Д. есеналиева



Дата22.01.2018
өлшемі111.92 Kb.
#55050
А.СӘДІБЕК.

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің оқытушысы

Д.ЕСЕНАЛИЕВА.

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің магистр-оқытушысы



Теріні өңдеу ертеден келе жатқан өнер.

Обработка кожи - искусство приемлемая нам из давних времен

Leather processing - art acceptable to us from ancient times
Аннотация. Бұл мақалада қазақ халқының қолөнері көне заман тарихымен бірге дамып, біте қайнасып келе жатқан бай қазына екені жайында айтылған. Мал терілерін илеп, бояп, өң беру ертеден келе жатқан ең жақсы дамыған және жетілген өнер екені жайында айтылады. Былғарының бір түрі көксауырдың - жылқы терісі мен серке терілерінің сауырынан (жондығынан) жасалатыны жайында қарастырылған

Кілт сөздер: шошала, келтек, шыңылтырланып, тобарси, көзел, шегірен, сақтиян, көксауырлап, өткермелеп, күлшіні, сауырларынан, көкжағанға, іркіт, түзі, дымданбайды, өңезденбейді.

Қазақ халқы атам заманан бері мал шаруашылығымен айналысқан. Мал терісін өз игіліктеріне қолдана білген. Теріден неше түрлі заттар, киім аяқкиім, сумка, т.б заттар жасаған. Халық тұрмысында мал терілерін қарапайым жолмен ұқсату көптен бері келе жатқан тәсілдердің бірі. Сондықтан бұған байланысты турлі-түрлі ұғымдар туды. Мысалы, ірі қара малдың иленбеген терісін шылғи тері немесе шылғи қайыс, ал тері иленіп ұқсатылғаннан кейін оны қайыс деп атайды. Шылғи қайысты ұқсатудың екі түрлі жолы бар. Бірі — оның жүнін сылып тастап пайдалану, екіншісі — теріні жүнін сылымай-ақ пайдалану. Жүнді терілерден тулақ, тайтері, бөстек, тұлып, қауға, шанаш, мес, дорба, шарқай, т. б. жасалады. Жүнін алып тастаған терілерден көк, өкше сірі, көн, дабыл жасалады. Құрымға салынып, ысқа ұсталып, құмға қатырылған теріден саба, торсық, көнек, шанақ істеледі. Иленген теріден көксауыр, таспа, қайыс, қапшық, құлын, жарғаң, бота ішік, шідер, жүген, айыл, тартпа, тамақбау, құлақбау сияқты нәрселермен қатар, былғары, ұлтан, опайке, шегрен, көзел, етік, мәсі, кебіс, қоржын, тоқым, ертұрман, тон, шалбар, шамадан, тақия, көпшік, белдік, кісе, кейде тұс киіз сияқты көлемді заттар да жасалады [1].

Ірі қараның терісі әрбір іске арнайы пайдаланылған. Соған қарай олардың әр түрлі атаулары бар. Мысалы, сиыр терілерін қолөнер шеберлері сиыр терісі, өгіз терісі, тайынша терісі, бұзау терісі деп төртке бөліп атайды да, әр терінің өн бойы — жондың, қабырғалың, үйек бас тері, пұшпақ, мойын болып бірнеше түрге бөлінеді. Жылқы терісін — бие терісі, жабағы және құлын терісі деп үшке бөледі. Түйе терілерін атан терісі, бота терісі деп екіге ғана бөледі. Атан терісі, өгіз терісі және олардың жондықтары қол істеріне ең қолайлысы. Қой терілерін: жабағы тері, қырықпа тері, күздік тері, соғым терісі, тақыр тері, тоқтышақ терісі, сеңсең, елтірі, мари, жылбысқа тері деп он түрге бөліп атайды.

Осы терілер киім түрлерінің бәріне жарай береді. Ешкі терілерін - жүндес тері, тақыр тері, түбітті тері, серке терісі, лақ терісі, лақ мариі деп бөледі. Ешкі терілері төзімді келеді. Сондықтан одан алуан түрлі киім тігеді, бөстек, тулақ, торсық, саба, қапшық жасайды [2].

Теріні құрымға салу, ысқа ұстау - торсық (саба, көнек...) жасау.Теріні ысқа әзірлегенде сиыр, жылқы, серке терілерінің пышақ кескен жері жоқ бүтінін таңдап алады да, жүнін ұстарамен сыпырып тастайды. Содан кейін 2—3 күн шошаланың төбесіне жайып не киіз қайнатқан құрымға салып қояды. Тері ашты құрымның күшімен иленген сияқтанып ширығып, шымырлана түседі және қара қошқыл өңге енеді. Содан кейін оны сорғытып, аз құрғатып үлгіге салып отырып сабаға, көнекке, иықты, емізікті торсықтарға, кеукеріндерге, қауғаға арнап пішеді де терінің қыртысын сыртына қаратып шуда жіппен жиі жөрмеп тігеді. Ертерек кезде жақсы торсықтарды тарамыспен тіккен. Кейбір шеберлер оған сыздық салып отырып тебе тіккен. Тігіліп дайын болған торсықты (сабаны, көнекті) өзен судың жағасына апарып, ішіне ыстық құм толтырып, құмды келтекпен түйгілеп әбден нығыздау керек. Бұлай істегенде болашақ сабаның, торсықтың сырт өрнегі қалыптасады. Құм кептелген торсықтар ыстық пен желде 4—5 күн тұрып әбден кеуіп сүріленіп қатады. Содан кейін құмын төгіп тастап, ыдыстың іші сыртын тұздалған сарымаймен немесе жылқының сүр етінің майымен майлап тағы да күнге қояды. Енді май сіңген тері ыдыс ыстауға әзір тұрады. ЬІстық орнын не өзен жағасындағы жарқабақтан, не құдық маңындағы ескі апандардың шетінен дайындайды. Бұл үшін ені 40—45 см, тереңдігі 35—40 см, ұзындығы 10—15 м жыра қазылады. Мұның жар не апан жақтағы аузын шұқырлап оттық жасайды да, дала жақтағы аузын плитаның үстіңгі тесіктері сияқты етіп ашық қалдырады. Жыраның өн бойының екі жақ қабырғасына кезекпе-кезек кірпіш қалытқы қалап бұрма жасайды. Сонда оттықтан шыққан тобылғының жалыны мен ыстығы орта жолдағы қалытқыларда бөгеледі де, шұңқырдың аузына тек жылы түтін ғана келеді. Ал ысталатын терілерді ілетін күрке шұңқырдың осы дала жақ аузына тігіледі. Ол үшін бірнеше түзу ағаштардың басын түйістіріп, іргесін жая күрке жасайды. Оның сыртын терімен, ескі құрым киіздермен немесе жас шөппен қымтап жауып қояды.

Ысқа қойылатын, ыдыстар осы күркенің ішіне ауыздарын төмен, яғни түтінге қаратып ілінеді. Ысқа онша қурамаған бүрлі тобылғы, ши, көк пішен жағады, кейде ысқа ерекше иіс сіңіру үшін жусан, адраспан, арша т. б. шөптерді қоса жағады. ЬІсты әдетте бір ауылдың ақсақалы, беделді адамы салады. Өйткені ыс дұрыс салынбаса өрт шығып кетуі мүмкін. Ыс әбден сіңген ыдыстардың түсі қызыл күреңденіп, кепкен мейіздей болып қатып қалады. Осындай тобылғы торы торсықтар 5—6 айға дейін жібімейді де, дымданбайды да, көгермейді де, өңезденбейді де. Қажет жағдайда бес-алты айдан кейін оны тазалап кептіріп, майлап тағы да ыстайды. Ысталған ыдыстар ең алдымен қымыз, саумал, бие сүттері үшін қажет [3].

Мал терілерін илеу үшін үлкен күбіге немесе шелекке ашытқы ашытып, теріні соған салып илеу. Мұны малма дейді. Ал иді қатықтан, айраннан, не езген құрттан, не құрттың сары суынан, кейде ашытқан көжеден, немесе ұнға тұз қосып та жасайды. Теріні бір рет суық суға жуып тазартады. Одан кейін күбідегі иге салып, күн сайын бірнеше рет сапсиды (шайқайды). Иге салынған тері иге түгел батырылады. Олай болмаса терінің иге батпаған жері қара қайыстанып, бырысады да, кейін пішіп тігуге жарамайды. Қой, ешкі терілері иде 6—9 күн, ірі қара терілері 15—20 күн жатады. Терінің иі қанғанын білу үшін оны қолмен тырнап қарағанда тері қыртысы қалыңдап, ет қыртысы кәшіп тұрады. Иден шыққан теріні көлеңкеге бір рет кептіріп, соңынан сақармен жуып тазартады. Малмаға салған терінің жүні үйысып, білтеленіп қалады. Оны ажырату үшін кепкен соң жұмсақ шыбықпен сабап сілкеді. Кейде сирек тісті тарақпен тарайды. Теріні аз тобарсыған соң уқалай отырып, қолдың жылуымен кептірген жақсы. Иленіп, кептірілген теріні қырады.Теріні қыру үшін жұмыр ағаштың бір басын қабырғаға, не діңгекке сүйеп, бір басын көлбете жерге тіреп қояды да, оның үстінен биязы шекпен, не брезент жабады. Оның үстіне ет жағын сыртына қаратып теріні салып қырады. Терінің еті тез көшіп түсуі үшін, оған не ұн, не ұнтақталған бор сеуіп қырады. Қырғы шалғы орақтан немесе жүзді темірден жасалады. Жаңа сойылған түлкі терісін теріс айналдырып, құрт пен тұз жағады да, ішіне екі сабауды сұғып, кергілеп толғайды. Бұл тәсілмен ұқсатылған түлкі терісі 7—8 сағат ішінде тымақ тігуге әзір болады. Аң терісін қырғыштамайды, қалың көк еттері мен майларын қолмен алып тастайды [3].

Тері ұқсатушылардың арасында ең көп тарағаны және теріні ұқсатудың тиімді тәсілі — қабыққа салып бояу. Теріні қабыққа салып бояу үшін талдың, еменнің, қара мойылдың, кейде май қарағайдың қабықтары да жақсы. Оларды жасамалы ағаштардан күздікүні әзірлейді. Тік тұрған ағаштың қабығын сыдыру ағашқа үлкен зиян келтіреді. Сондықтан бояуға алынатын қабықты кесілген ағаштардан жинайды. Жиналған қабықты жылы сумен жуып, кепкен соң темір келіге салып түйеді немесе қол диірменмен тартады. 11-12 қойдың терісінен тігетін үлкен тонды бояу үшін осындай ұнтақалған 4—4,5 кг қабықты бір жарым-екі шелек суға салып, тұзын татытып қайнатады. Қайнау мен суалдырудың мезгілін қайнап шыққан қабық бояуының түсуіне және қоюлығына қарай белгілейді. Су аз құйылғандықтан бояуы шықпай, қабықтар құрғап бара жатса, үстінен су құяды. Мұның керісінше, кейде оның суы көбейіп, бояуы өте сұйылса, қосымша қабық ұнтағын салып қайнатады. Ал қайнауы қанып, қажетті түсі мен қоюлығы жеткен соң от жағуды тоқтатып, қабықтың ұнтағын сүзіп алып тастайды. Қайнатылған бояу тері күйместей қанжылым болған соң теріні бояй беруге болады. Бояудың қою-сүйықтығын бірқалыпты етіп, қыл сыпыртқымен теріге жағады. Боялған теріні бояуын бойына сіңіру үшін бір-екі сағат өңін ішіне келтіріп бүктеп қояды. Бүктеулі жатып дегдіген теріні желге, көлеңкеге, ыстық үйге жайып кептіреді. Кептіргенде ол шыңылтырланып құрғап қалмас үшін теріні тобарси бастаған соң-ақ қолмен уқалап созғылайды. Теріні бояудың басқа түрлері — томар бояу, қынамен бояу. Боялған теріден әсем киім,тұтынуға қолайлы түрлі мүліктер жасалады. Соның ішінде әсіресе төрт түлік малдың терілерінен көп киім тігіледі. Бұларды сырт киімдер деп атайды. Өйткені бұл киімдер өте жылы болады. Қой мен ешкінің терісінен тон, шалбар, үлкен қойдың терісінен ішік, сеңсең ішік, елтірі ішік, лаң терісінен ішік, бөкебай ішік тігіледі. Қозы, лақ терлерінен тымақ, бөрік, құлақшын тігеді. Сондай-ақ жүнін сыртына қаратып, құлын терісінен тіккен ішікті (доханы) «құлын ішік» деп, ал жүнін ішіне қаратып бота терісінен тіккен ішікті «бота ішік» деп атайды. Қойдың, ешкінің, тайлақтың пұшпақтарынан құрап тігілетін ішіктер де бар. Мұндай құрама киімдерді көбінесе балаларға арнап тігеді. Олар әрі жылы, әрі жеңіл келеді. Мал терісімен қатар, аң терілерінен де түрлі бас киімдер мен ішіктер тігіледі. Мысалы: қасқыр ішік, түлкі ішік, сусар бөрік, жанат ішік, бұлғын ішік аң терісінен тігіледі. Кейде мұндай киімдерді аң терісінің жонынан, тамағынан немесе пұшпағынан құрап істейді. Бұл киімдерді тымақ ішік, пұшпақ бөрік, пұшпақ ішік деп атайды. Аң терілерінен әр түрлі төсеніштер жасайды. Оларды бөстек дейді.

Теріден тігілген киімдерді кестелі немесе кестесіз маталармен тыстап, әдіптейді, жаға-жеңдерін кестелеп жұрындайды немесе сыздың жүргізу арқылы әшекейлейді (құндыз бөрік, қамқа тон т.б.) [4].

Мал терілерін илеп, бояп, өң беру ертеден келе жатқан ең жақсы дамыған және жетілген өнер. Илеуі қанып, бояуы сіңген былғары су тартып езілмейді. Одан жасалған мүлік шегені берік ұстайды, тігісі де ыдырамайды және өзі тұтынуға төзімді, әрі әдемі. Былғарының бірнеше түрі бар. Олар: көксауыр, опайке, былғары, құрым (хром), көзел, шегірен, сақтиян, ұлтан т. б.

Көксауыр - жылқы терісі мен серке терілерінің сауырынан (жондығынан) жасалады. Көбінесе ол көкпен, кейде қызыл, сары, жасыл түстермен боялып, өң беті жалтырап тұрады. Көксауырдың әр түстілерін өзара мүйіздеп, оюластырып немесе бір түсті көксауырдың өзін әр түрлі жібек жіппен кестелеп, өрнектеп, кебіс, мәсі, етік, кісе, аттұрман тігеді. Бұл заттарды да көксауыр деп атай береді. Көксауырларға алтын, күміс, жез шегелер қағып, кейде маржаннан моншақ жүргізіп, өкше сірінің артына, тұмсығына, қоныштың әр жеріне неше түрлі жарқырауық асыл тастар отырғызып әсемдейді. Мұндай заттар өте жарасымды және бағалы жиһаз саналады. Көксауырдан тоқым, қорамсақ, дулыға сияқты заттармен қатар тұскиіз, тон, сәукеле сияқты өте сәнді мүліктер де жасалған. Сондықтан көксауыр ісі кебінесе зергерлер қолына тән.

Былғары - қазақ арасында былғарыдан ең көп тігілетін киімнің бірі етік болғандықтан былғарыны өңдеумен айналысатын шеберлерді етікші дейді. Тоқым, шілия, белдік, жүген, құйысқан сияқты былғарыдан жасалатын мүліктерді де сол етікшілер тігеді. Халық арасына көп тараған былғары аяқ киімдерінің қазақ атауында мынадай түрлері бар:

Саптама - бұл қонышы ұзын, кең, киіз байпақпен, шалбардың балағын іштен салып киетін аласа өкшелі етік. Оның ішкі табанына киіз ұлтарақ салып және байпақтың ішінен қалың шұлғау орайды, кейде киіз байпақтың ішінен шұлғаулы мәсі киеді. Саптамалардың қонышы бітеу қусырылады да, тізеден асыңқырап тұрады. Тақымға қарайтын жағы әнтек төмен ойылып келеді. Оны көбінесе қыстыкүні алыс сапарға шыққанда, жылқы баққанда, шанамен жол жүргенде киеді [4].

Шоңқайма - саптаманың бір түрі. Оның өкшесі биігірек, өкше сірісі аласа, тұмсығы үшкір, қонышы тізеден аспайды. Кеңдігі саптаманың кеңдігіндей. Қонышы екі жақ жанынан жармаланып тігілген. Сондықтан оны кейде «жарма қоныш» деп те атайды.

Мықшима — өкшесінің түбі жуан, жер басар жағы жіңішке, тұмсығы жоғары қарай қайқы келген биік өкшелі саптама етік. Мықшиманы бұрын жас жігіттерге, ойын сауықшыл серілерге арнап тігетін. Оның қонышын, өкшелігін көксауырлап, тұмсығына қатырғы салады.

Көк етік - көксауырдан оюлап тіккен жеңіл, үшкір тұмсық етік. Оны көксауыр етік деп те атайды. Көк етіктің қонышы, ойындысы, күлшіні оюланып, кестеленіп жасалады. Көк етікті көбіне серілер, батырлар, салдар киетін. Қазақтын: «Көк етікті кез келмей, көк етіктіге бармай отырған қыз» дейтін мәтел сөзі осыдан қалған.

Кебіс – көбінесе былғарының сауырларынан тігіліп, қалыпқа қатырылады. Шажамайы мен ернеуі жақсы былғарымен астарланады. Сыны бұзылмау үшін кебістің ұлтарақшасы мен өкшеліктеріне ең шымыр ұлтандар мен тоздар (қайыңның қабығы) салынып, кепкен қайың шегемен шегеленіп, тарамыспен қайып тігіледі. Кебіс атаулары да көксауыр, мықшима, жезөкше, қазықөкше, үшкір бас деген сияқты бірнеше түрлерге бөлінеді. Кебістің өкшелігіне мық қағып, өкшесіне жезден, мыстан нәл орнатып, шажамайларын күміспен өрнектеп, ернеуіне сызықты ою батырып әшекелейді.

Мәсі - мұны кей жерлерде іш байпақ, іш етік (ичиги), былғары байпақ, көзел, сақтиян дейді, өйткені мәсі құрымнан, шегіреннен, көзелден, жұмсақ былғарыдан тігіледі. Көбінесе мәсінің қонышы астарланып, көмкеріліп, машинамен жүргізеді. Мәсінің ұлтаны жалаң қабат болады. Ол тек тарамыспен ішкі жағынан жөрмеп, немесе жара шаншып өбістіре тігу арқылы ұлтарылады. Мәсінің өкшелігі бір қабат қана оюлап жапсырған былғарыдан жасалады, оны мәсінің күлшіні дейді. Күлшін көбінесе басқа түсті былғарыдан тігіледі. Мәсілерді көк, қызыл шегірендермен оюлап, әр түсті жіппен кестелейді. Мәсіні етіктің ішінен киеді.

Етікшілер етікті, кебісті, мәсіні сондай-ақ былғарыдан жасалатын басқа да заттарды тарамыспен тігеді. Тарамыс дегеніміз — ірі қараның жіліншік сіңірінен ширатылып алынған жіп. Тарамыс былай жасалады. Сойылып жатқан ірі қараның сирағындағы көк етпен аралас тұрған сіңірлерді алып кептіреді. Әбден кепкен сіңірді ағаш тоқпақпен ұрып жаныштайды. Сіңір тарамданып, шашақталады, оны тарамыс есуші тарамдап, талшықтарын бір-бірімен жалғастыра екі тін етіп ширатады. Тарамыстың жуан-жіңішкелігіне қарай қаю тарамыс, бүрме тарамыс, тігіс тарамыс деген үш түрі бар. Тарамыс біздің ізімен өткермелеп немесе жұлдызға сабақтап тігуге ыңғайлы. Тарамыс жіп өзге жіптерден берік, ол шірімейді де, езілмейді де.

Елтір ішік-Көшпенді мал шаруашылығын төл кәсіп ететін қазақ халқының киелі киімдерінің бір түрі. Ол өзінің әсемдігімен сахара халқының сәнін арттырса, жылылығымен қыс күндерінің аязды, ызғарлы, боранды және суық күндері өз құдіретіне құл етеді. Ол бес саусағынан өнер тамған апаларымыз арқылы күні бүгінге дейін жалғасып отыр.

Елтір ішікті илеу үшін біріншіден: сойылған қойдың немесе қозының терісін жақсылап жуады. Жүнін, терісін күннің шуағына әбден құрғақ етіп кептіреді. Айранды ашытып аз мөлшерде тұз қосып немесе таулы аймақтарда малға беретін ашыны топырақ пен тұздың қосындысынан жасалған төрт түлік малға беретін жемді қосып, жайылған теріні тегіс жерге қойып, 3-4 күн жайып кептіреді. Кейін кепкен теріні көкжағанға иленген жағын қаратып, үстінен киізбен немесе сырмақпен бастырып, 2-3 күн иі жібігенге дейін қойып қояды. Кейін ені 10 см, ұзындығы 1,20 см басы доғал болып келген ағашқа теріні жауып қырғы темірмен иді қырады. Болғанан кейін теріге іркіт жағады. Жоғарыдағыдай теріні бір – біріне қабаттап және 2-36 күн қояды. Сосын іркітті 3-4 рет қайталап жағады. Мұнда әр жолы іркіт жағардан бұрын иді қырып отырады. Кейін қазақта өңдеу деген бар. Ол терінің заттарын яғни терідегі май алынбай қалған идерді және терідегі кедір – бұдыр жерлерді тегістейді.

Теріні жұмсарту үшін түзі бір ара тәріздес ағаштан жасалған, ұзындығы 60см, ені 3см түзі ирек ағашты терінің ұзындығын аяқтың басына қысып тұрып, оң қолға иректы ұстап, сол қолымен теріні айналдырып жұмсартады. Терінің төрт пұшпағыннан екі адам қатты тартады, бұл тәсілдің бәрі жұмсақ болу үшін жасайды.


В статье рассматривается обработка и отделка кожи а так же их применение в изделиях.

The article considers the treatment and dressing of leather as well as their use in products.

Әдебиеттер



  1. http://www.koshpendi.kz/index.php/koloner/teri/

  2. Қараш Ж. Білгенге маржан. Шинжиаң халық баспасы, 2002ж.

  3. Ескіндір Б.Ш. Атамұра Жастар-өрендер баспасы.

  4. Шорман Р., Ш. Қазақ мұрасы, Халық баспасы, 1999ж

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> Қазақстан республикасының денсаулық сақтау әЛЕУМЕТТІК денсаулық сақтау министрлігі
publications -> Қазақ тіліндегі физикалық ЖӘне техникалық терминологиялық СӨздіктердегі үйлесімсіздік
publications -> Реферат тақырыбы: Сыртқы және ішкі сәулелену әсерінен пайда болатын аурулар Орындаған: Медеубек М. А. Тобы: 103 фк
publications -> Ас қорыту жүйесі
publications -> Тіл – ел байлығы
publications -> В медицинской практике остеомиелитом называют воспаление всех слоев кости от костного мозга до надкостницы
publications -> Делимитация и демаркация государственной границы рк как фактор национальной безопасности
publications -> Морфологические изменения миокарда предсердий при внезапной сердечной смерти у пожилых людей
publications -> Патриоттық тәрбие Аннотация


Достарыңызбен бөлісу:




©stom.tilimen.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет