Біздің Ұлттық бренд



Дата02.07.2017
өлшемі53.53 Kb.

БІЗДІҢ ҰЛТТЫҚ БРЕНД


Егемен Қазақстан, 28 Сәуір 2010 | "ЕТЖЕҢДІ"

Ол шұбат болуы тиіс

“Басқа адамдар маймылдан жа­ралса жаралған шығар, ал қазақ жыл­­қыдан жаралған”, дейді екен Ас­қар Сүлей­менов ағамыз. Төрт тү­лік­тің төресі жылқыға жақын қазақтың ең қа­­дірлі тағамы жылқы еті бол­ға­нымен, осы жерде де пысықтарға есе жі­бе­ріппіз. Отырықшы жұрттың ба­ласы, есік пен төрдей жылқы емес, аяғын са­лаңдатып есек мін­генді тәуір кө­ретін өзбектің бір баласы жыл­қының қа­зы­сына, шұ­жы­ғына ха­­лық­аралық сер­ти­фи­кат алып қо­йыпты. Ет-майын ара­лас­тырып, ащы са­рым­сақ, бұрыш се­кіл­ді дәм­де­уіштерін қо­сып, өзі жасап шы­­ғар­ған іс­пет­ті өз атына тір­­кетіп ал­ған. Ха­лық­­ара­лық сау­даға шы­ға­рып көр, біліп қалса сот­­ты боласың. Қа­зақ жа­­рал­ға­лы қазы жеп келе жат­қаны есеп емес. Мә­селе – құ­жат­та.

Шымкентте Мұ­са­тіл­ла Тоқанов деген мазасыз ғалым бар. Жақсы мағынасында. Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғы­лыми-зерттеу инс­ти­ту­ты­ның же­тек­ші ма­маны. Ас­тана, Ал­ма­тының өл­ше­мі­мен қа­рағанда ауылда тұ­ра­тындай көрінетін ға­лым­ның әр саладағы зерттеу ең­бек­терінің әрқай­сы­сы бір-бір арбаға тең бола­тындай.

–Елбасының биылғы Жолдауы еліміздің әрбір азаматына ол кә­сіп­кер болсын, ғалым болсын, жай аза­мат бол­сын үлкен ой түрткі, тал­пы­нысын оя­та­тын­дай,– дейді ғалым. – Қазақ­стан­ның эко­номикалық да­ғ­да­рыстан кейінгі да­муы­ның бірден-бір жолдары елдің эко­но­микалық қауіпсіздігін сақтау болып та­былады. Президент өз Жол­дауында эко­номиканың қауіпсіз­ді­гін арт­тыру үшін ауыл ша­руа­шы­лығы өнімдерін жинау, сақтау, та­сы­мал­дау және толық өңдеу жұ­мыс­та­рын жолға қоя отырып, сырт­тан ке­летін өнімдерді 20 пайызға дейін азай­ту қажеттігін баса айтты. Бірақ, бізде бүгінде, өкінішке қарай, бұл көр­сеткіш 40 пайыздан асып кетті. Мә­се­лен, сүт өнімдерінің 63 пайызы, көк­өніс тағы басқа тұқым өнімдерінің 80 пайызы сырттан келеді. Отандық ры­­нок­ты жаулап алған шетелдің т­а­уарына әбден арқа сүйеп алған халық бү­гінде он­ы да шымырқанбай тұ­танатын жағдайға жетті.

Шынында да, біздің ауыл ша­руа­шы­лығында экономиканың дамуына әсер ететін салаларға көңіл бөлу әлде де болса жетіспейді. Ең алдымен бұған мем­ле­кеттік көзқарас қажет­тігін ұмытпауға тиіспіз. Мұнайлы ел қа­та­ры­на жат­қа­ны­мыз­ды мақтаныш тұтқанмен, сол мұ­най­дың да түбі жоқ емес. Олай болса, бо­ла­шақты болжай отырып, бүгін ат­қа­ры­латын істі ке­йін­ге қалдырмауымыз керек. Елімізде түйе шаруашылығын дамытып, оның сүтін жоғары технологиямен өңдеу ісін жолға қоя алатын болсақ, онда біз­дің экономикалық өрлеуімізге оң ықпалын тигізетіні, экономикалық бұлақтың бірден-бір көзі болуы сөзсіз. Егер ресми ақпаратқа сүйен­сек, Оң­түстік Қазақтан облысы бо­йынша бү­гінге дейін 16 мың түйе бар, ал бұл көр­сеткіш республика бо­йынша 150 мыңға жуықтайды. Түйе сүтінің өнім­дері мұнай өнімдеріне қа­ра­ғанда 38-40 есе қымбат екен. Мысалы, халық­ара­лық биржада 1 баррель мұнай 70 доллар, 1 тонна мұнай 350 дол­лар. Ал шұбаттың 1 литр сатылу құны Қазақстанда 400-600 теңгені құрайды. 1 тоннасы – 400-600 мың тең­ге. Ал ше­телге шығатындай жағдайда әл­бет­те кем дегенде 2-3 есе қымбатқа са­ты­лады. Сондықтан, мұнаймен са­лыс­тыр­ғаңда шұбаттан түсетін табыс ай­тар­лықтай көлемді. Ғалым осылай дейді.

Төрт түліктің төресі, түйе малына өндістік көзқарас болатын болса, бо­лашақта қазіргі таңдағыдан мал саны 10-20 есе көбейтуге болады.

– Елбасы халыққа арнаған Жол­дау­ла­рында экономиканы көтеріп, ха­лық­ты жұмыспен қамтамасыз ету ке­рек дегенді жиі айтады, – деп ойын са­бақ­тайды ғалым. – Ал енді еліміз­дегі Маңғыстау, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Оң­түстік Қазақстан, Жам­­был облыс­та­рының көптеген жері шөл-шөлейт бо­лып бос жатыр. Осын­дай жерлер түйе шаруашылығын дамыту үшін пай­далануға қолайлы дер едім. “Түйе малы кедейдің малы” деген халықта қағида бар. Өйткені, тү­йе малы, шөлге төзімді, кой және си­ыр сияқ­ты өзіне арнайы күтімді онша қажет етпейтін жануар. Егер осы іс жеке кәсіпкер, мемлекет тара­пынан қолға алынып, біз ұсынған техно­логия негізінде жүргізілсе, онда шұбат Ка­зақ­станның ұлттық бренді ретінде әлемге танымал тағам ретінде белгілі болары айқын және әлеуметтік экономикалық жағдайды түзеуге мүмкіндік беретін бір сала болады.

Ең алдымен шұбаттың емдік қа­сие­тіне тоқталатын болсақ, бір литр шұбат адам ағзасын тәуліктік қажет ететін витаминдермен, кальциймен және басқа микроэлементтермен то­лық қам­тамасыз ете алады. Шұбатта жылқы, сиыр сүтінен ашытылып да­йын­далған өнімдерге қарағанда қо­рект­ік заттар өте жоғары. Бір литр түйе сүтінің қуаттылығы – 911 ккал болса, жылқыда –528 ккал, сиыр сү­ті­нікі 660 ккал-ға тең екен. Сондай-ақ, адамның тыныс жолдарының, ас қорыту мүшелерінің, ба­уыр­дың, өт жолдарының созылмалы ау­ру­ларын ем­деуде поливитамин ре­тінде қолдануға тиімділігі кли­ни­калық тәжірибемен дәлел­денген.

Шұбаттың шипалылығы не­гі­зін­де Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­ның ше­шімімен Еуропа, Америка, Аф­ри­ка, Азия құр­лық­тарының хал­­қын түйе сүтінен дайын­дал­ған өнім­дермен қам­тамасыз ету бағ­дар­ламасы қа­был­данды. Осыған орай, Жа­пония, Еуроодақ, Америка, Австралия сүт индус­трия­сы­ның белді ком­пания­лары түйе сү­тінің өнім­дерін өңдеу тех­но­ло­гияларына қызы­ғу­шылық танытуда.

Шұбатта жылқы және сиыр сү­тінен ашытылып, дайындалған өнім­дерге қарағанда көректік заттар жо­­ғары. Алайда, оны қалай ұзақ мер­зімге сақтауға болады. Жаңа сау­ылған түйе сүті мықтағанда екі ап­таға шыдас береді екен. Әрі қа­рай айнып кетеді. Ол үшін не істеу керек?

Академик Ақыл­бек Баймұ­ха­нов­тың бас бо­луы­мен ауыл ша­руа­шы­лығы ғы­лым­да­рының докторы Дастанбек Бай­мұх­а­нов, ғылым кан­дидаты Мұсатілла То­қанов пен Бо­лат Тоқанов бастаған ғалымдар тобы түйе сүтінен йогурт және ша­лап дайындауды өндіріске қойды.

Мұсатілла Тоқановтың ғылыми мәліметтері бойынша, шұбатта та­биғи иммундық қасиеті адам ден­саулығына пайдалы түйіршік ми­нерал­дар бар. Денсаулық сақтау ми­нистрлігіне қа­рас­ты Тамақ ака­де­миясының дирек­торы, Ұлттық ғы­лым академиясының академигі Тө­регелді Шармановтың мә­лі­мет­тері бойынша өкпе, бауыр ау­ру­ларын, холециститті, өт жол­да­ры­ның қабынуын шұбатпен ем­деу­де кли­­никалық тиімділігі дәлел­ден­ген. Отандық және батыс ға­лым­да­ры­ның мәліметтері бойынша, алты ай бойы күнделікті ас ішу алдында 30 минөт бұрын бір литр шұбат қол­­данылған жағдайда рак, СПИД, тыныс алу, ас қорыту жол­дарының және жүрек-қан тамыры сияқты ау­ру­ларды емдеуге ықпал жасайды екен.

Шұбат таблеткасын шығаруды Шым­кенттегі “Химфарм-Santo” фар­ма­цев­тикалық фабрикасы ал­дағы шіл­де айынан өндіріске қой­мақ ниетте. Шұбатты таблетка етіп шығару үлкен инвестицияны қажет ететіндігі сөзсіз.

Мұсатілла Тоқанов Бүкілә­лем­дік банктен 9 млн. теңге грант ұтып алған. Оның сыртында Ауыл ш­а­руа­шылығы министрлігі ғы­лыми жа­ңалықты қолдау үшін 4 млн. теңге бөлген. Ал жобаны толықтай жүзеге асыру үшін орасан қаржы керек.

Қазір дүние жүзінде балалар та­ма­ғына, актимел, иммунел, био­йогурт және қышқыл сүтті тағам­дарға сиыр сү­ті пайдаланылып жүр. Ал, ол же­тіліп өсіп келе жатқан бала орг­а­низ­міне онша­лықты пайда әкеле бер­мейді дейді ғалымдар. Құрамы жа­ғынан ана сүтінен алшақ жат­қан­дық­тан, зат алмасу процесін бұзып, қант диабеті сияқты ауру­лардың белең алуына жол ашады екен. Ал түйе мен бие сүті табиғи иммуна­мо­дулятор. Бие сүтінде 120-дай химиялық элементтер бар, құ­рамы жөнінен ана сүтіне ең жақыны осы.

Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Ералиев ауылында Жан­діл­да деген ағамыз бар. Жұрт “Коля” дейді. Ертеректе аурулы болып, жарты өк­пе­сін алдырған сол ағамыз қыстай ың­қылдап шығатын. Ауыл малды. Барлық үй үйір-үйір жылқы ұстайды. Ауыл әйелдері мол қы­мызды қысқа тосап жапқандай жауып алуды үйренді. Ешқандай құ­пиясы жоқ. Жаз соңы, күз басында көңілі қалаған күні са­бадағы қымызды шараға қотарып алады да, арасаннан босаған құ­тыны тапса спирт, таппаса арақпен бір шайып алып құрғақ құтыға қымыз құяды. Көп етіп. Сосын қыстай ішіп жа­та­ды. Ағамыздың қазір жанын алып қа­лып жүрген сол сары қымыз. Күн­де бір құ­ты­сын ішіп алады да екі бе­тінен қаны тамып отырады. Күзде жап­қан қы­мыз көктемгі бие сауымға дейін жетеді. Шымкенттік ғалымдар ана сүтіне ең жақын, түрлі ауру-сыр­қау­лар­дың мың да бір емі деп жүрген қазақ сусындарының құдіреті осы. Адамның болмысы ішкен тағамына әбден бай­ла­нысты. Шұбат пен қымыздан құр­ғақ ұн­тақ, таб­лет­калар алып, өндіріске шы­­ғарар бол­сақ, қазақтың әлем­дік ры­нок­қа иығымен кимелеп кі­рер жері, төрге шығар тұсы осы-ау.

БҰҰ Ауыл шаруа­шы­лы­ғы және тамақ өнер­кәсібі де­пар­таментінің Еу­­ропа, Аме­рика, Аф­ри­­ка және Азия ел­дерін түйе сүті және қыш­қыл сүт­ті та­ғам­дар­мен қам­та­ма­сыз етуге ша­қыруы біздің мем­лекетті ой­ландыруға тиіс.



Бақтияр ТАЙЖАН, Шымкент.


Достарыңызбен бөлісу:


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет