Қазақ хандығының тарихындағЫ Ұлы тұЛҒалар жәңгір хан – жаңа өркениет адамы



Дата07.07.2017
өлшемі179.02 Kb.




ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ТАРИХЫНДАҒЫ ҰЛЫ ТҰЛҒАЛАР

Жәңгір хан – жаңа өркениет адамы

Бір нәрсе айқын - Жәңгірдің халықтың қасы еместігі екендігі. Оның Ордадағы жиырма жыл хандығы кезіндегі осыны дәлелдейді. Қазақтың бүкіл тарихында Жәңгір алғаш рет мектеп, аурухан, дәріхана, малдәрігерлік емдеу орнын, шешекке қарсы емдеу пунктін ашты- өзі үшін ашқан жоқ. Егілуден үрейленген қазақтардың қорқынышын басу үшін алдымен өз балаларын ектірген. Мұражай мен мұрағат ашты, жәрмеңке жұмыс істеді, казначейлік кеңсе пайда болды – өзі үшін ұйымдастырған жоқ. Махамбет поэзиясындағы мына екі жол еске түседі. «Мұсылмандық кімде жоқ, тілде барда, дінде жоқ» дегендей, қазақтың ол уақытты мұсылмандықтың көптеген өзге жұрттары сияқты ислам дінін жаппай қабылдап, тұтастай мойынсұнуы шамалы еді. Ал жалпыға ортақ діннің ел болып та, ұлт болып та ұйысуға ықпал ететін рухани іс екені белгілі. Сондықтан да Жәңгір хан Ордада мешіт ашты. Екі баласын Бұхара мен Башқұрға діни оқуға жіберіп, өзгелерге үлгі көрсеткен. Бұл да тек өзі үшін емес, туған жұрты үшін жасалған істер. Әдебиеттерде де, ел аузында да Махамбетке жылы сөздердің мәнін ашудың да мәні аз емес: «Ақыл-есің болса арыныңды бас, өзің тұрғызған қабырғаны қиратпа. Егер екеуің: бірің оң жағымнан, екіншің сол жағымнан қолдасаң, өзгелерге үлг іболар еді ғой. Ал енді алдымда от, артымда құз». Сосын Исатайға айтылған: «Сені құртсам, халықтың назасына қаламын, мені шапсаң, патшаның назасына қаласың. Бірің ағам, бірің інім, бірің батыр, бірің ер, кімге қол жиғаныңды білмей өттің - ау», - деуі трагедияны терең сезінуі, шарасыздыққа шырматылған адал кісінің торығуы. Жастық шағы өзге қазақтардан басқаша өтіп, он жыл шамасы астрахандық губернатор Андриевскийдің тәрбиесінде орыстық, европалық білім, ғылыммен сусындап өскен Жәңгір өз заманының ең сауатты адамдарының бірі болған.

Ресей империясының қол астында тұрып, өзінің билігіне берілген жердің бір бөлшегінде мемлекеттің класикалық белгілерін орнықтырудың қазақ тарихындағы тұңғыш тәжірбиесін бастады.Оның әлемдік дамудың саяси, экономикалық барысын зерделеу, ел болашағына көз жіберіп, бағдарлау- көшпелінің күні ауғандығына аумаса, ауатын уақытының жақын екендігіне айқын көзін жеткізді. Отырықшылыққа ойыспай, елдік біріңғай тәртіп тер мен ережелерге бірікпей, біртұтас, мүддесі ортақ, ынтымағы жарасқан жұрт болудың мүмкін еместігін сезінді. Бірақ ол кезде мұндай сияқты, мемлекет тұрғыдағы тым күрделі де көлемді мүлдем жаңа істерді жүзеге асырудың кедергісі ұлт санасы, ұлт мінезімен байланысты адам айтқысыз көп еді. Біріншіден, Ішкі Орда Ресейдің игілігіндегі жер, оның тұрғындары Жәңгір хан таққа отырғанда небәрі 51 мыңның ғана шамасында болды. Екіншіден және негізінен, мемлекеттің, әсіресе батыстық үлгісі көшпелі тұрмыстық ғасырлар бойы қалыптасып, халықтың мінез – құлқын, іс – әрекетін ойлау мен тану жүйесін орнықтырған тарихи, дәстүрлік, тұрмыстық, шаруашылық, қауымдастық ережелеріне мүлдем жат жүйе еді. Жәңгір 1823 жылы әкесі Бөкейдің орны басып, арнайы указбен хан атағын алды. Араға бір жыл салып Орал қаласының жиынындағы тоғайда осы мәртебелі атақтың құрметіне ұлан – асыр той берілді. Оған Орынбор шекара комиссиясының шенеуніктері, Орал, Астрахань, казачествосының иығы зерлі әкімдері шақырылды. Бұл жер әлі күнге «Хан тоғайы» деп аталады. Жәңгір хан көтеріліп, ақ киізі тәберікке, малы талапайға түскен тұста Кіші жүз төртке бөлініп кеткен - ді. Жайықтың шығыс жақ Бұқар беті мен Ойыл, Елек бойын Баймағамбет сұлтан Айшуақов басқарды. Ырғыз, Темір жерін Ахмет сұлтан Жантөрин биледі. аңғыстау мен Үстірт маңындағы ел Сүйіңқар Үргенішбайұлы мен шекті Жанқожа Нұрмұханбетұлының иелігінде болды.

Жәңгір болса екі өзен арлығындағы Самар даласында ғана хандық құрды. Оның да Каспий теңізі жағалауы қайын атасы, есауыл Қарауылқожа Бабажановтың ықпалында еді.

Ендігі мәселе осы күнге дейін Махамбет ақынның «Хан емессің қасқырсың» деген бір ауыз өлеңімен бағаланып келген Жәңгір Бөкейұлы (1801- 1845ж.ж.) кім еді, азаматтық сапасы, ұстанған саясаты, елге тигізген қайыр – шапағаты қандай дегенге саяды.

1841 жылы Санк – Петербургта шыққан «Журнал министерства государственного Имуществода» А.Е. Алекторов «Джангир имел чин генерала и был почетным членом Казанского Университета» деп атап көрсетті. Хан орыс, неміс тілдері мен қатар парсы, арабша жетік білген деген дерекке кездесеміз демек, сыпайылығы мен дегдарлығы, өз заманының мойны озық білімдарлығы бір басына кемшіндік етпеген.

Жәңгірдің 4 әйелі болған. Үш әйеліне Ескендір, Зұлқарнайын, Сейткерей, Сақыпкерей, Ғұбайдолла тәрізді алдының даңқы алты алашқа жайылған сегіз ұл мен қыз көрді.

«Сын Отечества» журналы әйелі Фатима жайлы жаза келіп: «Женщина образованная, хорошего обращения, знает все приличия общения, говорит и пишет, кроме татарского, на русском, французском и немецком языке. Кроме бывает в городах, то посещает блогодарные собрания и участвует в танцах: одевается в европейские платья, однако в ставке носит татарское, а в кочевье с ханом – киргизское. Она супругом своим в 1826 году, находилась в Москве при торжестве коронование. Их и императорских Величеств и от высочайших шедрост удостоена драгоценными подарками. В 1829 году вновь прислан ей от Государыни- Императорицы дорогой головной убор, золотой филограмовой с топазами, состоящий из склаваж, гребенки и серьги» деп оның білімі мен тәрбиесіне, жоғары мәртебелі жандардың ілтипатына бөленіп сый – сияпат алғанына ерекше тоқталды. Император Николай І-нің Фатима ханымды биге шақырғанын, екеуінің құйын үйіріп билегенін, мұны көріп тұрған талай бикештің өзегіне өрт түскенін сол тұста шыққан баспасөз жасырмайды.

Сәл шегініс жасайтын болсақ, Жәңгір мен Фатима неке қиғызған 1824 жылы қыс айын Каспий теңізі жағалауында өткізді. Асты тақтай, үсті тақтай, ортасы шылдырмақай қаланың сәнді жанға жайлы үйінде ғұмыр кешкен жас келіншек хан болса да есіктен шыға қар басқан қазақы тірлікке көндіге алмай – ақ қойды.

Жәңгір реті келген коронация салтынан кейін Императордың қабылдауында болып, өзіне қалаған жерінен резиденция салуға ақша, құрылыс материалын және үй салатын архитектор сұрайды. Николай І-ші ханның бұл өтінішін қабыл алып, резиденция салуға қолма- қол 36 мың 102 сом 70 тиын қаражат бөлініп, өзгесін Орынбор губернаторына табыстайды.

Жәңгір болашақ резиденцияның орны деп Жасқұс құмының батыс бетіндегі қазіргі Орда селосының тұрған жерін белгілейді. 1826 жылдың күзінде Орынборлық архитектор Тафаев бастаған құрылысшылар тарихи орынның алғашқы қадасын қағады.

Тафаев жобасы бойынша салынған хан Ордасы күндік жерден көзге шалынып, іргесін кеңейте бастаған. Берке Сарайы, Сарайшықтан кейін шаһар түзеп, көше тұрмысына көндікпеген, тірлігінің көбін аттың жалы, түйенің қомында тақым қызды ғып өткізген, бар өнерін бармақтың басы, тілдің ұшына қондырған бұл өңірдің халқына таңсық мекен, тек төре мен қожаның, төленгіт пен азын – аулақ шенеуліктің бас қосқан ордасы боп қоймай, өзге ұлт өкілдеріне де іргесінен орын кесіп беріпті. Архив деректерін көледенеңдетсек, (Журнал МВД. Окт. 1849г.) мынаған саяды:

Хан иелігінде - 6, сұлтандарда – 4, Орынборлық мұсылман чиновниктерінде – 4, орыстарда – 10, Қазандық татарларда – 13, армияндарда – 2, Астрахандық мещандарда – 5, қазақтарда – 45 үй болған. Ұзын саны 89. Орда тұрғындарына, маңайындағы елге қызымет көреткен 49 ләпке қысы – жазы сауда-саттықты қыздырған. Бұдан отырықшылықты қол көтеріп, там салып, бақша егіп, бақалшы болма деген қарамағандағылардың әр талаптысына Жәңгірдің қазымырлық жасамағандығын көреміз.

Өзі де губернатордың үйінде жатып оқып, Астрахань, Орынбор, Петербург, Париж сынды шаһарларды аралап, заманның озық үлгілі адамдарымен пікірлес, дәмдес болып қалған Жәңгір де, осылайша тұрмыс түзегенді мақұл санаған.

Орыстың, шетелдік классиктердің түбін алтынмен аптап, күміспен күптеген сынық сүйем, жарты қарыс әдеби шығармаларының басын қосқан кітапхана ұстаған. Кейін Жәңгір мектеп аштырған соң бай кітапханасын қазақ жерінде ашылған тұңғыш оқу орнына тарту жасаған. Сарайының кең де жарық бір бөлмесіне билльярд қойғызған. Жәңгірдің өзі шахматты сүйіп ойнаған.

Әрине, Жәңгірдің негізгі коздеген көкейкесті мақсаты бұл емес-ті. Ол қолында билік барда, бет қызуы басылмай, ет қашырмай жылан шақпай, жылқы теппей тұрғанда діттеген ойына жетіп қалғысы келді. Онысы- мешіт салу, ауру-сырқауға шипа қолданатын дәрігер ұстау, жәрмеңке ұйымдастыру, мектеп ашу болатын. Жиһангер, саятшы, әкім боп ортамызға келіп жүрген отаршыл империяның өкілдері байқап, алдында күліп астынан білдіртпей су жіберетін қулықпен істесе де, кейін келе-келе ашыққан ашық мұсылмандық жолдан шығарып, шоқындырып, христиандықты қабылдаттыруға бар пәрменін салған. Басып алған жеріндегі негізгі тұрғындарды діннен, тілден, тарихи салтан айыру сынды мемлекеттік дәрежеде ойластырылған, қуатталған, жүзеге асырылуға тиіс жоспарларының бірі болатын (шоқындырылғаннан кейін ауа көшкен Қосағаштағы бір ғана Алтай қазақтарының тағдырын еске алайық). Мұндай шовинистік көзқарас төрт бірдей казачествоның қоршауында тұрған Еділ-Жайық екі өзен аралығында тіпті қарқынмен өрістеді. Алтын айдары айға шағылысқан Орал қаласындағы екі шіркеудің үлгісінде халық көп қоныстанған елді мекеннің бәріне православиялық дін міндеттелді...

Кезек өзіне келгенде Жәңгір: - Ордада алдымен мұсылман мешітін салдырайын, шіркеуді ретіне қарай көре жатармыз, - деп қара басын да қарамағындағы халқын да арашалаған.


  • Ай белгілі ақ мешіт,

Алпыс бөлме, жүз есік,

-деп ақын Шәңгерей Бөкеев жырлаған бұл мешіт 1835 жылы тұрғызылып, басына сәлде, аузына Алла үйірілген молдалар имандылық жолын уағыздай бастайды.

Орда топырағындағы тұңғыш әрі соңғы шіреу Жәңгір көз жұмған соң 24 жылдан кейін 1869 жылы тұрғызылды. Оған князь Александр Невскийдің аты берілді.

Осы жылдары Жәңгір Ордада дәрігер ұстап, халық арасында дүркін-дүркін бел алып отырған қатерлі дертке қарсы емдік шаралар жасатқан. Оны этнограф ғалым Мұхамбет Салық Бабажановтың «Қазақ даласынан табылған тас қатынның мүсіні » деген еңбегінен анық байқаймыз. «... Олар ауыра қалса да таныс молдасына жүгініп сырқаттың бетін қайтаратын аят оқытады. Болмаса әлде бір түсініксіз ғаріптер жазылған бойтұмар алып, мойындарына тағысады. Жергілікті халықтың мұндай дәрменсіздігін кінәләуға болмас. Өйткені медициналық жәрдем мен тиісті дәрі-дәрмекке қолдары жетпеген соң, «суға кеткен тал қармайды» емес пе? Осы тұста жергілікті қазақтар Ордадағы дәрігердің емі мен берген дәрісінің жанына пайдалырақ екенін білетінін айта кеткен жөн. Тіпті көп жағдайда медицинаға кұрметпен қарады деу де ләзім. Ордада көмекшісімен бір-ақ дәрігер бар . Оларға жылына 200 сомдай күміс ақша төленеді. Бұл өңірде 30 мыңдай шаңырақ тұратынның жерінің көлемі-ұзыны 600, ені-500-дей шақырым екенін ескерсек, ұшы-қиырсыз даланы қоныстанған осыншама халықты түгел қамту мүмкін емес екені өз-өзінен түсінікті шығар».

Ғалымның дәрігер деп отырғаны 1832 жылы Қазан университетінің медицина факультетін бітірген штаб – лекарь Александр Андреевич Сергачев-тін. Оны Қазанға барған сапарында хан өзімен бірге ала келіп, тұрақтап қалуына, еңбек етуіне зор септігін тигізген. Жәңгір сонымен бірге Астрахань губернаторына бедел салып жүріп, 1838 жылы Ордада дәріхана аштырды. Медицина саласында өз ұлтынан шыққан маман жоқ, дәрі-дәрмек қат кезде қазына есебінен дәрігерлер ұстап, дәріхана ашып ақсүйек пен қара халықты бөле-жармай, ортақ ықылас көрсеткен ханға соқырдың бәріне таяқ, ақсақ біткенге аяқ болмадың деп өкпе айтуға болмас. Бұл қайткен күнде де Самар даласына келген қайырлы істің алғашқы бастауы еді. Және оған мұрындық болған Жәңгір Бөкейұлының өзі-тін.

Ендігі сөз- «Хан жәрмеңкесі» хақында. Жәңгір хан жылына бірер мәрте қала жағалап, сарысіңір боп жүретін қарамағындағы елдің қамын соқпады емес, соқты. Орынбор губернаторына қайта-қайта өтініш салып жүріп 1832 жылы Ордада жәрмеңке ұйымдастыруға ресми рұқсат алды. Жәрмеңке уақыты көктемде маусымның 7-25, қыркүйектің 14-25 аралығында өткізілетін боп белгіленді. «Число приезжающих на Ординские ярмарки колеблятся между двумя и семью тысячами, из которых значительное большинство составляют киргизи» деп көрсетеді. «Краткое сведение о ярмарке во внутренной Киргиской Орде» деген еңбегінде академик Вебель. Жәрмеңкені ұйымдастыруға қазынадан 56 161 сом ақша жұмсалған, оған 316 ләпкенің басын біріктірген 12 үлкен корпус салынғанын ауызға алады. Осы жәрмеңкенің арқасында Хан Ордасы түйіскен тоғыз жолдың торабына айналды. Жергілікті жердің халқын айтпағанда Орынбор беттен Орал, Гляновск, Кармановск, Қызыл оба, Мергеннен, Саратов жақтан Эльтон мен Камышиннан, Астрахань тұстан Черный Яр, Владимировкіден саудагерлер, айырбасшылар, бақалшылар ағылысатын болған. Қазақтар негізінен қолдағы төрт түлік пен жүн-жұрқасын, ат әбзелдерін, киіз үй жасағын, т.б. ұсталық бұйымдарын ортаға салған. Орыс, татар саудагерлері астық, мата, әшекей бұйымдар әкеліп жәрмеңкені қыздырған. Базар нарқынының көтеріліп, шығындап кетуін хан кеңесінің мүшелері үнемі қадағалап отырған. Санк-Петербургте 1841 жылы шыққан «Журнал министерсво Государственного Имущество» 1839 жылы көктемде хан Ордасында өткен жәрмеңкеге түскен мал мен заттың тізімін келтіреді. Ішінара тізімін берсек былай: түйе-75 бас, ат-2245, қой-65445, жылқы терісі-10718 дана, түйе терісі-552. Қоян терісі-5195, қой терісі-8220, ешкі жүні-423 кг, түйе жүні – 6565кг. Бұлар негізінен жергілікті халықтың әкелгені. Ал, шет аймақтардан 1 778 200 дана әр түрлі бұйым кеп жәрмеңкеге түскен.

Жәңгірдің Орда қазақтарына жасаған ең үлкен ізгілігі – мектеп ұйымдастырылуы еді.

1823 жылы Жәңгір Бөкей Ордасында хан сайланғаннан бастап қазақтың ұлттық мәдениетіне, оның ішінде ұлттық білім жүйесіне ерекше мән берді. Оның басты себептерінің бірі: Жәңгірдің өзі орысша білім алған және осындай білімнің Қазақстанға, оның ішінде Ішкі Бөкей Ордасында өте қажет екенін түсінуі. Ол Ресей империясының Еуропалық білім жүйесі арқылы көптеген салаларда жетістіктерге жеткенін жақсы білді.

Жәңгір хан қазақ халқының сауаттылығын, ұлттық мәдениетін дамытатын әрі толықтыратын жаңа білім жүйесі «Еуропалық үлгідегі жаңа мектептер мен орта және жоғары оқу орындары» деп түсінді. Оны Жәңгір ханның осы білім жүйесінде қазақ балаларын оқытуды арман етіп, білім саласын дамытуға бағытталған саясатынан көруімізге болады. Жәңгір хан алғашқы болып Қазақстанда, оның ішінде «Ішкі Бөкей Ордасында ұлттық білім жүйесін» қалыптастырумен айналысқан .Ханның ағартушылық саясаты Ресей империясының саяси билігінің ықпалы арқылы жасалған жоқ.

Дегенмен жаңа Еуропалық білім жүйесі Ресей арқылы келгені, бұл тарихи шындық. Осы білім жүйесін дамытуды Жәңгір хан Ресей империясы көмегімен жүзеге асырды. Бірақ, Ресей империясы отарлау саясатын жүргізгенмен, жаңа еуропалық білім жүйесін жалпы Қазақстанға, оның ішінде Ішкі Бөкей Ордасында қалыптастыруға арналған арнайы ағартушылық саясаты болған жоқ.

Сондықтан тек Жәңгір ханның өтінішімен ғана отарлаушы Ресей имериясы білім саласына өзінің көмегін жасап отырған. Жәңгір ханның өтініштерінен кейін Ресей қазақ балаларының оқу-тәрбие алуына мән берген.

Жәңгір ханның ағартушылық іс-әрекетінің арқасында Қазақстанда, оның ішінде Ішкі Бөкей Ордасында тұңғыш рет ұлттық білім мен тәрбиенің негізі қалыптасып, одан әрі өркендеген.

Ресейдің Қазақстандағы ағарту ісіне мән беруіне елін дамыту үшін оқу-тәрбие керек екендігін түсінген Жәңгір хан мен балаларының болашағы үшін оқу мен білімнің қажет екендігін сезген қазақ атан-аналары түрткі болды.

Сондықтан Ресейдің оқу орындарында оқуға деген тілектерін жүзеге асыру үшін Жәңгір хан басшылығымен жасалған Бөкей Ордасы қазақтарының өтініштерін Ресей империясы еріксізден қанағаттандыруына тура келді.

Орхон-Енесей жазбалары, араб оқуымен заманында сауаттанған халықтың тарихын қозғағанда тұңғыш деген сөзге жармаса беру – көз көрмес, қол жетпес қашықта қалған мәдениетімізге топырақ шашып, бүгіннің күлін көсегендей әсер ететіні бар. Ал, «Жәңгір мектебі» шынында қазақ топырағында орыс тілінде дәріс беретін тұңғыш оқу орны боп қаланды. Бұл мектеп (архив материалдарында училище деп жазылған) 1841 жыл 6 желтоқсанда алғашқы оқушысын қабылдаған. Мұнда діни дәрістермен қатар орыс тілі, арифметика, география, тарих, физика т.б. пәндер өтілген. Мектептің оқушысы әрі мұғалімі боп Константин Петрович Ольдекин тағайындалған. Шығыс тілдерінен дәріс беруші Әминов Сәдуин еді.

Мектепке арнайы үй салдырып, оқулықтар алдырып, қамқорлығын аямаған ханның архивтен табылған қолжазбасы былай деп сыр шертеді. Хат әлде нұсқау П.К.Ольедкинға арналған. «Поручаю Вам ближайщий надзор и попечением и нравственностью учащихся, понуждение их к исполнению обязанностей мерами, допускаемыми в русских учебных заведениях... внушение учащимся при каждом учебном случае правил надлежащего исполнения обязанностей к Высочайщей Власти государия Императора и установленному начальству должно составлять предмет особых пепечений ваших. 6. декабря 1841 год № 1848».

Мектепке оқушыларды тізімдеу кезінде сыңаржақ пікір қайшылығы болмай қалмаған. Бірақ мектеп талапты жастың бәріне бірдей ортақ деп хан сынбаған. Және мектептегі оқу сапасын, тәртіп, тәрбие жайын үнемі бақылап, жөн сілтеп отырған.

Қырқыншы жылдардың ортасында Ордада орыс-қазақ мектебінде 25 оқушы оқыды. Сөйтіп, алғашқы мектепте Жәңгір ханның білім жүйесінің іргетасы қаланды. Оқу жылы қазан айында басталып, мамыр айының аяғында аяқталатын. Жыл сайын 6- желтоқсанда оқушылардың ата – аналары шақырылып, олар ханның басшылығымен жүретін емтихандарда оқушылардың алған білімінің нәтижелерін бағалауға қатыстырылатын.

Бұдан біз хан ставкасындағы (Ордасындағы) білім беру ісі тікелей Жәңгір ханның басшылығымен жүргізілгенін көреміз. Оған қоса мектепте өткізілетін әр түрлі шараларға міндетті түрде хан қатысатын еді. Мектептегі сабақтардың жүргізілуін, оқушылардың бақылау істерін, емтихандарды, оқу бағдарламаларын, оқу жоспарларын хан қадағалап отырған.

Хан басымен шәкірттердің сабағына қандай ықыласпен қарағанын жоғарыдағы пікірден артық түсіндірем деу бос әурешілік болар. Енді осы мектептің тұңғыш есігін ашқан көп шәкірттің бірі әрі бірегейі Мұхамбет Салық Бабажановтың 1861 жылы Санкт – Петербургтен шыққан «Қырғыздың қырғыз туралы жазбалары» деген кітапшасындағы мына жолдарға көз тоқтатайық. «Ханның ықпалымен және жанашырлығымен ордадағылар білімнің қажеттігін сезіне бастады. Шәкірттер мен мұғалімдерді ынталандыру үшін марқұм хан ақшасын да, өзінің ынтасы мен ордалықтарға оқу-білімнің пайдасы жөнінде түсіндірмек болған ұмтылысын да аямады. Өзінің сарайында мектеп ашып, онда 60 адам Мұхамед діні, орыс жазуы мен тілі жөнінде дәріс алды. Бұл мектеп сарай маңында осы күнге дейін «Жәңгір мектебі» деп аталып келеді. Ондағы 30 бала Орданың шаруашылық қаржысы есебінен білім алуда».

Орынбор шекара комиссиясының архывінде 1845-1851 жылдары Непдюев кадет корпусын Бөкей Ордасынан 8 шәкірт оқып тәмәмдағанын айғақтайтын документ бар. Тізімін келтіре кетейік. Олар Бекмұхамбетов Мақыш, Шалабаев Сұлтан, Саңғырықов Мырзағали, Ниязов Жүсіп, Жантөрин Сұлтанмахмұт, Бөкейханов Арыстангерей, Бабажан Мұхамбет Салық және Нұралиханов Зұлқарнай, Зұлқарнай деп отырғанымыз Жәңгірдің өз баласы.

«Хан баласы Зұлқарнайыдан Петербургтегі үлкен оқу орындарының біріне мүмкіндігі бола тұра, бізді қадет корпусына барудан айнып қала ма деп бірге аттандырды» деп жазды ғалым естелігінде.

Бұлақ көріп көзін ашқан Жәңгір еңбегі еш кетпеді. Мектеп табалдырығы жұғысты, қабырғасы құтты боп білім алған шәкірттердің басым көпшілігі Орынбор, Омбы, Петербург, Москва, Қазан, Уфа, Саратов қалаларындағы жоғары, орта оқу орындарын бітіріп, мамандықтары бойынша бірі туған топырағына оралса, екіншісі Ресей мен Сібірде, үшіншісі Кавказ, Балтық бойында қызмет етті. Бәрін бірдей түгендеп шығу міндетімізге алмағандықтан,ерекше дарындығымен көзге түскендерін ғана саусақ сындырып санайық.

Төре тартыстың негізін қалаған әйгілі күйші Дәулеткерей Шығаев, М.Ю. Лермонтовтың «Қашқынын» қазақ тілінде тұңғыш тәржімалаған, үздік роман, повесть, дастан, хикаяға өз қалтасынан қаржы шығарып конкурс жариялаған дарынды ақын Шәңгерей Бөкеев, 1874 жылы Ресейдің телеграф департаментін басқарған, 1894 жылы исі қазақта тұңғыш генерал-лейтенент атағын алған, Балқан шайқанасының батыры Ғұбайдолла Жәңгіров, Императорлық Ерікті География қоғамының мүшесі Шоқан Уалиханов пен Семенов Тянь-Шанскийдің қимас досы, ғылымға сіңірген еңбегі үшін күміс медальмен наградталған тұңғыш қазақ Мұхамбет Салық Бабажанов, 1894 жылы шоқындырып, мұсылмандық үлгіден айырамыз деген Императорға киіз үйдің таза алтыннан соққан макетін сыйға тартқан, «Жақсы үгіт» (Қазан. 1906ж.) деген кітап шығарған, Дағыстандықтарға кириллицаға негіздеп тұңғыш «Әліппе» жазып берген Мақыш Бекмұқамбетов ... Халқына қызмет қылған өзге мұғалімдер мен дәрігерлер, заң қызыметкерлері, фельдшерлер мен агрономдар жүздеп саналды.

Әдебиет пен тарих һәм жаратылыс ілімін жүйрік, бірнеше тілді меңгерген Жәңгірдің Қазан университетінің құрметті мүшесі болып сайланғанынан құлақтармыз. Ендігі мәселе, екі арадағы творчестволық қарым-қатынас, байланыс жөнінде өрістемек.

1826 жылдың көктемінде Жәңгір Қазан университетіне арнайы шақырумен келген. Хан келер алдында аты мәлім оқу орнының профессор, оқытушылары жан-жақты дайындық жұмысын жүргізген. Университет ректоры, белгілі білімдар К.А. Фук «Пребывание в Казань Киргизского хана Джеан Гира» деген кітабын тездетіп типографияға бастырып шығарған. Ханды қабылдау салтанатында ұлты әзербайджан атақты шығыс танушы Мырза Қазым Бектің танысуы, достасуы, ұзақ жылдар бойына тұрмыстық, ғылыми, әлеуметтік сипатта хат алысу осы кештен басталған. Оны шығыстанушының Қазақ оқуы округінің жарылқаушысы Н.М. Мусин – Пушкинге 1844 жылдың 22- ақпанында жазған мәлімдемесінен анық көреміз. «Хан Джангер, владетель Букеевской Орды, во время своего приезда через Казань в конце прошлего января убедительно просил меня издать в свет весма важную между мусульманами книгу под названием «Мюхтесерюльвикгает»(«Сокращенное законоведения»), которую считают во всех мусульманских школах как классическое сочинение. Желаю исполнить волю хана Джангира, столь усердного покровителья посвещения между мусульман и стремящегося с похвальным тщанием к его распространению между своими киргизами, я с готовностью принял предложение Его превосходительства» (ЦГА ТАССР.ф. 92. Оп. І д. 5595. Л. І.)

Ханның өтінішімен дайындалған бұл кітап 1844 жылдың аяғында жарық көрді. Мырза Қазым Бек бұл ауқымды еңбегін Жәңгірге арнайды. Типография мен қағаз шығынын ханның өзі көтеріп алған-ды. «Мюхтесерюль-викагет» қазақ арасында аса ықыласты тарайды. Оны ханның 1844 жылы 18 қарашада авторға жолданған мына хатынан көреміз. «Труд Ваш так отчетлив, так во всех отношениях хорошо, что кроме отличного отзыва о его испоении, остается по всей спарведливости принести Вам глубочайшую за него признательность» (Сонда). Хан өлерінен үш – төрт ай бұрын жолдаған хатында, Мырза Қазым Бектің зерделі еңбегіне табыс тілей келе, мүмкіндігі болса осы кітапты әлі де болса толықтырып, қайта бастырып қолқа салды. Сонымен бірге қазақ халқының да шежіресін жазып жүргенін құдай бұйыртса, университетке жолдап, ғалымдардың талқысына салып жан-жақты тарихи, ғылыми сипатттама беріп, жинақ етіп шығарғысы келетінін ескертіп өтеді. Ия, бұл шежірені Жәңгір хан жазып аяқтаған.

1830 жылы хан инженер Тафаевқа Еділ-Жайық екі өзен аралығын топономикалық картасын сыздырған-ды.

1837 жылы Тартуда жарық көрген «Оңтүстік Россия далаларына саяхат» деген еңбегінің ІІ- томының сегізінші тарауына Жәңгір берген Тафаев картасының көшірмесі «Еділ және Жайық өзендері аралығындағы қазақ даласы» деген атпен жазылған ғылыми сипаттамаға қоса енгізілді.

Ендігі сөз тауды биіктетіп, даланы алыстатқан 1821-1838 жылдар арасындағы Исатай мен Махамбет бастаған ұлт-азаттық қозғалысының шығуы хақында. Осы күнге дейін қалыптасқан көзқарасты белінен бір-ақ сызып айғыр тепкендей ғып айтатын болсақ, бұл көтеріліс о баста Жәңгір ханға бағытталған жоқ. Бірақ негізгі теперішті де, жаманатты да Жәңгір арқалады.Себебі?... Себебі көп. Бөкей Ордасына қарасты 7. 075.700 десятина жер жатты. Оның 6.022.000 десятинасы құнарлы, жайылымды өңір де, ал 978.000 десятинасы құм шағылды, тұзды ойлы-қырлы қолайсыз жердің есебіне кірді. Жәңгір хан көтерілісімен Торғын, Қамыс-Самар бойынан өзіне 400 мың десятина жер кесіп алды. Ал, теңіз бойының управителі, ханның қайын атасы Қарауылқожа Бабажанов болса, 700 мың десятина жерді иеленді.

Жаз жайлауы, қыс қыстауын орыс именденіп назары түскен ел Исатайды жағалап, шағымданды. Қыспақ төрт жақтан күшейді. Жайық пен Еділге жергілікті халықты жолатпайтын заң бар. Орал казачествасы сол аймақтың бар құнарлысын бауырына басып алды. Енді кеп теңіз жағалауынан қуды. Байы бар, орташа, кедейі бар жалпы халқы ашынды. Старшындардың өзі қатты наразылық танытты.

Қарамағындағы елдің осылайша бүліншілікке ұшырап жатқанын Жәңгір білді. Біле тұра Каспий бойының билігін түбегейлі иемденген Қарауылқожаға тиым салмады. Бұл оның ең үлкен кінәсінің бірі. Әрі арқасын жарға сүйеген Юсупов пен Безбородкаға аяғыңды тарта бас деп айта алмады. Екі жаққа бірдей жалтақтады. Алақандай жерде наразылық туып, көтеріліс шыққан соң Орынбор әскери губернаторы В.А. Перовскийдің де қабағы қату еді. Халқына жағайын десе көк желкенді сүңгісін тіреп тұрған қара орманнан жасқанып, оған бұрайын десе көтерілістен сақтанып хан қолынан тізгіні кеткен тұс осы.

Жәңгірді қарапайым халыққа Қарауылқожадан кейін жек көрінішті етіп кеткендер өз ағайыны– Шыман төре мен Қайыпқали Есімов.

Архив деректерін, түрлі жазбаларды ақтарғанда Жәңгір көтерілісшілерге қарсы осыншама қол жинады деген бірде бір мәлімет таптырмады. Ал, Исатай мен Махамбеттің Перовскийге, т..б жолданған бізге жеткен 30-ға тарта хат, мәлімдемесінде Жәңгір хан жайлы ұнамсыз пікір ұшыраспайды. Хан да олар жайлы қиғаш сөзге бармайды. Тіпті бір мәліметте 1834 жылы Махамбетті старшындыққа тағайындағанын, бірақ Орынбор шекара комиссиясы бекітуден бас тартқанын баяндайды. Қол жинап күнде ереуіл салып жүрген ақынның дәрежесін арттыру не үшін керек болды деген сауал болды дейді. Бәсе не үшін? Ол біздің топшылауымызша, «бұл халыққа сен де керексін, мен де керекпін. Бір-бірімізді жат қолына ұстап бермей сақтайық, мені құртасың, өзің де сау қалмайсын. Сені жоярмын, өзім де аман құтылмаймын. Патша үкіметі екі тентегіңді тезге сал, салмасаң бізге өкпелеме деп отыр. Әлі де болса қайт райыңнан. Көзге сеніп, сөзге алданған халықты бассыз қалдырмайық», дегені ханның.

Тағы бір дәлел көтерліістің үшінші кезеңі әбден асқынып, Хан Ордасын қоршап шабуға дейін келгенше Жәңгірдің әрекетсіз жатуын қалай түсіндіреміз? Жан-жағын түгел теріп тұрған бірдей казачество әскерін алырып, даланы қанға бояуға құдіреті жетіп тұр еді ғой. Әбден жетті. Бірақ ондай қанқұйлы әрекетке бармайды. Жәңгір 1845 жылы 11 тамызда қайраты толып, жер-көкті ойша шолған дер шағында қапияда қаза болды.

Қорытынды

Жасымпаздыққа негізделген идеяның қандайы да жеңілмейді. Ал Исатай – Махамбеттің және оларға ерген көтерілісшілердің өмірі мен өлімі мәңгілік идея – ұлт болып қалыптасу, сол қалыптасқан ұлттың намысын қорғау идеясы. Сірә Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісті нақ осы қырынан қарамай тұрып, оның табиғатын тану жоқ. Әйтпесе сол баяғы тек, тап тартысы төңірегінен шыға алмай, біресе отаршылдық, біресе Жәңгір ханды жамандап, ұлы мақсат үшін күрестің кішкене жердегі орасан зор трагедиясын түсіну қиын. Онсыз да жұртшылық әлі күнге дейін, мысалы, Жәңгір ханның осы оқиғадағы шынайы орнын білмей алаңдаулы. Даттайын десе Ордада қазақ жерінде бұрын-соңды болмаған игіліктерді жасады, мақтайын десе, ол туралы Махамбеттің өткір ызалы өлең жолдары естен кетпейді. Еліміздің тарих ғылымы осындағы аражікті анықтап ашып, әр нәрсені өз орнына қоюы керек сияқты.

Ұсыныс : Қазан университетінің сирек қолжазбалар қорында жатқан ханның шежіресін, түрлі еңбектерін, хат, мәліметтерін жинап зерттеп, бағасын беріп, жинақ етіп бастырып, сыздырған картасының көшірмесін табу, ендігі жерде ғалымдардың еншісінде деп ойлаймыз.

Пайдаланған әдебиеттер.



  1. Зиманов С. Россия Букеевсское ханство. Алматы, 1981, 143-б.



  1. Құлкенов М., Отарбаев Р., Жәңгір хан «Өлке», Алматы, 1992.



  1. Букеевсской. Орде 200 лет «Өлке», Алмааты, 2001, 169-170б.



  1. Асқар И. Ақырып теңңдік сұраған. Қазақ әдебиеті, №24, 2003, 12-13б.



  1. Омаров С. Аяған Е. Жәңгір ха шыққан тұңғыш білім ордасы, «Қазақстан мектебі», №5, 2004, 41-42б.




Каталог: wkeiaqko -> kuquisga -> eeqgqogo
eeqgqogo -> СабақТЫҢ жоспары: І. ҰЙымдастыру кезеңІ. (Психологиялық ахуал туғызу). ІІ. Ой қОЗҒАУ.
eeqgqogo -> Жаңашыл әдіс-тәсілдер арқылы оқушылардың танымдық қабілетін арттыру Уралбаева Қызғалдақ Ризабекқызы «№61 Жалпы білім беретін орта мектебі»
wkeiaqko -> Түсінік хат Даму мүмкіндігі шектеулі 7-10 жас аралығындағы балалармен жұмыстың жүйесін құрастырған психология ғылымының кандидаты Н. Л. Васильева. Бағдарламаның мақсаты
kuquisga -> Сабақтың құрылымы Технологиялық картаның жұмыс тәртібі Түсініктеме І кезең Ұйымдастыру
eeqgqogo -> «Сутек, қышқылдар, тұздар» тақырыбын оқушыларға игерту мақсатында «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту»


Достарыңызбен бөлісу:


©stom.tilimen.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет