Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексі



бет1/13
Дата11.04.2018
өлшемі1.87 Mb.
#68097
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13





Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексі

Қазақстан Республикасының Кодексі 2014 жылғы 5 шілдедегі № 234-V ҚРЗ

      РҚАО-ның ескертпесі!



      Осы Кодекстің қолданысқа енгізілу тәртібін 177-баптан қараңыз.

      МАЗМҰНЫ

ЖАЛПЫ БӨЛІК

1-БӨЛІМ. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР

1-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖАЗАЛАРДЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ



ҚЫЛМЫСТЫҚ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ЫҚПАЛ ЕТУ ШАРАЛАРЫН ОРЫНДАУ ТӘРТІБІН


      АЙҚЫНДАЙТЫН ЗАҢНАМАСЫ

      1-бап. Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару

             
заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына және халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттары мен нормаларына негізделеді және осы Кодекстен, жазалар мен өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындау және өтеу тәртібі мен шарттарын белгілейтін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.

      2. Жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындау және өтеу тәртібі мен шарттарын белгілейтін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілермен сотталғандардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін шектеулер, егер заңда бұл көзделмеген болса, белгілене алмайды.



      3. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың осы Кодекстің алдында басымдығы бар және халықаралық шарттан оны қолдану үшін заң шығару талап етілетін жағдайларды қоспағанда, тікелей қолданылады.

      2-бап. Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару



             
заңнамасының кеңiстiк пен уақыт тұрғысынан

             
қолданылуы

      1. Өздеріне қатысты жазалар немесе өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шаралары Қазақстан Республикасының аумағында орындалатын сотталғандарға Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңнамасы қолданылады.

      2. Жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындау және өтеу, сотталғандарға түзеу құралдарын қолдану, сондай-ақ босатылатын сотталғандарға көмек көрсету оларды орындау кезінде қолданыста болатын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      3-бап. Осы Кодексте қамтылатын кейбір ұғымдарды түсіндіру

      Осы Кодексте қамтылатын ұғымдар мынадай мағынада қолданылады:

      1) жазаны орындайтын органдар – қамаққа алу түріндегі жазаны, сотталған адамды қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаны және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын органдар;



      2) жазаны өтеу режимі – осы Кодексте және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген жазаларды орындау және өтеу тәртібі;



      3) қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті орган – қылмыстық-атқару қызметі саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;



      4) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі (бұдан әрі – қылмыстық-атқару жүйесі) – қылмыстық жазалардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі атқарушылық және өкiмдік функцияларды жүзеге асыратын органдар мен мекемелер, сондай-ақ көрсетілген органдар мен мекемелердiң жұмыс істеуін қамтамасыз ететiн ұйымдар жүйесi;



      5) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемесі (бұдан әрі – мекеме) – бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларды орындауға, сондай-ақ өлім жазасына сотталғандарды ұстауға арналған мемлекеттік мекеме;



      6) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің уәкілетті органы (бұдан әрі – қылмыстық-атқару жүйесінің уәкілетті органы) – қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті органның өзінің құзыреті шегінде бақылау және (немесе) іске асыру функцияларын жүзеге асыратын ведомствосы;



      7) пробация – пробациялық бақылаудағы адамға қатысты оның жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында оның мінез-құлқын түзету үшін әзірленетін және жеке іске асырылатын әлеуметтік-құқықтық сипаттағы шаралар кешені;



      8) пробация қызметі – қылмыстық жазалардың қоғамнан оқшауламай орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі атқарушылық және өкімдік функцияларды жүзеге асыратын және өзінің есебіндегі сотталғандардың әлеуметтік-құқықтық көмек алуына жәрдем көрсететін қылмыстық-атқару жүйесінің органы;



      9) пробациялық бақылау – уәкілетті органдардың сотталғандарға сот жүктеген міндеттердің орындалуына және олардың мінез-құлқына бақылауды жүзеге асыру, сондай-ақ олардың әлеуметтік-құқықтық көмек алуына жәрдем көрсету жөніндегі қызметі;



      10) сотталған адамды түзеу – сотталған адамның құқыққа бағынушылық мінез-құлқын, жеке басқа, қоғамға, еңбекке, қоғамдағы мінез-құлық нормаларына, қағидаларына және әдебіне жағымды көзқарасын қалыптастыру.

2-тарау. ЖАЗАЛАРДЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ЫҚПАЛ ЕТУ



ШАРАЛАРЫН ОРЫНДАУДЫҢ ЖАЛПЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ

      4-бап. Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару

             
заңнамасының мақсаттары мен мiндеттерi

      1. Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару заңнамасының мақсаттары әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру, сотталғандарды түзеу, сотталғандардың да және өзге адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу болып табылады.

      2. Көрсетілген мақсаттарға сәйкес:



      1) жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындаудың және өтеудің тәртібі мен шарттарын реттеу;


      2) сотталғандарды түзеу құралдарын айқындау;


      3) сотталғандардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау;


      4) сотталғандардың әлеуметтік бейімделуіне көмек көрсету Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару заңнамасының міндеттері болып табылады.


      3. Жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындау тән зардабын шектіруді немесе адами қадір-қасиетті қорлауды мақсат етпейді.

      5-бап. Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару



             
заңнамасының қағидаттары

      Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңнамасы:



      1) адам және азамат құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін сақтау;


      2) заңдылық;


      3) ізгілік;


      4) жазаларды орындау шарттарын саралау;


      5) жазаны және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындауды даралау;


      6) мәжбүрлеу шараларын ұтымды қолдану;


      7) түзелуге ықпал етумен жазаны сабақтастыру;


      8) сотталғандардың құқыққа бағынушылық және белсенді, қоғамға пайдалы мінез-құлқын ынталандыру қағидаттарына негізделеді.

      6-бап. Жазаны және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету

             
шараларын орындау негіздері

      Заңды күшіне енген сот үкімі немесе қаулысы, рақымшылық жасау және оны қолдану туралы акт, кешірім жасау туралы акт жазаны және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындауға негіз болып табылады.

      7-бап. Сотталғандарды түзеудің негізгі құралдары

      1. Мыналар:



      1) жазаны өтеу режимі;


      2) тәрбиелік ықпал ету;


      3) жағымды әлеуметтік байланыстарды сақтап тұру;


      4) қоғамға пайдалы еңбек;


      5) бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім алуы;


      6) қоғамдық ықпал ету сотталғандарды түзеудің негізгі құралдары болып табылады.


      2. Сотталғандарды түзеу құралдары жазаның түрi, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты, қоғамға қауiптiлiк дәрежесi, кiнә нысаны мен уәждерi, сотталған адамның жеке басы және жазаны өтеу кезіндегі оның мінез-құлқы ескеріле отырып қолданылады.

      8-бап. Сотталғандарды түзеуге жұртшылықтың қатысуы

      1. Сотталғандарды түзеуге қамқоршылық кеңестер мен қоғамдық байқау кеңестері, сотталғандардың ата-аналар комитеттері, кәсіптік одақтар, еңбек ұжымдары, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген қоғамдық бірлестіктер, діни бірлестіктер, қоғамдық қорлар мен қайырымдылық қорлары, саяси партиялар, басқа да ұйымдар, сондай-ақ азаматтар:



      1) социологиялық және өзге де мониторингтер жүргізу;


      2) қылмыстық-атқару қызметі саласындағы нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және қоғамда талқылауға қатысу;


      3) сотталғандарға гуманитарлық және қайырымдылық көмектерді іздестіруге, беруге, оның бөлінуіне және пайдаланылуын байқауға қатысу;


      4) қылмыстық-атқару жүйесінің қызметін жетілдіруге және сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмекке бағытталған бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу және іске асыру;


      5) жазаны және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін нысандарда өзге де жәрдем көрсету арқылы қатыса алады.


      2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдар сотталған адамның жеке өмірі туралы өздеріне мәлім болған мәліметтерді оның келісімінсіз жариялауға құқылы емес.



      Көрсетілген талапты бұзу заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

3-тарау. СОТТАЛҒАНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ

      9-бап. Сотталғандардың құқықтық жағдайының негiздерi

      1. Қазақстан Республикасы сотталғандардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн құрметтейдi және қорғайды, оларды түзеу құралдарын қолданудың заңдылығын, сондай-ақ құқықтық қорғауды және жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз етедi.

      2. Сотталғандар Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қылмыстық кодексінде және өзге де заңдарында белгіленетін шектеулермен, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарына, бостандықтарына ие болады және міндеттерін атқарады.



      3. Сотталған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар, егер Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасында азаматтар үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттерді атқарады.



      4. Сотталғандардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ олардың құқықтарын шектеу жазалардың және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларының нақты түрін орындау тәртібі мен шарттары негізге алына отырып, осы Кодексте айқындалады.



      5. Сотталғандарды тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша қандай да бір кемсітушілікке ұшыратуға болмайды.



      6. Сотталған адам жазаны орындайтын мекемеге немесе органға келіп түскен кезде, әкімшілік сотталған адамға оның құқықтары, міндеттері және құқықтық шектеулер туралы ақпаратты, сондай-ақ жазаны орындайтын мекемелердің немесе органдардың ішкі тәртіптеме қағидаларын жазбаша түрде беруге және қолын қойғызып, түсіндіруге міндетті.

      10-бап. Сотталғандардың негізгі құқықтары

      1. Сотталғандардың:



      1) жазаны орындайтын мекемелерден немесе органдардан жазаны өтеу тәртібі, шарттары және олардың өзгеруі туралы ақпарат алуға;


      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің атына кешірім жасау туралы өтінішхатпен жүгінуге;


      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ауызша және жазбаша ұсыныстармен, өтініштермен және шағымдармен жазаны орындайтын мекеме немесе орган әкімшілігіне, олардың жоғары тұрған органдарына, сотқа, прокуратура органдарына, өзге де мемлекеттік органдарға және лауазымды адамдарға, қоғамдық бірлестіктерге, сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі халықаралық ұйымдарға жүгінуге;


      4) өздерінің адами қадір-қасиетінің танылуына, азаптаудан, зорлық-зомбылықтан, басқа да қатыгездік немесе адами қадір-қасиетін қорлайтын қарекеттерден немесе жазалаудан қорғануға;


      5) жазасын өтеу кезінде жеке басының қауіпсіздігіне;


      6) ана тілінде немесе өздері меңгерген кез келген басқа тілде түсініктемелер беруге және хат жазысуды жүргізуге, сондай-ақ ұсыныстармен, өтініштермен және шағымдармен жүгінуге, заңда көзделген жағдайларда аудармашының қызметін пайдалануға;


      7) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен консультациялар, анықтамалар, құқықтық сипаттағы құжаттар жасау түрінде, сондай-ақ өзге де нысандарда білікті заң көмегін алуға;


      8) денсаулығын сақтауға және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын сәйкес білікті медициналық көмек алуға;


      9) мекеменің психологиялық қызметінің қызметкерлері және осындай көмек көрсетуге құқығы бар өзге де адамдар көрсететін психологиялық көмекке;


      10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандырылуға;


      11) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес қауіпсіз еңбек жағдайларына, демалуға, демалысқа, сондай-ақ еңбегіне ақы төленуге құқығы бар.


      Сотталғандардың осы Кодекске, жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындау және өтеу тәртібі мен шарттарын белгілейтін нормативтік құқықтық актілерге сәйкес өзге де құқықтары бар.


      2. Сотталған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасында аккредиттелген өз мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктерімен және консулдық мекемелерімен, ал Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық және консулдық мекемелері жоқ елдердің азаматтары – олардың мүдделерін қорғауды өзіне алған мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерімен немесе оларды қорғауды жүзеге асыратын халықаралық ұйымдармен байланысты ұстап тұруға құқылы.



      3. Сөйлеу не есту, не көру кемістігі бар мүгедектер болып табылатын сотталғандардың дактильді-ымдау тілін немесе Брайль әліпбиін меңгерген мамандар көрсететін қызметтерді пайдалануға құқығы бар.



      4. Сотталғандарды клиникалық зерттеулерге ұшыратуға болмайды.

      11-бап. Сотталғандардың негізгі міндеттері

      1. Сотталғандар:



      1) осы Кодексте, өзге де нормативтік құқықтық актілерде, сондай-ақ сот үкімінде белгіленген талаптарды орындауға;


      2) жазаны орындайтын мекемелер мен органдардың ішкі тәртіптеме қағидаларын сақтауға;


      3) жазаларды орындайтын мекемелердің немесе органдардың қызметкерлерінің, сондай-ақ сотталғандардың мінез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті адамдардың заңды талаптарын орындауға;


      4) жазаларды орындайтын мекемелер немесе органдар әкімшілігінің шақыруы бойынша келуге және жаза мен өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындау мәселелері жөнінде түсініктемелер беруге;


      5) негізгі жазасын толық өтегенге немесе жазадан босатылғанға, пробациялық бақылау мерзімі өткенге, жазаны орындауды кейінге қалдыру мерзімі өткенге дейін Қазақстан Республикасының аумағынан кетпеуге;


      6) персоналмен, басқа да сотталғандармен, сондай-ақ жазаларды орындайтын мекемелер мен органдарға келетін адамдармен сыпайы қарым-қатынас жасауға;


      7) еңбек пен оқуға адал қарауға;


      8) заңда көзделген жағдайларда, инфекциялық ауруларды уақтылы анықтау мақсатында міндетті және профилактикалық медициналық қарап-тексеруден, сондай-ақ психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтыну және масаң күйде болу, дене зақымын алу фактілерін анықтау үшін куәландырудан өтуге міндетті.


      2. Сотталғандардың өздеріне жүктелген міндеттерді орындамауы заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

      12-бап. Жеке бастың қауіпсіздігін қамтамасыз ету

      1. Сотталғандар мен басқа да адамдардың тарапынан сотталған адамның өміріне, денсаулығына не қадір-қасиетіне қатер төнген кезде, ол жазаны орындайтын мекеменің немесе органның кез келген қызметкеріне қатерді жою туралы өтінумен жазбаша немесе ауызша жүгінуге құқылы.



      Жазаны орындайтын мекеменің немесе органның қызметкері қатерді жою бойынша, оның ішінде сотталған адамды қауіпсіз орынға ауыстыру және алып кету арқылы дереу шаралар қолдануға міндетті.


      Жазаны орындайтын мекеменің немесе органның әкімшілігі сотталған адамның өміріне, денсаулығына не қадір-қасиетіне қатер төнгенін анықтаған кезде, олар мұны жою бойынша, оның ішінде сотталған адамды оның келісу-келіспеуіне қарамастан, қауіпсіз орынға ауыстыру арқылы дереу шаралар қолданады.


      2. Екі және одан көп сотталған адамға қатер төнгені анықталған жағдайда, жазаны орындайтын мекеменің немесе органның әкімшілігі қатер көзін оның келісу-келіспеуіне қарамастан, қауіпсіз орынға ауыстыру бойынша дереу шаралар қолданады.



      3. Сотталған адамды қауіпсіз орынға ауыстыру жазаны орындайтын мекеме немесе орган бастығының қаулысы бойынша отыз тәулікке дейінгі мерзімге жүргізіледі.



      Бастық болмаған жағдайда, сотталған адамды қауіпсіз орынға ауыстыру туралы шешімді жазаны орындайтын мекеме немесе орган бастығының кезекші көмекшісі ол келгенге дейін, бірақ жиырма төрт сағаттан аспайтын уақытқа қабылдайды.


      4. Сотталған адамның қауіпсіз орында болуын отыз тәулікке дейінгі мерзімге ұзарту жазаны орындайтын мекеме немесе орган бастығының прокурормен келісілген қаулысы бойынша жүзеге асырылады.



      5. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген қатер сақталған кезде, жазаны орындайтын мекеменің немесе органның әкімшілігі сотталған адамды жазасын одан әрі өтеуі үшін жазаны орындайтын өзге мекемеге немесе органға жіберу жөнінде шаралар қолдануға міндетті.



      6. Қауіпсіз орынға ауыстырылған сотталған адам қауіпсіз орынға ауыстырылғанға дейін өзіне айқындалған ұстау жағдайларында жазасын өтейді.



      7. Жазаны орындайтын мекеменің немесе органның бастығы қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылдайтын және оларды қылмыстық сот ісін жүргізудің қатысушысы болып табылатын сотталған адамға қатысты жүзеге асыратын органдарға жәрдем көрсетуге міндетті.



      8. Мекемелерде қауіпсіз орын ретінде тәртіптік изоляторлар камералары, қамаққа алуды өтеу орындарында – жалғыз адамдық камералар пайдаланылуы мүмкін.

      13-бап. Сотталғандардың ар-ұждан және діни сенім



              
бостандығы құқығын қамтамасыз ету

      1. Сотталғандарға ар-ұждан және діни сенім бостандығы құқығына кепілдік беріледі.

      2. Діни жораларды орындау ерікті болып табылады.



      3. Діни жораларды орындау кезінде жазаны орындайтын мекеменің немесе органның ішкі тәртіптеме қағидалары сақталады. Сотталғандардың осы Кодексте көзделген өздерінің міндеттерін орындаудан бас тартуына түрткі болумен және Қазақстан Республикасының заңнамасын өзге де бұзумен ұштасатын әрекеттерге жол берілмейді.



      4. Сотталғандардың немесе олардың туыстарының өтінуі бойынша салт-ғұрыптарды атқару қажет болған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметшілері шақырылады.



      5. Жазаны орындайтын мекеменің немесе органның әкімшілігі діни жораларды орындау үшін жағдай жасайды, сондай-ақ дін қызметшілері жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.



      6. Жазаны орындайтын мекемелер мен органдардың аумағында ғибадат үйлерін (құрылыстарын) салуға тыйым салынады.

      14-бап. Сотталғандардың шағыным жасауы

      

1. Қамаққа алуға, бас бостандығынан айыруға, өлiм жазасына сотталғандардың жазаларды орындайтын мекемелердің немесе органдардың жоғары тұрған басқару органдарына, сотқа, прокуратура органдарына, өзге де мемлекеттік органдарға, қоғамдық бірлестіктерге, сондай-ақ адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі халықаралық ұйымдарға жолдаған шағынымдары жазаларды орындайтын мекемелердің немесе органдардың әкiмшiлiгi арқылы жiберiледi. Жазалардың өзге де түрлерiне және қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларына сотталғандар шағынымдарын өздерi жiбередi.



      2. Жазаны орындайтын мекемелер мен органдарда олардың лауазымды адамдарының құқыққа сыйымсыз әрекеттеріне сотталғандардың шағынымдар беруіне арналған арнайы пошта жәшіктерінің жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі. Көрсетілген шағынымдарды прокурор жазаны орындайтын мекеме немесе орган әкімшілігі өкілдерінің қатысуымен аптасына бір реттік кезеңділікпен алып отырады, бұл жөнінде акт жасалады. Арнайы пошта жәшіктері жазаны орындайтын мекемелер мен органдардың аумағында және үй-жайларында сотталғандар үшін қолжетімді жерлерде орнатылады.



      3. Қамаққа алуға, бас бостандығынан айыруға, өлiм жазасына сотталғандардың жазаны орындайтын мекемелер мен органдардың қызметiн бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға жолдаған шағынымдары бақылауға жатпайды және бiр тәулiктен кешiктiрiлмей адресатқа жiберiледi.



      4. Бас бостандығынан айыруға, қамаққа алуға немесе өлім жазасына сотталған адамның адвокатпен хат жазысуы бақылауға жатпайды.



      5. Қамаққа алуға, бас бостандығынан айыруға, өлім жазасына сотталғандар ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары арқылы азаптаудың және басқа да қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарекеттер мен жазалау түрлерiнің қолданылғаны туралы өтініш жібере алады.



      6. Сотталған адамның атынан шағынымды оның келісімінсіз кез келген адам ұсына алмайды.



      7. Сотталғандардың жазаларды орындайтын мекемелер мен органдар әкімшілігінің шешімдеріне немесе әрекеттеріне байланысты шағынымдары, заңда көзделген жағдайлардан басқа кезде, олардың орындалуын тоқтата тұрмайды.



      8. Шағым берген сотталған адам шағым бойынша қабылданған шешім туралы хабардар етілуге тиіс. Шағымды қанағаттандырудан бас тарту уәжді болуға тиіс.



      9. Шағым берген сотталған адамға зиян келтіру үшін шағымды пайдалануға жол берілмейді.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©stom.tilimen.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет