Қазақстан республикасы жалпы орта білім беру жүйесінде «Өзін-өзі тану» ПӘнін оқытудың Қазіргі жаңа бағыттары



Дата16.07.2017
өлшемі127.7 Kb.
#39122
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЖАЛПЫ ОРТА БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕ «ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУ» ПӘНІН ОҚЫТУДЫҢ ҚАЗІРГІ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ

Әрінова Б. А.

педагогика ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ- доценті, baxit-@mail.ru

Аннотация. Мақалада жалпы білім беретін мектептердегі «Өзін-өзі тану» пәнін оқытудағы қазіргі жаңа бағыттарға талдау жасалады. Автор «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының мазмұны мен құрылымдық ерекшеліктеріне сипаттама бере отырып, «Өзін-өзі» тану» пәнінің жалпы білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде міндетті пән ретінде оқытылу тарихына шолу жасайды. Сонымен қатар автор аталған пәнді қазіргі уақытта жаңа әдіс-тәсілдер арқылы оқытуда басшылыққа алынатын абсолютті мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтар жүйесінің ізгілік педагогикасындағы орнына сипаттама береді.

Түйін сөздер: ізгілік педагогикасы, оқушы, рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы, өзін-өзі тану, жалпыадамзаттық құндылықтар, оқыту.


Кіріспе

Қазақстан Республикасының қазіргі қоғамдық дамуында жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесі олардың бойында жалпыадамзаттық, ұлттық, этномәдени және тұлғалық құндылықтардың үйлесімді жинақталуына бағдарланған. Аталған құндылықтар олардың өзін толық іске асыруына, өмірдегі өз рөлі мен өмірлік мұратының мәнін ұғынуына, қоғамға қызмет етуіне мүмкіндік беретіндей дәрежеде болуы керек. Сол себепті қазіргі жеткіншектердің өзін-өзі тануы тануы, өзін-өзі дамытуы, өзін-өзі басқаруы және өзін-өзі іске асыруы олардың әлеуметтенуіндегі стратегиялық бағыттардың бірі деп саналады.

Өзін-өзі тану білімнің құндылық тұрғысындағы мәнін күшейте түсіп, жеке тұлғаның риясыз сүюін, өзіне және өз күшіне сенуін, жақсылық жасауын, өзін-өзі жетілдіруі мен өсуі тұрғысынан үйлесімділікке қол жеткізу қабілеттерін ашады және дамытады. Осы ретте жалпы білім беретін орта мектептерде міндетті пәндердің бірі ретінде оқытылатын «Өзін-өзі тану» пәнінің алатын орны ерекше. Бұл пән оқушылардың шығармашылық қабілеттері мен бейімділіктерін ашуға, түрлі мәселелерді адамгершілік қағидаларға сәйкес шешуге, өзі мен өзгелерді, сонымен қатар, өзін қоршаған әлемді бағалай білуге үйретуді көздейді. Өзін-өзі тану нәтижесінде жеткіншектер өз ойы, сөзі және іс-әрекеттерінде шынайы болуға, азаматтық және елжандылық танытуға және ізгілік әлеміндегі игі істердің басында тұруға дағдыланады. Сонымен қатар өзін-өзі тану адамның шығармашылық белсенділікке ұмтылуын, жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін үдеріс ретінде олардың тұлғалық интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыруға да негіз болады.

Қазақстан Республикасының қазіргі даму жағдайында мектеп оқушыларының білімі мен біліктілігін, шығармашылық қабілеттіліктерін, адамгершілік қасиеттерін, дүниетанымдық көзқарастарын, салауаттылық дағдыларын, жағымды мінез-құлық нормаларын рухани-адамгершілік құндылықтар арқылы қалыптастыру - басты мақсат екендігі ҚР білім беру саласындағы ресми- нормативтік құжаттардың, Елбасының әр жылғы Жолдауларындағы идеялардың өзегін құрайды. Мәселен, Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында «әрбір адамның зияткерлік дамуы, психикалық-физиологиялық және жеке ерекшеліктері ескеріле отырып, халықтың барлық деңгейдегі білімге қолжетімділігі, білім берудің зайырлы, гуманистік және дамытушылық сипаты, азаматтық құндылықтардың, адам өмірі мен денсаулығының, жеке адамның еркін дамуының басымдығы, жеке адамның білімдарлығын ынталандыру және дарындылығын дамыту мәселелері» айрықша атап көрсетілген. 1.



«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының жалпы білім беретін мектептердегі оқыту үдерісіне ендірілу тарихы

Қазіргі уақытта қазақстандық білім беру жүйесінің алдына үлкен міндеттер жүктеліп, оқыту мен тәрбиелеу үдерісінде бүгінгі қоғам талабына сай тұлға қалыптастыруға назар аударылуда. Осы орайда, еліміздің жас ұрпағына жасалған игілікті істің бірі ретінде ізгілік әлеміндегі жаңа бастама «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының мәні мен маңызы ерекше деп саналады. Жеке тұлғаның құндылықты бағдары, адамгершілік сапалары, адамның тұтас болмысы туралы ой қозғап, рухани-адамгершілік білім беруді басты идея етіп ұстанатын бұл бағдарламаның мақсаты әр адамның қоршаған ортада өзін табиғаттың бір бөлшегі ретінде сезінуге; адамның өзін-өзі толық іске асыруға; өзінің әлеуметтік рөлі мен өмірлік мұратының мәнін ұғынуға;қоғамға қызмет ету әлеуетін көтеруге; әрбір тұлғаның өзіндік ішкі мүмкіндіктерін толық пайдалана білуге үйрету болып табылады. [2].

«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының бүгінгі таңда он бес жылдан астам тарихы бар. Жаңа ғасырдың алғашқы жылдарынан, яғни 2001 жылдан бастап еліміздің білім беру ұйымдарында эсперимент жүргізіліп, оған 61 мектепке дейінгі мекеме, 75 жалпы білім беретін мектеп, 10 мектеп-интернат, 1 колледж, 30 жоғары оқу орындары қатысты. «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасын эксперименттік байқаудан өткізуді ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету «Бөбек» ҰҒПББСО-ның Адамды үйлесімді дамыту институтына жүктеліп, пәннің стандарты, оқулықтары және оқу-әдістемелік кешендері әр кезеңнің талаптарына сай дайындалды. Бұл істі жүзеге асыру мақсатында институт базасында еліміздің танымал ғалымдары, уақытша құрылған ғылыми-зерттеу ұжымдары қызмет атқарып, өзін-өзі тану педагогикасының қалыптасуы мен дамуының тарихына өз үлестерін қосты

Қазақстан Республикасында рухани-адамгершілік білім беру тұжырымдамасының алғашқы нұсқасы психология ғылымының докторы, профессор Х.Т. Шерьязданованың жетекшілігімен дайындалды. Тұжырымдаманың негізіне адамның өзіне, өзгелерге, табиғатқа, қоршаған ортаға және ұлттық құндылықтарға ізгілікті қарым-қатынас орнатуына ға ықпал ететін адамның үйлесімді дамуына қажетті идеялар салынды.

Бұл тұжырымдаманың негізінде Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасын эксперименттік байқаудан өткізуді ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ететін екі балама бағдарлама жасалды. Олардың біріншісіне республикалық мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру институтының әдіскері Н.И. Бахмутова , ал екіншісіне психология ғылымының докторы, профессор Х.Т. Шерьязданова жетекшілік етті.

«Өзін-өзі тану» оқу пәнінің келесі тұжырымдамалық негіздері 2002  жылы ҚР БҒМ Философия және политология институтының ғалымдары профессорлар Ә.Нысанбаев пен Г.Г. Соловьева жазған «Балалармен бірге өзгереміз» атты еңбекте көрініс тапты. Бұл ғалымдар «Өзін-өзі тану» оқу пәнінің мақсаты жаһандану жағдайында бақытты өмір сүре алатын, қоршаған ортамен ізгілікті қатынас орнататын, басқа халықтарға түсіністікпен қарай алатын және әртүрлі мәдениеттер мен өмірлік тәжірибелерге құрмет танытатын, сонымен қатар өзінің ұлттық бейнесін сақтап, қорғай алатын рухани-адамгершілік мұраттармен қаруланған, біртұтас рухани дамыған адам қалыптастыруға бағытталуы тиіс деп пайымдады.

«Өзін-өзі тану» оқу пәнін білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде, яғни мектепке дейінгі білім беруден бастап, жоғары оқу орындарындағы оқу-тәрбие үдерісіне енгізудің бірізді желілік тақырыптық жоспары 2003 жылы дайындалды. Біріктірілген бағдарлама бойынша оқу-әдістемелік кешендерді дайындау философия ғылымдарының докторы М.Ш. Хасанов және педагогика ғылымдарының кандидаты К.Т. Калилахановаға тапсырылды.

Эксперименттік байқаудан өтіп жатқан бұл пәннің ұлттық компонентін күшейту мақсатында 2003 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының базасында педагогика ғылымдарының докторы, профессор А.Қ. Құсайыновтың басқаруымен еліміздің көрнекті философ, психолог, педагог, мәдениеттанушы, әлеуметтанушы ғалымдарының қатысуымен уақытша ғылыми-зерттеу ұжымы құрылып, олар «Өзін-өзі тану» оқу пәні тұжырымдамасының жаңа нұсқасын дайындады. Бұл нұсқада жалпыадамзаттық құндылықтар қазақстан қоғамының адамзат тарихымен үйлесімді дамуы қазақ халқының рухани мәдениеті, этнопедагогикасы тұрғысындағы мәдени-тарихи және ділдік ерекшеліктерге сәйкес қарастырылып адамның өзін-өзі тануы адам әлеуетін дамытуға бағытталды.

«Бөбек» ҰҒПББСО адамның үйлесімді дамуы институтында 2004 жылы «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының дамытуды жетілдірудің жаңа стратегиялық бағыттары жасалды, оларда пәнді эксперименттік байқаудан міндетті пәндік қызметке трансформациялау міндеті қойылды. Осы міндетке сәйкес философия ғылымының докторы, профессор Е.Е. Бурованың жетекшілігімен 2005 жылы пәннің ұлттық білім беру жүйесіндегі орны оның бағдарлық, бейімділік, интеграциялық және жүйеқұрушылық сияқты негізгі қызметтерінің сипатымен анықталды.

2006 жылы АҮДИ ғалымдары мен әдіскерлерінің алдына пәннің білім мазмұнын стандарттау және оқушылардың оқу жетістіктерін бағалауды жобалау мақсаты қойылды. Осы жылы Қазақстанда жалпы орта білімді 12- жылдық білім беру жүйесіне көшіруге байланысты педагогика ғылымдарының докторы, профессор М.Ж. Жадринаның жетекшілігімен «Өзін-өзі тану» пәнінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (2006) дайындалып, тұңғыш рет нәтижеге бағдарланған білім беру үдерісінде құзыреттілік түріндегі оқу жетістіктерін анықтаудың әдіснамалық негіздері жасалды. «Өзін-өзі тану» пәнінің мақсат-міндеттерінің шеңберінде осы жылы оқулықтар мен ОӘК дайындау мәселесі қолға алынды.

Сөйтіп, осы уақыт аралықтарында «Өзін-өзі тану» пәнінің мазмұндық-құрылымдық жүйесі теориялық тұрғыдан дәйектеліп, пәнді оқытудың әдістемесі жасалды. Қазақстандық ғалымдар А.Н.Нысанбаев және Г.Г.Соловьева рухани-адамгершілік білімнің философиялық тұрғысын, К.Ж.Қожахметова педагогикалық және этнопедагогикалық тұрғысын, М.Х.Балтабаев оқушыларды рухани-адамгершілікке тәрбиелеудегі мәденилік тұрғысын, Х.Т.Шерьязданова рухани-адамгершілік білім берудегі психологиялық тұрғысын зерттеді. М.Ш Хасанов, Б.К.Дамитов, Б.А. Әлмұхамбетов т.б өзін-өзі тану курсының концептуалды-теориялық негіздерін және оны білім беру жүйесіндегі реформаларға сәйкес тәжірибеге енгізудің жолдарын қарастырса, М.Ж.Жадрина, Ғ.З.Байжасарова, Б.А.Әрінова,Ұ.Әбдіғаппарова, Б.К. Құдышева, Г.И. Қалиева, С.Сейтақов, Р.О. Ізғұттынова, Ж.Ж.Әкімбаева, Ж.Қажығалиева т.б. осы пәнді білім беру ұйымдарына енгізуде оны жалпы мемлекеттік стандарттарын нормативтік–құқықтық негіздерін жасап, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінен бастап, бағдарлы мектеп аралығындағы оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерін дайындады. Ал 2010 жылы аталған пән еліміздің білім беру жүйесінің барлық деңгейлеріне жаппай ендірілді. [3].

Ал бүінгі таңда аталған пәнді оқытудың жаңа кезеңі, жаңа белесі алға шығып отыр. «Өзін-өзі тану» пәнін жалпы білім беретін мектептерде, колледждерде және доғары оқу орындарында оқытудың әдістемесі түбегейлі өзгеріп, рухани-адамгершілік білім мазмұнын меңгерту жалпыадамзаттық абсолютті мәңгілік құндылықтарға негізделуде. Оқытудағы мұндай бетбұрыс ең алдымен қазіргі жаһандану жағдайындағы әлемдік өзгерістер, жаңартулар және адамзат баласының дамуындағы рухани дағдарыстарға байланысты екендігі сөзсіз. «Өзін-өзі тану» пәнін оқыту әдістемесінің жаңарып, толығуы адамның құндылықтар жүйесін дұрыс түсініп, оларды өз өмірінде, әртүрлі жағдаяттарда дұрыс пайдалана білуімен сипатталады.

Осыған орай «Бөбек» ҰҒПББСО Адамның үйлесімді дамуы институтының қызметкерлері «Өзін-өзі тану» пәнінің мазмұнын интегративтік тұрғыда жаңа қырынан қарастыруда.Мұндай игілікті іске Р.А. Мұқажанова, Г.А.Омарова, Г.И. Қалиева, Р.Мұратханова, Р.О. Ізғұттынова, Ж.Ж.Әкімбаева, И.Калачева және т.б. мамандар ат салысып отыр .

Жалпыадамзаттық рухани құндылықтар – әрбір адамның ішкі жан дүниесінің тереңінде жатқан, оны түрлі әрекеттерге ұмтылдыратын өмірдің идеалды формасы. Олар өмірге, сұлулыққа іңкәрліктен, тұрмыс қуанышынан, адамдар арасындағы қайырымдылық пен өзара түсіністіктің мәнін және өзінің өзгелерге керектігін сезінуден туындап, бұл сезінудің тамыры сүйіспеншіліктен тарайды. Жалпыадамзаттық құндылықтардың адамгершілік категориялары ретіндегі сипаты, адам өміріндегі орны сонау ежелгі грек философиясынан бастау алады. Құндылықтар туралы мәселені алғаш рет Сократ көтеріп, бұл мәселені өз философиясының негізі етіп алды және оны игілік (благо) тұрғысында қарастырды. Міне, осы кезден бастап әр адам үшін дұрыс әрекет, ал сол әрекетті жүзеге асыратын қайнар көздер жалпыадамзаттық рухани құндылықтар деп аталып келеді.

Педагогикада жалпыадамзаттық құндылықтарды білім мазмұнына енгізу мәселесі ХХ ғасырдың 80-90 жылдары жолға қойылып, оның ғылыми негіздерін И.Я. Лернер, В.Оконь, Л.Я.Зорина және т.б. ғалымдар қарастырды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет ізгілік әлеміндегі жаңа бастама «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы дүниеге келді. Т.И. Петракова «құндылық» категориясын үшке бөліп қарастырған.Мәселен, адамның табиғи күші мен жан дүниесінің қабілеттілігі құндылықтары: ақыл- ой, сезім, күш- жігер (ақылдың айқындығы, ойдың ұшқырлығы, сезімнің тазалығы, естің сенімділігі, күш- жігердің қайраттылығы)- бұл табиғи құндылықтар болса, адамның интеллектуалды және адамгершілік тұрғыда дамуы барысында меңгерген (әдеп, қамқорлық, сыпайылық, жанашырлық, кеңпейілділік, ақкөңілділік, сабыр және т.б ) құндылықтарды жүре пайда болған құндылықтар деп атаған. Ал үшінші түрін ол абсолюттік жалпыадамзаттық құндылықтар, яғни уақытқа бағынбайтын, ешқандай қоғаммен, ортамен шектелмейтін, бүкіл адамзат үшін маңызы зор құндылықтар,-деп атайды. Әр адам өз өмірінде осы үш жіктеменің бәрін де қолданады, сөйтіп, ол құндылықтар адамның қасиеттері түрінде көрініс табады.

Тұлға бойына міндетті түрде қажет және оның құндылықтар жүйесіің өзегі болатын, ешқашан өзгермейтін негізгі құндылықтар жүйесінің жиынтығы туралы сөз қозғау керек. Сондықтан да рухани адамгершілік тәрбие мазмұнының негізіне айналатын білім материалдарының мазмұнын іріктеу кезінде гуманистік бағыты мен жалпыадамзаттық мәнімен, маңыздылық деңгейімен, жан жақтылығымен ерекшеленетін құнлыдықтарды басшылыққа алу қажет. Бұл біріншіден, Т.И.Петракованың ұсынған құндылықтар жүйесінің төмендегідей үш жіктемесіне байланысты қарастырылады:



  1. Табиғи құндылықтар бұл адамның табиғи күші мен жан дүниесінің қабілеттілігі құндылықтары: яғни ақыл ой, сезім, күш жігер (ақылдың айқындылығы, ойдың ұшқырлығы, сезімнің тазалағы, естің сенімділігі, күш жігердің қайраттылығы).

  2. Жүре пайда болған құндылықтар бұл адамның интеллектуалды және алдамгершілік тұрғыда дамуы барысында меңгерген құндылықтар әдептілік, сыпайылық, сыйластық, жанашырлық, кеңпейілділік, ақкөңілділік, сабырлылық т.б.

  3. Абсолюттік жалпыадамзаттық құндылықтар ол уақытқа бағынбайтын, ешқандай ортамен, қоғаммен, шектелмейтін, бүкіл адамзат үшін маңызы зор құндылықтар. Абсолюттік (мәңгілік) жалпы адамзаттық құндылықтар тұлғаға рухани адамгершілік білім берудің негізгі өзегі болып табылады. Мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтар табиғи және жүре пайда болған құндылықтарды да қамтиды.

Жалпыадамзаттық құндылықтарды жарыққа шығару ізгілікке жол ашады, сол себепті олар барлық адами қасиеттердің өзегі болып табылады. Ішкі үйлесімділіке қол жеткізу үшін адам ойы, сөзі, ісі адами тұлғаның мынадай апектілеріне сәйкес келетін жалпыадамзаттық құндылықтарға сай болуы тиіс. Осыған орай қазіргі оқыту үдерісінде өзін-өзі тану сабақтарын ақиқат – интеллектуалды деңгей (ажырату деңгей), сүйіспеншілік – адамгершілік деңгей, дұрыс әрекет – физикалық деңгей, ішкі ыныштық – эмоциялық деңгей (сезім), қиянат жасамау – рухани деңгейді білдіретін жалпыадамзаттық бес құндылыққа бағыттау аса маңызды деп танылуда. Сонымен қатар пәнді оқытуда «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік бағдарламасын тиімді жүзеге асырудың төмендегідей үш шарты басшылыққа алынады:

  1. І шарт. Сүйіспеншілік сенім, шығармашылық шабыт атмосферасын құру, өзін-өзі зерделеуге, өзін-өзі интуитивті түрде ұғынуға жағдай жасау. Оқушы мен мұғалімнің өзара әрекеттестігінде бірі-біріне деген сенім үлкен рөл атқарады. Мұғалім шәкіртінің қабілетіне, оның бойындағы адамгершілік қасиеттерге құрметпен қарауы тиіс. Оқушының жеке басын құрметтеу оның өзін-өзі түсінуіне, ұғынуына жағдай тудырады.Сонымен қатар керемет мұғалім баланы шабыттандыра біледі. Жүрегіне нұр ұялатып, әр ісіне сүйіспеншіілк танытқан жағдайда бала кез келген істі құлшына, ықыласпен әрі шабыттана атқарады. Сөйтіп, ынтымақтастық және шығармашылық атмосфера туады.

  2. ІІ шарт. РАББ оқытудың тұтас педагогикалық үдерісімен ықпалдастыру. Рухани-адамгершілік білім беру бағдарламамасын жүзеге асыруды жалпыадамзаттық құндылықтарды сабақ барысында ғана емес, сыныптың және мектептің тұтас педагогикалық үдерісімен байланысты жүргізілуі арқылы ұйымдастыру қажет.

  3. ІІІ шарт. РАББ үдерісінде тек жағымды позитивті әдістерді қолдану қажеттігі. Өзін-өзі тану сабақтары басқа пәндерді оқыту әдістерінен өзгеше.Өйткені мұнда оқушының ғылыми негіздегі оқу материалдарын меңгеруі ғана емес, оның тұтас тұлғалық қалыптасуына қажетті құндылықтар жүйесі беріледі. Сол себепті пәнді оқытуда тек жағымды әдіс-тәсілдер қолданылады. Сүйіспеншілікке құрылған сабақ оқушыны тек ізгілікке жетелейтіні сөзсіз. Бұл шарттар бір-бірімен өзара сабақтастықта қарастырылуы тиіс. [4] .

Бұл аталған шарттардың ізгілік педагогикасының постулаттары түрінде қолдану өзін-өзі тану пәнін оқытудың сапасын арттыруға ықпал етері сөзсіз.

Қорытынды

Қорыта айтқанда, «Өзін-өзі тану» пәнінің мазмұнын мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтармен ұштастыру өз кезегінде пәнді оқытудың жаңа кезеңіне қадам жасап отыр. Бұл игі істің тарихи бастауы болашақтың еншісінде деп айтуымызға болады. «Өзін-өзі тану» пәнін жалпы білім беретін мектептерде жаңа бағытта оқытуда басшылыққа алынатын абсолютті мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтар ізгілік педагогикасының өзегі болып табылады. Ақиқат, сүйіспеншілік, дұрыс әрекет, ішкі тыныштық, қиянат жасамау сияқты мәңгілік жалпыадамзатттық адамгершілік құндылықтарды өз ойы мен ісінде бірдей қолданған адам нағыз кемелденген, рухани бастауға жеткен адам деп саналады. Сондықтан әлемді құндылық тұрғысында ұғыну барысында өзін-өзі танудың рөлі шексіз арта түседі. Бұл өз кезегінде жеке тұлғаның өмірдің мәнін, өзінің өмірдегі орнын түсінуіне көмектеседі.


Әдебиеттер:

  1. Қазақстан Республикасының Білім беру Заңы./Егемен Қазақстан. 2007ж. 7. шілде.

  2. Өзін-өзі тану.Қазақстан Республикасы Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты. Алматы: «Бөбек»ҰҒПББСО, 2006

  3. Әрінова Б.А. «Рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының ҚР жалпы білім беру жүйесіне ендірілуін құрылымдық-функционалды талдау» мақала. ҚазҰУ Хабаршысы «Педагогикалық ғылымдар» сериясы №2(42) Алматы, «Қазақ университеті» 2014,12-18б

  4. Мукажанова Р.А., Омарова Г.А. Методика преподавания дисциплины «самопознание» в школе. Алматы:ННПООЦ «Бөбек», 2013.-176с.

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> Қазақстан республикасының денсаулық сақтау әЛЕУМЕТТІК денсаулық сақтау министрлігі
publications -> Қазақ тіліндегі физикалық ЖӘне техникалық терминологиялық СӨздіктердегі үйлесімсіздік
publications -> Реферат тақырыбы: Сыртқы және ішкі сәулелену әсерінен пайда болатын аурулар Орындаған: Медеубек М. А. Тобы: 103 фк
publications -> Ас қорыту жүйесі
publications -> Тіл – ел байлығы
publications -> В медицинской практике остеомиелитом называют воспаление всех слоев кости от костного мозга до надкостницы
publications -> Делимитация и демаркация государственной границы рк как фактор национальной безопасности
publications -> Морфологические изменения миокарда предсердий при внезапной сердечной смерти у пожилых людей
publications -> Патриоттық тәрбие Аннотация


Достарыңызбен бөлісу:




©stom.tilimen.org 2023
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет