131
МӘЖНҮНТАЛ
ОРАЛЫҢДАРШЫ ҚҰСТАР...
Оралыңдаршы құстар! Көктем ап,
Оралар мекен ол, өкпе қап...
Бір Көктем шықпай санамнан,
Құстармен бірге ол оралған.
Жапырақтарым гүлдеп ед,
Тағдыр желіне тоналған.
Оралған аппақ аққу боп,
Жолында жатқан бақ бүрлеп.
Сезім білтесін үрлеймін,
Үміттің отын жаққым кеп.
Оралыңдаршы құстар! Қаңтарда,
Оралар сонда қалқам да.
Қауырсыныңды тарайтын,
Тарағым жүр ед қалтамда.
...Оралыңдаршы құстар! Көктем ап,
Оралар мекен ол, өкпе қап!..
Боз орамалға мұң шағып,
Жылап жүр ме екен кеште қап...
Оралыңдаршы құстар!..
Үшінші бөлім
Мәжнүн - жүрек...
133
МӘЖНҮНТАЛ
...АРМАН БАРДА,
ҚАНАТ ЖОҚ...
Күз бейнесі – қара суық, қара жел,
Күзеу суып, қыстау жаққа тарады ел.
Бұлдыраңдап бұлтқа сіңген тырналар,
Қалқатайдың бір хабарын ала кел!
Ел мен жердің тастан оқып дерегін,
Құстар қайтты өзіне алып керегін?!
Сұрағанға үнсіз қалды дерсіңдер,
Жырсыз қалды, мұңсыз қалды демегін.
Жел толқыса - тартылады қурай күй.
Құстар, құстар туған жерін қимай жүр!
Әттең бізде!.. арман барда, қанат жоқ,
Сағынышым жер бетіне симай жүр!
Бұлт көшеді, шуда-шуда ұйысып,
Тағдыр ма бұл, кете алмадық, қиысып!?
Көлден ұшқан көкала үйрек секілді,
Өлеңіміз барады ұшып сүйісіп...
Күздің демі – қара суық, қара жел,
Ал, Қара Күз, қарайлама, бара бер!..
Бұлдыраңдап бұлтқа сіңген тырналар,
Қалқатайдың бір хабарын ала кел!
Ербол БЕЙІЛХАН
134
ҚАЙРАҚ...
Енді азаймас шынар – мұң,
Не болса да шыдармын!
Сағынамын шу еткен,
Ысқырығын ұлардың.
Шалдардың сап мақамын,
Домбыра алып жатамын.
Тарап қойып отырам,
Таутеке ойдың сақалын.
Елеңдетіп Айдағы үн,
Жерде жоқпын, қайдамын?
Қанжығана Ай ару,
Құлжа өлеңді байладым.
Іріп жатыр іркіт – күн,
Құзғын шудан үркіппін.
Түлеп ұшқан қыранмын,
Ұясында бүркіттің.
Мені аңсайды Елігім,
Құмар қылған серімін!
Сөзден олжа салатын,
Жалғыз жортқан бөрімін.
Елеңдеме, елеңде,
Өрелі де, терең де.
135
МӘЖНҮНТАЛ
Аттарыңды қамшыла,
Осындаймын өлең де…
Енді азаймас шынар – мұң,
Тірлік саған құмармын!
Тәутеке ойдан алжысам,
Құздан ғана құлармын!..
Ербол БЕЙІЛХАН
136
***
Төпелей берме жел күндер,
...қай қызығың бар мен білмер?!
Биіктеп жатсаң балақтап,
Жығылып жатсаң ел күндер.
Желдей менде ерке едім,
Еркелетсе Серке елім!..
Мұң...мазалай бер көркемім,
Сен, өше көрме, Өр Сенім!
Сырыма, сырлы Ай қанық,
Сарыарқа саған байланып.
Бір өлең көшіп барады,
Уақыт саған қайралып.
137
МӘЖНҮНТАЛ
ЖЫЛҚЫ ЖЫЛЫҢ
ІЛГЕРІ
“Жылқы жылың ілгері” дейтін атам,
“Басқа түссе, баспақшыл “дейтін апам.
Ала таңда шай құйып қара шалға,
Айналсоқтап қамымды жейтін апам.
Құлын едім кекілді, Кісінеген,
Ішіме мұң кірмеген, түсіме өлең.
Қиялымнан қырдағы жусан бүрлеп,
Жарысушы ем арманның құсыменен.
Есте бәрі: балғын шақ, баяғы із,
Тауда қалды қой баққан таяғымыз?!
Таралғыда шіреніп тұлпар шаптық,
Үзеңгіге жетпестен аяғымыз.
Шоқтығына жармасып Ай - ғұмырдың,
Тәңір жазған пешенем сан құбылдың...
Атам айтқан “жылқы жыл ілгері екен”,
Томарына тағдырдың сан жығылдым.
Мұңы тағы: сан батпан ойы бардың,
Қара мысық қоспадым жолына ардың.
Сынағына өмірдің жасығам жоқ,
“Басқа түссе, баспақшыл “ болып алдым.
Ербол БЕЙІЛХАН
138
Қуат алып киелі сөз отынан,
Болашағын ұрпақтың жеп отырам!
Жылқы жайлы аз білер ұл-қызыма,
“Жылқы жылың ілгері” деп отырам...
139
МӘЖНҮНТАЛ
УАҚЫТ...
Тарамыс сайлар, сүрлеулер ескі,
шатқалдар,
Бізді ойлап терең ауыр ойларға
батпаңдар!
Құлжалы таулар, текелі шыңдар,
асқарлар,
Біз сағынғанда жас төгіңдерші,
аспандар?..
Құздарға шөккен – шудалы,
өркеш бұлттарым,
Жалғанның мынау: балы мен
у-ын ұрттадым.
Сеңгірге сіңген – санаулы
қыран құстарым,
Арманым ұшты, адасып қалдым,
ұшпадым...
Тау баласы едім, отырар шашты тарап Ай,
Сол Айым бүгін, қорғалап қалды қарамай?!
Ұлар жастығым, ғұмірден үркіп дүр етіп,
Диуанадай көшіп, дәуренім өтіп
барады-ай!..
Ербол БЕЙІЛХАН
140
КҮН ӨЛЕДІ...
ҚЫЗЫЛ БОЯУ ЖАҒЫП АП...
Таң бозарды жұлдыз үркіп, Ай сіңген,
Күн шапағы еркелейді тау сүйген.
Боз даланы бозторғай құс оятып,
Марқа – көңіл маңырайды Ой сіңген.
Шұғыла есті, шығыс жақтан дүр етіп,
Көлеңке өлді... күннің өткір нұры өтіп.
Қараңғының шаранасын сыпырып,
Бір күн туды сәбидейін шыр етіп.
Жер емініп, аймалайды құндағын,
Бұлақ күлді, сылдырындай сырғаның.
Сәби күнді сәттер сайын есейтіп,
Алыстайды тырау үні тырнаның...
Жарық осы – Жаратқаннан сұраған,
Таңсәріден несібелер құлаған.
Өткен күнге қуанамыз біз неге,
Бұрыңғылар бір күн өтсе жылаған.
Құбылаға Күн еңкейді құлдилап,
Күрең күнді шақырамын құр-құрлап!
Арманды ұрлап, асығады –Уақыт,
Дәрменім жоқ, қоймақ едім,
шынжырлап.
141
МӘЖНҮНТАЛ
Арқар – қиял, құзда қалды аңырап,
Күн өледі... қызыл бояу жағып ап.
Өлген күннің жоқтаушысы –Тіршілік,
Құбылаға бара жатыр жамырап...
28.09.2011 ж. Астана.
Ербол БЕЙІЛХАН
142
ҰРШЫҚ –ДҮНИЕ...
Сауын малдың сүтіндей ақты уақыт,
Ұршық –дүние тізесінде әжемнің.
Періштелер биіктен бақ құлатып,
Кінәсында жазып жатыр әлемнің.
Мейірімді, жанарындай анамның,
Бір шұғыла сауылдайды, Ай жақтан.
Пенделерін алдандырып ғаламның,
Бақ пен қайғы жарысады алмасқан.
Жеңге – өмір, айран беріп аяқпен,
Жезде – күндер арманымды ұрлаған.
Баба – ғұмыр , жол сілтейді таяқпен,
Балаң – сезім , ойынын жүр қимаған.
...Дүние – базар... Мезгіл – бояу, түрленген,
Жапырақты жел жұлады парақтап...
Ажал – мерген ұрламақ боп күндерден,
Бұталарға бұғып отыр қонақтап...
Арман аты – жалт береді осқырып,
Гүл ғұмырдың жасқа толы жанары.
Ойландырып, «ойдың бұлтын сөктіріп»,
Ойын – өмір, дөңгеленіп барады...
143
МӘЖНҮНТАЛ
МЕНДЕ БІР, АҢШЫМЫН,
СӨЗ ҚУҒАН...
Үр жалған, түлкінің ізіндей шиырлы,
Абадан жүрегім, қайтпаған.
Жазбаған жырларым шимайлап миымды,
Ойлардан шаршадым қаптаған.
Саумал – жыр сарқылмас көнегім,
Аяқтап, ішем де толтырам.
Дәл тиіп, ой – аңға сөз деген беренім,
Қанжығам майланып отырам.
Қолымда ақиық қыраным,
томаға сыпырдым,
Қағушы шулайды ой – қырдан.
Баптаған құсымды ақ ауыз
арланға түсірдім,
Менде бір аңшымын, сөз қуған...
14.08.2011 ж. Астана.
Ербол БЕЙІЛХАН
144
ҚОЙШЫНЫҢ ӘҢГІМЕСІ
Күйек алып, қошқар қостым атарға,
Күз түсті де мал айдадым отарға.
Күн нұрынан тоят алған күрең кеш,
Өріс малдай жамырады қотанға.
Ай мүйізді арқар шықты қыраттан,
Сала мүйіз бұғы ішті суаттан.
Мөлдірлік пен тазалықты үйренем,
Құбылаға аққан мұздай бұлақтан.
Жол бойында топты шіл жүр, пырылдап,
Бұта қонды қоңыр торғай шырылдап.
Тал ішінен талмаусырап құр ұшып,
Торғайды аңдып күйкентай тұр дамылдап.
Орман – сауық, ойын керек тиінге,
Жем арқалап бет түзеді бүйі інге.
Тазы көрген шақырады саршұнақ,
Кеуде керген әркім батыр үйінде...
Түйілді де, сұңқар соқты қоянды,
Бүркіт көрген жылан қашты аярлы.
Сілеусін тұр ешкі көрген сілкініп,
Ақауызды арлан қуды бұланды.
Бұлбұл сайрар таңдайынан бал тамып,
Кірпі жатыр ән тыңдаған шалқайып.
145
МӘЖНҮНТАЛ
Жаратқанның таңғажайып сырына,
Тәутеке тұр шың басында тамсанып.
Қайрақ тасқа аю қайрап тырнағын,
Қаңқылымен қаз шертеді сырлы әнін.
Жер өсінде дөңгеленіп дүние,
Мезгіл ұшты қанатында тырнаның.
22.08.2011 ж.
Қарқаралы, Көз қыстағы.
Ербол БЕЙІЛХАН
146
ҚҰРЫҚ ТИДІ, КҮЗ
ДЕГЕН КҮРЕҢІМЕ...
Қаздардың қаңқылында ұйыды айран,
Айға қарап ұлыды сынық арман.
Сардалаға шегіртке шерін шертіп,
Түңілді тындырымсыз сиығынан.
Күн – мейір, таратады ізгілік ән,
Уақыт жетектеді шылбырымнан.
Құм – өмір, кесірткені домалатып,
Күз үрікті қамыс-қоға сыбдырынан.
Тобылғы қырындайды ырғайына,
Қырман бітті, қарғалар құндағында...
Қыс қамымен малшының басы ауырып,
Ала қыран сенеді тырнағына.
Күреңітіп, шетен күз ән салады,
Ақселеудің кекілін жел тарады.
Тыраулаған тырнаның жолы ауыр,
Тырна мінген бөдене тамсанады.
Құрық тиді, күз деген күреңіме,
Ызғар бар сұры аспанның сүреңінде.
Қоштасудан жанары жасқа толған,
Қайтқан құстың қосылдым тілеуіне.
Қарқаралы. Көз қыстағы, 06.09.2011 ж
147
МӘЖНҮНТАЛ
ІҢІР
Түбіт ойдың қылшықтарын жұлмалап,
Көз шырымын Күн ілді.
Көлеңкелер тау етегін қумалап,
Сайға кіріп сүрінді.
Қанаттының айтылатын бар мұңы,
Дауысында байғыздың.
Шың басында маужырады қар гүлі,
Иісінен жалбыздың.
Жарық сәуле тұншықты да іңірге,
Барқыт түске боялды.
Айна көлдің беті толып күбірге,
Жарқанат құс оянды.
Ай сәулесі шаңырақтан төгіліп,
Отау жапты түндігін.
Сыр мекені түн келді де емініп,
Іңір қысты құйрығын...
30.07, 2011 ж. Астана
Ербол БЕЙІЛХАН
148
КҮЗ КӨҢІЛ
Тамыз тозып, естіледі күз үні,
Жоннан үрікті, жаз жайлаудың қызығы.
Тозған сайын әжем жамап қоятын,
Көңілде бір киіз үйдің үзігі.
Пұшпақ киіп, үкі тақтым үмітке,
Маған сенсең, бой алдырма күдікке!?
Кеше кеткен уақытты қуамын,
Мініп алып, өлең атты – Күлікке!
Боз даланың өңі қашып, шаң басты,
Заман ұлып, боталы інген боздасты.
Тырналардың соңындағы қобыз мұң,
Домбыраның шанағына алмасты.
Күн мейірлі. Қара тастан май ақты,
Бейпіл сөзден қауырсын мұң, қанатты.
Оқ маздатқан сақ пен ғұнның ізімін,
Қаламұшпен атып алдым манатты...
Таудан жиі көретінмін мүсінді,
(Садағы бар бейне адам пішінді.)
Етегі жоқ заманға айтып не қылам,
Түлкі аңның боғы сынды түсімді.
...Алтын күздің көзі тиіп, жаз өлді,
Қамыс толқып, қияқ көкке саз өрді.
149
МӘЖНҮНТАЛ
Көшкен ауыл жұртын сипап қалғандай,
Жамау көңіл, сағыныштан наз емді...
Тамыз тозып, естіледі күз үні,
Жоннан үрікті, жаз жайлаудың қызығы.
Тозған сайын әжем жамап қоятын,
Көңілде бір киіз үйдің үзігі...
29.07.2011 ж. Астана
Ербол БЕЙІЛХАН
150
***
Азаяды-ау, жас ұлғайып, мәз күнім,
Бір иығын күзге аударды жаз бүгін.
Тамыршыдай, таразы уақыт өлшеді,
Адамдар көп, адал достың аздығын.
Аспан мынау шәйі көрпе бүркенген,
Ақбас шыңға, ақбура бұлт сүйкенген.
Түн етегін қымтап алып қашқанда,
Қол бұлғаған сені көрем үркерден.
Самал желге тербеледі тобылғы,
Таң асырдым көңіл деген торымды.
Аллам көкте, сен асқақтау болған соң,
Аспан жаққа созып тұрмын қолымды...
22.07.2011ж. Астана
151
МӘЖНҮНТАЛ
КҮЗГІ ҚОЛТАҢБА
Жабағы өмір, арқан түсіп күзелді,
Ақ жусанға қырау қонып, сыз өрді.
Жыл ұлдары бақталасып қалды да,
Қайтқан құстың қанатында күз өлді.
Күзді көміп... жыл құстарын ұзатып,
Шөпті сүйіп, жерге сіңді бұла шық.
Керуендей қаздар қайтіп барады,
Қанатынан сар сағыныш құлатып.
Уақыт-ай, сарғайтатын гүліңді,
Менің Гүлім, болса екен ғұмырлы.
Тізбектелген тырналардың үнінен ,
Жанымның бір жапырағы үзілді...
Құс келетін сағынамын көктемді,
Өмір – cұрақ, леп, үтір, көп белгі...
Оқыған жан қолтаңбамнан танитын,
Мен өлеңге қоям дара нүктемді.
03.08.2011 ж.
Ербол БЕЙІЛХАН
152
КӨҢІЛ – ТАЗЫ ҚУАДЫ
ЖҮЙРІГІМЕН
Төбемнен қоймады Ай сырғанауын,
Бірде мен, ернін сүйдім туған айдың...
Сезімді ақша бұлтқа қонақтатып,
Дауысынан хат оқимын тырналардың.
Көгімнен, төңкеріліп күн төнеді,
Күн ұялды. Қара бұлт бүркеп еді.
Көлеңке таудың басын жетекке алып,
Қарашыққа қаптаған ұйқы енеді.
Барады көкті тіліп, қыран ұшып,
Қыс – жігіт, көктем қызбен тұр алысып.
Су жұқпас кейбір беттің жылтырын-ай,
Таяз өзен барады құрақ ұшып...
Тұнықтың бойламайсың, тереңіне,
Талдың басы жетпейді терегіңе!?
Жаралы діл мен рух шырылдайды,
Қаралы бодандықтың көгенін де...
Өмір – түлкі қашады құйрығымен,
Көңіл – тазы қуады жүйрігімен.
Өсек итке қаптырмай балағымнан,
Шауып өттім, қарамай тұйғыныммен.
05.05.2011 ж. Астана.
153
МӘЖНҮНТАЛ
ҚҰЛЫН ЖАСТЫҚ
Ермен аңқып, іргесінен хош кірген,
Жотасы жон, асқар тауы көк тілген.
Шаңырақтан жұлдыздармен сырласып,
Ай жастанып, киіз үйде өстім Мен.
Мамық бұлттан жабушы едім көрпемді,
Асу белге тірейтінмін желкемді.
Көкбөрі ұлып, шолпан туа көз ілсем,
Құстар дауысы оятатын ертеңгі.
Рауанды таңмен талас тұрасың,
Бабалардың жалғастырып мұрасын.
Үйір жылқы, шұрқыраған жас құлын,
Қанаттанып, бие бауға қуасың.
Тарихымды оқитынмын тасымнан,
Түндерім-ай, Ай бұтаққа асылған.
Әжелерім өре тола құрт жайып,
Саба-саба сары қымыз сапырған.
Қартқа сақтап қазы-қарта, жаясын,
Ашамайға мінгізетін баласын.
Сол ауылды, ерке өмірді сағынам,
Қозы бағып, қой қосақтап сауатын.
Ербол БЕЙІЛХАН
154
Қайтқан құстың қанатында жыл шұбап,
Құйын – дүние, барасыңба бұрқырап.
Құса болып, там үйлерден оянам,
Құлын жастық, желі бауда шұрқырап...
02.08.2011 ж
155
МӘЖНҮНТАЛ
ҚОБЫЗ ДҮНИЕ
Көне соқпақты, көне етігіммен жаяулап,
Жылдар – кісінеп, күндер құлдырап,
Ай аунап.
Өмір – өзеннен несібе балық аңдимын,
Қармақты салып, отырам жарда
Ой аулап...
Сағынышым - ай, сарыала қаздай
сар таңдай,
Терлетіп келіп атымды кеттім қаңтармай.
Өрмесі ғажап, қамшыдай қысқа дүние,
Ұстатпайсың - ау, жылп етіп қолға
шортандай.
Дүние – қобыз, ән салсам ба екен бұратып,
Жасымды қайтем, жалбаңдап кеткен
қыр асып.
Аппақ дүние, аймалап сені үлгермей,
Ақжал толқынға кетерсің бір күн құлатып.
Заманды аңсаймын ағаның ымын
іні ұққан,
Абызың қайда, Алты алаш жұртты
ұйытқан.
Көлгірси бер ме, көнесі тозған дүние,
Шаршадым менде, шаршады әлем
сұйықтан...
Ербол БЕЙІЛХАН
156
БӘРІ ДЕ АЛДАМШЫ...
Бәрі де алдамшы, мына күз, мына бақ,
Жанды да алады, Жаратқан сынап ап.
Жалғанда жандының өмірі өлшеулі,
Уақыт қадасын қағады сыналап.
Пенде де дәрмен жоқ, қайтеміз кінәлап,
Қимасты көмеміз, сықсиып жылап ап.
Жалғанның жарығы бітерін білсе де,
Адамдар жылтырға әуесқой құмар-ақ!
Көк бөрі тірлік-ай, жалаған жарасын,
Көк аспан жоқтайды жоғалтып баласын.
Жер-Ана сен неге өгейсіп барасың,
Өтпелі өмір бұл, бәрінен қалатын.
Құстарды аяймын, қанат бар ұшпайтын,
Сұлуды аяймын, ер келіп құшпайтын.
Күз көңіл ерісе мөп-мөлдір шық қалсын,
Арғымақ аунаса, артында түк қалсын!
Дүние-ай, қайтейін, сырын көп жасырған,
Мұң жамап өсіп ем, балдырған жасымнан.
Қалған бір мұрамын бабалық ғасырдан,
Қасымнан қорықпаймын,
қорқамын досымнан.
157
МӘЖНҮНТАЛ
Бәрі де алдамшы, мына өмір, уақыт,
Жыл керуен көшеді, айларын шұбатып.
Ай асау мөңкиді күндерді құлатып,
Мен келем, арманды уатып, жұбатып...
Ербол БЕЙІЛХАН
158
ҚАР ЖАУЫП ТҰР
Не деген керемет күн, қар жауып тұр,
Ақ мамық шұғылаға айналып қыр.
Баяғы балалықты еске алып,
Кел, қалқам, қар атысып ойналық бір.
Мойныңа ақ сезімдей қар тығайын,
Қар тыққан боп, байқамай қол тығайын.
Түлкідей сен айлаңды асырғанмен,
Олжамды олжалаймын аңшыдайын.
Көбік қар, құшақтасып көмілейік,
Мұңнан бір қар атысып сейілейік.
Қан айналып, жүректер дүрсіл қағып,
Бал-бұл жанып, сезімге берілейік.
Санамды, салмақты ойлар жүр асынып,
Көзіңе сенде жүрсің, мұң жасырып.
Ақ ұлпа қар атысып ойнаған боп,
Мәңгілік әкетейін қыр асырып...
159
МӘЖНҮНТАЛ
СӨЗ
Қашаған сөзді арқандап,
Күмістен жүген кигіздім.
Қамаулы ойды талқандап,
Дүлдүл көңілге мінгіздім.
Найзағай сөзді ойнатып,
Суретін салдым қыр гүлдің.
Ал қызыл тілді сайратып,
Үнін тыңдаттым бұлбұлдың.
Асыл сөзді әспеттеп,
Қармақты бізбен тоқыттым.
Арманда жатар ой көктеп,
Қиялды шыңға жосыттым.
Мақамды сөзді мәнімен,
Мұзбалақ құстай түлеттім.
«Әгугай» салар әнім ең,
Қалауын табар жүректің.
Жорға сөзді тайпалтып,
Алты қырдан асырдым.
Теңіздің өзін шайқалтып,
Тулатып барып басылдым.
Ербол БЕЙІЛХАН
160
Тобықтай сөзді сүйемін,
Асыл мұраға – ҚҰРМЕТ!
Анамның тілі – киелім,
Қазақтың сөзі – Құдірет!
161
МӘЖНҮНТАЛ
МЕНІ ОЙЛА!
Торғын кеш, торығып батқанда,
Барқыт түн шымылдық жапқанда,
Бозторғай ілініп аспанға,
Бозарып ақ боз таң атқанда...
Ұршық күн төбеге ауғанда,
Жер-Ана кілемін жайғанда,
Қара бұлт бурадай бұрқанып,
Аспаннан ақ нөсер жауғанда...
Көлеңке ұзарған тауларда,
Екінті, Ақшамға ауғанда,
Беймезгіл бейуақ үйіріліп,
Ұрланып түскенде сайларға...
Мені ойла!
Тастарға қашалған дерегім,
Сұрама кешіксем себебін,
Сағыныш сазына шомылып,
Бір күні күт сәулем, келемін!
Ербол БЕЙІЛХАН
162
КҮНШІЛДІК
Жардың шетін құлатады су іліп,
Көл бетінде қаршыға ойнар қу іліп.
Қазанатты табалайды есектер,
Анда-санда шалыс басса сүрініп.
Шөлге жаумай бара жатыр бұлт өтіп,
Төңірекке түн келеді ұйқы ертіп.
Азаматты көре алмайды жаман дос,
Қалыс басса, миығынан мырс етіп.
Жыртқыштығы қызықтырмас
тұйғынның,
Ұзақ жасы кімге керек құзғынның.
Орман толған күншілдердің мекені,
Әсем даусын қызғанады бұлбұлдың.
Кешкі іңір, шәйтан күлер шарқылдап,
Жырларымды тұрады ылғи
Ай тыңдап.
Көк патшасы қыран қонса төбеге,
Жердің сұмы қарға күлер қарқылдап.
Құлыншағын көргенім жоқ бұланның,
Аяқтарын көргенім бар жыланның.
Диірмендей дүниеде бақ тайса,
«Құлағында құрбақа ойнар құланның.»
163
МӘЖНҮНТАЛ
Алшысынан иіргенмен асықты,
Кім тоқтатар зымыраған уақытты.
Жаралған соң табиғаты дара боп,
Биігінде өлген қыран бақытты.
Ербол БЕЙІЛХАН
164
СІЗДЕРГЕ БОЛСЫН
ҚАЙЫРЛЫ...
Мен туған тауды көрсең-ау, шіркін,
құз еді!
Бесбоғданың етегі-басы мұз еді.
Тоғыз көлдің қаздары қайтқан қаңқылдап,
Біз кеткенде күз еді...
Ортасай жайлау... апам жайар өресін,
Қозы көгендеп, желі бауын керетін.
Қаракөл беті аққу-қаздардың әні боп,
Таңменен түлік өретін.
Қаракөк едім, жүйрік кетпеген тақымнан,
Қара өлең едім, бақыт ұшпаған басымнан.
Қазақтың салты балалығымнан бойымда,
Қаныма сіңген жасымнан.
Шың етегінде Шаңбақкөл жатыр, әсемді,
Ақсайдың сайы көкорай шалғын әсерлі.
Ақсайда жатқан Сарыкөл сені жек көрем,
Жұтқансың есіл әкемді...
Жаматы, Усай дүбірлі думан болған жер,
Сәйліктің басы атамыз таңдап қонған жер.
Көлделеңдеп көз алдымнан кетпейсің,
Анамның жасы тамған жер...
|