67
МӘЖНҮНТАЛ
Жүрегің кіршіксіз,
мөп-мөлдір қайынның сүтіндей,
Сағындым!..
төзімім қайыспас қарағай қапталы.
Көңіл бұл Жайықтай толқиды,
қаламын түсінбей,
Биыл тым әдемі,
Сәукеле – сәуірдің ақ таны!..
Ербол БЕЙІЛХАН
68
АЛЛИТЕРАЦИЯ...
Бозторғай – жүрек, бозала таңды тербеген,
Боз жусан – көңіл, асығып жетті көктемге!
Боталап көзің, ақ қайын іздеп келген ең,
Бәйшешек жауған сіңдің де
кеттің бөктерге?..
Бұртиып барып бүр ашқан ерке қайындай,
Бұйығы мінез, сырларың қалды бұйратта.
Бұлақ – күлкілі... тамыздың тәтті айындай,
Байғыз шақырды атыңды айтып қыр жақта.
Бидайық құстай алыстап кеттің бұлдырап,
Бүркіт – қиялдың үзілмес жібек үміті.
Бұйра бұлттардан сағыныш жауды
құлдырап,
Бұлдырық күннің шашылып қалды түбіті.
Баянсыз жалған, белдеуге
барад(ы) байланбай,
Бақыт дегенін: сәттер мен кездер өтпелі...
Буыршын шөккен...шарадай
баспен ойланбай
Баяндай ару, тұрмаймын сені кеш мені!?..
69
МӘЖНҮНТАЛ
ХАТ КЕЛДІ
ҚАЛҚАМНАН
Бәрін де ұмытқың келді... Жыладың!
Мейірсіз қара түн ұқпайды мұңыңды.
Егілдің... ұяттан кешірім сұрадың,
Сел құйды, аспанның қабағы тілінді...
Періште кейпіңді жоғалтып «кет»,- дедің,
Ой – орман, адасып қалдың ба, омалып.
Кетпек ем, лезде айныдың, өкпелім,
Мен үшін күн шықты,
гүл бүрлеп жаңарып.
Махаббат азабы... Қимастық. Қимадық.
Ақыл жоқ, ессіз шақ, тәтті түс,
бал шырын.
Қайтадан қосылып сезімді жырладық,
«Күндерден» жасырып қалады
таң сырын.
Қоштастық қия алмай...
боз торғай ән салды,
Мұңлық күн, жүк артып төнеді арқадан.
Жаны күз, сарғайған...
ол қәзір байсалды,
Қарлығаш қанатты хат келді
қалқамнан... тағы да!
Ербол БЕЙІЛХАН
70
КӨЗІМДЕГІ–КӨЗІҢ...
Мамыражай,
Көңiл – көлдің айдыны ақ,
Көк айдынға шалқалайды Ай кұлап.
Қиял қуып кыңсылаған күшiк ой,
Ұясына оралады қанғып ап...
Мақпал түнде, аққу тарап мамығын,
Гүл тыңдайды сазға толы қаз үнiн.
Күлiм қаққан, ағып түссе бiр жұлдыз,
Бiле алмайды... жазығын?!..
Түннен ұрлап, Сенi және Өзiмдi,
Күмiс шыққа суарамын сезiмдi.
Үркер сөнiп айқасканда кiрпiгiм,
Сүйiп жатам, Көзiмдегi – Көзiңдi...
71
МӘЖНҮНТАЛ
АРМАНДАР АЛДАЙДЫ АЙД
АҒЫ
Мен, таудың барысы ем азулы,
Алмастай қайралған тырнағы.
Тағдырым – бір оқта жазулы,
Қырандар серігім шыңдағы.
Асулар, жоталар, шағылдар,
Ақ бас тау, қарлы шың, мекенім!
Тынымсыз шақтар да дамылдар,
Қара тас мамықтай төсегім!
Құла түз... шайқастар мекені,
Түлкі – өмір, түрленген айлалы.
Шыңдағы ойшылдау «текені»
Армандар алдайды Айдағы?!
Еркім де, сертім де жеңісте,
Аспанның бұлт бассын қабағын.
Елік ең, кездескен өрісте,
Байланған сол мезгіл жанарым!
Жанарың, жанымды ерітті,
Тағы едім несіне шырмадың?
Кешір сен, барыс ем ерікті,
Қатты-р-а-қ батса егер тырнағым!..
Ербол БЕЙІЛХАН
72
ЖАНАРЫМДАҒЫ ЖАЗУ...
Мұнар-мұнар, бұлдыр -бұлдыр осы күн,
Мен қазбауыр сағыныштың досымын.
Жүрегімнің көгершінін үркіткен
Аққу құстың сұңқылынан шошыдым.
Сырлы кеуде... әнім жатыр тасыған,
Күннен қашып, жұлдыздарға асылам.
Жанарымда жазулы тұр есімің,
Жаннан қалай, жардан қалай жасырам.
Өтті түндер, жанарымда таң аунап,
Құбылаға таң шапағы тарайды ақ!
Боз даланы бозторғайым тербетіп,
Өзің жаққа ұшып кетті маңайлап.
Көлден ұшқан, көзде қалған үркегім,
Қажай - қажай таусылады Күлше – күн!
Сенде болсын бар бақыттың баяны,
Айлы түнде адастырған, Үркерім!..
73
МӘЖНҮНТАЛ
Ей, Ақтолғай,
Біз баруға жер шалғай!
Халық әні.
АҚТОЛҒАЙ
Көлден бір ұшқан дегелек,
Гүлден бір ұшқан көбелек,
Ойдың бұлты сөгіліп,
Ұстатпайды не керек?..
Бозаңнан ұшқан бозторғай,
Әніне көңіл бос болғай!
Қоштасып қалқа кеткенде,
Айтылмай қалды «Ақтолғай!»
Қалықтап ұшқан қарлығаш,
Өкпешіл екен қарындас!
Қалаға көшіп күйбеңдеп,
Алыстап кетті ауылдас.
Пырылдап ұшты топ торғай,
Көктемім, сен де қош болғай!
Сағыныш сырын білмейсің,
Жанарыңа жас толмай...
Шақырып таңда әупілдек,
Үреді күшік шәукілдеп...
Торғын – көңілді бұл күні,
Жыртпақ болады әркім кеп.
Ербол БЕЙІЛХАН
74
Көзден де ұшқан дегелек,
Көңілге жұпар себе кет!
Жанымның сырлы жұмбағы,
Шешілмей қалды не керек...
75
МӘЖНҮНТАЛ
ҚОШТАСУ...
Әуежай.
Қызыл телпек басыңда,
Қоштасу.
Қала алмадың қасымда!?..
Қимастық!
Үнсіздік!
Жыладың...
Тілім тиді кермек-кермек жасыңа...
Бұрылдың, орамалың қолыңда,
Ескерткіш боп қарап тұрдым соңында.
Ақ арман боп бұлтқа сіңдің бұлыңғыр,
Сарша тамыз шашылды да жолыңда...
Сағынышым, сыйдың қалай ұшаққа,
Ойын – тағдыр сыйғызбады құшаққа!
Бір келер деп елеңдеймін аспанға,
Жайық жақтан темір қанат құс ақса!..
Өртеп-өртеп, тастап кеттің жалынға,
Биіктеген бәлкім менің бағым ба?..
Тағдырымның терезесін айғыздап,
Жаңбыр ғана қалды мұңлы жанымда...
Ербол БЕЙІЛХАН
76
МЕНІҢ ӘНІМ!..
Менің әнім сол құстың қанатында,
қайырмасы өзімде.
Құсым келіп, Есілдің сағасында
мас боп тұрдым сезімге.
Біз сол түні ұзақ жүздік айдында,
кезектесіп жыр оқып...
Ұштың сосын, қанатыңды жайдың да,
мекеніңе дүр етіп.
Ұша алмадым...алып кеттің әнімді,
қайырмасын қалдырып...
Сағынышқа көміп кеттің жанымды,
жанарымды талдырып...
Әуен ұшып, құлағымда мұң қалды,
жүрегіме тағылып.
Сыңғырлатшы, сырға толы сырғаңды,
жүрген болсаң сағынып...
Менің әнім сол құстың қанатында,
қанаты оның талмайды.
Есіл барда қазақтың даласында,
басқа өзенге қонбайды.
77
МӘЖНҮНТАЛ
ЖАНЫМ МЕНІҢ – КӨКТЕМ, КҮЗ!..
Жаным менің – екі мезгіл: Көктем, Күз!
Күннен Айдың жанарына көшкенбіз.
Сағындырдың қайта-қайта несіне,
Өткен күзде қош айтысып кеткен қыз!
Сұрақ – өмір , қалдым несін тосыла,
Қызығ-ып ең, менің жүдеу «қосыма».
Қара түннен тауып алып ашына,
Қарамағам сенің мөлдір жасыңа!
Күзде кеткен – жетті қаздың қаңқылы,
Сені көрдім құс келгенде қай күні?
Сары күздей көрдің-дағы жанымды,
Жүрегіңнің кетті жібіп салқыны.
Жаныңмын деп, айналдырдың көктемге,
Бақыт Гүлі – менде және бөктерде.
Көктем жаным күзге оранып қайтадан,
Жетем саған қазбауыр бұлт көшкенде...
Ербол БЕЙІЛХАН
78
ҚАЙЫҢНЫҢ КӨЗІНДЕГІ ЖАС...
Сол жаннан қызғанасың,
сол жаннан қызғанамын!..
Үмітсіз?!..
Өткенді өшіріп тастаған
Уақыт.
Сезімнің орманы...
беткейде аршалар жап-жасыл,
Күдіксіз,
Гүлдерді көбелек жүреді уатып...
Көбелек қонбаған гүлдерде
болмайды қасиет...
Ажарсыз!..
Жылылық күткендей тікенек кірпіден ...
Адам боп қалар ем, жыр жазбай сезімсіз,
Ғазалсыз,
Ойларым болмаса санамды сілкіген.
Сенсеңіз, түс көрем, ақшулан бұлттармен
арманым астасып,
Сырласым қара түн,
ұйқысыз – Ай куә!
Қозы едім, маңырап жетілген, қасқырмен
жүремін достасып,
Үндестік!..қиялды ап қашады таң құла!..
79
МӘЖНҮНТАЛ
Пейіл-ай, көл мен шөл
қатар кеп жайғасқан...
Шөлдедім!..
Аңсарым биікте – шыңырау тас бұлақ.
Атырап сарғайды, сағыныш...
жаныма күз келді,
Өлмедім,
Қайыңның көзінде тұр әне жас құлап...
Көрмедім!..
Ербол БЕЙІЛХАН
80
САРАҢДАУ СӨЗ ЕДІМ...
Жаз келді.
Көңілге емес,
Мезгілге,
Сағындым! Айтпаймын сездің бе?
«Жаным» деп тотыдай сайрасақ,
Қәдірі кетпей ме сөздің де?!..
Аңсадым, тылсыммен сезерім,
Көзіңде бұршақтар көгенің.
Бір жолға он ойды сыйғызар,
Мен деген – сараңдау сөз едім.
Біз жайлы – көкті де тіледі үн,
Гүл едің, солмашы тілегім!
Аузымды ауыртып қайтемін,
Өзің деп сөйлейді жүрегім...
Селк етіп, қорқамын өзімнен,
Мәжнүнмін, жүрегі езілген.
Өсекші өлеңде жазбаймын,
Оқырсың сырымды көзімнен...
81
МӘЖНҮНТАЛ
ТОРҒЫН – КҮНДЕР.
..
Торғын – күндер қолдан шықса сусыды,
Астары жоқ уақыт-ай, Тігіссіз.
Сола ма айтшы, гүл сезімнің бүршігі,
Күндер қайда, түндер қайда күдіксіз?...
Жүрегімде бар әдемі – мұнара,
Арманымды кете алмайды жел қуып.
Тым болмаса, хат жазып тұр күн ара,
Сенсіз күнге кеткенімше көндігіп...
Пенделік-ай, тас секілді қыналы,
Қызыл қына – езіледі жүрегім!
Періште едік...уақыт қой кінәлі,
Жылап тұрып, өп-өтірік күлемін...
Жырдан – көйлек тікпек едім әдемі,
Өрнегімді жүрген едің ұнатып.
Махаббаттың көп екен-ау, әлегі,
Абайсызда алғанымды-ай, жылатып...
Ербол БЕЙІЛХАН
82
ЖҮРЕК
Алпыс екі тамырыма қан берген,
Жұдырықтай кеудемдегі – бұлбұлым.
Күллі ағзама тірлік берген, жан берген,
Кең тынысты, бөкен желіс – дүлдүлім.
Жарқыным-ау, қалай оны жазғырдың,
Жазмыш – жалған маңдайымда жазулы.
Алты жаста оғы тиген тағдырдың,
Бөлтірік ем, арлан болдым азулы.
Қынсыламай өз жарасын жалаған,
Көкжал – ғұмыр Айға қарап ұлиды.
Күншілдердің кәндектері талаған,
Сыршыл – жүрек, тым ащылау жымиды.
Жамау-жамау жүрегім-ау, Жүрегім,
Нардың жүгін – ардың жүгін көтерген.
Ақылыма бағын-саңшы тілегім,
Ақыл басшы – жол табады төселген.
Тағы міне, алас ұрдың, туладың,
Мазам кетті, алып біттің еркімді.
«Ай қыз» неге жүрегімді ұрладың,
Жайық менің баса ала ма өртімді?!..
83
МӘЖНҮНТАЛ
Сарыала қаз, сары сағыныш ұшырып,
Хат жазамын төзім емін тауысып.
Ой – шыңырау, енді ұқтым түсініп,
Жүрегіміз кеткен екен ауысып...
Ербол БЕЙІЛХАН
84
СЕН ҰРЫСЫҢ!..
Сен ұрысың!.. алып қойған ерікті,
Жалғыз жүрек, не бітірді, не ұқты!?
Сен сыйлаған – сезім Гүлі бағалы,
Сен сыйлаған – сол бір күндер көрікті!
Мен қарақшы... бағып жүрген ізіңді,
Бір көруге ынтық болған жүзіңді.
Қоңыр-қоңыр сағынышқа тербеліп,
Өткіземін көктемімді, күзімді...
Сен сиқырсың!.. өзгертесің өзгені,
Дуалайтын, дұғалайтын көздері...
Рухымның дәрігері тағы өзің,
Жан жарама шипа болған сөздері.
Мен жеңілдім!.. сүйген жүрек жеңілді,
Саған бердім, саған бердім өмірді.
Сен бар жерде өлеңім бар, мен бармын,
Сен барыңда – мына әлем көңілді.
Сен және Мен! Бүгін міне - Біздерміз,
Жүрегі бір, тағдыр бөлек... Іздерміз.
Көктемдерің өзгелерге арнаған,
Қиқу-қиқу, думаны бар Күздерміз!..
85
МӘЖНҮНТАЛ
ТЫЛСЫМ
Уақыт – әже айналдырып ұршығын,
Күн қызарып тауға тықты тұмсығын.
Қайын – жүрек гүлге орап бүршігін,
Сені іздедім тілсіз сүйген тылсымым.
Тылсым – ғұмыр, іңір кеші, Тыныштық.
Үкілі – үміт, үнсіздігің тым ыстық.
Жылқы – мінез, кісінесіп жүргенде,
Өлең бізді жіберіпті туыс қып.
Кертөбел Ай тарай – тарай кекілін,
Жұлдыз ақса, тағдыры ғой, Кешірім!
Қай сәтте де өзің келіп қаға бер,
Сені күткен жүрегімнің есігін...
Ербол БЕЙІЛХАН
86
БІЗ ЕКЕУМІЗ
Сен де жалғыз.
Мен де жалғыз.
Ол – жалғыз!
Мұң аңқытып бүр жарады – Ой жалбыз!
Тамыры жоқ тасқа өскен гүл сынды,
Тағдырлы өлең ойсыз басты ойланғыз!
Сен де мұңлы, мен де мұңлы,
Мұңдымыз!
Қазы қайтқан сыр шертеді сырлы Күз.
Өмір деген - үлкен қалып шектеулі,
Сол қалыпқа сыймайтұғын жындымыз...
Сен де қырсық, мен де қырсық,
Қырсықпыз!
Қайыңдағы тым сезімтал бүршікпіз.
Жүректегі сағыныштың көз жасын,
Күз құлатқан жапырақпен сүртіппіз!
Сен де ойда, мен де ойда,
Дарамыз!
Ақ параққа қалам түрткен қалады із.
Жалғыздықтан жалыққан күн ақыры,
Қол ұстасып Айға кетіп қаламыз...
87
МӘЖНҮНТАЛ
БIР САБАҚ ГҮЛ!
Бiр сабақ гүл – Ай бетiнде биiкте,
Сол гүл барда – Ай ажарлы, түн жарық!
Менiң жаным – алтын мүйiз киiкте,
Ал киiгiм, мұң жамылған – бiр ғаріп...
Бiр сабақ гүл - сары түстi – Сағыныш,
Ой – дария... Кеудем – теңiз толқынды.
Құстар үнi, теңiзiмде сабылыс,
Көптiң шуы толтыра ма олқымды?!
Бiр сабақ гүл – алып койған еркiмдi,
Кеш тыңдаған, таусылмайтын ертегiм.
Дауасы жоқ гүлден жұққан дертiмдi,
Қалай жазам, не болады ертеңiм?..
Бiр сабақ гүл – азабым да, мұңым да,
Ай арманға қол созамын жетем деп.
Менiң гүлiм – жүрегiмде, жырымда,
Қалса екен сағыныш боп мекендеп.
Бiр сабақ Гүл!
Ербол БЕЙІЛХАН
88
***
Бізді бөліп қос драма:
Өмір, Өлім перде тұр!..
Саған деген сағынышым,
ақ жауындай көл көсір.
Ақ жусанның түбінен маңыраса ақ арман,
Ақша бұлтқа оранып,
аппақ құсым келде тұр!..
...Күн қақтаған жалаң шыңды,
қара нөсер сүйгенде,
Боз таңдағы бозторғайды
тұрымтай құс ілгенде,
Қиялымдай... ақиық құс
көк аспанды тілгенде,
Сені есіме ап, қарап тұрам,
сары түстес гүлдерге!..
Күте-күте күндер тозып,
телмірумен шаршады Ай,
Шағала – арман шаңқылымен ағарады
тал самай!..
Мөлт–мөлт еткен мойылдай
мойынымды бұрғызған,
Осы сенің иісінді–ай,
отқа салған Аршадай!..
89
МӘЖНҮНТАЛ
Намыс – қайрақ найзағай боп,
қарағайды тілгенде,
Сұңқар – ойым, менменсіген
көкжалдарды түйгенде,
Шабан аттар,
Қазанаттан оза алмасын білгенде,
Сені ойлап, қарап тұрам,
сары түстес гүлдерге!..
Неге?...
Ербол БЕЙІЛХАН
90
СЕН
Келдім. Көрдім. Таттым. Сүйдім –
Ащы екен дүниенің кермегі!..
Саған ғана айырбастап жіберем,
Жан біткенді жердегі...
Құшқан. Құштар. Күйген. Сүйген –
Жалғыз осы мен бе еді?..
Жасын түгіл, тырнағыңа тати ма,
Барлық ару жердегі?!..
Ақыл. Көрік. Сенім. Сезім –
Тапты өзіңнен тұрақты!
Сенен көрем: жанып жатқан тозақты,
Сенен көрем, Жұмақты!..
91
МӘЖНҮНТАЛ
ЖАПЫРАҚ ЖҮРЕК...
Бір жүрекпіз – жырға толы кеудесі,
Сағынамын... өртенеді өзегім!..
Өлеңімнің аласармас бейнесі,
Өмірде де, биік болса деп едім!
Елесіңмен атқызамын ақ таңды,
Қалдым бәлкім: өң мен түсті айырмай.
Қаңқылымен қаз бояса аспанды,
Жүрек сыздар – Күз тонаған қайындай!
Айтсам деген – әнім едің, Аяулы,
Күз бенен қыз қатар жанды қинады?!..
Көңіл – көлге батырсам да «қаяуды»,
Сезім – көлі арнасына сыймады.
Жүрегімнің бәйшешегі ең, Көктемгі,
Күз көңілге – Көктем лебін сыйлаған.
«Өткен күн бе, өткен күнде көп белгі»,
Күз бенен Біз сағынышпен жырлаған...
Егіз – жүрек, мөлдір – сезім, Іңкәрлі,
Біздің жүрек – сарғайған бір жапырақ!
Көктемім ең, көгертетін ынтамды,
Біз секілді сарғайыпты–ау, атырап...
Ербол БЕЙІЛХАН
92
АСПАНДАҒЫ ХАТ
Аққу – Көктем қоштасты
қанатында тырнаның,
Қаздар шертіп барады қоңырлатып
сырлы әнін...
Көйлек киген көктемді шешіндіріп
Күз – жігіт,
Бөдене – уақыт бөстіріп
жастығымды ұрладың...
Шымшық – күндер ұшады,
ұясына күн құлап,
Шағала – арман қоштасты
ақ айдынмен шын жылап.
Жетім күзбен қоштасып
шарқ ұрады бәбісек,
Күз аспаны жылайды
кәрі қыздай тұнжырап...
Сағынамын хат тасыр,
қарлығаштың қанатын,
Күз келгенде осылай таусылады тағатым!..
Қиялыма мінгесіп көкті тіліп барады,
Тырау–тырау тырналар
аспанға хат жазатын...
93
МӘЖНҮНТАЛ
***
Көшеді күз! Атан-атан шоң тиеп,
Сағыныштан ағытылар ой тиек.
Арман болған, Айқыз күзде қоштасты,
Бағытымнан адастырмас жол тілеп!..
Бақыт Гүлі- кездестірген жолымнан,
Бір сыпсың сөз қалмай қойды соңымнан...
Маңдайымда шимай-шимай тағдырым,
Қоштасуда келмей отыр қолымнан.
Үлек – мезгіл, бота – күндер бозылдап,
Жазым өтті, көңілімде күзім қап.
Қызғалдақты кездер қайта оралшы,
Жүрек шерткен, мен ұнатар сазыңды ап!?
Үркек – уақыт өтер мейлі қиялдай,
Түлкі қағып, қайыртпаған қырандай...
Аспан мынау жасқа толы жанары,
Дүниеге тұрғанымды-ай сияалмай!..
Ербол БЕЙІЛХАН
94
***
Мен тағы хат жаздым,
Ол тағы келмеді...
Кеудемде ақшамның
Шырағы сөнбеді.
Ол тағы өкпелі,
Мен тағы кешірдім!
Күз шыққан көктемді,
Жанарға көшірдім.
Еркімнен тысқары,
Бір сезім билейді.
Мен оны сүйемін,
Ол, бәлкім, сүймейді?..
...Ол мені сүйеді,
Тағдырын сүйретіп.
Кызғанып жүреді,
Жүрегін күйретіп...
Ол да, мен ұқсаймыз
Тәкәппар шыңдарға!
Біз жайлы түсті аңыз,
Жолдар мен жылдарға!..
95
МӘЖНҮНТАЛ
ҚАЗАНДАҒЫ ҒАЗАЛ
Қоштасады соңғы қаздар қазанда,
Бұл қоштасу ауыр тіптен мағанда!..
Сарыалақаз сағынышым сыймайды,
Күз әкелген Ғазалға!..
Кетсем бе екен, тізбектеліп тырнаға,
Сыр қалдырып, сенің сәулем сырғаңа!
Қоңыр күзде, қобыз – кеуде бозылдап,
Хат жазамын Музаға!..
Қайтқан құстың кайда екен тұрағы,
Күзгі аспан. Қауырсын – мұң құлады.
Қазандағы ғазалымды оқып ем,
Жапырақтар жылады...
Ербол БЕЙІЛХАН
96
ЖҮРЕКТЕГІ ГҮЛ!
Бір ауыр сөзге өкпелеп,
Бір ауыз сөзге жазылып...
Шуылдақ ылғи көпке кеп,
Отырмын сені сағынып...
Күз – мұңым тағы торығып,
Кетпедің мүлдем есімнен.
Жетелеп аппақ бір үміт,
Әуенім болдың есілген.
Саналы ойды сандалтым,
Салмағы түсті жүрекке!..
Жұлмашы сенде ардақтым,
Жүректе жалғыз гүл өссе!?..
Тобылғы күзде өтпелі,
Жанары жасқа түйілсін.
Жалғанда жарты көшпелі,
Бір сабақ менің – Гүлімсің!
97
МӘЖНҮНТАЛ
***
Бізді қимай көк жусанды,
бетегелі бел тұрды,
Алтын кірпік, ару өзің,
Алты алашта айтулы.
Тас бұлақтың сылдырындай
сағынамын дауысыңды,
Сенен аумай сәуле шашып,
кекілденіп Ай туды.
Жұлдыздар көп, сансыз көкте
жымың-жымың күледі,
Олар бәлкім, жерде жүрген
бір-бір жанның жүрегі.
Көп тобырдан қашқан жүрек...
қызықпаймын жұлдызға,
...Дара Айым, сырын шертіп,
жүрегіме түнеді...
Ғашықтық-ай, сырлас еткен,
мұңдас еткен қайыңды,
Сезім – көлі түпсіз терең,
оттан бетер жалынды.
Көңілімді көктем етіп, жүрегімді ұрлаған,
Сағынамын, биіктегі дара туған Айымды!..
Ербол БЕЙІЛХАН
98
***
Махаббат па?
Махаббат болған менде.
Жиі барғам аққулар қонған көлге,
Ал қәзір тоңған жүрек, солған кеуде...
М. Мақатаев.
Махаббат па?
Ол енді болған, болар.
Жан емеспін жабығып жолдан қалар.
Базарында баян жоқ дүниеден,
Көріп тағы тұрғам жоқ, оңған базар!..
Сенің сәулем жүріппін шуағыңмен,
Сен жоқ жерде көңіл пәс, қуану кем...
Шешімі оңай жұмбақты тез табамын,
Шешімі жоқ сен ғана сұрағым ең?!..
Сұрағым ең – мәңгілік басымдағы,
Әлемімнің ақ айдын, жасыл бағы.
Астананың кеш келер көктеміндей,
Көңілдің бұл аспаны ашылмады...
Жиі-жиі оқ тиіп сертімізге,
Күз сыйладым көктемдей көркіңізге!
Қоштаса сап қайтадан сағынатын,
Ем таба алмай отырмын дертімізге!..
|