Е. Н. Ермұқанов ХХ ғасыр басындағы қазақ шаруаларының шағымдары мен өтініштері тарихи дерек ретінде



Дата22.12.2017
өлшемі94.15 Kb.
#50836
Е.Н.Ермұқанов

ХХ ғасыр басындағы қазақ шаруаларының шағымдары мен өтініштері тарихи дерек ретінде.

Халықтың шағымы белгілі бір деңгейде адамдардың тағдыры. Олардың әрқайсысының артында жекелеген адам ғана емес тұтас бір ұжым (шаруаның отбасы, ауыл, тіпті болыс) тұрды. Сондықтан жекелеген немесе ұжымдық шағым ол шаруалардың түрлі тобын топтастыратын біріктіруші ту рөлін атқарады.

Шағымдардың пайда болуы халықтың қоғамдық санасындағы күрделі процестердің нәтижесі. Шағым-шаруалардың тығырықтан шығатын басқа жол жоғына көзі жеткеннен кейінгі еріксіз тәуекелі, олардың бұған дейін де өзара бірнеше мәрте мұқият ортаға салған ой-талқыларының көрінісі.

Шаруалардың көпшілік шағымы ауылдық жиналыстың шешімі ретінде пайда болды. Шағым арқылы біз шаруалар қауымының рөлін зерттеуге, ауыл «әлемінің» ішкі механизміне үңілуге мүмкіндік аламыз және әр түрлі топтың өкілдері арасындағы байланысты ашуға, сондай-ақ болыс пен шаруа қатынасын тереңірек ұғынуға қол жеткіземіз. Әрине шағымның тарихи дерек ретінде белгілі бір аймақтағы шаруалардың жағдайын білудегі маңызын жоғары бағалай отыра, біз оған ресми материалдарды қарсы қойып, ондағы жан айқайды әсте төмендетпек емеспіз.

Халықтың шағымының мазмұны негізінен әлеуметтік сипат алды. Шағымдар кімнің атынан жолданбасын көпшілік мүддесін білдірді. Оның басты ерекшелігі де осында. Шаруалар шағымының ерекше сипаты оның формасы мен мазмұны арасындағы диалектикалық қайшылықтылығы. Шағымдарда негізінен халықтың маңызды талаптары қойылды. Ал мұндай шағым әкімшілік өкілдерінің ашу-ызасын туғызып, ашындырды. Өйткені бұл халықтың жай ғана көз жасы мен қайғысы емес, ол әлеуметтік әділетсіздікке қарсы белгілі бір наразылық еді.

Ермуканов. Е.Н. - Абай атындағы ҚазҰПУ-дың доценті, т.ғ.к. /Қазақстан/.


Өзінің қоғамдық маңыздылығы жағынан шаруалар шағымы аса құнды құжат. Онда тұрғындардың адам төзгісіз ауыр жағдайлары ашық айтылып, ел басына түскен алым-салықтар мен биліктің жүгенсіздігі баяндалатын. Сондай-ақ өздерінің тұрмысын жақсартуды, қарапайым құқықтарын қорғауға тырысқан нақты талаптары көрініс тапты. Әрине бұл талаптар өтініш түрінде білдірілгенімен оған бірден тиісінше мән берілмеді. Билік өкілдері тіпті оны елеусіз, ескерусіз қалдыру арқылы оған өз реакциясын танытты. Сол себепті ондай шағымдарға әдетте олар «істен алшақ», «алдамшы» немес «өтірік толтырылған» деп қарады. Әкімшілік өкілдері жоғарыға шағымды жолдау фактісінің өзін халықтың «дөрекі» де «сотқар» әрекеті деп бағалады. Патша билігінің тиым салуына қарамастан тиісті органдарға тұрғындардың шағымы үздіксіз жолданып отырылды. Шағымдарды әдетте жергілікті шаруалардың әлеуметтік мүдделерін қорғау жағдайлары туындатты.

Шаруалар шағымының мәні мен мазмұны арасындағы белгілі бір байланыс елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайлар мен басым көпшілігінің сенімді тарихи дерек болуынан байқалады. Өйткені онда келтірілген фактілерге қарап, оның жекелеген шағым шеңберінен шығып кеткені жөнінде түйін жасауға болады. Бұл әрине шағымнан кейбір асыра көрсету жағдайларын ұшырату мүмкін емес деген сөз емес. Әйтсе де бұл олардың жалпы әділетсіздікке деген әрекеттерін өзгерте алмады. Көпшілігінде орын алған жағдайды шиеленістіру мақсатында оқиға мен фактілерді бұрмалап, оған үлкен сенімділік беруі де кездесіп қалады. Жалпы шағымдарда әлеуметтің мұңы мен қоғамның идеалы көрініс табатыны бесенеден белгілі. Ал бұл жағдай оларды аталған катергориядағы әлеуметтің көңіл күйі мен қоғамның санасын зерделейтін құнды дерекке айналдырды.

Шаруалардың өтініштеріне тән ажырамас маңызды белгі түйіндеулерінің негізділігі, қалыптылық пен өзіндік пайымдаулары олардың ойлауына тән ерекшеліктері болып табылады. Шағымдарында шаруалар нақты фактілердің белгілі бір тізбегін баяндап қана қоймай, айтылып отырған құбылысты белгілі бір деңгейге дейін қорытады.

Шағымдар шауалардың шаруашылықтарының құлдаруынының бүкіл апатты бейнесін, оның күйреуі мен қайыршылануын барынша ашып көрсетеді. Осыған әкелген жағдайдың негізгі себептеріне жан-жақты үңілуге тырысады. Мәселен, қазақ жерлерін ХХ ғасыр басында патшалы Ресейдің отарлауына қарсы шаруалардың шағымдары мен өтініштерінде түрлі деңгейдегі шенеуніктік аппараттың жүгенсіздіктері мен сорақылықтары кеңінен баяндалады. Мысалы, 1915 жылы Петропавл уезі Средней болысы №5 ауыл тұрғыны Ғабдолла Қазбековтан түскен шағымда қоныс аудару мекемесі атасы Қонысбектен қалған мекеннің қазына қорына тартып алынып, өздерінің күшпен қуылып шыққаны мәлімделсе /1/, Ақмола уезі Шу болысы №3 ауыл тұрғындары өздерінің Ақкөл, Шек-Қамыс, Көкен-Қатыс мекендерінен еш негізсіз айырылғандығын айтады /2/. Қоныстандыру басқармаларына тұтастай бір ауылды ата-қоныстарынан ығыстырып, жерлерін қазына қорларына тартып алуы көп күшке түспеді. Мәселен, 1914 жылы Көкшетау уезінің 222 түтінін басқа жерге көшіру нәтижесінде қоныстандыру қорына 16084 девятина жер алынады. Қазақтардың пайдалануынан алынған жердегі 337 қыстау уақытша комиссиясының қаулысымен қиратылып, өтемақы белгіленеді /3/. Аталған мекеменің шенеуніктері кейде, тіпті бір ауылды 2-3 реттен қоныс аудартқан кездері де болды.

Шаруалардың шағымдары жергілікті әкімшілік буындарына ғана бағытталмай жоғары органдарға да жолданады.

1915 жылы Ішкі Істер Министрлігіне Семей уезі Аршалы болысы Қойтас ауылының 48 отбасынан түскен өтініште ата-бабасының бір ғасырдан астам мекендеген қонысы, салып кеткен мешіт пен қоса 2946 десятина жерлерін қоныстандыру поселкасын құру үшін тартып алғандығы баяндалады. Шағымда қоныстандыру басқармасы Семей уезіндегі қазақтардан тартып алынған жерлерге ешкімді орналастырмағандықтан оның бос тұрғаны айтылады. Бұл ауылдың шамамен 100 десятинадай жері басқарма шенеуніктерінің меншігіне берілген. Олар 30 отбасылық село салуға болатын жарамды жерлердің мал шаруашылығы немесе ауыл шаруашылығы жұмыстарына пайдаланылмай жарамсыз болып қалғанына қынжылады. Сол себепті шағымданушылар бұл жерлерді жалға беруге шығарған өкімді тоқтатуды сұрайды /4/.

Шаруалардың шағымдарының енді бір тобы заңсыз, күштеп салынған салықтар мен оны уақытылы төлей алмағандардан түсті.

Отаршыл әкімшілік өкілдері жергілікті халықтың жас нәрестелеріне де түтін салығын салып, оны күшпен төлеттіріп отырды. Мәселен, 1916 жылы 4 мамырда Ақмола облыстық басқармасына Көкшетау уезі Мезгіл болысы №10 ауыл тұрғыны Махмұт Тайкиннен түскен шағымда өзінен кішкене немересі үшін түтін салығын зорлап өндіріп алғанын баяндайды /5/. Ал Омбы уезі Покров болысының тұрғыны Құсан Ақшолақовтан түскен шағым хатта өздерінің осы уақытқа дейін 3 жылға белгіленген 55 сом салығы алдағы 3 жылдықта 200 сомға көтерілгенін, өзінің шаңырағының да шаруашылығының да еш өзгермегенін, сол себепті осынша көлемдегі салықты төлей алмайтындарын айта келе, әкімшіліктің шектен тыс әрекетіне наразылықтарын білдіреді /6/. Мұндай шағымдарға арнайы органдар назар да салмады. Қайта белгіленген салықты төлей алмаған немесе уақытылы төлемеген адам қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылып, түрмеге отырғызылды. Мәселен, 1915 жылы Ақмола облыстық басқармасына Петропавл уезі Қаратал болысы №8 ауыл тұрғындары Букпин мен Бейімбетовтардан түскен шағымда өздерінің уақытылы төлей алмаған салықтары үшін 14 тәулікке қамауға алынғанын мәлімдей келе, бүгінде өздерінің барлық салықтарды төлегендерін, сол себепті ораза қарсаңында түрмеде отырмас үшін әрқайсысы Қызыл Крест атына 25 сомнан ақша аударуға да ықыласты екендіктерін баяндайды /7/.

Қарапайым тұрғындардың болыс бастықтары мен ауыл старшындарының жүгенсіздіктеріне шағынған наразылықтары да өз алдына бір төбе. Соның бір жарқын мысалы Өскемен уезі Тайынты болысы №4,5 ауыл тұрғындарының уездік басқармаға жолдаған арызы. Арызда М.Түгелбаевтың Қызыл Крест атына деп салықты бір жылда 4 рет жинағанын айта келе, жиналған қаражаттың тиісті орындарға толық жеткеніне өздерінің күдіктенетіндіктерін жасырмайды /8/.

Мұрағаттардағы шағымдарда шаруа мүддесі мен құқығының бұзылуы лауазымды адамдар мен шенеуніктердің заң бұзушылық әрекеттері нәтижесінде пайда болған жанжалды жағдайларда көрініс тапқан. Олардың авторлары шаруалардың өздері болмаса сауатты ауылдастары не шенеуніктер.

Біз зерделеген шағымдар көзделген мекен-жайға қаншалықты жеткенін анықтау еш мүмкіндік бермеді. Почта конверттері көбіне ХХ ғасыр басында осы мекеме қызметін пайдаланғанын көрсетеді. Ал бұл орган оны өзінен төмендегілерге жіберіп отырған. Ең ақырында ол болыс басқармасының кеңесіне келіп түсетін. Егер шағым аталмыш органның құзыретіне сәйкес келмесе ол тиісті мекен-жайға жіберілетін. Билік органдары шағым мұқият, талапқа сай жолданса ғана қарайтын. Ал ол билік қаулысына қарсы, әрі уақытылы берілмесе қаралмайтын. Анонимді шағымдар кейде болмаса негізінен тастай салынатын. Патша атына жолданған анонимді шағымдар да назарға алынбады. Тек сот мәселесі бойынша келіп түскен шағымдар ғана тергеліп, тексерілді.

Шағым мен өтініштің бір-бірінен өзгешелігі болғанымен сипаты жағынан жақын құжаттар. Біздің ойымызша өтініште оның авторы билікке туындай бастаған жанжалға назар аударуды өтініп, оған сұраумен шыға отырып, пайдалы әрекет етуге ұмтылса, шағымда билік өкілдеріне шешілген жанжалды жеткізе отырып, әділдікті қалпына келтіруді және оған кінәлілерді жазалауды көздейді. Өтініш пен шағым авторларының өздері арнайы бөліп көрсетпегенімен құжаттың сипатын оның мазмұнындағы мәліметтерге қарап-ақ анықтауға болады. Мәліметтердің анық-қанықтығы әрбір дерек үшін өзекті, өйткені ол қоғамдық сананың мәселелерін зерттеуде аса маңызды.

Жанжалдың мәні туралы мәлімет пен автордың жағдайы жөніндегі шағымды басқа деректік материалдармен салыстырудың барысы көрсеткеніндей сұрау салушылар мүддесі мен хабарлап отырған мәліметтердің ақиқаттылығы, әрі негізділігін де тиісті деңгейде қорғайды.

Шағым мен өтінішті саяси түсініктер мен саяси сананың басқа да элементтері зерттейтін дерек ретінде пайдалану барысында, алынған нәтижелерді қорытарда, пассивті қарсылық құралы ретіндегі деректік бағытына байланысты ерекшелігін де ескеру қажет. Бізді қызықтырған мәселе бойынша бай мәлімет сақталған шағым мен өтініштерде қоғам мен билік өкілдері және билік туралы түсініктер мүлдем көрініс таппайды. Сондықтан алынған мәлімет зерделеп отырған құбылысты толық сипаттайды деп қарастыру мүлдем дұрыс емес. Олар тек сыңаржақ, шектелген сипаттама береді. Сондықтан басқа да деректерге, ең алдымен өмір сүріп отырған құрылысқа қарсы шаруаларға қатысты материалдармен толықтырылуы қажет.

Шаруалардың қалыптасқан билік органдары жүйесі мен нақты билеуші жөніндегі түсініктері жалпы пайымдаулардан туындайды. Олардың ойынша билік құдайдан, ал оның барлық буынындағы жеткізушілері де құдай мен патшадан. Мемлекеттік органдардың барлық жүйесі мен лауазымды адамдары, жалпы билік түсінігінің өзін шаруалар құдайдың өсиеті мен патшаның еркін жүзеге асыратын құралмен теңестіреді. Бұл түсініктер шаруалардың шағымдары мен өтініштерінде кеңінен көрініс тапты.

Барлық зерделенген құжаттарда шаруалар билікті өздерінің мүдделерінің қорғаушысы болмаса соған жақын, көмек пен қолдау білдіруші деп түсінеді.

Билікке көмекке жүгінуге түрткі болған жанжал барлық қатысушылардың шаруалар әлемінен жырақтығы туындатты. Яғни биліктің шаруалар ісіне араласу қажеттігіне әкелді. Шаруалар билік өкілдеріне қауым аралық қақтығыстардың арбитрі рөлінде қарап, жанжалдасушы жақтарды келістіруге, қамқорлауға міндетті деп білді. Билікті қорғаушы , әрі «әділет құралы» деп түсінген шаруалар өздерін жергілікті әкімшілік өкілдерінен қорғауды табанды талап етті.

Топтық және жеке шағымдар мен өтініштерді билік топтық және жеке мүддені қорғаушылар ретінде қарастырады. Әсіресе, мұндай сипаттағы шағымға көбіне қауымішілік жанжал, ауылдық және болыстық әкімшілік өкілдерімен қақтығыс түрткі болған. Мұндай жағдайда барлық билік органдарының міндеті шаруалар мүддесін қорғауы керек деген түсінік белең алады. «Патшадан» түсетін мемлекеттік билік қауымдық «бейбітшілік» билігінен жоғары деген түсінікке сүйенген жеке немесе топтық шағым авторлары ең алдымен өз жақтастарына араласуын тікелей талап етеді. Шаруалардың түсінігі бойынша қорғау мен көмек көрсету функциясының өзі шағым мен өтініш бағытталған биліктің тікелей міндеті.

Шағымдарының қанағаттандырылмауы, шаруаларға көмектің көрсетілмеуін олар билік өкілдері мен тиісті органдардың өз міндеттерінен айнуы деп бағалайды. Сол себепті олар қайта шағымдана бастайды. Талаптарының орындалмағанына наразы болған шаруалар оған жоғары тұрған органдардың араласуын талап етті.

Шаруаларға биліктің сатылық принципі мен әрбір шенеуніктің құзіреті мен құқығының шектеулілігі мәлім болатын. Сонда да болса жергілікті биліктің өз барышын орындауға жауапкершілігін ояту, тіпті сес көрсету үшін жоғары орындарға шағымдарын жолдап отырды. Шаруалар мүддесін қорғау билік өкілдерінің міндеті деген түсінік шаруалар санасында жергілікті билікті орталық әкімшілікке қарсы қою пайымымен ұштасты. Алғашқысы шаруаларға күнделікті өмірде жағымсыз жақтарымен ұшырасып отыратындықтан олардан өз мүдделерін шынайы қорғауды күтпейтін. Керісінше әділетті билікке деген сенім билікке жақындарына қарағанда күштірек еді. Бұл түсінік көптеген құжаттарда, әсіресе өтініштерін қанағаттандырмаған шенеуніктерге шағымдарында көрініс тапқан. Олардың ойынша төменгі буындағы билік өздеріне зиян келтіре отырып, бұлардың иығына өз қателіктерін артады, мұндай әрекет шаруалар ортасында қарсылық туғызады.

Билік әрекетінің құзыры шаруалар түсінігінше белгілі бір заң шеңберінде шектеулі. Ал заң патша еркін білдіру, осыған байланысты шағым иесі мен билік те оған бірдей бағынуы керек. Егер мемлекеттік билік тек заңға бағынса, қауымдық билік шаруалар ойынша шаруалардың ішкі әлемін реттеп отыратын қалыптасқан салт-дәстүрді ұстануы қажет деп санады.

Әдетте шағым мен өтініште сұраушылардың заңды әрекеттері белгілі бір негіздеу арқылы көрініс тапса, ол шаруалар түсінігінше шағым иесінің позициясын күшейтетін заңды қорғану құқығы болып табылады, өтініштің әділдігін білдіреді. Заң туралы шаруалар арасындағы түсінік ресмиден өзгеше. Өз мүдделері мен көзқарастарына қайшы келетін заңды олар мойындаудан бас тартты. Әділдікті білдіретін заңды биліктен жоғары қоя отырып, оны жүзеге асыру құралы ретінде шаруалар жоғарыдағы түсінікке сүйене отырып, заңға қайшы билік әрекетіне қарсылық көрсетуді қажет деп есептейді.



Сонымен біз келтірген деректер мазмұнындағы мәліметтерге қысқаша талдау жасалған шағымдар мен өтініштер ХХ ғасыр басындағы қазақ шаруаларының билік туралы, оның шаруалармен өзара қарым-қатынасы және олардың өзіндік пайымдауларының ішкі қатпарларын жаңаша зерделеуге мүмкіндік береді.
Пайдаланған әдебиеттер мен деректер тізімі

1. ҚРОММ (Қазақстан Республикасы Орталық Мемелекеттік Мұрағаты), 369-қор, 1-тізбе, 9491-іс, 3-парақ.

2. Сонда, 21-п.

3. Обзор Акмолинской области за 1914 год. Омск, 1915. С.10-11.

4. РМОТМ (Ресей Мемлекеттік Орталық Тарихи Мұрағаты), 1291-қ., 54-т., 200-іс, 1-п.

5. ҚРОММ, 369-қ., 1-т., 9434-іс, 55-п.

6. Сонда, 6-п.

7. Сонда, 29-п.

8. Сонда, 15-қ., 1-т., 1684-іс, 312-п.







Достарыңызбен бөлісу:




©stom.tilimen.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет