжірибесі бар (есту қабілетінің төмендеуі жүре пайда болған не үдемелі болып отырған);
-
туа сала естімейтін (саңырау) болған, 3 жасқа дейін имплантацияланған, имплантацияға дейін 6 айдан кем емес уақыт ішінде жоғары сапалы есту аппараттарын кию тәжірибесі бар және имплантацияға дейін есту мен сөйлеу тілін оңалту үдерісіне қосылған балалар;
-
есту қабілетінен айырылғаннан кейін уақытында (1 жылдан артық емес мерзімде) имплантацияланғаннан кейін естімей қалған балалар жас шектеуінсіз.
Балаларды жалпы білім беру ұйымдарына жіберген жағдайда қарым-қатынас орнату үшін ауызша сөйлеу тілін қабылдап, қолдану дағдылары болуы қажет.
Кохлеарлы имплантациясы бар балаларды білім беру ұйымдарына жіберудің қарсы көрсетілімдері ретінде төмендегілер белгіленеді:
-
3 жастан кейінгі кохлеарлы имплантация;
-
зерде бұзылыстары;
-
білім беру ұйымдарына ортақ қарсы көрсетілімдер.
Ескерту: есту және сөйлеу тілінің дамуында жақсы динамика байқалған 6-12 ай бойы дұрыс ұйымдастырылған әрі тиімді түрде оңалтылған жағдай белгіленсе, балаларға жалпы не сөйлеу тілінде бұзылыстары бар балаларға арналған балабақшаларға бару ұсынылады. Онымен қоса есту қабілету мен сөйлеу тілінде араласқан бұзылыстары байқалған балалармен жұмыс жасау тәжірибесі бар сурдопедагог және логопедпен қосымша жеке сабақтар жүргізілуі керек.
Қосымша бұзылыстары бар (зердесі, есте сақтау, зейін, қарым-қатынас, жүйке-бұлшық ет жүйесі т.б.) есту тәжірибесі жоқ, сурдопедагогпен жүйелі түрде сабақ өткізілмеген 3 жастан кейін имплантацияланған балаларда КИ-пен есту дағдылары, сөйлеу тілі, тілдік жүйесінің дамуы баяу түрде болады. Оларға нашар еститін балаларға арналған балабақшаға ұзақ мерзім барып, сурдопедагог, логопед, дефектолог мамандармен жүйелі түрде қосымша жеке сабақтар ұсынылады. Нашар еститін балаларға арналған балабақшаны бітірген балалардың бір бөлігі сурдопедагог және логопедтің қосымша қолдауымен жалпы не сөйлеу тілінде бұзылыстары бар балаларға арналған мектепте оқуға дайын.
Инклюзивті типтегі жалпы білім беру мектептерінде оқитын кохлеарлы имплантациясы бар балалар логопедиялық пункттар, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері және оңалту орталықтарында түзете-педагогикалық қолдау көмегін алады.
Кохлеарлы имплантациясы бар балаларды сөйлеу тілінде бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы (түзету) білім беру ұйымдарына (сөйлеу тілінде бұзылыстары бар балаларға балабақшалар (топтар) мен мектептер (сыныптар)) белгілеу көрсетілімдері ретінде мыналар анықталған:
- 3 жастан 4 жасқа дейін имплантацияланған, имплантацияға дейін 6 айдан кем емес уақыт ішінде жоғары сапалы есту аппараттарын кию тәжірибесі бар балалар;
- имплантацияға дейін қалдық есту қабілетін есту аппараттарында қолданған 4-5 жастан кейін имплантацияланған балалар.
Кохлеарлы имплантациясы бар балаларды нашар еститін және кейіннен естімей қалған балаларға арналған арнайы (түзету) білім беру ұйымдарына белгілеу көрсетілімдері:
а) І-бөлімде (А бағдарламасы) – сөздік қоры шектелген, қарапайым фраза немесе фразалық сөйлеу тілінің бірліктерін меңгерген, дыбыс айтуда, буындық құрылымында бұзылыстары мен аграмматизмдері байқалған кохлеарлы имплантациясы бар балалар;
б) II-бөлімге (Б бағдарламасы) сөйлеу тілі терең түрде дамымаған (былдыр мен былдырлау сөздері деңгейіндегі шектелген сөздік қор, фразалық сөйлеу тілінің қалыптаспауы, ауызша сөйлеу тілін түсінуде едәуір қиындықтары бар) балалар қабылданады.
Естімейтін, нашар еститін және кейіннен естімей қалған балаларға арналған арнайы (түзету) білім беру ұйымдарында (1-2 бөлімдер) үш жастан бастап мектепке дейінгі бөлімдер ашылуы мүмкін. Балаларды қабылдау психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің қорытындысы мен жолдамасы негізінде жүргізіледі. Мектепке дейінгі топтардағы жұмыс есту қабілетінде бұзылыстары бар балаларға арналған білім беру ұйымдары мен топтары туралы Ережелерге сәйкес ұйымдастырылады.
І- және ІІ-бөлімнің бірінші сыныбына мектепке дейінгі дайындықтан өткен және психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің қорытындысы мен жолдамасы бойынша мектепке жарамдылық деңгейіне жеткен кохлеарлы имплантациясы бар балалар қабылданады.
Есту және сөйлеу тілі тұрғысынан мектепке дейінгі дайындықтан өтпеген кохлеарлы имплантациясы бар 6-7 жасар балалар үшін дайындық сыныбы ұйымдастырылады.
Тұрғылықты жерінде кохлеарлы имплантациясы бар балалар үшін арнайы білім беру ұйымы жоқ болған жағдайда жалпы (инклюзивті) білім беру ұйымдарында олар үшін арнайы сыныптар ашылуы мүмкін.
Балаларды сөйлеу тілінде бұзылыстары бар, нашар еститін және кейіннен естімей қалған балаларға арналған мектепке дейінгі және жалпы (инклюзивті) білім беру ұйымдарына, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері, оңалту орталықтары, түзету және инклюзивті білім беру ұйымдарына жолдауды психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің қорытындысы мен ұсынымдары негізінде және ата-анасының (немесе өзге де заңды өкілдерінің) келісімі бойынша жергілікті білім беру органдары жүргізеді.
Білім беру ұйымының директоры мүмкіндіктері шектеулі балаларды білім беру ұйымдарына жолдау бойынша Нұсқаулықта белгіленген тәртіпте арнайы (түзету) білім беру ұйымына қабылдау үшін жауапты.
Оқу үдерісі барысында баланы басқа арнайы (түзету) білім беру немесе жалпы білім беру ұйымына ауыстыру қажеттілігі анықталса, білім беру ұйымы (мектептегі психологиялық-педагогикалық консилиум) баланы ПМПК-те қайта тексеруге қажет құжаттар мен ұсынымды (консилиум қорытындысы) дайындауға міндетті.
Кохлеарлы имплантацияны ендіру дамыған сурдологиялық көмекті атқару мен сурдопедагогикалық қолдау жүйесін қажет етеді, онымен қатар осы санаттағы балалармен жұмыс жасай алатын дәрігер-сурдологтармен қоса сурдопедагогтардың (арнайы педагогтар) болуын, бірқатар нормативтік құқықтық құжаттарды қабылдауды талап етеді.
Түзеу педагогикасының ұлттық ғылыми-пратикалық орталығы 2008 жылдан бері кохлеарлы импланты бар балаларды есту және сөйлеу қабілеті тұрғысынан оңалту бойынша зерттеулерді жүргізуге Білім және ғылым Министрлігі тарапынан бюджеттен қаржыландырылуда. Ғылыми жұмыс нәтижелері бойынша сурдологиялық кабинеттердің дәрігерлері мен арнайы білім беру ұйымдарының сурдопедагогтарына республикалық семинар өткізілді.
Достарыңызбен бөлісу: |