"Ботаника" пәні бойынша ОҚУ-Әдістемелік кешен



бет1/8
Дата06.07.2017
өлшемі1.19 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ



3 деңгейлі СМЖ құжат

ОӘК

042-18-22-1.116/03.2014

"Ботаника" пәні бойынша

ОӘК


№1 басылым



"Ботаника" пәні бойынша

ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕН
5В060700 –«Биология»

мамандығына

Семей


2015

Мазмұны

1. Глоссарий

2. Дәрістер

3. Практикалық сабақтар

4. Студенттердің өз бетімен істейтін жұмыстары

1. Глоссарий

Андроцей - бір гүлдегі аталықтардың жиынтығы.

Апомиксис – ұрықтың ұрықтану процесінсіз пайда болуы.

Амилопластар – крахмал жинайтын лейкопластар.

Гифалар – саңырауқұлақтардың денесін түзетін жіңішке жіп тәрізді жасушалар.

Геотропизм - өсімдік органдарының кеңістікте белгілі бір бағытта өсуге қабілеттілігі.

Гетерофилия - өсімдікте әртүрлі жапырақтылық.

Гинецей – бір гүлдегі аналықтардың жиынтығы.

Гаметофит - өсімдіктің жынысты ұрпағы.

Калеоптилия - өсімдіктің сыртқы ұрықтық жапырақшасы.

Клон – жыныссыз өсіп даму арқылы бір ортақ тектен тараған жасушалар немесе ұрпақтар.

Микроспорофилл – жапырақтың өзгерген түрі, онда микроспорангилер түзіледі.

Мегаспорофилл – құрылысы жапырақ тәрізді орган, онда тұқым бүршіктері жетіледі.

Плазмодесмалар – жасушаның қабықшалары арқылы өтетін және екі жақын жатқан жасушаларды жалғастырып тұратын цитоплазманың жіңішке жіпшелері.

Паренхималы жасушалар – ұзындығы енімен бірдей жасушалар.

Прозенхималы жасушалар – ұзындығы енінен бірнеше есе артық жасушалар.

Партеногенез – еркектің гаметасынсыз ұрғашының гаметасынан организмнің дамып өсуі.

Полиплоидия – гаплоидтық жиынтықпен салыстырғанда хромосомалар санының өсуі.

Субмикроскопиялық – Жасуша компаненттерінің электронды микроскоппен қарағанда, басқаша айтқанда он және жүз есе үлкейткенде ғана көрінетін жұқа құрылысы.

Спорофит - өсімдіктің жыныссыз ұрпағы.

Селекция – мал тұқымын, өсімдіктер сорттарын микроорганизмдердің, бактериялардың және вирустардың расаларын өзгертетін ғылымның саласы.

Таллом – төменгі сатыдағы өсімдіктердің вегетативтік денесі.

Телу – бір өсімдіктен ойып алған бүршіктің немесе сол өсімдіктің сабағынан дайындалған қалемшенің екінші өсімдіктің сабағымен жымдасып бірігіп кетуі.

Тіршілік формалары – белгілі бір экологиялық жағдайдың әсерінен қалыптасұан, өсчімдіктің сыртқы формасы.арқылы дамуы.



2 Модуль 1 Өсімдік мүшелерінің анатомиялық және морфологиялық құрылысы.

Блок 1 Өсімдік жасушасы.

Дәріс 1 Кіріспе. Ботаника пәні.

Дәріс жоспары:

1.Ботаника пәнінің мақсаты мен міндеті.

2.Ботаниканың зерттеу әдістері.

3.Ботаниканың даму тарихы.

4.Ботаниканың бөлімдері.

5.Өсімдіктердің биосферадағы және адам өміріндегі маңызы.



Ботаника пәнінің мақсаты мен міндеті.

Ботаника өсімдіктер туралы ғылым. Ғылым ретінде шамамен 2300 жылдай бұрын қалыптасқан. Негізін салған грек философы Аристотель. Біздің планетамыздағы континенттер 150 млн.км.кв. жерді алып жатады, олардың көпшілігін өсімдіктер жауып тұрады. Тіптен климаты ең қатал шөлдердің өзінде өсімдіктердің тіршілігі тоқтап қалмайды.тек полюстердің мұз басқан кеңістіктері мен таулардың ең биік шыңдарында ғана өсімідік болмайды.

Теңіздер мен мұхиттар жер бетінің шамамен 360 млн.км.кв.-дей кеңістігін алып жатады. Бұл жерлерде су өсімдіктері (негізінен бладырлар) көптеп кездеседі.

Олардың біреулері, микроскопиялық ұсақ болып келеді және судың бет жағында жүзіп жүретін планктонды құрайды, ал екіншілері су астында субстратқа бекініп шалғын түзетін – бентос болып табылады.

Олардың кейбіреулері ересен үлкен болып келеді және 100м ұзындыққа дейін жетеді, кейде тіптен одан да асып кетеді.

Ботаниканың зерттеу әдістері.

Жасушаны зерттеуде қолданылып жүрген тәсілдер алуан түрлі. Олардың негізгілерінің бірі микроскопиялық тәсіл. Бұл тәсілмен жұмыс істеуде оптикалық микроскоп үлкен роль атқарып келеді, оның қазіргі кездегі модельдері объектіні 2 мың есеге дейін үлкейтіп көрсетеді. Оптикалық микроскоптардың көмегімен жұқа кесінділерді, олар арқылы тік өтетін немесе айнаға шағылысқан жарықтың сәулелерін пайдалана отырып зерттейді. Физикалық контрастық жабдықтарды пай­далана отырып, жарықтың сәулесін бірдей сындыратын, бірақ тығыздықтары әртүрлі болып келетін, тірі жасушалардың компоненттерінің құрылысын зерттейді. Бірақта жарықтың табиғатына байланысты оптикалық микроскоптың мүмкіндігі шектеулі болады. Мұндай микроскоп арқылы 0,2 мкм 9-ден ұсақ бөлшектерді көру мүмкін емес.

Электронды микроскоп объектіні 200-300 мың есе, тіптен оданда көп етіп үлкейтіп көрсете алады. Мұнда жарықтың сәулесінің орнына, үлкен жылдамдықпен келе жатқан электрондардың ағыны пайдаланылады. Зерттелетін кесінділердің қалыңдығы 0,05 мкм-ден аспау керек және арнайы бояулармен боялған болуы шарт. Электрондардың тасқыны кесінді арқылы өтіп, электронды магниттік линзалардың көмегімен шашырап жайылады, содан кейін барын электрондардың соққысынан жарық беретін экранда, немесе фотопластинкада оның кескіні (проекциясы) түседі. Электронды микроскоп арқылы мөлшері 1,5 нм 10-дай болатын құрылымды көруге болады.

Өсімдікті ұлпадан немесе жасушадан өсіру тәсілі (куль­тура клеток). Бұл тәсіл арқылы тірі жасушалардың құрылысын және тіршілік жағдайын организмнен тыс жерде зерттейді.

Цитологиялық тәсіл.  Бұл тәсіл жасушадағы әртүрлі заттардың: ақуыздардың, майлардың, көмірсулардың, нуклеин қышқылдарының, гармондардың, дәрумендердің және т.б. болуын және олардың жасушадағы мөлшерінің қаншалықты екендігін анықтауға мүмкіндік береді.

Жасушаның тығыздығы әртүрлі болып келетін компоненттерін центрифугиралық тәсілі арқылы бір-бірімен қоспай бөлек зерттеуге болады. Жасушадан оның жекелеген компоненттерін мүлдем бөліп алу (ядросын, митохондриясын және т.б.) микрохирургиялық тәсіл арқылы жүзеге асырылады.

Жасушаны зерттеуде қолданылып жүрген тәсілдер алуан түрлі. Олардың негізгілерінің бірі микроскопиялық тәсіл. Бұл тәсілмен жұмыс істеуде оптикалық микроскоп үлкен роль атқарады. Оның қазіргі кездегі модельдері обьектіні 2 мың есеге дейін үлкейтіп көрсетеді. Электронды микроскоп обьектіні 200-300 мың есе үлкейтіп көрсете алады. Цитологиялық тәсіл- жасушадағы әртүрлі заттардың: белоктардың, майлардың, көмірсулардың, нуклейн қышқылдардың, дәрумендердің болуын және олардың жасушадағы мөлшерінің қаншалықты екендігін анықтауға мүмкіндік береді. Жасушаның тығыздығы әртүрлі болып келетін компаненттерін центрифугирования тәсілі арқылы бір-бірімен қоспай бөлек зерттеуге болады.

Ботаниканың даму тарихы.

Ботаниканың бөлімдері.

Қазіргі уақытта ботаника үлкен көп салалы ғылым болып отыр. Ботаника жалпы биология ғылымының негізгі бөлімдерінің бірі болып табылады. Ботаниканың бөлімдері: Өсімдіктер морфологиясы- өсімдіктердің және олардың жекелеген органдарының пайда болуын, сырқы құрылысын зерттейді. Өсімідктердің өсуі мен дамуын биологилық тәсілмен бақылап отыру , толығымен өсімдіктер морфологиясына негізделген. Өсімдіктер анатомиясы- өсімдіктердің ішкі құрылысын, гистология –ұлпалардың қалыптасуын, эмбриология- ұрықтың дамуының заңдылықтарын, органография- өсімдіктердің органдарының құрылысын, палинология- тозаңдар мен споралардың морфологиясын зерттейді. Ботаника басқа фундаментальды ғылымдармен : агрономия, топырақтану, орман шаруашылығы, геология, химия, зоология, өсімдіктердің физиологиясы, өсімдіктердің биохимиясымен өте тығыз байланысты. Флорография- түрлерді танып сипаттап жазуды зерттейді. Флорографтар сипаттап жазған түрлерді систематиктер олардың туыстық жақындығын көрсететін, ұқсастық белгіліріне қарай топтарға бөледі. Өсімдіктердің географиясы – ботаникаоың ең үлкен бөлімдерінің бірі, оның негізгі міндеттеріне өсімдіктердің және олардың судағы қауымдастықтарының таралуы мен белгілі кеңістікте қаншалықты жиілікте кездесетіндігінің заңдылықтарын зерттеу болып табылады. Өсімдіктер экологиясы - өсімдіктердің өмірі қоршаған ортамен тікелей байланысты /климатқа, топыраққа, рельефке, және т.б./. Экологияның міндеттеріне- өсімдіктердің құрылысы мен тіршілігін қоршаған ортамен байланыстыра отырып зерттеу жатады. Өсімдіктер физиологиясы- өсімдіктердің тіршілік процесстерін , негізінен олардың зат алмасуын, қозғалуын, өсуін, даму ырықтылығын зерттейтін ғылым. Палеоботаника-бұрынғы геологиялық кезеңдерде жойылып кеткен өсімдіктер туралы ғылым.



Өсімдіктердің биосферадағы және адам өміріндегі маңызы.

Өсімдіктердің басым көпшілігінің түсі жасыл болады, ол бұлардың клеткалардындағы хлоропластар деп аталынатын ерекше органеллаларында немесе органоидтарында жиналатын жасыл пигмент хлорофиллге тікелей байланысты болады. Хлорофиллдің ерекше қасиеті сол, ол күн сәлесінің электромагниттік энергиясын тасымалдаудағы күрделі процесстерге қатысады. Яғни өсімдік хлорофилл пигменттерінің көмегімен күн сәулесінің электромагниттік энергиясын пайдалана отырып ауадан өз бойына көмір қышқыл газын сіңіреді де, судың қатысуымен органикалық заттардың химиялық энергиясын түзеді (фотосинтез).

Фотосинтез процессінің барысында ораникалық заттардың түзілуімен қатар, ауаға оттегі бөлініп шығады. оымен біздер тыныс аламыз.

Атап өткен жөн фотосинтез процессі аса үлкен көлемде жүзеге асады, өйткені бір өсімдіктің жапырақ тақталарының алып тұратын ауданы, осы өсімдіктің алып тұрған жер көлемінен бірнеше есе артық олады, ал бір жапырақтың хлоропласттарының алып тұратын ауданы осы жапырақтың алып тұратын ауданынан 10 есе артық болады, ал хлоропласт мембраналарының алып жататын ауданы, осы өсімдіктің фотосинтез процессі жүретін жалпы ауданын тағы да 100 есеге арттырады. өсімдіктер түзген көп қабатты жасыл экранның алып тұрған ауданы біздің планетамыздың жер көлемінен бірнеше есе артық болады.

К.А.Тимирязевтің берген анықтамасы бойынша, хлорофилл дәні әлемдік кеңістегі күн сәулесінің химиялық энергияға ауасып, жер бетіндегі барлық тіршіліктің көзіне айналатын орталығы болып табылады.

Аса көрнекті прогрессивтік көзқарасиағы физиктердің бірі Ф.Жолио-Кюри мынадай қызық ой айтқан: «мен атом энергиясының болашағына сенемін және осы жаңалықтың маңыздылығына күмән келтірмеймін, бірақ та менің ойымша энергетика саласында нағыз өзгеріс, тек сол жағдайда ғана болады, егерде біздер хлорофилл секілді немесе сапалығы одан да жоғары болып келетін молекулалардың көп мөлшерде тұрақты түрде синтезделуіне қол жеткізер болсақ. Оған қол жеткізу үшін молекуланың осы типін және фотосинтездің іс-әрекетін жан-жақты зерттеу керек».

Осы сөзден кейін бірнеше жыл өткен соң бір мезгілде екі лабораторияда (ГФР және АҚШ) хлорофил жасанды жолмен синтезделді. Бірақ та ғылымның осындай даусыз қомақты жетістігінің маңызын асыра бағалаудың қажеттігі шамалы. Өйткені өсімдіксіз фотосинтез процесін іске асыру мүмкін емес. Фотосинтездің құпия сыры әлі күнге дейін толық ашылмай келеді.

Өсімдіктердің атқарып отырған жұмыстарының көлемінің қаншалықты екендігін дәл анықтау қиын, тіптен мүмкін де емес.

Шамамен есептегенде, өсімдіктер фотосинтез процесінің нәтижесінде жыл сайын 400 млрд.т. органикалық заттар түзеді және сол үшін олар 175 млрд.т. көміртегін пайдаланады.

Сонымен, эволюцияның барысында жер бетіндегі тіршілік осыдан миллиондаған жылдар бұрын пайда болған, ал өсімдіктер болса хлорофиллдерінің болуына байланысты органикалық емес заттардан, органикалық заттарды синтездеуге қабілетті жалғыз организм ретінде дараланған.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары:

1.Ботаниканың негізін салушылар кімдер.

2.Ботаниканың Қазақстанда дамуы.

3.Ботаниканың бөлімдері.

Қолданылатын әдебиеттер: Әметов.Ә.Ә. Ботаника. Алматы. 2000 ж.

Н.М.Мухитдинов, Ә.Б.Бегенов, С.С.Айдосова. Ботаника. Өсімдіктер морфологиясы және анатомиясы. Алматы. 2001ж.



Дәріс 2. Жасуша туралы ілімнің тарихы.

Дәріс жоспары:

1.Жасуша туралы ілімнің тарихы.

2.Жасушаның алуан түрлілігі.

3.Өсімдік жасушасының құрылысы. Протопласт. Цитоплазма. 4.Пластидтер. Туынды заттар.

5.Вакуоль.

6.Ядро.


7.Жасуша қабықшасы.

Жасуша туралы ілімнің тарихы.

Жасушаны зерттейтін ғылым –цитология . Алғаш рет жасушаны Р.Гук көрген. 1831 жылы ағылшын ботанигі Р.Броун ядроны , ал 1839 жылы Чехия биологы Ян Пуркинье цитоплазманы ашты.

Тек ХІХ ғасырда ғана жасуша ішілік заттарға зерттеушілер көңіл аудара бастады. Бірақ бұл кезге дейін крахмал дәндері, кристалдар, хлоропластар және тағы басқа жасушаның кейбір бөліктері белгілі болған еді.

Өсімдіктер анатомиясы туралы тұңғыш еңбек жазған ағылшын ғалымы Н. Грю мен италяндық ғалым М. Мальпиги болды. Олар бір-біріне қатысы жоқ өсімдік ұлпалары мен жасушаларының құрылымын зерттей келе М. Мальпиги 1671 жылы «Өсімдіктер анатомиясы туралы мәлімет», ал Н. Грю 1682 жылы «Өсімдіктер анатомиясының бастамасы» атты еңбектерін жарыққа шығарды.

Өсімдіктер мен жануарлардың жасушалық құрылысы туралы зерттеушілер жинақтаған көптеген мәліметтерді жинақтап және өз зерттеулерінің нәтижелерін пайдалана отырып, неміс ғалымдары ботаник М.Шлейден мен зоолог Т.Шванн  1838-1839 жж. жасуша теориясының негізін қалады. Жасуша теориясының қағидалары М.Шлейденнің «Өсімдіктердің дамуы туралы деректер», және Т.Шванның «жануарлар мен өсімдіктердің құрылымы мен өсуіндегі сәйкестік туралы микроскоптық зерттеулер» деген еңбектерінде жарық көрген. Бұл теорияның мәні мынада, жасуша барлық тірі организмдердің - өсімдіктердің де жануарлардың да негізгі қарапайым структуралық бірлігі болып табылады. Жасушалық теория өсімдіктер мен жануарлардың шығу тегінің, құрылысының және эволюциясының бір екендігін дәлелдеп берді. Ф.Энгельс жасушалық теорияны энергияның сақталу заңымен және Ч.Дарвиннің эволюциялық теориясымен қатар XIX ғасырдағы жаратылыстану саласындағы үш үлкен жаңалықтың бірі деп жоғары бағалаған.

Біртіндеп микроскопиялық техниканың жетілуіне байланысты тірі организмдердің жасушалық құрылымына көптеген жаңалықтар, жаңа эксперименттік материалдар жинақтала бастады.

XIX ғасырдың екінші жартысында жаңа ғылыми жаңалық ашылды. И.Д.Чистякованың, Э.Страстбургердің аса жоғарғы дәлдікпен жүргізілген эксперименттік зерттеулердің негізінде жасушаның бөлінетіндігін анықтады. Одан кейінгі зерттеулер нәтижесінде 1892-1894 жылы В.И.Белялов мейоз жолмен бөлінуін дәлелдеп берсе, 1898 жылы С.Г. Навшин гүлді өсімдіктердің қосарынан ұрықтануын ашты. Сөйтіп жасушаның жасушасыз заттардан өздігінен пайда болады де­ген көзқарасты түгелдей жоққа шығарды. Жасушалардың цитоплазмалық мембраналар арқылы бір-бірімен байланыста болатындығы айқындалғаннан кейін (Э.Руссовтың, И.Н.Горожанкиннің және т.б. жұмыстары) барып организмнің тұтастығы дәлелденді. Олар жасушалық теорияны байыта түсті.

XIX ғасырдың аяғында цитология жеке ғылым ретінде түпкілікті қалыптасты. Оптикалық микроскоптың базасында жасушаның негізгі компоненттерінің барлығы және олардың химиялық құрамы зерттелді. Олардың атқаратын қызметтері жөнінде көптеген мәліметтер жинақталды. Цитологияның одан арғы дамуы электронды микроскопты ойлап табумен тікелей байланысты. Биологияда электронды микроскопты XX ғасырдың ортасында пайдалана бастады. Электронды микроскоптың көмегімен жасушаның белгілі компоненттерінің структурасының бөліктерін көріп қана қоймай, сонымен бірге олардың бұрын белгісіз болып келген жақтарын да ашудың мүмкіндігі туды. Қазіргі уақытта цитология биологияның ең жақсы жетіліп келе жатқан саласының бірі. Оның алдында жасушаның компоненттерінің структурасының детальдарын, тұқымқуалаушылық қасиеттерін, қорғаныштық бейімделушілігін (иммунитетін) сыртқы ортаның факторларының әсеріне байланысты болатын өзгерістерді және т.б. зерттеу міндеттері тұр. Цитологияның жаңа салаларының (физиологияның, биохимияның, жасушаның компоненттерінің физико-химиясының) дамуы табиғаттың тағы бір құпия сырын, тіршіліктің өзінің мәнін ашуға мүмкіндік берді.



Жасушаның алуан түрлілігі.

Өсімдік жасушаларының пішіні мен мөлшері әр түрлі, ол жасушаның өсімдік денесінде орналасуына және атқаратын қызметіне тікелей байланысты. Жасушалардың  формасы негізінен көп қырлы денешіктер түрінде болып келеді. Олардың формасының бұлай болып қалыптасуы, жақын орналасқан жасушалардың бір-біріне қысым түсіруімен тікелей байланысты. Еркін өсетін жасушалардың формасы шар, жұлдызша, цилиндр тәрізді және тағы басқаша болып келеді. Жасушалардың алуан түрлі формаларын паренхималық (латынша - тең, грекше «энхима» - құйылған) және прозенхималық (грекше «прос» - бір бағытқа қарай) деп екі типке бөлуге болады. Паренхималық жасушалардың ұзыңдығы енімен бірдей не­месе одан 2-3 еседен артық болмайды немесе бір-бірінен айырмашылықта болмайтын изодиаметрлі жасушалар. Бұған жапырақ жасушалары, жемістердің жасушалары мысал бола алады. Ал прозенхималық жасушалардың ұзындығы енінен бірнеше есе артық болады. Жоғарғы сатыдағы өсімдіктердің жасушаларының орташа ұзындығы 10-100 мк-ге тең. Ең үлкен паренхималық жасушалардың ұзындығы бірнеше миллиметрге жетеді және жай көзге көрінеді.  Оларға қарбыздың, лимонның жемістерінің және картоптың түйнегінің жасушалары мысал болады. Әсіресе зығырдың, қалақайдың, раманың, кенепшөптің сабақтарының прозенхималық жасушалары үлкен ұзындыққа жетеді. Бірақта бактерияның жасушаларының кішкентай болатындығы сонша (0,5—5 мкм), оларды оптикалық микроскоптың ең үлкен үлкейткішінің өзімен зорға көруге болады.



Өсімдік жасушасының құрылысы. Протопласт. Цитоплазма.

Толық жетіліп қалыптасқан өсімдіктің жасушасын оптикалық микроскоппен қарағаңда, оның мынандай компоненттерден: 1) қабықшадан - жасушаның сырт жағын жауып тұратын  қатты және мықты көмірсутекті қабаты, 2) вакуольден - жасушаның ортаңғы бөлігін алып жататын бір үлкен, немесе 2-3 кішілеу бөлігі, ол әдетте жасуша шырыны деп аталатын сұйық қосылыстармен толып тұратын кеңістік, 3) цитоплазмадан - вакуоль мен жасуша қабықшасының арасын алып жатады, 4) цитоплазмада болатын - ядродан тұратындығын байқауға болады . Ядро мен цитоплазма жасушаның тірі бөлігі және олар бірігіп протопласты түзеді. Сонымен қатар жасушаны фазалық контраст тәсілінің көмегімен және электронды микроскоппен қарап зерттегенде цитоплазма мен ядроның көптеген органоидтардан тұратын аса күрделі құрылысты жүйелер екендігі анықталды

Олардың бір-бірінен ажыратуға болатын өзіне тән құрылымы, атқаратын қызметі бар. Жасуша органойдтарына: ядро, пластидтер, митохондрия, рибосомалар, эндоплазматиқалық торлар, диктиосомалар, лизосомалар   жатады.  Органойдтардың   барлығы гиалоплазмаға   батып отырады. Гиалоплазма органойдтардың бір-бірімен қарым-қатынасын байланыстырып отыратын цитоплазманың сұйықтық ортасы.

Протопластың пластидтерден басқа компоненттерінің барлығы әдетте түссіз болып келеді.

Цитоплазма үш мембранадан тұрады. Плазмаллема цитоплазманы жасуша қабықшасынан бөліп тұратын мембрана. Тонопласт цитоплазманы вакуольден бөліп тұрады. Екі мембрана арасында мезоплазма болады.

Пластидтер.

Пластидтер тек өсімдіктерде ғана болады. Атқаратын қызметіне және түріне қарай пластидтер үшке бөлінеді: хлоропластар (жасыл түсті), лейкопластар (түссіз), хромопластар (қызыл). Хлоропластарда жасыл пигмент хлорофилл болады. Хлоропластардың негізгі қызметі тікелей хлорофилмен байланысты. Хлоропласт екі мембраналы органоид. Ішінде строма деп аталатын зат болады. Онда қапшық тәрізді ламеллалар немесе тилакоидтар болады. Тилакоидтар топтасып диск тәрізді грандар түзеді. Грандар бір-бірімен гранаралық тилакоидтар арқылы байланысып жатады. Осы грандарда хлорофилл дәндері орналасатындықтан фотосинтез процессі жүреді. Лейкопластарда пигменттер болмайды. Лейкопластар өсімдіктің күн сәулесі түспейтін ұлапаларынан, органдарынан және тамырларында, түйнектерінде кездеседі. Негізгі атқаратын қызметі артық қоректік заттарды жинау болып табылады. Хромопластарда каратинойдтар тобына жататын түсі қызыл сары, сары пигменттері болады. Өсімдіктің гүлінің, піскен жемісітерінде, күзгі жапырақтарында кездеседі.



Туынды заттар.

Протопласта және жасуша шырынында (сирек жасуша қабықшасында) белгілі бір пішінге ие болатын басқа заттар кездеседі. Оларды туынды заттар (кристалдар, крахмал дәндері, ақуыз, май тамшылыры және т.б.) деп атайды.



Вакуоль (латынша вакус – бос орын, қуыс) бұл жасуша шырынына толы қуыс (1-сурет), ол цитоплазмадан жартылай өткізгіштік қасиеті бар тонопласт мембраналары арқылы бөлініп тұрады. Вакуоль эндоплазматикалық ретикулумның локальдық кеңістігінен пай­да болады. Олар осы торда өте жіңішке жолақтар ретінде пайда болады да зат алмасу өнімдерінің біртіндеп жиналуынан санын, көлемін үлкейтеді де бірте-бірте жасушаның орталық бір вакуоліне айналады. Ол цитоплазмадан бөлінетін сұйық заттар қоспасының, яғни жасуша шырынының жиналатын орны. Бұл кеңістіктер ретикулумнен бөлініп дөңгелектенеді, ал ретикулумның мембранасы тонопластқа айналады. Вакуольдің түзілуіне шамасы Гольджи аппаратының элементтері де қатыса алады. Өте жас жасушалардың өзінде де кішілеу вакуольдер болады. Жас жасушалардың өсуінің нәтижесінде вакуольдердің көлемі де ұлғаяды. Жақсы жетілген жасушалардың көпшілігінде, оның ортаңғы бөлігін алып жататын бір үлкен вакуоль және цитоплазманың жасуша қабықшасына жақын жататын бөлігінде шашыраңқы орналасқан көптеген ұсақ вакуольдер болады. Егер ядро жасушаның ортасында орналасса, онда оны қоршаған цитоплазма жасушаның қабықшаға жақын жатқан қабаты мен жіпшелері (тяждары) арқылы байланысады. Бұл жішпілер (тяждар) орталық вакуольді бірнеше ұсақ вакуольдерге бөледі. Жасуша шырыны дегеніміз, протопластан бөлініп шығатын әртүрлі органикалық және бейорганикалық байланыстардың судағы ерітіндісі. Өсімдіктердің әр түрлі түрлерінде, тіптен бір өсімдіктің әр түрлі мүшелерінде жасуша шырынының химиялық құрамы бірдей болмайды. Жасуша шырынының реакциясының ортасы әдетте қышқылдығы төмен, немесе бейтарап, сиректеу сілтілі болып келеді.

Жасуша шырынының химиялық кұрамы. Вакуольдегі жасуша шырынының  химиялық құрамы  өсімдіктердің түріне, орналасқан жеріне байланысты өзгеріп отырады. Дегенмен негізгі құрамды бөлігі – су. Шырынның құрамындағы басқа заттарды органикалық және бейорганикалық деп екіге бөлеміз. Органикалық заттар азотты және азотсыз заттар деп тағы жіктеледі.

Азотты органикалық заттар: ақуыздар (протеиндер, протеидтер); амин қышқылдары (аспарагин, триозин, лейцин жене басқалар); алкалоидтар (хинин, мор­фин, никотин, колхицин, кофеин, кодеин, папаверин және басқалар); гликоалколоидтар (голанин, дигиталин).

Азотсыз органикалық заттар: көмірсулар: моносахаридтер - глюкоза, фруктоза; дисахаридтер - сахароза, мальтоза; полисахаридтер - инулин пектиндер, декстриндер; глюкозидтер: (амигдалин; сапонин; ванилин; соланин, пигменттер, антоциан, антохлор және басқалар); илік заттар (танидтер, катехиндер). Органикалық қышқылдар (қымыздық, алма, вино, лимон жене басқалар) және олардың тұздары - кристалдар (қымыздық және басқа кышқылдардың тұздары), терпеноидтар, эфир майылары және басқалар.



Ядро. Ядро –тұқымқуалаушылық мәліметтерін сақтайтын және түзетін орын болып саналады. Зат алмасу процессін басқаратын және цитоплазманың органелдерінің қызметін басқаратын орталық. Ядроның формасы алуан түрлі болып келеді. Әдетте жасушаның формасына сәйкес келеді. Ядро ядро қабықшасынан, нуклеоплазмалардан, хромосомдардан және ядрошықтан тұрады. Ядро қабықшасы екі қабат мембранадан тұрады. Нуклеоплазма ішінде хромосомдар мен ядрошықтар орналасқан коллоидты ерітінді. Ядрода бір немесе бірнеше ядрошық болуы мүмкін. Жасуша бөлінуінің үш түрі бар: амитоз, митоз, меиоз. Митоз жасуша бөлінуінің көп кездесетін әдісі. Ол генетикалық материалдың жас жасушаларға тең бөлінуін және жасуша ұрпақтарындағы хромосоманың ұқсастығын қамтамасыз етеді. Жасуша бөлінген кезде бес сатыдан өтеді: интерфаза, профаза, метафаза, анафаза,және телофаза.

Интерфаза- жасушаның екіге бөлінуі аралығындағы тіршілік кезеңі. Профаза- ядроның бөлінуге жайындалған бірінші сатысы. Бұл кезде хромосома жіпшелерінің өз осінде шиыршықталып, бұратылуының арқасында хромосомалар қысқарып, жуандайды. Ядро қабығы бұзылады. Метофазада- Хромомомалар хасушаның экватор аймағына жиналаып шоғырланады, жасуша бөлінуге дайындалады. Әрбір хромосоманың центромерасы дәл экваторда ал қалған денесі экватордан тыс жазықтықта жатады. Анафаза- хроматин жіпшелерінің болашақ жас жасушалардың полюстеріне қарай созылып, ахроматин ұршығын құрау кезеңі. Телофаза-митоздың ақарғы сатысы. Хромосомалардың қозғалуы аяқталады. Митоздық аппарат бұзылады. Ядрошықтар пайда болады. Жасушаның қарама-қарсы полюстерінде пайда болған хромосомалардың сыртынан ядролық қабық пайда болады. Жаңа ядролардың қайта құрылуымен қатар әдетте жасуша денесі бөлініп, цитокинез өтеді. Екі жасуша құрылады. Жыныстық көбею жануарлар мен өсімдіктердің көбеюінің бір түрі. Жыныстық көбею жолында жаңа организм аналық және аталық жыныс жасушалары - гаметалардың қосылуынан пайда болған зиготадан дамиды. Жыныс жасушаларының даму жолдары мен ұрықтану процестері әртүрлі. Бірақ жыныс жасушаларының даму негізінде бір жалпы процессбар- ол ұрық жасушаларының бөлшектенуі және осы жасушалардың хромосомалар санының азаю механизмі. Бұл механизмді басқаратын мейоз- жыныс жасушаларының бөліну әдісі. Жасушадағы хромосомалардың саны екі есе азайып диплоидты жасушаға, бұдан тағы екі рет бөлініп төрт гаплоидты жасушаға айналады. Ұрықтананан кейін хромосомалардың диплоидты саны қайтадан қалпына келеді. Мейоз жыныс жасушаларының қалыптасуын, организмде кариотиптің тұрақтылығын сақтайды және гендер мен хромосомалардың рекомбинациялануын қамтамасыз етеді.



Каталог: ebook -> umkd
umkd -> «Орта ғасырдағы Азия және Африка тарихы»
umkd -> ПӘннің ОҚУ – Әдістемелік кешені «Орта ғасырдағы Азия және Африка тарихы»
umkd -> Азақстан республикасының білім және ғЫЛ
umkd -> ПӘндердің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
umkd -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
umkd -> 123 -беттің сі казақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
umkd -> ПӘндердің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Экотоксикология» пәнінің оқу-әдістемелік кешені №1 басылым 050608-«Экология» мамандығына арналған
umkd -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет