Қазақстан республикасы және біріккен ұлттар ұйымы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археология, этнология және музеология кафедрасының т.ғ. к., доцент Г. Б. Қозғамбаева



Дата08.03.2018
өлшемі119.9 Kb.
#60651
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЖӘНЕ БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археология, этнология және музеология кафедрасының т.ғ.к., доцент Г.Б. Қозғамбаева

Біріккен Ұлттар Ұйымы – дүние жүзіндегі мемлекеттердің басым көпшілігін біріктіретін, ең ықпалды, әмбебап халықаралық ұйым.



Біріккен Ұлттар Ұйымы қызметінің басым бағыттары, әлемнің барлық аймақтарында көптеген қақтығыстарды реттеу және олардың дүниежүзілік соғысқа айналуына жол бермеу, халықаралық ланкестікке, экстремизмге, есірткі саудасына және ұйымдасқан қылмысқа қарсы барлық елдердің күресін ұйымдастыру, жаппай қырып жоятын-ядролық, бактериологиялық, химиялық қаруларға сынақ жасауды тоқтату және оларды жою, кедейшілікпен күрес, қоршаған ортаны қорғау болып табылады [1, 29б.]. Қазақстан 1992 жылдың 2 наурызында БҰҰ мүшесі болды, ал сол жылдың 15 маусымында Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы тұрақты Өкілдігі құрылды. Қазақстан БҰҰ мүшесі болған 168-ші мемлекет. Қазіргі таңда ұйымның құрамынада 193 мемлекеттің бар екені белгілі [2, 42 б.].

БҰҰ-мен және оның жүйесіндегі ұйымдармен ынтымақтастық жүргізу біздің мемлекетіміздің сыртқы саясатының басым бағыттарының біріне айналды. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 1992 жылы қыркүйектегі 47-ші сессиясында алғаш еліміздің делегациясы қатысқан. Қ.Ж.Тоқаев: «Осы форумда Н.Назарбаев екі маңызды ұсыныс жасады... Біріншіден қазақстандық басшысы барлық үкіметтерге ізгі ниет білдіру тәртібімен «бір плюс бір» формуласы бойынша БҰҰ-ның бітімгершілік күш-жігерінің қорын құруды бастауды ұсынды. Бұл формула төмендегіні білдіреді, әрбір мемлекет оған өзінің қорғаныс бюджетінен бір пайыз бөліп, жыл сайын өзінің ақша аударуын сол баяғы бір пайызға ұлғайтады. Осындай жолмен 10 жылдан кейін осы бітімгершілік сомасы он есе өседі. Екіншіден, Қазақстан басшысы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім білдіру шаралары жөніндегі кеңесті шақыру туралы бастама көтерді. Азия құрлығының орасан зор кеңістігінде қауіпсіздік құрылымын құруға бағытталған осы ұсыныс біздің еліміздің басшысын халықаралық сахнада кеңінен танымал етіп, Қазақстанның сыртқы саясатының арқауына айналды» деп атап көрсетті [3, 276-277б.б.].Осы идеяның өмірге икемділігі мен қажеттілігі туралы мына факт айғақтайды, 14 жылға жуық уақыт өткеннен кейін осы аймақтық ынтымақтастықтың қауіпсіздік саласындағы көп жақты институты Азия құрлығында сыртқы саясат қалыптастырудың ең салмақты құралдарының біріне айналды. Бұл жөнінде 2006 ж. маусымда Алматыда өткен АӨСШК Екінші Саммиті куәландырады, оған Азиядағы жетекші мемлекеттердің мемлекет және Үкімет басшылары қатысты. Осы бастама Қазақстанды мемлекеттердің халықаралық қоғамдастыққа интеграция жасаумен ғана шектелмейтінін, сол қоғамдастықтан лайықты орнын алуға ниетті екенін айқындап берді. АӨСШК-ден басқа, Қазақстанның БҰҰ аясында әр жылдарда ұсынған негізгі халықаралық бастамалары мыналар: БҰҰ қамқорлығымен Орталық Азиялық бітімгершілік батальон құру; БҰҰ бітімгершілік күш-жігерлерінің «бір плюс бір» формуласы бойынша қорын құру: әр мемлекет оған өзінің қорғаныс бюджетінен 1 % береді, жыл сайын өзінің аударымдарын 1 %-ға ұлғайтып отырады; Орталық Азияда алдын алу дипломатиясы бойынша Аймақтық орталық құру; Орталық Азияның экономикалары үшін БҰҰ АБ әзірлеу; Ішкі континенталды мемлекеттердің проблемалары бойынша БҰҰ жаһандық бірінші конференциясын шақыру; БҰҰ контр-лаңкестік комитетінің көшпелі отырысын өткізу; Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру және өткізу; Арал және Семей экологиялық апат аймақтарын сауықтыру [4]. Осы бастамалардың көпшілігі БҰҰ қабылдаған шешімдерден өзінің практикалық көрінісін тапты, бұл Қазақстан көтерген проблемалардың өзектілігін дәлелдейді. Осыған байланысты біздің мемлекетіміздің БҰҰ-ғы позициясы Ұйым қарайтын барлық мәселелердің кешені бойынша Қазақстан мүдделерін ескеру негізінде қалыптасатынын атап өту қажет. Бұл ретте БҰҰ-мен экономика, экология, әлеуметтік даму, халықаралық құқықты прогрессивті жаңарту, адам құқықтарын қорғау, сондай-ақ тұрақтылық пен қауіпсіздіктің лаңкестік, экстремизм, ұйымдасқан қылмыстылық және есірткі бизнесі сияқты қазіргі сес көрсетулері мен қауіп-қатерлерімен күресу салаларындағы ынтымақтастықты күшейтуге ерекше назар аударылады.

Еліміз ұйымның жаһандық іс-шараларына белсенді қатысады, солардың қатарында БҰҰ 2000 ж. Мыңжылдық Саммиті, форум барысында Мыңжылдық Декларациясы және Мыңжылдықтың даму мақсаттары қабылданды, 2005 ж. Саммит, оның қорытындылары бойынша Ұйым реформасының негізгі бағыттары бекітілді, сондай-ақ БҰҰ тұрақты даму жөніндегі Йоханнесбург Саммиті, дамуды қаржыландыру саласындағы Монтеррей конференциясы және т.б. Қазіргі дамудың өзекті мәселелерін шешудегі Қазақстанның сындарлы рөлі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 ж. тамызда Алматыда теңізге шығу жолы жоқ елдер үшін БҰҰ жаһандық бірінші Конференциясын өткізу жөніндегі бастамасында айқын көрсетілген. Конференцияның қорытындылары бойынша «Алматы іс-әрекеттер бағдарламасы» қабылданды, ол түбегейлі сипаттағы құжат, осы құжаттың ережелері ішкі континенталды елдердің өздерінің транзиттік көршілерімен өзара қатынастарындағы проблемаларды шешу кезінде негізге алынады. Ядролық полигонды өз еркімен жапқан және ядролық қарудан бас тартқан әлемдегі бірінші мемлекет ретіндегі Қазақстанды жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау проблемасы бей-жай қалдырмайды.

Қазақстанның БҰҰ-мен ынтымақтастығы оның Секретариатының және ұйым жүйесінің Нью-Йорктегі, Женевадағы және басқа қалалардағы жетекші ұйымдарының штаб-пәтерлері арқылы ғана дамумен шектелмейді. БҰҰ-ның жетекші агенттігі ретіндегі БҰҰ Даму бағдарламасы Өкілдігі бастаған Қазақстанда жұмыс істейтін БҰҰ жүйесіндегі ұйымдармен өзара ықпалдастығы осы ынтымақтастықтың құрамдас бөлігі болып табылады. Осы ынтымақтастық ҚР-ның Үкіметі мен БҰҰ арасында тиісті Келісімге қол қойылғаннан кейін 1992 жылы ақпанда басталды. Содан бері Қазақстанда БҰҰ жүйесіндегі көпшілік мамандандырылған мекемелердің, қорлардың және бағдарламалардың өкілдіктері ашылды және олар белсенді жұмыс істеуде. Олардың қызметі бастапқыда Қазақстанға кең ауқымда техникалық, консультативті және қаржылай көмек көрсетуге бағытталды. БҰҰ ДБ сызығы бойынша Қазақстанға 1994 ж.көрсетілген көмек - 446 мың долларға, 1995 ж.-1817 мың долларға,1996 ж.-1279 мың долларға, 1997 ж.-1200 мың долларға теңелді. Одан кейінгі 5 жылда Қазақстанның даму бағдарламасына БҰҰ-ның бөлінген ақшасы -7 млн. долларға тең [5,28б.]. Қазақстанның БҰҰ шеңберіндегі жұмысының ең маңызды бағыты Қазақстан аумағындағы экологиялық апаттарға байланысты проблемалардың шешілуіне дүниежүзілік қоғамдастық тарапынан көмек алдыру, онда: Арал теңізі және Семей аймағындағы экологиялық мәселелері шешу.

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаев 1992 жылы БҰҰ БА- ның 47-сессиясында сөйлеген сөзінде әлемдік қоғамдастықтың назарын Семей ядролық полигонының салдары проблемасына аударды. Ол «бұл өңірді сауықтыру, адамдарды емдеу, жаңа туған балаларды қауіпсіздендіру үшін өте көп қаржы қажеттігін» атады және БҰҰ мүше мемлекеттерін Қазақстанға халықаралық көмек беруге шақырды[6]. ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаев 2002 ж. қыркүйегінде Йоханнесбургте орнықты даму жөнінде БҰҰ Бүкіл әлемдік Саммитінде сөйлеген сөзінде осы өңірдің проблемасын көтерді.



Қазақстан Республикасының Сыртқы Істер Министрлігінің негізгі жұмысы Семей өңірін қайта қалпына келтіру жөніндегі Халақаралық бағдарлама шеңберінде жүргізіледі. Бұл бағдарлама 1997 ж. халықаралық және қазақстандық сарапшылардың бірлескен миссиясымен құрылған болатын. Оған құны 43 млн. АҚШ долларын құрайтын 38 жоба енді. Бағдарлама экологиялық, гуманитарлық, әлеуметтік-экономикалық, денсаулық, ақпараттық және үгіт-насихаттық қамту проблемаларын шешуге бағытталған. Бұл халықаралық бағдарлама күні бүгінге дейін Семей өңірін қайта қалпына келтірудің тұғырнамасы болып отырғанын атап өту керек. Сөйтіп, 2002 ж. сәуірінде Алматыда. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі, БҰҰ Даму бағдарламасы, Қазақстандағы Жапония елшілігінің бірлесіп өткізген пресс-конференциясы болды. Конференция Семей өңірінде БҰҰ Даму бағдарламасының үш жобасын жариялауға арналды. Жапония Үкіметі қаржыландыратын және Семей өңірін қайта қалпына келтірудің Мемлекеттік Бағдарламасы шеңберінде әзірленген бұл үш жобаның: «Семей өңірінде шағын кәсіпкерлікті дамытуды қолдау», «Үкіметтік емес ұйым және жергілікті қауымдастық ұйым шағын гранттарын ұсыну», «Семей өңіріндегі әйелдердің микронесиелеу үлгісін дамыту» – ресми ашылу салтанаты 2002 ж. сәуір айының ортасында Семей қаласында өтті. Жобалар өңірдегі халықтың ең әлсіз кедей топтарының әлеуметтік проблемалары деңгейін төмендетуге бағытталған. Бұл жобаларды іске асыруда жапон үкіметі 1,1 млн. АҚШ долларын қосты. Жабаның жалпы іске асырылуын Семей қаласының әкімияты жауапкершілікке алды. Жобалық құжаттар БҰҰ Даму бағдарламасы және Жапония Үкіметінің қатысуымен ұлттық және жергілікті кеңесшілер бірлесіп әзірледі. Жобалар шеңберінде шағын несиелеуді дербес лицензиялау институты мен Үкіметтік емес ұйым және жергілікті қауымдастық ұйым шағын гранттарын әділ және таза бөлу принциптерін сақтау мақсатында Бизнес-консультация орталығын және Грант комитетін құру жоспарланған. Үкіметтік емес ұйым және жергілікті қауымдастық ұйым шағын гранттарын бөлу бойынша жоба бұрынғы ядролық полигон аумағында жатқан Павлодар және Қарағанды обылыстарының кейбір аудандарын қамтиды [7, с. 128-130]. Арал және Семей проблемасы Екінші Комитеттің мәжілісіндегі Тұрақты Өкілдің сөзінде қайтадан өткір қойылды. Арал апатына қатысты айтулы деректерді келтіре отырып, Қазақстан делегациясы осы өзекті мәселе бойынша арнаулы БҰҰ конференциясын өткізуді сұрады. Қазақстан БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау саласында және «Күн тәртібі – ХХІ ғасыр» бағдарламасын іске асырудағы, сондай-ақ донор-елдердің көмегін тарта отырып, әлемдегі төтенше жағдайларға тиімді және кіріктірілген жауап беру үшін Ұйымның қабілетін арттыруда БҰҰ Даму бағдарламасы жетекші рөлін қолдады. Осыған байланысты Қазақстан өкілі бұл қызметпен әлемнің барлық өңірлерін, соның ішінде БҰҰ жүйесіне енбеген Орталық Азияның тәуелсіз мемлекеттерін қоса алғанда, қамту қажеттігін атап айтты. Бұл орайда БҰҰ Даму бағдарламасы Басқарушы кеңесі қабылдаған шешімдер тек Шығыс Европа елдеріне ғана емес, Орталық Азияға таралатынын, Батыс Азия мен Тынық мұхит өңіріндегі БҰҰ өңірлік офистері Орталық Азия өтпелі экономикасымен жаңа мемлекеттердің экономикалық проблемаларын шешуде өз ынтымақтастығын Азия және Тынық мұхит үшін (ЭСКАТО) БҰҰ Экономикалық және Әлеуметтік Комиссиясымен өз қызметтестігін күшейтеді.

БҰҰ Бас Асамблеясының 1998 ж. қарашасындағы мәжілісінде Семей жоғарылатылған көңіл бөлетін зона болып жарияланды және халықаралық донорлық ұйымдарды оған көмек беруге шақырды. Бұған жауап ретінде Семей өңірі халқының әлеуметтік әлсіз бөлігі және кедейлері үшін жағдай жасау және халықтың өмір деңгейін арттыру, кедейлікті төмендетуге бағытталған жобаларды қаржыландыру мақсатында Семей өңірін қайта қалпына келтіру Бағдарламасы үшін трастылық қор құрылған болатын. Жапония Үкіметі 1,1 млн. АҚШ долларын қорға құйып, негізгі донор сапасында болды. Бұл қаржыны Семей өңіріндегі жобаларды іске асыру үшін БҰҰ Даму бағдарламасы шағын гранттар бағдарламасы, әйелдер үшін микронесиелеу жобасы және бизнес-консультация орталығы сияқты құрылымдар арқылы жұмсады. БҰҰ Даму бағдарламасы Семей өңіріндегі жергілікті тұрғындардың өмір деңгейін көтеруге және кедейшілікті төмендетуге оң әсерін тигізді. Шағын гранттар инфрақұрылымды (әсіресе сумен қамтамасыз етуде), әлеуметтік және медициналық қызметтерді жақсартуға, ал микорнесиелер кірістердің елеулі артуына көмек жағдай жасады. Екі жобада жаңа жұмыс орындарын жасауға көмектесті. Бизнес-консультация орталығы қызметі де септігін тигізді. Бағдарламаның өмір сүру жағдайын жақсартудағы бенецифиар мүмкіндіктерін кеңейту болып табылады, оған мысалға «Береке» микронесиелеу ұйымын атауға болады, дегенмен бағдарламаның мүмкіншілігі бұл салада шектеулі болды, ал Шағын гранттар және Бизнес-консультация орталығы сияқты бастамалар донорлар тарапынан қаржыландыруға тәуелді болады [8, с. 78].

Арал және Семей өңірінде экологиялық жүйенің күйреуіне байланысты халықтың денсаулығына елеулі зиян келтірілді. Қазіргі уақытта бұрынғы Семей полигонында және оған іргелес өңірлерде ( 85 елді мекен, халық саны 71,9 мың адам) онкологиялық аурулар, қан ауруы, жас туған балалар кемістіктері, ерте қартаю, өлім деңгейінің жоғары болуы байқалады. Арал өңірі экологиялық апат зонасында (9178 елді мекен, 186,3 мың адам)асқазан-ішек аурулары, қан аздық (әсіресе әйелдер мен балалар арасында), балалар өлімі және туа біткен кемістік деңгейі жоғары. Еліміздің ішкі қауіпсіздігін жою мақсатында мемлекет әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайлардың кешенді талдауын, ауыз су сапасының тазалығын бағалау шараларын жүргізуде. Атқарушы органдарға 2007 жылға дейін жұртшылықтың жергілікті орын ауыстыруын және экологиялық жұтаң зона аумақтарын пайдаланудың бағдарламасын әзірлеу тапсырылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылы 29 желтоқсанда қаулысы негізінде бекітілген 2003-2010 жылдары еліміздің минералдық-шикізаттық кешенінің ресурстық базасын дамыту бағдарламасы шеңберінде әскери-сынақ полигондары аумағында кешенді гидрогеологиялық және геоэкологиялық зерттеулер басталды. Қазіргі кезеңде экономиканы экологияландыру еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық негізгі мемлекеттік бағдарламаларына жекелеген тараулар түрінде экологиялық қауіпсіздік мәселелері белсенді енгізілуде. Мысалы, қоршаған ортаны қорғау бойынша арнаулы тараулар 2003-2006 жылдары Үкімет бағдарламасында, Каспий теңізінің қазақстандық секторын игерудің мемлекеттік бағдарламасында, 2015 жылға дейінгі индустриалдық-инновациялық даму стратегиясында, Ауылдық аумақтарды дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламада бар [9, с. 181-191]. Жобалар қоршаған ортаны қорғау, кедейлікті төмендету, азаматтық қоғамды мемлекеттік қолдау сияқты салаларда іске асырылды. Есептеме авторлары жобаларды тиімдірек іске асыруда донорлар мен үкімет арасындағы қызметтің үйлесімі мен келісушілігінің жетімсіз болғанын, сондай-ақ жергілікті жерлерде жобаларды қолдаудың шектеулігі болғанын атайды. Кездесудің негізгі мақсаты – Арал өңірін қолдауға және дамытуға тартылған барлық тараптарға келешекте жобаларды үйлестіру бойынша бірлесіп ұсыныстарды талқылау және алу.

Қазіргі кезде ҚР-сы Үкіметінің БҰҰ-мен ынтымақтастығы 2005 жылы бекітілген даму мақсаттарында көмек көрсету жөніндегі 2005-2009 жылдарға арналған БҰҰ Негіздемелік бағдарламасы (ЮНДАФ) аясында жүзеге асырылады. ЮНДАФ аясында 2005-2009 жылдарда қаржыландырудың жалпы көлемі 33 млн. АҚШ доллары мөлшерінде күтілуде, соның 17 млн. АҚШ доллары кепілденген қаржы көздерінен түседі. «Қазақстан әлемде халықаралық қауымдастықта күшті экономикаға және берік ұстанымдарға ие өңірлік держава ретінде қабылданатынын да естен шығармағанымыз абзал. Бұл мәртебені қастерлеуіміз және еліміздің қазіргі әлемдегі беделін нығайту үшін қосымша күш-жігер жұмсауымыз керек» [10, 42б.]. Өз мүдделерін қорғай алатын мүмкіншіліктері бар және күшті ресурстарға бай мемлекеттердің қоршауындағы Қазақстан сыртқы саясатын жүргізу және реформалаудағы белгіленген бағыттарын БҰҰ талаптарына сай жүзеге асыруға ұмтылуда. Қазақстан барлық негізгі халықаралық құжаттарға қосылып, халықаралық қатынастардағы барлық саладағы құқықтық қатынастарын реттеуге мүмкіндік алды.

БҰҰ, әсіресе Қазақстанның ядролық қарудан ерікті түрде бас тартқан дүниежүзіндегі бірінші мемлекетке айналғанын және біздің еліміз әлемде бірінші болып ядролық полигонды жабу жөніндегі шешімін жоғары бағалады. 1994 жылдан бастап БҰҰ БА-ның қатарынан үш сессиясы ядролық қарусыздану жөніндегі барлық қарарларына еліміздің қосқан үлесін ерекше атап көрсетті.1996 жылы қыркүйекте Қазақстан БҰҰ-ның ядролық сынақтарға тыйым салу жөніндегі келісімге қол қойды. [11, 184б.]. Қазақстанның ядролық қарусыздану және оны таратпау режимін нығайту ісіндегі үлесін БҰҰ жоғары бағалады. Қазақ жерінде орналасқан ядролық қарулар келісімдік процестер шеңберінде жойылып, республика ядролық қарусыз мемлекет дәрежесін алды.

Бүгінде Қазақстан 130-дан астам шет мемлекетпен дипломатиялық қатынастар орнатты. Біздің мемлекет көптеген халықаралық ұйымдарға мүше болды және олардың тұрақты өкілдері Қазақстанда ашылды. Әлемдегі жағдайдың өзгеруі, сыртқы саяси, экономикалық саясаттың көпжақты бағыт алуына байланысты саясат өзгерту қажеттілігі туындады. [12, 158б.]. Біріккен Ұлттар Ұйымы және оған мүше мемлекеттер тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің экономикасының қарқынды даму жолдарын жоғары бағалайды. Елбасы БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 70-ші сессиясында әлемдік саясатқа қатысты жалпы пікір таласта сөз сөйледі. Елбасының БҰҰ тарихында халықаралық мінберде алғаш рет қазақ тілінде баяндама жасауы  ерекше есте қалды.

Нұрсұлтан Назарбаев күн тәртібіндегі мейлінше өзекті халықаралық мәселелер бойынша еліміздің ұстанымын және оларды шешу жолдарын баяндады. Мемлекет басшысы адамзаттың ХXI ғасырдағы ең басты міндеті әлемді соғыс қатерінен мүлде арылтатын және оның себептерін жоятын стратегияны жүзеге асыру болуға тиіс екеніне назар аударды. Сондай -ақ БҰҰ-ның ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу туралы Жалпыға ортақ декларациясын қабылдау жөнінде бастама жасалды. Сонымен қатар Елбасы халықаралық құқық қағидаттарын жаһандық саясаттың барлық қатысушылары сақтауы маңыздылығына тоқталып, 2016 жылы БҰҰ- ның халықаралық құқықтың арқаулық қағидаттарын бекітуге арналған жоғары деңгейдегі халықаралық конференциясын шақыру идеясын жариялады.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ-ның мерейтойлық сессиясында жасаған баяндамасы ұйым хатшылығы тарапынан жоғары қолдауға ие болды.


Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1.Иманбекова Б.И. БҰҰ- ғаламдық саяси институт. Әлемдік қауымдастық және Қазақстан республикасы. ҚР-ның БҰҰ-на кіруінің 20 жылдығына орай Дөңгелек стол материалдары. – Алматы. – 2012. – 29-31б.б., – 29б.

2.ҚР-ның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінің қызметі туралы. // Дипломатия жаршысы 4(31) – 2011. – 42– 43б.б., – 42б.

3.Тоқаев Қ. Қазақстан Республикасының дипломатиясы.– 2002 – 568б.,-276 – 277б.б.

4. http: // www.mfa.kz

5.СүтееваҚ.А.Қазақстан Республикасының БҰҰ-ғы алғашқы қадамдары. Әлемдік қауымдастық және Қазақстан республикасы.ҚР-ның БҰҰ-на кіруінің 20 жылдығына орай Дөңгелек стол материалдары. 1 наурыз,– 2012. – 26 - 28б.б., –28б.

6. Выступление Президента Республики Казахстан Н. Назарбаева на 47-й сессии ГА ООН //http.//www.acorda.kz.

7. ХХI – безъядерный век. Устойчивое развитие Семипалатинского региона // Материалы международной научно-практической конференции. г. Семипалатинск, 11 июля 2003 г. – Алматы, – 2004. – С.156.

8. Снижение бедности в Казахстане: политика государства вклад ПРООН // Материалы, подготовленные Центром ПРООН в Алматы. – А., 2005. – 81 с.

9.Самакова А. Роль государства в обеспечении экологической безопасности Казахстана // Казахстан и современный мир. – 2004. № 4 (11). – С. –181-191.

10.Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында. ҚР-ның Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. – Алматы: Атамұра, – 2005. –48 бет,– 42б.

11. Абдулпаттаев С.Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты.– Алматы: Мария, – 2005. – 205б. –184б.



12.Батыршаұлы С. Дипломатиялық қызмет және халықаралық қатынастар. – Астана., – 2011. – 508 б. – 141б.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> Қазақстан республикасының денсаулық сақтау әЛЕУМЕТТІК денсаулық сақтау министрлігі
publications -> Қазақ тіліндегі физикалық ЖӘне техникалық терминологиялық СӨздіктердегі үйлесімсіздік
publications -> Реферат тақырыбы: Сыртқы және ішкі сәулелену әсерінен пайда болатын аурулар Орындаған: Медеубек М. А. Тобы: 103 фк
publications -> Ас қорыту жүйесі
publications -> Тіл – ел байлығы
publications -> В медицинской практике остеомиелитом называют воспаление всех слоев кости от костного мозга до надкостницы
publications -> Делимитация и демаркация государственной границы рк как фактор национальной безопасности
publications -> Морфологические изменения миокарда предсердий при внезапной сердечной смерти у пожилых людей
publications -> Патриоттық тәрбие Аннотация


Достарыңызбен бөлісу:




©stom.tilimen.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет